Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ой саларлық оймақтай әңгімелер...

11.08.2023 1061

Ой саларлық оймақтай әңгімелер 6+

Ой саларлық оймақтай әңгімелер - adebiportal.kz

Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі, жазушы-драматург, 

әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, 

Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты.

Арасанбай Естен жазушы, ақын, баспагер, редактор, Халықаралық «Дарабоз», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Автордың өнімді де қуатты қаламынан «Ауыл таңы», «Баянжүрек баурайында», «Тасжарған ерте көктейді», «Айжаңғырық», «Жансауға», «Әліппемен қоштасу», «Мектептегі мейрамдар», «Біздің батыр бабалар», «Періштелер патшалығы», «Көне кенттер күмбірі», «Алашапқын», т.б. кітаптар туған-ды.

А. Естен – өз аудиториясының қыр-сырын әбден зерттеген, баланың ойлау, сезіну, түйсіну қабілеттеріне сай өмірдің өзінен алынған, жеткіншекке таныс оқиғаларды келістіре суреттейтін жазушы. Анық байқағанымыз, автордың тілі, балалардың әдеби бейнесін кескіндеудегі шеберлігі, образ ашудағы поэтикалық қуаты айрықша. Балалар танымын кеңейтетін жазушы шығармалары сюжеттік желісі жағынан әрқилы болса да, тағылымдық мәні зор. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлы «Көктемі ұзақ өлке» атты мақаласында былай дейді: «Ол кісінің «Шыр­ғалаң» деген хикаяты 1977 жылы Қазан төңке­рі­сінің 60 жылдық құрметіне өткізген «Жалын» жабық бәйгесінің ынталандыру сыйлығын иеленді. «Жалын» бәйгесінің құрылтайшылары мен ұйымдастырушылары – «ГосКомИздат», Лениншіл Коммунистік жастар одағы Орталық Ко­митеті, Жазушылар одағы. Сұмдық. Осындай аламан додадан ауылда жүріп төбе көрсетуі, әдебиетке деген үлкен қабілетін танытатын еді. Бәйге мазмұны қызыл сұңқар­ларды ұлықтауға үндесе, өндірдей жас жігіт Арасан­бай Естен ол шығармасында қызылдар­дың қыспағынан болған ұлттық трагедияны сөз етті. Батылдық пен шеберлік дөп түсіп, астарға үңілуге қабілетсіз цензураны айналып өтті. Аталмыш туынды ел басына түскен зобалаңды күндерді көркем сипаттай алған еді. Алғаш сыртынан көріп таңдансам, одан кейін ішкі жандүниесін ұғынған сайын тәнті болып, құрметім арта түсті. Қандай жағдай болса да бір сәт дауысын шығарып қатты сөйлемейді, ашуланып, кейіген кезін мүлде көрген емеспін. Жылы жүзбен жымияды да жүреді. Үлкен сабыр иесі». 

А. Естеннің балаларға арналған шығармалары – оқиғалар түйіні және тосын шешімімен қызғылықты. Жазушы тілге аса сақтықпен, асқан жауапкершілікпен қарайтыны байқалады. Көркем тілді ұштай түсіп, бейнелі етіп қолдануға ұмтылатын автор қаламынан туған тың теңеулер мен соны тіркестер өз алдына бір бөлек талдауды талап етеді. Сонымен қатар қаламгер балдырғанға арналған туындыларды ұғынықты, жеңіл тілмен жазуға тырысады. Проза өзге жанрлардан қасиетіне қарай ерекшеленіп тұрады, ал соның ішіндегі балалар әдебиеті – көбіне бағына бермейтін күрделі сала. Мысалы, автор «Қос қарлығаш» атты бас-аяғы жұп-жұмыр әңгімесінде ыстық ұя, еңбек мәселелерін әдемі өреді. Атасы мен немересі – Алдан саяжайда жүргенде қос қарлығашты көреді. Шығарма екі адамның диалогы негізінде өрбиді. Қария мен бала көкмайсаға жайғасып, құстардың әрекетін сырттай бақылап отырады: 

«Қалықтай келіп текшеленген тақта үстіне қонған олар алдымен тіп-титтей сүйір тұмсықтарына іліп жерден бір-бір тал шөп қиындысын алды. Екі-үш күн бұрын шабылған шөптің қурай бастаған қалдығы. Тістеген әлгі шөптерін енді беті дымқылданған топыраққа ары-бері үйкеп алған қос қарлығаш жерден лып көтеріліп әлдеқайда асыға ұшып кетті.

‒ Су іздесе, батпақта нелері бар, ата? Қарлығаш та шөп жей ме? – деген Алдан аң-таң.

‒ Үндеме, – деді атасы әлі де болса, сыбырлай сөйлеп. ‒ Олар жақын маңға ұя салғалы жүр. Қазір тағы оралады.

Атасы айтып болғанша зуылдай келіп, тақта үстіне қонған қос қарлығаш тура жаңағы әрекеттерін қайталай, тұмсықтарына бір-бір тал шөпті ілген бойда тағы да ұша жөнелді. Өздері тым асығыс, жұмыстары қауырт секілді.

– Шөпті қайтеді? Оны неге батпаққа батырып, былғап жатыр? Немересінің сауалына еріксіз мырс еткен атасы:

‒ Құлыным-ау, былтыр ауылға, Сәлім ағайыңның үйіне барғанда қора жақтауына  салынған қарлығаштың ұясын көріп едің ғой, есіңде ме? – деді.

‒ Әрине, есімде. Тұмсықтарын соза, ауыздарын ашып, тамақ сұрап шиқылдап жатқан балапандарын да, енелерінің оларға қалай тамақ әкеліп беретіндерін де көрдік қой». 

Қарлығаштар құрылысшылар ұқсап балшыққа  шыланған ши шөпке аттың қылын, жүн-жұрқа араластырып, ұя қабырғасын қиюластыра қалап шығады. Автор қарлығаштарды шаңырақты енді ғана көтерген Арман мен Гүлімге теңестіреді. Кішкентай Алданның: « – Қарлығаш та адам секілді болғаны ғой сонда?..» ‒ деген сұрағына қарт байыппен жауап қатады: « – Әрине, барлық тіршілік иесі адамға ұқсас тірлік кешеді. Және олар адамдардан демеу күтеді. Оның ішінде, әсіресе, қарлығаш адамға өте жақын. Өздері мен балапандарын жауларынан қорғау үшін ұяларын адамдарға жақын жерге, үйлердің маңдайшалары мен бұрыштарына салады».

Жазушының «Дүлдүл-бұлбұл» ертегісі де ‒ балаға ой саларлықтай салмақты. Орман қарияның іші толған қазына, ішінде: Әуез де, Наз да, Саз да бар. Сондай-ақ, орманның сәнін де, мәнін де кіргізіп тұрған тағы бір жаратылыс бар, бұл – бұлбұл. Алайда, оның осы дарынына қызғанышпен қарайтындар да жетерлік екен: 

«Орман ата бүгін де күндегі әдет бойынша Әуез бұлбұлдың әсем әнімен оянған. Керіліп-созыла, айналасына мейірлене көз тастап қойып, әдемі үнге елти бергені сол еді, әлдеқандай бір дөкір дауыс жан ләззатын быт-шыт қылғаны.

‒ Сен кімсің? Менің әнімді неге қайталайсың?!. ‒ деп тепсінеді.

– Бұлбұлмын, Әуез деген. Ән... әлімсақтан өзімдікі.

‒ Бұлбұл – мына менмін! Және жай ғана бұлбұл емес, Дүлдүл-Бұлбұлмын. Әлі күнге дейін естімеп пе едің ондайды?!»

Орман қарт «мұнысы кім, тағы?» дегендей жан-жағына одырая қарады. Бұлбұл тумысынан бақталастық, бақастық, күндестіктен алыс еді ғой. Бұл қайдан шыққан құс болды екен? Сауысқанның айтуынша, түбі шикі ұқсайды. Бұлбұлға ұқсағысы, өзін соған теңшегісі келгеннің сойынан-ды: «Қанша жерден бұлбұл болуға тырысқанымен, бәрібір тегі басқа екендігі сыр беріп қалады». Шықылықаған сауысқан табанастында ұшып кеп, наразылығын білдірді. Бұлбұлсымақ жанындағы тотықұстардың сөзіне көңілі семіріп, кеудесіне нан пісіп, жанындағыларға паңдана, маңғаздана қарайтынды шығарыпты. Аз уақытта атағы айналаға жайылып, Көкек анасының көмегімен, көптің қолпашымен «Дүлдүл-бұлбұл» атанады. Жаттығып, тамағы бітіп, қатты қарлыққанша қиқылдап-шиқылдап ән салып, бәрінен озуды ойлады, ол. Міне осылайша күн сайын дайындалып жүрген «Дүлдүлді» Жарғанат пен Жапалақ бастаған топ төбесін көкке жеткізе мақтаса: « ‒ Біздегі әуен жағын өзің қолға алатын уақыт жетті!» – деп Күшіген күшене сөйлейді. Көтерме-қолпашқа мас болған «Дүлдүл» оның дауысын басып кеткен Назға соқтығады. Әліптің артын баққан Орман қария сырттай бақылап тұрады: « ‒ Мен – «Дүлдүл-Бұлбұлмын!» Бір орманда тұрып естімеп пе едің?.. ‒ деуі сол екен, айналасы шиқылдаған, қиқылдаған күлкіге толып кетті. – Хи-хи-хи, ха-ха-ха... Мына сен бе Бұлбұл, Дүлдүл?!. ‒ Сы­қылықтай күліп, шиқылдап, іштерін басқан тиындар дәл төбесінен төне түсіп, орманды жаңғырықтыруда. – Қане, бұлбұлша сайрашы!». «Дүлдүл» асығып жүріп, жасанды көмекейін ұясында қалдырып кеткен екен. Нартәуекелге бел буып, намысқа тырысып, қанша жерден ән салса да нақышына келтіре алмай күлкіге қалады. « ‒ Әсем әннің шырқын бұзғанша, өз жөніңді таппайсың ба, байғұсым?» – деген Қырғидың сөзінен соң бұлбұлсымақ тұра қашады. Ертектің түйіні баламен қатар ересекке де ерекше ұнамды шыққаны анық: «Өз тұрғындары­ның ауызбіршілігіне дән риза болған Орман ата да бұлбұл әуезімен мүлгіп сала берген. Тек Сауысқан ғана балапанын даңқты әнші қылуды көздеу­мен жұмыртқасын Бұлбұлдың ұясына салып, соған өсірткен Көкек­тің ұрлығы әшкере болғандығын жалпақ жұртқа жариялай, сүйінші сұрап шапқылаудан жалығар емес. «Ұрлық түбі ‒ қор­лық», «Әлін білмеген – әлек» деген мақалдар осыдан қалса керек». Бұл ретте, Арасанбай Естеннің балдырғанға бағытталған шығармалары ойлылығымен өзгеше және танымдылығымен тамсандырады. Ол – қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілі. 

«Маңдай тер» атты әңгіме баланы еңбекке баулуды үгіттейді. Кішкентай Олжастың былтыр отырғызған көшеті өзінен биік боп өскен-ді. Еңбегінің жанғанына қуанған баланы атасы арқасынан қағып, көтермелеп қояды. «Бала тілі – бал» дегендей, оны іштей мазалап жүрген бейкүнә сұрақ көп екен:

« ‒ Ал мен ше?.. ‒ Аузы бұртия қалған Олжасқа атасы аң-таң.

– Сен немене?

‒ Мен неге өспедім?

Әңгіме ауанын жаңа аңдаған атасы еріксіз езу тартып:

– Сен де өстің, ‒ деп түсіндіре бастады. Былтыр балабақшаның даярлық тобында едің, биыл бірінші сыныпты бітірдің, міне». 

Автор бала психологиясын жақсы меңгерген. Оларды терең зерттеп, үнемі бақылап жүретіні аңғарылады. Атасы немересіне егер алма ағашын жақсы суғарып, дұрыс қарап-баптап, зиянкестерден сақтаса, онда аста-төк жеміс алатынын түсіндіреді. Алайда, ол үшін маңдай тер керек екенін айтады. Кішкентай Олжастайға ол қандай ұғым екені қызық:

« – Ата, маңдай тер деген не?

‒ Ә-ә, маңдай тер деген бе? Маңдай тер деген – сенің осы жеміс ағашының жайқалып өсуіне төккен терің, сіңірген адал еңбегің. Атамыздан қалған «табан ақы, маңдай тер» деген сөз бар. Міне, ала жаздай осы бау-бағымызды күтіп-баптап, сары күзде жинаған жемісіміз екеуміздің табан ақы, маңдай теріміз, яғни өзіміздің таза еңбегіміздің төлеуі болып саналады. Демек, өзіміз егіп, өзіміз өсірдік, өзіміз жинадық. Ешкімнен сұрап та, сатып та алған жоқпыз». Атасының осы сөзі Олжасты да, оқырманды да ойландырғаны сөзсіз. Сондағы формула: көшет егу – баптау ‒ еңбек ету – өтеуі ретінде жеміс алу. Өмірде де осылай. Жазушы мұндай күрделі дүниені бір қарағанда қарапайым сөзбен, екінші тараптан есті мысалмен түсіндіріп беріп отыр, оқуға да оңай, қорытуға да жеңіл. Автордың «Тамырластық» делінген әңгімесі де әдемі мысалға құрылған. Сары ала күздің жаймашуақ күнінде атасы мен немересі бақ ішінде серуендеп жүреді. Былтыр егілген тал-теректер биыл қаулай өсіпті. Арасанбай Естеннің теңеулері де бала санасына, бала дүниетанымына лайықталғаны қуантады: « – Қарағаш, терек, үйеңкі ‒ тез бой алатын өсімтал ағаш. Ал, шырша, қарағай, самырсын секілді қылқан жапырақтылар өте байыппен, баяу өседі.

‒ Сонда, терек, үйеңкілер үздік оқушылар да, шыршалар нашар оқушылар сияқты болғаны ма?». Осы кезде атасы кеңкілдей күліп, немересінің арқасынан сипап, әр ағаштың қызметін, табиғаттағы алар орны туралы асықпай-аптықпай егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Автор балаға тал-теректердің өсіп-өнуін азаматтар мен азаматсымақтар негізінде ұғындырады. Осы сәтте: «Абзал!» – деп командалас достары келіп, арадағы тәтті әңгімені бөліп жібереді. Осыған қапа болған бала кеткісі келмей біразға шейін тұрып қалады. 6-шы сынып оқушыларымен футбол ойнауға шақырған достарының бетін қайтармаған қария асықпай орнынан тұрып, келесіде тек, тектілік жайлы да түсіндіріп, құлағына құйып қоюды ойлап бара жатады. Әр қаламгер – eң әуелі өз халқының үнiн, oның тapиxындaғы eң өзекті деген мәceлeні қарақты көзге көpкeмдiк тұрғыдан өpнeктeй өрбіте oтыpып жeткiзуге асығады. Халық көкeйіндегісін тап басып тану – әрқай қалам иесінің aбыpoйлы міндеті. Тiптен, бұл – тек aбыpoйлы ғaнa eмec, сонымен қатар Алаш жұрты aлдындaғы пepзeнттiк бopышы. Тегінде, жазушы атаулысына тән басты ерекшелік – оның өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген қайталанбас қолтаңбасы. Ұлт тыныс-тіршілігі мен өмірдің былайғы көзге көріне бермес құбылыстың сырына қанық, ойындағысын адам қызығарлықтай, көңіл сүйсінерліктей етіп суреттейтін қабілет-қарымы мол, тіл, көңіл, сезім, рух байлығы жағынан алабөтен автордың шығармалары тек балаға ғана емес, ересекке де ерекше әсер етері сөзсіз. Себебі, жазушының ой саларлық оймақтай әңгімелері шеберлікпен өрілген, өмірмен астасқан-ды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар