Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қасен Өтебайұлы ақынның өмірі, шығармашылығы...

26.02.2025 2327

Қасен Өтебайұлы ақынның өмірі, шығармашылығы 12+

Қасен Өтебайұлы ақынның өмірі, шығармашылығы - adebiportal.kz

Көкшетау өңірінде өмір сүріп, кейінгіге там-тұмдап болса да сөзі қалған ақындардың бірі – Қасен Өтебайұлы. ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, өз дәуірінде Көкше атырабына аты мәлім болған ақын Қасен Өтебайұлының есімі бүгіндері көмескі тартқан. шөбересі Амантай Әйткенұлымен сұхбатымыз Қасен ақынның өмір жолы, шығармашылығы жайында өрбіді.

- Қасен Өтебайұлы туралы әңгімені ақынның туып-өскен ел-жері туралы мағлұматтан бастасақ. 

Қасен ақынның шыққан елі – Көкшетаудың күншығыс бетінде жатқан қазіргі Біржан сал ауданы. Қазақ түп-тұқияны бойынша сөз өрбітеді ғой. Осы бойынша сөз сабақтайтын болсақ, Орта жүздің алты арасының бірі керейдің үлкен тармағы – Ашамайлы. Осы Ашамайлыдан Тарышы. Шежіре бойынша Тарышыдан Ысмайыл. Ысмайылдан Ақсары, Күрсары, Тезағай тарайды. Ақсарыдан Ақымбет, Тоқымбет, Нұралы, Нұрымбет, Еменалы, Бәйет – бес ұл туған. Бүгіндері бұл аталардың әрқайсысы оншақты буын ұрпаққа жетіп, жеке-жеке руларға айналған. 

Қасен ақынға өзімнің қатысым жайында қысқаша баяндап өтсем деймін. Оның ішінде Бәйет – Есенбақты – Абыз – Баймұрат – Сатыбалды – Өскенбай – Өтебай – Қасен. Қасеннен Мәлғаждар, одан Әйткен, Асқар. Әйткеннен мен. Яғни ақынның шөбере ұрпағы боламын. Мен 1944 жылы Карл Маркс селосында (қазіргі Ақмола облысы, Біржан сал ауданының Мақпал ауылында) дүние есігін ашыппын. Бұл ауылдың негізі қазақ даласындағы көптеген елді мекендер сияқты өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары соңында жүрілген ұжымдастыру науқаны кезінде қаланыпты. Көнекөз қарттардың айтуынша біздің аталарымыз бұған дейін осы ауылға жақын жердегі Қызылшілікті мекендеп отырған екен. Аты айтып тұрғандай қалың қызыл шілік тұтаса өскен бұл қоныстың орны қазіргі Құдықағаш пен Сәуле ауылдарының ортасында жатыр. Біздің ұлы атамыз Қасен Өтебайұлы осы Қызылшілікте өмір сүрген екен. Ақындығымен айналасына танылған бұл атамыз соңына көптеген өлең-жырлар қалдырған. Күні кешеге дейін біздің өлкенің аға буын адамдары Қасен ақын айтты дейтін ұзынды-қысқалы өлең-жырларды айтып отырушы еді. Өкінішке қарай жастық шақта атамның өлеңдерін жазып алып, сақтауға мән бермеппіз. Ал осыны түсінген кезде кешегі жатқа соғып отыратын қариялардың бәрі өмірден өтіп кеткен, қазіргі күні өкініштен өзегіміз өртеніп отырған жағдай осы. Тіпті ең өкініштісі, ұлы атамның нақты қайда жерленгенін де білмейді екенбіз. 1898 жылы дүниеге келген өз атам Мәлғаждар Қасенұлы бала кезімде ұлы атамыз жерленген төбені көрсеткен еді. Бертінде сол жерге барып, ұлы атамның басына қойған құлпытасты тауып алмақшы болып әрекеттеніп көріп едім, еш нәтиже шықпады. Баланың еске сақтау қабілеті қанша мықты дегеніңізбен, мен ұлы атамның жерленген жерін дәлме дәл сұрап алмағанына өкінемін.

Қасен Өтебайұлы атамыз – суырыпсалма ақын әрі өз ортасына беделді адам болыпты. Қазақ қоғамындағы ақындардың беделі арғы замандарда да, тіпті кешегі Кеңес Одағы тұсында да жоғары болды. Арғы ғасырларда елдің тізгінін ұстаған би-болыстар мен бай-манаптар от ауыз, орақ тілді ақындардың сын садағына ілініп қалмауға тырысқан. Айтулы ақындар ешкімнің билігінен, атақ-дәрежесі мен байлығынан еш қаймықпастан өзі куә болған ерсі қылықтарды тура бетке айтып жырлайтын болған. Ақынның аузынан шыққан ащы мысқылға, өлтіре шенеуге құрылған жыр шумақтары ауыл-аймаққа кең таралып, жылдар бойы ел аузында жүретін болған. Қасен атамыз дәл осындай батыл мінезді ақындардың бірі болғандығын оның өлеңдерінен, ол жайында жеткен естеліктер мен әңгімелерден аңғарамыз. Ақсарының Ақымбет атасынан шыққан ақын бауырымыз, жазушы, драматург, жыршы, әйгілі манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов бауырымыздың шығармалар жинағы, 24-томында енген «Өткен уақыт іздері» атты деректі мақаласында Қасен атамыз жайында көптеген мәліметтер қамтылған. Төменде Баянғали Әлімжанов былай деп жазады: «Ақмола облысының бұрынғы Еңбекшілер, қазіргі Біржан сал ауданындағы Бұланды орманының шығыс бетінде қаз-қатар орналасқан шағын қазақ ауылдары бар. Олар: Сәуле, Құдықағаш және Мақпал ауылдары. Кезінде колхоз болған, кейіннен совхоздардың бөлімшелеріне айналды. Бұл ауылдар бірі бірімен аралас-құралас өмір кешті. Қыз алып, қыз беріп өзара құда-жекжат, туыс болып кеткен. 

Осы ауылдардың өткен тарихына көз салсақ, халыққа танымал өнерпаз адамдардан да құр алақан емес. Мысалы: Сәуледе айтыскер ақын Қабиден Жаудин, Құдықағашта ақын Уахит және композитор Рамазан Елебаев, Мақпалда ақындар – Өтебайдың Қасені және Қасеннің Ыбырайы т.б.

Өкініштісі, осы айтылған ақындардың еңбектері зерттелмеген, өлеңдерінің көбі қамтылған, қазіргі жастар мүлдем хабарсыз». Иә шынымен де бүгінгі жағдай осылай болып отыр.

Біздің ата қонысымыз – қазіргі Ақмола облысының Біржан сал ауданы жері. Совет үкіметі тұсында елді ұжымдастырудан бұрын біздің ата қонысымызда шағын-шағын ауылдар болған. Бұл ауылдардың аттары аталарының немесе жер аттарымен аталған. Атап айтқанда Шуылдақ, Көшербай, Мақпал, Сәрке, Құстек, Шәлке. Мақпал тау, Орта тау сияқты биіктердің айналасындағы бұл жерлер ну орманды, көлдер мен бұлақтары мол, жері шұрайлы өлке. Нағыз жер жаннаты. Осындай жерде туған адамның ақын болмауы да мүмкін емес қой! Кешегі Біржан сал, Балуан Шолақтардың әнімен жаңғырған, ізі қалған өлке ғой.

Өткен ғасырдағы аласапыран заман, Ұлы Отан соғысы, оның алдындағы аштық, қайта құру, колхоздастыру, совхоз орнату, тың жерді көтеру, жерді түгелімен айырып жыртып жіберу секілді бірінен соң бірі жүрілген әрекеттердің жақсылығы да болған шығар, дегенмен атадан балаға мұра болар ұрпақтар сабақтастығы тұрғысында зардабы ауыр болғаны соншама, қаншама тарихи тұлғаларымыз ұмыт болып қалды. Сондықтан да болар, осы жылдардағы қым-қуыт жағдайлардан болып қазірде Қасен ақын кім десе, жауап беретін кісі жоқтың қасы. Керісінше немесе қуанарлығы – Қасен атамыз туралы біздің ауыл емес, өзге ауылдарда, әсіресе Зеренді, Бурабай өңірінде білетін адамдар күні кешеге дейін баршылық еді. Құдықағаштағы Әленнің Құсайыны деген кісі Қасен ақынның өлеңдері деп біраз өлең айтып жүретін еді. Өзге де адамдар күні кешеге дейін атамыздың өлеңдерін жатқа айтып жүрген. Соны дер кезінде құнттап, жазып алмаппыз. 

- Қасен ақынның өмір жолы, шығармашылығына қатысты кітаптар, өзге де жазба деректер бар ма? 

- Иә, баршылық деп айтуға болады. Көбінесе Көкшетау өңірінің қаламгерлері қалам тартқан деуге болады. Солардың бірі – Көкшетаудан шыққан көрнекті жазушымыз, біздің елмен көршілес жатқан Бурабай ауданы, Жарқайың ауылының тумасы Естай Мырзахметов. Жазушы өзінің күрескер тұлға Сабыр Шариповтың өмір жолына құрылған «Көгалдайдың көк шақпағы» кітабында Қасен атамыз туралы былай деп жазады: «Адамның үміті алдана бергені қандай қиын!.. Сатыбайға артқан үміті де желге ұшқан Сабыр маңдайы тасқа тигендей, көңілі қатты қалып, қор болып еді! 

Көкірегі бос қуыстай жаны бір түрлі құлазып кетті. Бордақыға байланғандай бұрынғысынан да семіріп, қос құшаққа толғандай ірілене түскен Сатыбайдың қара буырыл сақалы, ірі соқталанған өңсіз қара кескініне торыға қарап отырып, ойына Хасен деген ақынның бір ауыз өлеңі еріксіз орала берді...

Ақсары керейінде алдына шығар жан табылмай, менен асқан кім бар деп масығып жүрген Сатыбай бір жолы елінің бай-жуандарының ортасында өгіздей өңкие оқшау көзге түсіп, аса сөйлеп, тасынып отырған еді. Аузынан жалыны ұшқан атақты болыстың көңіліне жағып, назарына ілігіп қалуға тырысып жанын жалдаған жағымпаздар бұл жерде де аз емес-ті. Солар тұс-тұстан жандайшаптап шашбауын көтеріп, балқашты байлығын, елден асқан бақ-дәулетін мадақтасып, сатулы да айнымалы, арзан пейіл-лебіздерін аяп қалып жатқан жоқ.

Жиын ортасында керейдің маңдайына басқан от ауыз, орақ тілді ақыны Хасен де отыр еді. Баяғыда Сатыбаймен жауласқан екінші Хасенге іш тартып, сөзін сөйлеп жүретін, ал Сатыбай қара жүректікпен зұлымдығын асырып, Хасенді улатып өлтіріп, одан артында қалған елін қан қақсатып, тізесін қатты батырып тұрған шақта:

Салып тұрсың Сатыбай, қармағыңды,

Бұзып шығар Хасен жоқ шарбағыңды.

Өткен күнім кешегі-ай, еске түсіп

Қапалықпен шайнаймын, ахау, бармағымды! – 

деп, Хасенді жоқтап, мақтап, Сатыбайды даттаған ұзақ өлең шығарған. Содан бері оған Сатыбай аса қатты кектеніп, ішіне қан қатып, реті келсе қырына да қойып жүретін. Онсыз да тасыған көңілін қазір мына қолпаштаған қошеметшілер одан жаман масықтырып жіберген Сатыбайдың ақынға деген іштегі айдаһары кенет ояна қалмасын ба? Өкіректеген өктемдігіне басып:

– Әй, Хасен, сен немене, аузын буған өгіз құсап бір ауыз жылы сөз қоспайсың мына көпке? Мені мақтағың келмейді екен, кәнекей, шын ақын болсаң, бір ауыз өлеңге сыйғызып жамандашы, -деді. 

Оның ұрт мінезі ақынға айдан аян, басына пәле тілеп алудан тайсақтай соғып:

– Неге жамандаймын? Жамандар жайым жоқ. Сені жамандайтын, далаға тастай алмай жүрген жаным бар деймісің? – деп жорта ерегіске шақыра сөйледі.

– Менің тілімді қайыратын бұл елде ұл туған жоқ – деп, кері кетіп тұрған Сатыбай жыны ұстай қап:

– Жоқ, жамандайсың!.. Жамандай алсаң астыңа ат мінгізем, – деп жомартсынды да. Ондағысы, бақ десе – бағым бар, дәулет десе – елден асқан дәулетім бар, төрт құбылам түгел, қай жерімнен мін табады дегені.

Хасеннің іш пікірі ішінде, әдейі сөз қайырып, ерегіске шақыра үш қайырды. Қадалған жерінен қан алған Сатыбай да үш қайырды. 

Сол арадағы отырғандардың бәрі бірдей Сатыбайға, әлбетте дос емес. Болыстың тізесі батқандар, іште қыжылы жүргендер де бар. Солар көктен тілегені жерден табылғанын, Сатыбайды түлен түрткенін, бір омақастыра жығып алудың қисыны ойда жоқта өз-өзінен келе қалғанын қапысыз болжайды да, кеу-кеулесіп кетеді. Хасенді қыздырмалап, жел бере:

– Өй, несіне табандай тартыншақтайсың, түге!.. Жаманда деп отырғаны өзі, тілің жетсе, көрсет ақындығыңды! – десті. Кейбіреуі басқаның көзін ала беріп, елеусіз көз қысып, барыңды сал, аянба дегенді ұқтыра ым қағысып та қалып жатты.

Сонда Хасен:

– Апырмай, қысталап болмадың ғой, жамандасам, жамандап көрейін енді! –дейді де, Сатыбайдың бетіне қарай отырып, былай дейді емес пе:

Сен емес ағар бұлақ суалмаған,

Мінезің иттен жаман қуаңдаған.

Арамға – мал, шошқаға – май бітеді,

Тап қарныңды ұрайын жуандаған!

«Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», ақынның мерген тілі Сатыбайды дәп жүректің басынан осылайша қадалта ұрып еді. Жаманда дегенімен де, тап бұлайша бар ет мінін бетіне шыжғырып басып, жұтқыншақтан орады деп еш ойламаған ожар болыс, әкесі өлгеннен жаман қап-қара боп, екі беті қабарып шыға келді. Ашудан түтіге ақырып, отырған орнынан атып тұрып, «өлтіремін!» деп Хасенге ұмтылды. Бірақ та Хасеннің мірдің оғындай сөзі талайының айызын қандырып, қышыған қотырын жанын кіргізе қасыған жұрт Сатыбайдың алапат ашуына да, дәулет, дәрежесіне де қараған жоқ, етектен ала түсті.

– Е, оның жазығы не?. Жаманда деген өзің. Жамандамаймын деп ол үш қайырды, сен үш қайырдың. Астына ат мінгізбекші болдың. Бұдан артық саған не керек?.. Сенікі теріс! – десіп Хасенді арашалап алып, Сатыбайдың өзін айыпты ғып шығарып еді!

Қиыннан қиыстырған ақын тілінің құдіреті-ай, шіркін! Жалғыз-ақ ауыз өлеңмен Сатыбайдың дала алпауытының масқарасын шығарғаны ел арасына қолма-қол тарап кете барды!

Осыдан кейін Сатыбай бай өзінің артық кеткенін түсініп, ұжымдастыру кезінде бүкіл мал-мүлкін өз еркімен үкіметке тапсырған екен. Осыдан болып ақгвардияшыларды қолдаушы туысы Балташтың қолынан қаза тапқан.»

Мінеки, Көкшенің елі мен жері туралы жақсы білген жазушы Естай Мырзахметов өзінің кітабында Қасен ақын туралы осылай толғайды. 

Оның алғырлығын, ішіндегі ойын бірден өлең қылып айта салатындығын көз алдымызға келтіреді. Енді Қасен атамыз туралы айтылған екінші бір кітаптан, яғни жазушы, журналист-публицист Мақсұтбек Сүлейменнің «Паң Нұрмағамбет» деген кітабынан үзінді келтірейік: «Бұл аймақта ақсары, күрсары – ағайынды керей елі қатар отырады. Қайсыбір жұрт Шәріпті сараң, әрі қатал кісі деп те айтады. Оның сараңдығы жайлы ақсары керейдің бір ақыны Өтебайдың Қасені дейтін кісінің кекесін өлеңі де бар. Бұл осы ғасырдың бас кезінде қонақасыға өкпелеуден шыққан тәрізді. 

Баласы Мәті қажы – Мұсабек-ті,

Құдайым қоналқаға душар етті.

Үш кісі бізден бұрын отыр екен,

Бесеуі бір табақтан жеді етті.

Әуелі кескен қарын, сыңар қазы,

Арықтан таңдап салған соның бәрі.

Байлығына сай болмай бергендері,

Қасенді өкпелеткен еттің азы.

Шәріптің дәулетіне таңырқатып,

Көңіл жадау, қарын аш қалдық жатып.

Бар еді ішімізде бір кәрі шал,

Шиқылдап жата алмады ықылық атып.

Сірә, қонақ үйге түскен адамдарға Шәріптің өзі не әкесі Мұсабек жөнді көңіл бөлмеген, содан дұрыс қонақасы бере қоймаған. Қасен ақын өзінің өлеңінде табақтағы етті мүшелеп санайды. «Қасенді өкпелеткен еттің азы», - деп өкпе айтады. «Бар еді ішімізде бір кәрі шал, шиқылдап жата алмады ықылық атып» - деп кекесін айтады. Бәлкім Қасен мұнай өлең шығармас па еді. Тек Мәті балаларының үйіне түскен қонақтарына өлең айтқызатын, қонақ кәде сұрайтын әдеті болыпты. Қасен өзі екі кісі, одан бұрын отырған үш кісі қонақ үйде жатып қалған екен, Шәріп болыстың есерлеу бір поштабайы жатып қалған кісілерді қамшымен тарсылдатып тұрғызып алады. «Өлең айтыңдар, қонақ кәдесін жасаңдар» - дейді. Сонда Қасен ақын, жоғарыдағы өлеңді айтып, оған қостағы да екі шумақ шығарады. Шәріптің байлығының, халыққа көрсетіп отырған ниетіне сай емес екендігін әшкерелейді:

Мен өзім Ақсарының Қасені едім,

Келгенде сөйлер сөзге көсем едім.

Жүреді Күрсарыға кімнің жары,

Сараң болмас мырзасы өсер елдің.

Сұраймын молдалардан жыл қайтты деп,

Дәулетін жақсылардың молайтты деп.

Жаманнан сөз, жақсыдан із қалады,

Айта бар болысыңа мен айтты деп.

Расында да елші мен поштабайда тоқтау бар ма. Бұл сөзді құлағына тиген жұрт іліп әкетеді. Осы сөзден де Шәріп болысқа «сараң» деген сын тағылады. Осы өлеңдерден-ақ Қасен ақынның алғырлығы, түйдектеп бірден өлең шығарғыштығы, сөз қорының байлығы, көркем сөз шеберлігі көрінеді. Нағыз ақиық, тарлан ақын екендігін танытады. Осы үзіндіде келтірілген Шәріп болыс кім деген сұрақ тууы мүмкін, соған түсініктеме берейік. Шәріп болыс Паң Нұрмағамбеттің бәйбішесі Көбіліктің немере інісі. Шежіресі былай жазылады: Мәті – Мұса – Көбілік, Шәріп – Нұртаза. Көріп отырғандай, Шәріп Мәті қажының немересі.»

- Жазушы Жайық Бектұровтың туған еліне келген сапарындағы жазбасында мынадай мәлімет бар екен: «1962 жылы осы қыс өз елімде, Алексеевка ауданының орталығы Ақкөлде болып, Паң Нұрмағамбеттің інісінің келіні Бану бәйбішенің үйіне қондым. Қасымда сол ауылда туып-өскен Ақмола жазушысы, өзім бала күнінен білетін Әскен Нәбиев бар. Бану апайдың жалғыз ұлы, фамилиясы Қалиев сырқат, жіңішке ауру, банкте қызмет істейді. Бір атадан қалған жалғыз еркек кіндік осы жігіт. Бану бәйбіше жасында көрікті де, кісілікті кісі болғандай. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, әлі сыны кетпеген. Сөз, жөн білетін, кәртайса да көзінің нұры тая қоймаған көрікті кісі екен. Бану Біржан сал мен Сараның айтысында он екі мың жылқы бітті дейтін керейдегі Мәті-Дәуленнің шөбересі. Мәті қажы, одан Мұсабек қажы, одан Шәріп қажы, Шәріптен осы Бану». 

Бір ескерерлігі: жазушы Жайық Бектұров Бану бәйбішеден әкесі Шәріпке Қасен ақынның шығарған өлеңі туралы сұрақ қояды. Осыған қатысты Бану бәйбіше: «Күндіз-түні келіп жататын қай қонақтың бәрінің бірдей бабын табарсың. Ренжісе ренжіген болар. Бірақ менің әкем ондай сараң емес еді», - дегенге саятын жауап берген екен. Қалай болғанда да сол сәтке орай айтарын іркілмей айтып қалған Қасен ақынның сөзі бүгінгі күнге жетіп отыр.

- Ол заманда ақындардың ел ішіндегі беделі жоғары болған ғой. Олардың аузынан шыққан сөз бірден-ақ тарап кететін болған. Адамдардың да еске сақтау қабілеті мықты. Қасен атамыз жайындағы Қайырбек Оспановтың «Ұрыңқайдың қырғыздары» атты кітабында мынадай ақпарат берілген: «Жүзге келіп қалған Өзбек қартпен кездескенде осы екі жол өлеңді айтып едім. Өзекең мені таң қалдырып, осы өлеңді жалғастырып жүре берді:

– Сатыбай салып тұрсың қармағыңды,

Бұзып шығар күшім жоқ шарбағыңды.

Бақытты күн бұрынғы өткеннен соң,

Шайнадым қорлықпенен бармағымды.

Әлжан, Сыздық, Әлібек құрдас едік,

Бір төсекте жатысқан мұңдас едік.

Кенжебекке сәлем де, мұнда келсін,

Онымен де қыл өтпес сырлас едік.

Тағы да жалғастырып, мына өлеңді айтып берген еді:

«Титтейінен Қасенім би-ақ еді,

Сауыт-сайман кигені қияқ еді.

Қоңқай менен Далбайды далба қылып,

Кешегі өткен қажының тұяғы еді.

Отырушы ек Қырыққұдық басын жайлап,

Ішуші едік қымызды бие байлап.

Екі көздің біреуі ағып түсіп,

Қала бердім жылаумен сорым қайнап - 

деп, Қырыққұдық деген жер «Мамай» совхозының маңында болатынын, ол өлеңді кім шығарғанын білмейтінін, әйтеуір жас кездерінде жаттап алып айтып жүргендерін, Қасеннің (Тілеулінің) өліміне байланысты екендігін айтты. Бұдан басқа: «Балташ жатыр сайында Бұландының» деп бастап, үш ауыз өлеңді айтып шықты, жазып үлгермедім. Сатыбай мен Балташтың аталас екенін, Сатыбайдың екі қолының шабылғанын да айтып өтті. Сатыбайдың қолын шапқан Құсайынның Әлені мен Тілеулінің Уәлиі деген сөз бар.» 

- Осыған байланысты, бір қосарымыз: Сәуле аулының тумасы Мұрат қажы Ыдырысұлы ұсынған «Жаңатөбе» атты анықтамалық мәтінде мынадай дерек берілген екен: «Жаңатөбе кен орны Степняк қаласынан Ақсу кенішіне баратын орта жолда орналасқан. Степняктан  62 км,. Ал Ақсудан  65 км. жерде орналасқан. Әуелгі кезде 1950 жылдары барлау болды да 1951 жылдан бастап алтын кені өндірісін бастады. Баяғы қазақ заманында Керей руының жері болған. Сол Жаңатөбенің қопарғыш заттар қоймасы мен – Ұрытөбе деген таудың арасында ертеде үлкен томар болған. Сол томар үшін ағайынды екі кісі Балташ пен Сатыбай таласып, аяғында бірін бірі өлтіріп тынған. Бұл оқиға жайында Сәуірбек Бақбергеновтің «Қарға тамған қан» деген кітабында толық жазылған.» Бұл да болса есте ұстайтын мәлімет. Өз заманының белгілі тұлғасы Сатыбайдың өлімі ауыл-аймағынан өзге біршама өңірге мағлұм болған сияқты.

