Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өлеңге өмірден келген...

28.02.2015 2328

Өлеңге өмірден келген

Өлеңге өмірден келген - adebiportal.kz


Алдын көріп, біраз жыл тәрбиесін алған Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз өзінің елу жасқа толған кезіндегі сөйлеген бір сөзінде өмірін жастармен байланыстырғанын айтып өтіп еді. Қырықтан асып, елуге бет алған шағымда жастар басылымына қайта оралғаным болмаса, олармен көп байланысым жоқ екен. «Жастар, жастар» дегенде олар бір аспаннан салбырап түсе қойған жоқ, құдайдың еркесі де емес. Дүниедегі жұмыр басты пенделерден бір-ақ артықшылығы – жастығы. Демек, жастыққа қарау ой, арам пиғылдан басқасының бәрі жарасады.


Әділбек Ыбырайымұлының бірінші өлең кітабына көшпес бұрын кіріспелік сөзге біршама аялдауымның өзіндік себебі бар. Тағдыр оған өмірдің күнгейі мен теріскейін бірдей сыйлаған. Қаршадайынан бұла боп өскендіктің табы өлеңдерінде аңқып тұрады. Жас жігіттің ақындығы кейде он тоғызыншы ғасыр үрдісінің жаңаша қайталанған үлгісіндей сезілетіні бар. Жалпы, оның туындылары қазіргі адуын ағысқа елеусіздеу қосылған жылғаның болар-болмас жылтыраған көзіндей. Бұл орайда біз барынша әділетті болуға тырысуымыз керек. Ыбырайымұлының осы қасиеті әлгі күнгейінен гөрі теріскейіне көбірек ұқсайды. Бұла боп өскендік өлең құйылысынан табиғи айқын аңғарылғанмен, бұзып-жаратын асаулық көзге ұрып тұрмайды. Неге? Бұл, ең бірінші, ақын жігіттің табиғатқа жақын өскендігінің белгісі. Ыбырайымұлының тұла бойы ұлттық ес-жадының жаңғырығынан тұрады. Демек, мұндай қасиеті ұлттық ұяңдыққа балануы керек. Бірақ онда ұнжырғасы түсіп кеткен мәнжубастық жоқ. Пендешілігі аздау, биязылығы басым бұл ерекшелік Ыбырайымұлы тұрғыластарынан көп ұшыраса бермейтінін баса айтқан ләзім. Өлеңдегі қоңырлық – ақынның соры емес – стилі.


Әділбек Ыбырайымұлы әдебиет дейтін ауылдың өркениет дүниесіне әлдеқашан кіріп кеткенінен хабардар. Сөйтсе де ол өзін киіз үй шаңырағының астында әдейілеп ұстайтындай көріне береді. Бұл оның жақсылығы да, поэзиясының ақсайтын тұсы да. Ыбырайымұлы рухани көштен қалып, аштан қатам деп жасқанып қоймайды. Мұндай бірбеткейлік оның жаратылысына біршама әр бере түскенімен, кейде аңғалдығын да байқатып қояды. Аңғалдық өмірде де онша қолайлы емес, ал рухани салада томаға-тұйықтыққа ұрындыратыны белгілі.


Ыбырайымұлының бұл жерде өлеңге өмірдің өзінен келген ерекшелігі арқылы ішкі қуатын сезіне түсеміз. Әйтсе де сол ішкі қуатқа көп иек арта беруге де болмайды. Өмірдің өрісін ыңғай кереге көзінен қарағанда көкжиекті кеңінен қамти алмай қалатынымыз аян.


Ыбырайымұлы да – өз уағының төлі. Сондықтан оның қабылдауы мен қорытуында уақытқа үндесетін ой қозғалысын байқаймыз. Мәселен «Құмға сіңген қан» поэмасындағы өмірлік шындықтар соның куәсіне жүреді. Мұндағы кейіпкерлер – ауған соғысының құрбандары. Күні кешегі социалистік қоғамның адамгершілік мәселесін құйқылжыта сайратқанмен, аржағындағы оқпаны тоймас озбырлық жатқанын нәзік бағамдайды.


Бұл да жастыққа тән батылдық еді. Осындай батылдыққа жалпы адамзаттық тұжырымдама жасау арқылы көтерілуге болар еді, егер сол жалпы адамзаттық мұраны игеру интеллектінің иесі деңгейіне жете алса. Бұл – Ыбырайымұлының орайда өмірге, дүние құбылыстарына сол киіз үй шаңырағы астынан, бәріне кереге көзінен қарайтындығының тағы бір айғағы.


Талабым тас боп тынам ба?

Қай жақтан салам соқпақты? –


деп, аласұратын сәтін түсіністікпен қарағың келеді. Ол, демек, өмірлік жауапкершілікті сезіне алады. Дей тұрғанмен мұның бәрі белгілі жай. Әдебиетте сонда мәлімсіз нәрсе болғаны ма? Әлбетте жоқ. Сонда оның киелі табалдырығынан аттаудың керегі не? Адамзат баласының рухани өлермендігіне кейде таңқалуға болады. Ешкім жаңалық әкелмесе де поэзияның жалынан ұстаудан жүрексінбейді... Бұл сонда көрсоқырлық, жоқ әлде барып тұрған батырлық па? Менімше, соның екеуі де бар. Ең әуелі әр ұрпақ өзінің үнін дүниеге алып келеді деген белгілі қағиданың бұл орайдағы дұрыстығы ешқандай күмән туғызбайды.


Ендеше Ыбырайымұлы бағытын дұрыс таңдаған сияқты. Ол әуелі ұлттық құнардың шырышынан шыққандығын оқырманға көрсетіп бағады. Мұнысында және көлгір кісімсудің жортақтары байқалмайтынына қуанасың. Бірақ оған қуану да артық шығар? Өйткені оның ұлттық тәрбиенің жөргегіне оранып, бесігінде тербелгені әрбір өлең жолынан жаймашуақ сезіліп тұрады.


Қара да болсақ ханның сөзін айта алатын кездеріміз бар шығар. Бірақ аузымыздың дуасы болмаған соң амалымыз кәне. Әділбек Ыбырайымұлы әйтпесе жаратылысы жөнінен өз қатарынан бөлектеу. Өмірде адалын айтып үйренген адам өлең арқылы да оқушысын алдамайтынына сенесің. Оның қатарынан бөлектеу, әлгіндей жаратылысында көзге ұрып тұратын ең басты ерекшелік, нағыз қазақтық ғұрыпты сақтайтындығында жатыр.


Өлеңдік фактурасының иленген балшығы таулы қара топыраққа көбірек келеді. Яғни, оның өлеңдерінен құлаққа қазақтың қара қобызының күңіренген сарыны мен ақ домбыраның жүйткіген жағымды үні жетеді. Оның жалпы ақындық келбет-пішіні таулы аймақтың табиғатындай ойқы-шойқы. Басы биік те, бауыры жазық. Аңғарынан сарқырап аққан өзеннің және сарыны күшті естіледі. Жаратылыстың артық-кемін безбенге салып ешкім безбүйректеніп өлшемейтіні секілді, ақындықтың ерекшелігін айтқан уақытта табиғаттың болмысы арқылы анықтау әлдеқайда көргенділікке жататын сыңайы бар.


Әділбек Ыбырайымұлы жылқы түлігінің сулулығына керемет тәнті. Және онысында ешбір жасанды әуез, сайтан ойнақылық сезілмейді. Қазақтың барша айтулы ұлдары жылқы қасиетін барынша қастерлеп өтсе, сондай ерекшелікті бұл да бойына молынан сіңірген. Және онысында кітәби тақуалыққа ұқсайтын тәрбие жоқтың қасы. Өмірдің өзімен біте қайнасу арқылы сұлулыққа шынайы тұшыну мен түйсіну дәрежесіне жету де ауыз толтырып айтарлықтай табыс деп білемін.


Міне, тап мұнда ұлттық кісіліктің гармониясы бар. Сол гармонияға өз сорабымен адаспай келу де жетістік.


Ақындыққа келу жолының арнасын кеңейте түсу бағытында Әділбек Ыбырайымұлының көкірек сарайында қазақтың ой-діліне тән зарығуға толы сезім күмбірлеп жатады. Зарығу – тек сары уәйім реңктерінен ғана тұрмайды. Онда ата-бабалық салт-санаға, қасиетті ғұрыптарға деген қимастық бар.


Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар