Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы туралы
Қазақтың белгілі ақыны, фольклоршы, тарихшы, этнограф Мәшһүр-Жүсіп әкесі Көпейдің 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, Баянауылдың Қызылтау деген жерінде 1858 жылы дүниеге келген. Туғанда азан шақырып койылған есімі – Адам Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса-дастандарды айтып, ел көзіне түскен кезде, жиынға шақырып отырған М.Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен» деп, лепес қылуымен Мәшһүр-Жүсіп атанып кетеді.
1858 жылы қыста Көпей Сермұхаммедұлы керуеншілікте жинаған табысына мал алып, Қызылжардан көшіп келіп, Қызылтауға қоныс тебеді. 1861 жылы Адам Жүсіп 3 жасқа толғанда, әкесі Көпейдің малы жұтқа ұшырап, «ақ сирақ» болып шығады. Сонда Көпей Сермұхаммедұлы: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас» деп, ұлы Адам Жүсіпті оқуға беріп, ол Баянауыл медресесінде Қамар (Хамариддин) хазіреттен білім алып, оқуын жалғастырып, 1872-1874 жылдары Бұһарадағы «Көкілташ» медресесінде ортағасырлық араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгереді. Еліне оралған соң екі жылдай (1833-1835 жж.) өз ауылында балаларды оқытып табыс табады. Тұрмысы түзелген Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1885, 1887, 1907 жылдары үш мәрте Түркістан, Ташкент, Бұхара, Самарқанд қалаларына сапар шегіп, шығыстың мұсылмандық білімін молайтады.
Орта Азия қалаларына шеккен сапарларының тағы бір құнды нәтижесі – сол өңірлердегі тарихи әңгіме, аңыз, шежіре сөздерінің жазылып алынуы. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өзі дерек жинастыру қызметін ерте кезден бастаған. Әлкей Марғұлан хаты бойынша, «Ер Олжабай батыр» жырын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 7 жасар бала кезінде 1865 жылы Сақау ақынның айтуымен жазып алған. Бұған ұстазы Қамар хазіреттен қисса-дастандары қағаз бетіне көшіріп түсіруі де әсер еткен. 1887 жылы Бұхар сапарының барар жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Ташкенттегі Зеңгі Ата кесенелерін көріп, қайтар жолында Шу мен Сырдария, Ұлытау, Кішітауды, Есіл мен Нұраны асықпай аралап сапар шегеді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы патша манифесінің арқасында үш бірдей кітабын («Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» ) 1907 жылы жарыққа шығарды. Ғалым бұл мезгілде саяси-қоғамдық өмірмен байланысын үзіп, ақындықпен қош айтысып, «Қазақ түбі» үлгілерін (шамамен XX ғ. 20-жылдары) құрастырып жинақтай бастайды. Саяси күрестің шиеленіскен жағдайда, 1921 жылы ортаншы баласы Әмен Ташкентте қаза болып, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы көтерілісші қазақ жастарының тобына кездесіп, солардың ескертуінен соң, Ташкентке бармай орта жолда қайтып оралуға мәжбүр болады. 1931 жылы Мәшһүр Жүсіптің қайтыс болғаны туралы хабар ел арасына жетеді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармаларының 20 томдығы 2013 жылдың 21-қарашасында ақынның 155 жылдық мерейтойына орай жарық көрген болатын.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын бастырудың неге кешеуілдеп қолға алынғаны да белгілі. Алдымен ақынның 1907 жылы Қазан қаласында басылған үш кітабы: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деп аталатын кітаптары 1912-1913 жылдары Ресей патшасы цензурасының назарына іліккені, сол кезде ақын шығармаларын жариялауға тыйым салынып, өзі қуғынға ұшырағаны мәлім. Патша заманында теперіш көрген ақын кейінгі Кеңес билігі кезінде де қысымнан босаған жоқ. Рас, 1940-1950 жылдар аралығында ақын шығармалары мектепте оқытыла бастады. Әйтсе де, 50-жылдар басындағы «Ұлтшылдықпен күрес» науқаны Мәшһүр-Жүсіпке де салқынын тигізді. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының мектеп оқулығынан шығарылуымен бірге, оның өзі көзі тірісінде салдыртқан кесенесінің үкімет нұсқауы бойынша қиратылғаны мәлім. Әйтсе де, И.В.Сталиннің жеке басына табынудың 1956 жылы СОКП ХХ съезінде сыналуы, 1957 жылы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин және т.б. ұлт зиялыларының ақталуы – бәрі ақын шығармаларының алдымен жоғары оқу орны хрестоматиясында (1959 ж.), кейін газет-журнал беттерінде жариялана бастауына жол ашты. Осы орайда ақын таңдамалысының 1 және 2 томдары 1990, 1992 жылдары Алматыдағы «Ғылым» баспасынан жарық көргенін еске ала отырып, оның шығармаларын толық шығару ісінің ұзаққа созылу себебін де түсіндіру керек болар. Біріншіден, ақын шығармаларының ескі араб (хадим) әрпімен жазылуы, көп үлгілердің араб және көне парсы тілінде жазылуы, ол саладағы мамандар жетіспеуі – бәрі бұл істі шешуге басты бөгет болды. Екіншіден, ҚР ҒА Орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қорына тапсырылған үлгілердің біразы кітапхана қызметкерлері жетіспеуінен күтімсіз, бақылаусыз күй кешуі салдарынан дұрыс сақталмады, қолды болғандары да бар. Үшіншіден, ақын шығармаларының ел арасынан жиналып бітпеуі, әр жерде әр адамның жеке кітапханасында жасырын сақталып келуі де ақын туындыларын шығаруда кедергі жасады. Міне, осының бәрін ескере отырып, біздер қазір ақынның төл поэзиялық туындыларының алғашқы үш томдығын шығарып, төртіншісін баспаға ұсындық. Келесі бесінші томға ақын жинаған фольклор үлгілерін, ал алтыншы, жетінші томға қазақ ауыз әдебиеті туындыларын, сегізіншіден он бірінші том аралығына тарихқа қатысты еңбектерін енгізу жоспарланып, бұл бағытта қажет жұмыстар атқарылуда.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының артына мол мұра қалдырғаны белгілі. Осы орайда 1990 жылы ақынның таңдамалысының бірінші томын әзірлегенде, лириканың жанрлық табиғатын жете ескермеуден туған мына бір кемшілікті, ақын өлеңдерін бір кездегі жазылу ретіне қарай топырлатып тізе беріп, көп өлеңді бір шығармаға, яғни көлемді бір туындыға айналдырып жібергенімізді енді байқап отырмыз. Соның бір айғағы: қазір біз келтіргелі отырған төрт шумақты үзінді кітапта басылғандай – үлкен шығарманың бір бөлшегі емес, жеке өлең болып, өз алдына отау тігуге сұранып-ақ тұр:
Бес жаста еді «бісміллә» бастағаным,
Ақ қағазды қаралап ластағаным.
Жасым жетіп «он беске» ақыл кірді,
Сонда да өсіп бес жастан аспағаным.
Біреуі-ақ кем «он беске» жетті жасым,
Иегімнің астында өш пен қасым.
Үрейімді ұшырды, зәремді алып,
Алып айна қарасам, сақал-шашым.
Қоян қуған тазыдай шалмай жүрген,
Өмір бойы аң қуып алмай жүрген.
Он бестегі жолдастар үйір болған,
Бұл «он беске» жеткенше қалмай жүрген.
Жібермей жүр шығуға биік өрге,
Қорғалатар қайдағы тау мен жерге.
Ұйтқып соққан борандай ұйлықтырып,
Күнде-күнде түсіріп қара терге.
Міне, мұндағы «он бес» сөзі он жердегі бес, яғни елу дегені, «біреуі-ақ кем» түсіндірмесі осы жолдарды жазып отырғанда, жасының қырық тоғызда (яғни 1907 жылы) екенін ескерткендігі анық. Лирикалық қаһарманның бір түгіл он «беске», яғни 49-50-ге келіп отырып, алғашқы бес жасындағыдан көп ұзамағанына назалануын ақын әсерлі жеткізген. Алғашқы бес жастан кейін уақыттың көп өткенін айнаға қарағанда зәрені алған сақал-шаш өзгерісі бұлтартпай дәлелдесе, келер шумақтағы «өмір бойы аң қуып алмай жүрген» жағдай, яғни ақынның діттеген мақсатына жетпеуі, соған қынжылуы көңіл бөлерлік. Бұл нәтижесіздік себебі ақынның өзінде емес, заманында екені соңғы шумақта ишаратпен берілген. Біреулердің лирикалық қаһарманды биік өрге, демек ақын арманын жинақтап заттандырып кескіндеген өрге (шынында табиғаттағы өрге шыға алмауды әйгілеп тұрмағаны мәлім ғой) жібермей жүргені, ол аз болса, «қайдағы тау мен жерге» қорғалатып, соған қоса, «ұйтқып соққан борандай ұйлықтырып» «күнде-күнде… қара терге» түсіруі бейнеленген. Мұның бәрі – лирикалық қаһарманның мақсат, арманын да, оған қарсы тұрушылар әрекетін де жинақтап, деректі: өр, тау, жер, боранға балап, ұтымды жеткізу үлгілері.
Төрт шумақтан тұратын мұндай туынды ғана емес, небәрі төрт не сегіз тармақтан құралған дербес өлең түрлері де Мәшһүр-Жүсіпте аз емес. Шалқар ойды шағын өлеңге, оның ішінде төрт жолды шумаққа сыйғызу жалпы шығыс, оның ішінде X-XIV ғасырлардағы араб, парсы, түркі поэзиясына тән құбылыс екенін біз Әбу-Насыр әл-Фараби (Х ғ.), Жүсіп Баласағұни (ХІ ғ.), Омар Һаям (ХІІ ғ.), Қожа Хафиз (XIV ғ.), т.б. өлеңдерінен білеміз. Мәселен, Жүсіп Баласағұнидың: «Тіл – арыстан: есік баққан ашулы, // Сақ болмасаң, жұтар, ерім, басыңды» тәрізді екі жолдық өлеңін жеке алсақ та, біткен, аяқталған ойды да, идеяны да ұшырастырамыз. Осы дәстүрді Мәшһүр-Жүсіптің ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өзінше өрбіткенін мына үлгілерден көреміз:
Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болма мұнарланып көрінгенге,
Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан
Дос қой деп ішкі сырын түгел айтып,
Опық жеп жүрген жан көп аңдамастан.
Бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай,
Баянсыз бақ-дәулетке болма мастан.
Үрген қуық – бүгінгі жұрттың басы,
Бас болса, болар еді көздің жасы.
Таққа мініп, басына тәж қойғанмен,
Иттің кетпес ойынан жерік асы.
Қаңтар мен ақпан болды күз орнына,
Сылдырлап сырнай шықты сөз орнына.
Жылтыраған екі тас орнатылды,
Бұрынғы қайран сәуле көз орнына.
Көріп отырғанымыздай, мұндағы әр төрт жолдық туындыда шығарманың тақырыбы да ашылып, идеясы да тәмамдалып тұр. Бірінші туындыда алдымен әр істі басынан ойлау керектігі діттелсе, ондағы екінші тармақта «өнері жоқ жігіт жастан» пайда жоқтығы мәлімделіп, үшінші, төртіншіде құр мұнарланып көрінгенімен, тау мен тастың «кісі жер жемісі жоқ» екенін шегелеумен шығарма аяқталып тұр. Екіншіде «дос қой деп ішкі сырын түгел айтып» жүргендердің опық жеуі берілісімен, соның жалғасы ретінде «бір өрттен қалмайтұғын қалың қаудай» «баянсыз бақ-дәулетке» мастанбау идеясы алға тартылады. Үшіншіде сол кезеңдегі адамдар басының үрген қуыққа ұқсайтыны, себебі онда көз жасы жоқтығы, таққа отырса да, иттің жерік асын ұмытпайтыны сөз болады. Бұл «парасаты жоқтарға, тексіздерге билік беруге болмайды» деген идеяға жетелеп тұр. Төртіншіде алдымен болуға тиіс күз, демек, сәл салқындай бастау емес, барынша суық қыс орнағаны айтылады. Соңынан бұрынғы сәулелі нағыз шынайы көз орнына адамдарға жылтыраған екі тас орнатылғанына, демек, көрмеушілік белең алғанына назар аударылған. Тағы бір топ мысал келтірейік:
Көрінгеннің бәрі жау, ел жоқ болды,
Айнала сор, мал қонар көл жоқ болды.
Үңгіріндей аюдың ауыз біткен
Ауыз баста болғанмен, тіл жоқ болды.
Түзелер қисық ағаш құрған тезбен,
Жара оңалар, тастаса орап бөзбен.
Ақымақты түзету қиын болар,
Насихат, көркем айтқан жақсы сөзбен.
Үлгі үйрен жолдас болып нұсқалыға,
Көзің сал сөзді сөзге қосқанына.
Наданның өз басына қылған ісін
Қылмайды ақылды адам дұшпанына.
Күн сайын өзіңе-өзің жас баласың,
Жаспын ғой деп әр істен жасқанасың.
Піскен астан ішпейсің мезгілінде
Мезгілі өтіп кеткен соң аш қаласың.
Көңілім дария болғанда, қолым-қайық,
Өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық.
Айдын шалқар көл қайда қылар шабыт,
Құла түзде қу ілген, – мен бидайық.
Тұқым салмай алар ма егін орып?!
Кім балалы болыпты бойдақ жүріп?!
«Еккен орар, – деген сөз, – берген алар»,
Бәйге алғанды көрдің бе қарап тұрып?!.
Мәшһүр-Жүсіп қазақ лирикасы дамуына не үлес қосты дегенде, оның айтыс өлеңдерінің өзіндік түрін тудырғанына назар аударған жөн. Бұл туындылардың ерекшелігі – онда сөз таластырушы екі адам, екі ақын емес, бірі лирикалық қаһарман да, екіншісі не дерексіз шартты ұғым немесе адамша сөйлеуге тиісті емес жануар, құс түрінде алынады. Демек, бұл айтыстар өмірде орын аларлық сөз таластырудан гөрі шартты қақтығыс ретінде туып, ақынның лирика жанрында өмірді бейнелеу аясын кеңейтуімен көңіл бөлгізеді. Мәселен, «Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны» өлеңінде алдымен арыстан орнына қасқыр қалғаны, «қарғалар көгершіннің зікірін» салғаны, «бас-аяқ, аяқ барып бас болғаны», демек, озықтық пен қалыстық, жақсылық пен жамандық араласып, соған лирикалық қаһарман торыққаны баяндалады. Ақын қоғамда орын алған әділетсіздіктің түр-түрін қадап айтып, қазбалау емес, оны жинақтап, ишаратпен бейнелеу үлгісін қолданады:
Құс біткен қонағына кетті қайтып,
Осындай қыс боларын біздерге айтып.
Таусылып қызыл гүлдер, қалды тікен,
Сайрайды гүлстансыз бұлбұл қайтіп?
Осы бір шынайы шындық сыйып кеткен төрт тармақтан аз сөзбен көп ойды қамтуды ту еткен шығыс поэзиясы дәстүрін ақынның шебер өрістеткенін көреміз. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының әлем жаратылысы, жер мен көк сыры, ислам діні тарихы, ізгілік, хақ жолын іздеген адамдар өнегесіне арналған аңыздарға негіздеп біраз дастандар жазғаны белгілі. Біздің қоса айтарымыз: ақын тек хикаялар емес, өлеңдердің біразын да сол тақырыпқа арнаған. Соның бірі «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің ала қарғамен айтысы» өлеңдері. Мұнда да ақынмен сұхбаттасушы болып адам емес, шартты бейнелер: тырна, қарға алынған. Шартты дейтініміз: сөзбе-сөз ұғынсақ, тырнаның да, қарғаның да тіл қатуы, көне тарихты баяндауы мүмкін емес. Әйтсе де, сол шарттылық арқасында адамдар арасындағы келіссіздік сыры, жер бетіндегі тіршілік тарихы соншалық әсерлі де, шынайы жеткізілген.
Ол ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде-ақ суреттеудің бай амалдарын: көркем жинақтау, шартты әрекетті қолдану, дерексіз ұғымды заттандыру, т.т. шебер пайдалану арқасында шағын жанр лирикаға эпос мүмкіндігіндегі жүк артып, шындықты кең қамту шеберлігін көрсетті. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, артына 25-30 томдай мол қазына қалдырған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының ақындық шеберлігін кеңірек зерттеу қажеттігін, оның суреттеу амал-тәсілдерінің түрлішелігін, сөз зергері ретінде қазақ әдебиеті кемелденуіне көп үлес қосқанын дәлелдейді.
Ол өткен ғасырдың өзінде адамдарды тек ақ, қара деп бөліп, не соған сырттай сүйсінумен, не одан мүлде безінумен шектелмейді. Адамдардың не бірыңғай қап-қара жағымсыз болып келе бермейтінін, қайта бір адамда әрі оң, әрі теріс сезімдер қатар өмір сүріп, арпалысқа түсу ерекшелігін ашу, әсіресе, сол кез үшін кесек жетістік, адам сезімін лирика жанры мүмкіндігіне сай ашуда елеулі қадам еді. Мәселен, оның 1880 жылдары жазылған «Жарты нан хикаясы» өлеңінде басты назар өзіне жақсылық жасаған адамды жұтпақ болған айдаһар жауыздығына емес, жапа шеге жаздаған адамның өзінде елеулі қайшылық бар екеніне назар аударылады. Міне, мұнда оңай олжаға қызығып, біреуге жақсылық жасап, жапа шегушіні ақын не бірыңғай аппақ, не біржола ұнамсыз адам етіп көрсетпейді. Суреткер жай көзге байқалуы қиын, сырт қарағанда біршама жағымды көрінген адамның өзінің ішкі түйткілдеріне үңіле, үңілте біледі. Кезінде біреуге қамқорлық көрсетіп, жарты нан ғана беруі сол адам үшін әрі құптарлық, әрі айыптарлық іс болып алынады. Бұл да қарапайым адам санасында орын алуы мүмкін аздаған қалыстыққа да суреткердің шүйіле ден қоюынан туған. Ақын бұл шығармасында сонымен қатар зұлымдық иесі, бөтен күш, дербес айдаһар болумен бірге, әр пенденің өз «айдаһары» болу ықтималдығына да көңіл бөледі. Сөйтіп, адам сезімінің көп қырлы екенін, ішкі қайшылықпен күресу мәнін көрсету арқылы ақын қаһарман жан дүниесіне түкпірлей тереңдеу үлгісін де жасаған.
Мәшһүр-Жүсіп қай өлеңінде болмасын, белгілі бір құбылыс, әрекетке көп көзбен қарай білуге жетектейді. Соның бір айғағы «Сәйгелді, сона, бөгелек» өлеңі. Шығармада алдымен халықты езіп, қанаушы сәйгелді, бөгелек тәрізділерге өріс беретін аңқаулық, надандық сыналады. Сөйтіп, ақын жауыздық пен адамгершілік арасындағы қайшылықты, кереғарлықты ашумен: жауыздың жауыз, ізгінің ізгі екенін бейнелеумен шектелмейді. Мәселен, сәйгелді, сона, бөгелекті сол кезде елді алдаған езушілер, отаршылдар деп, соларды түйреумен шектелу біржақтылық, үстірттік болар еді. Өмірде қас пен досты айырмай, жәдігөйлікке ұйып, кеш опық жеп күйзелушілер бар да, әдемі сезімнің бірі сенгіштікті пайдаланып, тайраңдаушылар бар екені белгілі. Оны ана халықта бар, мынада жоқ, ана заманда орын алған, кейін ұшыраспайды деп айтуға болмайды. Ендеше, жауыздың жауыз екені онсыз да белгілі. Басты қателік, трагедия сол кесапатқа жол беруде, иланғыштықта жатыр дегенге саяды ақын.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейүлының 1907 жылы Қазан қаласында басылған «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» кітабындағы «Соқыр, саңырау, жалаңаш хикаясы» да – қазақ әдебиеті тарихында елеулі орын алатын туынды. Мәшһүр-Жүсіп мұнда адам сезімін, көзқарасын күрделі, қайшылығы мол қалпында көрсетуге көңіл бөледі. Бір адамның әрі басқаның кемшілігін байқағыш екені әрі өзіне керек істі мүлде көрмейтіні, қайшылығы нақты ашылған. Шартты түрде «соқыр» деп алынған ол құмырсқадай ұсақ заттарды көргіш те, одан ірірек нәрсе, жан-жануар атаулыны мүлдем көрмейтін болып алынған. Бір адамның бір затқа қырағы бола тұра, екіншісін мүлде көрмеуі оқырманға көп ой салғандай. Шартты түрде «саңырау» деп аталған екінші адам болса, ол қатты шыққан дыбыс атаулыны мүлде қабылдамайды да, өте бәсең үнді, сыбырды, «құлақтыдан» бұрын естіп қояды. Ақын өлең аяғында «саңырау» дегені – «бәрін өзім білдім» деп, ұзақ ойға салынған, «өз жанының пайдасын» естімейтін адам екенін айтады. Ақын шартты түрде «жалаңаш» деп аталған үшінші адам арқылы өмірінің өткінші, қысқа екенін ұмытып, ойға алғанының бәрін тындырдым деп, бос жүрген жандарды сынайды.
Өлеңде айтылатын өзекті идея, негізгі сын тек бұл айтылғандарда емес. Ақын өзіне керек істі көрмеушілікті, естімеушілікті, азға тоқмейілсуді сынап қана қоймайды. Суреткер басты назарды көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, бардан емес, жоқтан айырыламын деп, адасушыларға аударады. Көрмеу, естімеу, ештеңесі болмау – бір кемшілік, бір жоқтық болса, одан үлкен қасірет тағы тұр. Ол көрмегенді көрдім, естімегенді естідім, «жоқтан» айырыламын деушілік, өтірікке алданушылық деген ойға саяды автор. Бұл өлеңде де ақынның қайшылық сипаттарды кең қамтып, адам сырын тереңдей ашу бағытындағы елеулі жетістігі. Бұл Мәшһүр-Жүсіптің ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ жазба әдебиетінің қомақты табысы.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Шайтанның саудасы» өлеңін ақынның жиені Қасенғали Жүсіповтен белгілі жазушы Зейтін Ақышевтің 1937 жылы жазып алып, оны мектеп оқулығын құрастырушылар – Қ.Бекхожин мен Е.Смайыловқа ұсынғаны белгілі. Содан бастап ақынның осы өлеңі алдымен мектеп оқулықтарына (1940-1946), кейін жоғары оқу орнына арналған хрестоматияға (1959, 1983) енді. Сонымен қатар бұл туынды орысшаға аударылып, 1978 жылы Ленинградтан шыққан «Поэты Казахстана» антологиясында (құрастырушы М.Мағауин) жарияланды.
Әлем әдебиетінде қоғамды жайлаған келеңсіздіктерді жинақтап көрсетіп, шенеу үшін шартты сюжет үлгісі қолданылып келгені мәлім. Мәселен, XVI-XVII ғасырдағы испан жазушысы С.Сервантестің «Дон Кихот» романындағы орталық қаһарманның «батырлық» жасамақ болған оғаш істерін, жел диірменмен айқаспақ болған күлкілі әрекеттерін өмірде болған, не жүзеге асуы ықтимал шындық көрінісі дей алмайтынымыз анық. Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы орыс жазушысы Н.Гогольдің «Өлі жандар» дастанындағы бас тұлға П.Чичиковтың өлі жандар тізімін арзанға сатып алып, бай болып көрінгісі келуі де өмірде іске асуы мүмкін, шындықтан көшірілген іс-әрекет емес. Біздіңше, бұл шартты сюжет қоғамды жайлаған сорақылықтарды барынша түйреу үшін қажет болған.
«Ұрлық», «зорлық» көзбен барлап, қолмен сипауға келмейтін дерексіз ұғымдар екені белгілі. Ал осы екі ұғымның бірін екіншісі тудыратынын әспеттеу үшін, екеуін де жан иесі, ағайынды адам ретінде алу нәтижесінде ақын қоғамды жайлаған кесапаттың өзара байланысты екенін ұтымды өрнектеген. Көрініске, суретке ұлттық өрнек тұрғысынан келсек, інісіне сөзін өткізе алмаудың өзі қазақ ұғымында соншалық ерсі, оғаш қылық. Ал осы ағаның ініге игі үлгі көрсете алмауына, қасқырдың өз күшігін талауымен салыстыру қосылғанда (біз келтірген үзіндідегі жетінші жолда), ел билеушінің келіссіз әрекеті айқындала түскен. Бұл әсерліліктің бастау көзі дерексіз ұғымның («ұрлық», «зорлық») заттану, жандануында жатқанын дәйектесек, тағы да ақынның суреттеу құралдарының сан алуан екеніне көз жеткіземіз.
«Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөзі» өлеңінде мынандай бір жолдар бар: «Өзіме көрінемін өзім мінді // Кісендеп бекітпедім неге тілді?» (73 б.) Сөзбе-сөз ұғынсақ, «тіл» сөзі дерексіз емес, оны көруге де, ұстауға да болады. Әйтсе де, мәселе жеке тілді бекіту емес, ішке сыр сақтауда, демек адамның жалпы өзін тежеуінде екенін зерделесек, тілді жай ұстамай, темір кісенмен бұғаулаудың адам тәніне айрықша қатты бату мүмкіндігі аян. Ендеше, сөз иесіне қысым жасаушы күштердің қаншалық өктем екенін бейнелеуде осы бір шартты қолданылған «кісендеп» сөзінің алар орны ерекше.
Ақынның «Қалмады ойлай-ойлай басымда ми» өлеңінде де осы іспеттес дерексізді заттандырудың ұтымды үлгісі көрінеді:
Абыройым төгілмесін деп ойласаң,
Ұяттан қолшатыр ғып ал басыңа.
Дерексіз ұғым ұятты қолмен ұстарлық қолшатырға айналдыру нәтижесінде ақын адамға қорғаныш боларлық қасиетке мойын бұрғыза білген. Қолшатырды елестетіп, оның күннен, жауыннан қорғарлық мәнін дәйектегесін барып, біз ұяттың ізгі ниетті адам үшін ерекше рөл атқаратынын зерделей аламыз. Ақын дерексізді заттандыру тәсілін қолданғанда, тұрмыста жиі пайдаланылатын бұйымдарды алады:
Бұзылған замананың уақытысында
Шын сөзің өтірікке болмайды астар.
Киімнің не көрпенің ең қымбат, асыл жағы бергі беті, өңірі екені, ал астарға неғұрлым арзан материал қолданылатыны мәлім. Демек, адамдар үшін зиянды өтірік-өңірге, неғұрлым бағалы материалға айналса да, адамдар үшін керек шын сөздің соған астарлыққа да, яғни бағасы төмен екінші қатардағы материал болуға да жарамай қалуы ой саларлық. Сөйтіп, дерексіз «шын сөз» бен «өтірік» ұғымдарының заттанып, бірінің өңір болуға жарап, ал екіншісінің астар дәрежесіне де жетпей қалуы көмегімен ақиқаттың қаншалық қадірі кеткені жарқырап ашылған.
Ақын өз ойын шынайы нақыштау үшін, табиғаттағы көріністер мен оған шартты түрде болсын ұқсас делінген адамдар өмірін салыстыра, жарыстыра алу, яғни психологиялық егіздеу тәсілін де жиі енгізген:
Бұлақ деп судың көзін ешкім ашпас,
Екпіндеп өзі тасып шашылмаса.
Ерлерге жай жатумен қайрат кірмес,
Ғалыдай орда жатып ашынбаса.
Үзіндідегі «тасып шашылмаса» сөздері демеуімен отау тіккен екпін күші, мәні одан кейін күрескер ерлерге де сондай қасиет керек екенін салыстыра шегендеуге қызмет етіп тұр. Яғни табиғаттағы айқындық адамдар бойындағы көзге көрінбейтін қайратқа да белгілі бір заттылық, тегеуріндік шарпуын дарытқан. Сол іспетті жарыстыру үлгісі:
Сеңгір-сеңгір таулар бар, бұлағы жоқ,
Қопалы көл-жекен мен құрағы жоқ.
Өңшең үрген қарынға душар болдық,
Зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ.
Алдымен қанша зәулім болса да, бұлағы жоқ тауларды, ізінше жекен мен құрағы жоқ көлді көру мұнарасымен саралап барып, «зарлап тұрсаң, еститін құлағы жоқ» «өңшең үрген» қарын сияқты адамдардың пайдасы жоқтығы, бейшаралығы айқындала түседі.
Ақ марал жайылмайды қабанменен,
Бірге ұшпас бұлбұл-қарға, тағанменен.
Түлкі мен шер, мысық пен тышқан бір боп,
Барады әуре-сарсаң заманменен, – деген жолдарында да психологиялық егіздеу, табиғаттағы бұлтартпас сәйкессіздікті паш етуден кейінгі адамдар қарама-қарсылығын жайып салу іске асқан. Атап айтқанда, маралдың қабанмен, бұлбұлдың қарғамен, түлкінің арыстанмен (шер-парсыша арыстан дегені), мысықтың тышқанмен бірге жүруі, бірдей күй кешуі қандай орынсыз болса, лирикалық қаһарманда да сондай мүшкіл хал бар екені, жақсы мен жаман адамдар аражігі ажыратылмай жатқаны, т.б. сыналады.
Ақын дәстүрлі символдық белгілерді жарыстыра пайдалануға сүйеніп, өз ойын өрістетіп, тұлғалантып жеткізе біледі:
Ай орынын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһардың су тас қалып.
Құр тікен қызыл гүлсіз қолға түсіп,
Ауызға қант орнына зәһәр салып.
Мұнда да айды – бұлтпен, дүр гауһарды – су таспен, қызыл гүлді – тікенмен, қантты зәһәрмен ауыстыру келіссіздігін, яғни көзге бадырайып көрінген, дәлелденіп біткен айқын ұғымдарды алға тарта алған ақын оң ниеттің орындалмай, не бір қымбаттың арзанмен теңестірілуі терістігін таныта білген.
Мәшһүр-Жүсіп шеберлігі, бейнелеу тәсілдері дегенде, ол мәнерлеген сөз кестелерінің алдымен ұлттық бояумен көмкерілгенін, көп детальдің ұлттық өрнекке сай сұрыпталғанын дәлелдеу қажет: «Өнерге өзіңді өзің ерте баулы,// Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы»). Бұл деталь, жастық ауылының бір күн көшіп кетуін бейнелеу өрнегі, негізгі тіршілігі малмен, көшумен байланысты қазақ ұғымына неғұрлым жақын түсінікті болумен де мәнді. Ауыл көшуімен, басқа жерге ауысуымен, яғни шұғыл алыстауымен салыстыру нәтижесінде жастық шақтың да тез өтуі мүмкіндігі ұтымды кестеленген. Сол тәрізді: «Бұл жалғанның жүзінде көңілің өспей, // Көрінгеннің жұртында қалдың көшпей» тармақтарында басқалар аттанғанда ере алмай қалуды сипаттау да малы барлар ғана көше алатынын бағамдап өскен қазақ үшін аса аянышты халді жайып салады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 1907 жылғы «Хал-ахуал» кітабында шығыс поэзиясында кең әспеттелген махаббат, бақыт символы бұлбұл мен гүл жарасымдығын қызықтап, бұлбұлдың түнімен қызыл гүлдің ашылуын тосуын, арман етуін жырлағаны белгілі. Ақын сонымен бірге орыс поэзиясы дәстүріне де иек артып отырған. Бұл ақынның шеберлігімен бірге тақырыптық аясы мол кемел талант иесі екенін де білдіріп тұрғандай.
«Алты алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пірдің һүмматы болып жәрдем,
Бір ұшсам, кете берем, бар қанатым, – деп жырлағандай шығармашылығы халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрімен, бай ауыз әдебиетімен тығыз байланысты өрілген ақынның дара туындылары өзіндік қолтаңбасымен ғасырдан ғасырға жалғасып, тәлім-тәрбиелік әсері, өнегесі мен тағылымы талай ұрпақтардың жан дүниесін кемелдендіріп, рухани тұрғыдан байыта берері сөзсіз.
Қуандық Жүсіп,
ақын немересі, филология ғылымдарының
докторы, профессор «Құрмет» орденінің иегері,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік
университетінің құрметті кафедра меңгерушісі.
Материал «Ana tili» сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.