Қырық жасқа толған бір қаламгер туған жеріне қарап налып, аудан әкіміне өкпе назын айтқан екен. Әлеуметтік желіге жазған жазбасын оқып, ұзақ ойға қалдым. Кейінгі жастар совет заманынан қалыптасып қалған ескі сүрлеумен марапатқа ынтық, той жасағыш болып барады.
Соңғы кезде қазақ қоғамында бұл дерт асқынып, үдеп кетті. Кеше ғана университет бітірген жастарыңның өзі кеш өткізіп, «Менің кеудемде бірде бір атақ жоқ!» деп байбалам салып жатады. Әрине, Абай әулие айтқан ғой, «Арсыз болмай атақ жоқ». Ал біздің қалам ұстағандар шетінен арсыз болып кеткен... Осы жылдың ақпанында Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» және «Ертөстік» деген атаулы әдеби сыйлығына Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің атынан бірнеше қаламгерді лайық көріп, ұсынғанбыз. Ойда-жоқта әлгі жазғышымыз кеңес хаттамасын місе тұтпай, министрліктегі рулас бауырына хабарласып жүріп, кеңестегі елге танылған 15 қаламгердің сөзін де ескермей, дегеніне жеткенін көз көрді.
Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз, кейбір қалам ұстаған азаматтар қырыққа келсе де, елуге жетсе де, алпысқа шықса да, туған жеріне өкпе айтып, әкімдікке наз айтып, елден құрмет талап етуді әдетке айналдырғаны - бүгінгі күннің шындығы. Әлеуметтік желіге қарап отырсаң, сапалы туынды жазудан гөрі кеш өткізуді көбірек жоспарлайтын адамдар көбейген. «Мені неге шақырмады?», «Мені неге ұлықтамады?», «Менің мерейтойымды неге өткізбеді?» деген рәуіштегі түрлі реніштерді оқисың.
Бір сәт ойланып көрейікші: сенің мерейтойың кімге керек? Егер сен шынымен халықтың жүрегінен орын алсаң, сені ешкімге жалынбай-ақ халықтың өзі көтереді. Ал егер өзіңді өзің сүйреп сахнаға шығарып, өзіңді өзің дәріптеп, өзіңе өзің оқулар ұйымдастырып жүрсең, бұл шығармашылық табыс емес, рухани мешеулік емес пе!
Біз бала күнімізден Махамбет оқуларын, Абай оқуларын, Мағжан оқуларын, Ілияс оқуларына қатысып, өлеңдерін жаттап өстік. Ол байқаулар ұлттың ұлыларын ұлықтауға арналған еді. Өйткені олардың тағдырын уақыт шешкен. Олардың биігін халық мойындаған. Ал бүгінде кейбіреулер тірісінде өз атына оқулар өткізіп, мектеп оқушыларына өз өлеңін зорлап жаттаттырып, өз кітабын талдатып, өзіне өзі ескерткіш орнатуға асығып жүр.
Ең сорақысы – осының бәріне мемлекеттік мекемелерді, әкімдіктерді, мектептерді араластыруға тырысады. «Зал дайындасын!» дейді. «Баннер ілсін!» дейді. «Шапан жапсын!» дейді. «Конверт ұстатсын!» дейді. «Қонақ шақырсын!» дейді. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылығын бұлдап, мерейтойын қаржыландыруды талап етеді. Бұл өзі қайдан шыққан психология? Шынайы жазушы оқырман іздейді. Ал бұл жарымсақтар қошемет іздейді. Шынайы ақын жақсы өлең жазады. Бұлар жаңа мерейтойдың сценарийін жазады. Шынайы журналист қоғамның мәселесін көтереді. Бұлар өзінің мәселесін қоғамның мәселесіне айналдырғысы келеді. Кейбіреулердің жаңа кітабынан бұрын кезекті мерейтойының датасы белгілі болады. Жазған шығармасын ешкім оқымайды, бірақ мерейтойының афишасы ауданнан ауданға кетіп жатады. Оқырманы жоқ. Ықыласы жоқ. Ізі жоқ. Бірақ атаққа құмарлығы шексіз. Содан кейін биліктің маңын торуылдап, әкімқаралардың туған күніне мадақ жазады. Бір шенеуніктің қызметке келуін тарихи оқиғадай суреттейді. Бір бастықтың иығына шапан жабылса, соған арнап ода шығарады. Қаламын халық үшін емес, қошемет үшін жұмсап, жемсауын толтырып, кезекті бір жағымпаздар марафонында биліктегілердің көзіне түсіп, медаль, орден алуға асығып жүр еді. Қара халықтың берекесі кеткен тірлігіне бас қатырар бұлар жоқ!

Ұлттық идеологияны жасайтын адамдар осы ма? Қоғамға бағыт көрсететін тұлғалар осы ма? Болашақ ұрпаққа өнеге болатындар осы ма? Егер жазушының ең үлкен арманы жақсы кітап жазу емес, жақсы мерейтой өткізу болса, онда ол – әдебиеттің адамы емес, даңқтың құлы. Адамды оның дүркіреген мерейтойы емес, сынға төтеп берер шығармасы өлшейді. Тарихта қалғандардың ешқайсысы әкім жағалап жүрген жоқ. Олар халықтың жүрегіне жол іздеді. Сондықтан халық оларды өлгеннен кейін де ұмытқан жоқ. Ал бүгін өзіне өзі той жасап жүргендердің көбінің есімі ертең афишасымен бірге қоқыс жәшігіне кетеді. Өйткені уақытты алдау мүмкін емес. Уақыт ешкімнің шапанына, гүл шоғына, мақтау сөзіне, кеудесіндегі темір-терсекке, Ақордадан алған сөлкебайына пысқырып та қарамайды. Уақыт тек шығарманы ғана қалдырады.
«Кешімді өткіз» деп шапқылап жүрген қаламының қуаты, сөзінің нәрі жоқ жалтақтар, бүйткен тірлігіңе болайын! Не деген жиіркенішті әрекет еді! Ақиқатында, сенің мерейтойыңнан халыққа келіп-кетер не пайда бар? Сенің сөзің кімге ем, кімге дәрі? Шылдыр-шатпағыңды өзге түгілі, бала-шағаң оқымайды емес пе!
P.S: Әрине, бұл сөз қазақтың атын асқақтатқан тарихи тұлғаларға, бүгінде ортамызда жүрген саусақпен санарлық әдебиет, өнер майталмандары туралы емес, халыққа бергенінен қарағанда, алмағы көп ойда жүрген, зиялы кейпіне еніп, керемет рөл сомдап жүрген қатардағы жазғыштар туралы екенін қайыра еске салайын…
