Светқали Нұржан
Ақын-жазушыларды стиліне, мазмұнына, тақырыбына қарай әр түрлі ағымдарға бөліп, теориялық негізде жіктеп жатады. Ғылымға жатпайтын, бірақ одан іргесін аулақтай да алмайтын әдебиет үшін оның маңызы соншалықты терең деп түсінбейміз.
Болмаса әр дәуірдің, ғасырдың өз ағымдары бар. Қаламгерлердің санасындағы ой ағымдары өздері ғұмыр кешіп отырған формациялар негізінде де топтала бастады. Енді бүгін қарасаңыз, ілгері өмір сүргендер өздігінен сұрыпталып, топ-топқа бөлініп, жарыс ойынын өткізіп жатқан сияқты. Кім көп оқылады? Бұл, әрине өте қиын сұрақ. Күрделі емес, бірақ жауабын нақты айту қиын. Ондай сауал санақ жүргізетін әлеуметтік институттардың анкетасында да жоқ. Өткен жылдары ең көп оқылатын жазушы деп бір ағамыздың аты аталғанда: «Ондай санақты кім жүргізіпті? Ешқандай ресми орындар бұл ақпарат туралы тіс жармады ғой», – деген сөздер де айтылды. Ешқандай қызғаныш емес, (болса да, мейлі). Мәселе әркім өзін оқылымды жазушымын, я ақынмын деп есептейтінінде. Гәп қайда? Бүкіл тақасудың төркіні «мен оқылымдымын» деген есептесудің түбінде жатқан сияқты. Қонышын басып қалған сөзіміздің төркіні тым алысқа апарады-ау...
Енді біз ақын-жазушыларды ешқандай теорияға да салмай, өзіміздің жабайы ойымызбен бөліп көрмекшіміз. Бір топ қаламгер туғанынан дарынды болады. Атақ та, даңқ та оларға өздігінен келеді. Енді бірі еңбектеніп, үлкен биікке шығады. Ұрпақ оларды ұмытпайды. Біреулер еңбектенген түр жасайды, атақты болады. Бірақ оларды тез ұмытады. Біреулер қатты еңбек етеді. Бірақ ескерілмейді. Кейде таланттылар қызғаныштың отына күйіп, ескерусіз кете барады. Обал-ақ! Тағы бір топтың аты жиі айтылғанымен, шығармалары көпке соншалықты кең таралмайды. Ол туралы жұрт ылғи жақсы сөз айтады. Бірақ шығармаларын сөз қылмайды. Жақсы ақын, жақсы жазушы деумен ғана шектеледі. Неге? Оның себебін нақты тауып айту да қиын. Осы тұрғыдан алғанда ақынның тағдыры жазушынікіне қарағанда жеңілдеу ме, қалай? Өйткені бір ғана өлеңімен де аңыз тудырып жүре береді.
Алматыны мекен еткен газет қызметкері болғаннан кейін, аймақ саналатын өзге қалаларда өзіндік көркемдік өлшемі, ойы бар адамдарды іздейсің. Әдебиет туралы әділін айтатын әр аймақтың бір-бір өкілдері біздің санамызда тұрақталып қалғандай. Шымкент десе Мархабат Байғұт, Семей десе Тыныштықбек деген сияқты, Ақтөбе дегенде аузымызға Мейірхан, Ертай, Бауыржан ақындардың есімі әуелі ілігеді.
Ақын туралы сөз айтудан, біреуінің шығармашылығына арнайы тоқталудан қиын нәрсе жоқтай. Арғы-бергі өлең тарихын, әдебиет ахуалын салмақтап барып, ақынның орны, рөлі туралы айту керек. Міндетің қытығына тимей, Көдекше айтқанда «сөзіңнің тігісіне су сіңдірмей» айтуға жарау ғана.
Ертай Ашықбаев та өзге ақындар сияқты Алматыны бір кездері мекен еткен. Оның өлеңдерін оқып отырғанда, өзге ақындардан ерекшелеп тұратын қасиетін іздейсің. Бірақ сол өзгешелеп тұрған қасиетінің өзі бақса бір ақындарға да ортақ қасиет болып шыға береді. Мүмкін ол заңды да шығар. Кітап оқығанда бір дәуірдің авторларын арасын үзбей, жіктеп оқу керек дейтін принцип осындайдан кейін шыққан болар. Өйткені оларда ұқсастық та, айырмашылық та бар. Бірінен екіншісіне өткенде баспалдақ сияқты жалғасқан деңгейлер. Ұқсап тұрып, ұқсамайды. Исаак Ньютонның: «біз алыптардың иығына шығып қарағандықтан ғана көкжиекті кеңірек көре алдық» – дейтін сөзінің төркіні осы жерде сияқты. Алдыңғылар мейлі алып болсын, болмасын, кейінгілердің көкжиекті кеңірек көруіне мол мүмкіндік тудырады. Қаламгер өзіне дейінгі жазылған шығармаларды оқып қана, өседі. Содан кейін де ұқсайды.
Өлең жазудан бастамас бұрын оның аяқталуын ойлап тұратындай әсер қалдыратын жырларында форма, буын заңдылықтары бірдей сақтала бермейді. Мейлінше еркін қозғалуға, айтар сөзін тарс айтып қалуға бейім ақын әлдеқандай күрделі образдарды, теңеу мен метафораны да іздеп әуре болмайды. Барынша қарапайым, ойнақы жазады. Кез келген туындының дәмін келтіретін деталь іздейді.
Өлеңге тапқырлықтың керегі бар ма деген сұрақ бүгін көп айтылады. Біреулері жақтап, бірі қош көрмейді. Қазақ поэзиясында ондай тапқырлық үрдісі Қадыр Мырзалиевтің қаламынан қалған сарқыт болуы керек. Ертай өлеңдерінде сондай тапқырлыққа бару, бір нәрсені екінші нәрсемен салыстырып, контрасты беру машығы бар. Бірақ ақын өз рецепті бойынша дәмін келтіріп, оқырманына ұсынады. Гете айтатын: «ақын кез келген жерден бір-біріне қарама-қарсы және бірін бірі сәулелендіріп тұрған образдардың көмегімен әлдеқандай бір керемет мәнді жеткізетін тәсіл тауып алады» деген сөзге илана түсесің.
Ертай өлеңдерінде Есенғали поэзиясына ұқсайтын тұстары да бар. Бір заманда өлең өлкесіне келген екі ақынның жасына қарап, ол тәсілді кім бұрын пайдаланғанын бағамдауға болатын сияқты. Прозадағы әңгімешілдік тәсілді өлеңге көшіріп, поэзия заңдылықтарын сақтау тым қиын. Ақын сөзінің ондыққа тимей, дәлдігі кем түсіп жататыны сондықтан болар.
Өлеңдегі бұл дәстүр Есенғалидан басталмағаны анық. Белгілі бір тақырыпты жырлап отырып, оқыс, оқырманын таңқалдыратын мүлде басқа сөзді айтып қалу, оның өзінде түйсік арқылы психологиялық байланысын оқырман өзі тауып алатындай шеберлікпен жеткізу тәсілінің арғы атасы қара өлең сияқты. Қарапайым тұрмыстың жағдайын айтқан болып, көркем ойдың қарапайымдалған түрімен мүлде басқа, мүмкін саясат, мүмкін әлеуметтік жағдай туралы айту халық ауыз әдебиетінің үлгісі екені сөзсіз. «Қаламгер ұстазын өзі жаратады» деген данышпан сөзінің шындығына және бір рет көзіміз жеткендей. Ақын неден, қайдан үйренемін десе де еркі. Жалпы осы бір тәсілдің поэзиямызда жаңалық болуының себебі де осында. Классикалық үлгімен жазу жақсы шығарма тудырғанымен, жаңалық әкелмейді. Оны оқуда да оқырман бір жүйеге түсіп алған. Жаңалығы болса да байқалмайды. Әлем әдебиетінің өкілдері де классикалық үлгіден бас тартып жатқандырының бір себебі осы. Олай жаңалық әкелу де, жақсы жазу да қиын. Ескі мен жаңаның арасынан ғана мықты туынды шығады.
«Өзіңнің ақын, я ақын еместігіңді білу үшін жастарға қара. Егер олар сенің жазғандарыңды оқып жүрсе, ақынсың» – деген өз өлшемімен өзіне қарап көрейік. «Ду қол соққан дүрмектің өкілін» жастар оқиды. Күні кеше өзіміз де университет қабырғасынан шықтық. Біз ылғи да айтатын тізіміміздің ішінде міндетті түрде Ертай Ашықбаев жүрер еді. Бірақ кітабы қолымызға сирек түсетін. Оның себебі кітап сатып алатын жағдайымыздың жоқтығынан болу керек. Бір жағы Алматыдан алыста жатқан ақынның насихатшысы өлеңге еш пенделік ойсыз ғашық болған жас ақындар. Өзге ешкім емес! Әсіресе Батыс Қазақстаннан келген жолдастарымыз көп айтады. Солардың үгіттеуімен, насихатымен Ашықбаев деген ақынның өлеңдерін газет-журналдардан кездестіре қалса, көшірме жасап, болмаса сол жерде-ақ құнттап оқып алуға тарысатын. Жалпы жастардың арасында кітап осылай оқылады. Әркімнің өзі жақсы көретін кітаптары болады. Соны сабақ кезінде аудиторияға әкеліп, оқып отырады. Басқалары да солай. Кейін бір-бірінен алмастырып оқиды. Осы үрдістің себебімен көбіміз Ертай Ашықбаевтың әлемімен танысқанымызды жасыра алмаймыз.
Ақындардың ортасы қызық. Әрқайсының өзінің көпке танымал өлеңі болады. Жиындарда ылғи сол өлең оқылады. Өзгелері де сондай жақсы өлеңді жаттап алуға құмар келеді. Жас кездерінде бірге жүреді. Дос болады. Уақыт өткен сайын аралары алыстай береді. Тіршілік қамымен де солай болатын шығар... Сондай дәурен Ертай ақынның да басында болған. Ақынның жас кезінде көпке танымал болған:
«Белгілі болмай баршаға,
Болса да кейде жүгім кем:
Тапқаным, міне, қаншама –
Миллионермін бүгін мен.
Сені іздеп өтті не түнім,
Жігіттің әні – жалқы аңыз.
Теңгедей болды етігім,
Тапқанша сені, қалқа қыз.
Бірігіп жүрер келді күн,
Қосылды енді арамыз.
Миллионермін мен бүгін,
Байлығым сенсің, қара қыз...», – деп келетін өлеңі еді.
Ақтөбе жаққа кетпес бұрын, Алматыға бауыр басқан ақынның жырларында Алматыға деген сағыныш ерекше байқалады. Шығармашылығының негізгі бір тақырыбы – осы. Алматының ақындарға ықпалы алдымен қалаға деген сағыныштан басталып, ары қарай байқатпай, қоғамдағы тенденцияларды жырлатып, ақындық гуманизмге іліктіріп жібереді. Ішкі қуаттың күшімен еркіндікке ұмтылған ақын жаны белгілі бір мекенге байлаулы болмағанымен, жіпсіз нәзік сезім түйсігі арқылы сол аймақты ұлықтай отырып, қоғамның пердесін ашып қарауға мүмкіндік береді. Ақын өлеңі арқылы өмір жолының хронологиялық тізбегін берумен қатар, сол кездердегі әлеуметтік жағдайларды, қоғамда қалыптасқан даңғылдар мен жолсыз соқпақтарды әр тармағымен сездіруге тырысады. Орыс ақын-жазушыларының шығармалары арқылы Петерборды көргендей, Нева даңғылы бойында түнгі шамдардың жарығымен қала кезгендей күй кешетініміз сияқты қазақ ақын-жазушыларының туындылары арқылы Алматыны ерекше тани бастаймыз. Ондағы Алматы күнделікті біз көріп жүрген кептеліссіз, асыққан тұрғындарысыз, шулаған моторлардың даусы жоқ аяулы мекен. Бұл қала көп адамға болашақ сыйлаған, биік армандардың туы қадалған асқар шың сияқты.
«Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,
Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.
Ойыл – мынау,
Қиыл – анау,
содан соң...
Алматыны көргім келді,
көрдім мен.
Ерте солып біздің жақта бүлдірген,
Бөлісуге жарамады құрбыммен.
Бақша – шағын,
көше – шолақ,
әрине,
Алматыда жүргім келді,
жүрдім мен.
Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,
Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.
Күндер болды көкірекке леп кірген,
Түндер болды аздап азап шектірген,
Шуақ анау,
көз жасымды кептірген.
Мен –
Ақтөбе өлкесінің өзені,
Алматыдан кеткім келді,
кеттім мен...», – деген ақын жаны тәуелсіздікке ұмытылғанмен, бәрібір сол баяғы жігіттік дәуренінің куәсіндей болған аяулы қаланы қимайды. «...Ай, жөн еді Алматыны көрмеген, Алматыға бармағаным жөн еді..», – деп тоқтауының арғы жағында өкініш пен сағыныш сезімі араласқан түсініксіз күйге түседі. Ертай ақынның сағынышы да, сағынбауы да ілгері ақын ағаларынан тым бөлек. Көшпелі тұрмысқа бұл қатардан анағұрлым жақын көрінетін Мұқағали мен Тұманбайлардың Алматы туралы жырлары басқаша сезім тудыратын. Олар қаладан шаршаса да, баяғы қазақы тұрмыстың иісін сағынатын.
«Мотордың даусын есіте-есіте шаршадым, жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым. Жабағы үйді ақ жауын түтіп тұрғанда, отырар ма еді түтінін жұтып аршаның!..», – дейтін.
Ал Ертайдың сағынышының түсі мүлде басқа. Ол еріксіз Алматымен қоштасқан Ақтөбенің тұтқыны сияқты. Ақтөбенің өзені болса да, құяр тұсы сағыныш қаласы еді.
«Алматы – Ақтөбе. Курстастарға» деген өлеңінде екі буынның келбеті бар. Екі бөлек мезгілдегі бір қаланың шағын портреті зерленіп, салтанат құрған. Ертай эстетикасы, көркемдік өлшемі қоғамдағы құбылыстарды басқа ақындардан өзгешелеу екшейді. Оның өлең жазудағы техникасы қатып қалған қалыпқа сыймайды. Ақындық түйсігі сезген жағдайлардың бәрін неғұрлым кеңінен қамтуға тырысатын қасиеті лириктерге тән сезімталдық пен философиялық бағытта «білімді» болуға талпынып жүрген ақындардың бар мүмкіндігінен асып түсіп жатады. Ақынның философиясы белгілі бір заңдылықтарға бағынған емес. Оның сезім барометрі, қала жайындағы поэтикалық күші сірескен қағидаларды тас-талқан қиратады. Бір тармаққа бойын кернеген сезім қуатын еркін сыйдыра алады. «Екі жолдың арасын оқу» принципімен ақынның үш нүктелерін оқыңызшы. Оған әркім әртүрлі тәпсір жасап, көп жайтты қозғау да мүмкін. Ақын оны оқырманының өз көрегендігіне қалдырады. «...Күзі... Мұңы... Қызы... Гүлі...» сөздердің арасындағы сансыз сөйлемдердің ішінде Ашықбаев қана сезіне алатын, айта білетін ойлардың жатқанына бір сәт күмәнданбайсың.
«...Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,
Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы...
Көп еді аңқау аға, қызық іні,
Әрине, көркем еді... Қызы... Гүлі...
Алматының сол сәнін тартып алған —
Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.
Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,
Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!
Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,
Бұлақ бастан осылай бұлғанады,
Осылайша дүлділ күн ұрланады.
Біз көрмеген біреулер тепсінеді,
Біз көрмеген біреулер бұлданады.
...Біздер кезген бақтарға кім барады?
Алматының мөп-мөлдір жылғалары
Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?
Құм астында көміліп жатыр ма екен
Біздің шашпа қыздардың сырғалары?
...Сол кеткенде... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер бұл қаланы...»
«...Алматыны... сол жылы... бұл менен де... Алып қалып едіңдер... не істедіңдер?..». Ақын Алматыны тек сағынушы ғана емес, оның иесіндей сөйлейді. «...Алып қалып едіңдер... не істедің?». Бүгінде Ақтөбені мекен еткен ақынға жауап бере аламыз ба? Үлкен азаматтық, ақындық жауапкершілікті сезіне отырып, Ашықбаевқа жауап жазылса, ол қандай болар еді? Тіпті, елестету оңай емес. Ақын сұрауына жауап та дәл сол деңгейде, тура сол ынтызарлық, жанашырлық күйде, сұрақпен шендесе алатын поэтикалық бояумен айтылуы тиіс. Әйтпесе бекер-ақ...
«..Бұл қаланы дәл мендей сүймейді ешкім,
Маған ешкім бермейді бұл алапты», – деп, назданатын ақын даусы неге бұрынғыдай өр шықпағанына таңғаласыз. Бір сұлудың меңі үшін екі қаланы сыйға тартатын шайырға ұқсап, ешкімнен сұрамастан-ақ егесімін десе біреу жоқ деп айтар ма? Алматыны соншалықты сүйетін әр адам өзін иесімін десе де жарасар.
Сұлу шаһарды жырға қоспаған, мен ғана ардақты сезімдерді кешемін дейтін ақын аз ба? «...Мен Ташкентте өлер ем – Алматы бар, Тек мен ғана түсінем ол қаланы» деген Есенғалиды да түсінуге болатын сияқты. Өзін-өзі бағалау да жақсы шығар кейде. Ес-ағаңның осы сөзіне қанша жауап өлеңдер жазылды. «Ес-ағам ғана түсінетін Алматы», «Ташкентте өлмей-ақ қойыңыз» деген сияқты. Сол ақындар Ертайдан алып қалған Алматыға не істегендерін әлі айтқан жоқ. Айта алмайды-ау... Аслан Тілеген деген жас ақынның:
«...Көз ұшында, ой ішінде жол егіз.
Жаны ауырған жаралы һәм қаралы.
Ертеңдерге енді қайтіп береміз?!
Ертай шалдан алып қалған қаланы» деген шарасыздық кейіптегі өлеңі де сұрақ қалпында қала бермек...
Жыр қағаны Жұматайдың иіріміне түсіп кетпеген інілері аз шығар. Кім қағанның соңына ілесті, сөзін тыңдады, бәрі соған еліктеді. Әркім өз соқпағын тапты. Асылы қаған да өз стилін інілеріне таңған жоқ. Оларға мен сияқты жазыңдар демеді. Өзіңді сақта, мына сөз майданынан өзіңді алып шық деді. Сол жыр-баһадүрлері бүгін бізге аға, қарттарға іні қалпында орта буын аталады. Маған кейде сол майданнан аман шыққан Ертай өлеңдерінде қаған сарыны бар сияқты сезіледі. Ол сарын ақын поэзиясында үлкен күшке де ие емес. Бірақ жасырынбайды да. «Таң» атты өлеңінің бір шумағына назар аударыңызшы:
«Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап...».
Енді осы шумақтың сазына назар аударыңыз. Саз Ертайдікі, бірақ осы өлең формасы, техникасы ақын поэзиясында көп кездеспейді. Ұйқасының өзі қағанша.
Суретті өлеңнен халықтың ұйқысынан оянған сәттегі хәлі айнысашы. Ілгері озған уақытты ғайбаттауға болмаса да, пенде баласы ғайбат айтады. «Уақытты жазғырмаңдар! Ол – Менмін!» деген Тәңір сөзін адам ылғи ұмытады. Метонимиялық осы өлеңнен алдымен көз алдыңа қала елестегенмен, оның қабырғаларына жасырынған халықты көрмеу мүмкін емес. Осы өлең кішкентай қара нүктесі бар аппақ картина сияқты. Біз ылғи сол нүктесін көреміз. Бірақ көзге ұрып тұрған аппақ түске назар да салмаймыз. Тура сол суретшінің шеберлігі, я ұстаздың философиялық сұрағы сияқты асқан сұңғылалық болмаса, өлеңді түсіну де қиын. Жорамалдап айтқан сөзіміз, шамамен осы тұс деп түйген ойымыз нысанадан мүлде басқа жаққа қаңғырып кетсе, айып айтушыда.
Көп ақынның арнау өлеңдері жадағай, ұйқасқа ғана негізделген маңызсыз сөз болып шығады. Әрине көп ақындар, оқырмандар да арнау өлеңдерді жақсы көрмейді. Бірақ Ертай ақынның арнаулары қызық, тосын. Публицистика көтеретін ақпараттық сөзді де, оқиғаны да өлеңге түсіреді. «Қонақтың сөзі», «Сантехник Алпамыс» (Мадақ жыры), «Фототілші Хайреден», «Алматы – Ақтөбе», «Көк түріктер сарынын» оқыған соң» сияқты өлеңдері кейіпкерінің бар мінезін, қоғамдағы орнын, қызметін жайып салады. Бұндай өлеңдерді жазар кезде ақын кейіпкерін жақсы біледі. Психолог сияқты, өлең арнауға татитын болса, оны алдын ала тергеп, бар сырын біліп алған кісідей.
Ал ақын өзі қандай адам? Әрине өлеңіне қарап, ақынның қандай адам екенін айту қиын. Шығармашылық пен болмыс ылғи қабыса бермейді. Әр шығармашылық иесі әртүрлі. Бірақ ақын өлеңдеріне қарап, өз пайымыңды жасауға мүмкіндігің мол. Мына қоғамға тек ақындық терезеден ғана қарай алатын, көп қақ-соқпен ісі жоқ, өзіндік мінезі де бар, пенделігіне қарағанда кісілігі басым, жұмсақтау, философияның қатыгездігіне ұрынбаған жан.
Өзіне салсаң:
«...Беу,
Менің қансыз-сөлсіз сұп-сұр қалам,
Жайыңды қайдан мендей ұқсын ғалам!
Көзіңнің жасымын мен сықсыңдаған.
Көйлегіңнің кеше аппақ жағасы едім,
Шалбарыңның қыры едім түк сынбаған.
Не дейін, сөлсіз қалам, сұп-сұр қалам?..», – дер еді.
Көйлектің кешегі аппақ жағасы, бүгінгі хәлін артық айтайды. «...Қыр астынан қарап тұр-ау мұңайып, қызу жүрек дәурен біздің кешегі...» деген сияқты өзі де сол аппақ кезіне мұңайып қарайтындай. Ол мұңы аппақтығына емес әрине, бүгінгі айтпаған күйіне. Пенде баласы жасы ұлғайған сайын қуанышы азайып, қайғысы арта түсетіндей ме, қалай... «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген хәкім сөзінің бір түйіріне татитын сөз айтылар шақ осы-ау.
Ақын жанына өзінен артық кім үңілсін? Адамдар өздері туралы ойлауды қойған шақта (тұрмыстық, эгоистік тұрғыда емес, рухани деңгейін анықтауда) олардың болмысына ақындар үңіле бастайды. Белгісіз бір күшпен басталатын ұмтылыстың шегі бар ма екен? Оқыған сайын, парасатың өскен сайын түпсіз болмыстың тұңғиығына бата бересің. Сырыңды айтар адам болса, тыңдар жамағат болса жақсы. Болмаса:
«...Болашақты келмейді болжағым да,
Қайыры жоқ шекпенмін сандықтағы,
Шөліркеген шіркінмін көл жанында.
...Өлең дейтін біреу бар, айтқанымды
Өткізе алмай шаршадым сол залымға...», – деп Ертайша толғанасың.
Төрт стихияны: от, су, ауа, жерді поэзия қамтуға тырысады. Ақын үш күйді де: мұз, су, буды басынан өткереді. Ол өлеңге айналғанда қай күйде екенін оқырман өзі екшер. Тану қиын, танығаныңды жеткізу одан да қиын. Қазақ өлеңсөзінінің тақтасында есімі жазылған ақынға арнайы сөз бағыштағанымыздың төркіні тапсырыс емес. Қазіргі әдеби тіршілік осылай айтуға мәжбүрлейтін болды. Ағалары, қатарластары, інілері туралы ақжарма сөзін аямай жүрген Ертай ақынның өзіне алғыс орнында жүрер сөзіміз бұл. Ақындығын айтпасақ, азаматтық жанашырлығы, әдебиетке адалдығы бөлек тақырыпқа арқау болатын сөз емес пе?! Әдебиеттегі жасампаздық рух биік парасатпен, адал ниетпен болашаққа сапар шеге бермек.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.