Осыдан бірер жыл бұрын Сәуле ауылында, ондағы Шәрафи Әлжанов атындағы мектепте болғанымызда мектептің тарихынан, елге белгілі адамдардың өмір жолынан мағлұмат беретін тақтадан Сатыбай Байгөшұлы туралы мынадай деректі көрген едік: «Алақұйын заманның зобалаңды кезеңі бұйығып жатқан қазақ даласын қанды қырғынға бөктіріп, атаны балаға, баланы ағаға талаттырып шөктірген тұсы болған. Осындай бір алмағайып күндер мыңды айдаған Сатыбайға да килігіп еді. Сатыбай 1879 жылы өмірге келген. Жастайынан алғыр, табанды, парасат-пайымы бір басына жетіп артылатын, ақылмен қолдағысын ұқсата алатын ұқыпты азаматқа бақ байланып, осы өңірдің алға түсер қабырғалы байы атанады. Ол ақтар мен қызылдардың арпалысы кезінде, соның қайсысы келсе де өз малынан бөліп беріп, ел азаматтарының аман қалуына себеп болып отырған. Әйткенмен арандатушылықтың әсерінен өзі мерт болған. Сабаз Сатыбайдың опат болғанына 80 жыл, туғанына 125 жыл толуына орай Сәуле ауылында ас беріліп, туған туысқандары жиналды».

Өз дәуіріндегі ұлылы-кішілі оқиғалар ақынның назарынан қалыс қалмайтыны белгілі. Сатыбай қазасы да осындай оқиғалардың бірі екені анық.

Қасен ақынның шығармашылығын жинақтау, жарыққа шығару бойынша атқарылған істердің жай-күйі қандай?

- Бұл жағынан елеулі істер тындырылды деп айта алмаймыз. Өз басым 1963 жылы Ресейдің Қиып Шығысындағы Уссурийск әскери автомобиль училищесіне түскеннен бастап, көбінесе елден жырақтап, өмір бойы әскери қызметте болдым. 

Сондықтан атамыздың жырларын, ол жайында айтылатын әңгімелерді жинауға мүмкіндігім бола берген жоқ. Кейінгі кезеңдерде біршама жұмыстар атқарылды. Жерлес жазушы, ақын ініміз Баянғали Әлімжановпен пікірлесудің нәтижесінде біршама дүниелердің басы қайырылды. Өзім сексеннің сеңгіріне шыққан кезімде «Өмір белестері» атты кітап жазған болатынмын. Осы кітапта өзімнің өмір жолымның кезеңдерін баяндаумен қатар, «Ақын атамыз Қасен Өтебайұлы туралы» деген атпен Қасен атамыздың шығармашылығына қатысты дүниелердің басын қосқан жайым бар.

- Бәрекелді, «ештен кеш жақсы» дегендей, кеш те болса Өтебайұлы Қасен ақынның өмірі мен шығармашылығын бүгінгі, кейінгі ұрпаққа таныту жолындағы жұмыстар қолға алынып жатыр екен. «Ел іші – алтын қазына» дегендей, мұқияттап ізденіс жасалса, ел ішінде, үлкенді-кішілі архивтерде сақталған Қасен ақынның көлемді туындылары, өлеңдері табылып қалуы да мүмкін ғой. Осы жолда өзіңізге, ақынның барша ұрпақтарына сәттілік, амандық тілейміз!

 

Төменде Қасен Өтебайұлының бүгінгі күнге жеткен, әр түрлі жағдайда суырыпсалмалықпен айтқан өлеңдері беріліп отыр. Бұл өлеңдер ақын, жыршы, драматург Баянғали Әлімжановтың көптомдық жинағы мен Қасен Өтебайұлының ұрпағы Амантай Мәлғаждаровтың «Өмір белестері» кітабына енген.   

1. Қасен ақын Атбасардың базарына бара жатып, бір үйден қонуға рұқсат сұрайды. Ері үйінде жоқ екен, бірақ қонақ үйі, күтушілері бола тұра, бәйбішесі қондырмайды. Сонда бәйбішеге айтқаны:

Үстінде төккен күлдің түйе жатыр,

Жайлауда байланбаған биең жатыр.

Байларда үлеспеген еншім бар деп,

Қонуға Қасен ақын келіп жатыр.

Бір түйір қонағыңа ет бермейсің,

Қатыны Қарымбайдың – жаның кәпір.

Қай күні сараң кемпір келеді деп,

Орының жаһаннамда жанып жатыр.

Өміріңде бір оңдырған қонағың жоқ,

Хабарың Көкшетауға барып жатыр.

Қуарған қу сөзіңмен жалбаңдайсың,

Оныңа Қасен сенің «нанып» жатыр,

Сен өлсең шарбағыңа жоламаймын,

Аяғы осы болсын таза тақыр.

Ол кездерде жолаушылар қонуға кез келген үйге бара бермеген, дәулетті, бай адамдардың үйлеріне түскен. Онысы сыртынан, үйдің сәнділігінен, кеңдігінен, басқаларға қарағанда оқшауланып тұрғандығынан көрінген. Қонақ күтетін жеке үйлері болған. Ал сараңдары кез келген танымайтын кісіні жібере бермеген. Қасен ақын осындай сараң бай туралы естіген болуы тиіс және де жұрт алдында әшкерелеп, масқарасын шығарайын деп әдейі келуі де мүмкін. Не де болса кемпірді ауыр сөздермен түйреп, сараңдығын бетіне басып, ел алдында қатты сынға алған. «Хабарың Көкшетауға барып жатыр», - деген өлең жолы, «Шық бермес Шығайбай» екендігің бұрыннан да белгілі дегені білдіреді.

2. Қасен ақын жер аралап жүріп Қозған еліне барады. Бір үйде той болып, ат байлаулы тұрған соң, сол үйге түседі. Қыстың күні кірпіш үй толы кісі. Той болып жатыр екен. Қасен ақынның аузы үлкен кісі еді. Есіктен кіріп келгенде бір әйел: «Уа, ауыз» - деп, ілулі тұрған көсеуді алып арқасына жабысқан қарды қағып жатып, тақымының арасына көсеуді ерсілі-қарсылы жүгіртеді. 

Қасен ақын тымағын шешіп, төр үйге кіреді. Манағы әйел отыздың шамасындағы жас келіншек, сол үйдің иесі екен. Қасен ақын әйелдің ерсі қылықтарын бетіне басып, әдепсіздігін әшкерелейді:

Мен өзім жай жүргенде бәсең едім,

Ішінде Ақсарының әсем едім.

Байды басып, кедейді жақтап жүрген,

Баласы Өтебайдың Қасені едім.

Сұрасам руыңды Қозған шығар,

Мұндай той әрбір жерде болған шығар.

Аузымды келмей жатып үлкен дейсің,

Ауызым әзер болса тоңған шығар.

Жеңешем-ау, осыныңды жөн дедің бе?

Жолаушыны өзіңнен кем дедің бе?

Келген жерден көтіме көсеу тығып,

Теліген қоңыр сиыр мен дедің бе?

Көретін енді айналып заман болса,

Қылармын менде сені бір келеке, - 

деген екен. Әйел қателігін мойындап, ат-тон айыбын беріп, кешірім сұрайды. Өзінің ойнаймын деп от басып алғанын түсінеді. Әдетте от тілді, орақ ауызды ақындар өздері ілік іздеп, улы сөзбен отап тастауға себеп қарастырса, мына жағдай басқаша, ақынның сөзін шығаратын сылтау өзі тіленіп тұр. Мұндайда ақын қарап тұра ма, уытты тілмен шағып алмай ма? Ұтымды теңеулер тауып, сөз өнерінің көсеуімен жанды жерден сұғып-сұғып алмай ма? Осы өлеңнің өзі бас аяғы бүтін, шашауы жоқ, теп-тегіс, жұп-жұмыр болып, мөлдір тамшыдай түсе қалған секілді. Артық сөзі жоқ. 

Әуелі өзінің жай адам емес екендігін білдіріп, алмас қылыштай тілі бар ақын екенін сездіріп өтеді. Тіл өнерінің көсемі екенін білдіреді. Кімді жақтап, кімге қырын қарайтынын жеткізеді. Төле би айтқандай: «Асыл болсаң – керей бол!» - деген сөздің сыңайына жығылып, «Ақсары кереймін, менде асылдың сынығымын!» - деп тұрғандай. Осы шумақтың соңында, кімнің баласы және атым кім деген сұраққа жауап береді. Келесі жолдарда, сөз тапқанға қолқа жоқ дегенді басшылыққа алып, аузының үлкендігін тоңғаннан шығар деп тапқырлықпен түсіндіреді. Бұл сұраққа жауаптың тамаша үлгісі. Енді көсеу жүгірткенге берген жауабын қараңыз! «Теліген қоңыр сиыр мен дедің бе?» Уды у алады, немесе кірді кір алады дегенге саяды. Сен өрескел іс жасасаң, мен сондай тілмен жауап қайтарайын деп тұр. Міне ақынның тапқырлығы, әр сөзді орын-орнына қолдана білу өнері.

3. Қасен ақынның нағашысы қарауыл Есназар Жазбай деген кісі екен. Нағашысына бара жатып атығай Алдажан үйіне келіп қонады. Бұның Қасен ақын екенін Алдажан білмейді. Қыстың күні, асқан еті жөнсіздеу болады. Қасен ақын далаға шығып, атын қойып келсе, төсек салып қойған екен. Төсек үстіне келіп, шешініп жатуға ыңғайланғанда, үй иесі Алдажан Қасеннің қолына домбыра әкеліп беріп: «қонақ кәде айтыңыз», - дейді. Қасен ақынның даусы жуан, өлеңді айғайлап айтқан. Сонда Қасеннің айтқаны:

Болғанда ақын Досан, сен Алдажан

Адамға пиғыл бермек бір Алладан.

Сұрасаң нағашымды Жазбай деген

Болмай ма соған айтып кек алмасам.

Салғаның жалғыз қазы, бөлген қарын,

Іріктеп арық еттен жиған бәрін.

Тағы да кесек ет бар, бір жауырын,

Сындырған ортасынан ол да жарым.

Тілеулі, Тілеп пенен Байғожам жоқ

Өкпелеп, өтер менің кімге назым, – 

дегенде, Алдажан Қасен ақын екенін сонда біліп, ат-тон айыбын беріп, қайтадан ет асып, ауылдың қыз-келіншек жігіттерін шақырып, ойын-сауық құрып, Қасеннен кешірім сұрайды. Ақынның жас уақыты екен.

4. Қызылжардан келе жатып Қасен ақын бір ауылға қонбақшы болады. Сұрастырып, күйі бар, ауқаттылау бір үйге ат басын тірейді. Үй иесі қыңырлау, сараң адам екен қондырғысы келмейді. Сонда Қасен ақынның айтқаны:

Ассалаумағалейкум, отағасы,

Жігіттің бақтан таймас алтын басы.

Жолаушы жалғыз атты қондырмайтын,

Бір кешкі байыта ма қонақ асы.

Түскенде сөзге, күйге күлемісің?

Мәнісін мына сөздің білемісің?

Қонақты жалғыз жүрген қондырмайтын, 

Бір кешкі қонақасынан өлемісің.

Қызылжар ат айдаушы ем қаласына,

Шарбақтың ат баулаушы ем даласына.

Бір бала екі ауылға қона алмай жүр,

Жаярмын төрт атаның баласына.

Өзіме өз обалым, қона алмасам,

Қораңнан барымталап қой алмасам.

Нағашымның есімі: Назар, Назы, Бейсен 

Қап бәлем соған айтып кек алмасам - 

деп қонбастан жүріп кеткен. Және де қыр көрсетіп, нағашыларының мықты адамдар екенін айтып ескертеді.

5. Би ауылы деген жерде Сатыбайдың екі биі – Дәуіт пен Қылышпай бастаған топ қымыз ішіп, етке тойып алып қотанда келе жатқан бір-екі итті қасқыр деп дырдулатып атпен қуады. Ауылдың ішін үбір-дүбір қылып, жұрттың тынышын алады. Сөйтіп жүргенде бір әйелдің қырқып жатқан қойын басып кетеді. Әйел дүбірлеткендердің қарғап-сілеп сыбағасын береді. Осы оқиғаны Қасен былай суреттейді:

Барсаң сәлем айта бар Сатыбайға,

Керейден болыс болған Атығайға.

Қаңғырып екі биі ит қуып жүр,

Орасаң адам болмас сары майға.

Біреуі екі бидің Дәуіт дейді,

Көк иттің бір пұшпағы оған тиді.

Ит қыңсылап қатынға тығылғанда, 

Қатыны Қарабастың жаман сиді.

Біреуі екі бидің Қылышпайды,

Бишара ұялғаннан жылыстайды.

Құдайдың оған берген бір мінезі, 

Ежелден итті көрсе жыны ұстайды.

Бар екен Әлжан деген сөз пысығы,

Бар екен Жүсіп деген көз қысығы.

Қасқырды түптен қуған мен едім деп,

Шолтиып шауып келді бір пұшығы.

Сатыбайдың адамдары болған соң, болыстың кемшілігін бетіне басады. Елге қызмет ететін жандардың есуас мінездерін, өрескел істерін, келеке етіп қатты сынға алады. Бірде Қасен ақын Сәдуақас деген байдың үйіне сұлы сұрауға барады. Үйінде мұсылманша сабақ оқып, төрт шәкірт отырады. Қасенді әріп танымайды деп ойлаған олар әрқайсысы қағазға бір-бір жолдан өлең жазып, столға қояды:

Біріншісі: 

Қасен аға кернемей ерінді сат.

Екіншісі: 

Қыс болып келеді үйіңе қайт.

Үшіншісі: 

Арба жолда қалады деп сасып тұрмын,

Төртіншісі: 

Жата берсең көресің көп ғаламат, - 

дейді. Мұны оқыған Қасен, қағаз алып былай деп жазады:

Өлеңмен талай қырды асып тұрмын,

Көртышқанның төртеуін табанға басып тұрмын.

Үшеуіне үлесім мол жетеді,

Соңғысына не берем деп сасып тұрмын.

Ары қарай жалғастырып, Сәдуақастың қызына арнап екі жол өлең жазады:

Күзде аласың, жазда егесің,

Қайыржан бес пұт сұлыны,

Берсең де бересің, бермесең де бересің.

Сонда ұяттан қысылып отырған шәкірттерінің төртіншісі сасқанынан, Аға, 5 пұт сұлыны мен берейін деген екен.

7. Қасен ақын Теңіз деген саудагерден 3 сом қарыз алған екен. Теңіз: «Қоянды базарына барамын», - деп - Қасеннен ақшасын сұрайды. Қасеннің қолында ақша болмай қалады. Қысылып жүргенде, ақыры біреуден қарызданып, ақшасын тауып береді. Теңіз базарға бармайды. Бір жайылып отырған жерде, біреулер: «Теңіз, сен базарға барамын деп жүр едің, бармадың ба?» - деп сұрайды. Сонда Қасен ақын былай деген екен:

Базарға біздің Теңіз барып қайтты,

Жақсы менен жаманды танып қайтты.

Бір баймен жылғадағы сауда қылып,

Үш жүз қой күн жарымда алып қайтты.

 

Бұл Теңіз аздан алмай, көптен алды,

Қымбат алмай ап арзан тектен алды.

Бір жүз құнан, дөнен беріп арғымақты,

Домалақ екі жүзін сектен алды.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар