Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Нұрлан Сапарбай. Әкем үшін оқырман ықыласы ресми м...

Нұрлан Сапарбай. Әкем үшін оқырман ықыласы ресми марапаттан да биік еді..

167

Нұрлан Сапарбай. Әкем үшін оқырман ықыласы ресми марапаттан да биік еді.. - adebiportal.kz

«Бір тамшы көздің жасындай», «Қоштасудың қиын-ай», «Сағыныш сазы», «Танго», «Махаббат маусымы», «Ностальгия» сияқты әндерді білмейтін қазақ кемде-кем. Ал осы әндердің сөзін жазған, кейбірінің әнін жазған –  Исраил Сапарбай деген арда қазақ болатын. Исраил Сапарбай – қазақ поэзиясы мен драматургиясында өзіндік үні бар талантты, аса көрнекті тұлға. Ол лирика мен өмірдің шындығын қатар өрген ақын еді. Оның өлеңдерінен қазақы ұлттық мінез, сағыныш, уақыттың мұңы мен адамның ішкі жалғыздығы анық сезіледі.

Исраил Сапарбай тек көрнекті ақын ғана емес, ұлттық руханиятқа еңбек сіңірген әйдік драматург, аудармашы, мәдениет қайраткері, композитор болатын. Оның қаламынан туған көптеген ән мәтіндері халық арасына кең тарап, ел жадында сақталды. Ақын шығармашылығында туған жер, махаббат, адам тағдыры, қоғам мен уақыт тақырыптары терең көрініс тапты. Сондықтан оның өлеңдерінде жасандылық жоқ – өмірдің өз дауысы бар. Исраил Сапарбай қазақ әдебиетінде жүрекпен жазған, жүрекке жеткен ақын ретінде есте қалады. Арамызда аман-есен жүргенде Қазақстанның Халық жазушысы 15 мамыр 85 жасқа толатын еді. Мерейтойының аясында ақынның мұрагері Нұрлан Исрайылұлымен сырласып, немере қарындасы, жазушы Ақлима Исмаилдың естелігін тыңдаған едік. Мәртебелі оқырман назарына ыстығы басылмаған, әзиз жанға деген іңкәрлік сағыныш лебі бар хатыраларды құрметпен ұсынғымыз келді:  

- Көпшілік Исраил Сапарбайды ақын, драматург ретінде таниды. Ал сіз үшін ол ең алдымен қандай әке болды?

- Мен үшін әкем ең алдымен бағыт көрсеткен ұстаз, қамқоршы, өмір бойы тірек болған рухани тұлға еді. Ол өте мейірімді, сабырлы, терең ойлайтын адам болды. Көпшілік оны ақын, драматург ретінде таныса, мен үшін ол –  отбасының тірегі, әр баласының жан дүниесін үнсіз түсіне білетін әке еді. Оның жанында өзіңді әрдайым сенімді әрі қорғалғандай сезінетінсің. Көп жағдайда ақылын көп сөзбен емес, өзінің ісімен, мінезімен, өмірге деген көзқарасымен көрсететін. Әкем бізге тек әкелік мейірім ғана емес, адам болып қалудың, елге адал қызмет етудің, өнер мен руханиятты құрметтеудің үлгісін қалдырды.

-Үйдегі Исраил Сапарбай мен әдеби ортадағы Исраил Сапарбайдың айырмашылығы бар ма еді?

-Үйдегі Исраил Сапарбай мен әдеби ортадағы Исраил Сапарбайдың арасында аса үлкен айырмашылық болған жоқ. Ел алдында қандай болса, үйде де сондай табиғи, қарапайым қалпында жүретін. Екіжүзділік немесе жасандылық деген мінез оған мүлде жат еді, сондай-ақ қазақтың жүзге, руға бөліну сияқты құбылыстарын да ұнатпайтын. Қай ортада болмасын өзін еркін, шынайы ұстайтын. Үйде де, сыртта да бірдей қалпын сақтап, адамға деген сыйластықты бәрінен жоғары қоятын. Сол қарапайымдылығы оның үлкен болмысының бір бөлігі болатын. Тек үйде ол көбірек әкелік мейірімін, әзілқой мінезін көрсететін.

- Әкеңіздің мінезіндегі ел біле бермейтін қандай қырларын айтар едіңіз? 

-Көп адам біле бермейтін қыры –  өте сезімтал болғаны. Кейде сырт көзге салмақты көрінгенімен, ішкі жан дүниесі нәзік еді. Біреудің көңіліне қаяу түсіріп алса, өзі қатты уайымдайтын.

- Ол кісі ашуын қалай білдіретін еді?  Әлде ішіне жинайтын адам болды ма? 

- Ашуды сыртқа көп шығаратын адам емес еді. Көбіне ішіне жинап, өз бөлмесіне кіріп, сол жерде өзімен-өзі үнсіз қалып, ойына шомып, сабасына түсіп алатын сәттері болатын. Дегенмен, егер біреу шектен шығып, намысына тисе, ойындағысын тура бетке айтып тастайтын. Бізге ашуланған кезде көп сөз айтпай-ақ, тек көзіңе тік қарауының өзі жеткілікті болатын –  сол сәттің өзі-ақ бәрін түсіндіретін.

- Балаларына қатал болды ма, әлде сырлас дос сияқты жақын болды ма?

- Бізге қаталдықтан гөрі сеніммен қарайтын. Әкелік ақылын айтып, өмірлік тәрбие мен бағыт беріп отыратын, қажет жерінде тәртіпті де еске салып қоятын. Бірақ көбіне сырлас дос сияқты жақын болып, ойымызды еркін айтуға мүмкіндік беретін. Кей мәселеде өз пікірін білдіріп, бағыт-бағдар көрсетсе де, соңғы шешімді әрдайым өзімізге қалдыратын. Сол арқылы бізді еркін ойлауға, жауапкершілік алуға және өз таңдауымызға сенуге үйретті.

- Соңғы жылдары әкеңіздің көңіл-күйінде өзгеріс байқалды ма?

- Соңғы жылдары әкемнің көңіл-күйінде өмірдің салмағын тереңірек сезіну байқалатын. Бұрынғыдай қарқынды, тынымсыз күйден гөрі, сабырлы, көп ойға шоматын, ішкі толғанысы басымырақ кезең еді. Уақыт пен қоғамдағы өзгерістерді жүрегімен қабылдап, кей сәттерде үнсіз ойланып қалатын кездері көбейді. Бірақ ол кісі сыртқа сыр бермейтін, бәрін сабырмен көтеретін мінезінен айныған жоқ. Дегенмен, шығармашылық адамы ретінде ішкі әлемі бұрынғыдан да тереңдеп, әр нәрсеге байыппен қарай бастағанын сезінетінбіз. Өзі де бір сөзінде: «Әр адам өзінің микроәлемі бар, сол сияқты менің де өзімнің микро әлемім бар» деп айтатын. Сол ішкі әлемінде көп ойды, сезімді, толғанысты үнсіз саралап жүретін.

- Өмірінің соңғы күндерінде көп айтқан сөзі немесе жиі қозғаған тақырыбы қандай болды? 

- Соңғы кезеңдерде әкем елдің жағдайы, әдебиет, уақыттың өзгеруі туралы жиі ой қозғайтын. Қазақтың руханияты мен жастардың болашағына ерекше алаңдайтын. Сонымен қатар, мемлекетте болып жатқан түрлі үдерістерді, қоғамдағы өзгерістерді де назарынан тыс қалдырмайтын. Саясат пен ел басқару ісіндегі кейбір шешімдер, жалпы қоғамның даму бағыты туралы да терең толғанатын сәттері көп болатын. Қазақстанның ертеңі, елдің тұтастығы мен рухани бағыты оның ойынан ешқашан алыстамаған тақырыптардың бірі еді.

- Соңғы рет өзіңізбен қандай әңгіме айтты? Есіңізде қалған бір ауыз сөзін айтсаңыз… 

- Соңғы рет өзіммен сөйлескен әңгімелерінің өзегі – отбасы бірлігі болатын. Біз –  ағайынды үшеуміз: әпкем Жанар, інім Еркебұлан және мен. Әкем әрдайым бізді бір-бірімізді сыйлап, қолдап жүруді, қандай жағдай болса да арадағы ынтымақ пен түсіністікті сақтауды айтып отыратын. Туған туыстың арасы берік болса, кез келген қиындық жеңіл болатынын жиі еске салатын. Соңғы әңгімелерінің бірінде де сол ойды қайталап: «Араларың ажырамасын, бір-біріңе сүйеу болыңдар» дегені есімде қалды.

- Ақын өлімді сезе ме? Әкеңізде сондай ішкі дайындық байқалды ма? 

- Меніңше, нағыз ақын өмірдің өткіншілігін терең сезінеді. Әкемде де сондай ішкі дайындық болғандай көрінді. Кейбір сөздері мен өлеңдерінен өмірмен үнсіз қоштасуға ұқсас сарын сезілетін. Бұл сұраққа жауап беру өте қиын, дегенмен өмірінің соңғы күндерінде оның шығармашылыққа қатысты айтқан кейбір ойлары ерекше әсер қалдырды. «Мен шығармашылықпен жазуды бітірдім, барлық туындыларым кітап болып басылып шықты» деген сөзі маған белгілі бір ішкі тыныштыққа, өз ісін аяқтаған адамдай сабырға келген күйін аңғартқандай болды. Сол сөздері оның өз жолын толық жүріп өткенін сезінгендей әсер қалдырады.

- Исраил Сапарбай ағамыз «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын алған сәтте қандай күйде болды?

- «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын алған сәтте әкем іштей қатты қуанды деп ойлаймын. Өйткені бұл –  ресми марапат қана емес, халықтың өз жазушысына берген шынайы бағасы еді. Дегенмен ол кісі оны ешқашан дабыраға айналдырмай, өзіне тән сабырмен, қарапайым қалпында қабылдады. Әдеттегідей артық пафосқа берілмей, бұл марапатты ең алдымен жауапкершілік ретінде сезінгендей болды. «Бұл атақ –  мен үшін емес, менің сөзімді оқып, тыңдап жүрген халық үшін» деген ойда болғаны байқалатын.

- Сол марапатты кеш алғанын сезінді ме? Әлде оған өкпе-назы болды ма? 

- Әрине, бұл марапатты ертерек алуға әбден лайық еді. Ішінде өкпе-наз болған шығар, бірақ оны көп айта бермейтін адам еді. Өнерді марапат үшін емес, халық үшін жасаған тұлға болды.

- Құрметті атақты иеленгенін естіген сәттегі жанындағы адамдардың реакциясы қандай болды? 

- Жанындағы адамдар шын қуанды. Себебі бұл марапат кешіксе де, әділ берілген баға екенін бәрі түсінді. Сол сәтте әкемнің еңбегін бағалайтын әріптестері, достары мен әдеби орта өкілдері ерекше ықылас білдірді. Құттықтап келгендердің жүзінен шынайы қуаныш пен құрмет сезіліп тұрды. Көпшілік бұл атақ оның шығармашылық жолындағы ұзақ еңбегінің заңды нәтижесі екенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Дегенмен әкемнің өзі сияқты, айналасындағы адамдар да оны артық дабыраға айналдырмай, шынайы, қарапайым қуаныш ретінде қабылдады.

- Әкеңіз үшін марапат маңызды болды ма, әлде оқырман ықыласы маңыздырақ па еді?

- Меніңше, әкем үшін оқырманның ықыласы ресми марапаттан да биік еді. Ол кісі үшін ең үлкен баға –  халықтың жүрегінен орын алу, өлеңі мен сөзі елдің жадында қалуы болатын. Әрбір оқырманның жылы пікірі мен шынайы ықыласын ерекше бағалайтын. Марапаттар уақыт өте ұмытылуы мүмкін, ал халықтың құрметі мен сүйіспеншілігі мәңгілік екенін жиі айтып отыратын. Өйткені оның әндері мен пьесалары, жүректен шыққан әрбір сөзі елге деген шексіз махаббаттың айғағы еді.

- Қазақ әдеби ортасына көңілі толатын ба еді?

- Қазақ әдебиетіне жаны ауыратын. Әдебиет саласында, әдеби өмірде болып жатқан түрлі ахуалдар мен өзекті мәселелер, мемлекеттің толыққанды қолдауының жеткіліксіздігі, шығармашылық адамдардың жағдайы сияқты жайттар оны жиі толғандыратын. Кей сәттерде осыған байланысты көңілі толмайтын кездері де болатын. Дегенмен ол кісі әдебиетке деген сенімін ешқашан жоғалтқан жоқ. Қайта уақыт қиындықтарына қарамастан, қазақ сөз өнері өз биігінен түспейді деп үміттеніп, әрдайым рухани күшін сақтап қалатын.

- Қазіргі әдебиет, қазіргі жастар туралы қандай пікір айтатын?

- Жастардан үміт күтетін. Бірақ қазіргі қоғамда тереңдік азайып бара жатқанын айтып қынжылатын кездері болатын. Соған қарамастан талантты жастарды әрдайым қолдап жүрді. Жас өнерпаздарды өзіне жақын тартып, демеп отыратын. Кейде жаңа жазған әндерін де ешқандай есепсіз, ақы сұрамай-ақ бере салатын кең мінезі бар еді. Осылайша, бірталай әншілердің бүгінгі күні танымал болуына тікелей ықпал етіп, өнер жолында алғашқы қадамдарын нық басуына себепкер болды. Ол үшін ең бастысы –  өнердің халыққа жетуі, тыңдарман жүрегіне жол табуы еді. Сондықтан да шығарманы жеке мүдде үшін емес, ел игілігі үшін бағалайтын кеңпейіл тұлға болатын.

-  йде өлеңдерін оқып отыратын әдеті болды ма? 

- Үйде өлеңдерін оқып отыратын әдеті болды, бірақ көбінесе қонақ келген кезде ғана оқып беретін. Дегенмен ол кісі үшін өлең оқу тек көрсету немесе рәсім емес, ішкі әлемімен бөлісу сәті болатын. Сол себепті де көбінесе қонақтарда, тойларда, түрлі әдеби кештер мен бағдарламаларда, телешоуларда шабыттанып оқитын. Өлең оқығанда ерекше күйге еніп, әр сөзін жүрегімен жеткізетін. Тыңдап отырған адамдар да оның өлеңді жай оқымай, жанымен сезініп айтатынын бірден аңғаратын. Ақынға тән ішкі мұңы мен терең сезімі жанарынан да, дауысынан да сезіліп тұратын. Сол сәттерде ол кісі үшін уақыт та, орта да маңызды болмай, тек өлең мен оның мағынасы ғана қалатын.

- Әкеңіз жазу үстінде қандай күйге енетін еді? Тыныштық іздей ме, әлде әңгімелесіп отырып та жаза беретін адам ба?

- Жазу кезінде көбіне тыныштықты қалайтын. Әсіресе түнде отырып, таң атқанға дейін жазатын әдеті бар еді. Бір жағынан шабыт дәл сол тыныш уақытта келетін, екіншіден ешкім алаңдатпайтын. Түнгі тыныштықпен оңаша қалып, ойына келген дүниелерді қағазға түсіріп отыратын. Кейде біз ұйықтап жатқанда жазып отырып, таңды қарсы алатын сәттері жиі болатын.

- Оның жалғыз қалған сәттерін байқадыңыз ба? Ақын ретінде ішкі мұңы сезілетін бе? 

- Иә, ондай сәттер байқалатын. Жалғыз отырып ұзақ ойланатын кездері көп еді. Жер үйде тұрғандықтан, көбінесе далаға шығып табиғаттың ортасында жалғыз жүретін, табиғаттан нәр алып, терең ойға шоматын. Табиғатпен үндескен сол тыныштық оның ішкі әлеміне де әсер ететіндей еді. Ақынға тән ішкі мұң, ой тереңдігі оның жанарынан да, үнсіз қалпынан да сезіліп тұратын. Мұндай сәттерде ол кісінің сыртқы әлемнен гөрі ішкі әлемімен көбірек өмір сүретіні байқалатын.

- Әкеңіздің орындалмай кеткен арманы болды ма? 

- Орындалмай кеткен армандары болған шығар. Оның ноутбугіне кіріп қарағанымда, бірнеше бітпеген туындыларды көрдім. Кейіннен соңғы кітап болып шыққан «Махаббат пен Ғадауат», «Әлем, Әйел және Мен», «Имани гүлдің төркіні», «Білгенге маржан» сияқты еңбектерін оқығаннан кейін, жоғарыда аталған қолжазбалармен салыстыра отырып қарағанда, сол бітпеген дүниелердің бір бөлігі кейін басқа атаумен толықтырылып, жарық көргеніне көзім жеткендей болды. Яғни бір ойдың әр кезеңде жетіліп, жаңа формада қайта туғанын байқауға болады. Бұл оның шығармашылық үдерісінің үздіксіз екенін, бір идеяның өзі әр кезеңде қайта өңделіп, тереңдеп отыратынын көрсетеді.

- Қазір үйде оның иісі сіңген, көзіңізге жас әкелетін қандай зат сақтаулы тұр?

- Үйде оның кітаптары, қолжазбалары, суреттері, ноутбугі мен күнделікті қолданған заттары әлі де сақтаулы. Қаскелеңдегі үйге барған сайын, әлі де сол үйде отырғандай әсер қалдырады. Бәрі өз орнында тұрғандықтан ба, кейде қазір есіктен кіріп келетіндей сезім болады. Әсіресе жұмыс үстелі мен қолының табы қалған дүниелерін көргенде жүрекке ерекше мұң ұялайды.

- Әкеңізден қалған ең үлкен аманат не деп ойлайсыз? 

- Әкемнен қалған ең үлкен аманат –  адамдықты жоғалтпау. Ол кісі әрдайым «адам бұл өмірге таза келіп, таза кетуі керек» деп айтып отыратын. Ар-ұятты бәрінен биік қоятын. Елге адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау, руханиятқа құрметпен қарау –  оның бүкіл өмірлік ұстанымы болды. Бізге де атақ не дүние емес, ең алдымен адам болып қалудың қадірін ұғындырып кетті.

- Бүгін әкеңіз тірі болғанда, оған не айтар едіңіз?

- Бүгін тірі болғанда, «Сізді қатты сағындық. Артыңызда қалған мол мұраңыз халықпен бірге өмір сүріп жатыр» дер едім. Әкемнің өлеңдері, әндері, шығармалары әлі талай ұрпақтың рухани азығына айналарына сенемін. Оның әрбір сөзі мен қалдырған ізі уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, қайта тереңдей түсетіндей әсер қалдырады. Біздің ендігі парызымыз –  сол мұраны ұлықтап, сақтап, келесі буынға аман жеткізу. Оның атын ғана емес, адамдық болмысын, өнерге деген адалдығын, өмірге деген шынайы көзқарасын да жалғастыру.

- Қазақ қоғамы Исраил Сапарбайды толық танып үлгерді деп ойлайсыз ба?

- Меніңше, қазақ қоғамы Исраил Сапарбайды әлі толық танып үлгерген жоқ. Оның шығармашылығында әлі де терең зерттелетін дүниелер өте көп. Көпшілік оны ақын ретінде жақсы танығанымен, драматургиядағы еңбегі де орасан. Жазған 11 пьесасының тек 4-еуі ғана театр сахнасында қойылып үлгерсе, қалған пьесалары қазақ театры үшін үлкен рухани мұра болып отыр. Сол шығармаларды көрерменге толық жеткізу –  уақыт еншісіндегі, әрі біздің де ортақ парызымыз деп білемін. Сонымен қатар, ол кісінің ән өнеріндегі қыры да әлі толық ашылмай келеді деп ойлаймын. Нота білмесе де, шабыт келген сәтте әуендерін диктофонға ыңылдап, әуендетіп жазып отырған. Осылайша туған 50-ден астам әні –  табиғи талант пен ішкі музыкалық сезімнің айқын көрінісі. Сондықтан Исраил Сапарбайдың шығармашылық мұрасы әлі талай зерттеліп, қайта бағаланып, жаңа қырынан ашыла беретініне сенемін.

- Оның шығармашылығындағы қай өлең немесе ән әкеңіздің жан дүниесін дәл ашады деп есептейсіз? 

- «Сағыныш сазы» –  деп айтар едім. Бұл ән оның жан дүниесін дәл ашатын шығарма. Онда –  арман да, мұң да, сүйіспеншілік те, өмірдің өткінші екенін сезіну де бар. Әннің әр әуенінде ішкі толғаныс, сағыныш пен терең ой қатар өріледі. Тыңдаған сайын адамды бір нәзік мұңға бөлеп, өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрғандай әсер қалдырады. Бұл шығарма арқылы әкемнің тек ақындық қыры емес, жүрекпен сезетін, өмірді терең түйсінетін болмысы анық көрінеді.

Ақлима Исмаил, жазушы: Ол өнерге өлгенше ғашық еді

Әңгімені әріден бастағым келіп отыр. Әкем төрт ағайынды: Меккенбай, әкем – Исмаил, Исраил және Бектібай. Менің әкем Исмаил мен ағам Исраил рухани жағынан да, таным тұрғысынан да өте жақын болды. Екеуі де Шымкенттегі педагогикалық институтты бітірген. Ол кезде туу туралы құжат жоқ. Ер жетіп оқуға түсетін кезде әкем өзінің туу туралы куәлігіндегі бір әріпті өзгертіп Исраил ағаның құжаттарын оқуға тапсырыпты. Жоқшылық жайлаған заманда өмір сүрген ұрпақ туған күні тұрмақ жылын да білмегені белгілі. Ағам да төлқұжат аларда туған жылы мен күнін анасынан сұрап шамалап жаздырыпты. Сонда әжеміз: «Сен туғанда қырғын соғыс болып, дала пырдай гүлдеп жатқан»  – депті. Содан ағам туған жылы мен күнін құжатқа 1941 жылдың 15 мамыры деп жаздырады. Кейін соғыстың 22 маусымда басталғанын білгенде қателескенін түсінеді, бірақ өзі белгілеген осы күн құжатта қатталып қалады. 

Исраил аға сол кездегі ақындардың мәдени ордасы болған Алматыға ертерек арман қуып кеткен болатын. Ағаны теледидардан көргенде кеудемізді мақтаныш кернейтін. Құлақтан қалған қарт әжеміз (Исраил ағаның анасы) Исраил аға теледидардан өлең оқып жатқанда жанына жақын барып хабар біткенше көк жәшіктен көзін алмайтын. Хабар біткен соң «ішім әлем-жәлем болып күйіп бара жатыр»  – деп көзінің жасын бір сығып алатын. Сол кезде бала санамыз оның сағыныш екенін қайдан білсін… Ағамыз ауылға жиі келетін-ді. Әр келгенде туған-туыс түгел жиналып, арқа-жарқа болатынбыз да қалатынбыз. Кейде бір топ ақын-жазушылармен бірге келетін. Ақындардан Иран Ғайып ағаның арқаланып оқыған өлеңдері, Әбиірбек Тінәлі ағаның жүректі сыздатар желтоқсан әні әлі есімде. Әкем екеуі оңаша қалғанда өлең, ән, өнер туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтатын.   

Студент кезім. Ағама диплом қорғайын деп жатқанымды телефонмен хабарладым. Ертең жазушылар одағына кел,  – деді. Жетіп бардым. Сөйтсем, дипломдық жұмысымды уайымдаған екен. Сол жерде бастан аяқ бастырып, шығарып, қолыма ұстатып жіберді. Артынан қорғауыма келді. Студент кезде жазған әңгімелерімді оқып, үнемі «Сен жазуың керек, тастама, жаз» деп жүрді. Жазуды жаныма серік етуді жөн көрмедім бе, әйтеуір, ағамның ол сөзін елемей жүрдім. Арада біраз жыл өткенде бір нәрсе іздеген көңілім қолыма қайта қалам ұстатты. Ағам қуанды. Бір әңгімесінде: «Жетпісінші жылдары әкең қатты ауырды. Шымкентке барсам әл үстінде жатыр екен. Дәрігерлер ұшаққа жарамайды деген соң дереу әкімнен көлік сұраттым. Ақырын айдап отырып таң ауа Алматыға жеттік. Тез арада емханаға апарып, шұғыл ота жасаттық. Тоқ ішегінің сегіз сантиметрін алып тастауға тура келді. Былайша айтқанда, әкең бір өлімнен қалды. Содан кейін өмірге сен келдің, яғни сенің миссияң бар. Сондықтан, ештеңеге қарамай, жаз»,  – деді. 

Исраил аға шығармашылыққа келгенде шындықты ғана айтатын. Жазуға жауапкершілікпен қарауымды талап ететін. Қолына қалап ұстаған адам көп оқып, үздіксіз іздену керек дейтін. Өзі өмірінің соңына дейін жазудан қол үзген жоқ. Ара-тұра жазылатын әңгімелерімді оқып, ойлауың өзгеше «сен модный жазушы боласың» деп шабыттандыратын. Астана Жастар театрында алғаш спектаклім қойылғанда телефонмен толқып тұрып құттықтады. Денсаулығы сыр беріп жүрсе де, Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш аудан орталығында орналасқан Сүйінбай атындағы Халық театрында болған спектакльдің премьерасына өзі барды. Спектакль бойы өз ойын айтып отырды. Спектакльден соң кәсіби тұрғыдан талдап, біраз сын айтты. Жалпы, ағам өнерге кешіріммен қарауды құптамайтын. Әділін айтпаса өнер өспейді,  – дейтін. 

Сексеннің сеңгіріне шыққанда ағамның талай жылғы таза еңбегі еленіп, Мемлекеттік құрметті атақты алды. Алып жатып, «Келесі мемлекеттік сыйлықты сен алатын бол!» , –  деді. Аға-у дей беріп едім,  – Жаз, тастама!   – деді. Бұл ағамның маған берген соңғы батасы екенін сол сәтте сезбеген екенмін. Шығармашылық адамына әрі аға, әрі ұстаз адамнан айырылудың ауыр екенін іште ұлғайып жатқан сағыныш сезімі ғана білдіреді екен… 

P.S.:   Мэтр Исраил Сапарбай өмірден өтті деген суық хабар қазақ әдебиетінің қабырғасын қайыстырды. Ол сөздің салмағын сезінген, өлеңнің киесін жоғалтпаған санаулы ақындардың бірі еді. Оның жырларынан қазақтың мұңы, сағынышы, болмысы мен уақыттың үні естілетін. Исраил ағамыз саналы ғұмырында ұлт әдебиетіне адал қызмет етті. Қаламын да, талантын да арзан дүниеге айырбастаған жоқ. Ол кісінің болмысында ескі қазақы зиялылықтың ізі бар еді. Оның өлеңдері, әнге айналған жырлары, сахнаға шыққан шығармалары халықпен бірге жасай береді. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Иә, атам қазақ айтпақшы, «Жақсы адам ұрпағымен мың жасайды».  Исраил Сапарбай ағамыздың шындығын жоғалтпаған, тіл мен діл мәселесінде мінез көрсеткен, арына дақ түсірмеген аяулы тұлға еді. Өмірден өткеніне де бір жыл уақыт жақындап қалыпты... 

Артында қалған ұрпағы әке мұрасын жинақтап, Исраил Сапарбайдың еңбектерін ұлықтап, оның мұрасын елге жеткізу мақсатында арнайы веб-сайт құрыпты. Енді оқырман қауым ақын  шығармалары мен өмірбаянын тереңірек тану үшін www.israilsaparbay.kz жеке сайтына кіріп, «жүздесе» алады. Жарқын бейнесі жадымызда мың жасайды. Игі іске сүйсініп, «Бәрекелді!»  дедік. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan