Аман ба туған топырақ,
Аман ба Ақшығанағым?
Ақ деген сөзден жарқырап,
Жеткендей жақсы хабарың...
Кеңшілік Мырзабеков
Торғайдан оңтүстік-батысқа қарай жолаушылап, шамамен жетпіс шақырымдай жүрсеңіз, Ақшығанақ ауылына тірелесіз. Жол бойы кездесетін көделі қыр, жусанды жазық, селеулі құм еш жалықтырмайды. Көз ұшында көкжиекпен астасқан сайын дала. Жел көтерілсе, бетегесі толқындап, әлгі кең жазира бір сәтке күй шерткендей әсерге бөленесіз.
Бұл – таңдайына тек құдайдан бұйырар сөз киесі қонған, «Өлеңші ата көріп бата берген», Торғайдағы ақындық мектептің негізін қалаушы Уақ Жұмабай тіршілік кешкен киелі өңір.
Бұл – көзі тірісінде-ақ кумирге айналған Кеңшілік Мырзабековтей дара дарынның кіндік қаны тамған қасиетті мекен.
Ол туған топырағының тынысын қаршадайынан бойына сіңіріп өсті. Оның ақындық болмысы дәл осы даланың мінезімен қалыптасты.
«Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе өз еркі.
Мендегі сендік махаббат –
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің жыры – сөз өрті».
Жан дүниесіне терең із қалдырған туған жерге деген ақынның кіршіксіз сезімі, жүрек лүпілі осындай болса керек!
Жалпы, Кеңшілік Мырзабеков поэзиясын Ақшығанақтан бөліп қарау мүмкін емес. Ақынның туған жері – оның шығармашылығының өзегіне айналған.
«Шығанақ десе шығанақ,
Құп-құйттай мүйіс – шым қайрақ,
Күн нұрыменен бірге ойнап,
Жататын еді-ау жарықтық
Бір жағын Тосын құм жайлап,
Бір жағын жазық қыр жайлап...»
Қоспасыз, таза суреткерлік деген осы шығар?! Асқақ сезім, ақберен ойлар! Сенің де бір сәтке «күн нұрымен бірге ойнап» жатқан құмдауыт ауылды көргің келіп кетеді. Ақшығанақтың құмына аунап, жұпарын жұтқың-ақ келеді. Құштарлығың оянып, Торғайдың ақжал толқынына құлаш ұрсам дейсің.
«Шалқардан Ырғыз арқылы,
Торғайдан тарсаң – Нұрамен.
Тосынның орғыл сар құмы,
Томарсып жатқан бір әлем»
Шөліркеген көңіліңді басар Кеңшілік жырлары осындай. «Томарсып жатқан бір әлемнің» кілтін таба білсең – ол Өлең-терапия!
Абайдың «Жидебайы», Мұқағалидың «Қарасазы» секілді Кеңшіліктің «Ақшығанағы» да ақынның бүкіл рухани әлемін, шығармашылық өзегін айқындайтын киелі топырақ. Жидебай Абайдың даналығымен астасса, Қарасаз Мұқағалидың мұңымен сабақтас. Сол сияқты Кеңшілік поэзиясын да Ақшығанақтың ақ топырағынсыз елестету мүмкін емес.
Әсілі, Ақшығанақты ақын жырларындағы негізгі көркем кеңістік деп қабылдауымыз керек. Ол – адам тағдыры мен мінезі тоғысқан тұтас поэтикалық әлем. Ал ол әлемді «Төлеутайдың төрт қызы», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Әубәкір туралы элегия» секілді сюжеттік өлеңдері тереңірек аша түседі. Бұл шығармаларда адам тағдыры «Ақшыған-кеңістіктің» заңымен өріліп, әр кейіпкер – Ақшығанақтың мінезіндей әсер қалдырады. Адам бейнесі өмір шындығымен астасып, тағдыр талқысы арқылы нанымды көрініс тапқан. Оның соғыс салдарынан жастай жесір қалған жеңгесінің тағдырын арқау еткен, сол дәуірдегі мыңдаған қазақ әйелдерінің қайғы-қасіретін жинақтап көрсететін «ФЗО-ға кеткен жеңешем» және «Көшу» балладаларында адам жанының күйзелісі терең ашылған.
Алысқа шығармай-ақ үнін жатық,
Шым-шымдап баяу ғана шымырлатып,
Жеңешем жарқ-жұрқ етіп ақ тамағы,
Келеді «Бір баланы» ыңылдатып...
Өлең тілінің шұрайы мен көркемдік бояуына, сөз кестесінің бедері мен өріміне, һәм ширақы жырдың бейнелеу тәсіліне назар аударыңызшы. Бірден елітіп әкетеді. Тұнған сурет. Мұңлы монолог.
Сар қамыс, сояу қамыс бас алмаған,
Бас алып көк құрағын шаша алмаған.
Саусақтың саласындай сабау қамыс,
Сабағы шашбауланып жасанбаған.
Қол созым қоға көлдер құстар қонған
Күршектің күпшегіндей ысталмаған.
Жағадан апыл-ғұпыл көшкенде ауыл
Омырауы алқа-салқа қыстау қалған, – деген жолдар соның дәлелі.
Жүрегіңді сыздатар ой азабын арқалаған бұл шумақтардың өзегінде табиғат пен адам тағдыры қатар өріледі. Ақын пейзаж арқылы тек көрініс емес, өмір философиясын бере білген. Табиғат – тағдырдың айнасы. Осындай бейнелі детальдар арқылы Кеңшілік Мырзабеков қазақ өлеңінің көркемдік кеңістігін кеңейтіп, поэзияны тек сурет емес, сезім мен ойдың тұтас әлеміне айналдырып жіберген.
Ал «Төлеутайдың төрт қызы» – ауыл ішіндегі қарапайым тіршіліктің өзінен тағдырлық салмақ таба білген сіңірлі шығарма. Ондағы әр бейне – қарапайым болғанымен, ішкі драмасы терең адамдар. Ақын осы арқылы Ақшығанақтың төсінде де жүрек тартысы, үміт пен мұң қатар өмір сүретінін көрсетеді.
Кеңшілік ақынның бұл өлеңі жөнінде белгілі қаламгер Айгүл Кемелбаева: «Төлеутайдың төрт қызы» атты өлеңнің драматургиялық нұсқасы бірден көзге елестейді, алғаш оқыған сәтте басымда қысқаметражды фильмге сценарий немесе театрға лайықтап жазу идеясы туғаны текке емес. Бұл балладаның сахналық мизансценаға сұранып тұрғаны Кеңшілік ақын өзі көзі көрген туыстарын, жақын тартқан жерлестерін – тірі адамдарды жаны сүйіп, кейіпкер қылудың, реалистік бейне сомдаудың артықшылығынан туды деп білемін» деп жоғары баға берген.
Соғыстан кейінгі елдегі өмірдің шындығы, әрі Кеңшілік шығармашылығынң басты тақырыбы осы.
«Әубәкір туралы элегия» – жеке адам тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің мұңын сөйлететін шығарма. Мұнда жоқтау мен еске алу ғана емес, адам өмірінің өткіншілігі, дала төсіндегі әр ғұмырдың ізсіз қалмайтыны туралы терең философиялық ой жатыр. Елге тек жақсылық жасауды ғана мақсат еткен, жомарт мінезді жанның аянышты да аяулы тағдыры сенің де жүрегіңді шымырлатады.
Әубәкір – ауыл ішінде ұсталық өнерімен танылған, шебер қолынан шыққан бұйымдары талай шаңырақтың қажетіне жараған, бірақ өзі ешқандай дүние-мүлік жинамаған қарапайым адам. Қолына түскенін елге таратып, өз пайдасын ойламайтын осы бір кең пейілді жанның артында ұрпағы жоқ. Өмір бойы өзгеге қызмет еткен адамның аты қалайша ұмыт қалады?..
Сәбилік күннен санамда қалған бұл бір жай,
Алыстап кетті алдымнан қашқан бұлғындай.
Атаусыз шаңырақ, ақаусыз қаңырап қалды ғой,
Атын бір қосып ешкім де оны жыр қылмай.
Әр үйге тарап құсауызы мен қышқашы,
Әйелін алды әйелі өлген тұстасы.
Жаншора шалдың сөзі еске түссе ойлаймын,
«Пышаққа қашан жарыған қазақ ұстасы».
Жүрекке мұң түсірмей оқу мүмкін емес...
Сонымен бірге «Әубәкір ұста туралы элегиясында» ақын драмалық тәсілдерді ұштастыра отырып, кейіпкер тағдырын астарлы мағынамен, әсерлі де шынайы бояулар арқылы бейнелеген.
Осы қатарға «Боз бие немесе тың жыртқан жыл» өлеңін қоссақ, ақын поэзиясының тағы бір қыры айқындалады. Бұл шығармада табиғат пен тарихи өзгеріс қатар өріледі. Тың игеру дәуірінің ауыр салмағы, уақыт пен кеңістіктің өзгеруі – бәрі бір символдық жүйеге айналады. Боз бие бейнесі арқылы ақын дала рухының жарақатын да, тіршіліктің үзілмес жалғасын да қатар бейнелей білген.
Тың жыртқан жылы тарақ табанды трактор кең даланың төсін қалай тілгілесе, Кеңшілік ақынның мына шумақтары да жүрегіңді солай тілгілеп түседі.
...Айызы қанып айбалта – темір тілгілеп,
Сақталған сүрдей шым топырақтарын сүргілеп.
Құрым іңірде қылт ете қалып құйрығы
«ХТЗ»-лар қытықтап қырды жүрді көп...
болмаса
...Түн құшағында түнеріп жатты байтақ қыр,
Боз бие басын сүлесоқ қана шайқап тұр.
Астары мынау аударылып қалған тың жерге
Ащы көденің шықпай қалғанын байқап тұр.
Шырқы қашқан шұрайлы өлкедегі боз биенің зарымен тұтас қазақтың қасіретін бейнелеген осы өлеңді ақын 18 жыл бойы жариялата алмай жүріпті..
Ол туралы ақынның өзі өмірінің соңғы кезінде жазылған естелігінде былай дейді: «...Мен бесіктен белім жаңа ғана шығып, әдебиетке әлі толық келіп үлгермеген кезімде «Боз бие немесе тың жыртқан жыл» деген дүние жаздым. Осы өлеңді он сегіз жыл жариялата алмай жүріп-жүріп, 1985 жылы ақын Иранбек Оразбаев «Жазушы» баспасында менің жинағыма редактор болған кезде әрең-әрең шығардым».
Кеңшілік Мырзабеков – соғыстан кейін дүниеге келген буынның өкілі. Оның өлеңдері мен балладаларында өзі өмір сүрген дәуірдің қайғысы мен қасіреті, мұң мен шері айқын көрініс табатыны содан. Терең драматизмге толы жырларының кейіпкерлері арқылы сол кезеңнің рухын дәл беріп, уақыттың жүрек соғысын сездіргендей әсер қалдырады.
Осы жерде Кеңшіліктің қазақ поэзиясында лирикалық сезімді терең психологиялық иіріммен, ал сюжеттік өлеңді шағын поэтикалық новелла деңгейіне көтерген ақын екенін бөліп айту керек. Оның поэзиясында лирика мен сюжет бір-бірінен ажырамайды. Сюжеттік өлеңдері лирикалық сезімге толы, ал лирикалық өлеңдері шағын оқиғаға ұқсайды. Яғни, Кеңшілік поэзиясы – «лирикалық сюжет» пен «сюжеттік лирика» тоғысқан жүйе.
Бұл ерекшелік ақын шығармашылығын біртұтас көркем әлем ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, себебі әрбір оқиға сезіммен, ал әрбір сезім белгілі бір өмірлік жағдаймен байланысты.
Кеңшілік Мырзабеков поэзиясында табиғат та, адам да, тағдыр да – бәрі Ақшығанақ деген кеңістіктің ішкі заңдылығымен өмір сүретіндей. Ақын жырларынан біз Ақшығанақты, оның адамдарын, мінезін, уақытын дөп танимыз. Сол арқылы Кеңшілік поэзиясынан Ақшығанақтың өзін, оның тірі рухын сезінеміз.
Ақшығанақтың ерке желі Ақын өлеңдерін парақтап тұрғандай ма?..
Мұхарбек Жәкейұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
