Бауыржан Қарағызұлы. Философиялық поэтика
Танымал жазушы, әдебиеттанушы ғалым, драмтург, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы және «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаеваның «Бауыржан Қарағызұлы. Философиялық поэтика» атты талдау мақаласын ұсынып отырмыз. Жақында ғана «Жазу» атты жыр жинағы жарық көрген Бауыржан Қарағызұлы өлеңдерінің поэтикалық иірімдері туралы ғалым тереңнен толғай талдайды.
Ақындық деген не? Ол қасиет қалай көрінеді? Былайғы жұртқа нені айшықтап білдірмек? Бауыржан Қарағызұлының «Жазу» атты жыр жинағына енген жырларын оқи бастағанда бірден көркем мәтінді түгел еңсере алмастай сездім. Өйткені оның жырларының әр жолында интеллектуалдық, символистік, экзистенциалдық, сюрреалистік, романтикалық, иррационалдық сарындар қадам басқан сайын ит тұмсығы өтпес жыныс тоғай сияқты тым жиілей береді. Қазақ баласында эстетика, субъективті дара лирика мол болғандықтан ғасырлар тоғысындағы ұлы француз ақындарының стилі ойға оралды. Шарль Бодлер, Стефан Малларме, Поль Верлен, Артюр Рембо, Поль Валери, Гийом Аполлинер, Поль Элюар. Европа рухани күйзелістен тоқырап, күпірге ұрынып жатқан дәуірлерде қиял әлемінен пана тауып, буржуй капитал құндылықтарын жатырқап реалистік өмірден жерінген соң ішімдік, есірткіге елітіп, лас дүниені астарлы суреттегені үшін оларға «қарғыс атқан ақындар» деп қара таңба тақты. Декаденс – көркемдікке зарығу және кеспірсіздік қосындысы, азғындаған жыртқыш қоғамға нала, оның сұмпайы сұрқын қабылдай алмаудан, түңілістен туды. «Дарға асылғандар биі» («Бал повешенных», француз тілінен Е.Витковский ауд.). Авторы Артюр Рембо. Осы бір шедеврге үңілсем суреткерлік құдіретімен жыр кейпіндегі Гойядан аумайды.
Үлкен әдебиетте шеңбер-шекара болмайды, өйткені адамзатта уақыт пен кеңістік ортақ. Біздің Бауыржанда экзистенциалдық дағдарыс үнін бәрібір қазақы мейірім басып тұрады. «Жүрегімнен үн тамады, қарт уақыт, езуден Айдың нұрын жалап алып, Мен жаздым дауысымды түнге малып, Көзімде көлеңкеде гүл тоңады,өзектен көз тамады, ұрлап ағып, маңдайдан уақытым тамшылаған. Желкемде тағдыр отыр, аты – жазу, өмірім, заты – өкініш, хақы – назы.Назымда жазуымды ішіп көрдім,қабыл көр, назарыңа түсіп көрдім...»(∞: P.S.).
Метонимия, метафора, синекдоха – әдебиеттің өз бойынан өріп шыққан күрделі әрі айшықты образдарға жан салудан ақын алдына жан салмайды. Орыс поэзиясының күміс ғасыры ақындары дәл осы тектес тәжірибелерге батыл барды. Одан әдебиет өзгеріп, ескіріп, шөгіп кеткен жоқ, керісінше байи түсті. Ұрпақ дауысы дәстүрлі әдебиетті жоққа шығармай-ақ, жаңашылдық сипатты көрсетуге құқылы, егер ол шынымен көркем сөз магиясына қиянат қылмаса.
«Ішімде бір шексіздік жарылады – / көбелек қанатында жаным әлі... / Көшенің жарықтары түн ішінде / құстардың үні болып соғылады / аспанға құштар мынау маңдайыма. / Білсеңіз, гүл тамады таңдайыма, / тілімнен жұпар аңсар бұрқыраған; / бұйырған екен, дерсіз, қандай ұлға? /
Құштарлық, сағынышың – құс тілінде; / аспанға ұшпаған соң, күштімін деу – қорлық деп түйсінесіз. Бекер, бекер. / Арман ғой – арманыңның үстінде өлу./ Құс тілін білу үшін – құстай налу, / ішіңде өз Құдайын ұстай алу
бұйырған өзін-өзі танығанға; / таныған Құдіретке табынар ма?.. («Маңдайдағы аспан»).
Бауыржан Қарағызұлы қазақ поэзиясының интеллектуалдық болмысына жалт қаратқан ақын. Бауыржанда бұрынғы қалыптасып қойған, орнығып қалған танымды өзгеше ракурстан таныта білу қабілеті ерекше. Біз аса мән бермей жұпыны қабылдап қойған кейбір ұғымдарды ол парадокс немесе нонсенс деп айғақтай қалса келіспеуге және болмайды. Жастық шақтан енді даналық кезеңге өте бастаған ақын үшін мына дүние тым сырлы. Соны ол ой көзімен, жүрек сөзімен, тұңғиығына үңіліп, көкжиегіне телміріп, кезеніп айта алады. Күпірлік пен құдайшылдық арбасқан әлемде Бауыржанның пәлсапалық-психологиялық астары мол жыр жолдарынан жұлып алып, афоризм жасауға болатыны мені таң қалдырды. Тіршілікке көңіл жұбанбай, мезі боларлық жамандық атаулыдан жалыққанда, жаны күйзелген сәтте лирикалық кейіпкер жер жаралғалы данышпандар және әулиелер безінген сана тоқырауын дәл аңдап қалып: «Ет жүректі сол өмір темір етер. / Селт етпеймін. Кәдімгі құл темірмін» («Құмырсқаның илеуі»), – деп ет жүректен жаралған жанның дағдарыс күйін аңдатады. Ең әуелгі философия әрі күллі тұрпайы сенім-наным, ортодокс діндер ең алғаш адамзат өлімнен қорқып, жұмбақ ажалды ақыл-ойы қабылдай алмай, өлген соң не болады деп аңырауынан туғаны ақиқат. Яғни, сананың қалтқысыз дамуы құдайға бастады. Жүрегі темірге айналған робот кім? Мұндай қатігез хал қазіргі адамзат қауымын бейнелеуі мүмкін бе? Жер планетасы құмырсқаның илеуі тәрізді ме, әлде адамның өзі жәндік тәрізді хайуани халге ұшырап кете ме? Бұл өлеңнің астарында Кафка жазғандай ғаламдық апат алдында тұрған бейдауа қоғамды жатсыну тұр. Қазіргі заманда күллі адамзат рухани соғыс жағдайында санасы тоқырап, қауіп-қатерден шығар рухани жол іздеп аңырап тұрғаны даусыз. Неміс философы Карл Ясперс (1883-1969) жер жүзіндегі зұлымдық бір экзистенциясы екіншісіне (индивид, жеке адамдарға тән өзіндік болмыс-бітім, сана-сезім, табиғаты, «мен», «мен өзім» дейтін дербес тұлғасы) демек, бір-біріне мелшиген, мәңгүрт, керең, меңіреу, соқырлығы болып табылады. Қарапайым тілмен айтса, біреудің біреуге жаны ашымауы.
«Адам қиялы – ғылым» («Сенің дауысың») – мұндай шынайы әрі құнарлы афоризмге сонша шаттанбаспын! «Өйткені айтқан сөздің бәрі дұшпан» («Құмырсқаның илеуі») – афоризм. Сонымен қатар Тютчевтің «Silentium!» («Молчание») атты өлеңіндегі түйінмен рухани үндестігі сезілетін сияқты: «Мысль изреченная есть ложь». Жалған айтқан адам ең әуелі өзіне өзі жау. Өтірік түбі өлтіреді. Меніңше, Бауыржан осынау жыр жолымен көп нәрсені айқындайды. Қазіргі әлеуметтік желілер кейбір надан, өзімшіл, күншіл адамдардың тым төменгі табиғатын танытып жатқаны білінеді. Комментарий жазып, диванда жатып аузына келгенін көкіп отыра беру төменгі вибрацияны күшейтеді әрі жамандықты балалата береді.
«Жалған не? Ол әу баста – бар болатын... / Жә, нең бар, ақ дүние, алданатын?! / Қарғам-ау, жел мен жаңбыр жуындырған / қараша,[1] қаға-қаға қар қанатын. / ...Аспанның жалғыз көзі – қып-қызыл Ай, / ...аяла, ая өзіңді, ая адамды, / кешірме көзін сөзбен бояғанды. / ...Қас тұтар періштені – пері уайым, / дос тұтар, адал болса, сайтанды – Адам! («Аялау заңы»).
Суретшілер Бауыржан Қарағызұлын мән бере оқыса ақындық сөз қорынан көптеген идеяны ау салғандай бекіре балықтар, тап-таза тау өзенінде ғана өсетін, Хемингуэй дәмін ұнатқан хариус сияқты сүзіп алар еді. Эрудиция айдан анық. Дүниені көре білуі өзгеше, сиқырлы дейін бе, әулиелік көз дейін бе, әйтеуір, шындық өмірді иррационалды көркемдікпен шебер араластыра беретініне дау жоқ. Оп-оңай қарадүрсін мәтінді тұтынуға әуес көпшілік қауымға оның жыр жолдары Дж. Джойс таңба салған санадағы ой ағыны, сандырақ болып көрінуі мүмкін. Күрделі текстті әркім қабілетіне қарай қабылдауға қақылы. Онда ағыл-тегіл ақ өлең, сананың қақ жарылуы, үйлесімді ұлықтау абстрактілі мәтінмен қатар қаздай қалықтап қона береді. Бүгінгі қоғам тынысы және ұмыт қалмайды, бәрін ол айна-қатесіз көреді.
Сюрреализмді шабыттандырған швейцариялық график суретші, мүсінші, символист Арнольд Бёклиннің (1827-1901) картиналарында қиялдан туып ойдан шығарылған жалған әлем қасақана құпия қылып суреттелген. Ол романтикалық пейзаждарды көз жауын аларлық мифологиялық бейнелермен әспеттеп салды. Суретші адам баласы бастырығылып ояна алмай жатқан өң мен түстің ортасындағы шатасқан түс сияқты үрейлі сюжеттерді ерекше кескіндейтін еді, өйткені ол шын мәнінде өтірік емес, адами түпсанада жасырынған нысаналы бейнелер болуымен тартымды. Бауыржан Қарағызұлының адами психологияның қатпар-қалтарысын ашуға бейім аллегорияға толы жырларында дәл сол күй, көне бұлыңғыр түйсікте сақталған идеялар бүр жарады, сөйтіп адам жанының тылсымын бейнелейтін сөз бағына айналады. Санадан тыс кеңістікке ақын үзбей өте беретіні содан шығар деп ойлаймын. «Ақындардың адал, азат жүрегі; / уақыт пен кеңістіктен тысқары!». («Мәртебе»).
Ақын санасын қара түс басып кетпейді, бұл жалғаннан мейірім іздеу, мағына іздеу, құдайшылдық белгілерін жаппай тану молдығы сүйінішті. «Күнәнің ең ауыры – сөзімізден, / Кінәнің ең сорлысы – өзімізден» («Дұшпан»); «Мен – Назар едім сұлулықты аңсаған»; «Гүлді үзген сайын адам өз жүрегінің бір жапырағын үзеді». («Гүл»).
Жер мен көк, космостың бірегей нышаны ретінде ол көз ұғымын көп айтады. Өйткені көзге бәрі сыяды, көзсіз өмір қараң. «Қарашаңырақ», «Баянауыл», «Соғақтың жалаңаш таулары», «Ауылым», «Сарысу» «Ұлытаудың аршасы» сияқты биік азаматтық лирика Бауыржан ақынның перзенттік жүрек лүпілін, отансүйгіштік тұлғасын айқара танытады.
Лирикалық кейіпкер өмір үзіктерін жан тазалығы, өмір-өлім заңдылықтарын тіршілік заңдары, космогониялық жаратылыс, табиғи стихиялар арқылы беруге ынтызар. Оның жыр кеңістігі теңізден шыққан Су тұлпары Суын сияқты тартымды.
Философиялық-постмодерндік лирика бұрынырақ Сұраған Рахмет поэзиясында көрініс тапса, кейінгі буында Бауыржан Қарағызұлының жазуында айрықша деңгейге көтерілген. «Өң» атты өлеңде ежелгі классик Овидий жан салған антикалық бейнелеулер мен сюрреализм ұшқындары кәдімгі шындық өмірмен тұтасып, қанатты Пегас я болмаса кентавр тәрізді бір мүсінге айналғасын бітісіп кеткен. «Маңдайын бұлтқа сүйеп көктем келді, / өртейді жас бұтақты өткен күні.../ мен ғашық болған қыздың өктемдігі..../ ...көктемнің кірпігінде гүл кісінеп; / мен сонда жүрегіме жүгіргенмін, / түсіне нұр жұқтырдым түңілгеннің; / Сүйемін! / Сүйем, сүйдім – сүйдім, сүйдім! / Күлкіме қоса іштім күйдің мұңын. / ...Ғашықпын қасіретіме, өмір, түсін, / ұшырдым өкінішке көңіл құсын; / шындығы – жалықтырды ғұмыр іші, / шын шексіз – жалғыздықтың түңілісі!». Шынымды айтсам, бұрын-соңды жаратылысы қат-қабат, адамзаттың адасулары мен үміттері текетірескен мұндай магиялық-эзотерикалық өлең оқымадым, жер мен көкке сыймай алағызған бұлқыныстар, ауыспалы бояулар шиыршық атқан өмір суреттері қою. Хулио Кортасар прозада жұмбақ берген тылсым кейіптеуді Бауыржан поэзияға, қазақтың қара өлеңіне дарытқан тәрізді иррациональды сипатта қабылдадым. «Мен сонда жүрегіме жүгіргенмін», мұндай көркем метафора тек шынайы ақындықтан туады.
«Көрінбейтін дос» атты өлең сондай шексіз, шектеулі ақылға сыймайтын ғалам құдіретіне бас ию, метафизика заңдарын терең сезіну, натурфилософиялық гимн болып шыққан: «Көп адам – өзі емес: өзгерілген; / түк шықпас қиянатқа төзгеніңнен… / Шөлдеген мейірімге жүрегіңе / уытты сөз тамса егер көздерімнен, / сен мені кешір, кешір, замандасым: / оңай деп ойлайсың ба маған да осы?.. / Маған дос – адам емес: ауа – досым; / аң мен құс, өсімдіктер, ғалам – досым. / Топырақ – менің әкем, Ай – жанары; / мен-дағы топыраққа айналамын./ Анашым – аппақ шашты ақжусаным; / ол-дағы топыраққа айналады. / Топырақ шөп тілінде сөйлегенде, / ұялам... қатты ұялам кейде мен де... / Гүл болып өлең оқып тұрған кезде, / жас өмір сүйгені үшін жұлған кезде – / көрдім мен гүл анадай қуанғанын, / көрдім де – тоқтай алмай жылап алдым.../ Көз жасым Күнге айналды бір-ақ сәтте: / Құдайдан гүл тағдырын сұрап алдым. / Түсінсең – содан бері ауа досым. / Білемін: көңілімнің ауа алмасын / ауадан… Ауа, бәлкім, Құдай шығар? / Сұрасам «сен кімсің?» деп – жылай салар…/ Сондықтан сұрамаймын…».
Шын ақындар тақыр жерден туа салмайды, өзіне дейінгі мықтыларды сіңіріп, сүйіп өседі. «Анашым – аппақ шашты ақжусаным» деген теңеу Серік Томанов және Мейірхан Ақдәулетұлының ұқсас метафорасын жадқа түсірді. Ақын-жазушылар тегінде жыл құстары сияқты бір ғана кеңістікте өмір сүреді. Табиғи құбылыс – мурмурация көк жүзінде қанатқа және жер үстінде қаламға ортақ белгі десем артық айтқандық емес. Бауыржан «Жазу» атты өлеңде жазмышты құсқа теңейді ғой.
«Жүректегі жасыл дәнек» атты өлеңді шын сүйіп қабылдап, Абаймен үндестік жаңа формада керемет берілгеніне қайран қалдым. Қазақылық жаратылысым аспандап, шалқи түсті. Эпиграфынан-ақ қаныма тартқан соң солай шығар: Адам туған жерінен кетпейді, ол оны өзімен бірге алып жүреді... / «Жасырып жалғыздығын жүрегінің – / өнер ғой, өксіп тұрып күле білу! / Сақалы – қырық құлаш, бойы – тұтам, / қайғыңды қаңбақ көріп жүре білу –ертегі… Бар «ақылы» – күн көрісі, / жақсыны өсегіне жүндеп ішу –
расы, бізден емес, / түзден емес, / ит қосу, «көпке жағу» – білген ісі. / Жарайды, маңызды емес мұңайғаным, / қызық қой – кісілерге Құдай болу.
Шын дәтті – зор қайғыда күле білу, / шын мықты – қуанышта жылай да алу. / Сұраман ештеңені Жасағаннан, / шынайы сөйлей алсам дос-адамға,
жүрегім – жасыл дәнек, тәнге көмген, / гүлдетіп, көңілімде аша алам ба?
Шіркін-ай, түсінсең ғой, дос-адамым,/ ойласам, күлкі беріп, жас аламын.
Жер – ортақ, / Ауа – ортақ, / ортақ – өмір, / қалайша ала жіпті баса аламын? / Ала жіп – ақ пен қара, аттамайсың, / бірдей түс – ақ пен қара, таптамайсың. / Ақ шығар – қара деген, кім біледі? / Белгілі, пешенеңді даттамайсың… / …Ақылым – әділетті жалғыз досым, / ғасырым – бірге туған жан-құрдасым. / …Өлгенде сия алмаспын құшағыңа – / Адамзат, айналайын, тағдырласым!».
«Кешірім сұраған құдай» атты толғаныс түпсіз тұңғиық, өйткені оның сөздік қорына, көтерер жүгіне аз ғана мағына сыймайды, оған күллі адамзат өркениетінің адасуы сығымдалып берілген. Бұл ретте Бауыржан Қарағызұлы антикалық көне дүние философиясын алапат жырға айналдырған эрудит, ұлы ақын Өтежан Нұрғалиевтің философиялық поэтикасын жалғаған нағыз ізбасары деп нығыз айтар едім.
«Бақыт мекенінің картасы; уақыттың сырты; қардың жүрегі; айқайдың ұяты; цифрлардың аруағы; менмендіктің жаназасы; өз ішіңде тірідей өліп; күлкі – неткен қасірет», т.б. құс тілі, жел тілі сияқты өзге жұрт енжар, тіпті көре алмайтын символдық анықтауыштарды айқын көретін ақын тамырымнан қан емес, қара сия ағады, ол менің жазуым, өмірлік жазмышым деп масаттануға әбден қақылы. Сөйте тұра, ақын жүрек бір мезет шерлі күдікке тұсалып, өзіне: «Мен бармын ба?» деп гамлеттік экзистенция сауал қояды. Ақын жаны тым нәзік: «Жер – тек топырақ емес, / ұмытылған өлеңнің қабірі» («Аспанның кілті»), жүрегін жарып шыққан құдірет өлеңі өшпеуіне ғибадат қылады.Ақындық жүрекпен толғанып: «Көз жасым – Жер екенін білдім енді» деу үшін кісіліктен асып кетер қандай тылсым қасиет, саф асыл мұрат керек десеңізші! Бауыржан поэзиясында шоқтығы биік кесек идеялар, түйінді һәм шиеленісті концепциялар, буырқанған түйдек-түйдек ойлар молдығы, түпсіз сана ағымы шынайы шығармашылық қазынасы деп білемін.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы
және «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты
9.06. / 10.06. 2026.
