Әсет Аманжолов – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары.
РУХТЫ АҢСАУ
(Сәкенге арнау)
Бүгін түсіме енді:
АҚ БОЗ аттың кісінегені.
Шырқырап шыққан дауысы
Түйсігімді тінтіп,
Жүрегімнің ішіне енді.
Арғымағым-ай,
Неліктен қарғыды бұлай?!
Құйындай ұшып,
құйғытып шаппайды неге,
Асау ағынды тау бұлағындай.
Қарадым
әлсіреп секіргеніне.
Соңғы әлін сарқуға бекінгені ме.
Алысқа көзін тастайды қимылсыз қалып,
...асыл тұяғы асаудың кетілгені ме?!
Нұрсыз жанары...
Неліктен мұңды,
Сөгіліп еті көп іске көндіккен сынды.
Дауысын естіп тамырым шымшылайды кеп,
Жалынға төсеп шабытқа еліткен жырды.
Айта алмас,
сауыры желге тілінбейді деп
Тарпаң мінезі асаудың көзге ілінбейді көп
Құйрық-жал қылы сөгілмей, кірпігі семіп,
Дірілдейді кеп...
...шаршады ма екен
Ауасы тар заманда аңсары бөтен.
Әлде...
тау ішін тап-таза дауыспен елткен
ИЕСІН аңсады ма екен...
Қызыл сақа
Ауылымда - мендік рахат бейіште,
Ешкім білмес елден ерек еңісте.
Құлдыраңдап жүретінбіз бала боп,
Бала болып,
сәби болып періште.
Сол ауылда кездерімнен ес білген,
Достарыммен асық ойнап өстім мен.
Он кенейге алған қызыл сақаммен,
Жеңілуді білмейтінмін ешкімнен.
Қына бояу қызыл сақам керемет,
Алшысынан тік түсудің шебері ет.
Шиырып кеп атқан кезде дәл тиіп,
Шатқа бөлеп жіберетін не керек!
Жеңілгендер келтірседе сан күдік,
Бәрін ұтып қайтатынмын паң күліп.
Қызыл сақам қызықтырып қолымда
жүретұғын естен бәрін тандырып.
Мақтанышым сонда менің сақа анық,
Ұтылғанға жүрем түрді қатал ғып.
Кердең бастым бала арманы асыққа
ауылдағы ең бай бала атанып.
Балалық-ай!
Бала көңіл, балаң шақ,
Асық өмір асықтырды жан аңсап.
Ауылым да қалды қырдың астында,
Асық емес қазір қолда қаламсап.
Қазір ойын шын өмірге жалғасты,
Асық күндер ғашық түнмен алмасты.
Қызыл сақа түскен шақта қолымнан,
Қызылшақа өлең жаздым алғашқы.
Қызық күндер көз алдымда зырлапты,
Уақыттарым көп нәрсені ұрлапты.
Қиялымның сағымына айналған,
Ауылдағы сол бір күндер тым тәтті,
...Мына өмір - туындаған көп сұрақ,
Асықтардың ойынындай боп тұрат.
Бәрін бірдей ұтып алғым келеді,
Әттең, оған қызыл сақам жоқ бірақ...
Сүю
Сені сүю – бақыт дәмін сезіну,
Ерік беріп, ет-жүрегің езілу.
Бір түн үшін тозағында күл болып,
Күлкің үшін бейіштен де безіну.
Сені көру – қуанышы жанардың,
Құлын тәнге қарай-қарай талармын.
Сендік жүрек – тағдырымның сағаты.
Тағатымды тауысқанша санармын.
Сені өбу – тоқтап қалған бір мезет,
Тоқтай тұру жетіспейді бізге тек.
Сағынышты сезу үшін мендегі,
Сары мұңға батыратын күз керек.
Сені сүю – алқымыңда тұншығу,
Өмір деген ғаламатқа құлшыну.
Түні бойы дегбіріңді қашырып,
Таң атқанда бір әдемі жыр шығу.
Моншақ
Алтыншы, әлде жетінші
сыныпта ма еді... жырақ тым.
Ғашық болмайтындай екінші
ұнатып, саған құмарттым.
...Еске алсам кетер мұң толып,
Басында бала ек бірге өскен,
Ойнадық қыз боп, ұл болып
бөлінуді де білместен.
Ең қымбат сырлас досымдай,
Үйіңе күнде кеп жүрдім.
Шын достық деген осындай,
Болатын шығар деп жүрдім.
Бір жазда кеттің қалаға,
Қыдырып күндей он шақты.
Оралдың еріп анаңа,
Әдемі қыз боп моншақты.
Қарамай жүрген қара қыз,
Болыпсың сұлу шынымен.
Үзілмеуші еді арамыз,
Білмегем қалай мұны мен.
Дегенмен, жалғыз мен емес,
сені енді көп ұл ұнатты.
Басталып тіпті ерегес,
бір-бірін жығып жылатты.
Болар деп бұлай ойлар ма,
Керегін өзің таңдаушы ең.
Менімен тіпті ойнауға,
Уақыт та таба алмаушы ең.
Өзіңсіз көңіл толмастай,
Бәріне үнсіз көндім мен.
Сен онсыз сұлу болмастай,
Моншақтан бәрін көрдім мен.
Шықпады ау осы ойымнан,
Ашу дегенің қас-қағым.
Бір күні келіп мойныңнан,
Моншақты жұлып тастадым.
Алдыңда болып ұятты,
Көруден қалдым жүзіңді.
Моншақтың жібі сияқты,
Үміт те бірге үзілді.
Қызғаныш - дұрыс ісім бе?!
Шыдамсыз неткен төзімім.
Басталмай жатып ішімде,
Сөнді алғаш солай сезімім.
Енді ондай сезім табам ба,
Сен жоқсың,
мен де басқамын.
Сол кезді еске алам да,
түсінем өмір астарын:
Балалық сезім – тұнығым,
Кіршіксіз көзің секілді.
Сол шақсыз енді ғұмырым,
Моншақсыз өзің секілді.
Мен бүгін көрдім оны…
Мен бүгін көрдім оны...
Көріктімді
Амалсыз өзек тұрды өбіп мұңды.
Айналам аяқ асты ғайып болып,
Көздерім соны ғана көріп тұрды.
Мен бүгін көрдім оны...
Шаттығымды,
Алқындым баса алмай аптығымды.
Дәл маған одан артық ешкім де жоқ,
Ал ол ше,
Менен асып тапты кімді?!
Мен бүгін көрдім оны...
Қылықтымды,
Жанары сағынышқа тұнып тұрды.
Дүние дөңгеленіп,
Ал жүрегім
кеудеме сыймайтындай ұрып тұрды.
Мен бүгін көрдім оны...
Сағым әнім,
Сарғайып сары күзде сағынарым.
Алаңсыз жүргенімде енді міне
Шарасыз күйді кешіп тағы қалдым.
Мен бүгін оны көрдім..
көрдім,
көрдім,
Көрдім мен одан көздің мөлдірлігін.
Көрдік те екі айрылып кете бардык,
Бұл жалған біздікі емес...
көндім бүгін...
Қара жамылған келіншек
Жүрегінде жазылмайтын жарасы,
Алданышы түнгі өзен жағасы.
Суға салып отырады ол аяғын...
(Не ұғады одан ойын баласы)
Жанында мен жүргенімді білсін деп.
Барам оған: «түнде не істеп жүрсіз?»- деп,
Ишарамен шақырады жанына,
Отырады одан кейін үнсіз тек.
Кейде ашылып айтатұғын:
Бағының
тез жолығып, ерте атқанын таңының.
Барлығын да жоқ етіпті...
Амал не?!
Тым-ақ ерте мерт болғаны жарының.
Содан кейін болмаған соң бағы құт,
Жүреді екен әркез қара жамылып.
Қиналғанда түпсіз түнге мұң артып,
Қалады аздап қайғысынан арылып.
Кейде үнсіз жылап та ол алатын.
Кейде мұңды бір әуенге салатын,
Содан кейін мені үйге қайтарып,
Өз-өзімен ойға шомып қалатын.
Күнде сол сәт,
күнде сол шақ.
Құмай-түн
желдей есіп, бізді бірге сынайтын.
Оған қайдам бірге отырған сол уақыт,
Менің бала көңіліме ұнайтын.
... Бір күні мен бара алмадым ертерек,
Ұйықтап қаппын ымырт шаққа еркелеп.
Ай құлаған шақта жетсем асығып,
Қара түннің құшағына жасырып,
Оны біреу бара жатты жетелеп...
Салбурын
Мен жаралы қасқырмын,
Тағдырымды Тәңіріге тапсырдым.
Кез келгенге бұра бермес кеудемді,
Келмейді енді тексіздерге бастырғым.
Жан жағымнан анталайды антұрған,
Не қылса да танбадым өз қалпымнан.
Даңқым қайда талай-талай белді асып,
Дақпыртымен дүниені таң қылған.
Даңқым қайда көрінгенде көлеңкем,
Дұшпан жылап, көздің жасын көл еткен.
Абыройым асқақ еді асқардай,
Тұрған жерін төр еткен.
Ол шақ менің заманым ед, заманым,
Бүгін міне құрып тұр ғой амалым.
Жұлынымды жұлмаласаөз еркі,
Жамандардың жаламаспын табанын.
Мен осылай жаратылдым әу бастан,
Содан бері жағама жұрт жармасқан.
Келе жатыр мені ішке тықсырып,
Ниетсіздер жең ұшынан жалғасқан.
Біреулерге ұнамады түр тұлғам,
Біреуге арым - биік тұрған құлқыннан.
Тік келуге жетпеген соң шамасы,
Тор құрумен шектеледі сыртымнан.
Еркіндігім ерсі болды біреуге,
Ит тірлікке көнбедің деп мінеуде.
Бөрі текті болмысымнан айрылып,
Көше аламын қалай мысық тілеуге.
Қайтем енді қаша алмастай қамалдым,
Шыныменен түскені ме бағамның.
Тобырлар ай, айыра алмас арасын,
Жақсы менен жаманның.
Дәрменсіздік,
Ыза буды, санам – сыз,
Өз жарамды өзім қаптым амалсыз.
Ең жаманы осы екен ғой жалғанда,
Қасиетіңнің қалғандығы жарамсыз.
Не қылса даөте шығар өмірім,
Жан емеспін жатқа сыйлар өлімін.
Себебі мен көрінгенге бас имес,
Бөрімін!!!
Қамыт
Ол құлын шағында,
еркін еді...
жетемін деп сағымға:
Желдей есіп, құйын сынды құйғытып,
Талай шауып шығушы еді шағылға.
Тай кезінде тәккапар ед(і), өр еді,
Белді басып, төпеп өткен төбені.
Асауланып алдынғысын тістелеп,
Арттағысын тебеді.
Құнанында көкжиекке жетем деп,
Арқырады айдан асып кетем деп.
Алайдағы арқан түсіп мойынға,
Қожайыны әкелді оны жетелеп...
Алты ай көнбей ауыздықпен алысты,
Тілінді езу.
Жабылмай жақ қарысты.
Дырау қамшы жамбас етін жаңқалап,
Арқасына ер де келіп жабысты.
Ай-хой, шіркін!
...адыра қап арманы,
Жиі берген жеммен өзін алдады.
Қожайыны қамыт тақты мойынға,
Көне берді.
Қалмаған соң амалы.
Уақыт өтті.
Замана да өзгерді,
Аттан бұрын көлік мінер кез келді.
Қамыт түгіл атарбаның қоқыс боп,
Отын болып жанғанын да көз көрді.
Бүгіндері арасынан халықтың,
Атқа мінген адам таппай қамықтым.
Ал әлгі ат бар азаптан арылған,
Тек мойнында ізі қалды қамыттың...
Бір өксік кеп тығылады қолқаға:
...дырау қамшы тие ме деп қорқа ма?
Керегі жоқ болса дағы жануар,
Қамытты іздеп мөлиеді о тоба!..
***
Мұндай сойқан болмап еді бұл жақта,
Жүрек – бір жақ,
ақыл есім - бір жақта.
Сенің жүзің жанарыма сінгелі,
Саз ойнайды ерекше бір гүл бақта.
Жан жарасын қоятұғын тырнатып,
Әр қарасың – баурап алар бір бақыт.
Сендік шәрбәт жұпарына шомылса,
Тас та жібіп, оянардай тіл қатып.
Сен көрінсең жайқалады бар әлем,
Арбап алар неткен сиқыр адам ең.
Артқа тартқан ақыл-есім болмаса,
Саған бәрін құрбандыққа шалар ем...
Осыны егер айтса біреу бір күні,
Ертегі деп қарар едім – күлкілі.
Енді отырмын шарапқа да мас болмай,
Көмектеспей темекінің түтіні.
Таба алмадым мына дерттің бір емін,
Ішкі арпалыс бітсе екен деп тіледім.
Жүрек женсе – ақыл-ессіз қалармын,
Ақыл женсе не болады жүрегім?!...
Инста-ғұмыр
Қызыл да жасыл әлемі,
«Инстада» бәрі әдемі...
Тұр әне, «сторизінде»,
Қызықтың барлық дәлелі.
Мұхиттар, теңіз, аралдар,
Арманын қуған адамдар.
Жалаңаштанған мүсіндер,
Жалынын шашқан жанарлар.
Кафе, бар, мейрамханалар,
Мереке, тойлар, шаралар.
Әдеміленген әпкелер,
Әлемдей алып ағалар.
Суретте сәттер өзгерген,
Керек жоқ құлаш сөздер де.
Бұл жерде күліп қарайды,
Өмірден өткен көздер де.
«Инстада» бәрі бақытты...
Көңілді, бейқам, шаттықты.
Осындай сәтті салмауға,
Болуы керек дәт мықты.
Қайғысыз сәттер - қас-қағым,
Ақтарып қайтем астарын.
Бәріміз кейіпкеріміз,
Жарқ еткен инста-таспаның.
Қызыл да жасыл әлемі,
Инстада бәрі әдемі...
Сарыала қаздың баласы
Итала қаз – сарыала,
Айтшы, рас құмай таба ма?
Қара ала тісті тазыны,
Сарыала қаздан ала ма?
Шындығы – жанға жақса да,
Аңыз ау осы – әфсана.
Тек бекер тәмсіл айтпаған,
Текті жұрт ойдан тапса да.
Қолында сұңқар-қыраны,
Тақымда тұлпар-пырағы.
Қайран да менің өр бабам,
Ойы – ұшқыр,
көзі – қырағы.
Ие еді-ау олар кескінге,
Ұқсамай туған ешкімге.
Құмайдай құндылықтарын,
Бағамдай білген бес күнде.
Жақсыны қазақ сыйлаған,
Жаманнан серік жимаған.
Содан ба құмай-тазысын,
Ит жатырына қимаған.
***
Біз екеуміз құс тілінде тілдестік,
Бар секілді бізде тылсым үндестік.
Екі бөлек жүргеніміз әлемде,
Тағдыр,
бәлкім,
білместік...
Мен сезімге не дерімді білмедім,
Дер кезінде дерегіңді білмедім...
Енді маған жараса ма жылаған?!.
Шынайы да емес сынды күлгенім...
Кірпігіңнің әрбір талы – бір бақыт,
Мені өзіне шақырады тіл қатып.
Құшаққа алып,
басайыншы кеудеге,
Жүрек сырын тыңдатып.
Көзіңдегі қарашыққа байланып,
Сиқырыңа жұтыламын шайналып.
Есеңгіреп жүрмін
мең-зең,
дел-сал боп,
Өңім түске,
түсім өңге айналып.
Біз екеуміз құс тілінде тілдестік,
Бар секілді бізде тылсым үндестік...
Парадигма
Ақ түс те жақсы,
қара да,
Қызыл да одан кем емес.
Түсте емес
сұрақ – санада,
Басталған барлық төбелес.
Бөлінер ой мен
қырға жер,
Шындық бұл анық бұрыннан.
Ақпыз деп өре тұрған ел,
Қызыл түс үшін де қырылған.
Жаспенен кәрі алысар,
Ортаға салып шындығын.
Доспенен дұшпан аңдысар,
Ішіне сақтап сұмдығын.
Біреулер нысан көздесе,
Біреулер күтер таланын.
Бауырлар көрер өзгеше,
Басқалау жолын ағаның.
Әркімнің жолы әр түрлі,
Әрқалай болар таңдаулар.
Таңдату жолы сан қырлы,
Алдаудан тұрар арбаулар.
Біреуге ұнар Күн ғана,
Біреуге Жұлдыз,
Ай - дара.
Күллі әлем болар дүрдараз,
Идея үшін жай ғана...
Ит ғұмыр
Хабар хат ілініпті қабырғаға,
Иесі ит іздеген мағынада.
Қоғамнан қолдау күткен қожайынның
Жоғалған иті енді табыла ма?
Қалқам-ай,
көл болды ма жасы төккен?
Тарқамай ішкен-жеген асы көптен.
Қаладан қағаз іліп іздейтіндей,
Тараған шығар иті асыл тектен...
Жүргенде аға-бауыр жан танымай,
Білгенге іздеушінің қамқорын-ай!..
Болмысы бөлек болар бөлмелі иттің,
Жатқан соң үй күзетіп,
мал қорымай.
Бұл күнде бар ма,
жоқ па салпаңқұлақ,
Бүлкілдеп жүр ме жұрттан талқан сұрап?...
Бөзінен бүрге ұшпаған,
беу дүние,
Көзінен бал-бұл ұшты-ау алдамшы бақ!
Кетпесе ділден - мейір,
тілден - кие,
Ит - Күнге иілуді білген ие.
Қаңғыбас пенде жатыр жол шетінде,
Ит құрлы іздеуші жоқ...
Бір кем дүние...
***
Біреуге қолымды бердім,
Ұттым деп ойлады...
Біреуге жолымды бердім,
Жұттым деп ойлады...
Біреуге ақылды бердім,
Айла деп ойлады....
Біреге ақымды бердім,
Пайда деп ойлады...
Біреуге сырымды бердім,
Сынды деп ойлады...
Біреуге жырымды бердім,
Жынды деп ойлады...
Біреуге мейірді бердім,
Жұмсақ деп ойлады...
Біреуге пейілді бердім,
Ынсап деп ойлады...
Біреуге жанымды бердім,
Жансыз деп ойлады...
Біреуге барымды бердім,
Мәнсіз деп ойлады...
Біреуге көңілді бердім,
Ойнадың деді...
Мен сондай өмірді көрдім,
Ойладым нені?!..
Уақыт болғанда…
Бұл өмірдің қызығын
көремін деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Қиындық пен шыжығын
жеңемін деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Кей жанға алыс тұрсақ та,
барамын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Аңсап келіп құшаққа
аламын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Шын көңілмен шашылып,
тойлаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Тың өмірге ашылып
бойлаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда..
Сыйлағанды қасыңа
жинаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Қимағанды расында
сыйлаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Қариялы қарт жұртты ,
демейін деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Жанұяны шаттыққа
бөлейін деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Ұл-қызыңмен армансыз
ойнаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Ұйқы көрмей тандарсыз,
қоймаймын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Бар әлемді аралап,
қыдырам деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Бар затыңды бағалап,
ұғынам деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Жалтағынан жандардың
қашамын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Жалпағынан жалғанның,
басамын деп ойлайсың...
уақыт болғанда...
Бола ма екен
сол уақыт жолымызда?!
Қона ма екен
сол бақыт қолымызға?!..
Түсінерміз
уақыт болғанда...
