Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Айгүл Үсен. Талантты қаламгер оқырман үшін жазады...

13.05.2024 1598

Айгүл Үсен. Талантты қаламгер оқырман үшін жазады 14+

Айгүл Үсен. Талантты қаламгер оқырман үшін жазады - adebiportal.kz

Бұл сұхбатта филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсен «Шығарма-автор-оқырман» бірлігін тұғыр еткен түйінді ойларын ортаға салады. Ғалым «Оқырман ең алдымен қаламгерге қажет қауым, өзі қаншалықты қарым-қатынас ұсынса, оқырман да оны сол деңгейде қабылдайды», - деген ұстанымды негізге ала отырып, бүгінгі оқырман әлемі хақындағы мәселелерді тілге тиек етеді. Шын мәнінде бүгінгі ақын, жазушылар оқырманмен қай деңгейде санасады? Қай биікте бағалайды? Оқырман өзінен не қажет ететінін біле ме? Зерттей ме? Жоқ әлде «жеке шапқанды» жөн көре ме? Бұл мәселелер біздің әдебиеттану ғылымында жиі қарастырылмайтыны белгілі. Сұхбаттың қаламгерге де, зерделі оқырманға да берері мол деп ойлаймыз. 

АҚЫН МЕН ОҚЫРМАН БІРТҰТАС ӘЛЕМГЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК

- Оқырман мен шығарма - оқырман мен автор арасындағы байланыс немесе қайшылықтар былайғы жұртқа әдепкі дүние болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, әдебиет алаңының басты нысаны осы үш обьекті болғандықтан, бұлар арасындағы қарым-қатынасқа жай қарау мүмкін емес. Бұл пайым уақыт пен кеңістік ұғымы аясында тіпті де күрделене түсері анық. Қадірлі Айгүл апай, осы тұрғыдан келгенде сізді не мазалайды, не толғандырады?

- Біздің өнертануда, әдебиеттануда оқырман, көрермен мәселесі осы күнге дейін тіпті қойылмаған. Жеке мәселе ретінде талқыланбаған десек артық айтқандық болмас еді. Ал оқырман, көрермен өнердегі ең басты категория. Менің ойымша талантты қаламгерлер оқырман үшін жазады. Оның мысалы ретінде Абайдың «Өлең сөздің патшасы» деп басталатын мына жолдар айғақ: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Қаламгер мен оқырман туралы, екеуінің рухани-эстетикалық бірлігі, сабақтастығы туралы алғашқы шығарма осы өлең. Алғашқы шумақтарда өлеңнің қадір қасиетін ұқтырса, кейін өның құнын түсіретін жайттар айтылып, ескі ақындарды сынаса, өлеңнің жартысын оқырман, тыңдарман туралы ой тарқатады. Оқырманының мінін бетіне баса отырып, оның түзелген, жаңа өлеңді тани алатындай талғамының дұрыс қалыптасқанын қалайды. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңде ақын-өлең-оқырман бірлігі сақталады. Алғашқы шумақта ақын өзінің өнердегі ұстанымын айқындаса, екінші шумақта оқырманға қарата айтылған шумақта жаңа өлеңді жатырқамай, тың ойларды тосырқамай қабылдап, тереңіне бойлап, түсінсе деген тілегін білдіреді. Үшінші шумақта ескі өлеңнің кемшілігін көрсете отырып, өзіндік мақсатын тағы түсіндіреді. «Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңінде ақын сөзі тек оқырман туралы, оқырманға айтылады. Жаңа сөзді ұғушы мен есірік сөзге қызыққан қызықшылды салыстырыла отырып, оқырманның эстетикалық талғамын дамытып, интелектуаллдық әлеуетін арттырғысы келген ниетінен айнымайды. Талапты оқырман, сөз ұғушы жан ол тек оқып қана қоймайды, қоғамды алға бастаушы, елді ағартушы, адамның рухани сапасын биіктетіп, өмірін жақсартушы.  Сөздің киелі құдіретін сезінген ақын оқырманын қайтсе де өзгертуді қалайды. Шәкәрімнің «Сөз дегенің ол бір бу» деуі де айтпақшы болған ойымызға үлкен мән үстейді. Қасиетті кітапта көрсетілген «Ең бірінші сөз болған» деген қағиданы Абай ақындық нәзік те, жіті түйсігімен барлап білген. Өзінің адами, ақындық миссиясы мен жауапкершілігін терең сезінген. Сондықтан оның әрбір сөзі белгілі оқырманға тікелей бағытталған. Ол тек оқырманға қажетті сөзді ғана өлең етуге болады деген. Ақынның бұл ниетін оқырман, қазақ баласы түсінген, қабылдаған. Абайдың сөзін рухани сүйеніш етіп, жанының азығы етіп, ақылының бағдары етіп отырғандығы анық нәрсе. Ал Шәкәрім «Шошым, достым, сөзімнен» деген өлеңінде Абайдың өлең-ақын-оқырман бірлігі өзгеше өлшемде көрінеді.

Шошыма, достым, сөзімнен

Сөз – құдайдан шыққан бу.

Ұқпасаң, көр өзіңнен,

Жұтқызайын нұрлы су.

Ақынның «нұрлы су» деп отырғаны өлеңдері екені анық. Суымды ішкізіп, жан-дүниеңді тазартамын, жер бетіндегі ғажайыптарға мойын бұрғызып, біліміңнің тереңіне бойлатамын, «білгіштердің» сөзіне ермейтін, нұрлы ақыл, ізгі ниет дарытамын деген Шәкәрім тілегі Абайдың ниетімен сабақтас. Өлең-оқырман бірлігі Абайша өріледі. Артында қалдырған сөзін ел қалап, оқып, сынап, түсінсе деген тілегі, қазақты сөзбен сынаймын, мінін көрсетіп, адам қыламын деген мақсаты, жаңа, ақылды сөзді ұқтырамын деген берік байламы байқалады. Мұқағали ақын да өлеңге, поэзияға, музаға көп өлеңдер арнайды. «Менің мақсатым» атты өлеңде шығармашылық мұратын былайша өрнектейді: «Мен жырламаймын, сырласамын, Сыры бар замандаспен мұңдасамын», «Басқаның жаны, сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін». Ақын мен оқырман бірігіп, тұтас әлем болып кеткен. Әрбір қазақ ақынның өлеңдерінен өзін сезеді, ұғады, көреді. Өзінің ішкі әлемін ақынның сұлу, сазды, келісті жолдарынан табады. Оқырманға соншалық жақын, түсінікті болып, оның әрбірінің жүрегіне еніп, тамырының соғысын тыңдау – Мұқағали құдіреті, Мұқағали феномені. 

- Оқырманның кері рекциясы автор үшін айрықша маңызға ие, осы тұрғыдан келгенде біз қаншалықты сапалы оқырманбыз деген сауал да бас көтереді?

- Оқырман ең алдымен қаламгерге қажет қауым, өзі қаншалықты қарым-қатынас ұсынса, оқырман да оны сол деңгейде қабылдайды. Шығарма автордың қолынан шығып, баспа арқылы оқырманға жеткен соң екінші өмірі басталады. Оның бақытты, не бақытсыз болуын – оқырман қабылдауы, оның талғамы, дүниетанымы, интеллектуалдық әлеуеті, эстетикалық бағдары айқындайды. Шығарманың қабылдануы әдебиеттануда рецепция деп аталады. Қай деңгейде түсінді, қабылданды, қалай қабылданды, кім қабылдады деген сауалдар біздің әдебиеттануда терең зерделенбеген. Көп атақты шығармалардың өзін дұрыс түсіне алмай, дұрыс оқи алмай, автордың айтқысы келетін ойын аша алмай жатқанымыз рас. Біздің халықты оқырман халық деп айтуға толық негіз жоқ. Бізде оқылатын авторлар саусақпен санарлықтай. Бай әдебиетіміздің мол қоры игерілмей, ғажап шығармалардың бағы жанбай жатыр.

- Өткен ғасырдың ортасында Р.Барт көтерген «Автордың өлімі» деген ғылыми тұжырым бар. Біз осы ұғымды үстірт түсінетін сияқтымыз? 

- «Автор», «суреткер» деген ұғымдар Аристотельдің пайымдауында еліктеуші, көшіріп алушы деген мағынаны білдіреді. Яғни философ авторлықты жеке адамның туындысы деп емес, қоршаған әлемді суреттеуші деп қарайды. Автор ролінің күшеюі орта ғасырларда, яғни классицизм дәуірінде жүзеге асты. Оқырмандар автор шығармасының мәнін түсінуге, жұмбағын шешуге мәжбүр болды. Оқу, қабылдау үдерісі де өзгермелі құбылыс. Автордың шығармашылығы уақыт пен кеңістіктің өзгеруіне байланысты түрліше қабылданады, түсіндіріледі. Кейде автордың мүлде ойламаған, шығармасында айтуды есіне алмаған түсінік берілуі мүмкін. Л.Толстой «Анна Каренина» романында айтылған ой оқырманның көпшілігінде автор ойына мүлде қарама-қайшы. Осы тұста «автордың өлімі» деген концепция пайда болды. Р.Барт 1968 жылы «Автор өлімі» деген ғылыми еңбегінде автор шығармашылығын автордан бөлек мәтін ретінде қарастырады. Автордың авторлығы мәтін оқырман қолына тиген соң тоқтайды. Енді оның тағдырын оқырман, оқырманның түсінігі, деңгейі шешеді. Бұл концепциямен келіспеуге болмайды. Оқырманы ең көп әңгімелердің бірі М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі». Жұмабаевтың осы әңгімесінен оқырманның 80 пайызы тек әйелдің опасыздығын түсініп, оны айыптайды. Ал интеллектуалдық деңгейі жоғары оқырмандар оның гендерлік сипатын, азаматтық сана еркіндігін көре алады.

АВТОР МЕН ОҚЫРМАН АРАСЫНДАҒЫ КЛАССИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС ӨЗГЕРДІ

- Оқырман шығарманың «тағдырын» автор ойламаған деңгейде шешіп жататын сәттер жиі ұшырасады. Кейде бұл парадокс сырт көзге абсурд болып көрінуі де мүмкін. Оқырман қауымдасқан, қоғамдық сипаттағы күшке енген кезде автордың «арашасы» өзіне «таяқ» болып тиетіні тағы бар?

- Умберто Эконың оқырман, заманауи оқырман туралы терең де күрделі «Оқырманның ролі» деген еңбегінде әр мәтіннің оқырман моделі болатындығын айтады. Бұл модель оқырманның мәтінді интерпретациялау деңгейіне байланысты. Модель-оқырман – бұл белігілі бір мәтіннің мазмұндық потенциалын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жиынтығы деген анықтама бере отырып, мәтінді жолдаушы мен оны қабылдаушы арасындағы процессті коммуникация деп қарастырады. Мәтінді семиотикалық тану мен талдау ғылым ретінде өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасуының өзі табиғи қажеттілік. Бұл кезеңде жалпы өнерде постмодернистік эстетика орныға бастады. Мәтін классицизм эстетикасындағыдай сюжет, композициясы, тілі мен стилі, уақыты мен кеңістігі бар «төрт құбыласы тең» дүние емес, мың сан түрлі, логикаға сай келе бермейтін ерекше құбылысқа айналды. Автор мен оқырманның арасындағы классикалық байланыс өзгерді. Мәтін күрделеніп, алуан түрлі құбылған сайын оны оқитын оқырманға оны интерпретациялау мүмкіндігі көбейді. Бізде бұл құбылыс енді басталса, өзге елдерде бұл кең тарады. Олар оқырманды мәтінді оқушы деп қана қабылдамайды, телавтор ретінде көреді. Сондықтан бір шығарманың өте көп интерпретациясы болуы мүмкін. «Автор кітаптың жартысын жазса, жартысын оқырман жазады» деген жазушы Джозеф Конрадтың пікірі де оқырманның шығарма тағдырындағы зор ролін меңзесе керек. Л.Толстой «Анна Каренина» романын жазуды кездейсоқ ұйғарады. Сондықтан болар бұл шығарманың жазылуы қиынға соғады. Роман жазылып біткен соң да тағдырын оқырман шешеді. Өз шығармашылығын жоғары бағаламаған жазушы, бұл романы туралы тіпті төмен көзқараста болды. Автордың көзқарасына қайшы болған жай, бұл шығарманың бағын оқырмандар мен сыншылар «ашты» десе де болады. Аннаның күрделі характері оқырман тарапынан ақталып, тіпті қолдау тапты. Әйел туралы ғажап шығарма ретінде бағаланып, Анна керемет әйел образы болып танылды. Бұл мысалдан көркем шығарманың автордың бақылауынан шығып, өзінше өмір сүретініне көз жетеді. Көп ұлы шығармалардың тағдырын оқырмандар шешетінінің дәлелі осы.  

«Классика» – мақталатын, бірақ оқылмайтын кітап» деген М.Твеннің айтқаны қазір шындыққа айналғандай. Классикалық шығармаларды оқу бітті дегенмен, оны жазу тоқтамау керек. А.Байтұрсынов дананың «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп тынбай еткен еңбегі қазіргі күнде ұрпағының олжасына айналып отыр. Шығармашылық деген жанқиярлық. Ұлы қаламгерлердің көпшілігі шығармашылық жолында өлермен болғаны анық. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер қуғын-сүргінде, қысым мен қиянатта жүріп еңбек еткені белгілі. Шығармашылық дағдарысқа ұшыраған ұлы қаламгерлер тіпті өмірін де қиғаны тарихи факты. Егер шығарма оқылмай жатыр деп, жазуды тоқтатса, қазақтың рухын қайдан табамыз, кімнен сұраймыз? Қаламгер ел үшін, оқырман үшін жазады. Ал елінде оқуға деген ықылас төмендесе, ол жазуды доғаруға себеп емес. Өзінің ойын, түйгенін, көзқарасын, қоғамының болмысын, уақытының тынысын таныту керек. Қазақтың көркем тарихы үзілмеу керек. Әдебиет өнердің арасындағы мүмкіндігі аса мол түрі екені анық. Әлеуметтік-қоғамдық ойды, көзқарасты, дүниетанымды толық, жан-жақты, терең жеткізе алатын өнер түрі осы ғана. Сондықтан әдебиеттің қажеттігі, көркем кітаптардың жазылуы қазақ үшін, ұрпақ үшін маңызды. 

- Бізде көптеген авторлардың оқырманы жоқ. Авторлардың көбі өзінің оқырмандарының кімдер екенін, жас-шамаларын, қызығушылықтарын біле бермейді. Оған аса мән бермейтіні әрине аянышты. Қалай жазу керек, оқырманды қалай тауып, қалай оқыту керек? 

- Менің ойымша қаламгерлер өте көп оқуы керек. Айналасында жүріп жатқан, қазандай қайнаған қоғам өмірінің астарына үңіле білуі керек. Өзіне дейінгіні, өзінің замандастарын, шетел қаламгерлерін оқудан жалықпау керек. Абай, ХХ ғасыр басындағы қаламгерлердің барлығы дерлік жан-жақты ізденумен ғана әдебиетімізге реформа жасап, діңгегін қалыптастырды. 

Осы орайда айта кетейін, жақында зор ұлттық байқауда орын алып, мақталған шығармалардың кейбірімен танысудың сәті түсті. Қазір жазуға, зерттеуге қолдау білдіру үшін мол қаржы бөлінетіні мақтарлық іс. Бірақ осы байқаулар әдебиетті байытып жатыр ма? Әдеби дамуға ықпал етуде ме? Қара үзіп, мол қаржыға ие болған поэзиялық шығармаларға қарап, осынша мол қаржыны бір ғана адамға емес, бірнеше адамға беруге болар еді. Өйткені ол шығармалардың сапасы осындай ұлттық деңгейдегі бәйгеден озып шықты деген артықтау. Өйткені идеясы жақсы болғанмен, тілі, композициялық, көркемдік, экспрессивтік сипаты төмен. Алған тақырыбын игеріп, ойын анық айта алмаған. Тілдегі мін, ойдағы орашолақтық қазіргі поэзияның олжасы дегенге келмейді. Жазылған жақсы кітаптардың арасынан іріктеліп, ашық талдаулар өткізіліп қана берілсе, шын таланттар танылып, әдебиет іс жүзінде байыған болар еді. Ғылымда да солай, қаржыны ұсынып тақырыпты ортаға салғанша, ғылымға қажеттілігіне сай жазылған жұмыстардың арасынан дұрысын таңдап алу керек. Ашықтық, жариялылық болғанда ғана іс түзеледі. Әйтпесе үлкен ұлттық сыйлықтың алқасында кім болғанының өзі жауапкершілікті жоқ ететіндей.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МОНОЛОГТЕН ЕМЕС, ДИАЛОГТЕН ТҰРУЫ КЕРЕК

- Жоғарыда бір сөзіңізде «Автор мен оқырманның арасындағы классикалық байланыс өзгерді» дедіңіз. Осы ойды сәл тарқатып айтып берсеңіз. Сонымен әңгімемізді түйіндесек?

- Біз осындай бір ерекше кезеңге келдік. Оның ерекшелігі сол адамдар көзбен ғана қабылдайды, көру арқылы ғана қабылдайды. Ал оқу жалықтырады, ұйықтатады, қиын. Өзге емес, филологтардың өзі оқымайды. Бұрын бір-екі топта бір кітапқұмар, оқырман болған. Қазір өкінішке орай, бір курста бір кітапқұмар жоқ. Кітапты қалай оқытамыз?  Оқу үшін не жазу керек? Сұрақ көп, соған сай жауап та көп. Бірақ негізгі жауабы жоқ сауал. Қазір көп оқылатын авторлардың шығармаларын, жазу ерекшелігін зерттеу керек. Әр шығармасы миллиондаған тиражбен шығатын автордың бірі Стивен Кинг өзінің жылына 70-80-нен аса кітап оқитынын, шығармаларына шабыт беретін, ой нұсқайтын өзіне дейінгі жазушылар екенін айтады. «Кітапты қалай жазу керек?» деген мақаласында жас жазушыларға кеңес береді. Көпшілікті не ойландырады, не қызықтырады сол туралы өте шынайы, ширықтырып жаза білу керек. Стивеннің оқырмандары жалпы көпшілік қауым, яғни масса. Оның Нобель сыйлыған алмайтыны белгілі. Бірақ ол кітап оқушылардың санын көбейтіп, әдебиеттің құдіретін көрсетіп отыр. Оны көп әдеби сыншылар менсінбегенмен, миллиондаған оқырмандары биікке көтерді. Қазіргі кезеңнің парадоксы осы қайшылықта. 

Әлемге аты кең жайылған жазушы Х.Муракамидің мына бір ойы да шын бағалаушының кім екенін танытқандай: «Жақсы оқырманнан маңызды ештеңе жоқ. Сыйлық, награда, атақ, сыншылардың жағымды бағасы менің кітаптарымды ақшасына сатып алатын сенімді оқырмандарымның жанында түкке тұрмайды. Прозаиктің басты жауапкершілігі – өзінің оқырмандарын ұмытпау және сапалы дүниелер жазу».

«Кім үшін жазасың?» - деген сұраққа бір талантты жас ақын «Өзім үшін!» деп жауап берді. Әрине шығармашылық өзіңнің қасиет-қабілетінді жүзеге асыру. Бірақ оны өзің үшін ғана жүзеге асырсаң, алысқа ұзамайсың. Шығармашылыққа өнетін, гүлдейтін, жеміс беретін, жемісін тұтынатын өміршең топырақ керек, нәр керек. Ол – оқырман. Шығармашылық монологтен емес, диалогтен тұрса керек. Монолог уақыт өте келе тыңдалмауы, қызықтырмауы мүмкін. Ал диалог шығармашлық диалог, рухани сұхбаттың байытатын, емдейтін, жөндейтін, сынайтын, сүйетін, беретін, алатын қасиеті бар. Оқырман өзін соншалық зор тұлға сезінбуі мүмкін. Бірақ шығармашылық адам үшін ролі зор, оның еңбегін бағалаушы ретінде құны жоғары. 

P.S: Егер бойымыздағы жалған намысты сиырып қойып, маскамызды шешіп, айналамызға жай ғана зерделі көзбен жіті қарасақ, бізде «жетім автордан» көп нәрсе жоқ. Автор үшін оқырмансыз қалудан үлкен трагедия болуы мүмкін бе? Әйтсе, бұл тірі жетімдіктің күретамыры неде? Автор боп, оқырман боп, қауым боп ойланатын дүние? Сіз не дейсіз?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар