Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Қайрат ақынды еске алу...

Қайрат ақынды еске алу

19

Қайрат ақынды еске алу - adebiportal.kz

Қайрат Асқар. Аяулы ақын сөзі қандай сиқырлы...

Өмірге өлең деп келіп, өлең деп өткен аса талантты ақын Қайрат Асқардың фәниден бақиға озғанына бір жыл толып отыр. 2025 жылдың 9 маусымында небәрі 48 жасында ғұмыр сағаты тоқтаған ақынның тіршілігінде «Дауыс» атты жалғыз жыр жинағы жарық көрді. Бұл кітаптың шыққанына да 15 жылдың жүзі болды.

Мөлдір өлең иесі Қайрат Бекайдарұлы жарнамаға жоқ еді. Өлеңдерін әр жерге ұсына бермейтін, әлеуметтік желілерге де жарияламайтын. Кейбір жырлары ғаламторға оқырмандары арқылы жетті. Бүгін «Әдебиет» порталы «Ақынның рухы шат болсын» деген ниетпен өлеңсүйер қауымға топтамасын ұсынады.  

Ақын

Ақын, ақын ол да Алланың елшісі, 

Алтын емес, адал мұңы – еншісі.

Бойында оның нәзіктік пен қайсарлық,

Өлеңінде ару назы, ел сұсы.

 

Ол қыранша шыңнан құлар құласа,

Өйткені өлім үрей емес тым аса.

Жердің жүзі жайнай кетер – қуанса,

Жел аңырап, күн тұтылар – жыласа.

 

Тобырға – алтын, ал ақынға ой – қайғы.

Ақсаса ақын, шибөрілер тойлайды.

Тырнап, тіліп, қан жоса ғып жүрегін

Қатал қоғам күнде онымен ойнайды. 

 

Топас тобыр ақын көрсе аяулы,

Қозып кегі, қас пиғылы оянды.

Байрон, Гёте, Пушкин менен Абайды

Көзге ілмейді, білмейді олар Хайямды.

 

Аяулы ақын сөзі қандай сиқырлы,

Өлең жазған кезі қандай сүйкімді.

Көкірегі – домбыраның шанағы,

Шегін шертсең, төгеді-ай кеп күй түрлі. 

 

Маңдайдан күн, табанынан сыз өтіп,

Жүрсе-дағы кеуде тұсы тыз етіп,

Түнде отырар қаламы бар құдай боп,

Күллі әлемнің тыныштығын күзетіп.

 

Жарқын тойда жаны қайтіп қызбайды?

Жауыздықтан жаны күнде мұздайды.

Бақай қулық, бақай есеп жоқ онда,

Түзу түгіл шеңберіңді сызбайды.

 

Әкім емес, сайлаған соң ел сеніп,

Әсем-әсем сөз айтады белсеніп.

Екі иыққа әлгі екеуін қондырып,

Кешке үйіне келе жатар теңселіп.

 

Ол келгенде белес те елес, бел де елес,

Ақылды жар ашытып ми тергемес.

Қызғанбаңдар, ақындардың жарлары,

Сүйгені оның, сезесіңдер, жерде емес.

 

От-су емес, от-сезімге, ойға мас,

Онсыз тіпті бұлбұл кеуде сайрамас.

Күнге қолын созса оның жүрегі,

Күншілдік-құрт көкірегін жайламас.

 

Шағаладай шарқ ұрғанда шабытты ой

Түнде оңаша жылап алар халық қой.

…Жақсы інімнің жаңа өлеңі туыпты,

Шын қуан да, сол үшін бір алып қой.

Ару ғұмыр

Жатқан кезде үмітім қарша борап

Тереземнен тұр тағы жел сабалап.

Желдей мен де жер кезіп кетер ме едім,

Құстай әлде ұшар ма ем берсе қанат?

 

Алып ұшқан көңіл жоқ бұрынғыдай.

Бұлтты аспаннан қарайды бұлыңғыр ай.

Жез қоңырау сыңғырлап мойынында,

Құлдыраңдап қыр асқан құлын күн-ай!

 

Айдан тамған лағыл нұр жанды баурап,

Оңашада ойлармен қалдым аулақ.

Арман шіркін адамда бітпейді екен,

Прометейдің отындай мәңгі лаулап.

 

Тұншықтырар сезімді жоқ амалым,

Жаным жүдеп сондайда, тоңады арым.

Шылбырымды кей кезде үзіп кетіп,

Сағым сіңген далама жоғаламын.

 

Таңда айна-көңілдің шаңын сүртіп,

Құстар қонған бұтақтың қарын сілкіп,

Тазалыққа жетелер ақзер әлем,

Мынау жарық өмірге жан ұмсынтып.

 

Дауылынан тағдырдың жалынша үркіп,

Менің жаным өмірге барынша ынтық.

Ақ боз үйден алысқа аттанарда

Тізгінімді ару күн жалынса іркіп...

****

Бөрі бабам, қуатың тылсым неткен!

Дәуірлерден ғаламат үнсің жеткен.

Өзіңді айтсам, тұлпарлар дүбіріндей

Алапат күш кеудемді дүрсілдеткен.

 

Түседі еске сол ұлыс ұлы арналы

Қалықтаған көгінде қырандары,

Түндігінен жұлдыздар жымыңдаған

Туырлықты тұрағым Тұрандағы.

 

Жауынгердің жаһанда өрті Ғұнда,

Жолбарыстай жол бастар жортуылда.

Күмбірлетіп кеудеме күй қондырдым

Күміс жалды Хазардың толқынында.

 

Жорық жыры тербетіп боз даланы,

Қалың қолы қағанның қозғалады.

Көк Тәңірдің нұрынан от алған ба

Көк бөрінің көкжасыл көз жанары!

 

Жалғыз Хақтан жатпаса жетіп үкім,

Өшкен емес кеудемде от үмітім.

Арғымағым су ішті Еуропадан

Арыстандай алшайтып екі бұтын.

 

Сан сүргінге аттансам сайланып ер,

Еңкейтпеді бөрілі байрағын ел.

Қауға сақал мұжықтың қауқары жоқ

Арғымағым түгілі тайға мінер...

 

Сөзімді айт деп жіберген ақынды Алла,

Айтам десем шер-құса лақылдар ма?

Бөрі, қыран бабамның киесі еді,

Бақа-шаян болуға хақым бар ма!

****

Көңілге кей сәт кенет түсірер мұң,

Сен бүгін, аяулы әнім, түсіме ендің.

Жастықтың жалынына суарылған

Мендегі от сезімді түсінер кім?

 

Ғайыптан түсіме ендің, солай, қарғам,

Санамда қайта оянды арайлы арман.

Жайдары мінезің мен албырттығың

Жарқырап көрінетін жан айнаңнан.

 

Сен онда он бестегі өндір гүл ең,

Кәусардай кіршіксіз ең, мөлдір нұр ең.

Есімде ертегідей елес қана,

Жылдардың ызғарына тоңдым, білем.

 

Өлеңнің іздеп жүрген өзге әлемін

Мен де онда жалындаған бозбала едім.

Жүруші ем бұрқыратып жырлар жазып,

Мас болып жүзіңдегі назға керім.

 

Албырт ек, екеуміз де аңғал едік,

Алапат аңғал сезім алған ерік.

Баяғы сырлы әлемге жетеледің,

Түрткілеп түйсігімді таңда келіп.

 

Қиялмен ой жүгіртіп өткен күнге,

Көңлімді көмкерген шақ көктем гүлге

Санамның түкпірінде жылт еткен соң,

Түсімде жолығайын деп келдің бе?

 

Баяғы балаң көңіл балғын кезің

Пәктігі таңғалдырар таңның да өзін.

Еркелеп тәтті назбен жымиясың,

Ақтықтың айнасындай мөлдір көзің.

 

Өтіпті одан бері жиырма жыл.

Ену де ертегіге қиын қазір,

Сүлдерім мынау тобыр жиында жүр,

Қиялым құлын күнде, қиырда жүр.

 

Аяулы ән, өзің жайлы кестелерде ой

Егілдім, қайтадан сол көшке ерем ғой.

Жарқ етіп түсіме ендің, жарқын күндер

Жадыңнан сенің де әлі өшпеген ғой...

Сен жетші, Муза!

Сен жетші сиқырлы бір саз лебіндей

Немесе ұлпа сезім, наз көңілдей.

Жаным бар жырдың иісі бұрқыраған

Шық тұнған гүл дестелі жазғы өңірдей.

 

Сен жетші, әнге бассын сырлы жүрек,

Жайнайын туған жердің мың гүлі боп,

Заулайын батырлардың дүлдүлі боп,

Сайрайын иранбақтың бұлбұлы боп.

 

Сен жетші, жарқырайын шын асылдай,

Бұлақтың тұмасындай, бұла сырдай,

Арыным отқа-суға қарамасын

Атығай-Қарауылдың Құласындай.

 

Сен жетші, жыр-жүректің жауһары көп,

Бір болсақ бал бұлақтың кәусар үні ек,

Сезімім сыр пернеде билей кетсін

Киелі Тәттекемнің саусағы боп.

 

Сен жетші, жол салайын жұмағыма,

Арманның мініп күміс пырағына,

Элиза ғашық еткен айналайын

Немістің ең сақ, алғыр құлағына.

 

Сен жетші, ізгіліктің нұрын өбіп,

Тұнайын күллі ақынның мұңы болып,

Тұрайын ажалға да асқақ қарап

Киелі Шыңғыстаудың шыңы болып.

 

Сен жетші, жарқырасын сеңгір ойым,

Жеңістің жалауындай желбірейін,

Тәкаппар Қарқаралы тауы болып,

Сиқырлы Шайтанкөлдей мөлдірейін.

 

Сен жетші, көк дөненім көп сенделді,

Сәкен боп толқытайын сексен көлді.

Тұрайын жерге көктен күле қарап,

Әйтеуір жетсең болды!..

****

Алыстап барасың сен, асқақ арман,

Дәурен кеп кірпігімді жасқа малған.

Жігіттің ең жайсаңы мен едім ғой,

Самайым қырауланып, шаш та ағарған.

 

Ақ арман, жеткізбейсің сен ешкімге,

Мен үшін шығар шыңым елес мүлде.

Білмеймін, жақсылармен теңестім бе,

Білмеймін, қабырғаммен кеңестім бе?

 

Затымды, болмысымды арамдамай,

Адымдап жүріп келем саған қарай.

Жасындай бір жарқ етер қысқа ғұмыр,

Қайтейін, жеткізбейсің, ақ арман-ай!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan