Әдебиет тарихында тағдырдың жазуымен ерте сөнген таланттар аз емес. Солардың қатарында өзгеше болмысымен, арынды мінезімен, ең бастысы өлеңімен ерекшеленген ақындардың бірі – Өрнек Күлекеев.
Адамзат баласы жаңа жыл басталғанда қиындықтың барлығы артта қалғандай күй кешіп, келген жылдан қандай да бір жақсылық күтіп, үмітпен қарсы алушы еді. Алайда Өрнек 2008 жылы қаңтардың басында мына жалғаннан бір жола күдерін үзіп, бақиға аттанып кете барды. Не бары 23 жыл ғана өмір сүрген Өрнектің табиғаты да, ізденісі де, қолтаңбасы да ерекше қалыптасып келе жатқан жас ақын еді.
Өрнек екеуміз құрдас болатынбыз. Бүгін – 8 маусым марқұм досымның туған күні. Мен 2005 жылы кешігіп бірінші курсына қабылданғанымда, ол Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының соңғы курсында оқып жүр екен. Біздің таныстығымыз сол жылдардан басталды. Өрнек сол кездің өзінде-ақ «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Жұматай Жақыпбаев атындағы арнаулы жүлдені иеленіп, сонымен қатар бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты болып үлгерген-тін.
«Өрнекстанға қош келіпсің еркін жыр,
Қазақстанға қош келіпсің Еркіндік!», – деп өлеңді де еркін жазатын. Ол шын мәнісінде де өлеңмен қатты «ауыратын» еді. Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өзгеше жол салғысы келетін. Оған алғаш қадамдар да жасап көргендігін «Соңғы гүл», «Мерей», «Сағыныш хаттары» секілді бірнеше өлеңдерінен де байқауға болады. Алайда таңдаған бұл жолы өте ауыр, тым күрделі екендігін өзі де білсе керек. Кейде жүрегіне шамадан тыс жүк артып ізденісте жүргенде, күйзеліске түсіп кетті-ау деген де ой келеді. Өзге замандастары да осыны айтады. Әйтпегенде өмірден безетіндей Өрнекте айтарлықтай себеп жоқ-етін. Керісінше, «Мұңдас, тағы мұңайма деп айтамын, Қалмаса да ертеңіңе бір сенім», – деп өлеңімен өзгелерді жігерлендіруге тырысатын. Көптеген жастардың тұрмысында кездесетін тапшылық Өрнектің де басында болды, әрине. Бірақ мен танитын Өрнек ондай ұсақ мәселелерге бола өмірін өлімге айырбастамаушы еді.
Ақынның аузына сөзді Алла салады ғой. Ол «Мерей» атты өлеңін:
«Өмірге келу мен кетудің,
Сұрама, сұрама себебін.
Мен енді ештеңе жазбаймын,
Алғашқы...
Ең соңғы өлеңім...
– Мерейім», – деп аяқтапты. Бұл расында да, Өрнек Күлекеевтің соңғы өлеңі болды.
Белгілі ақын Маралтай: «Адамзат өркениетінің үшінші мыңжылдығындағы қазақ әдебиетіне құйрық-жалы күлтеленген бір шоғыр дарынды жастарды ілестіре келгені көзі қарақты оқырмандарға жақсы мәлім. Бұл буын өздеріне дейінгі сан ғасырлық ұлт әдебиетінің құндылықтарын зерттеп, зерделеп уақыт өткелінен аман-сау алып өтуге міндетті еді...
Әдебиет бүгінгідей қоғамның қолжаулығына айналған кезеңде кермеден шыға бере қазаға ұшыраған, небары 23 жасында бақиға аттанған Өрнек те осы шоғырдың өкілі болатын. ...Ол дүниені басқаша ракурстан қабылдайтын қалам иесі ретінде есте қалды», – деп жазған еді Өрнек өмірден өткен соң жарық көрген «Мерей» атты жинағының алғы сөзінде. Өрнек әдеби ортада енді ғана танылып, өз оқырмандарымен енді ғана қауыша бастап еді. Ал, Мерей – алқымын арқан қиған ақынның көзі, он айлық қызының есімі болатын...
Ерлан ЖҮНІС: – Кәрі шаһардың көне бақтарында, Қарахан мен Бибі Ғайшаның кесенелері арасында үзілмей жалғасқан шиыр-шиыр жолдарда, қырда жатқан Тектұрмас бабаның бейітінен Ианги үңгіріне дейінгі шөп басқан соқпақтарда, енді бірде Шамансұр мен Дәуітбек бабалардың мазарларының маңында, анау Жүніс моншасы, Төрткөлдің көне қорғандарында, Шахристан мен Баласағұнның арасында сенделіп, сеңдей соғылысып, сол киені біздің дертті жүрек қана көтерердей, сол қасиетті біздің маңдай ғана ұстап тұрардай күн кешуші едік бес-алты жігіт. Есімімізді өзімізден басқа, қала берді қатар оқитын төрт-бес қыздан басқа ешкім де білмейтін «ұлы шайырлар» едік... Жылдар өтті Тараз тұлпарларының тұяғы қалдырған ошақтың орнындай ойдым-ойдым таңба қалдырып жүрекке. Біріміз Алматыға, біріміз Астанаға аудық. Үлкен әдебиетпен, әдеби ортамен бетпе-бет келдік. Сонда білдік «ұлы шайырдың» ауылы алыстау екенін. Сонда білдік біз шығып алған биік - әдебиеттің алғашқы баспалдағы ғана екенін. Ал Өрнек – менің мұңлы досым Таразда қалды. Ол біздің «ұлы шайырлар» екендігімізге сенді. Ол сол кездегі арманшыл, асқақ «ұлы шайыр» қалпында о дүниеге аттанып кетті. Ол - сонысымен бақытты! Біз күмәнданып үлгердік.
Орталық бақтың ескі ағаш орындықтарында отырып алып, қиялдайтынбыз. Мен өзімді «Ерлания» деп, ол өзін «Өрнекстан» деп атайтын. Қазір ойласам, сол кезде бас-аяғы он-он бес өлеңіміз ғана болатын. Бірақ сол таңды-таңға ұрып оқуға жететін және біразы оқылмай, іште кетіп, келесі жолыққанша дымымыз қарадай құрып, аласұратынбыз. Қазір ойласам, өлең жазбай ақын болып жүріппіз. Кейін біз жаздық қой деймін, қал-қадерімізше, ал Өрнек Күлекеев сол он-он бес өлеңімен әлі күнге дейін бізге қарағанда шын ақын – «ұлы шайыр» болып қала берді.
САҒЫНЫШ ХАТТАРЫ
Саған тағы хат жазды сағыныш өз қолымен,
Өлі үмітті түрткілеп, кеудемдегі көрінен.
Асылым-ау, мендегі тыныштықты тербеген,
Сол баяғы таз тағдыр дұрыс бетін бермеген.
Өзге қырда көктеді менің күткен көктемім,
Сол көктемдік жүректің әттегені көп тегі...
Сор ен салған маңдайға, қона алмайды қайта бақ,
Деп кей сәтте отырам жалғыздықты аймалап.
Ішсең мәңгі тарамас елесіңнің шарабын,
Жүрек деген көземе құйып алып барамын.
Құйып алып барамын кезіп тағдыр көшесін,
Кірпігіме байлап ап сонау күздің елесін.
Сонау күздің бақытын...
ҒАШЫҚ БОЛУ
Қайғының бұлты сөгіліп,
Көкірегіме Құбыла нұры төгіліп.
Еріні шипа шұғыла сүйіп жанымды,
Жүрек тұсымнан самал боп есіп
көп үміт.
Осылай ғашық болғанмын, саған.
Қалғанмын...
Ессіз сезіммен ақ тәнін құшып
арманның.
Ұнату – бақыт, бақытты қылдым бір
түнін
Өзі бес күндік жалғанның.
Мен сені сүйем түннің ернімен таласып,
Үздіге қарап шыдам шыңынан әрі асып.
Ардың иісі аңқиды сендік алқымнан,
Еліткен мені таң асып...
Ар иісінен жаныммен жұттым тамсана,
Дәл осы иіс ғұмырым еді аңсаған.
Таң атар, бәлкім, шығыс нұрымен шағылысып
Жар салам саған.
Ғашықсыз ғасыр шаршаған...
Ғашық болдым деп мен саған.
ҚҰТТЫ ШАҚ
Өрнекстанға қош келіпсің еркін жыр,
Қазақстанға қош келіпсің Еркіндік!
Әңгімесін аяқтапты бодан күн,
Мен де қойдым зар ішегін шертуді.
Жаратқанға құтты болсын айтамын,
Елім үшін менен болсын қайтарым.
Бұл жырымды жолдадым мен Аллаға,
Қажет болса басымды да тартамын.
Еһ, бабалар! Алғыс ішкен пешенем, –
(Әз басыңа әмір жүрген нешеме)
Мұзды жарып ғұсыл құйған сендерсің,
Жайнамазын ат жалына төсеген...
Қауызына көз тимесін, Ұлтым – гүл...
Жұпарыңнан өлең болып бұлқындым.
Мен де бүгін нұрдан ғұсыл құйындым,
Мәңгілігін жазсын Тәңір бұл күннің.
Қанатымнан жыр сорғалап халқым деп,
Күн астында мәңгілікке қалдым тек.
Бата берер жасқа мен де жетермін:
«Қазақи көш аман болсын, әумин!» – деп.
МЕРЕЙ
Жеткізер қазаққа назымды
Сыйлар ел – ақынның көзі деп.
Тағы да бір өлең жазылды,
Ат қойды Алланың өзі кеп.
Өзімнің Ай қадап басыма,
Мен саған Күнді алып берейін.
Еркелеп отыршы қасыма,
Қызым-ау, кішкентай Мерейім.
Сен келіп өмірге өрісім,
Жарқ етті көз алдым жарықсыз.
Қоғамы қажытқан мен үшін,
Ажалдың өзі де қауіпсіз.
Өмірге келу мен кетудің
Сұрама, сұрама себебін.
Мен енді ештеңе жазбаймын,
Алғашқы...
Ең соңғы Өлеңім...
– Мерейім.
