Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ФОЛЬКЛОР
/
Ат – ердің қанаты: жыр мен аңыздағы тұлпарлар...

11.07.2025 841

Ат – ердің қанаты: жыр мен аңыздағы тұлпарлар 6+

Ат – ердің қанаты: жыр мен аңыздағы тұлпарлар - adebiportal.kz

Халқымыздың рухани байлығы саналатын жыр-дастандар, ертегілер, әңгімелер мен тарихи шығармаларында жылқы тек көлік немесе мініс құралы ретінде емес, батырдың айнымас серігі, ел мен жерді қорғаудағы жан жолдасы ретінде бейнеленеді. Тіпті батыр мен тұлпар бірге туады деген де әпсаналық пайым-түсінік болды. Халық ауыз әдебиетінде жылқы – ерекше қасиетке ие, кейде тіпті адамша ойлайтын, иесіне қиын-қыстау шақта тіл қатып, кеңес беріп, алда болатын қауіпті алдын ала ескертіп отыратын киелі жануар ретінде суреттеледі.

Батырлар жырын батырсыз суреттеу, сол суреттелген батырды тұлпарсыз елестету мүмкін емес жағдай. Қуса жететін, қашса құтылатын пырағы жан серігі болып батыр мен тұлпар егіз ұғымға айналады. Мысалы ең ірі қазақ эпосының бірі Қобыланды. Құртқаның батырға деп жаратқан Тайбурылдың баптаудағы күн кемдігі беті қайтпас батыр мен Құртқа сұлу арасындағы тартысқа ұласады. Алпамыс батырдың Байшұбар аты екеуінің бір-бірін табуының өзі бір хикаяға жүк. Тіпті «Ошақтай бар жауыры, тартылып қалған бауыры» деп суреттелетін Байшұбар Алпамысқа келіп, өзінің жай ат емес, нағыз тұлпар екенін, батыр үшін туған қазанат екенін білдіреді. Жырда:

Сол уақытта Алпамыс

Қарадан шыққан төре еді,

Не салсаңыз да көнеді.

Шұбар атты абайлап,

Ақылмен ойлап біледі.

Ұстайын деп жақындап,

Қасына таман келеді.

Мойын сұнып жануар,

Жүгенге басын береді.

Сол уақытта шұбар ат,

Төрт аяғы тең болат,

Дұшпан ұстап алар деп,

Өкіммен құрық салар деп,

Жасырып бойын жүр еді, - 

деп батыр үшін жаман жабағы болып, бойын жасырып жүреді.

 

«Ерназардың айтуымен Төстік егеуін іздемекке шығады. Жылқыдан алты аяқты ала атты мініп, жеті аяқты жирен атты жетегіне алып келе жатқанда, алдынан Кенжекей шығып, мынаны айтады:

- Сан жорғаны алмадым. Ер аты деп таңдадым. Айыл-тұрманы, әбзелін Төстік, саған арнадым. Жабы емес, қазақы ат, Ер серігі қолғанат - Шалқұйрықты мін, Төстік!», - деп зар қағатын Кенжекей, Құртқа сұлу секілді батырдың ат-әбзел, қару жарағын дайындап: «Алты аяқты болса да табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе алты күнге жарамас», - деп әкесінен жасауыма деп берген мүліктерінің ішінен арнайы Шалқұйрықты Ер Төстікке деп қалап алатыны бар еді. «Ер Төстік» ертегісінде Шалқұйрық негізгі сюжеттің барлығында қатар жүріп кейіпкер ретіндегі салмағы басты қаһарман Ер Төстіктен мысқал да кем емес.

«Керқұла атты Кендебай батыр» ертегісінде де Керқұланың Кендебайдың қолына түскен жері де оқиғамен басталады. Қасқыр жарып кеткен биенің қарнын жарып алып шыққан құлыны ай сайын емес, күн сайын өскен Кендебайдың өзі секілді «Сағат сайын емес, минут сайын өсіп. Алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты», - деп келеді ертегі. Елін мергендігімен, аңшылығымен асырап, қайырымдылығы ел мұңына ортақ болған Кендебайға Керқұланың жолдас болуы үлкен көмек болады. Осылайша енді батырдың аты жай Кендебай емес, Керқұла атты Кендебай батыр атанады.

Жыр да болсын, ертегі де болсын үлкен оқиға басталар алдында, болмаса сапарға, жауға шабар алдында батыр мен тұлпары екеуінің арасындағы кездесу, сынасу, баптау секілді алғы шарттарды дайындайды. Қазақтың тағы бір классикалық әйгілі ертегісі «Алтын сақадағы» бас кейіпкер мен жабағы тай арасындағы кездесуі де атақты батырлар жырынан бір кем соқпайды. Ертегіде: «Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келеді. Бір қотыр тай балаға қарайды. Бала сол тайды ұстап, жүгендейді. Тайдың қотыры жазылып, құнанға айналады. Бала үстіне тоқым салғанда, тай дөнен болады. Ер салғанда, тай бесті атқа айналады», - дейді. Осы жаман қотыр тай бала үшін не істемейді, үш аяқтап та шабады, екі аяқтап да шабады, тіпті құлап бара жатып баланы бәйтерекке жеткізеді. 

Бұлар қиялдан туған ертегі, аңыз, жыр. Нақты өмірде болған кезіндегі батырларымыз Қабанбай, Бөгенбайлардың да өмірлік серігі болған, мініп алып жауға шапқан, алты ай мінсе арымайтын, түйе көтермес жүкті көтере алатын мықты аттар болған. Қабанбайдың Қубас аты, Ер Жәнібектің Көк дөнені, Абылайдың Нарқызыл немесе Құлаша аты, кейінгі Исатай батырдың Ақтабан аты, Махамбет батыр мінген Кесікқұлағы, барлығы қатардағы жай мініс аттар емес еді. Оларды құлын күнінен мүшесінен танып, ерге серік, жорыққа лайық төзімді жылқы баласы болғанын сол кездегі сыншылар өте жақсы танып біліп отырған.

Жинақтай келе жылқыға, атқа байланысты, аттың ердің серігі болғанына байланысты қысқаша тоқтала кеттік. Жалпы сонау Ботай заманынан осы қазақ даласында алғаш дала жылқысы қолға үйретіліп, үй жануарына айналғаны туралы көп айтамыз. Сол заманнан бері осы даланың төл перзенті ретінде қазақ пен жылқы, ер мен тұлпар қатар өмір сүріп, бірге ел қорғап, бірге жол жүріп, уақыттың сынынан жұп жазбай өтіп келеді. Мына дала мыңғырған жылқы табынан жер қайысып жататыны туралы шығыстағы қытай деректерінде көптеп ұшырасады. Ежелгі Тан империясы қазақ даласында жасаған сол кездегі Көк түріктерді «Жылқылы ел», «Тұлпардың мекені» деп атаса, кешегі Абылай хандарда жоңғарды талқандаған соң Үрімжі, Тұрпан арқылы Цин империясына басты тауары жылқыны экспортқа шығарып отырған.

Жылқының сан мыңы, неше түрі 1928 жылғы қызыл үкіметтің дәуіріне дейін даламызда шұрқырап жатты. Атқа, жылқыға жақын болғанымыз сонша баланың ең алғашқы қызығы тепеңдеп тай-құлынмен ойнап, оны үйрету болса, боз баланың арманы бәйгеге шабу, ал, ердің арманы тұлпарына мініп, қару алып ел қорғау болды. Осындайда Асқар Сүлейменов жылқы туралы көп толғаныстарының ішінен қазақ пен жылқыны тұтас бір ұғым қылып жіберетін: «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, Мен жылқыдан жаралғанмын» деген афоризмінен асып жылқы туралы не айта алмыз. 

Біздің кешегі өміріміздің көші-қонуының дені осы жылқы түлігінің жай-күйіне байланысты болғаны белгілі. Осыдан аз уақыт бұрын-ақ, биыл 3 маусымда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жалпы отырысында «Дүниежүзілік жылқы күні» туралы (World Horse Day) қарар талқыланып, қабылданған еді. Осы «Дүниежүзілік жылқы күні» бүгін 11 шілде деп бекітілгендіктен, жылқы десе, жылқыға мінсе делебесі қозатын халық ретінде, жылқыны қастерлеп жатқан адам баласының құрметі мен ізгі ісіне үн қосуды жөн санадық.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар