Бүгін – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке майданына араласып, қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік өрнек-ізін қалдырған ақын, журналист, аудармашы Есләм Зікібаевтың туғанына тоқсан жыл толды.
Отыз алтыншы жыл, бесінде тудым маусымның,
Талайын көрдім тəкəппарсынған «тау-шыңның», -
деп жырлаған ақын Есләм Зікібаев 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин (қазіргі Есіл) ауданының бұрынғы Жанатай, қазіргі Өрнек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
Мұңға бергісіз сырыма бір сəт құлақ сал,
Өрнегім менің – дүниеде жоқ жұмақ-шəр, -
деп ерке Есілдің жағасын ақ қайыңдар мен қызыл қарағайлар көмкерген сұлу өлкесін жыр арқауы еткен туған ауылы Өрнектегі мектеп бүгіндері Есләм Зікібаевтің атында.
Сарыарқаның кіндік тұсынан басталып, Торғайдың ұлан-байтақ жазығынан кілт бұрыла көлденеңдей аққан Есіл судың толыса, толқындана ағып, ұлы Ертіске бағыт түзеген ну орманды, көк шалғынды, шүпірлеген көп тостағандай тостағандай мөлдір көлді атырабы – Қазақстанның солтүстік аймағы. Ұл тарихындағы небір елеулі есімдерді өмірге әкелген құтты қоныс – Есләм Зікібаев жырының алтын арқауы:
Қасіретті, қасиетті аймақ – шеңберлерім,
«Елім-айлап» еңіреген ерлер демін.
Сіміріп жастайымнан жұтып өстім,
Қожаберген, Шал ақын, Мағжан, Сəбит...
Туып-өскен бесікте тербелгенмін...
Әр шығармашылық иесінің ғұмыр тарихы жазбасында өзінің шыққан тегі, өскен ортасы туралы мәліметтердің болуы заңдылық.
Даңқым асқақ болмаса да, атым – айбын.
Жанатайдан жалғасқан алтыншы ұрпақ –
Мен, бəлкім, мақтануға татымаймын,
Бəрібір алдымда үлкен жатыр айдын, -
деп өзі жырлағанындай, Есләм Зікібаев – Абылай заманында ел қорғаған әйгілі батыр, атығай құдайберлі Жанатай Ақанұлының (1723-1771) ұрпағы. Ел жадында есімі қалған батырдың ұрпағы екенін айта отырып ақынның өзі мынадай мағыналы ой айтқанын көреміз:
Көңіліме толса да, толмаса да,
Біреуді зор, біреуді қорға сана.
Демеген арғы-бергі бабаларым.
Əр қазақ түп-тегімен мақтанады,
Бірі артық, бірі кем болмаса да.
Расымен де, кейде қызды-қыздымен, арғы ата-бабаларының даңқын артық асырамын деп «құмалағын төрттен қойып жіберетін» жағдайлар аз емес қой. Ақынның бұл айтып отырғаны – кісіліктің аясындағы орынды мақтан ғой.
...Қаражардың басына –
Қара жаяу жететін ек бəріміз.
Содан, содан келгенінше əліміз,
Мая салып, шөп шауып...
Тірлік қамын ойлаушы едік тырбанып,
Бір пенде жоқ тың қайтатын, тың барып...
Кəрі-жасы шар болаттай шыңдалып,
Майдандағы ерлерді жоқтатпаған бұл халық!
Жаһандық екінші соғыс тұсына тап келген ақынның балалық шағы қиыншылықпен күрес, шыңдалуда өтеді. Әкесі Зікібай ерте өмірден өтіп, отбасы тірігінің ауыртпалығы бес баланың ішіндегі ұлдан үлкені Есләмнің мойнына ерте түседі. Он бір жасынан бастап шаруаға араласқан жас Есләм су тасып, мал жайып, шөп шабады. Туған өлкесінде кең етек алған тың игеру науқанына да атсалысады.
...Жетісудың тауларын, далаларын,
қалаларын... армансыз араладым.
Жұлдызым да жанды алғаш осы жерде,
Туды осында ұл-қызым, балаларым, -
деп өзі жырлағанындай, жиырма жасында қазақ даласының түстіктегі Хан Тәңірлі қалқаны Жетісуға арман жетегімен жеткен ақынның бұдан кейінгі өмірі негізінен осында өткен екен. 1956 жылы қазіргі ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне түсіп, 1961 жылы бітіріп шыққан жас журналист Есләм Зікібаев мамандық бойынша еңбек жолын Республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастайды. Бұдан соң «Қазақстан әйелдері» журналында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Жетісу» газеттерінде журналистік қызмет атқарады.
Ақынның алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық жастар газеті «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») жарық көрген.
Қалам маған – күйшінің домбырасындай –
Мағжан, Сəбеңнің қалдырған мол мұрасындай.
Шабытымды шалқытып, көңіл құсымды,
Алатау құзарындағы қондырар шыңдай.
Журналистік қызмет пен әдеби шығармашылықты ұштастыра жүріп, өмір көшін алға оздырған қаламгердің қызметі баспа саласымен тығыз байланысты болды.
Әр жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы, «Жалын» және «Жазушы» баспаларының редакция меңгерушісі, «Кітап жаршысы»-«Друг читателя» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1986-1996 жылдары ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі болып қызмет атқарған. «Есләм поэзияға кешігіңкіреп келді. Алайда, кенже қалған жоқ. Ақындық өнер санымен емес, сапасымен өлшенер болар. Ақынның негізгі тақырыбы – азаматтық, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік», - деп қаламдас ағасы Мұзафар Әлімбаев айтқанындай, Есләм ақын өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап өндірте жазған екен.
Ескексіз қайық – еркіміз желде, желкенде...
Ойланған кім бар, шында да ез бен ер тең бе?
Бүгін күн өтер бұқпалап ғұмыр кешірген,
Не бетімізбен қарар екенбіз ертеңге?! -
деп, кеңестік дәуірдің идеологиялық құрсауындағы, аясы шектеулі шығармашылық кеңістікті ишаралаған ақынның қаламынан әр жылдары «Ақ қайыңдар» (1975), «Аққу арман» (1977), «Мен космонавт боламын» (1978), «Ақ қайнар» (1982), «Ақ айдын» ( 1980), «Ақ сағым» (1982), «Алтын сағым» (1985), «Верую в людей» (1989), «Құс ғұмыр» (1992), «Дүние жалған» (1998), «Арна» (2001), «Жыр тағдырым» (2003), «Қас қағым сәт» (2004), «Армандай ғұмыр» (2007), «Өмір – бәйге» (2007) атты жыр жинақтары жарық көрген екен.
Қайыстай қандырам деп сөздің иін,
Ойлаумен озды күнім, тозды миым.
Шыңдарға шыға алмасам өз күйігім,
Өзіме жетіп жатыр өз биігім, -
деп, өлең өлкесінде өз биігін айқын бейнелеген ақын аудармамен де шұғылданады. Ол сербтің әйгілі ақыны Иован Змайдың, башқұрт ақыны Шәріп Бикколдің, қырғыз ақыны Жәлил Садықовтың, түркмен ақыны Керім Құрбаннепесовтің туындыларын қазақ тіліне аударған. Ақынның төлтума жырлары мен аудармаларына көптеген әндер де жазылған.
Шығармашылық, пен қызмет саласындағы еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Өзі туған Есіл ауданының Құрметті азаматы. Бірнеше мүшәйралардың жүлдегері атанған ақынның ең басты ұстанымы – адалдық, қарапайымдылық болыпты.
Шаруам қайсы –
Төменде кім,
Төрде кім?
Біреу – ұлық,
Біреу – кішік,
Бөлмедім.
Ауылымның жас-кəрісі, ұл-қызы –
Менің үшін бəрі бірдей – Өрнегім!
«Есләм ақынның ерекше үш қасиеті бар еді: адал, әділ және намыскер болатын. Адалдығы сондай – біреудің жолда жатқан алтынына қол созбайтын. Әділдігінің белгісі – өзіне зиян келсе де, ақ істі ардақтаудан аянбайтын. Ал намыскерлігі қандай десек – біреу жазықсыз жәбір көріп жатса, оны өзін қорлағандай көретін. Жәбір көрушіні қорғап, жиындарда жалынды сөз сөйлейтін, жәбірлеушіні әшкерелеп, отты өлеңдер жазатын», - деген екен, қазақтың көрнекті қаламгері Әзілхан Нұршайықов, «Ақынның үш қасиеті» атты эссесінде. Ақын жырлары – қоғамның айнасы. Ақын өзінің шығармашылық ғұмырында қоғамдағы жарқын сәттерге қуаныш-сүйінішін, көлеңкелі, келеңсіздіктерге деген күйінішін ақ қағазға таңбалап өткенін көреміз:
Мен де тоқпын, ол да тоқ, тоқ – айналам...
Айналамның бəрі тоқ, тоғайды Адам.
Қарыны тоқ, араны аштар қаптап,
Кетпеді ме екен деп көп ойланам.
Ақын өлеңіне кешегі бір жылдары арқау осы бір «аштық-тоқтық» мәселесі – қазіргі күні де өз күшінде тұрған жоқ деп айта аламыз ба? Қоғамның жан сыздатар алуан қалып-күйіне өз үнін қатпаған ақын – ақын ба?
Бақ та, мансап, байлық та – құрығанша,
Сауап қой, мұны екінің бірі ұға алса,
Шындық деп шымшықтайын шырылдайсың,
Елеп жатқан ешкім жоқ мұны да онша,
Айттың не, айтпадың не, құр жаңғырық,
Жан тыңдамас шындықтың құны қанша?
Ақынның беймаза жүрегі қоғамдағы ақиқаттың үні үшін мазалы. Ақынның айқай дауысы жартасқа барып соғылған құр жаңғырық күй – Абайдан ары да, бері де көрініс тауып келе жатқан кәнігі күй ғой. Есләм ақынның жырларынан да осы бір күй аз қылаң бермейді.
Бір таңды бір таң бүгін,
Айналып шырқайды мың.
Қалдырып кетер бір күн,
Мені де жыр-тағдырым.
Арқада туып, ару Алматыда өркен жайып, шығармашылық ғұмырнамасын қалыптастырған Есләм Зікібаевтың ақын жүрегі 2022 жылы 12 сәуірде соғуын мәңгілік тоқтатқан екен. Есілдің ерке самалындай жан жадыратар жайдары жырдың шебері Есләм ақынын елі-жұрты тоқсан жылдығына орай лайықты еске алар сөзсіз. Ақынның өзі өмірден өтсе де, жыр-ғұмыры туған халқымен мәңгі жасай бермек.
