(«Гауһартас» музыкалық драмасы – рухани жалғыздық концепциясы)
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Гауһартас» музыкалық драмасының алғашқы көркемдік әсері – сахналық атмосфераның шынайылығы. Шымылдық ашылған сәттен көрермен сыртқы бақылаушы емес, оқиғаның ішкі кеңістігіне енгендей күй кешеді. Режиссер Асхат Маемиров ауыл өмірінің дыбыстық және визуалдық белгілерін пайдалану арқылы эмоционалдық орта қалыптастырады. Құстардың үні, төрт түліктің жанды дауысы, ауыл тіршілігінің табиғи дыбыстары – драмалық әрекеттің психологиялық кілті іспетті.
Сахналық атмосфера көрермен мен қойылым арасындағы эмоционалдық арақашықтықты (дистанция) қысқартып, қабылдау сенімін күшейтеді, бұл тәсіл «атмосфералық реализм» ұғымымен сабақтас. Яғни, режиссер дайын эмоцияға мәжбүрлемейді, керісінше, көрерменнің көңіл түкпіріндегі ауылға сағынышын оятып, ортақ рухани әлем құрады. Сондықтан көрермен сахнадағы ауылды емес (декорация), өз қиялындағы ауылды көреді.
Сонымен бірге, қойылымдағы ауыл кеңістігі символдық мағынаны иеленеді. Бұл кейіпкерлердің рухани әлемі қалыптасқан орта, кейіпкерлер психологиясын түсіндіретін көркем кеңістік.
Алғашқы сахна драмалық әрекеттің басталуы ғана емес, көрерменді психологиялық тұрғыдан қойылым кеңістігіне енгізетін көркем пролог қызметін атқарады.


Нарраторлық құрылым
(Қайыркен бейнесі)
Қайыркен бейнесі көпқабатты драматургиялық құрылымға ие: ол бір мезетте әрі кейіпкер, әрі авторлық позицияны жеткізуші ретінде көрінеді. Театртануда мұндай тәсіл нарраторлық құрылым немесе баяндаушы-кейіпкер тәсілі деп аталады. Яғни, кейіпкер оқиғаның тікелей қатысушысы бола отырып, сахналық әрекетті сырттай түсіндіріп, көрерменге бағыт-бағдар беріп отырады. Бұл эпикалық театрға тән құбылыс.
Кейіпкердің үнемі оқиғаны баяндап, көрерменмен тікелей байланыс орнатуы кейде «төртінші қабырғаны бұзу» тәсілімен де сабақтас қарастырылады. Қайыркеннің бірде баяндаушы, бірде оқиға кейіпкері ретінде көрінуі – сахналық құрылымдағы метатеатрлық элементтердің бірі. Ол көрерменді оқиғаға сырттай бақылаушы емес, ішкі куәгер ретінде рухани серіктесіне айналдырады. Кейіпкер үнемі көрерменмен сөйлесу арқылы оқиғаны дамытады. Яғни, драмада лирикалық-психологиялық атмосфера күшейеді.
Психологиялық драмадағы ең күрделі образ – Тастан. Оның бейнесі Қайыркен тұлғасымен антитезалық жүйеде құрылған. Қайыркеннің эмоционалдық ашықтығы мен рухани нәзіктігі Тастанның тұйық әрі қатқыл мінезімен қарама-қарсы қойылады. Алайда авторлық-режиссерлік шешім бұл екі кейіпкерді бір-біріне қарсы қоюмен шектелмей, оларды отбасы құндылығы арқылы байланыстырады.

Дәстүрлі ер мінезінің көркем бейнесі
(Тастан бейнесі)
Ең алдымен Тастанның дене бітімі арқылы оның сахналық энергетикасы жасалған: «екі иығы қақпақтай», «білем-білем бұлшық ет», «шортан жүргендей бұлт-бұлт ойнау» – тек сипаттама емес, актерлік пластикалық мінезге арналған ремарка. «Еңгезердей дене», «қабағы ісініп», «көз еттері білемденіп» – портреттік қайталау, яғни кейіпкердің сахналық қатысуын үзбей ұстап тұратын психологиялық тәсіл. Қайыркен қайта-қайта баяндау арқылы Тастанның жай адам емес, кеңістікті толтырып тұрған күш екенін сездіреді. Мұндай көркемдік тәсілді лейтмотивтік портрет деуге болады. Яғни кейіпкер әр көрінген сайын оның: дене салмағын, қозғалысын, түр-тұлғасын еске салып отырады. Кейіпкер бейнесі драманың негізігі психологиялық кернеуін қалыптастырады. Сахнаға Тастан кіргенде атмосфера өзгереді. Режиссер неге сыртқы кескінді негізге алады? Себебі Тастан ішкі сезімін сөзбен ашпайтын, үнсіз драматизм тудыратын, күш, әрекет, дене, көзқарас арқылы сөйлейтін кейіпкер. Сондықтан оның психологиясын диалог арқылы емес, дене портреті арқылы береді. Тастанның сахналық табиғатында: пауза, үнсіздік, баяу қозғалыс үлкен рөл атқарады.
Тастан бейнесіндегі назар аударарлық ерекшелік – физикалық қуат пен психологиялық инерцияның қатар берілуі. «Қойға қасқыр шапты!» дегенде де оның асықпауы – жай еріншектік емес. Бұл оның дүниені қабылдау темпі. Ол өмірге реакциямен емес, салмақпен қарайды.
Тастан бейнесінің тағы бір ерекшелігі – оның кеңестік кезең қалыптастырған әлеуметтік мінездерден тыс тұруында. Қойылымдағы кейіпкерлер қоғамдық орта ықпалымен әрекет етсе, Тастан дәстүрлі құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Ол саяси ұрандар мен даңғаза сөздерге әуес емес, өзінің дүниетанымын еңбек, отбасы және салт-дәстүр арқылы қалыптастырады. Оның болмысы тұрмыстық әрекеттерден байқалады: шаңыраққа жауапкершілікпен қарауы; отбасының тіршілігін көтеруі; әкесінің алдын ала үйлендіру қамын түсінуі; жылқыға іңкәрлік, еңбекке адалдығы; батырлар жырын жатқа айтуы, қазақы дәстүрді ұстануы, өзін іспен дәлелдеуге тырысуы. Аталған ерекшеліктер кейіпкерді рухани жұтаң адам ретінде емес, дәстүрлі мәдени құндылықтарды ұстанушы тұлға ретінде сипаттайды.
Көкпар сахналары драматургиялық құрылымда Тастанның лиминалды күйін ашатын көркемдік құрал қызметін атқарады. Тастанның көкпар десе көзі от шашады; қозғалысы жанданады, күнделікті өмірде тежелген адам көкпар үстінде ғана өзінің табиғи болмысын ашады. Көкпар кейіпкердің әлеуметтік рөлі мен ішкі табиғатының арасындағы өтпелі психологиялық ахуалды көрсететін символдық кеңістік ретінде көрінеді.
Музыкалық драмадағы Тастан бейнесі қазақ қоғамындағы ер мінезінің мәдени-психологиялық табиғатын ашатын маңызды көркем образ. Режиссерлік интерпретацияда Тастан ұлттық дүниетаным мен өзгеріп бара жатқан әлеуметтік орта арасындағы қайшылықты бойына жинақтаған күрделі драмалық тұлға.


Психологиялық күй
(Салтанат бейнесі)
Драманың көркемдік қуатын арттырып тұрған образ – Салтанат бейнесі. Оның келін атанып келуімен сахналық кеңістіктің эмоционалдық атмосферасы өзгереді. Бұған дейін қоңырқай тіршілік кешіп жатқан шаңыраққа жылылық енеді. Әкесі мен баласы, анасы мен ұлы, жеңгесі мен қайын інісі арасындағы байланыстар сырттай қарапайым көрінгенімен, олардың астарында қазақы дүниетаным мен дәстүрлі этиканың терең қабаттары жатыр. Әсіресе, Қайыркен мен Салтанат арасындағы адами тазалыққа құрылған байланыс драманың лирикалық тынысын күшейтеді. Режиссер Салтанатты романтикалық идеал деңгейінде қалдырмай, оның нәзіктігін тұтас отбасының ішкі мейірімін ашатын драмалық күшке айналдырады. Салтанаттың табиғаты – нәзік әлем. Ол өмірді сүйеді, әнмен өмір сүреді, сезіммен сөйлейді, ішкі үндестікті қалайды.
Салтанаттың драмалық миссиясы – өзгелердің ішкі әлемін өзгерту. Салтанат бейнесі дәстүрлі әйел кейіпкерінен әлдеқайда күрделі. Ол архетиптік әйел образы, рухани тазалықтың символы. Осы тұрғыдан ол драманың трансформациялық кейіпкері болып табылады. Салтанат бақытты шынайы өмірден емес, рухани өзгерістен іздейді. Ол Тастанның бір күні өзгеретініне, жұмсаратынына, ішкі әлемінің ашылатынына сенеді. «Мен ол бақытты қиын жерден іздеймін, жоқ жерден іздеймін» деген сенімі Салтанат характерінің кілті. Ол азапты саналы түрде таңдап тұрғандай әсер береді. Оның ойынша, адам жаны махаббат арқылы міндетті түрде өзгереді. Салтанат жеңіл бақыттан бас тартады, қиын адамды сүйгісі келеді, өзгермейтін мінезді өзгерткісі келеді. Бұл әйелдік махаббаттың романтикалық мифі. Драманың трагедиясы да осында.
Салтанат Тастанның ішіндегі мейірімді оятады. Драманың маңызды астарының бірі Салтанат Тастанды өзгертуге жақын қалғаны. Сол себепті Тастанның финалдағы қатты күйреуі ауыр әсер береді. Ол эмоциясын жоғалтқан, сүйе тұра сезімін жеткізе алмаған, қаттылықты ер мінезі деп түсінген, мейірімді кеш таныған трагедиялық тұлға.


Психологиялық жүйе
(Қайыркен – Салтанат – Тастан)
Драмалық құрылым үш кейіпкердің – Қайыркен, Салтанат, Тастан арасындағы ішкі психологиялық байланысқа құрылған. Осы үштік драманың эмоциялық композициясын құрап тұр. Бұл үштік қойылымдағы үш түрлі танымды, үш түрлі эмоцияны білдіреді.
Психологиялық драмадағы кульминациялық сәттің бірі – күреңді рұқсатсыз мінгені үшін Тастанның Салтанатқа қол жұмсауы. Бұл тұрмыстық жанжал емес, кейіпкерлер психологиясын ашатын ауыр сәт, драманың ішкі психологиялық қақтығысына өтетін өте маңызды деталь. Салтанаттың қадамы еркелік сияқты көрінгенімен, қазақы ортадағы қалыптасқан тәртіпке сүйенсек мұнда «шекара бұзу» әрекеті жатыр. Ең алдымен, Тастанның күреңі – жай ат емес. Қазақ дүниетанымында ер адамның аты – оның беделі. Әсіресе көкпаршы, адуын мінезді Тастан үшін жылқы – ішкі болмысының метафорасы. Салтанаттың күреңді еркін мініп кетуі – Тастан әлемін қиратумен бірдей. Тағы бір маңызды деталь – Салтанаттың Тастанның тымағы мен шолақ тонын киюі. Театр тілінде – рөлдік трансформация. Салтанат келін болып түскен орта бұл әрекетті көтере алмайды. Салтанат – импульс, қозғалыс. Ал Тастан әлемі тәртіпке құрылған. Бұл психологиялық қақтығыстың алғашқы сигналы. Көрермен сол сәтте-ақ олардың мінез табиғаты бір-біріне қарсы екенін сезеді.
Авторлық-режиссерлік ұстаным Салтанатты Тастаннан алыстатып жібермейді. Себебі Салтанаттың ниеті Тастанды рухани өзгерту. Қайыркен альтернативті мүмкіндік. Көрермен іштей «Салтанат Қайыркенмен бақытты болар ма еді?» деп ойлап та үлгереді. Бірақ драматургия бұл мүмкіндікті әдейі іске асырмайды. Қайын іні мен жеңге арасындағы нәзік рухани жақындық қазақ мәдениетінде бар құбылыс. Бірақ оның белгілі бір моральдық шекарасы болады. Сондықтан олардың арасындағы сезім айтылмайды, мойындалмайды, ишара деңгейінде ғана қалады. Дәл осы айтылмағандық қойылымның эмоциялық қуатын арттырады. Егер сезім ашық формаға өтсе, драманың ішкі тазалығы бұзылар еді. Ал қазіргі нұсқада көрермен олардың байланысын сезеді, бірақ оны нақты махаббат ретінде бекіте алмайды. Драманың эмоциялық әсері көбіне нақтыланбаған әрі ашық қалдырылған психологиялық қатынастар арқылы күшейеді.
Салтанаттың өлім алдындағы сахналары кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастардың табиғатын ашатын маңызды драматургиялық түйінннің бірі. Әсіресе, көрермен санасында Қайыркен – Салтанат – Тастан арасындағы сезімдік байланыстың сипаты жөнінде түрлі интерпретациялар тууы мүмкін. Қойылымның көркемдік ұстанымы кейіпкерлер арасындағы эмоционалдық шекараларды нақтылап, шығарманың идеялық бағдарын айқындай түседі.
Сахнадағы ең мәнді символдық белгі – Салтанаттың күреңге арнап дайындаған жібек шашағы. Қазақы дүниетанымда ат әбзеліне тағылатын шашақ құрметтің, тілек-ниеттің, иесіне деген ықылас пен сенімнің белгісі. Салтанаттың өмірмен қоштасар алдындағы соңғы аманатының дәл осы шашақпен байланысты болуы оның жан дүниесінде Тастанға деген сезімнің сақталғанын аңғартады. Бұл эпизод ерекше психологиялық дәлдікпен шешілген. Салтанаттың әлсіреген қолымен жібек шашақты қысып ұстап, оны табыстауы – соңғы рухани аманатын жеткізу. Қызыл түсті шашақ та қосымша семантикалық мағынаға ие болады. Ол бір мезетте махаббат пен қасіреттің, өмір мен өлімнің, үміт пен қоштасудың белгісі ретінде көркемдік қызмет атқарады.
Сол сияқты Салтанаттың Қайыркенге деген қатынасы да осы көріністе нақты айқындалады. Кейіпкер оның қолын қысып, ризашылығын білдіреді. Алайда шешуші сәтте Тастанның есімін атауы кездейсоқ драматургиялық тәсіл емес. Авторлық-режиссерлік тұжырым Қайыркен мен Тастан образдарының Салтанат өміріндегі рөлі мен функциялық ерекшелігін даралап көрсетеді.
Қайыркен – рухани серік, Тастан – өмірлік серігі. Кейіпкердің соңғы сөздері мен соңғы аманаты оның ішкі таңдауын айқындап, көрермен санасында туындауы мүмкін екіұшты пайымды сейілтеді. Салтанаттың өлім алдындағы көрінісі драманың идеялық түйіні. Режиссер Салтанаттың Тастанға құрметі мен үзілмеген рухани байланысын жібек шашақ арқылы бейнелей отырып, олардың арасындағы қарым-қатынасты қарапайым тұрмыстық қақтығыс деңгейінен көтереді. Бұл эпизод көрерменге Салтанат пен Тастан тағдырының трагедиялық тұтастығын тереңірек сезіндіреді.
«Гауһартас» финалының әсері оқиғасында емес, оның көрермен санасында аяқталмай қалуында. Драманың ең үлкен эстетикалық қуаты дәл осы аяқталмаған психологиялық кеңістікте. Қойылымнан кейінгі көрермен үнсіздігі, залдағы созылыңқы пауза, көз жасын жасыра алмай отырған адамдардың психологиялық күйі сахна мен көрермен арасында қалыптасқан терең эмоционалдық әсердің көрінісі.


Режиссерлік реинтерпретация
«Гауһартас» повесі қазақ әдебиеті мен мәдени кеңістігінде бірнеше көркем формада өмір сүрген туынды. Алғаш әдеби шығарма ретінде танылған туынды кейін кино өнеріне көшіріліп, ұлттық кинематографиядағы ең танымал психологиялық-драмалық фильмнің біріне айналды. Көркем фильмнің халықтық деңгейде кең қабылдануы, ондағы актерлік ансамбльдің сәттілігі және образдардың ұлттық санада орнығуы «Гауһартасты» дайын мәдени кодқа айналдырды. Көрермен санасында «Гауһартас» ең алдымен кинотуынды ретінде бекіп қалған болатын.
Режиссер үшін концепцияның негізгі тірегі – шығарманың бұрын экрандалғаны емес, көркем мәтінді жаңа эмоциялық, әлеуметтік және эстетикалық контексте қайта сөйлету. Қойылымның көркемдік салмағын арттыра түсетін факторлардың бірі – Дулат Исабеков қойылымды өзі тамашалап, ризашылық білдіруі, автордың жоғары баға беруі. Бұл театрлық интерпретацияның түпнұсқа рухына қайшы келмегенін, керісінше, шығарманың эмоциялық және идеялық қуатын жаңа формада аша алғанын байқатады. Автор мен режиссер арасындағы мұндай шығармашылық үндестік қазіргі қазақ театрында сирек кездесетін құбылыс. Көптеген жағдайда экрандық нұсқасы халықтық санада орныққан шығарманы сахнаға шығару тәуекелмен пара-пар. Тәуекелдің көркемдік табысқа ұласқанын көрсеткен «Гауһартас» музыкалық драмасы әлеуметтік-психологиялық режиссураның үлгісі.
«Гауһартас» шығармасы ұзақ уақыт бойы әйел тағдыры, отбасылық қатынас және ұлттық мінез мәселелері аясында талданып келеді. Алайда шығарманың сахналық нұсқасы оның мазмұнын жаңа қырынан пайымдауға мүмкіндік береді. Режиссер интерпретациясында «Гауһартас» тұрмыстық оқиға шеңберінен шығып, адамдардың бір-біріне рухани жете алмау трагедиясын бейнелейтін психологиялық драмаға айналған.
Драманың режиссерлік шешіміндегі маңызды ерекшеліктің бірі – әлеуметтік ортаны бір ғана сахна арқылы терең ашуы. Әсіресе, келін түсіру сахнасы тұтас дәуір психологиясын жинақтаған көркем микромодель іспетті. Бұл эпизодта режиссер кеңестік кезең қалыптастырған әлеуметтік мінездерді дәл береді: билікке бейім белсенді тип, тобырлық сана, ішімдікке тәуелді орта, әлеуметтік үстемдік көрсетуге ұмтылатын дөрекі мінез. Сонымен қатар, дәл осы ортада махаббаттың, жастықтың, адами ұяңдықтың да жоғалмағаны байқалады. Яғни сахналық кеңістікте қарама-қарсы эмоциялар мен мінездерді қатар өрбітіп, драманың күрделі қырын ашады. Бұл мәтіндегі жасырын әлеуметтік қабатты сахна тілінде айқындаған режиссерлік шешім.
Демек, драма түпнұсқаның қабылдану ракурсын өзгерткен. Әдеби мәтіндегі тұрмыстық драма – психологиялық және әлеуметтік драмаға айналған. Театртануда мұндай құбылыс классикалық мәтіннің мәдени реинтерпретациясы ретінде түсіндіріледі. Яғни, шығарма өзінің бастапқы мазмұнын сақтай отырып, жаңа қабылдау кеңістігінде қайта мағына өндіреді.
Бір қарағанда сахна адамдарға толы: отбасы мүшелері, ауыл тұрғындары, мереке, ән, көкпар, күнделікті тіршілік. Бірақ драмалық әрекет тереңдеген сайын көрермен кейіпкерлерді біріктіретін ортақ сезім барын аңғарады. Ол – жалғыздық.
Қайыркен жалғыз, Тастан жалғыз, Салтанат жалғыз. Үш кейіпкер – жалғыздықтың үш түрлі формасы. Қайыркен – жеткізілмеген сезім, Тастан – жеткізілмеген махаббат, Салтанат – түсінілмеген жан. «Гауһартас» – бір ғана адамның емес, бір-біріне жете алмаған жалғыздардың драмасы.
Драмадағы трагедия – Салтанаттың тұрмыстық жапа шегуі емес, жан жалғыздығы. Сондықтан финалды әйел тағдыры ғана емес, рухани жалғыздық туралы реквием ретінде қабылдау әлдеқайда терең нәтиже береді.
Режиссер Асхат Маемиров көркем шығарманың әлеуметтік қабаттарын сақтай отырып, оның психологиялық тереңдігін күшейткен. Өйткені сахнадағы жалғыздық – бүгінгі адамның да жалғыздығы.


Музыкалық драматургия
(әннің кейіпкерге айналуы)
Музыка – «Гауһартас» драмасында оқиғаның эмоциялық және мағыналық құрылымын қалыптастыратын негізгі көркемдік құрал.
Халық әні «Құдаша», «Ләйлім шырақ» /Ақан сері/, «Келші, айым» /М. Өзбеков/, «Сен сұлу» /Ш.Қалдаяқов/, «Құстар қайтып барады» /Н. Тілендиев/, «Көктем келер гүлін алып» /Б. Жұманиязов/ – әрбір ән драмалық әрекеттің құрамдас бөлігіне айналып, кейіпкердің ішкі әлемін ашуға қызмет етеді.
Музыкалық нөмірлер сахналық оқиғалармен табиғи үйлесіп, кейіпкерлердің сөзбен жеткізуге келмейтін жан күйзелісі мен сезімдік толғанысын бейнелейді. Қойылымның музыкалық шешімінің ерекшелігі – әндердің иллюстративтік қызметпен шектелмей, дербес драматургиялық мәнге ие болуында.
Белгілі бір сахналарда ән оқиғаны сүйемелдеуші элемент қана емес, кейіпкерлердің ішкі монологына, кейде олардың атынан сөйлейтін көркем бейнеге айналады. Әсіресе лирикалық әндер Салтанаттың нәзік жан дүниесін, махаббатқа деген адалдығын және рухани тазалығын тереңдете түссе, сағыныш пен мұңға құрылған шығармалар кейіпкерлер тағдырындағы драмалық қайшылықтарды айқындайды. Нәтижесінде көрермен әнді жай тыңдамайды, оны кейіпкер тағдырының ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды.

Музыкалық драматургияның әсерлі болуы бұл әндердің бірнеше буынның мәдени жадында сақталған туындылар болуымен де байланысты. Осы арқылы сахналық әрекет пен көрермен санасы арасында терең эмоциялық-ассоциативтік байланыс қалыптасады. Мұндай құбылысты мәдени жады эстетикасының көрінісі ретінде қарастыруға болады. Қойылымдағы музыкалық материал өткен кезеңнің рухани атмосферасын жаңғыртып қана қоймай, көрерменнің жеке естеліктері мен ұжымдық мәдени тәжірибесін де белсендіреді.
Қойылымның мәдени ықпалын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – оның театр кеңістігінен шығып, қоғамдық және цифрлық ортада жалғасын табуы. Әлеуметтік желілерде қойылымнан алынған музыкалық үзінділер мен сахналық көріністердің кең таралуы спектакльдің мәдени резонансының жоғары болғанын көрсетеді. TikTok пен Instagram платформаларында қойылым әндерінің белсенді қолданылуы қазіргі театрдың цифрлық аудиториямен жаңа форматта байланыс орната алғанын аңғартады. Мысалы «Құдаша» әні әлеуметтік желілерде кең таралып, түрлі бейнежазбалар мен талқылауларға арқау болды. Нәтижесінде ән жеке музыкалық шығарма емес, қойылымның көркемдік символына айналды. Бұл құбылыс театр өнерінің ықпал ету аясының кеңейіп, сахналық шығарманың медиамәдени кеңістікте де өмір сүре алатынын дәлелдейді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Гауһартас» музыкалық драмасының жетістігі тек сахналық табыспен өлшенбейді. Қойылым ұлттық музыкалық мұраны заманауи көркемдік контексте жаңғыртып, оны жастардың рухани кеңістігіне қайта енгізе алған маңызды мәдени құбылысқа айналды. Музыка спектакль құрылымындағы қосалқы элемент емес, драмалық әрекетті ұйымдастыратын және кейіпкерлердің рухани болмысын ашатын дербес көркем күш ретінде көрініс тапты. Сондықтан «Гауһартас» драмасындағы музыкалық драматургияны әннің кейіпкер дәрежесіне көтерілуінің жарқын үлгісі ретінде бағалауға болады


Актерлік ансамбльдің көркемдік үйлесімі
Қойылымның көркемдік тұтастығын қамтамасыз етіп тұрған негізгі факторлардың бірі – актерлік ансамбльдің үйлесімді жұмысы. Режиссерлік тұжырым әр актердің жеке орындаушылық ерекшелігі арқылы ғана емес, ансамбльдік әрекет нәтижесінде жүзеге асады.
Салтанат рөліндегі Инабат Ризабекова кейіпкердің нәзік психологиялық табиғатын сенімді ашады. Актриса сыртқы әрекеттен гөрі ішкі күйге басымдық беріп, Салтанаттың махаббатқа, түсіністікке және рухани жақындыққа деген мұқтаждығын дәл жеткізеді. Әсіресе үнсіздікке құрылған сахналарда оның сахналық болмысы кейіпкердің ішкі драмасын тереңдетеді.
Оразалы Игілік сомдаған Тастан бейнесі біржақты қаталдық шеңберінен шығып, күрделі психологиялық тұлға деңгейіне көтеріледі. Актердің жинақы пластикасы мен ұстамды орындау мәнері кейіпкердің сыртқы қаталдығы мен ішкі қайшылығын қатар ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Тастан көрерменге қатыгез адам ретінде емес, өз сезімін жеткізе алмайтын трагедиялық тұлға ретінде қабылданады.
Қайыркен рөлдеріндегі Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұрмағанбетов образдың адамгершілік және рухани қырларын айқындайды. Олардың орындауында Қайыркен драманың эмоциялық тепе-теңдігін сақтайтын, жылылық пен түсіністіктің символына айналады.
Қосалқы кейіпкерлерді сомдаған актерлер де қойылымның әлеуметтік-психологиялық кеңістігін толықтыруға үлес қосады. Ернар Мұхамбетов (Әскербек), Қазыбек Есқара (Тұрымбет), Қалима Наушабаева (Ана), Дана Қабылова (Раушан), сондай-ақ ауыл бригадирі бейнесіндегі актерлер ансамбльдік үйлесімді сақтай отырып, шығарманың көркем әлемін шынайы әрі нанымды қалыптастырады.
Жалпы, спектакльдегі актерлік ансамбль режиссерлік концепцияның сахналық жүзеге асуына қызмет етіп, кейіпкерлердің психологиялық табиғатын біртұтас көркем жүйе аясында ашуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, қойылымның эмоционалдық әсері мен көркемдік қуаты актерлік ансамбльдің кәсіби үйлесімімен тікелей байланысты.
Жібек БОЛТАНОВА,
әдебиеттанушы


