2026 жылы 20 мамырда Арғы Бет – Алтайдан келген Серік Құлжақан деген ақын Катонқарағайда дүниеден озды. Жаназасына жиылған көрші-қолаңның айтысынша, оның ақын екенін көбісі сол қайтыс болған күні білген. Секең Катон жаққа былтыр күз айларына қарай көшіп барған еді. Кейбір көршілері: «Қыста Алматы жаққа кеткенде, осы балаға бес-алты күн үйге от жақтырып қойып едік, ақын екенін қайдан білейік», – деп өкінішін білдіріп жатты. Жақын дос-бауыр, ағалары болмаса, оның қаламгер қауымнан екенін, шынында, ешкім білген жоқ. Түстаныс біраз жұрт өзі елпек, тіл алғыш, ақкөңіл «оралманмен» көрші болғанына қуанысып жүріпті.
Серік Құлжақанұлы 1982 жылы 8 қарашада Қытайдың Алтай аймағы Буыршын өңірінде дүниеге келген (Алағақ ауылында ержеткен). Әкесі Құлжақан – ауыл мұғалімі, ертерек өмірден озған. Атасы Шәріпхан дәрігер екен, ұлы атасы Әбзали жәдік, жәнтекейге түгел танылған әйгілі балуан болыпты. Шешесі Касира – ақын, әдебиеттанушы Дутан Сәкей мен белгілі күйші, композитор Ботан Сәкейдің туған қарындасы.
Кісінің қадірі, әдетте, тірісінде көп біліне бермейді ғой. Мен Секеңе ешқандай елеулі жақсылық істеп көргем жоқ, бірақ зиян да тигізбеген сияқтымын. Қаралы хабары тосын келді. Достары да сене алмай, дүдәмал отыр екен, жаманат шынға айналған соң, Астанадан біз – Өркен Салубай, Ұмтыл Зарыққан үшеуіміз (жолдан Мұрат Жанұзақ қосылды), Алматыдан Ретбек Мағаз, Ерзат Еркін, Қабышай қатарлас бауырлары, Бегзат Тоқан, Медет, Нұрболат Ырымқан және бірқанша етжақын аға-достары Катонға жиылып, 22 күні сондағы дос-жаран, туыс-туғанмен бірге жамбасын жерге тигіздік. Қытайдан жұбайы Нұржан, шешесі, екі баласы – Айтау мен Айаман және басқа жақындары келіп қатысты.
Ақын Серік Құлжақанұлы 2000 жылдардан бері өлең жаза бастаса керек. 2015 жылдардан кейін көбірек жазатын болды. Ең өткір, мәнді өлеңдері осы жылдар мен қайтқанына дейінгі аралықта жарыққа жетті. Өндіріп, мол жазған екен, артында 250-дей өлең-поэмасы қалды. Шыңжаңдағы оқырманға 2017 жылдардан кейін біршама таныла бастады. Өлеңдері мен әңгімелері газет-журналда, әлеуметтік желіде кең таралып жүрді. 2022 жылы дос-бауырлары қырық жасына орай, шағын өнер кешін өткізіп бергенде, алыс-жақындағы елге түгел аты шыққан кезі еді.
Сол жылы «Skoda» деген көлік сатып алды. Ел Серікті «Сико» деп атайтындықтан, көлігі көп ұзамай-ақ «Скода» емес, «Сикода» аталып кетті. Қайда барса да, алдынан жырымен таныс қыз-келіншек, аға-бауыры дастарқан жайып күтіп алып жататын. Сол жылдары өлеңінің қызығын бір кісідей көрді. Астында желдей жүйткіген көлігі бар, көңілі біршама қанаттанып еді. Өзі әсершіл, аңқылдақ, аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарылқап жан, сондай көңілді, асқақ күндерін пайдаланып, өле салғысы да келді. Өлгенде Құсыман Құмаш деген Құмылдық қазақтың қолынан өлгісі келіпті:
ДУЭЛЬ
(Құсыман Құмашұлына)
Жана алмаса, құрғыр шала сөнгей-ді!..
Уақыт талай көмген шығар мендейді.
Дос бауырым, шақыр мені дуэльге,
Жай біреудің қолында өлгім келмейді!
Арқамызды тиістіріп, он қадам...
Сол он қадам таусылғанша, толғанам.
Жат қолынан төгілгенше айраным,
Өз қолыңмен өзегімді қанға мал!
Он-ақ қадам, сол-ақ өмір – шоп-шолақ!..
Мүмкін, шылым шегісерміз тоқтап ап.
Көкірегімнен «құлын» шығар кісінеп,
Оны ұлыма тапсырарсың ноқталап!
Сертім – осы.
Сертімді енді аттаман!
Содан биік өлім де енді жоқ маған.
Мүмкін, қулық істеп кетем соңғы рет –
Саған қарай қаруымды оқтаман.
Аямағын, шын аясаң, егер сен,
Көп жамандық бірге өледі, мен өлсем!
«Құлынымды» құлыныма мінгіз де,
Жетегіңе ап көкжиекке жөнел сен!..
Секеңнің үйіндегі жеңгеміз – Тұрдыбек деген ақын досын өлердей ғашық еткен қыз. Онда дәстүрлі ауылдан шыққан жігіттердің көңілі пәк болған, есі кете құлапты. Сол Тұрдыбек ақын суға малтаймын деп барып, қайтпай қалады. Он тоғыз жасында – жастай сөнген ақын мен жазылмай қалған жырдың қазасы. Ал ата-анасына салған қайғының салмағына өлшеу жоқ – орны толмақ емес. Бірақ соған орай тағдырлы жыр туыпты:
Тұрдыбек!
Менің ғана Тұрдыбегім!
Ертерек қалғып кеткен жыр жүрегім.
Сен бүгін менде ғана тірісің ғой,
Өзгеде жоқ екенсің, білдім өзім.
Өлтірмей өбектейді кім қайғысын?
От ішіп отырсам да, мұздайды ішім!
Жалған дейтін бұл базар
мен сияқты
ап қалады өзіне ыңғайлысын.
Сен баспаған жер бастым – өлмей шауып,
Сен жазбаған жыр жаздым – таңдай талып.
Шамырқанғыш едің ғой, атып тұршы,
Сен сүйген қызға үйлендім –
ал қайтарып!..
Сені жұтқан өзенге қолым жудым,
Сендей-сендей баланың белін будым.
Сенен қалған жалғанда алшаң бастым,
Ал енді, айта қойшы, өзім кіммін?
Тұрдыбек!
Айтуғанның Тұрдыбегі-ай!..
Сыйласып өтер ме едік біз құдадай,
Өкпелесіп қалар ма ек - тірі болсаң,
Араздасып кетер ме ек – тілге ұнамай...
Кім біледі, сен өлдің, бәрі жұмбақ,
Маған кеп мінгесті ме тағдырың қап?
Құлазысам, есіме сен келесің,
Қуанып қалам сосын, соны ырымдап...
Құдды Тұрдыбекті тірілтіп алардай екпіндеп келген осы өлеңнің кісі көңілін елең еткізуінің сыры – сезімнің шынайылығында, ақын өзі таныған мәнерде айта білуінде жатыр. Біз жай сырдақтатып естіртіп өткен қайғының табы өлімнің өзімен бетпе-бет тұрып сөйлескендей әсермен аралас бас көтереді. Бұл – бұлқынып тұрған тірі сөз, тентек сөз. Қағазға түскен сөздің бәрі ояу бола бермейді. Оны тірі рухқа айналдырудың машақаты – жазу өнерінің машақаты. «Жылай-жырлай өлгенде, арттағыға сөз қалсын» дегенде Абай кейінгі ұрпақпен бірге өмір сүретін сөз туралы айтыпты. Ол өміршеңдік сөздің «кісенін сылдырлатқан» (Тыныштықбек) сыртынан менмұндаламайды, қайта ішкі астарынан дайындығы бар оқырманын шақырып тұрады. Секең өлеңдеріндегі шынайы сезімдік күй сондайлық шын ғұмырлы екенін анық аңғартушы еді. «Кейуана» деген поэмасында ақынның барлық мүмкіндігі қал-қадірінше көрініс берген. Бір деммен, бөгеліссіз ағытылған өткір шабыттың туындысы. Сондағы «Сен өзіңді сезінесің кенеттен, өмір солай басталар бір себептен» деп келетін тармақтар да – таза поэзиялық түйсіктің жемісі. Неге осылай басталғаны авторға жазып жатқан кезінде әбден түсінікті болар, бірақ соңынан ұмытылып, сөз иесі де түсінбей қалуы мүмкін. Ол өзі жазып отырған сәтке ғана тәуелді көңіл күй. Бұндай поэтикалық түйсіктің жетегінде туындаған шешен тіркестер ішкі дайындықтың күштілігін, сезімнің шынайы да алабөтен әсершілдігі мен сезгірлігін әйгілесе керек. Бірақ осындай жазып отырғанда ғана түсінікті тармақтар ақыннан жан дүниенің тазалығын, сезімталдығын және адалдықты талап етеді. «Кешіріңдер, қара нөпір адамдар, мен сендерді кешіргенім сияқты», болмаса: «Кешіріңдер, мен оқыған абыздар және тағы оқылмаған кітаптар» деп жырлау қазақ өлеңінде көп кездесетін айтқыштық болғанымен, поэманы тудырған түпкі себепке жарасады. Одан кейінгі:
«Кешір, мезгіл...
қайғылы жаз, қыс – темір,
барлығын да ұмыттырса қысқа өмір.
Жарқылдасам қасыретсіз келгендей,
тым құрыса, кірмегендей түске бір!» болып өрілетін шумақта Секеңнің өз қолтаңбасы айқын танылады. Бұл енді анау-мынауға бой бермейтін бірмойын поэтикалық қуаттың көрінісі. Бірмойын һәм сұлу. «Көкте жүзген зәңгар-заңғар “құдайлар”,
найзағайлар, сенде қандай үрей бар?
Мың үмітті өлтіреді жарқ етсе,
найзағайдай турап өтер бір ойлар» – мұнда соңғы тармақтағы тапқыр ой екінші тармақтағы «найзағай» сөзімен ішкі ұйқасқа (үйлесімге) түседі. Сырт қарағанда, екі «найзағайдың» бір-біріне қатынасы жоқтай сезілгенімен, өлең тілінде, оның ішінде шынайы шабыттан туындаған өлеңдерде сөздердің өзара ықпалдасуы ақынның ойлау аумағынан тыс жағдайда орындалып кетуі мүмкін. Мұқағалидың «Дариға-жүрек» поэмасындағы «Жақпар-жақпар жартастар, құдайсыңдар» деп келетін шумақта «жартастың» ортаға шығуы – шарықтау шегіне көтеріліп бара жатқан поэманың өз ішкі қажетсінуімен, ақынның еркінен тыс, көмескі сана арқылы жүзеге асқан поэзиялық биік халдің озық үлгісі. Тағы да атап айтайық, оны қолдан жасауға келмейді. Өлеңге табиғи еркімен қосылған жағдайда ғана сән бермек. Ұста қолдардың қалауынан еңсе көтерген сарайды боқпен сылауға болмайтыны сияқты, белгілі мақсатпен қосылған жалғыз-ақ сөз бүкіл бүтіндікке көлеңке түсіруге жарап жатыр. Ал Секеңде жаңағындай артықшылықтар әр жерде көп. Жақсы шығарма мақтағанға да жақсы болмай ма.
Қазір бізде шығармашылық адамдары туралы сын мақала тым сирек. Әркім өз алдына еңбектеніп жүр. Бұнда біз өлеңмен сырттай ауыратын, оның мәнін терең танымаған әуесқойларды емес, жазуды жан-тәнімен сүйетіндерді айтып отырмыз. Өнерге жұғысып қалып, ішкі әлемін көркем туындылармен (ән, күй, өлең) тәрбиелеуге аз уақыт болса да әдеттенген адам «дүние ісіне, дүние қайғысына» (Абай) тым салынып кетпесе, одан жақсы оқырман шығатыны мұнда тұр. Солардың өзі қолдауға лайық болғанда, оқырман деңгейіне көтерілгендердің көңіл көкжиегін кеңейтуге үлес қосып жүретін шын ақындықты демейтін, күшіне күш қосатын дұрыс сын керек-ақ. Басқасын былай қойғанда, әділет үшін ақ сөзің айтылуы қажет. Бізде тұтас бір буын сын көрмей кетіп бара жатқандай. Себеп көп. Әр жерде ту көтерген, тұрмыстың қыспағына қаймықпай, өткен ағалары мен аталарының шығармашылық жолына мұрагер болып, солар кешкен ұлы сезімдермен бірге тербеліп, солар тыныстаған рухани ауаны бірге тыныстаған саналы ұрпақ қашан да жебелеуге мәжбүр. Біз жерлік, рулық деңгейдегі қораш түйсікте қалмай, Мұқағалилар айқындаған өнер биігін әркез есепте ұстауға хақылымыз. Осының жазғандары бірдеңеге жарап қалады-ау деп жалпақтамай, өнердің әділеттілігі үшін, ұлы рухтардың назарына іліну үшін адал жұмыс жасаған лазым. Сөздің кепиеті әділетті қорлап жатқанда, қарап тұрғандарды атады. Ондай жағдайда өнерді қойып, пенделік тұрмысыңның өзі тұманға батпақ. Киелі өлең тексіздікті көтермейді. Ақындыққа талаптанған кез келген талапкер оның қажетті шарттарын орындасын: ар-ұятты, намысты, сергек саналы болсын, сынды қасқайып тұрып көтеріп алсын. Ең бастысы – өзіңе өзің сыншы болу. Рухани биігіне көтерілген шын ақынның, өлеңнің адал жауынгерінің жолын құдірет өзі ашады. Жапасы, жүгі ауыр болар, десе де, өнердің асқақ мерейінің алдында сол жапа, сол жүк ештеңе емес.
«Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме», – демей ме Абай. Болашаққа деген сенім өткен күнге деген сенімнен, ата-баба жасампаздығына иланудан басталады. Қуатты рухани «мен» өзгелерді тану жолындағы ізденістің барысында, үздіксіз оқып-тоқу арқылы оянады. Оқымай-тоқымай әулие бола салғандардағы басынан сөз асырмас тасырлық кісінің қасиетсіздігін ғана танытпақ. Ал, шығармашылық мұраты айқындалған, өмірінің шаңқай түсіне тақау Секеңнің бастау көзі тым тереңді меңзейтін, құбылмалы дүниенің оңғақ даңғазасынан бас тартып, тамырын мәңгілік сарындарға, ескілікке жіберетіні байқалатындай:
Шолақ көше...
Жабық дүкен.
Шырақтар...
Зілдей ауыр үнсіздіктер тұрақтар.
Естіп қалам ауыздықтың сылдырын
бетон жолдың астындағы бұлақтан!
Солай болса дұрыс па еді?
Әлде бұл –
бұлақ емес, шырақ шығар – сөнбегір!..
Тас құлақтан жоқ бұлақтың сыңғыры
құйып жатыр кеудемдегі көлге бір!
Ойланбауға, ойрандауға есі еркін,
ұзақ шулап басылғанда есер түн,
мезгілдің де қалғып кеткен шағында,
құлағыңды тас көшеге тосарсың.
Шараптардан жұпар аңқып әр кесе,
топырақты ұмыттырған жол, көше...
Тірі емессің,
жер астында жатқанның
бір айғайы құлағыңа келмесе!
Сосын сен де көз жасыңды тамызғын,
көз жасына қосылады теңіздің...
Айналып өт,
мыжып кетпе,
кейде мен
бауырым төсеп жолда жатқан қоңызбын...
Осы сенімінен, осы бақытты сорынан айырылмаса деп тілеуші едік. Ол, шын мәнісінде, өскен, байыған қазақ өлеңіне жаңа түр, жаңаша мәнер бітіріпті. Тағдырлы, мұңлы өз қолтаңбасын қалдырыпты. Туған жердің, туған елдің мінезі, ішкен судың әсері қалай да көрінеді екен. Асау, өр Сұмдайрық пен Буыршын сияқты Ертіске құятын, аяғы мәңгілікке сіңетін тентек өзендердің мінезі бар екен. Міне, енді өзі де сондайлық ерке өзен Бұқтырманың басында, маңдайын асқақ Алтайға беріп, арқасын қайыңы қаулаған Катонқарағайға тіреп, дегдар жазушы Дидахмет Әшімханұлының жанында тыныштық тапты. Алтай туралы бір өлеңінде:
«Сен мені аямағаныңменен,
аяймын сені, кейуанам.
Кіндігімменен оралған елмен
күре тамырым байланған», - деуші еді. Біз оны аямадық. Алтайы да, басқасы да. Басын тауға да, тасқа да ұрып, тынымсыз күн кешті. Тұрақты жұмысы болмаған соң, үнемі қысталаң жағдайда, тарығумен өмір сүрді. Қолы дәмді еді, әр түрлі дәмханалар ашты. Алтайдан, кейін Алматыдан. Онысынан өзіне еш пайда келмеді, тіпті, зиянға батқан сияқты. Сонда да әр ісін елде жоқ үмітпен, аяқ астынан байып кететіндей құштарлықпен бастайтын. Қайтатын уақытында да сондайлық бір үлкен «бизнесін» бастап жатыпты...
Қайғылы жоқтау жырына, әлдебір естелікке оның бүкіл болмысын сыйдыруға тыраштанбай-ақ қояйын. Ол туралы ендігіде өлеңдері сөйлейтін болады. Өзгелерді өзіндей адал көріп, қашанда елжіреп тұратынына дос-бауырлары куә. Біреудің жақсылығын, артық қасиетін айтсаң, сол адамды, шын-өтірігіне қарамай, жақсы көріп, ғашық болып қалатын. Алыстағы Тыныштықбек пен Тынымбайды, Америкадағы Мағауинды, толық оқымаса да, өз ағасы ретінде иемденіп жүретін. Төтесінен бастаған жырынан жай отындай жарқ етіп бір әулие тіркестер шыға келетін. Расында, «бетбақтан су іздеген жайрандай» тынымсыз, үмітшіл тірлік сүрді. Жеткен жері – Катонқарағай болыпты. Тыныштықбек ағасының: «Бір жарықтық жер тапсамшы сүттен таза өлетін!..» дейтін тармағы болушы еді. Байтақ Қазақстанда сүттен таза өлетін бір жер шынымен болса, ол – осы ертегілік тұманға бөккен Мұзтаудың етегі шығар...
Жаның бейіште тынышысын, аға!
Тізімбек Анашұлы
Астана қаласы. 04.06.2026 жыл.
СІРӘ, МЕН АҚЫН ШЫҒАРМЫН
Сірә, мен ақын шығармын –
тастан да тамыр іздедім;
қойныма кірген жыланның
жылан екенін білмедім.
Қолымнан жасап мұңымды,
шоғына соның өртеніп.
Толтырып күнделігімді,
кетермін сосын ерте өліп!
Тек өзім ғана сыйынар
талантыма бас ұрдым.
Ақыны болу қиын-ау
осынау «соңғы ғасырдың».
Ердің де жүгін арқалап,
елдің де мұңын арқалап,
қадірі кетті сөздің де,
көздің де нұры орталап.
Не жырлы, әлде, не мұңлы,
білмеймін, ақын шығармын.
«Ақын!» деп, әйтеу, өзімді
айтуға сонша құмармын.
Жүйрікпін,
бапсыз,
төзімді...
Көрінбейтін тек кермеден.
Отыз жыл бойы өзімді
түсінбей жүрмін әлде мен.
Отыз жыл бойы егестім:
Ақынмын!
Иә емеспін?
Ақынның бәрін білемін,
білмейді, бірақ, мені ешкім!
***
Туған жер, сенің ұлыңды өлтірдім,
өлтіріп алдым аңдамай!
Қайғысындай-ақ сорлы кемпірдің
өмір атанған жолдар-ай!
Ең алғаш мені ұзатып тұрдың
барғандар қайтпас сапарға.
Көзіңнің ағын қызартып бір мұң,
қызыл нұр төкті шаһарға.
Қозғалды көлік,
қозғалды өмір,
арамыз алғаш алыстап.
Жаңағы жасты көз қалды егіліп,
ішінен ғана дауыстап.
Сол күні түнде түсім өлтірді
кіндігім буып мойнымды.
Сүлдерімді ғана саған қалтырды
желіге үйренген тай құрлы.
Сан рет сүйреп апардым сенің
жұмақтай жомарт алдыңа.
Тірілте алмадым,
оралта алмадым
сапар алдындағы қалпыма.
Өлтіріп алдым ұлыңды сенің,
жоғалтып алдым, кешіргін!
Орнында қалған ұлы бір шөлін
қандыра алмай отырмын...
***
«Адыра қалғыр» дейтін еді ғой көрші әжем,
көзінен емес, сөзінен ағар шер-шемен.
Дені бір дұрыс адам таппайсың аралап,
өңі бір кілем секілді мынау өлкеден.
Адыра қалдық...
Атам да кетті тым ерте,
ақырет болды төрде тұратын кілемше.
«Тым ерте», – деді аталар, қормал апалар,
«Тым ерте», – деді күздегі дала күреңше.
Адыра қалдық...
Әкем де кетті бір күні,
сияқты деді өмір әжемнің ұршығы.
«Әкеге жасы жетпеді», – деді күллі жұрт,
«Әкеден асты», – деді тағы да қырсығы.
Қазақ пен қазақ тілеулес дейді, тілеулес,
тілеулес болса, неге құриды бұл әулет?
Ажал дейтін бір мейірімсіз сарбаз келеді,
жол бойындағы еркек біткенді түгендеп.
Адыра қалғыр...
Махаббат өзі бұл қандай?
Әсіре қызық құмары жанның бір қанбай,
Адыра қалды ағамның жастық өмірі,
адыра қалуды орындау үшін туғандай.
«Адыра қалғыр» сөз еді тіпті жай ғана,
көрші әжем түгіл сүйетін бізді сай, дала.
Өмірді сілеп шерін тарқатам деп жүріп,
бейбақ қазақты қарғап алатын сорлы ана.
Адыра қалғыр, қарғыс тимейтін қу жалған,
жалықтым сенен,
жаназаға сап құрғаннан!
Жалықтым сені зорланып күнде сүйгеннен,
сорлы кемпірдің қарғысы тимес қу жалған!
***
Шекпенімнің жеңі жыртық,
жаңасынан кисем бе екен?!
Кешкенімнің бәрі қырсық,
қайта өмірге келсем бе екен?!
Көз алдымда көп өтірік,
біле тұра сенсем бе екен?!
Мазарымда жалғыз тұрып,
өзімді-өзім көмсем бе екен?!
Тұлпарымды тұлға байлап,
аш балама сойсам ба екен?!
Жігерімді құмға қайрап,
жүрегімді жарсам ба екен?!
Күдерімді қылға байлап,
тәуекелге барсам ба екен?!
Баяғыдай әр нені ойлап,
байырқалап қалсам ба екен?!
Көнсем бе екен,
қалай жүрем,
бұлқынам ба,
қоям ба?..
Мына өмірді қалай сүрем
жиіркенбнй,
ой, Алла!..
О, Құлжақан, тақсырым
О, Құлжақан, Құлжақан,
қоштасып ек біз қашан?
Жолығамыз біз қашан?
Жолдар мынау шаң ұшқан,
күйім мынау тым масаң.
Көптің бірі болармын,
көп ақылын тыңдасам.
Қалай болар көнбесем,
қалай болар тынбасам?
Айтшы, әкетай, бұл арман,
мынау арман кімге сән?
Бөтен болып жақынға,
бөтен болып досқа да,
жетіп қаппын ақыры,
сен өлетін жасқа да.
О, Құлжақан, тақсырым,
кімді тыңдап, кімге ерем?
Тағдырына тапсырып,
жарға тақау тұр кемем.
Бір тәуекел бұтақтың
бүршігіміз біз деген.
Жұмақ мекен тұр қайда
ғұмыр бойы іздеген?
Мынау нұрдай мінезім,
мынау нұрдай арманым,
қоштасқандай өзіңмен
қоштасады-ау бізбенен?
О, Құлжақан, аққұба,
аппақ менің дос пірім.
Қабағыңның астында
мекендеген жастығым.
Жақсы деген адамнан
ешкім саған тең келмес.
Өше көрме санамнан,
мен өлгенше, өлген дос!
***
Тұсыңнан тағы да өттім мен осылай,
қалқиған қара бейіт, қарасың-ай!
Төртеуің де бармысың,
түгелмісің,
атажан,
әкем,
інім,
ағашым-ай!
Айта жүріп күйінген,
сүйінгенді,
артқа тастап келеміз қиыр белді.
Жолға қарап тұр әлі бейіттерің,
сүйегіңнен қалды ма түйір белгі?
Әлі тұр көп үйеңкі, топ аршын тал,
орнында көзімді оттай қаритын жал.
Бейітіңді танимын сонадайдан,
ал, сендер мені неден танисыңдар?..
Өспеген,
ортаймаған,
кәрі жықпыл,
құрғақ жел азынайды шабынып құр.
Сары керіш сары күнге шағылысады,
құла жар қабырғам боп егіліп тұр.
Арыр-ай,
бәрі неге баяғыдай?
Біздерді,
аз да болса, ая, Құдай!
Сендерді қалай тастап кетем енді,
өшпеген, ескірмеген азабым-ай!
Иығыма көтерген байыптамай,
қайғымнан да мың батпан табыттар-ай!
Туған жердің бұрышын паналаған,
туған жерден қымбаттау бейіттер-ай!..
***
Құлыншағым, тентегім, өкпешілім,
сағындырдым сендерді, ет кешірім.
Сәуле болып түсіңе кірер ме екен
Алатаудан Алтайға жетпес үнім.
Алматыда түн жылы, әрі суық,
көрінбейді Құс Жолы – алыс үміт.
Кеңсай толы көп қабір – көп сағыныш,
өлең оқып кетердей бәрі тұрып.
Бүгін жылы...
Ертең-ақ қар жауады,
«Нұр жауады», – дейді ғой сонда бәрі.
Сен сүйетін кейіпке келтірмекпін
мынау жатқан безбүйрек паң қаланы.
Неге кеттім, жаныңда жүре тұрмай!
Жаурадың ба?
Күз – боран,
күн ашылмай.
Сен жеткенше бір ұя дайындармын
қарлығаштың жып-жылы ұясындай...
