Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Жақсыбек Шанышқылы. Қош, болмыс...

Жақсыбек Шанышқылы. Қош, болмыс

22

Жақсыбек Шанышқылы. Қош, болмыс - adebiportal.kz

Қаланың қақ ортасында, зәулім ғимараттардың көлеңкесінде «Mnemos» деп аталатын шағын кеңсе пайда болды. Ол туралы еш жерде жарнама шықпаған, теледидардан да айтылмаған.

Асқар бүгін тағы да коллекторлық ұйымның қоңырауынан самарқау оянды. Түсінде көретін Астана төрінде қол ұстасып жүрген аруынан тағы да көз жазып, кірпігің әрең ашты. 

- Тыңдап тұрмын!

- Қайырлы күн, Асқар Таубайұлы! Бұл «Жаңа өмір» коллектор ұйымынан сізге хабарласып тұрмыз

- Ой, білем! Кеше ғана айттым ғой, қазір ақшам жоқ, болғанда қайтарам деп!

- Сіз, мені дұрыс түсінбедіңіз! Мен сізге ұсыныспен қоңырау соғып тұрмын. Мәңгілік көшесінде тұрған «Mnemos» орталығы жайлы естуіңіз бар ме еді?!

- Қасынан бір-екі рет өткенім болмаса, былайша...

- Олай болса, мұқият тыңдауыңызды өтінемін. Сіздің жағдайыңызды білгендіктен ұсыныспен хабарласып тұрмын. Бізден алған қарызды оңай қайтаруды көздесеңіз, сол орталыққа барып, өзіңізге керек емес кез-келген естелігіңізді сатуыңызға болады. 

- Сіздер не?! – деп, қаны басына шаба бастағанда ұйым өкілі тұтқаны қоя салды.

Бос тоңазытқышта жалғыз қалған жұмыртқаны табада қуырып жатып, «Қызық екен ә?! Бәлкім, шынымен естеліктерімді сатып, жағдайымды жасап алмаймын ба?» - деп ойлаған сол еді. Есіктен шыққан тарсыл бүкіл пәтерді ғана емес, тұтас үйді басына көтеріп жібергендей. 

- Асқар, сволошь! Аш есікті, ашпасаң қазір полиция шақырамын! Сотқа беремін! Аш, давай! – деген дауысты естіп, демін ішке жұтып, қозғалыссыз отыра қалды. Есіктің арғы жағынан пәтер иесінің дауысы үзілер емес. Жарты сағаттай уақыт өтті, - Егер, ертең пәтерақыны бермесең, точно полиция шақыртам! Сосын пеняй на себя! – деп, құлыптың тесігінен айғайлап кетті. Таңғы оразасын негативпен қосып ашып алды да «Не болса да, барып көрейін, не көп пайдасыз естелік көп» - деп, киімін кие бастады.

Асқар естеліктер орталығы есігінің тұтқасын ұстағанда қолы әдеттегідей дірілдеген жоқ. Дүние асты-үстіне төңкеріліп жатқандай болса да, селт етпеді. Тек құлақ түбіндегі «Қайда?», «Қашан?» деген сұрақтардың сап тиылғаның қалады. Ол тек тыныштық іздеді.

- Келісімшартпен танысып болсаңыз, анкета толтырып, үйіңіздің кілтін бізге табыстауды сұраймыз. Себебі, операциядан соң, қалын ұйқыда боласыз. Сізді біздің мамандар үйіңізге алып барады.  Кейін, қай естелігіңізді лотқа қоямыз? – деді ақ халатты қыз, жылтыры қашқан көзін монитордан алмай. Оның жүзі – өлі цифрлар ғана жылтыраған суық экран секілді.         

- Лот дегенде, қандай естеліктер жақсы өтеді. Қарыздарым басымдағы шашымнан көбейіп кетті, – деді анкета толтырып жатып.

- Естеліктер, кітаптар сияқты ғой. Жауапсыз махаббат, мотивация, психология, триллер деген сияқты. 

- Балалық әңгімелер ше?

- Олар бірден өтпейді. Оларды өткізу үшін, алдымен сіздің өміріңізге қызығушылықты арттыру керек, – деді ақ халатты қыз бетіне қан да жүгірмей. Асқар ұзақ ойланған жоқ. Оның жүрегіндегі ең үлкен жара болып қалған, күнде ойыннан шықпайтын аруды соңғы рет есіне алды да:

- Қыста Астананың желі суық болса да, жаныма жылу сыйлаған естелігім бар. Қазір, ол естелік жанымды қинамаса, жылытып жүрген жоқ. Мен... мен тым ақымақ болдым. Менмендігім мен қорқақтығымның кесірінен оны жіберіп алдым. Содан бері бес жыл өтті, бірақ мен әлі күнге дейін екеуміз бір-бірімізге қош айтқан күнге қарғыс айтып келемін. Осы естелік мені ішімнен кеміріп бітті. Сол естелікті тауып, лотқа қойсаңыз.

Қыз басын изеді. Ол үшін бұл – кезекті «өнім» ғана. 

- Естелігіңізді лотқа қоюға дайын. Қазір, лот өткен сәттен бастап, сіз ол естелікті мүлде ұмытасыз. Ол естелік сізге тиесілі болудан қалады. Келісесіз бе?!

- Бастапқы бағасы қанша?

- Бағасы – бес жүз мың теңге. 

- Ал, максималды бағасы қанша болады?

- Осы күнге дейін, екі миллион болды. Оқырмандар сіздің оқиғаныңызды қалай бағалайды, соған байланысты. Келісесіз бе? – дегенде Асқар селк ете қалды. Көз алдына бірден өтелген қарыздар келе қалды. Ол жауап орнына асығыс басын изей салды да, жадын сатуға арналған төсекке асығып барып, жатып алды.

Басына салқын датчиктер жабыстырылды. Бір сәтке әлем айналып кеткендей болды. Астананың суық желі, Әйгерімнің соңғы рет қараған мұңлы жанары, «кешір» деп айта алмаған сөзі – бәрі, бәрі бір сәтте жарқ етті де, сөніп қалды.

Асқар келесі күні таңмен жарысып оянғанда кеудесін басып тұратын созылмалы ауырлықтың ғайып болғанын сезді. Тынысы кеңіп, өкпесіне толған ауа бұрынғыдай өңешін қарымай, мамықтай жеңіл тиді. Ол кешегі күнді есіне түсіргісі келді. Бірақ... есіне «келісесіз бе?» деген ғана ой келді. Орнынан атып тұрып, қалтасын қарады. Бос. «Алдандым, өзім де іштей «мошенниктер» деп ойлап едім ғой... Ой, әкиңді! Кеше немді саттым» - деп, киімін киіп «Mnemos» орталығына бет алмақшы болған. Телефоны шыр етіп оны райынан қайтарды, хабарлама: «Сіздің шотыңыз екі миллион жеті жүз мың теңгемен толықты». Асқар айнадағы бейнесіне көзі түскенде, ішіндегі беймәлім бір қуаттың сыртқа тепкенін сезді. Тұла бойы жеңілдеп кеткені сонша – еденге табаны тимей, бөлме ішінде еріксіз секіріп, бейберекет қимылдар жасай бастады. Телефонын қайта-қайта ашып қарады. Өмірі шотына мұндай көлемде ақша түспеген. Қуанышы ішіне сыймай жарылардай болды.

- Асқар, аш есікті! Я тебя слышу! Сволошь неме! – дегенінше болған жоқ, есік ашылды.

- Зина апай, сәлеметсіз бе?! Сізге қанша қарыз едім?

- Өткен ай мен осы ай үшін... примерно, екі жүз алпыс мыңдай – деп, пәтер иесі сасқалақтап қалды.

- Сізге перевод жіберсем бола ма?!

- Жоқ, не надо! Налоговой тексеріп қалса

- Онда, қазір мен шешіп алып келемін.

- Стой, ладно бог с тобой! Жібер!

- Келтірген ыңғайсыздығым үшін, бонуспен үш жүз мың теңге жібердім! Жете ме?

- А, спасибо... Спасибо, мое солнышко! Сенің осындай адам екеніңді білгем – деп мақтауын асырып, - Прости за беспокойство в столь ранний час – деп, есікті өзі байыппен жауып кете барды.  

Телефонын қолына алып, кредит тарихын ашып, түймешені басқан сайын экрандағы қарыз тізімі сызылып, Асқардың иығынан ауыр жүгі түсіп жатқандай жеңілдеп сала берді. Бір күндік табысы сегіз кредитін толық жабуға жетті. Қалған жетеуі «бізден қашан құтыласың» дегендей тізіліп қарап тұрды.

Телефонын қойып, бетін жууға беталғаны сол еді. Қолға үйренген сәбидей төсекке жатқызғанды ұнатпай шыр етіп, телефоны безілдеп қоя берді.

- Тыңдап тұрмын!

- Асқар Таубайұлы, қайырлы күн. Мен сізге «Mnemos» орталығынан қоңырау соғып тұрмын. Кешегі қойған лотымыз топ жарып үш миллион теңгеге сатылды. Сатып алушылар сізден тағы да естелік талап етуде. Біздің орталыққа келу жоспарыңыз бар ма?!

- Иә, өзім де соны жоспарлар отыр едім, - деді сасқалақтап.

- Үздік естелік сатушы ретінде сізге көлік жібереміз, есік алдында күтіп тұрады.

- Жақсы, қазір бес минутта шығамын, – деп тұтқаны қойып, сырт киімін киіп шығып кетті.

Пәтер алдында тұрған қара түсті, терезелері қап-қара су жаңа жол талғамайтын көлік Асқарды ханзада көргендей күтіп алды. Есігін ақ қолғап киген жүргізуші ашып бергенде, өзін облыстың әкіміндей сезініп, кеудесімен аспан тіреуге шақ қалды. Кеше ғана пәтер иесінен тығылып, тоңазытқыштағы жалғыз жұмыртқаға қарап отырған сорлы жігіт бүгін қаланың ең қымбат қонағына айналғандай.

«Mnemos» орталығына жеткенше ол терезеден сыртқа қарап отырды. Бір қызығы, Астананың сол баяғы таныс көшелері енді оған ештеңе айтпайтын болған. Бұрын осы саябақтың тұсынан өткенде кеудесінің сол жағы бүлк етіп, тамағына өкініш кептелетін. Ал қазір... қазір талай естеліктерді ішіне сыйдырған, шетінде әлі күнге шейін «Асқар+Әйгерім» деген жазуы бар орындықтың өзі де жай ғана суық темірге айналғандай... Саябақтар былай тұрсын, ол «Әйгерім» деген есімнің өзін ұмытқан. Есесіне, телефонындағы банк қосымшасындағы азайған қарыздар көңілін көтеріп тұр.

Орталықтың табалдырығын аттағанда, баяғы ақ халатты қыз оны күлімсіреп қарсы алды. Бұл жолы оның жанарында іскерлікке тән ұшқын бар еді. 

- Қош келдіңіз, Асқар Таубайұлы! Сіздің «Жауапсыз махаббат» топтамасындағы естелігіңіз нағыз хитке айналды. Біздің клиенттер мұндай шынайы өкініш пен мұңды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Тағы не ұсына аласыз?

Асқар креслоға жайғасты. Енді ол анкета толтырып әуре болған жоқ. Сөйлеу манерасы да мініп келген көліктей, қымбаттай түсіпті:

- Маған кредиттерді жабу үшін тағы ақша керек. Және жай ғана жабу емес, жаңа өмір бастау үшін... – деді ол нық дауыспен маңғазданып. – Менде балалық шағымнан қалған естеліктер көп. Әкемнің алғаш рет велосипед әпергені, ауылдағы атамның айтқан ертегілері... 

- Жоқ, Асқар мырза, - деп қыз оның сөзін бөліп жіберді. - Олар - «арзан тауарлар». Нарыққа қазір драма керек. Трагедия керек. Мәселен, сатып алушылар кейіпкердің қиналғанын көбірек жақсы көреді. Кеше, сіздің естелігіңіздің анонсын оқып, талас болғанын көрсеңіз ғой. Керемет, болды. Біздің кейіпкерлер қиналудың не екенін білмесе, сатып алушылар ол естелік үшін таласпайды. Тіпті, ол лот мүлде өтпей қалуы мүмкін.

Асқар сәл ойланып қалды. Сосын таңдайын таңқ еткізіп бір қақты да: 

- Онда... анамның қаза болған сәті ше? Сол кездегі жалғыздық, дәрменсіздік... Ол менің ішімдегі ең ауыр жара. 

Қыздың саусақтары пернетақтада жылдам қозғалды. 

- Міне, бұл тақырып, оқырманды қызықтырады! Бұл үшін біз бастапқы бағаны үш миллионнан бастасақ қалай қарайсыз? Сізді кешеден бері біздің тұтынушылар танып қалды. Сұраныс жоғары болады деп сенемін.

- Тіпті керемет болушы еді!

- Есіңізге сала кетейін. Жаңа келісімшартқа қол қоясыз. Бұл жолы біздің жарна өткен жолғыдай он пайыз болмайды. 

- Сонда қанша болады?

- Жиырма пайыз...

- Ой, ол да сөз болып па?! Келістік!

Тағы да басына суық датчиктер жабыстырылды. Тағы да сол таныс гуіл. Асқардың көз алдынан анасының мейірімді жүзі, соңғы демі, аурухананың дәлізіндегі суық қабырғалар зымырап өтіп жатты. Бір сәтке өзегі өртеніп, өкіріп жылағысы келді де, кенет бәрі сөніп қалды. Жым-жырт.

Операциядан соң үйінде оянды. Телефонына хабарлама келді. «Сіздің лотыңыз, алғашқы қойылған бағаға ғана өтті. Счетыңызға екі миллион алты жүз мың теңге жіберілді».

- Оның, өзін кім береді?! – деп, банк қосымшасын ашып қалған кредиттерді тізімінен шығып, - Енді, тағы қандай естелік сатсам болады екен?! Қашанға пәтер жалдап тұрамын, қаланың қақ ортасынан үлкен пәтер сатып алайын – деп, шешім шығарып. Көлік жібермей-ақ орталық есігін өзі ашып барды.

***

Енді сволощь Асқар, бүгінде Асқар Таубайұлы! Үстіне киетіні қымбат костюм, жейтіні қаланың ең сәулетті мейрамханасында дайындалған ас, жүретін такси – комфорт плюс. Бірақ... бір нәрсе жетіспейтіндей. Ол өткенін есіне түсірмек болды. Әкесі әперген велосипед, атасы айтатын ертегілер, анасының айтатын бесік жыры, алғашқы махаббаты бірде бірі есінде жоқ. Қазір алғанда аспаннан аяғы салбырап түскендей, тіпті пәтерін жалға беретін Зина апай да есінде жоқ.

Енді оның банктегі есебіндегі цифрлар оны әлемнің ең бақытты адамы етуі тиіс еді. Бірақ ол бақытты сезіне алмайтын. Көкірек тұсындағы бұрын жаны мен тәнін жалғап тұратын алтын көпір үзіліп кеткендей. Ол – қымбат костюм киген, қымбат үйде тұратын ішіндегі тіршілік иісі әлдеқашан ұшып кеткен мүсінге айналды.

Бір күні кешкісін оның есігі тағы қағылды. Бірақ бұл жолы пәтер иесі немесе коллектор емес еді. Есік алдында өзінен айнымайтын ер адам тұрды.

- Сен кімсің? – деді Асқар таңырқап. Бейтаныс адам ақырын жымиды.

- Мен – сенің Әйгерімге деген махаббатыңмын. Мен – анаңның қазасындағы көз жасыңмын. Мен – сенің балалық шағыңмың. Мен – сенің «Mnemos»-қа сатып жіберген жадыңның сатып алушысымын.

- Сөзіңізді ұқсам бұйырмасын!

- Әрине, ұқпайсың. Себебі, мен сенің барлық естеліктеріңді сатып алушымын!

- Сонда қалай? 

- Себебі, мен сенмін! Ал, сен қазір, ақша толған мешкей ғанасың?! Менде сенің бүкіл сезімің бар, ал сенде – тек қағаз ақшалар ғана қалды. Қарашы, Асқар, сенің айнадағы бейнең де сұрланып барады.

Бейтаныс адам рұқсатсыз пәтерге кіріп, төрге жайғасты. 

- Саған, өмірің ұнамағаны үшін, сен оны ақшаға саттың ғой, солай ғой, иә?! Олай болса, мен саған соңғы ұсыныс жасауға келдім.

Қоңырау дауысы естілді. Есікті ашса, алдында ақ халатты қыз тұр. Оның қолында жаңа келісімшарт.

- Асқар Таубайұлы, – деді ол суық дауыспен. – Сатып алушы жаңа Асқар Таубайұлы сіздің соңғы лотыңызды, - «Тұлғалық бейнеңізді», сатуыңызды сұрайды. Бағасы – қалаған сомаңыз. Бұл жолы орталық сізден жарна алмайды. 

Асқар қолындағы қаламға қарады. Төрдегі жаңа Асқар отыр.

- Онсыз да бәрін сатып жібердің ғой, миллиардтар сұра да, сатып жібер. Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда! Қазіргі пластик шеберлердің арқасында, қаласаң Тәуекел Мүслімнің де бейнесін жасатып алсаң болады. Сат! Сат! Сат! – дегенге ақ халаттағы қыз да қосылып, екі жақтап – Сат! Сат! Сат! – деп жамырады.

Асқардың көз алдындағы әлем ескі теледидардың экранындай жыпылықтап, түстері қаша бастады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan