Биылғы Букер сыйлығы фантаст-жазушыға берілді

81 жастағы қаламгер Букер тарихындағы ең қарт лауреат ретінде рекорд жаңартты. 

Биылғы Букер сыйлығы фантаст-жазушыға берілді - adebiportal.kz

9 қарашада Лондон қаласындағы Old Billingsgate ғимаратында өткен салтанатты рәсімде Букер сыйлығының биылғы жеңімпазы жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен бртитандық Майкл Джон Харрисонның «Бәрінің соңы» атты романы үздік деп танылды. 

Жазушыға бұл романы үшін 50 мың фунт стерлинг көлеміндегі ақшалай жүлде табысталды. 

81 жастағы қаламгер Букер тарихындағы ең қарт лауреат ретінде рекорд жаңартты. Бұған дейін 2019 жылы бұл сыйлықты The Testaments романы үшін 79 жастағы Маргарет Этвуд иеленген еді.

Сыншылардың айтуынша, Джон Харрисонның «Бәрінің соңы» романы – жанрлық шекараға бағына бермейтін, антиутопия мен сатира элементтерін ұштастырған постапокалипсистік роман. Шығармада адамзат өркениеті бұрынғы қалпынан өзгеріп, қоғамдық тәртіп әлсіреген, мемлекеттік басқару жүйесі толыққанды жұмыс істей алмайтын, адамдар күнделікті тіршіліктің өзін дағдарыс жағдайында жалғастыруға мәжбүр болған болашақ суреттеледі.

Оқиға Англияның оңтүстік-шығысындағы Кент жағалауында, қазіргі кезеңнен әлдеқайда озық уақытта яғни болашақта өрбиді. Романның басты кейіпкері – Филлип Теннент өзінің қарт апасы Мэрнимен бірге қоғамдағы қалыпты өмір салты жойылған, адамдардың бұрынғы түсініктері мен ережелері мәнін жоғалтқан ортада тіршілік етеді.

Бірнеше жыл бұрын орын алған алапат апаттың нақты себебі де, салдары да толық түсіндірілмейді. Сондай-ақ романдағы жұмбақ тіршілік иелерінің табиғаты мен шығу тегі де жұмбақтау. Олардың бейнесі арқылы жазушы адамзаттың өзі өмір сүріп отырған дүниені тану, түсіндіру және бақылау мүмкіндіктерінің шектеулі екенін аңғартады. Қоғамды күйреткен апаттың нақты неден басталғаны белгісіз болғаны секілді, жаңа әлемнің қандай заңдылықтарға бағынатыны да кейіпкерлер үшін жұмбақ күйінде қалады.

Шығарманың басты ерекшелігі – апатты оқиғалардың өзін ғана суреттемей, одан кейінгі адам болмысына үңілуінде. Қоғамдық нормалар жойылғанда адамды адам етіп ұстап тұратын не? Бұрынғы құндылықтар мен сенімдерінен айырылған жан жаңа жағдайда қалай өмір сүреді? Әлемді түсіндіретін қалыптасқан ұғымдар жарамсыз болып қалса, адам қандай тірек табады? Роман осы сауалдарды көркемдік тұрғыдан зерделейді.

Автор шығарманың идеялық негізі туралы әңгімелегенде қазіргі қоғамдық-саяси оқиғалар мен 2008 жылғы қаржылық дағдарыстың әсерін атап өткен. Жазушыны «әлем туралы барлық түсінігіміз бен күткен нәрселеріміз бірінен соң бірі күйреп жатқан жағдайда, адам қалай өмір сүруін жалғастырады?» деген сауал толғандырған.

М. Джон Харрисон – британ әдебиетіндегі ғылыми фантастика мен фэнтези жанрында танылған, сонымен қатар әдеби сын саласында да еңбек еткен жазушы. Оның алғашқы әңгімесі 1965 жылы жарық көрген. 1969 жылы Ұлыбританиядағы фантастикалық әдебиетке арналған «New Worlds» журналының шығармашылық құрамына қосылып, 1978 жылға дейін басылымның кітаптар мен әдебиетке қатысты бөлімін редакциялаған.

Жазушының шығармашылығы жанрлық ерекшелігімен ғана емес, көркемдік ізденісімен де бағаланады. Сондай-ақ әдеби сыншы ретіндегі мақалалары мен рецензиялары түрлі басылымдарда жарияланған. Джон Харрисон 2022 жылы Букер сыйлығының қазылар алқасының құрамында да болған. Биыл өзі осы сыйлықтың лауреаты атанып отыр. 

Ал биылғы Букер сыйлығының қазылар алқасын белгілі британ тарихшысы, жазушы әрі тележүргізуші Мэри Бирд басқарды. Құрамда ақын Раймонд Антробус, музыкант әрі жазушы Джарвис Кокер, журналист және әдеби сыншы Ребекка Лю, сондай-ақ жазушы, ақын Патрисия Локвуд болды.

Биыл қазылар алқасы 163 романның арасынан алты шығарманы қысқа тізімге енгізген. Харрисонның романы осы алты туындының ішінен үздік деп танылған. Бір айта кетерлігі, небәрі 198 беттен тұратын «Бәрінің соңы» қысқа тізімдегі көлемі жағынан ең шағын шығарма болған екен.

Қазылар алқасының айтуынша, романның бір ғана жанрмен  шектелмейді. Себебі романды триллер, сатира, антиутопия, психологиялық реализм тұрғысынан да оқуға болады. 

Әдебиетшілер Харрисонның бұл жеңісін фантастикалық әдебиет пен классикалық көркем прозаның арасына қатаң шекара қоюға болмайтынын көрсетті, деп бағалауда. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2059

Taza Qazaqstan