Ақжігіт қой аузынан шөп алмайтын момын. Тура қараған адамға көз тіктеп жауап қайтара алмайтын ынжықтың өзі. Соған қарамай, ауылдағы маңдай алды қызметте. Кілтші. Ауылдағы жем-азық қоймасының иесі сол. Қатыны Алтыншаш қойма жұмысшысы. Міндеті – ат шаптырым базды таза ұстау. Шынтуайтына келгенде, қойманың иесі қатыны да, таза ұстау, сыпырып-сиыру – байының мойнында. Сәйкесінше, келгендерге фураж беретін де Алтыншаштың өзі. Осындай билігі бар адамның ауылда ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болмай қайтсін. Қарғыс демекші, біздің Алтекең қарғаудың қас шебері еді. Ұрыс кезінде сөзі таусылып, аргументі болмай қалса, екі қолымен бүйірін таянып алып, аңырай жөнелетін.
– Шашымның ағы ұрсын, жілігімнің майы ұрсын. Есік-есіктен өт, тесік-тесіктен өт! – деп қарғысты жаудырғанда, қарсыласы түгіл, ауылдың қабаған иттерінің өзі жым болатын. Ондайда байы да үлессіз қалмайды. Тірі байын көрге бір-ақ кіргізуші еді.
– Көріңде өкіргір, қу сөлтік, көмусіз қалғыр қу шірік. Қатынына қорған болмаған, адыра қалғыр, тірі өлік, – дегенде естіген адамның аза бойы қаза болып, төбе құйқасы шымырлайды. Және, ерекше бір мақаммен, азаншының даусынан бекер құйқылжытып, әндетіп айтады. Ондайда жем алуға келгендер тұра қашады. Тоқтау айтып, сабырға шақырғандардың жетпіс жеті атасын түгендеп береді. Және, кімнің кімге ілік-шатыс екенін білетін сумақай, өтірікті шындай сапыратын өсекшінің өзі. Біреудің қатынына біреу көз сүзіпті, ананың қатыны бәленшекеңмен ойнас деп жала жаба салу үйреншікті нәрсесі.
Күйеуіне «Сөлтік» деген атты берген де өзі еді. Азан шақырып қойған Ақжігіт деген әп-әдемі есімін місе тұтпай, «беті шалбар-шалбар, қап-қара сөлтікке қор болған өмірім-ай» – деп азынағаннан кейін, бүкіл ауыл Сөлтік атап кеткен. Бүгінде Алтекеңнен маңайдағылардың бәрі ығады. Маңайдағылары несі, бүкіл ауылда оған қарсы келетін адам кемде-кем. Тек басқарма мен бригадирден ғана тайсақтайды.
Жиырма жыл бойынша шопанның көмекшісінен аса алмаған байын кілтші қылған да өзі. Жалынып-жалпайып көріп еді, ығына жығыла қоймады басқарма. «Ауданға барып, управляіштің үстінен арыз түсірмекпін», – деп, өзіндей желауыз Мағрипаға сыбырлап еді, ертеңіне конторға сүмірейіп кеткен Сөлтігі, шікірейіп қайтты. Сондықтан, Сөлтекең әйелінің айтқанынан шыға алмайды. Өзінен аумай қалған, қой аузынан шөп алмайтын екі ұлы үшін, аттының аяғына, жаяудың таяғына жармасып, есесін жібермейтін шешеге тартқан қызы үшін қарыздар.
Дегенмен, Сөлтіктің де мінез шығаратын кездері болушы еді. Ішкен кезде есесі кеткен адамның артынан барып, құлақ-шекеден қонжитады. Сау кезінде, төбелес түгіл қатты дауыс шыққан жерден айнала қашатын ол, мұндайда тіпті еліріп кетеді. Өлермендене ұмтылып, аузына келгенін айтып, қиян-пұрыс мінез шығарады. Тек Алтыншаш келгенде ғана, моп-момақан қалпына көшіп, қатынының алдына түскен күйі екі қадам алға басса, бір адым артқа шегініп, ырғалып үйіне жетіп, бірақ құлайтын.
Бүгін де, басы солқылдап ауырып тұрған күн еді. Кеше Мейрам құрдасымен бір жартыны бауыздап, ақыры төбелеспен тынған. Бүгін асқазаны сыздап, көзі мөлиіп отыр. Жолшыбай арақ сататын үйден бір шөлмекті қыстыра келген. Алтыншаш келгенше басын жазып алмақ. Жазды да. Бір бөтелкенің жартысын қотара салды. Көзі шырадай жайнап, іші жылып сала берді. Басы жазылғанымен, көңілі құлазып сала берді. Кешегі Мейрамның сөзі ойынан шығар емес.
– Қатыныңнан қорқасың, – деген ол.
– Менің қатынымнан бүкіл ауыл қорқады, – деген бұл.
– Сен еркексің, сен тыйсаң, басқамыз да қорықпайтын боламыз, –деген ол.
– Қалай тиямын? – деген бұл.
– Ұр!
– Қорқам!
– Онда сен оны қорқыт!
– Қалай?
Құрдасы жөнді ақыл айта алмағасын, ақыры жұдырықтасумен аяқталып, Алтыншаш екеуін қоса таяқтап, үйге қуып тыққан.
Кенет, ойына сап ете қалды. Өледі. Асылып өледі. Өткенде Алтыншаштың ағасы қайтқанда жоқтау айтып, бүкіл елді күңіренткен.
– Кешіре көр, Ағекем, кешіре көр. Тіріңде қадіріңе жетпеп ем, мен өлейін орныңа, тіріліп кел, Ағекем, – деп аңырағанда, меңіреу қалпынан таймайтын бұның жүрегі солқ ете түскен.
Тапты. Ендеше асылып өледі. Жоқ, өлмейді. Өлген болып, Алтыншаштың жоқтауын тыңдамақ. Осылай қорқытып, қадырын арттырып алмаса. Көп ойланған жоқ. Келетін уақыты да болып қалды. Жалма жан, шөп бастыратын арқанды шанадан алды да, қойманың төмендеу тұсына әкеліп, бетон сырғауылға ілді. Арқан дайын. Сұлы салған қанар қапты арқанның астына әкеліп қойды да екі қолтықтың астынан өткізіп, кеуде тұсынан күрмеп байлады. Арқанды арқасына апарып, желке тұстан шығарды да, күпәйкесін түймелеп алды. Сырттан қараған адамға асылып өлген адамнан аумай қалды. Қапты теуіп қалып еді, шолтаң ете түсті. Арқан көкірегін қысып барады. Шыдауға тура келеді. Ары-бері жұлқынып көріп еді, шайқалып барып тұра қалды.
Есік ашылды. Үйітілген қойдың басы құсатып, тілін шығара қойды.
– Әй, Сөлтік, атты неге жемге қоймағансың, үкіметтің бидайын аяп жүрсің бе?
Бері қарай өтті, жолдағы сыпырғышты теуіп жібергенін де естіп тұр.
– Сөлт... Ойбайй!
– Не бетімді айттым, қу Сөлтік! Ел-жұртқа не бетімді айттым деймін мен саған?!
Алтыншаш шашын жайып жіберіп жоқтау айтар, аяғын құшақтап жалынар, жер тырнап өксір деп еді. Арқасын қабырғаға тосып отырғаны. Әні, «өліп қалды» деп емес, «ел жұртқа не айтамын» деп, байын қарғап отыр. «Қой, болмас, кеудемді ауыртып бара жатыр, түсейін» деді де, қолын күпәйкесінің ішіне өткізіп, арқанның бір шетін тартып қалды. Аяғы ұйып қалған ба, тақырға тарс ете түскенде тізесі тыз ете түсті. Тоңқалаң асқан күйі, тұра алмай қалды.
– Сө-сөлт-тіік...
Алтыншаш кекештеніп, даусы шықпай қалды. Қолына іліккен шелекті жіберіп қалды. Онысы тоңқайып жатқан байының жамбасына тиді де, қаңғырлап барып тоқтады. Даусы шықпайды, тек өксіп жылап отыр.
– Сөөөл-ттік-ааау, не-е-е жаз-ды-ы-м-мм...
Сол күні жем алуға да ешкім келмеді. Ерлі-зайыпты екеуі тым-тырыс жүріп, қойманың ішін сыпырды да, үйге қайтты. Сол күннен бастап Алтыншаш кекеш болып қалды. Алғашында адуын мінезімен шаптығып шыға келуші еді, кекештеніп қарғай бастағанда жұрт күлетінді шығарды. Содан кейін жұртпен ұрсуды қойып кетті. Алтыншаштың аузы жабылғалы, Ақжігіт те Сөлтік атынан құтылды. Ара-тұра құрдастары ғана еске алып: «Қатынына ие болатын еркек біздің Аужекеңдей болсын», – деп қағытып қояды.
Автор туралы.
Рахымжан Сағындық Сәбитұлы, 1980 жылы СҚО Шал ақын ауданы Бірлік ауылында туған. Әр жылдары қалалық, республикалық телевизия саласында журналистік, редакторлық қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап СҚО сайлау комиссиясының мүшесі, ақпараттық сүйемелдеу саласына жауапты. «Дөңдегі ауыл», «Сағыныш дәптері» проза жинақтарының авторы.

