Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СЫН
/
Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жеңеше» әңгімесі туралы...

Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жеңеше» әңгімесі туралы сөз

676

Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жеңеше» әңгімесі туралы сөз - adebiportal.kz

Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жеңеше» атты шағын әңгімесі бар. Қысқаша мазмұны былай: Жорай деген басты кейіпкер апасынан кетіп, отбасына аз-маз сарқыт-сый алып, қаладағы жалғыз ағасы Әдөшке аттанады. 

Қаладағы ағасының үйіне келген бетте алдынан Рақыш жеңгесі шығып, мұны «суық» көзбен қарсы алады. Сол сәттен басталған суықтық, долы көзқарас шығарма бойы өрбіп, «жеңгесінің» шынайы образын ашады. Сондықтан ба, Әдөштің қайраты қайтқан, хәлі төмендеген.

Бұл қысқаша мазмұн – бір қарағанда селк еткізбейтіндей, қарабайыр, сюжеті солғын болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз шығарманың құрылымдық тұтастығы мен бөлшектеріне енген кезде, мүлде басқа әлемді ашамыз. Бұл жазу стилі – көптеген жас жазушыларға үлгі болары анық. Өкінішке қарай, қазіргі жазушылар кейіпкерді ашуда немесе диалогты шынайы түрде өрбітуде қателіктерге бой алдырып жатады. Кейіпкердің ауызына қандай сөз салу керектігі, оның характермен қалай байланысу қажеттігі, шынайылығы, оқиға болып жатқан кеңістік пен уақыттың «кейіпкерлерге» қалай көмек көрсете алатыны, көркем детальдардың қаһарманмен бірге қозғалуы секілді мәселелелер де жан-жақты, терең қарастырылмайды. Екі жүз немесе үш жүз беттік романдардың бірінші бетін ашып, оқып, тілдік һәм логикалық қателерден көз сүрінген соң, бірден жабуға тура келетін сәттер көбейіп барады.

Шығарманың бағын ашатын бірден-бір маңызды фактор – көркем тіл. Қандай да бір идеяны яки атмосфераны қабылаушыға (оқырманға) дарыту үшін тілдің көркемдігі мен дәлдігі маңызды. Бұл – бүгін ғана қалыптасқан жоқ, бұрыннан айтылып келе жатқан сын. Мұндайда А.Чехов тілінің нығыздығы мен шынайы бояуын сағынасың. 

Артық сөз – артық эпизодтарды тудырады. Артық эпизодтар бастапқы мотивті бұзады да, шығарманың «тұнығы» лайланады. Бұл – имитациялық фальш.

Хош, шығармаға көшейік. Әңгіме былай басталады: 

– «Мына бір жілікті айналайын Әдешжан мүжісінші. Ауылдағыдай – қайдан болсын түге, тісін тісіне қойып отыр ғой. Мына қалтаны да салдым, ауылдың дәмі ғой. Айтпақшы, әлгі жаман немесі бар екен-ау тағы. Ой, былдырлаған неме-ай, өзін де сағындым-ау әбден. Өстіп жүріп оны да тосырқатып жібереді ғой енді.

Апам тынымсыз сөйлеп жүр.

Қалбалақтап қолы әр нәрсеге бір барады. Бір чемоданды жайлау үшін әп-сәтте үйдің ішін аударыстырып тастады.

О немеге де сақтағаным бар еді, ұмытпасам осында ма екен?

Апам енді сырлы кебеженің қақпағын көтерді».

Айналдырған аз мәтінде қаншама псиологиялық иірім мен сілтемелі (символдық) сөздер бар. Аңғарсаңыз, айтайық. Әуелі символ-сілтемені тауып, талдағанымыз жөн. Мұндай сөздер қазақ дәстүрінде бұрыннан кездеседі. Бірақ әр сөз – өз алдына жеке әлем. Жеке әлем дейтініміз – өзінің табиғаты, қолданатын орны, рөлі, мән-мағынасы, реті мен жөні бар. Апаның жасы үлкен болғасын түрлі «сілтеулерді» емін-еркін қолдана алады. Ал жас бала үлкен кісіге сондай сөз айтса, біртүрлі ерсі болады. Құрдастардың сөз қолданыстары бір басқа.

1-символ-сілтеме: «Әдешжан». Апасы айтқан бұл сөз – сілтеме ретінде емес, тура мағынадағы «еркелету» мақсатын көздейтін сөз. Яғни, апаның психологиясында ең жоғары деңгейде «Әдеш» баласы тұрады. 

2-символ-сілтеме: «Әлгі жаман немесі». Ежелгі таным мен мифтік кеңістіктерде мұндай табу сөздер көп кездеседі. «Көз тимесін» деген ниетпен жақсы адамды «жаман» деп айтқансып, ішінен соған мейірленіп, жылып тұрады. «Әлгі жаман немесі» деп сілтеп тұрған кейіпкері – немересі. Осы орайда, мәтінтүзуге қатысқан маңызды бір элемент-динамиканы айта кетуіміз керек. Бұл – апасының «Өстіп жүріп оны да тосырқатып жібереді ғой енді» дегені. «Тосырқатып» жібереді, яғни қарым-қатынасты суытып, жат қылып жібереді деген ым-ишара, белгі көрініс тауып тұр. Шынында да, қала мен ауыл мәдениеті – екі бөлек ұғым. Бір-бірімен қабыспай қалатын тұстары көп. Қала адамды өзгертеді. Бұл – ақиқат. Сондықтан қалалық адамдардың семиотикалық кеңістігін ащы «шындық» ракурсынан қарауымыз ләзім.

3-символ-сілтеме: «О немеге де». Апасы бұл сөзді салқындықпен, аса ұнамсыз қалыппен айтып отыр. Оның себебі бар. Өйткені ана мен бала арасындағы суықтықты орнатқан да осы «неме». Бұл – келіні Рақыш. Рақышты Рақыш демей, «о неме» деп айтуы – апаның бастапқы психологиялық позициясын айғақтайды. Бұл детальді қанық қылатын екінші жанама деталь бар. Ол мына сөйлемде аңғарылады: «Апам енді сырлы кебеженің қақпағын көтерді». Апаның «сырлы кебеженің» қақпағын ашу арқылы автор келініне беретін бөлек затының бар екенін меңзейді. 

Көркем шығармада кейіпкердің психологиялық портреті – оның ішкі дүниесін, ой-өрісі мен сезімдерін жеткізудің маңызды құралы. Автормен сомдалған бұл портрет оқырманға кейіпкердің мінезін, эмоциялық күйін және оқиғаға деген көзқарасын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл үшін жазушы әртүрлі әдеби тәсілдерді, оның ішінде кейіпкерлердің диалогтары, ішкі монологтары, әрекеттері мен ым-ишараларын пайдаланады.

Кейіпкерлердің бір-біріне қатысты ым-ишара арқылы ойын жеткізуі, символдық тәсілдерді қолдануы, көркем шығарманың айқын әрі ерекше болуына ықпал етеді. Мысалы, кейіпкердің басқа кейіпкердің атын атамай, тек ишарамен немесе жанама сипаттау арқылы ойын білдіруі оқырманға көркемдік тереңдік береді. Бұл тәсілдер, әсіресе, психологиялық шиеленістер мен конфликтерді айқын көрсету үшін қолданылады.

Кейіпкерлердің атын атап, түсін түстемей-ақ, символдар арқылы олардың өзара байланысын көрсету шығарманың мазмұнын байыта түседі. Мәселен, жазушы кейіпкердің бір қарағаны, көз жанарындағы суықтық немесе жылы шырайы арқылы көп мағынаны жеткізе алады. Осындай тәсілдер авторға кейіпкерлердің қарым-қатынасын астарлап көрсетуге мүмкіндік береді.

Ым-ишара мен символизм арқылы кейіпкердің ішкі күйін жеткізу оқырманның шығарманы түсінуіне тереңдік қосып, олардың қиялына ерік береді. Бұл, өз кезегінде, шығармадағы оқиғаларға эмоционалдық қатынасты арттырады, кейіпкерлердің жан дүниесін сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да көркем әдебиетте кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасын ым-ишара, символ және психологиялық портрет арқылы беру әдеби шеберліктің көрінісі болып саналады.

Жазушы – суретші тәрізді. Өзі бейнелеп отырған оқиғаның штрихтары ашық, анық болуы керек. Осыдан оның суреткерлік шеберлігінің категориясы белгілінеді. Т.Нұрмағамбетов – нағыз суреткер. Оқиғаны беруде дәлдік пен шынайылықты қатар өреді. Мәселен, ауылдан қалаға арнайы келген Жорай мен оның жеңгесі Рақыш арасындағы диалог – екеуінің характерін «тайға таңба» басқандай шебер көрсетеді:

– Бұл кім? – деген өктем дауыс естілді. Тани кеттім, жеңгемнің зор даусы.

– Мен, Жораймын ғой... – дедім ақырын.

– Ә, ә... Жорка, сенбісің?.. – Самарқаулау сөйлеп жеңгем ілгекті ағытты.

Үйге кірген соң, ұйқылы-ояу есіней тұрып жеңгем:

– Ал, шешін енді, – деді.

Сәл кідіріп, тыжырынып тұрып:

– Киімдеріңді анда іл де, мына диванға кисая сал. Анау ақ одеялды жамыларсың, – сөйтті де менің чемоданымды алып ішке еніп кетті.

Жеңге мен қайны арасындағы диалог – автордың өзі меңзегендей «самарқау» өрбіген. Жеңгенің көзінде де, сөзінде де қуаныш белгісі білінбейді. Өйткені әуелгісі (жеңге) басқаларды қабылдағысы келмейді. Жеке «әлеміне» енбегенін қалайды. Жеңгенің ішкі ниеті мен кіжінісін автор соншалықты дәл, соншалықты қанық суреттегенін байқаймыз. «Ал, шешін енді» дейді. Осы сөйлемнен-ақ алдағы болатын оқиғаның фабуласы аңғарылып тұр. Қараңғы үңгірге шам алып кіргендей, шығарманың сюжеттік жібі көрінеді. Шынында да, реалды өмірде жеңгелердің солай сөйлейтінін үнемі естиміз. Ауылдан қалаға көшіп келген қанша қайынның бастан кешкен мазасыз мезеттері бұл... Ендеше, Жорай да, Рақыш та – типтік кейіпкерлер. 

Жалпы, көркем шығарманың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – кейіпкерлер арасындағы шынайы әрі әсерлі диалогтар құру. Мұндай диалогтар оқырманға кейіпкерлердің болмысын терең түсінуге, олардың сезімдері мен ойларын қабылдауға мүмкіндік береді. Әңгімелер мен романдарда өмір шындығы мен көркем тілдің үйлесуі көркем шығарма тілінің тартымдылығын арттырады.

Кейіпкерлер арасындағы диалог өрбіту кезінде авторлар шынайы өмірдегі қарым-қатынас үлгілерін ескеріп, кейіпкерлердің мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін бейнелейді. Бұл шығарманы оқырманға жақын әрі түсінікті етеді. Диалогтар арқылы кейіпкерлер өзара пікір алмасып қана қоймай, олардың тұлғалық ерекшеліктері де ашыла түседі. Мысалы, кейіпкердің сөз саптауы, қолданған сөйлемдерінің құрылымы оның мәдени деңгейін, әлеуметтік жағдайын, психологиялық ерекшеліктерін білдіреді.

Өмірдің тілі мен көркем тілдің үйлесуі шығарманың реалистік сипатын күшейтеді. Егер кейіпкерлер сөйлеген сөздер шынайы өмірдегідей естілсе, оқырман шығарманың ішкі әлеміне тереңірек ене алады. Жазушы осы мақсатта тұрмыстық тілдің, диалектілердің немесе белгілі бір уақыт пен қоғамның ерекшеліктерін көрсететін сөздерді пайдаланады. Дегенмен, бұл тәсілдерді қолданғанда автор көркем шығарманың эстетикалық сапасын сақтап қалуды да естен шығармауы керек.

Сонымен қатар, диалог барысында кейіпкерлердің ішкі конфликтілері, эмоциялары, жасырын ойлары да айқын көрінеді. Кейіпкерлердің әрбір сөз алмасуы олардың ішкі әлемін ашуға қызмет етеді, оқиға желісін алға жылжытады. Бұл шығарманың драматургиялық тереңдігін арттырады, оқырманды сюжеттің дамуына тартуға септігін тигізеді.

Осылайша, көркем шығармадағы диалогтар – кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын, оқырманға олардың табиғатын көрсететін, шынайылық пен көркемдікті үйлестіретін маңызды құрал болып саналады. Жазушының шеберлігі диалогтар арқылы көркем және шынайы әлемді біріктіруінде көрінеді.

Автор жеңге мен қайнының образ-характерін бейнелегеннен кейін үй иесі, Жорайдың ағасы Әдешке «мысықтабандап» келеді. 

«Біраздан соң барып:

– Жораш! – деген әлдекімнің жұмсақ даусы естілді. Әдеш ағай екен. Ол өзіне тартып, қатты қысып арқамнан қаққанда, ағамды қаншалықты сағынғанымды енді сездім...»

«Жұмсақ дауыс» – жеңілген дауыс. Бірақ мүлде басылған, езілген дауыс деуге келмейді. Үміт оты бар. Дегенмен, отбасылық конфликтінің жиі болып тұратынын автор «жұмсақ дауыс» деталімен айқындап тұр. Егер «дауыс» сөзінің алдында «жұмсақ» деталі болмай, жай ғана «Жораш! – деген әлдекімнің даусы естілді» десе, кейіпкердің мінезі бірден аңғарылмай, түсінбей, ойланып қалар едік. Яғни, қандай да бір затты айқындау үшін әрі автор оқырманды шығарма сапарында «жетектеп» отыру үшін осындай микро-детальдар қолданылуы керек. Онсыз шығарма – жұтаң, ой – бұлыңғыр болады.

Көркем шығарма тілінің байлығы мен оның оқырманға әсер ету деңгейі көбінесе автордың қолданған көркем детальдарына байланысты. Әдеби шығармаларда көркем детальдардың қолданылуы кейіпкерлердің мінез-құлқын, жағдайды және жалпы атмосфераны ашуға көмектеседі. Көркем детальдар арқылы автор оқырманды оқиға желісіне жақындатып, сол әлемге ендіреді.

Көркем детальдар бір-бірін толықтырып, байланыстырып отырған кезде олардың рөлі ерекше көрінеді. Мәселен, бір әңгімеде белгілі бір деталь негізгі ойды жеткізсе, келесі деталь оны толықтырып, тереңдетіп, кейіпкерлердің немесе оқиғалардың ішкі мағынасын аша түседі. Мысалы, табиғат суреті кейіпкердің ішкі күйін көрсетсе, екінші деталь оның әрекетін немесе диалогын толықтырады. Осылайша, түрлі көркем детальдар арасында өзара байланыс туып, біртұтас мазмұнды картина жасалады.

Мұндай детальдардың үйлесімділігі шығармаға шынайылық қосып, оқырманды тартуға ықпал етеді. Әңгіме барысында бір деталь екіншісін жалғап отырушы рөл атқарған кезде, оқырман оқиғаға қатысқандай күй кешеді. Мысалы, кейіпкердің сыртқы бейнесі, оның іс-әрекеттері мен қимылдары – барлығы автордың көркемдік тәсілдерінің нәтижесінде терең мағынаға ие болып, оқырманның көз алдына айқын көрініс береді.

Көркем мәтіндегі детальдардың үйлесімділігі мен олардың байланысы – шығарманың ішкі қуатын арттырып, оны әсерлі етуге бағытталған маңызды әдіс. Авторлардың бұл тәсілді шебер қолдануы шығарманың мазмұнын тереңдетіп, көркемдік деңгейін көтереді.

Шыны керек, кейіпкерлерді ауыл адамы мен қала адамы деп қанша бөлсек те, бәрібір кез келген жетістік немесе жеңіліс адамның жеке өзіне байланысты. Ауыл адамдары «жағымды», қала адамдары «жағымсыз» деген принципті бөлуден аулақпыз. Қалада да сүттей ұйып отырған шаңырақтар аз емес. Жазушы осы бір нәзік детальді ескеріп, біреуге басымдық беріп, бұра тартпаған. Тек үш кейіпкерге болмыс ұсынды. Берілген болмыспен кейіпкерлер емін-еркін «қозғалып», әрекет етіп, сахнада жүргендей ашық болды. Оларға доминанттық күйде қараған жоқ. 

Шығарманың финалы ерекше көрініспен аяқталады. Мына бір сөз қолданысына, суреткердің бояуына назар салыңызшы:

Мен киініп жинала бастадым. Әзірлеп қойған чемоданымды ала бергенімде:

– Мынаны сала сал. Мамочкаң шәй ішер, – деп жеңгем азанғы­шәйдан қалған конфет, печеньелерді газетке орап, ұсынып тұр екен. Мен мырс еттім де:

– Алмаймын, рақмет. Ауылда печенье, кәмпит молшылық қой, – деп шығып кеттім. Жартылап ашық қалған есіктің саңылауынан жеңгемнің:

– Қарай гөр өзінің кесірін, – деген даусы естілді.

Есіңізде ме, мақала басында біз «символ-сілтеме» туралы айтқан едік қой? Міне, сол әдіс шығарманың соңында да қайталанып тұр. Апасы келінін «О немеге де» деген болатын, енді келіні апасын «мамочкаң» деп атауда. Яғни, келіннің емес, Жорайдың ғана «мамочкасы» екен ол. Жеңге бойындағы қырсықтық пен қыңырлықты көрсету де – бір жағынан катарсистік ұстаным. Жаман қылықтан жирену – жақсылыққа бастайды. Оқырманның ішкі болмысын тазартады. Т.Нұрмағамбетовтің автор ретіндегі түйіні осындай ойларды топшылайды. 

Қорыта айтқанда, «Жартылай ашық қалған есіктен» шығарманың бүкіл идеясы «сығалап» тұр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan