Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Қаусылхан Қасымханұлы. Төртқұлақ (әңгіме)...

Қаусылхан Қасымханұлы. Төртқұлақ (әңгіме)

32

Қаусылхан Қасымханұлы. Төртқұлақ (әңгіме) - adebiportal.kz

Ең қымбатты адал достық адамға,

Айырылғанда қатты батар жас жанға.

Достарымен қол ұстасқан мәңгіге,

Адам қандай армансыз бұл жалғанда....

Аяқ астынан осы ән ойыма орала кетті. Қай кезде, қай жерде жаттап алғаным анық есімде жоқ. Домбыраның шанағынан күмбірлі күй төге алмасам да, бірер ауыз ән салатын әдетім бар-ды. Екі ішекке ерік беріп, еміреніп әндете жөнелдім. Ойланып та отырмын. Көз алдыма ақ шылауышын жамылып, сәл шегіне, бір тізерлеп, әнтек шалқая отырған таудың бөктерінде өткен бал балалық шағым көлбеңдеп тұра қалды. Сағым дүние қуып сандалып жүрген санам сәтке болса да саябырлай қалғанымен, тоқтай қалмады. Сонау қиыр шалғайға, басқа бір саф дүниеге, тәтті елеске құшағын жая жүгіріп бара жатты....

Ол басқа қыстақтікі. Ұзын кірпікті шаралы мөп-мөлдір көздері жәудіреп кеп жүретін. Орталаудың ес тоқтатқан ұлдары кезек-кезек біздің сыныпқа келіп, орайын тауып оған тіл қатып жүргенін көреміз. Ол түйеде менің жүгім жоқ. Мұғалімдердің мақтауына марсиып, сабағыммен ғана боламын. Бала бізді қойғанда, ол кездегі адамдарың ер мен әйел жақындаса қалса немесе бірер рет бірге жүрсе дәл бұл күндегідей күмәнға тізгін ұстатып, соның сырын білуге асық болатын тікенді идеядан недәуір аулақ, аңқылдақ кезі. Ойлап тұрсаң кейде, бағыттан тұман, адалдықтан күмән адастырады екен-ау.

Түскі демалысқа шыққанда мектептің өр жағындағы Көктекшеге барып, асқа отырамыз. Түскі асымыз әрине жайлаудағы үйден әкелген сусын мен алақандай нан ғана. Тастың қуысына тығып қойған айранымды алуға бардым. Қақпағын милықтата киіп, ішіне айраннан жиек бедерлі із қалған құмырам құдды мені күтіп тұрғандай-ақ, қолымды соза бергенде өзіме қарай қисая берді.

–Үлкен сыныптың балалары сондай оңбаған. Аралық гимнастикаға шыққанда елдің айранын ішіп алады. Әкел, айранымның жартысын құйып берейін,–деді ол өзеннің суық суымен тұтқыр нанды өңештен ары қарай демеп отырғанымды көріп. Қандай ұялшақ, момақан едік деші. Қыздарға бірдеме айтуға ерніміздің ебі келмейтін ғой. Бетім ду етіп, жүрегім көлден шығарып астауға тастай салған шабақтай тулап ала жөнелді. Сырғақтай қалдым.

–Бо....бо....болды, рақымет, өзіңе жетпей қалар.

Ол қоярда-қоймай құмырамдағы суды төгіп, айранының жартысын құйып берді. Сол күнгі айранның дәмі әйтеу өзгеше сезілгені әлі күнге есімде. Мүмкін олардың үйінің сүті біздің үйдің сүтіне ұқсамайтын да шығар.

–Құмыраңның сыртына бір қыздың атын жазып, менің айранымның жанына қоюың керек, қыздардың айранына тиіспейді,–деп жымиды ол боқшасынан «Қазақ қиссаларын» алып жатып,–мектепке келген соң айраныңды маған берсең болды.

Түстен кейін қайсы қыздың атын жазсам болар екен деп ойланумен болды. Қалай ойлансам да, желіп жүрген ойым мені сол есімге қарай алып қаша берді. Кешке үйге келген соң тілдей қағазға «Мөлдір» деп жазып, ұннан жасаған желіммен құмырама жапсырып жатқамын.

–Мұның не деді?–шешем таңғалып.

–Айранымды біреу ішіп кетіпті.

–Жүгірмектердің сені сусынсыз қалтырғанын қарашы. Аш қалсаң қал, елдің ырыздығына соқтықпай жүр! Сонда бұлай істегеніңнің мәнісі не?

–Қыз балалардың айранына тиіспейді. Өстіп жазып қойсам, ұлдар Мөлдірдің айраны екен деп қалады.

–Айналайын ақылыңнан,–шешем басымды сипады. «Рас ақылды екен» дедім іштей.

Бал айранымыздың бір қуыста тұруы ол екеуімізді жақындата түсті. Түскі аста үнемі біргеміз. Кітап алмастырып оқитын, тамаша ой ортақтасатын болдық. Кей біреулердің ойлағанындай думанды қаладан қиыр шалғайда, тау қойнауында отырған «жабайы» малшы дегеніңмен, тұтас ауылдағы қай үйдің әке-шешесі бастауыш бітіргенше баласын оқудан қалдырып көрген емес. «Сабағыңнан қалма, оқы» деп тепектеп қузап кеп отырады. Өте ерекше жағдай болмаса, орта жолда оқудан шегінген бала болған емес. Мектепке баратын жолда ойнап жүргенімізді көрген қай-қайсы ересек адамдар айғайды салып:«Әй, жүгірмектер, мектепке кешікпей барыңдар, сен әлгі пәленшенің баласысың-ғой, әке-шешеңе айтып барамын»,–дейтін. Ұрпағын оқытуға құлықты, білім алуға мән беретін таулықтарды қаладағылардың неге жабайы деп санайтынына таңмын. Мүмкін, олар адамның құнын сыртын жылтыратып ораған кездемемен өлшейтін де шығар.....Көз жұмғанда Хан демей, қара демей бәріміздің бірдей екі метр ақ сәлдебозға оралатынымызды естен шығарған-ау солар....

Мүмкін, кей нәрсе аз болса ғана адамға қадірлі болатын да шығар. Ол кезде қазіргідей қаптаған қалың кітап мүлде жоқ қой. Көп санды бала кітап оқуға құмар. Талай қолдан өтіп қолымызға тиген тозығы жетіп киіз болуға шақ қалған кітапты құныға оқимыз-ау шіркін. Түсіп қалған немесе жыртылып жартысы қалған беттеріндегі оқиғаларды сол кітапты оқыды-ау деген балаларды іздеп барып сұрап біліп аламыз. Елдің күресінінде шеті шығып жатқан қағазды көрсек, соны түріткілеп жүріп ептеп шығарып алып оқушы едік. Бір қызығы, кейде күресіннен «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, сүттен ақ, судан тұнық» деп басталатын, жігіттердің бойжеткендерге жазған жалынышты хаттары да шығып қалатын. Керек болар деген оймен ондағы нәрлі, тақпақты сөздерді жаттап та аламыз. Бойжеткендерге өзіміз жеткізіп берген, ағаларымыз жазған хаттардың да аман-сәлемі осындай бір сыдырғы болып келетін әйтеу. Кейін біз де солай жаздық та.

Ол кейде қисса, дастанды маған оқытып, өзі елжірей отырып тыңдайды. Аянышты жеріне келгенде көзінен домалай жөнелген мөлдір тамшыларды да көріп қаламын.

–Әйтеу жылауықпын, бұл өмірден көз жасым құрғамай өтеме кім білсін,–дейтін көз жасын ұяла сүртіп жатып,–дауысың тамаша, оқуың мәнерлі. «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек-Төлеген», «Қозы көрпеш-Баян сұлу» сынды қиссаларды майын тамыза әңгімелеп беретін.

–Жәудір көзге мөлдір тамшы жарасады екен,–деймін,–тас бұлақтан шыққан зәмзәмдай. Етім үйреніп, батылдық біткен кез. Байқаймын, сөзім де еркін, әрекетім де желкесінен сүйреген бұзаудай тартыншақ емес. Көп сырласамыз.

–Бұл сөзді қайсы кітаптан оқыдың?

–Өз жасампаздығым. Мұндай сөзді менің ауызыма қыймай тұрсың ба?– оған қулана қарадым.

–Зерексің. Көзің отты. Әйтеу бір жерден шығарарың анық. Көзінен ғажап бір ұшқын жылт етті де, басын бұрып әкетті. Бір түзудің бойында түйілісуге бейім жасап қарама-қарсы оқтай атылған екі сәуле бір-бірінің қасынан жанап өтті білем. Көз ұшындағы тауға қарадым. Оның көзі қиыс оң жағымдағы төбесі тазғырланып, екі самайына селеу қаптаған дөңде.

–Қандай адам болғың келеді?–деп сұрайтын.

–Әрине, жақсы адам.

–«Тәрбие – тал бесіктен» дейді екен, жақсы ата-ананың өнегелі тәрбиесін алған сенің жақсы адам боларың даусыз. Қандай қызмет істегің келеді дегенім?

–Сақшы не ұшқыш. Сен ше?

–Шипагер болғым келеді. Өйткені, қар жастанып, мұз төсеніп, жарты өмірін мал соңында өткізген әкем аяғынан баса алмайды. Жаңағы жайнаң қағып отырған мөлдір жанарын сұп-суық сұрғылттанған шарбы мұң қаптай қойды.

–Жазылып кетер жақсы күтінсе. Аюдың майы буын қабынуға ем дейді ғой,–дедім үлкендерден естігенімді айтып.

–Жүрші, Ертай,–қолымнан тартты,–төртқұлақ іздеп келейік.

Қарағайдың етегіндегі тепсеңге қияқ, екіқұлақ, шайшөп, райхангүл, үшқұлақ шөп көп өсетін. Соған бардық. Одан сәл қайқайсаң, темір қашаның ішіндегі шалғын арасы тарыдай шашылып шыққан қой бүлдірген. Залалсыз жасыл өнімнің жағымды иісі анадайдан мұрыныңа ұрылып, кеңсірігіңді қытықтайды. Жоғарылап оқудан дәмелі балалар үнемі төртқұлақ шөп іздейтін. Аға-әпкелерімізден «төртқұлақ тауып алса, арманы жүзеге асады»,–дегенді де еститінбіз. Ол арт-артынан екі төртқұлақ тауып алды, ине қарағандай қарасам да маған ештеңе ілікпей мысым құрыды.

–Жанарың нұрлы болғанымен табаныңның астындағыны байқай алмайды екенсің, алаңғасарлау боларсың,–деп сөзін жаймашуақтады,–мүмкін алысқа көз тастайтын боларсың, арманың асқақ, жыраққа қанат қағарсың.

–Кім біледі, төртқұлақ таба алмадым-ғой,–деп міңгірледім,–айтқаның келсін. Ойлаған арманыңа қалай да қол жеткізеді екенсің.

Ол екеуіміз талай рет төртқұлақ іздедік. Әйтеу ғажап. Ол табады, мен таппаймын. «Ауызы күйген үріп ұрттайды», төртқұлақтың әңгімесі шықты болды қарадай қынжылып, «іздейік» десе березеп болып, ат бойымды ала қашатын болдым. Төртқұлаққа байлап алған асқақ арманымның арқауы тарқатылып, үмітімнің үзіле бастағанын да ептеп сеземін. Зымырап күндер, аяңдап айлар өтіп, жаздық демалысқа тарайтын уақыт та жетіп келді.

–Ертай, сау бол! Күзде орталау оқымайтын болдым, үйге қарайласамын. Кездескенше аман тұр. Алдың жарық болсын,–деп көзі мөлт-мөлт етіп бір қатирені ұсынды,–мынау саған берген естелігім. Қолымда бере қоярлық ештеңе жоқ, не дерімді білмей сипақтадым да қалдым. «Рахмет» дегенімше, жүгіре басып мектеп қақпасынан шығып кетті. Қызыл түсті қатираның бірінші бетіне «Адал достық» деген әннің мәтінін жазып, қолтаңба қойып, екінші бетіне төртқұлақ қыстырып қойыпты.

Күзінде біздің үй басқа ауданға көшетін болды. Естелікке берейін деп арнаулы дайындаған екі түрлі сиясын алма-кезек істетуге болатын қалам мен артына суретімді қыстырған төртқұлақ пішіндес айнамды көршіміздің ұлы Ерсінге аманаттап, оған қолма-қол табыс етуді өтініп кете бардым.

Оның айтқанындай арманға құлаш ұрып, ауылдан Астанаға қанат қағып, университет оқып, қызметке тұрдым. Тандырдай ысыған қаланың аптабы мен у-шуынан қашып, саумал ауаны аңсап, сахараға әр рет саяхаттай барған сайын төртқұлақ іздеп бағатынмын. Әлі күнге дейін бір тал тапсам бұйырмасын. Тынымсыз айланған уақыт доңғалағы шала көрген түс іспетті көбіктей көп елестің тоз-тозын шығарды. Бастауышты қойып, орталаудағы кластастардың көбі ұмыт болды. Бәлкім, жаңа ортаға, зымыран заманға, дамыған қоғамға бейімделемін деп алыстап жүрген шағымда, ми қуысыма толған сансыз ойлар бұрқ-сарқ қайнап, шәугімнің ішіне тұрған қақ сияқты әуелгі таза қабатты қалтарысқа алып, қалыңдай түскен секілді. Жаңа дүниеге әсіре құмартудың көнені ұмыттыратын жері және бар....

Неше жылдың алды еді. Малшыларды отырықтандыру түйініндегі жаңа қоныс Сарқұм қыстағында тұратын нағашымның келін түсіру тойына бардым.

Ыстық буын мұрынынан шығарып, ырсылдай жеткен шәугіммен іркес-тіркес құйылған шайдан қашып, жол жағасындағы ағаш арасына сейілдеуге беттедім. Қазақтың неге осынша шайшіл екеніне миым бір жетпейді. Алатау ашаларынан келмей шай сораптап отырғанын көресің. Бір үйге бара қалып кезек күттірмейтін асығыс екеніңді айтып тұрсаң да, шай іш деп қысайтынын қайтерсің. Ақ пейіл, қонақжайлықтан ғой....Біз осы уақытқа да жомартпыз....

–Ертай, тұра тұршы,–деді арт жағымнан бір әйел. Қалтыйып тұра қалдым.

–Мені таныдың ба?

Зер сала қарадым. Жәудіреген жанар ғана таныс сияқты. Дәуде болса жамағайын бір жеңгем болар деп тұспалдадым:

–Кешіріңіз, жыға тани алмай тұрмын.

–Мен Мөлдірмін.

–Қайсы Мөлдір?

–Бастауыштағы кластасың. Танымайтын жөнің бар. Тұрмыстың жапасы жасыма жеткізбей ажарымды тонап, жастығымды ұрлап, еңсемді басып, қалтылдаған қара кемпір болдым,–деп күлді,– өкінерлігі, бірге айран ішкен сол күндерді ұмытқан екенсің.

–Өзгермепсің,–дедім сөз таппай арқасына ер батқан аттай қыжықтап. Бетім ду ете қалды. Кенет, айранның қышқылтым дәмі ауызыма келгендей болды. Мүмкін, осындай жағдайда адамның сілекейі ұятқа қарылып, қышқылдана қалатын да шығар....

–Сонда қалай, бұрын да осындай ма едім?

–Жо...жоқ, бұрын бұлай емессің әрине.

–Міне, Ертай, өз сөзің өзіңе қайшы. Көңіл үшін өтірік айтқаныңды сездіріп алдың. Шыңғырған шындықты айтатын адамдардың азайып бара жатқанына қайранмын, көбі өтірік сөз, жалған күлкі, мүддеге байланған қырау сыйластық.

–Атпайтын таң, тозбайтын ажар жоқ шығар. Содан бері міне отыз неше жыл өтіпті. Бұрынғыдай өжет екенсің, табиғатың өзгермепті, мөлдір десе Мөлдірсің.

–Әр адам басқаға жасандылығы жоқ табиғатымен ұнайтын не жақпайтын шығар. Жылтырақ мінез әйелдердің жасанғаны сияқты нәрсе, қанша көлегейлесең де жуған соң әуелгі бейнесі айпарадай ашылады. Адамдардың жасанды бейнесін уақыт жаңбыры шаймай қоймайды. Тума табиғатты сақтауға да батылдық пен адалдық керек. Қыр қазағы болған біздер жыл он екі ай табиғаттың төрт маусымын ғана көрсек, қаладағы сендер адамдардың төрт маусымына әр күн дерлік жолығасыңдар. Сондықтан, ойы қарапайым, талғамы таяз, санасы жайдақ бізге қарағанда өтірікке пен жасандылыққа сен зиялылар көбірек барасыңдар. Соны ойлап көрдің бе?

–Әлі бұрынғыдай шешен екенсің, кітапты көп оқығаныңның пайдасы ғой,–сұрауын жауапсыз қалтырып, өп-өтірік күлімсіредім.

Қысқа амандықтан соң ұққаным, жасы жиырмаға жетпей күйеуге тиіпті. Қазір осы өңірдегі бір қыстақта екен. Әке-шешесі талай жылдың алдында қайтыс болған.

–Екеуміз қазір құда болдық. Нағашыңның түсірген келіні бізге жақын туыс, күйеу бала «пәлен қалада мықты ағайым бар»,–деп сенің атыңды көп айтатын. Тойға қалай да келетін шығар деп кешеден бері сені байқастап жүрдім, мынау,–деп қолыма бір дәптер ұстатты, кезінде сенен сұрап алған «Ана тілі» сабағының көніспегі еді, ал мынау өзің берген қалам мен айна.

–Неге қайтардың?

–Саған деген балалық сүйіспеншіліктің құрметі мен дәлелі ретінде қолдануға қимай сақтап келдім. Аяқтың астында иесіз қалса болмас. Өзіңе қайтардым. Көп ұзамай мен де алысқа кетермін, суретіңді ала кетуге бекідім. Сөзін түгетіп, маған тұңғиықтана сәл қарап тұрды. Көзінде сәуледен гөрі тұман басым. Салқын, самарқау, бозғылт жанар. Қол берді. Алақаны сұп-суық. Еш тартынбай мойнымнан құшақтап, маңдайын маңдайыма тигізді. Көзінен аққан жас ерніме жетті. Қасіретке толған мұңлы жанардың жасы да тым кермек болатындай.....Бұрын жүгіре басып мектеп қақпасынан шығып кетсе, бұл жолы жіті басып, үйге кіріп кетті. «Қайда барасың?» деген сұрау ауызымда, «Әйел жолда, бала белде деп жүре беретін біз еркектерге қарағанда әйелдер қауымы сүйіспеншілік пен сезімге берік болады-ау» деген тұңғиық тұжырым ойымда жетім қалды. Қайтарған нәрсесіндегі өзгеріс: айнаның артындағы менің суретімнің орынына өз суретін қыстырған. Қолына төртқұлақ ұстап, өзіміз үнемі баратын тепсеңде маған күлімсірей қарап отыр. Қандай сүйкімді еді.

Нағашымның «құдалармен бірге отыр» дегеніне қарамай, ертеңгі жұмысымды көлденең тартып, кешке қарай қалаға қайттым. Көңілім астаң-кестең. Тым құлазулы.

Аттай желіп арада екі жыл өтті. Бүгін, сол жолы келіншек алған нағашы бауырым ұрпақ сүйіп, тілеуге шақырған. Үй ішімізбен бардық. Әңгіме үстінде нағашы ағамнан Мөлдірді сұрап қалдым.

–Мөлдір бастауыштағы кластасым. Алдыңғы жолы тойда жолығып, «үй жаққа бар» деп еді, үйі жақын маңда ма?

–Е, өмір-ай,–деп күрсінді нағашы ағам, бұлтсыз аспан, мұңсыз адам болмайды деген. Тірлік болжаусыз, уақыт талғамсыз. «Тұтқиыл» мен «ертең»-нің қайсысының бұрын келетініне ешкімнің көзі жетпейді-ғой, өйтпегенде бәріміздің төрт тұрманымыз сай, үзенгі бауымыз сегіз қабат болар еді. Бәрін құдыреті күшті бір Алла ғана біледі. Біз келін түсірген жылы күзде қайтыс болған.

Қойыныма жылан кіріп кеткендей тұла бойым суып сала берді.

–Науқастан ба, жоқ әлде ауылда көп туылатын көлік апаты сияқты бірдеңе ме?

–Жарықтық жастай кетті, артында төрт бірдей баласы қалды. Омырау қатерлі ісігі,–деп нағашы ағам қолыма ұялы телефонын ұстатты,–жарықтық термені керемет салушы еді, сол күні тойда мархұм Әсемхан Ғибадатқызының бірнеше термесін орындап құлақ құрышымызды қандырып, талайымызды жылатты. Мынау өзінің «Балалық сағыныш» деген термесі екен, көбіміз бейнеге түсіріп алдық. Керемет терме екен, көз алдымызға балалық шағымызды толық елестетіп еді. Міне, өзің көріп шық.

Телефондағы бейнеге телміріп отырмын. Ғажайып сырлы әуен, ерекше суреттеу, шынайы сағыныш, ащы аңсау. Өзінің ерте есейгенін, балалық шаққа мезгілсіз қош айтқанын, балалық сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын терме мен екі ішекке толық һам аса өлшемді сыйғызған. Ғұмырына бал салып, болжам жасаған.

Қандай дәмді еді сол кезде ішкен айраным,

Білмеймін қазір рухым қайда, қайдамын.

Төртқұлақ іздеп құрбыменен бір жүрген,

Келмеске кетті-ау балалық шағым, қайран күн.

 

Бұлаң өскен бала едім, еркін жүрген елік қыз.

Қатал тағдыр тартып алды-ау балалықты еріксіз.

Көктем кетіп жанымнан, жаз да маған қош айтып, 

Кетпеу үшін келіп алған өміріме сары күз.

 

Қайран сол балалық, сырласатын бүкпесіз,

Жан жүйеме нәр құятын секілді еді нұр-теңіз.

Сортаң тағдыр суымен суғарылып рухым,

Мәлім күзде қойылар бір, өмірімнің нүктесі.

Құдды бір кино көргендей, көз алдыма балалық шағымның көріністері көлбеңдеп жетіп келді. Көз жасым әлде неше рет тамып та кетті.

–Бала махаббатың есіңе түсіп кетті-ау деймін,–деп қалды қатыным қалжың-шыны аралас. Оған көзімнің ағын көрсетіп ғана қойдым. Не дейсің, әйел адамға кей іс түсіндірген сайын күрделене беретіні бар. 

Өткен-кеткенге бет сипау үшін, түстен кейін ауылдың өр жағындағы өлілер мекеніне бардық. 

Өмір мен өлімнің шекарасы, жан пендесінің соңғы баспанасы, ақырғы тиянағы болған төбешіктер мұнда келген тірілерге тірліктің қадірін сездіріп, тілсіз үн қатады. Саны бұрынғыдан недәуір молая түскен. Кәдімгі бір ауыл. Кімдер көшіп келді екен деген оймен құлыптастардағы түсіндірмелерге, сайғақтағы жазуларға жағалата көз жібердім. Қарттарға қарағанда жастардың саны басым сыңайлы. Ғажап болып бара жатқан дүние. Бір құлыптасқа «Мархұм Асыл Өтейұлы пәлен уақытта бахидан пәнниге қайтты» деп жаңылыс жазылыпты. Мырс етіп езіу тарта беріп «бәлкім бахида осылай жазылатын шығар, ол дүниеден қайтып келетіндер де болады деуші еді. Құдай ауыздарына салған болар» деп ойлап, тоқтай қалдым.

–Мөлдір мархұмның басына да бара кетейік,–дедім нағашы ағама.

«Енді мұны суыққа тоңдырмаймын, тіпті әуелі ешкімге де бермеймін» дегендей, Мөлдірді бауырына баса сұп-суық төбе жатыр бүк түсіп. Кенет, қабірдің шетін жұрындай өскен шөптің арасында үлбіреп тұрған төртқұлақты көзім шалды. Ғажап, екі жапырағында мөлт-мөлт етіп екі тал тамшы тұр. Аяалай сыйпап қойып орынымнан тұрдым. Тәубә, Мөлдірдің көз жасын сүрткендей сезімге келіп, өне-бойым дір ете қалды. Саусағымды ауызыма апардым. Бір кермек дәм. Тым таныс. Қай-қай шарапты бір ұрттағанда-ақ рас-жалғанын, маркасын біле қоятын тілімнің мені алдауы мүмкін емес (мамандығым шарап сапасын сараптау). О, жаратқан, құдіретіңе болайын! Бұл, айна-қатесіз Мөлдірдің көз жасының дәмі....

Көкейіме «Адал достық» әнінің екінші шумағы орала кетті:

Асыл досым сені қайтып қияйын,

Сезімдерді мен ішіме жияайын.

Сағынғанда көздің мөлдір жасымен,

Солғындаған мұңлы жүзді жуайын.

Көзімнен аққан екі тамшы жасты ағама көрсетпей, теріс айнала бердім...

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan