Біз күткен бақыт қандай?!.
Бүгінде құндылықтардың орны алмасып, көзқарастар өзгерген уақытқа тап келіп отырған сияқтымыз. Кісілік ұғымы, жанашырлық пейіл, сағыныш және өзге де адам жанын ізгілендіріп тұратын қасиеттер бізден алыстап бара жатқандай күйге түсетініміз бар кейде. Күні түсетін адамға ғана құрақ ұшу, мансабына, дүниесіне қарап бағалау, өзі жақсы білмеген жанның сыртынан да неше түрлі әңгімелерді айта беру, білмейтін ісіне араласу сияқты рухани індет те өршіп тұр.
Әлденені күткен көңіл, әлдебір сәттерді сағынған жүрек, жақсылықтан үміттенген аппақ пейіл, өмірдің әрбір құбылыстарын түйсігімен түйсініп, ой елегінен өткізген әр құбылыс, бәрі де біздің өз болмысымызда тұнып тұр. Өз-өзімізге қарсы келсек те, өзімізден өзіміз жеңілсек те, жеңсек те, бәрібір сол өзіміз. Сәт сайын өзіңмен бетпе-бет келетін, өзіңнен қаша алмайтын өмір де осы. Әр сәттен бақыт көргіміз келеді, қиялмен болса да бақыт іздеп ұзақ сапарға шыққымыз келеді. Бақыт ұғымы шынында да ұлы ұғым, бірақ, оны қазір көп адам өзінің ыңғайына қарай ыңғайлап, бақыттың түр-түрін ойлап тауып алған сияқты. Жайлы баспана, жақсы жұмыс, атақ-абырой да біреуге бақыт. Тірі жүргенің де бақыт, саналы болғаның, ойлай алатының, ол да ұлы бақыт. Бәлкім, мәселе пенде нені бақыт деп түсінетінінде шығар. Пенде бақыт іздейді, бақытты болуға ұмтылады, бақытты болғысы келеді, алайда, нақты бақыттың қандай болатынын білмесе де жүрегі жалғанның шуағына жылынған сәттің бәрін өзінше бақыт деп біледі.
Бүгінде құндылықтардың орны алмасып, көзқарастар өзгерген уақытқа тап келіп отырған сияқтымыз. Кісілік ұғымы, жанашырлық пейіл, сағыныш және өзге де адам жанын ізгілендіріп тұратын қасиеттер бізден алыстап бара жатқандай күйге түсетініміз бар кейде. Күні түсетін адамға ғана құрақ ұшу, мансабына, дүниесіне қарап бағалау, өзі жақсы білмеген жанның сыртынан да неше түрлі әңгімелерді айта беру, білмейтін ісіне араласу сияқты рухани індет те өршіп тұр. Жақсылықтың насихатшылары да азайып бара жатқан сияқты. Әдетте, ой тұңғиығына түскен адам ізгі насихатты көркем дүниеден іздейді. Жанын нұрға бөлейтін жанды сөзді таба алса, бұл да жақсылық. Бәлкім, жақсы кітап оқыған да бір бақыт. Жазушы Мәлік Отарбаев «Біз күткен бақыт» атты кітабында өмірдегі, қоғамдағы көптеген жайттарды ой елегінен өткізіп, кейбір әңгімелерін тарихтағы ғибратты оқиғалармен байланыстырып жеткізеді. Кітаптың алғашқы бетінде «Жұбатқан жұлдыз» деген шағын әңгіме бар. Бірақ, шағын шығарма ойыңды өзге әлемге жетелеп, жан-дүниеңе төңкеріс жасайды. Ауылдағы табиғаты таза адамдардың мінезі сағынтады. Болмысы баурайды. Сол кісілердің арасынан өзіңнің балаң, таза шағыңды іздейсің. «Әкем үйге көңілсіз оралды. Әншейінде алдынан жүгіріп шығатын қарындасым мен інімді еркелетіп, бетінен сүйіп, балаша ойнап кететін ол бүгін салқын ғана құшақтап, арқаларынан қақты да қойды. Күлмеді. Күле алмады... Сөйтсек, жұмыстан шығып кетіпті». Бұл әңгімеден әкенің немесе бір ғана отбасының күйін емес, сол кездегі тұтас қоғамның жағдайын көруге болады. Бұл тұрмыстың түйткілін ғана сөз қылатын әңгіме емес, адам жанын жарыққа бөлейтін дүние. « – Ана-а-ау жарық жұлдызды көрдің бе? – деді. – Бұрын мұндай жұлдыз жоқ еді. Бұл бір жақсы белгі ғой. Көресің, осыдан жолымыз ашылады. Басымызға бақ қонады. Әкең әлі мықты қызметке орналасады. Қуанышты күндеріміз көп болады! – деді де, жарық жұлдызды қайта-қайта суретке тартты». Жақсылықтан үміт ету, ертеңгі күнге сенім арту – қазақпен бірге жасап келе жатқан қасиет. Бұрын бәріміздің ауылдың аспанында бір жарық жұлдыз болушы еді. Сол жұлдызға қараған арманшыл көңіл қиялымызды сол бір күндерге жетеледі. Адам жалпы өзінің жұлдызынан адаспауы керек дейді. Сол әңгімеде өзінің көңілін қалдырған бастық қайтыс болғанда, әкенің барып топырақ салуы да қазақы ұғымдағы кісіліктің көрінісі еді. Жаны, қаны таза қазақ кімді болсын «Өкпеге қиса да, өлімге қимайды». Өткінші фәни дүние кімнен болса да өтеді, бірақ кісінің артында оның жасаған амалы мен ісі ғана қалады. Жазушы осы бір шағын әңгімеде тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңнің суретін берсе, екінші жағынан адам қай кезде де адам болып қалу керектігін түрлі оқиғалар арқылы оқырманға жеткізеді.
«Кеме» шығармасы да Өмір атты алып кемеде әртүрлі тағдыр, көзқарас, түсінік бар екенін еске салып, одан өзінше философиялық қорытынды жасайды. Мұнда да ертеден көп адамның сүйегіне сіңіп кеткен пенделік мінез туралы айтады. Ал, «Мәңгілік өмір» туындысында өмірдің ғибраты, өлімнің философиясы айтылады. «Біз күткен бақыт» кітабындағы Әке мен Ана, тақуа молда ата, Балтақара ата, Салық сияқты кейіпкерлер жаныңды ізгілік әлеміне жетелеп, кісіліктің кемел әлеміне бастайды. Кітапта жаны игі, түсі жылы ауыл адамдарымен емен-жарқын қауышып отырғандай болсаңыз, енді бірде Шығыс ойшылдарымен қатар жүргендей әсерге бөленесіз. Руми, Сағди, Омар, Мәуләна өмірінен алынған ғибратты оқиғалар пайғамбарлар мен патшалардың әсерлі әңгімесіне жалғасады. Шынында да, тарихта не болмаған, бірақ ұрпақ одан ғибрат ала ма деген сұрақты өзіңе қоясың. Автор түрлі тәмсілдерді мысалға келтіре отырып, адам, өмір, қоғам жөнінде биік сана деңгейінде өзінше ой толғайды. Кітапта көрнекті қазақ қаламгерлері Шерхан Мұртаза, Бексұлтан Нұржекеұлы, Рафаэль Ниязбек, Рахымжан Отарбаев шығармашылығымен, рухани болмысымен кездесеміз. Түріктің Назым Хикмет, Гүнтекин, Нежип Фазыл, Орхан Памук, Дұрсын Күвелоғлы және өзге де шығармашыл тұлғаларының тағдырымен, рухани әлемімен қауышамыз.
Жазушы «Келіспеушіліктен туған кеңес» шығармасында ұстаз бен шәкірт арасындағы әңгімені келтіре отырып, ұстаздың ұлағатын былайша жеткізеді: «Қателіктен жирен, бірақ қателескен кісіден жиренбе! Күнә атаулыға тіксініп қара, бірақ күнәһар жанға қамқор бол! Айтылған сөзді сына, бірақ сол сөзді айтқан адамды құрметте! Біздің басты міндетіміз рухани емдеу екенін ұмытпа, ендеше, шипа тілеген кісіге қиянат жасама!». Бұл енді көбімізге жетпей жатқан мінез, ұмытып бара жатқан ұстаным емес па? Біздің ұлттық ұғымда ұстаз айтқан ұлағатқа сай кісіні текті, дегдар дейді ғой. Бұл әңгімені оқып отырып, егер қоғамнан қателескен бір адамды көрсек өзіміз өмірі қателік жасамағандай болып шығатынымыз, бәлкім солай көрінгіміз келетіні қалай деген ойға қаласыз.
Бұл күнде тіл тағдырына қатысты мәселе әлі де тұғырдан түскен жоқ. Өзге тілде сөйлегенді сән көретін, өз тілінде сөйлегенді ар көретін адамдар әлі де бар. Мәлік Отарбаев «Тіл» шығармасында тіл тағдыры туралы өз толғанысын жеткізеді. «Патшаға тартылған сыйда» Румидің ғибратты әңгімелерін мысалға келтірген жазушы Құдай төңірегінде ой қозғайды. Біздегі бір түсінік, Құдай туралы тек дінде немесе діни әңгімелерде ғана айтылады деген ой. Әлбетте, Құдайды тану үшін ешқандай діндарлықтың керегі жоқ, бірақ Құдайды танитын сәулелі сана, кенен көкірек, кемел ой керек екені түсінікті. Құдай әрбір ойшыл жанның жүрегінде, тағдырында бар. «Ұлы ойшыл осы тәмсіл арқылы шексіз ғалам иесі Алла тағала өзі жаратқан құлын ниеті мен пейіліне, түпкі көңіліне қарап бағалайтынын, құр қол қайтармайтынын қалай шебер жеткізген десеңізші. Иә, Құдай құлға еш уақытта қарыздар болып қалмайды», деп ой түйеді. «Біздің қаладағы тіршілік» те қазіргі қоғамның келбеті мен адамдардың мінезін дәл суреттейді. Қоғамдық орындардағы көріністерді салыстыра отырып, қазір басталып жатқан рухани қауіпті ескертеді. Себебі, өз тілінде сөйлемейтін, өз болмысынан алыстаған, керісінше, өзге арнаға бұрылып бара жатса да бей-жай күйде жүрген өзімізді күнде көреміз.
«Эгоизм» адамзат қоғамының үлкен дерті. Менмендік, тәкаппарлықтың өзі «Сен кімсің?!» деген сөзден басталады. «Мен кіммін?!» дейтін пенде аз. Қанша жасырып, айтқымыз келмей, айналшықтап қашқанымызбен, бұл бәрібір шындық. Қоғамда экономиканы дамыту керек, экологияны дұрыстау керек деген пікірлер бар. Бірақ... одан да күрделі мәселе бар ғой. «Эгология» туындысы терең ойға жетелейді. Эгологияны кім түзейді? Өзімізді-өзіміз түземесек, жерді тесіп, тауды талқандап жіберетіндей менмендігімізден кімге не пайда? Әрі-беріден соң адамның тәкаппарлығы кімге міндет деген ойға қаласыз.
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың кейбір түрлері «Жыламаған бала» әңгімесінде нақты беріледі. Бұл – мекеме басшысы мен қызметкердің арасындағы қарапайым ғана диалог сияқты көрінгенімен, мәселенің мәнісі арыда жатқанын аңғару қиын емес. Өмір бойы кісінің алдына барып сұрап, жылап, жалынып жүрген пенде ғана өсіп-өнеді. «Жылаған ұят емес, қайта, жыламаған ұят». Мекеме басшысының ойы да, сөзі де осы. Қызметкердің сөзін қараңыз: «Ол сөзді аталарымыз емес, сіздің замандастарыңыз шығарған. Өмір бойы жылап өткен, жылап жүріп өскен адамның сөзі...» Ауыр да болса ақиқат сөз. Бәрі емес әрине, бірақ, мұндай түсініктегі, осындай әрекеттегі адамдар айналамызда көп қой...
Анадолының бір музейінде Осман патшасының жүзігін көруден басталған оқиғалы «Жүзіктегі жазу» мәңгілік сауалдарға ұласады. Бір патша мешітте имамның уағызын естіп, содан естіген «Бұдан кейін не болады?» деген сөзді жүзігіне жаздырып алады. Расында да, бұл сауал ұлы ойшылдардың бәрін ойландырған ұлы сауал еді. Жалпы, адамзат тарихында Сүлеймен патшаның жүзігіндегі жазу оқиғасынан бастап, мұндай оқиғалар бар. Бірақ, ертеңін ойлау үшін пенде не патша, не данышпан болуы шарт емес қой. Әуелі адамзат көкейінде болған, кейіннен қызылды-жасылды дүниенің қызығы мен басқа да пендеуи тіршілік жағдайларымен көмескіленіп бара жатқан сауалды жазушы оқырман алдына қайта қояды.
Көшеге шықсаңыз асығыс адамдар, ағып бара жатқан көліктер. Ағайынның үйіне барса тезірек қайтуға асығатын өмір. Ешкім ешкіммен кездесуге ынтық емес, жаныңа жақын жанды сағынбақ түгілі ойлай да алмайтын асығыс бір ғұмыр. Жұмбақ жалған, түсініксіз күй. «Асыққан тіршілік» бізге осыны айтады. Асығып қайда бара жатқанымыз өзімізге де беймәлім. Енді бұл күй өзгеге қайдан белгілі болсын. Адам өлімге ғана асықпайды десек те, күнделікті кісінің сыртынан айтып жүрген сөздеріміз, кеудеге келіп тұрған көркем сөзді айта алмауымыз, қолдан келіп тұрса да демеп жібергіміз келмейтіні өмірімізді ұзарта қояр ма екен деген де ой келеді. Күнделікті әрекетіміз арқылы да өлімге асығып бара жатқан жоқпыз ба деген суық ойдың санадан кетпей тұрғаны...
«Өмірде әділдік бар ма?». Аталған шығарма күрделі ойды арқау етеді. Бар болса қандай, жоқ болса неге жоқ деп ойланамыз. Бірақ, әділдіктің не бар, не жоқ болғанына өмір кінәлі емес, адамдар кінәлі. Жазушы бізге сұрақ қояды, жауабын өзі де іздейді. Оны тарихтағы Мұса пайғамбардың оқиғасы арқылы өрістетіп, өмірде ешнәрсенің де ізсіз, сұраусыз кетпейтінін еске салады. Қаламның ұлы миссиясы да өзінше ой қорыту, еске салу, ескерту емес пе... Кітапта осы рухтас бір әңгіме бар. «Өзгеге жасағаны, өзінің алдынан шығады». Тамаша тәмсіл. Әйгілі халифа Харун Рашит пен бағбанның арасындағы әңгіме оқыған жанды философиялық иірімге тартады. Автор жалғандағы әрбір істің босқа кетпейтіндігін көркем мысалдар арқылы жеткізеді. «Кісінің жасаған қайыры да босқа кетпейді» деген ой түйеді.
Ұлы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», деді. Бұл барлық саналы адамға қажетті қасиет болғанымен, шығармашылық адамдары үшін орыны бөлек қағида. Тірі рухтан ғана ұлы шығарма туады. Жай ғана оқиғалар желісінің, сөз тіркестерінің барлығы да көркем шығарма емес. Ұлттық рух өлмеген жерде ғана ұлағатты дүние болады. Жазушы Мәлік Отарбаев «Қажымас қайрат» шығармасында көбіміз құнттай бермейтін мына бір салиқалы ойды айтады: «Әлбетте, әр адам әрқалай жеміс береді. Жақсы шығарма жазу, жаңалық ашу, есте мәңгі қалатын дүние қалдырып кету – зор бақыт. Біреуге бақ ерте қонады, біреуге кеш. Дегенмен, басты мәселе – рухты өшірмеу. Уақыт өткен сайын жасара беретін көңілге қажымас қайрат беріп отыру». Ақыл емес, тағылымды толғам әрине.
Жазушы Мәлік Отарбаевтың «Біз күткен бақыт» кітабының негізгі өзегі «Бір қайыры бар дүние» философиясы. Санасы сәулелі адамның бәрі ертеден жақсылыққа сенген, қандай жағдай болса да оның түбінде қайырлы болатынынан үміт еткен. Алға жүру, кісілік қалыпты сақтау, ізгілікті дәріптеу деген дүниенің бәрі адамның өзі үшін де, өзгелер үшін де қайырлы болмақ. Ал, мұның түбінде адамның өзі бірде біліп, бірде білмейтін бақыт жатыр. Тіршілікте біз күткен бақыт көп. Біз бәріміз де бақыт күтіп жүрген пендеміз. Бірақ, ол қандай бақыт, ол да өз сана-сезіміміздің деңгейімен өмір сүретін сияқты. Өмірдің өзі бақытты болуға жанталас қой. Ал, біз күткен бақыт қандай?..
Осы сауал жиі ойлантатын болды...
Хамит ЕСАМАН, ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері
