Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Жүсіпбек Қорғасбек. Бәлкім, екінші «Менді» мен жаз...

Жүсіпбек Қорғасбек. Бәлкім, екінші «Менді» мен жазатын шығармын

139

Жүсіпбек Қорғасбек. Бәлкім, екінші «Менді» мен жазатын шығармын - adebiportal.kz

Біздің жұмыстың қызық жері – кейде елмен бірге әдеби әңгіме тыңдауға барып,  басқа бір  жаңа ой тауып қайтасың, кейде екі жыл бұрын жоспарлап, со күйі сәті түспей қалған сұхбаттың ойламаған жерден реті шыға қалады. Кеше тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған «Қаламгер ұстаханасына» келіп лекция оқыған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағамызбен солай болды. 

Кеш қалған шындықтың елесі секілді, адамның амалсыз көтеріп жүруге мәжбүр болған ауыр естелігіндей «Жансебілді» бәріміз оқыдық. «Үлпілдекті» оқып, жазушы қалай жазып отыр, нені айтып отыр деп басы қатқандар да бар шығар. Дегенмен, түсінесің, бізде қалам ұстағандардың бәрі өз дәуірімнің үнін жазып жатырмын деп ойлайды, бірақ, әдебиетті ойдан құрастырылатын емес, адам жанының шындығынан туған рухани куәлік деп түсіну мүлдем басқа нәрсе. Осы жағынан келгенде Жүсіпбек Қорғасбек уақыттың сыртынан емес, ішіне сүңгіп көріп тіл қататын жазушы.  Оның шығармаларында қазақы мұң мен интеллектуалдық сергектік қатар тұрады. Лекциясындағы ойлары мен «Кельндегі көкжалдан» келтірген үзінділері жазушының кеңістікті де символдық деңгейде қабылдайтынын байқатқандай. 

Сонымен бүгінгі сұхбатымыздың қонағы – белгілі жазушы, тәуелсіз «Тарлан-Үміт», ұлттық «Айбоз», меценаттық «Қазіргі қазақ романы» сыйлықтарының жеңімпазы Жүсіпбек Қорғасбек.

 

Кей нәрсені айтуға қақым бар деп ойлаймын

 

- Жүсіпбек аға, кешегі лекцияда Бейімбеттің бастапқы кездерде жазған әңгімелеріндегі аяқталу нүктесі жайлы айтқаныңыз кәдімгідей ойландырып тастады. Бұл айтқаныңызды түсінбей, қабылдай алмай қалғанымызды да байқаған шығарсыз? Ия, жазушы өзі бастан кешкенін жеткізе жазады және айналып соған келе беретіні рас. Бұл бір жағы психиканың ерекшелігі, бір жағынан жазуға келетін адамдардың осы бір жанкештілікке әлдебір патологиямен де келетінін шамалаймыз. Осыған ұқсас тағы қандай тұжырымдарыңыз бар?

- Бейімбет Майлин «Күлпаш» әңгімесін 1922 жылы жазған. Онда 1920-21 жылдардағы аштық көрініс береді. Халық жаппай қырылған аштықтың көрінісі жоқ. Керісінше, «Айт күндерінде» құрбандық шалынып, мал сойылып жатады. Елдің бәрі айттап жүреді. Бейімбеттің аштық туралы басқа әңгімелерінде де солай. Жазушы бір нүктеге айналып соға береді. Кейіпкерлері де бірдей, олардың әрекеттері де ұқсайды. Әке мен бала дәрменсіз, шеше тамақ іздеп кеткен. Бейімбеттің өзі де кішкене күнінде әкесі өліп, байдың сауыншысы болып жүрген шешесінің қолына қарап қалады. Шешесінің жолына қарап аш отырады. Сондағы жан жарақаты мен кейінгі оқиғалар үндесіп отыр. Оны осы аталған әңгімелердің масштабынан да көруге болады. Жазушы бір нүктеге айналып соға береді.

Ғабит Мүсіреповке де жас жеткіншек күндерінде көргендері мен естігендері қатты әсер еткен. Әйтпесе Кенесарының кім екенін білмейтіндей адам емес. Бірақ, «Ұлпан» романында Кенесарыны қарақшы етіп суреттейді. Кенесары Ғабиттің ауылын шапқан. Оның әңгімесі үлкендерден Ғабиттің құлағына жеткен. Ол да жарақат.  Ондайлар көп.

- Көп деп отырсыз ғой, тағы мысал келтіре аласыз ба?

- Оралхан Бөкейдің жас кезіндегі өмірі де кейінгі жазған шығармаларына қатты әсер еткен. Оны маған өзі айтып берген. Бір қол тигенде жазармын деп жүрмін. Үлкендерге өзімді қосып айтсам, айып етпессіздер. Менің әкем алпысыншы жылдары Сібірге айдалған. Әйтпесе бухгалтер, математик болатын. Ләтипа деген кіші шешеміз «Молдажан екі жыл итжеккенде болып, маған бір пар бәтіңке әкеп берген» деп айтып отыратын. Әкемнің «Бір бір жігіт бір вагоннан секіріп түсіп, біздің вагонға қарай жүгіріп келе жатқанда көз алдымызда суыққа қақалып өлді» дегені есімде қалыпты. Біздің ауылда Зейнел Кіндікбаев деген мұғалім болды. Бастауыш мектепте маған сабақ берді. Түске дейін мектептеміз, түстен кейін екеуміз бірге ауылдың аяқ жағында қой бағамыз. Бірде қой бағып жүргенде мұздың үстіндегі құрақты таяғының ұшымен шұқып көрсетіп: «Сібірде мұз қатқанда құрақты шалғымен шапқандай жапырып түседі» деген еді. Сөйтсем, ол кісі отыз жетінші жылы ауданда бір мекемені басқарып тұрып, халық жауы боп ұсталып кеткен екен. Одан штрафбатқа сұранып, әйтеуір ақталып келді. Бүкіл тісін қағып алған ғой. Қайтып қызметке жоламай, бастауыштың мұғалімі болып өтті. Әкем де есепшілікке жоламай, звено жетекшісі болып, қара жұмыс істеді. Әйтпесе математикадан сабақ беретін бір мұғалімге бір қиын есептің шешуін шығаруға көмектескенін білемін. Үйге бір қызылын көтеріп, учетчик келіп ақылдасатынын да ұмытқамыз жоқ. Кейін сол Зейнел атамыз бен әкем туған құда болды. «Жансебілді» жазуыма сол да түрткі болған шығар. Мен қазір ондай тақырыптарды жазсам, оңашада отырып жылаймын. Мәскеуге көрмеге дейін барса да, әкем көрген қорлық қанмен маған да берілген сияқты. «Кельндегі көкжалды» жазғанда, сондай депрессияға түсіп кете жаздағанымды әлеуметтік желіде жаздым.

Жалғыз ол ғана емес, «Өлікөл» деген бір повесть жаздым. «Жұлдыз» журналында проза бөлімін басқарған Рамазан Тоқтаров оқып көріп: «Мұқаң мұны нөмірге салуға тиіс» деп сүйіншіледі. Мұхтар Мағауинге кірсем: «Бұл повесіңді қазір ешбір газет-журнал баса алмайды, мен ғана баса аламын, бірақ мен баспаймын» дейді. «Неге?» десем, «Сен мен екі рет жұмысқа шақырғанда, келмей қойғансың» дейді. Ол туралы соңғы бір сұхбатында өзі де айтты. Содан жазуға көңілім қатты суыды. Дәл сол кезде жарияланғанда, классик болып кетер едім. Отыз жылдан кейін сол повесті кітаптан оқыған Смағұл Елубай телефон соғып: «Сен сол кезде осындай повесть жазғансың ба, біз неге білмегенбіз?» деп таңғалды. 

Арғы-бергіден мұндай оқиғаларды көп білем. Себебі, жас кезімнен Оралхан Бөкей қасынан қалдырмай ертіп жүрді. Үлкен орталармен араластырды. Кей нәрсені айтуға қақым бар деп ойлаймын. Ал кейінгілердің өздері білмейтін нәрсені бір жерден оқи салып, біреуге біреуді қарсы қойғанына қарсымын. Себебі, олардың бәрі бет қаратпастай тұлға болды, сонымен бірге адам қорқатындай пендешіліктер  де жасады. Біреуі өзін талатып қойып қарап отырған жоқ, азуларынан қандары ағып шайнасты. Мен оны өзім білем, соның өзінде айтқым келмейді. Бәлкім, екінші «Менді» мен жазатын шығармын.

Жазушының жас кезі

- Ал енді біздің ұлттық мифтерді сынағаныңызды өзімізше түсіндік, шамасы қазақ қоғамында «ұлы дала», «көшпенді философия», «рухани код» сияқты ұғымдар кейде нақты мәдени анализдің орнына жүретін лозунгқа айналып кеткенін сынап отырған шығар деп топшыладық. Лекцияны тыңдаушылар арасында белгілі жазушылар отырды, жазушының өркениет тек мұхит жағасында туады дегенін тым еуроцентристік көзқарас деп қабылдағандар да болған шығар, иә, теңіз сауда мен мәдени алмасуды күшейтті, бірақ құрлықтық өркениеттер де адамзат ойына орасан ықпал еткенін білеміз. Сіз бұл жерде провокация ретінде қызық ой тастап отырған шығарсыз? 

 

-        Жоқ, провокация емес. Өркениет бәрібір мұхиттар мен теңіздер арқылы тарайды. Түріктер біршама дамып кеткен. Әдебиеті де, киносы да мықты. Олар бізден көштік дейді. Бірақ бес теңіздің ортасында отыр. Лондонның іргесін Атлант мұхиты шайып жатыр. Теңіздер мен мұхиттарда құрлықтағыдай шекара жоқ. Біз ұлы дала деп жүрген жерді шекара қоршап жатыр. Бір ғана Ормуз бұғазы әлемге әйгілі болды. Иран бәрібір өркениеттердің тоғысында тұр. Түркиядағы Босфор бұғазының аңыздары да әлемге ортақ. Орхан Памуктің аты теңіздер қоршаған қаламен шықты. Эмиль Золяның аты Парижбен қатар аталады. Біз Алматыны жазсақ, оны кім біледі дегендей ғой. Егер әлемдік қаржы орталығы болсақ, оған да жетуіміз мүмкін. Әдебиетте теңіздер мен мұхиттар сияқты шекара болмаға тиіс қой деп ойлаймын. Осыған байланысты «Кельндегі көкжалға» енген бір өлеңімді айтайын:

Алақандай ауылымның қасында,

Суға толып ұлы теңіз табаны.

Алып балық жүзсе деген жасымда,

Арманымды ұмытқам жоқ мен әлі.

 

Арманымның сан керіліп желкені,

Дейтін едім көк теңізден мені ізде.

Алып балық жүзіп бірақ келмеді,

Ол жүзетін болмады ұлы теңіз де.

 

Болған бірақ, 

Бағзыда бір заманда,

Таулар қалып,

Теңіз көшкен тайланып.

Кеткен дейді сонда басы аманда,

Алып балық алып ағашқа айналып.

 

 

Әдеби сын кейде интригаға айналып кеткен сияқты көрінеді

 

- Ал енді  лекция соңында Маржанның сын туралы сұрағына «сын дегенді өткен ғасырда жазушыны тұқырту үшін ойлап тапқан» деген бағытта жауап бердіңіз. Осы ойыңызды кеңірек ашып жібересіз бе? Сонда шығармасының жетпей тұрған жерін айта бастағанды «мені көре алмай жатыр, мені жоқ қылмақшы, мені жек көреді екен» деп түсінетін біздің қаламгерлердің ойы дұрыс болып шыға ма? 

-        Жоқ, олай емес екені екібастан. Мен бір эссемде: «Күлпетшілерге жауап. Біз әдеби сынның отыз жетінші жылдың басты қаруы болғанын бәрібір ұмытпауымыз керек. Жалпы, мұндай ауыр сын бізге орыс әдебиетінен келді. Ал, ол қасірет шегуші әдебиет. Қазақ әдебиеті қашаннан рухы биік, күрескер әдебиет еді. Бірақ, тағдыр бізді қасіретшіл әдебиеттің жолына әкеліп салды. Белинскийдің сынының өзі әлеуметтік қиыншылықтармен ұштасып жататын. Себебі, оның өзі де жоқшылықта өмір сүріп, жанымен бірге тәні де дертті болды. Орыстың қай жазушысын алсаңыз да әлеуметтік әділеттілікті айналып өтпейтіні содан. Ол кезде әлем әдебиетінде маскарадтық, карнавалдық, комедиялық, трагикомедиялық сюжеттер жарыса жазылып жатты. Адамның ындыны не қалайды, қандай эстетикалық әсерге бөлеуге болады, армандарын қалай жүзеге асырады деген мәселелер көбірек қызықтырды. Олар өмірді адамдар тамашалап көретін театр сахнасы сияқты елестетті. Тіпті, соғыс картиналарын да, өмірдің басқа қайғы-қасіреттерін де шоуға айналдырып жіберетін секілді еді. Ал біздің ұлы орыс әдебиеті дейтін себебіміз, ол ұлы қайғыға шөккен, ұлы қасіретке батқан әдебиет болатын. Әрі-беріден соң арғы-бергі орыс революцияларын дайындаған да сол әдебиет болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдай қазан төңкерісінен кейін соцреализм әдебиетінің қалыптасуына қолайлы жағдай тудырды. Соның негізінде әлеуметтік кек алу науқаны басталғанын жоққа шығару қиын да шығар. Міне, осы бағытта кеңестер одағы үстемдік құрған жер шарының бір жартысында соцреалистік әдеби сын кәріне мініп шыға келді. Бұл сынның қауіптілігі, шығармашылық адамын көптің талауына салатынында болып тұр. Яғни, сыналған шығарма авторы міндетті түрде бір жаза тартуы тиіс, жаза тартпаған күннің өзінде жер басып жүре алмай қалуы керек. 

Мен «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Өсу мен өшудің арасы екі-ақ тармақ» атты эссемде тап осы жайттар туралы: «Сыналған адам жер басып жүре алмай қалады» деген қағида қуғын-сүргін жылдары санаға сынадай қағылды. Енді оны суырып алып тастасаң да, орны «бұл арада мен болғам» дегендей сыздайды да тұрады. Абайдың белгілі ақын-жыраулар туралы екі жол өлеңі сол себептен де бұрын да, қазір де белгілі бір дәрежеде қолайсыздық тудырумен келеді. Өлеңде аты аталған азулы да адуынды үш ақыннан қысылғандай, әлі күнге дейін пұшайман күй кешетінімізге басқа себеп табу да қиын», - дей келіп:

«Сондықтан бұл сынның қазақ қоғамына зияны тиеді-ау деп қорғалақтаудың қажеті бола қоймас. Қайта дәл осы сыннан қазақ руханиятында ренессанстық қозғалыс тууы мүмкін еді. Егер заман тыныш болғанда, бұл шынымен де ренессанстық мәдени өрлеуге бастар еді. Өкінішке қарай, сын ұлт­ың өсу құралы емес, өшу, яғни, өш алу құралына айналып кетті», - деппін. 

Біз содан арылуымыз керек. Үлкен жазушылардың бір-бірін жақтырмауы, бәсекелес болуы, оңдырмай сынауы қалыпты жағдай. Ол сыннан олардың ешбірі әдебиет тарихында жаман жазушы болып қалған жоқ. Қайта оларды түсінуге көмектесті. Жалпы, әдеби сын көркем шығарманы тануға, оқырманның түсініп оқуына, авторға мотивация беруге қызмет етуі тиіс. Ал енді қандай роман болса да, қолынан жазу келетін адам жазса, түкке алғысыз болуы мүмкін емес қой. 

Қазір қазақ әдебиетінде ең мықты әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке екенін бәрі мойындайды. Сол Әмірхан Меңдекенің біреуді жатқызып-тұрғызып сынағанын көрдіңіз бе? Мысалы, Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан» деген әңгімесі туралы «Жас Алаш» газетінің бір бетін толтырып өте жақсы мақала жазды. Ал ұнамағандар туралы екі ауыз сөз жазады да қояды. «Көре алмай сынады, жоқ қылмақшы» дегеннің бәрі кеңес әдебиетінде болған. Арнайы тапсырыпен сын жазғандарды да білеміз. Қазір әдебиетте ондай жоқ, құдайға шүкір. Бірақ шығарманы ит тартқандай қылып сынайтындар бар. Содан соң әдеби сын кейде интригаға айналып кеткен сияқты көрінеді. Саяси интригаға ұласып кетіп жатқандары да бар. Бірақ оның бәрі шығарманың көркемдік деңгейіне қатысты емес.

 

Кельнде жүзден астам көпір бар…

Сіздің «Кельндегі көкжал» романыңыз жақсы таралып, жақсы оқылып жатыр деп естідік, өзім оқымағасын ештеңе айта алмай отырмын. Өткенде желіге «менің романыма қатысты басқа саланың адамдарының пікірі маңызды» дегеніңізді оқып қалдық. Бұл «әдебиетшілер дегеніңіз маған әбден түсінікті» дегеніңіз бе? Олардың не айтатыны, қалай бағалайтыны сізге анық болып тұр ма? 

- Мен бірде Ақберен Елгезектің өлеңдер жинағын талқылауға Асқар Жұмаділдаевты шақырдым. Ақбереннің өлеңдері туралы ойға келмеген қызық пікірлер айтты. Келіссек те, келіспесек те, ақындардың ширауына көмегі тиеді деп ойлаймын. Есенқұл Жақыпбектің өлеңдерін талдауға Тұңғышбай Жаманқұлов, Исрайл Сапарбайды талдауға Әлихан Бәймен келді. Әдебиет туралы ойлары қызық және пайдасы бар. Жоғарыдағы ойды «элита оқуы керек» деген мағынада айттым. Элита оқыса, бәрі оқиды. Олар көп мәселені шеше алады. Әдеби сын үйішілік әңгімеге айналып кетпеуі керек.  

Осы шығармаңыздағы суреттелетін Кельнде болғаныңызды айттыңыз. Романның бас жағын сол жақта жаздым, ондағы мына бір оқиға себепші болды дегендей әңгіме естігім келген еді. Жалпы Кельннің сіз үшін қандай да бір әсері-маңызы бар ма?

- Қайбір жыл Германияны жалғыз өзім он-он бес күндей араладым. Сонда екі-үш нәрсеге назар аудардым. Біріншісі, біздің Алатауымыз сияқты, бүкіл Еуропаға дерлік ортақ Альпі тауын тамашалағаным.  Арғы жағы Италия, бергі жағы Бавария өлкесі болуы керек. Сол жерде бір өзеннен қайықпен өтіп, әйелдерге арналған монастырьге бардым. Германияның бірнеше қаласын кесіп өтетін Рейн өзенінің жағалауында жүрдім. Мюнхендегі БМВ мәшине зауытына кіріп көрдім. Кельн қаласында Еуропадағы ең үлкен собор бар екен. Октоберфест мерекесінде екі күн сайрандадым. Баварияның ойынын, Оливер Канның қақпада қалай тұрғанын көрдім. Одан кейініректе Лондондағы Темза өзеніне кит кіріп кеткеніне куә болдық. Осы көрген монастырь де, шіркеу де, БМВ зауыты да, кит те романда кеңінен суреттеледі. Кельнде жүзден астам көпір бар. Романда ол да бар. Беталды жаза салғамын жоқ, кейіпкерлерімнің тағдырына қатысты болған соң жаздым. Кейіпкерімді сол кеңістікке шығардым.

- Сізді өмірде көрмеген екем, бірақ, тез ойлап, тез жауап беретін адам екеніңіз, логикаңыз аса жетілгені, адамды бір көргеннен бағалап үлгеретін сұңғылалық бары байқалады. Кез келген жерде кез келген сұрақ қойылса мүдіріп қалмайсыз. Өзіңіз жүргізетін бағдарламада да тез іліп, тез жалғап, ең керек тұста ең керек сөзді айтып жіберіп отырасыз. Жазуда да солай секілдісіз, кеше тағы бір романды аяқтадым дегенде, сіздің жұмыс графигіңіз қандай екені қызықтырды. Қаламгер шеберханасы жайлы лекцияда жазушының лабораториясы жайлы, оның ішінде жұмыс тәсілі жайлы сұрақ болуы керек еді…

- Иә, оны айтсам қызық болар еді. Кейінгі жылдарға дейін терезенің алдында тікемнен тік тұрып жазып келдім. «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш» газетінде бас редактор болғаным көп уақытымды жеп қойды. 

Жас кезімізде Таласбек екеуміз азғантай уақыт бірге жүріп-тұрдық. Сол кезде жазуға байланысты көп өнер шығарғанбыз. Ол Толстойлардан бір бет, екі бет аударып, жыртып тастайтын. Оның не десем, жазушы спорттық формадағыдай бабында жүруі керек дейтін. Кейін үлкендер арамызға от салды. Өмірінің соңында орталық моншада кездесіп, әбден шер тарқаттық. Сонда буға көп түскендіктен, оның көзі қып-қызыл болып кетіп еді. Жас күнінде бір ағасын қатты қорғап сөйлейтін, сол жолы әлгі кісі туралы айтқанда жыларман болды. Оны мен Таласбек туралы эссемде жаздым. 

Айтайын дегенім ол емес. Тікеден тік тұрып жазу да сондай бір өнер еді. Тіпті балалар басылымдарына осы жерде тыныш отыр деп басшы ғып қойғанда, түрегеп тұрып жазу үшін кабинетке мінбе сатып алғанбыз. Жоғарыдағы айтқан көп эссе сол түрегеп тұрып жазған жазудың жемісі.

Суретте ортада отырған жазушының әкесі

Сіздің «Жансебіліңіз» о баста ерекше болып келген үлкен туынды. Оның фильмге айналуы – біз үшін, біздің әдеби-мәдени кеңістігіміз үшін де  ғажап игілік болғаны анық. Кеше сіздің әкеңіз жайлы айтқан әңгімеңізден кейін тағы ойландым. Перзент ретінде әкеңізге деген құрмет, сол кезде тікелей қоя алмай іште кеткен сұрақтар, жабық қоғамдағы жабық тақырыптар төңірегіндегі кейбір ойлар сізді кейін жазушылыққа әкелген сияқты. Осы жерде ішіңіздегі кей дүниені шығара аласыз ба? Мысалы, жазушыға өмірбаян керек дейміз, бұны тікелей түсінсең, онда шығар пайым шектеулі болмақ, өйткені, жазушыда интуиция бар, сезіну, түйсік, қиял, сезінгенін, түйсінгенін жазу машығы... ол кейде әкесінің, атасының немесе келер ұрпағының да ғұмырын кешіп көруі мүмкін. Сіз не айтасыз?

-        Иә, бұл сөзіңнің жаны бар. Көрмеген, білмеген, әсер етпеген нәрселерді жазсаң, жасанды интеллекттен айырмаң бола қоймас деп ойлаймын. Әрине, Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» деген сияқты шытырман оқиғалар жазыла беретін шығар. Бірақ Джек Лондон, Эрнест Хенингуэй, Эмиль Золя, Кнут Гамсун, қай-қайсын алсаңыз да, шығармалары жастық шақтарынан хабар береді. Кейінгі Нобель сыйлықтарының лауреаттары Орхан Памук пен Мо Янь да өз романдарының кейіпкерлеріне ұқсайды. Қазір әлемде көп оқылып жатқан романдардың оқиғалары өздерінің саналарының сүзгісінен өткен. Константин Паустовский өзі аралаған жерлерді жазған. Соңғы кезде қазақшаға аударылған Дэниел Киз сабақ үстінде қойылған бір сұрақты романға айналдырған. Патрик Зюскенд «Парфюмерді» жазардың алдында бір елге сыймай, екінші елге көшіп сергелдеңге түскен. Өзінің өміріне де күмәнмен қарайсың. Олардан бұрынғы Иво Андрич те «Дрина көпірін» ауадан алып жазған жоқ. Мәт Хейг бүгінгі суицидті, Жан-Клод Мұғлөве өлмеудің қамын жазды. Анау Чинуа Ачебе «Бәрі де өтеді» деген романында өздерінің жан жарасы мен ұлт басындағы дерттерін қағазға түсірген. Элиф Шафак пен Зүлфі Ливанелінің дерті біздің әйелдерге де ортақ. Романдары өздерінің саяси және әлеуметтік көзқарастарымен ұштасып жатыр. Муракамилерді айта бергенше, соларға да бір назар салып қойған артық болмайды екен. Қазір бәрі қазақшаға аударылып, «Үркерде» талқыланып жатыр ғой. Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған баласы» да тамырсыз дей алмайсың. Өз халқы мен солардың балаларының қасіретін жазған.

 Жазушының өмірбаяны бай болу керек деген көркем шығарманың басты шарттарының бірі болуы керек деп есептеймін. Әйтпесе фантазиясы мықты болғанмен, масштабы жетпей жатады, диапазоны келмей қалады. Бірақ талантың болмаса, Ертіс жағалап кеткен де көп жетістікке жеткізе қоймайды. Қазіргі кезде шығармашылық адамының өзгеше ойлай алуы трендте десе де болады.

 

Бір жазған нәрсені езгілеп, мың рет жазған кездер болды

- Егер бұдан бұрын басқа шығармада болған оқиға кейін жазылған шығарма ішінде тура солай болмаса да, кей тұстары қайталанса, ол плагиат бола ма? Сіз мысалға алған үш жазушыдағы (Жүсіпбек, Ақан Нұрманов, Таласбек) ортақ ұқсастықты жай ғана сәйкестік деп қарасақ ше, ал егер әдейі солай жазды десек, онда ол жерде не мақсат болуы мүмкін?

- Әр шығармаға жеке-жеке қарау керек шығар. Мен шедевр шығармаларды айтып отырғамын жоқ. Орыстың мәтірешкесі сияқты шығармаларды айтып отырмын. Алдымен лекциямның тақырыбына назар аударып көріңізші. «Қазақ әдебиетіндегі интеллектуалды мәдениет» деп тұр. Демек белгілі бір дәрежеде кімнің не жазғанын шамалап болса да білуің керек. 

Тап осы мәселеге әдебиеттің дәуірлеп тұрған шағында қатты мән берілді. Әбіш Кекілбайұлы алпысыншы жылдары «Күй» деген хикаят жазды. Сонда алғаш рет «мәңгүрт» деген образды енгізді. Осы мәңгүрт образын Шыңғыс Айтматов сексенінші жылдары орысша жазған «И дольше века длится день» (кейін «Боранды бекет» болып өзгерді) деген романында қайталады. Содан соң Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» деген романынан да біраз нәрсе алды деп айтып жүрді. Екі шығармада да пойыздар ары-бері үздіксіз ағылумен болады. Оны айтқаннан Айтматовтың аясы тарылып қалған жоқ, бірақ солай айтылды.

Жапонның ертеректегі бір жазушысының әңгімесі бойынша түсірілген «Легенда о Нараяме» деген бүкіл әлемге белгілі көркем фильм бар. Тура сол фильм бас-аяғымен Ермек Тұрсыновтың «Келін» деген атышулы киносында қайталанып тұр. Бірақ оны ешкім плагиат деп айтқан жоқ. Себебі Ермек өз трактовкасымен басқа ортада түсірді. Енді сол жағдай біреудің көңіліне келуі мүмкін ғой. Сондықтан көшірме сияқты деп айтуға қақы бар. 

Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек» романында: «Қызын бүркітше бүріп, илеп жатқан екі орысты анасы екпінімен келіп итеріп тастап, балапанын басқан ана құстай, баласын бас салды. Олай сүйреп, бұлай жұлқып, қызды анасының құшағынан ала алмаған соң, орыстар мылтық дүмін жұмсады. Жанына мылтық батқанда, анасы қызын тастай беріп, алыса кетті. Апыр-топыр екі орысты екі алып ұрып, бірінің үстіне бірін илектеп жатқанда, үшінші орыс тайқып шегіне берді. Босанысымен қашуға оңтайланған Ақбілек апанның ернеуіне жете түсіп, анасының қалып бара жатқанын көріп, қайта апанға түскенде, анасы қызына қарсы ұмтылды. Сол кезде бос қалған орыс анасын жауырын ортадан басып салды», — деп жазды. Сонда бір бәйбіше екі орысты екі бүктеп лақтырып жібергенде, үшіншісіне ауыл еркектері жабыла кетсе

болатын еді, бірақ, олай істемеді. 

Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында Рүстембай мен Нұртазаны бір орыс солдаты алға салып айдап келе жатады. Рүстембай ақыры өлеміз ғой деп, әлгі солдатқа тап береді. Екеуі алысып жатқанда, Нұртаза қол-аяғы дірілдеп қарап тұрады. Бір кезде Рүстембай жеңілерге айналады:

«— Шап, Нұреке, шап! - деп ышқына айқай салды ол қылышқа әлі таңырқай қарап тұрған Нұртазаға.

— Рүстемжан, өмірімде адамға қару жұмсап көрген жоқ едім, қалай шабамын, — деп жылай жауап берді ол».

Ал енді Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» романында: 

«Жұмақан екеумізді нұсқап, орысша бірдеңе деді. Қолдарымызды байлап, бір әскер атпен сүйреп жөнелді. Дедектетіп әкеле жатыр. Біраз жер жүрдік. Орыстың қабағы қату. Қайда, не үшін апара жатқанын бірден білдім. Осы Оңғар байдың қорасына алып келді. Тошала мен тамның ішін ақтарып шықты. Қолына ештеңе іліндіре алмаса керек, бұрқырап ашуланып, жанымызға жетіп келді де екеуміздің де қолымызды шеше салды. Қазақтың момындығына әбден үйренген. Соқталдай екі еркек жабыла кетіп өлтіріп тастауы мүмкін деген ой миына да кірмейтін болуы керек. Адам деп санамағаны ғой. Содан, Жұмақанды желкесінен ұстап, тірсектен бір теуіп тізерлетіп отырғызды да қынаптан жарқ еткізіп қылышын суырды. Бір сәт кешіксем Жұмақанның басы домалап жерге түсер еді. Атылып барып оң қолына жармаса кеттім. Ал кеп алыстық. Итің шиыршық атқан күшті екен. Бойы еңгезердей. Қанша рет күреске түсіп, осы менмін деген балуандардың талайын жығып басынан аттап едім. Мынау орыс әл беретін емес. Сонда деймін-ау, әлгі Жұмақаным… қарап отыр. «Әй, Жұмақан көмектессейші» десем, «адам баласын қалай өлтіреміз деп сүмірейеді», - дейді».

Қараңызшы, соңғы екі шығармада да тілерсектен қағып шөкелетеді. Жеме-жемге келгенде екеудің біреуі айдап келген адаммен алыса кетеді. Жеңіліп бара жатып, екіншісіне көмектес дейді. Ол бұрын адам атып (шауып) көрмегем деп, қалшылдап қарап тұрады. Демек, ел арасында сондай оқиға көп айтылады. Себебі, болған оқиға, бастан өткен ситуация бірдей. Сондықтан плагиат деп айтуға ауыз бармайды.

Керісінше, тағы біреу тап осылай жазса, артық болмайды. Бұл етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен зар. Біреу екі қазақ, бір орыс деп баллада жазса да таңғалмаймын. 

Ендеше менің айтып отырғаным ол емес. Өйткені біз оның солай жазылуына мұқтажбыз. Ал мен лекциямда бұл туралы айтсам, шеберлік сабағы, мастер-класс деп түсінгендеріңіз жөн шығар.

Бұрын сюжеттер, ойлар, эпизодтар өз ортамызда қайталанатын. Бір жазған нәрсені езгілеп, мың рет жазған кездер болды. Ал қазір әлем әдебиетінің белгілі эпизодтарынан құрап жазған шығармалар келе бастады. Сондай бір шығарма ғайыптан тайып әлемдік сыйлыққа ұсыныла қалса, міндетті түрде алдынан шығады. Ал енді өз ауылымды таңғалдырып жазсам болды десе, өздері біледі. Қазір әдеби агенттер қатты жұмыс істейді. Құлағына тисе, сотқа беруі де мүмкін.

- Біздің порталдың жедел сұхбаты үшін уақыт бөлгеніңізге рахмет. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan