Арғы жағында адам тұр

Арғы жағында адам тұр - adebiportal.kz

Детектив десе, көпшілігіміздің ойымызға ең әуелі қылмыс, соған күдіктілер, тергеу мен оқиға соңында қылмыскердің әшкереленуі деген нәрселер келеді ғой.  Жалпы алғанда әдебиеттанушылардың да детективті оқиға қуып оқитын көпшілікке арналған жеңіл  жанр деп қарайтыны түсінікті.

Ал негізі жақсы детектив тек қылмыскерді іздейтін шығарма емес, оқырманды адам туралы қалыптасқан түсінігін қайта қарауға мәжбүрлейтіні де бар. Енді оқырман ретінде жазылуы ұнаған бір шығарманың сюжетін  мысалға алайық.  

 

Ескі пансионат біреумен еріп келмесе өздігінен таба алмайтын жерде, теңіз жағасындағы тік құлама жартастың жиегінде тұр. О баста солай салынған. Бір күні мекемеге хабарландыру бойынша жаңа медбике келеді. Іштегі бар-жоғы 5-6 адаммен таныса бастайды, ылғи кәрі адамдар, біреуінің жағдайы жақсы болғасын осы жердегі күтімге келген, біреуі жалғыз қалғандықтан пана тапқан. Медбике келгесін бірнеше күн өткенде бір сұрапыл дауыл болып, арты толассыз жауынға ұласып, телефон желісі үзіліп, қаламен қатынайтын жалғыз жолды сел шайып, жарық сөніп, бұлар сыртқы әлеммен байланыссыз қалады. Дәл осы түні пансионаттың шотында қаражаты бар тұрғыны қайтыс болады. Алғашқыда оны жүректен кетті дейді, 74-тегі әйел дәрі ішетін, бірақ бұған дейін талай өлімді көрген медбике өзінің медициналық тәжірибесіне сүйеніп және өзі байқаған күдік-күмәнді айғақтарға қарап, қарт әйелдің у бергеннен өлгеніне көз жеткізеді. Енді бұған кімнің қатысы барын анықтау керек. Бұл жерде бәрі күдікті, және әркімнің өз себебі бар болып шығады...

Агата Кристидің герметикалық детектив әдісімен жазылған, адамды соңына дейін ұстап отыратын небір күшті триггерлер қолданылған бұл әңгімеде әр адамның психологиясы, тіпті жасырған жеке қайғысы  ашылады.  

 Шынымен де, көбіміз адамдарды сыртқы бейнесіне қарап, өзін қалай ұсынғанына қарап бағалауға бейімбіз ғой, біреуді жақсы дейміз, біреуді «ой, соны қойшы» дейміз, бірақ кейде жұртқа керемет болып көрінетін адамның ішінде ешкім білмейтін «ит өліп» жатуы мүмкін, ал жұрт жек көретін адамның ішінде басқалар көтере алмайтын қасіреті болуы ықтимал. Былайша айтқанда детектив шығармадағы қылмыс оқиғаның өзегі ғана, ал оның арғы жағында адамның ішкі қарама-қайшылығы, күрделі  табиғаты, қоғамның да шындығы   тұрады.

 

Бәрі кітаптағыдай емес

2-3 жыл бұрын бір жағы жазып жатқан материалға  керек болып, бір жағы кейбір сұрақтарға «кәсіби маман не дер екен» деп осы Астанадағы бірнеше тергеушімен сөйлескеніміз бар. Мысалы, өткен ғасырдың басындағы классикалық детективтерді, әсіресе, ағылшын детективтерін оқығанда оның  логикасы, тәсілдері қызық көрінетін, ол жерде детектив (бізше тергеуші) қиялы жүйрік, ойлауы тез, шығармашылық адамы секілденетін де, оқиға орнынан табылған бір тал шаш, аяқ киімнің ізі, жартысы сынып түскен  түйме, халаттың бауының жартысы, жоғалған хат немесе біреудің байқамай айтып қойған сөзі тұтас оқиғаның шешіміне айналатын. Оқырман да тергеушімен бірге ойланып, әрбір ұсақ детальденсыр аңдайтын. Ал қазіргі заманда мүлде басқа. Баяғы кітаптардағыдай түсіп қалған түйменің ізімен қылмыскерді тауып алу қисынсыз әм күлкілі сияқты, шынайы тергеудің ішінде романтика жоқ.  Мысалы, саусақ іздерінің базасы бар, қылмыс орнынан алынған саусақ іздерін жалпы базаға енгізгенде, кейде жиырма жыл бұрын жасалған басқа бір қылмыстың ізімен сәйкестік табылып жатады. Одан басқа ДНҚ сараптамасы бар, бейнебақылау, телефонның геолокациясы, банк операциялары, әлеуметтік желілер мен түрлі деректер қоры бар, бұрын тергеушіге адамның қайда болғанын анықтау үшін куәгер іздеу қажет болса, қазір оның телефонынан, камера жазбасынан немесе цифрлық іздерінен көптеген мәлімет алуға болады. Соның өзінде барлық қылмыс ашылып жатыр деп айта алмаймыз. Әсіресе, телефон алаяқтығы дегенге келгенде полиціия  өте қауқарсыз болып отыр. Жә, бұл енді басқа әңгіме. 

Айтайын дегеніміз, тергеушілердің жұмысы көбіне хаттама толтыру, құжаттарды салыстыру, сараптама нәтижесін күту, бейнежазбаларды қайта-қайта қарау, куәгерлерден жауап алу, бір деректі бірнеше рет тексеру сияқты күнделікті шаруалардан тұрады (тек ол тергеуші өндірістік істі жабуға асықпайтын, бастаған ісін аяғына жеткізетін тиянақты болсын деңіз). Кейде бір істің өзіне қаншама уақыт кетеді,  маман жетіспейді, уақыт тапшы, кейбір  іс үстірт қаралады. Ал кейде тергеу бастапқы бір болжамға байланып қалып, басқа нұсқалар назардан тыс қалады. Ең өкініштісі, кейде дәлел жоқ емес, сол дәлелді дұрыс түсіндіретін, оның арасындағы байланысты табатын адам жетіспейді.  Бір мысал, былтыр Орал жақтағы бір шағын ауылда демалысқа келген екі студент араға үш күн салып бірінен соң бірі өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Тергеудің қалай жүргізілгенінен хабарсызбыз, сондықтан сырттан баға беру қиын. Дегенмен екі оқиғаның арасында байланыс болды ма, жастар қандай да бір қысымға ұшырады ма, әлде біз білмейтін басқа себептер болды ма деген сұрақтар туындайды. Мұндай жағдайда телефондағы хат-хабарлар мен басқа да цифрлық деректерді жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Әрине, техника өздігінен шындықты ашпайды, оның артында әрбір дерекке күмәнмен қарап, мәніне үңілетін маман тұруы керек. 

 

Детектив жазушылардан нені үйрендік?

Осылай дегенде бұл саланы білеміз деп отырған жоқпыз, бұны бір нұсқаулық деп те қабылдамау керек, бұл жердегі пікір-көзқарас тек оқырман ретінде ғана. Ойлап көрсеңіз, оқырман болғанның да өз рахаты бар. Шығарманы оқып, өзіңше бағалайсың, кейде авторға талап қоясың (іштей). Егер автор шығарманы бастағаннан қызықтырып әкетсе (айталық, оқиға желісінде бір адам жоғалып кетті делік, куәгер неге шындықты түгел айтпай отыр, әлде біз қылмыс деп қабылдаған оқиға шын мәнінде басқа жағдай ма, жазушы осы сұрақтарды қойып, біртіндеп жетелеп отырады), миыңды қозғаса (күдіктіні бірге іздеп, детальға мән беріп, болжам жасауға мүмкіндік берсе) және оқиға соңында күтпеген, қисынды шешім ұсына алса, демек, автор жаза алған.

Бізде детектив шығармалар жазылып жатыр, оған арналған байқаулар да бар, бірақ, бұның көпшілігі әлі дайындық деңгейінде деуге болады, енді бір он жылда жақсы шығармалар жазылатын шығар дейміз. Сондықтан да әлі күнге шетелдің дүниелерін оқимыз. Кейде оқырманды қылмыстың өзі емес, оқиға болып жатқан жердің атмосферасы баурап алатыны да қызық жағдай. Мысалы, Агата Кристиді біраз оқығандардың біреуі біз едік, оқи берсең кей шығарманың спектакль сияқты құрылатынына мән бересің, мысалы,  оқиға міндетті түрде жабық жерде өтеді, баяғыда болған бір іске қатысы барлар әлдебір себеппен бір жерге жинала қалады, олардың арасында міндетті түрде бір дәрігер не бұрын полицияда істеген біреу болады (олар кейін  полиция жеткенше жұмбақ өлімді тергеуге керек болады ғой), т.б. Кейін «Агата Кристидің шығармаларының ізімен» деп, соның үлгісімен жазылған көптеген әңгімелер мен романдар пайда болды. Олардың ішінде де оқшау пансионат, жер астынан салынған үй, аралдағы демалыс орны, жолды жауып тастаған қарлы боран, толассыз жауған жаңбырдан сыртқы әлеммен байланысы үзілген адамдар жиі кездеседі. Бір қарағанда, мұның бәрі қайталана беретін тәсіл сияқты, бірақ өзіме осындай шығармалар әлі де ұнайды, әсіресе өткен ғасырдың отызыншы, елуінші жылдарындағы оқиғалардың баяндалу тәсілі қызық. Жазушы кеңістікті әсірелемей-ақ жақсы суреттесе, оқырман өзін сол үш қабатты үйдің ішінде, сол адамдардың арасында жүргендей сезінеді. Қылмыстың құпиясы да осындай атмосферамен бірге ашылады. Адамдар сыртқы әлемнен оқшауланған сайын, олардың арасындағы жасырын қарым-қатынастар да біртіндеп ашыла бастайды. 

Оқи берсеңіз авторлардың кульминацияға дейінгі аралықта неден ұтып тұрғаны, қай жерді шебер қиюластырғаны да көрінеді, мысалы, шығармада ақпаратты мөлшермен ғана беру маңызды, егер автор оқырманға барлық деректі бірден айтып тастаса, оның қызығы қалмайды, ал керісінше, маңызды ақпаратты тым ұзақ жасырып, ешқандай бағыт көрсетпесе, оқырман  шатасуы мүмкін, сондықтан әр жаңа мәлімет алдыңғы болжамға күмән келтіріп, келесі сұраққа жол ашып отыруы керек. Тіпті бұндағы «жалған» іздер де кәдімгідей маңызды рөлде. Бірақ оқырманды шатастырам деп кез-келген нәрсені ойдан қосуға болмайды, ол артық болғаны өз алдына, ақыр аяғында бүкіл шығарманың логикасына зиян қылуы мүмкін, сондықтан жазушы оқырманды сәл-пәл жаңылыстырса да, оны алдамауы керек (әйтпесе, одан кейін авторға көңілі суып қалуы мүмкін). Күдікке ілінген әр кейіпкердің әрекетінде де шынайы себеп болуы керек. Финалға келгенде басында айтылған деректердің бәрі өз орнын тауып, оқиға қисынды шешілуі тиіс және де жақсы детективтің соңғы бетіне жеткенде оқырман тек қылмыстың қалай ашылғанын емес, шығармадағы адамдардың тағдыры туралы да ойлануы тиіс. Мысалы, қылмыскер ұсталды, кінәсі дәлелденді, әділет орнады делік, бірақ сол қылмыстың салдарынан өмірі өзгерген адамдардың жағдайы ше?  Орта жолда үзілген, мағынасынан айрылған өмірді кім қайтарады? 

Әділет демекші, шын өмірде әділеттің әрдайым жеңе бермейтінін көріп жүрміз, осы тұрғыдан алғанда, детектив адам бойындағы әділетке деген қажеттілікті де қанағаттандырады. Айналып келгенде әділет, ізгілік, мейірім алдыңғы орынға шығуы керек. (бәлкім, қияли оқырман дерсіз, ия, шығармалардан осы нәрселерді іздеп оқитыным рас). 

 

Егер тергеуші жайлы жазсақ...

Соңғы жылдары детектив шығармаларға қолдау жақсы, байқаулар ұйымдастырылады, бұл өте жақсы. Ал сондай шығармалардың кейбіреуні  оқып көрсең, бізде тергеушіні ерекше ақылды, бәрін алдын-ала біліп отыратын, ешқашан қателеспейтін адам ретінде көрсетуге құштарлық бар. Неге тергеуші елден ерекше ақылды болуы керек? Ол да қателесуі мүмкін, бір істі дұрыс түсінбеуі мүмкін, кейде асығыстық жасап, кейін соған өкінуі мүмкін ғой. Мысалы, алғашқы бөлімде жас, өзіне сенімді, бірақ тәжірибесі аз тергеушіні көрсетуге болады, ол бір істі асығыс шешіп, маңызды детальді назардан тыс қалдырса, екінші бір оқиғада сол қателігінің салдарымен бетпе-бет келсе, үшінші бөлімде бұрынғы әрекеті үшін өзін кінәлап, психологиялық күйзеліске түсіп, төртіншіде тәжірибелі маманға айналғанымен, бір істің шешімін таба алмай қалса, бірақ, түбінде нәтижеге жетсе, оқырман осылайша тек қылмыстың қалай ашылатынын емес, тергеушінің де кәсіби өсіп  келе жатқанын бақылай алар еді. 

Ана жылдары мектеп балаларына «егер мен президент болсам» деген тақырыпқа пікірін жазуға тапсырма беретін, сол айтпақшы, егер тергеуші туралы жазу керек болса... онда оны бәрін білетін, кез-келген қылмысты ізін суытпай ашатын «суперқаһарман» етіп көрсетпес едім (әдебиетте де, кинода да мұндай кейіпкерлерге иланбаймын). Біздің тергеуші ең алдымен адамды тыңдай білетін болуы тиіс. Ол  адамның айтқан сөзінен ғана емес, кейде айтпай қалғанынан да күмәнданса. Біреудің бір сұраққа жауап бермей кідіріп қалғаны, әңгімені басқа арнаға бұрғаны, біреудің атын естігенде түрі өзгеріп кеткені оның назарынан тыс қалмаса.... Әрине, адамның дауыс ырғағының, түрінің өзгерісінен, құлағының ағарып не қызарып, қолының дірілдеуінен өтірікті дәл анықтауға болады деп ойламаймыз, бірақ мұндай белгілер қосымша сұрақ қоюға, басқа нұсқаларды тексеруге себеп болуы мүмкін. Әрине, екінші жағы бар, адамды жақсы түсінетін тергеуші кейде күдіктінің тағдырына үңілген сайын оған сеніп қалуы да мүмкін, бірақ оның міндеті біреуді аяу немесе айыптау емес, шындықты табу. Сондықтан тергеушінің бойында адамға деген түсіністік пен кәсіби күмән қатар жүруі керек. Ендігі жерде бізге қазіргі технологияны жақсы білетін, бірақ адам жанын одан да жақсы түсінетін кейіпкерлер қажет. Ол үшін жазушының логикасы мықты, әдеби дайындығы жеткілікті, ең бастысы, кейіпкерлері тірі болуы керек. Жорж Сименонның комиссар Мегрэсі немесе Агата Кристидің Пуаросының танымал болуы тек қылмыстың жұмбағын шешу қабілетіне байланысты емес сияқты, олардың өз мінезі, әдеттері, адамдарды тануға деген өз көзқарасы бар еді, оқырман олармен бірге өмір сүріп, әрбір жаңа оқиғада сол кейіпкерлердің тағы қандай қырын танитынын біледі, соны күтеді.

Қазақ детективінің де осындай мүмкіндігі бар, айталық, біздің қоғамның өзіне тән қарым-қатынастары, елдің сөзіне тәуелділік, сырт көзге мінсіз көрінуге деген ұмтылыс сияқты құбылыстардың өзі детективке үлкен материал бола алады. Кейде адам жасаған қылмысын заңнан ғана емес, өз ортасынан, жақындарынан, ел алдындағы абыройынан қорқып жасырады, осындай психологиялық қайшылықтарды ашу арқылы қазақ детективі өзіне тән сипат қалыптастыра алады. 

 

Бұл тақырып несімен қызық?

Өзіме оқырман ретінде жақсы жазылған детектив психологиялық жағымен қызық. Ал егер оның психологиялық жағы болмаса, жазушының өте нәзік беретін тәсілдерін алып тастаса, тек «атты, шапты» деген оқиға болса, және ол бүге-шігесіне дейін баяндалса, ондай шығарма шынымен бездіреді. Қылмыс туралы жазу үшін қылмыстың өзін ғана білу жеткіліксіз. Жазушы онымен қоса тергеу тәртібін, криминалистиканы, заңның қарапайым талаптарын түсініп, адам психологиясына да терең үңілгені жөн. Өйткені тергеу барысын жетік білгенімен, кейіпкердің ішкі дүниесін аша алмаса, шығарма жансыз болып шығуы мүмкін. Ал адам психологиясын жақсы түсінгенімен, оқиғаның қисынын сақтамаса, ол детектив тағы  иландырмайды. 

Осы жерде жазуды жаңа бастап жүрген автор ретінде айта кетейін. Жаза түскен сайын, кейде жетіп, кейде жетпей жүріп, ақырында бір күні өзінше сыры ашылатын жазуда бастапқыда кемшіліктер көп болады, оны автордың өзі де біледі, тәжірибені бөліскеннің айыбы болмас. Автор ретінде шағын әңгіме, новелла жазған ұнайтын (ешкімге көрсетпей-ақ өзім жазып, өзім оқып жүре беретінмін), оншақты жыл бұрын жұмыс бабымен республикадағы қылмыстық жазаларды өтеу мекемелеріне іссапарға барып көргенім адам психологиясына қатысты сұрақтарды алға шығара бастады. Ол жақта аса ауыр және орташа дәрежедегі қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан адамдармен кездесіп, олардың істерімен танысып, өздерімен сұхбат құруға тура келді, кешке дейін сол мекемелердің ішінде жүрудің өзі оңай емес, ол жердің атмосферасы бөлек. Ондағы адамдардың әңгімесін тыңдау, жасаған қылмыстық әрекеттері туралы білу, кейбір қылмыстардың ұзын-ырғасымен танысу адамға ауыр тиеді. Одан кейін біразға дейін еңсең көтерілмей қояды екен. Ұйқың қашады, өйткені, бұл кітаптан оқыған оқиға емес, шын өмірде болған оқиға. Адамның қылмысты сау кезінде, не істеп жатқанын біле тұра жасауы, соны алдын-ала бүге-шігесіне дейін жоспарлауы, кейін сол әрекетін жасыру үшін тағы да жалған айтып, түрлі айлаға баруы, өзінің жасаған ісін ұзақ уақыт бойы ішіне бүгіп жүруі… адам санасының осындай күрделі тұстарын түсіну оңай емес. Бір қарағанда қалыпты өмір сүріп жүрген адамның ішінде не барын, қандай нәрсе жатқанын сырт көзбен ешуақытта біле алмайсың. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын осы тұрғыдан ерекше бағалаймын. Достоевский детектив жазған жоқ, бірақ шығармадағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың психологиясына қатысты. Раскольников неге мұндай әрекетке барды, өзінің ісін қалай ақтады, қылмыстан кейінгі ішкі күйі қандай болды? Жазушы адам санасындағы осы қайшылықтарды терең зерттейді. Кезінде Агата Кристиді, Конан Дойл, Буало-Нарсежакты (екеуі екі адам), Жорж Сименонды, Соно Аяко («Синева небес»), Симада Содзиді («Зодиак»)т.б. оқыдық, олардың шығармалары бізге детективтің құрылымын, оқиғаны баяндау тәсілін, кейіпкерлерді біртіндеп ашу шеберлігін көрсетеді, бірақ өзің жазуға келгенде солардың ізімен ғана жүргің келмейді, содан да  «Қылмысты кім жасады?» деген сұрақтан гөрі, «Ол адам неге осындай болды?» деген сұрақтың орны басымырақ. Әрине, бұл сұрақтың  классикалық детективтің шеңберінен шығып, психологиялық прозаға, кейде экзистенциалдық прозаға жақындайтынын да түсінемін.

 

Қылмыс туралы жазудың жауапкершілігі

Оқырман ретінде авторлардың шығарманы асықпай бастағаны ұнайды. Оқиғаны бірден қылмыстан бастап, құйын-перен жүгіртіп әкетпей, кейіпкерлердің күнделікті өмірін көрсетіп, олардың арасындағы қарым-қатынасты біртіндеп аша берсе дейсің. Сырттай қарағанда бәрі қалыпты сияқты, бірақ сол қалыпты өмірдің ішінде бір түсініксіздік, бір жасырын сыр жатқанын сездіруге тырысса, оқырманды да сол кеңістікке біртіндеп енгізе берсе. Бірақ қылмыс туралы жазғанда бір нәрсені естен шығармау керек деп ойлаймын. Жамандықты әдемі етіп көрсетудің қажеті жоқ, қан, зорлық-зомбылық, опасыздық, қатыгездік оқырманды қызықтыру үшін ғана қолданылмауы керек, керісінше, олардың адам өміріне қандай зардап, зауал  әкелетінін сезіндіру маңызды. 

Жамандықты эстетикаламау деген нәрсе жазатын әр қаламигер үшін авторлық ұстаным болса. Қылмыскердің психологиясын зерттеу оның әрекетін ақтау емес, адамның неге сондай болғанын түсіндіруге тырысуымыз мүмкін, бірақ, жасаған қылмысы үшін жауап беруі керектігін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан детективтің соңында қылмыстың міндетті түрде ашылып, кінәлінің жауапқа тартылғанын қалаймын. Тіпті қылмыс ашылып, шындық белгілі болғанның өзінде, ол  әділеттің толық орнағанын білдірмесе де...

Оқырман үшін детективтің құндылығы қылмыстың қаншалықты күрделі болғанымен өлшенбейді, қылмыстың артында тұрған адамның тағдырын қаншалықты аша алғанымен өлшенеді. Тергеу оқиғаны шешуі мүмкін, бірақ әдебиет адамның ішкі әлемін зерттеуді жалғастыра береді. Содан да бізді оқырман ретінде әлі де «Адамның бойындағы жамандық қайдан пайда болады? Оны қоршаған орта қалыптастыра ма, өмірдегі ауыр жағдайлар әсер ете ме, әлде адамның өз таңдауы ма? Мүмкін, мұның бәрі бір-бірімен байланысты шығар?» деген  бір сұрақ мазалайды. 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2063

Taza Qazaqstan