Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.06.2018 7145

САЙЫН

САЙЫН - adebiportal.kz

Эссе

І

Көмекші жылқышы жігіт оқып жатқан қолындағы кітабын селқос күйде жапты да, оюлы текеметтің үстіне шалқалай берді. Бас жағында өңі ішіне қарай үш қайыра бүктелген, бұйра сеңі бұрқыраған тон. Екі алақанын желкесіне қойған қалпы соған салмағын сала ұзынынан сұлады. Қос жанары күлдіреуіштегі әлдебір ноқатқа байланып, үнсіз қалды. Күнге тотыққан домалақ жүзінде алабұртқан құбылыстың ізі білінеді. Ішкі әлемінде бір аласапыранды әбілет басталып кеткендей.

–Қап! – Даусы оқыстан барқырай шықты. Алты қанат қараша үйдің іргесінде отырған он-он бір жастардағы ұл атып тұрып, босағадан сығалады. Сері ағасының кенеттен опына сан соғуы оны да бей-жай тастамаған.

–Түнгі күзетте қамшыңызды түсіріп алыпсыз ба? – Көз алдына тобылғы сапты, басына жез киілген сегіз өрме бұзау тіс елестеді.

–Жоқ, а-а! – Өзінің соқталдай басымен балаға әжуа болған кейпіне қысылып, күліп жіберді. – Қамшым жоғалған жоқ.

–Енді неге өкініп жатырсыз? – Екі танауы делдие ыржиып, көздері күлім қақты.

–Мында бір әңгімені оқып, – қолына кітапты алып, балаға нұсқады, – өзімнің ақымақтығыма өкінемін де...

–Сіз туралы жазып па? – Бала тіпті таң-тамаша. «Сері ағасын кітапқа шығарса...»

–Бір жігіт жөнінде. – Басын көтеріп, малдасын құрып отырды. Қара ұл да жанына таянып, тізерлей кетті. – Институтқа түсіп, Алматыда үлкен қызметке ілігіп, демалысында ауылға келіп қыздарға қырғидай тиіп жүр. Мектепті тастамағанымда мен де солай институтты бітірер ме едім? Беске оқып едім ғой, әттең... Соған өкініп отырмын да. – Иінінен терең демін алды. Күрсініс білінді.

Бала қолын созды. Жігіт оған кітапты айқара ашылған қалпы ұстата берді. «Басында Үшқараның» деген жазу назарына бірден ілікті.

–Оқыған жігіттерді қыздар өздері жақсы көріп, іздеп тұрады. – Бір сәт жайдарылана жымиды.

***

Бір жылғы төл болмаса да бірер жас айырмашылығы бар Сайын, Қалихан, Қабдеш, Рамазан, Әкім бесеуі жұмылған жұдырықтай жігі ажырамай жүретін. Бұлардың татулығы, сыйластықтары сырт көзге бірден шалынар еді. Ғажабы, бір-бірінің атын атамайды: «көке» деп тұрады. Көпшіліктің арасында «Рамазан көке», «Қалихан көке» дейтін достарын еш қысылмай. Шығармалары да үстін-үстін мерзімді басылым беттерінде жарияланып, жұртқа таныла бастаған кездері. Мұндайда студенттердің көзі қырағы ғой, қатар жүріп, қатар тұрғаннан кейін оларды сыртынан «бес тапал» деп атапты. Араларында Ақан Нұрманов сынды алтыншы тапалдары да бар еді, әттең... Ол өмірден ертерек көшті.

Бастарының қосылуы да қызық. Байтақ еліміздің әр қиырында жүрсе де басылым беттеріндегі әңгімелері арқылы бір-бірін сырттай танитын. Адамы құмырсқаша қаптаған Алматыда тоқайласқаннан кейін туғанын көргендей, бір-біріне тез бауыр басты. Қалиқан мен Сайын алғаш рет Одақта ұшырасты.

–Келдің бе? – деді Қалихан Сайынға ежелгі танысындай.

–Халің қалай? – деді Сайын. Осы бір ауыз ләм екеуін мәңгілік іргесі ажырамайтын ұлы достыққа бастаған. Қабдеш, Ақан, Рамазандармен де бір қазанда қайнағаннан кейін тез ұғысып, жақындаса берді.

Бұл кезде Әкім Мәскеуде оқитын. Қалихан онымен біліс екен. Бірді-екілі қолжазбаларын көрсетіпті. Қалиханға ұнаса тиіс, жанындағы достарына ара-тұра ол жөнінен айтатын боса керек. Ал, сырттағы адамның құлағы ел жаққа түрік жүретіні белгілі, қазақша газет-журналдарды үзбей алып тұратын. Олардан Рамазан Тоқтаровтың, Сайын Мұратбековтың, Қалихан Ысқақовтың шығармаларын оқитын. Сонда іштей «е-е, шіркін, мына жігіттердің арманы бар ма екен» деп, қызығатын.

1962 жылы Әкім оқуды тәмамдап, «Қазақфильм» киностудиясына қатардағы редактор болып орналасты. Арада аз ғана уақыт өткен. Бір күні төмендегі кезекші «сізді кісілер іздеп келіп тұр» деп телефон шалды. «Кімдер екен?» деген оймен далаға шықты. Бірден назарына ілінгені Тахауи Ақтанов пен Сайын Мұратбеков.

Қысқаша амандықтан соң Тахаң:

–Танысайық деп бұрылдық, – деді.

Ол кездегі адамдардың жаны таза еді ғой. «Алыстан оқу бітіріп келді, үлкен өмірге енді араласып жатыр, ортамызға тартайық» дегендегі ниеті болса керек.

Тілге тиек етер жалпылама ештеме табылмағандықтан, әңгіме үзіле берді. Осыны аңғара қойған Тахаң:

–Сыра ішесің бе өзің, – деді төтесінен. Әдетте еркектерді осы бір нәсте тез шүйіркелестіре қоятын.

–Сыра, ішемін. – Әр сөзін қадап, бөліп-бөліп айтты.

–Жүр онда, кеттік.

Жақын маңдағы жайлы жерге барып жайғасты.

–Жасың нешеде? – Қарапайым нәрседен білістікті бастаған жөн екенін әлдеқашан ұғынған Тахаң, кезекті сауалын көлденең тартты. Қасындағы Сайын әлі тіс жарған жоқ. Әдемі ақ сары өңі еш құбылыссыз, жайбарахат отыр. Келбетіне ұялаған шуақты күлкі бар сияқты.

–Жиырма сегізде. Өзіңіз қаншадасыз?

–Қырықтамын.

–Ойбүй-у, шал боп қалыпсыз ғой, – деді Әкім қапелімде ештеме ойламай.

Жаңа ғана жадыраған кейіптегі Тахаңның жүзіне тосыннан бір алау жүгіріп өтті. Қатты шамданды. Сайынның кескінінде өзгеріс жоқ. Жайдары қалпы. Әкімге ол қозғалмайтын жар тас сияқты көрінді. Аузына су ұрттап алғандай ләм-мимсіз, өзі төрт бұрыш. Ә дегеннен-ақ ұнамаған.

Арадағы мына ыңғайсыздықты сейілту ендігі өзіне тиесілі екенін жүптеді ме, Сайын біраздан кейін сөйледі. Бірінші сөзі әдебиет жөнінде болды.

–Мен сенің сценарийіңді оқыдым. – Мұның өңіне барлай қарады, жайдары қалпынан айныған жоқ. Абайсызда ағасын шамдандырып алғанын да қаперлемейтіндей. – Қалихан берді. «Жақсы екен, екеуміз мақала жазайық» деді.

–Жарық көрмеген дүниеге мақала жазылмайды ғой. – Жаңа таныстары бетіне үңіле қарады.

–Иә, жазылмайды. – Бір сыдырғы баяю қалпы тіл қатты. – Өзіміз де ақылдаса келіп, қойдық.

Сөйтіп, Әкім алғаш танысқандарында Сайынды жер қозғалса қозғалмайтын, сабырлы жігіт ретінде қабылдады.

...Қалихан тың бастамаларға ұйытқы, жақсылыққа дәнекер болып, шапқылап жүретін. Және де бір әдеті бар: біреуге құласа бір жола құлайды да, туындысы ұнамаса «пох» дейді. Сөзінің мәтелі, берген бағасы. Әрі, ондайда ерекше айбынданып кетеді.

Ең алдымен ол достарының арасынан Ақан Нұрмановты бөле-жара мақтап, басқаларың «похсыңдар» деп жүрді. Күндердің күнінде Әкімге көңілі ауды. Күндей күркіреп «көкем менің ең мықты, басқаларың...» деген уәжін жиі қайталады. Содан кейін арада біраз уақыт өтті. Сайынның «Отау үй» деген әңгімесі шыққан кезде Қалихан оқып: «Әй, көкелер, сендер бәрің похсыңдар. Сайын ішіміздегі ең мықты. Ендігі жерде арамыздағы басы ашық талант, Сайын көкем!» дегені ешқандай көлгірсуден ада қалпы.

–Өзің ше?! – Жапатармағай көкелері кеу-кеулей жөнелді.

–Мен де похпын! Сайын мықты.

  • Абыз-уақыт: Бүгінде екшеген адамға Қалиханның бұл тірлігі, әдейі жолдастарын бірінен-бірін оздырып немесе қалдырып, қайрау. Дыраудай өткір тілімен, соқадағы өгізді айдағандай осып, лажсыз ізденуге, талпынуға, ширауға мәжбүрлеу. Ақырында шынтуайтындағы бағасын беру. Қарасаң, керемет көшебелілік.

Бұлар бетің, жүзің дегенді білмейтін. Себебі, айтылғанның бәрі ақиқат. Жандары – адал. Шығармаларын жосадай етіп мінейді. Достыққа сүйеу деген болмайтын. Сондайда араларындағы ызақоры Рамазан. Бесеуі, Ақан барда алтауы, кейін Зейнолла Серікқалиев, Қадыр Мырзалиев, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауын араласты ғой, бір-бірінің шығармаларын өмірі өтірік мақтаған емес. Қатты қарайтын, әсіресе аямайтыны Қалихан, Асқар (Сүлейменов) және Әкім. Быт-шытын шығарып, кәдесіз ғып тастайды. Шығарманы бұтарлап, шақ-шәлекейін шығарудың үш шебері. Соның өзінде Қалихан түксиіп, «сен жанға батырмай жұқалап сынайсың» деп Әкімге ренжитін. Өзі бетің бар, жүзің бар демей айтады да салады. Қадам бастырмайтын. Кейде қызыл кеңірдек болып төбелесіп қала жаздайды. Ал, бір ғажабы, Сайын еш уақытта сын талқысына араласпайтын. Жымиып отырады. «Әй, Сайын, айтсаңшы» десе. «Енді, түсінікті ғой» дейді ешкімнің қотырына қонғысы келмей, әдеттегі байсалды қалпынан танбай.

Бірақ олардың сол шыншылдығы өздеріне пайдаға жарады. Сайынның алғашқы әңгімелерінің бірі «Райгүлін» «мынау газеттік материалға жақын екен» дегендері бар. Содан кейін ол қызарыңқырап, үндемей қалды. Кейін қайта қарағанына көздері жетті. Сөйтіп, олар бір-біріне жақсылықты сын арқылы жасап жүрді. Және де бір-бірін шығарма арқылы ұқты. Оларды жақындатқан да шығарма. Әйтпесе, алтауы алты тараптан. Сол алтаудың сыртында, пікірлес, ұғымы жақындардан алпыс, алпыс болмаса да жұбы жазылмас жиырма қаламгер болды. Қырық темірдің қылауындай осылардың бәрінің басын біріктірген – шығарма. Содан кейін бәрінің де мінез-құлқы мен түйсік-психологиялары ұқсас еді. Өйткені, бұлар, қиындықта қатайып, соғыс кезінде өскен балалар. Осыдан да шығар бойларында эгоизмдік аз. Бір-біріне болса екен деп жүрді. Таласып кеткен жоқ. Олардан кейінгі ұрпақтарда, толқындарда конкуренция күшті қарқын алды. «Конкуренция» деп сыпайылағаным. Бақталас, бақай есеп үшінші толқында тіпті өршіді.

***

...Онша-мұншаға желпіне қоймайтын Сайынның сол күні құйысқаны көтерілді. Достарына көңілі түсіп, бәрін «Ауыл» мейрамханасына апарды. Әлгі жерде отырғанда көкелері «сен, өзі, бүгін щедрый болып кеттің ғой» деді таңданыстарын жасырмай.

–Чехословакияда, чех тілінде менің әңгімем шығыпты. Соны жуып отырмын. – Баяғы байсалдылық.

–Жарайсың!

–Жақсы болыпты.

Құлшына құттықтап, қолын алды. Әндемі әңгіме, кесекі қалжың іркіліссіз ағытылды да жөнелді. Уақыттың да думанды сәтте байыз таппайтыны белгілі, дүркіреп бірер сағат өте шықса керек. Бәрі қуаныштың буына бусанып, қызыңқыраған. Ғадетте мұндайда бір рюмька жетіспей тұрмайтын ба еді. Аздау боп қалды. Рамазанның әдеті, Сайынның қалтасында ақшасы бар екенін сезіп, тағы да «кеттік» деп өзеуреді. Осы екпіндерімен, көшкен алтындай сарқырап «Қазақстан» мейрамханасынан бір-ақ тоқтады.

Сол жерде отырғанда Сайын:

–Сендер мені бәрібір шығындатпай, және бір ресторанға апартпай тынбайсыңдар. Үйге, Мәкеңе қой сойғызып қойдым, біздікіне барамыз, – деді. Ақ сары жүзіне қызыл шырай араласып, бүгінгі кештің насатымен күлімдей достарына қарады.

Мейрамханадан шығып келе жатқан кезде Рамазан:

–Жоқ, үйге бармаймыз, – дегені төтеннен қиғылықты салып.

–О не ғып?

–Үйге бармаймыз енді, екі ресторан... жетеді. – Құрдастары да тоқпейілділікпен ырзалық танытты.

Рамазан елден ерекше қағынып, «бармаймыз, бармаймыз» дегенді жөпелдемете үстін-үстін қайталады.

–Неге бармайсың?! – Оның мына қылығы Сайынның асқақтаған көңілін аласартты ма, үйелменімен бұрыла қарады.

–Бармаймыз! – Себебін ашып айтпай ноқай күйде, күңк етті.

–Сен мен үшін сонда қуанбайсың ба?! Ой, аузыңды ұрайын! – деп, құрдасына әзілдей аяғын сермеп қалды.

Осы тұста дәл есікке таянған-тұғын. Айналып тұратын есік. Рамазан ары қарай жалт беріп бұлтарды да, мұның аяғы барып тыстан кіріп келе жатқан африкандыққа сарт етіп тигені. Әлгі неме «әдейі тепті» деп бірден ойбайға басты. Жалғыз да емес екен, қасында бір топ адам. Араларында әйелдері де бар. Арадай шулап, «қасақана жасалды» деп, сәңкіні салды.

Әлгінде Алатау асығынан келмей жініккен «Бес тапал» қапелімде сасқалақтап, аузы күйген күшіктей бүгежектеді. Содан жалынып-жалбарынып жүріп, білген орысшаларын айтып, әдейі емес екенін түсіндіріп, кешірім сұрады. Ол кешіріп кетіп бара жатқан. Сап етіп Рамазан сырттан қайтадан жүгіріп келді. Келді де:

–Әй, мынау француз тілінде сөйлеп тұр ғой? – деді.

–Иә. – Күнде французша ұғынысып жүргендей біреуі, мақұлдағаны.

–Ой, мен мұны қазір қатырамын. – Етегі далаңдап жетіп барды. Жөпелдемеде ешкім оны бөгеп үлгере алмады. Жаңағы әбілеттен кейін бәрінің ақылы аңылжып, сансырап тұрса керек. Әрі, мұндайды күтпеген.

Французша бірдеме-бірдеме деп еді, анау қайтадан түлен түрткендей ашуланғаны. Рамазан тегі, көңілге қонымды, жақсы нәрсені айтамын деп, әлденені бүлдірсе керек. Әлгі негр енді ерін бауырына алып тулаған шу асаудай мүлде қайыру бермеді.

Істің насырға шапқанын әбден байқаған құрдастар Рамазанды қолтықтап, «кеттік, құрсын» деп көшеге бет алды. Қайсыбірі мына қалаймақанда істің қалай болғанын түсінбей де қалды. Рамазанды кеу-кеулеп, соған қаумаласты. Оны итермелеп, далаға қарай шығарып бара жатқандарында Сайын «осының бәріне кінәлі мен» деді ме, әлде кенеттен өршіген байбаламға анталай ұмтылған тәртіп сақшыларына «жауапты өзім берейін» деді ме, іркіле беріпті. Жанындағы жолдастары аңдамаған. Далаға шыққанда бір-ақ сандарын соғып, ішке қайта ұмтылады. Амал қанша, орынын ғана сипап қалады, милиция алып кетіпті.

«Бес тапал» астарына үңілмеген уақиға халықаралық реңк алып, сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі А.А.Громыко ертеңінде-ақ Димаш Ахметұлына телефон соғады.

–Мыналарың сұмдық қой. Басқа елден келген делегация мүшесін қазақтар жабылып ұрып, бейбастақтық көрсетіп... – Сөзінің соңын айта алмай ашудан тұтыға береді.

–Мүмкін емес, – дейді Димекең. Содан қолма-қол «не жәйт, кімдер екен біліңдерші» деп шұғыл түрде тиісті адамдарға жүктейді.

Сөйтсе, әлгі негрлері Конгодан келген үлкен фигура екен.

Сотанақтықтары дем арасында ашылып, «Бес тапалды» ағалары мұрындарынан тізіп, жинап алды. Жазушылар Одағында бәріне сөгіс жариялады. Сайынды екі бастан 15 сөткеге жауып тастаған.

Сондағы Сайынның ұстамдылығы, өмір сынына темірдей беріктігі жолдастарын қайран қалдырды. Әйтпесе Сайын, нәтінде, нәзік жанды. Тауқымет пен теперішке шыдамайтындай көрінетін. Қиындыққа қасқайып қарсы тұрғанына сүйсінді. Басын тақырлатып алып тастапты, бәз-баяғы қалпы алақандай тесіктен күлгені көрінеді.

Мына жөнсіз істеріне қапаланып, бір жағы оған қолдау танытып бостандықтағы достары да бірі қалмай, шаштарын ұстарамен сыпыртты. Күнде оған шабылып, сырттан көже тасиды. «Үлкен ыдыспен, көп қып әкеліңдер» дейді Сайын жайбарақат қызыл қырманда еңбекте жүргендей. Себебі, бірге жатқандары аш қалмауы керек қой. Соларға да алаламай дәм татырады.

Сөйтіп, «Бес тапалдың» басында бір қызықтар да ұшырасқан. Сайын шаруаның бәрін өзі мойнына алып, 15 тәулікпен құтылып шықты. Бәлкім, басқа біреу болса «менің қасымда бәлен бар еді, түген болған еді» деп, жанындағыларын тізіп берер ме... Бұл да, былай қарағанда, үлкен амгершіліктің шынайы көрінісі. Осы оқиғадан кейін ғой, Қалтай Мұхамеджановтың «осының бәрі регулярно ішіп жүрмегендіктен» деп әзілдейтіні.

  • Абыз-уақыт: Сайынның бойындағы ерекше қасиеті – адамсүйгіштік. Себебі, Сайынның қай туындысын оқыма, бұл өзінің кейіпкерлеріне ғашық болып отырады. Ғашық. «Менің қарындасымындағы» ағалық сезімі, ағалық махаббаты қандай?.. Қимай жүр. Оның бақытты болғанын қалайды. Жігіттермен жақындаса бастағанын сезіп жүр, бірақ аға ретінде жақсы көрген адам қызғанады ғой. Кімге барады ол ертең? Бір итке тап бола ма, жоқ алдынан өзі сияқты жақсы адам шыға ма? Іштей алаңдаушылық!

Немесе «Отау үйі». Кейіпкер әке-шешесін керемет жақсы көреді. Бірақ, келіншегін де ұнатып қосылды ғой... Үйінен кетіп қалды. Біреудің тастап кеткен «күркесіне» кірген, азабын көріп отыр. Әке-шешесі келіп еді, қуанып қарсы алды. Сөйте тұра әйелін де сүйеді. Бұл деген адамгершілік қой. Оны басқа біреу жазса «Оңбаған, енесімен тіл табыспады. Сол үшін жігіт бөлек шығуға мәжбүр болды» деп жазады. Әсіресе, бүгінгі жазушылар сөйтіп қиюластырар еді. Ал, енді, мынада екі жақты қимастық бар. Енесі мен атасының келініне іштері елжірейді. Ұлын одан да жақсы көреді. Бірақ, дау шығарып жатқан кім бар? Түсінді, келді, анау үйдің төбесін жамап берді әкесі. Кетті. Міне, Сайынның жүрегінің ғажабы осында. Сайынның шығармаларының барлығында Сайынның жүрегі соғып тұрады. Кейіпкерлері қандай ұяң, сыпайы, биязы болса, Сайын дәл сондай биязы жігіт. Өмірінде мен оның біреуге қарсы сөйлегенін білмеймін. Ыза болып кетеді, ызақор өзі. Ыза болып кетсе ол өшін ыза қылған адамнан емес, өзінен алады, кереметі. Сайын жиналыстарда біреудің бетінен алып, төсіне шауыпты дегенді ешқашан естімедім. Қазақы мінездің уызына жарыған. Кейінгілердің көбі өздерінен өздері «тетелестерімен» арпалысып, әуреге түсіп жүр. Сауатсыз адамдар сондай болады, түге.

Бұлар алды-артындағы ешкімменен тайталаспады. Ағаларына еш уақытта қатты сөз айтқан емес. Мықтаса, шығармаларын оқып өзара күлетін. Бірақ сол адамдарға «сіз сондай жазыпсыз» деп тіс жармады. Алдыларында жүрді таудай, таудай болып. Алайда, қазір көбісі аласарып та кетті. Жазушыға, шығармаға деген ең үлкен, ең қатерлі сын – оқырмандарының оқымай қоюы. Ұмытуы. Бар-жоғын білмеуі. Міне, бұдан артық қасірет жоқ қаламгерге.

ІІ

Сері ағасы ұсынған кітаптағы «Басында Үшқараның» деген дүниені бала неме оқығанымен онша әсерлене алмады. Одан гөрі Аянның ертегілері мен басынан кешкендері көңіліне ой салып кетті. Екі қайтара оқып шықты. Көмекші жігіттің айлар бойы әлгі кітаптан бас алмағанын байқады. Ылғи бұған айта беретіні – сабақты жақсы оқу керектігі. Мұндай уәжді мұғалімдер де сан мәрте қайталап, ығыр қылған. Бірақ, сері ағасының айтқаны басқаша әсер етті. Мына түздегі бейопа тірлігіне күйіне, өзінің оқымай қалғанын өкіне баяндады.

–Үлкен өмірге бару үшін, білім керек. Сондықтан, қазірден бастап сабақты жақсы оқыған жөн.

Баланың орташа үлгерімі есіне түсті. Биыл бесінші сыныпта бар күшін салуға іштей ұйғарды. Әттең, пәндердің қайсыбірі көкейге қонымсыз, зиыны жете бермейді. Дәміл-дәміл тықақтап сұрауға именеді, интернаттың мұғалімдері қатал.

Ойын бөліп Сері ағасы:

–Бұл жазушы осы өңірдікі, «Қоңырдан», – дегені.

–Қалай?! – Баланың көкейінде жазушы деген тек періштелер мекенінде жаратылып, солардың ортасынан халыққа түсетін сияқты көрінетін. Аузы ашылып кетті.

–Қалай дейтін дәнеңесі жоқ. Осы жерде туған.

Бала жалма-жан орнынан атып тұрып, қайтадан жүгіріп барып қолына кітапты алды. Сол сәттен бастап оның ішкі әлемінде бір өзгешелік байқалды. Кітап жазған жазушының өзімен бірге осы өмірде сүріп жатқаны қайран қалдырды. Әйтпесе, бұл білетін ақын-жазушылар кемінде бір-екі ғасыр бұрын өмір сүрген, ең соңғылары жиырмасыншы жүзжылдықтың бірінші жартысында тірлік кешкендер еді. Бәрі өлген. Балалық аңғал ойынша енді бұдан былай ешкім жазу өнерімен айналыспайтындай көрінетін...

***

Түс әлетінде «зар жақ» көк телефон әдеткі гөй-гөйіне басты. Тұтқаны құлағына апарғаны сол еді «Ассалаумағалейкүм, көке!» деген таныс дауыс саңқ етті.

–Аликум...

–Түс кезінде кездессек...

–Жайша ма?

–Баққа бармағалы көп болды.

Сайын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Әкімнің текке шақырмағаны бесенеден белгілі. «Қандай қажеттігім бар? Телефонмен айтпағанына қарағанда әңгімесі өңезді болса керек?»

Осындай ойдың жетегімен баққа да ілікті. Ол қақпаның алдында күтіп тұр екен. Маңызды шаруа айтатын тәрізді салқам, аяғын нығарлай басады.

–Сен, енді, арамыздағы партияға жақынымызсың ғой, – деп бастады ләмін. – Мынау Қабдештің екінші кітабының жолы ауырлау болып жатыр.

«Соңғы көштің» бірінші кітабы жап-жақсы шыққаны есінде. Жақсылықтың соңынан қашан да жаманшылық еріп жүретін ғадеті емес пе. Біреулер жазады ғой, қарап жүрмейді. Бір кебісті бір кебіске кигізу қаймананың қашанғы әдеті. Әлдекімнің көзқарасы қиыс.

Сайын осыны ойлап үлгерді. Әкім сөзін жалғастыра берді.

–Шетелден келді, көп жүк арқалап келді. Арғы беттегі қазақтардың өмірін жазып жатыр. Шықпаған дүниесін өзің білесің. Маған ұнады, саған да ұнаған болар деп ойлаймын. Осыны, сен енді, жылжыт ары қарай.

–Шығарайық, әдебиетте автордың жеке өмір-тәлейіне қарауға болмайды. Саған ұнады ғой? – Сұраулы кепте Әкімге бұрылды.

–Ұнады.

–Жарайды, мен саған сендім. Шығарамыз! – Бар шаруа өз қолында тұрғандай нық түрде кесімді сөзін айтты.

Ол кездегі еліміздегі баспа ісіне қатысты бастық Михаил Есеналиев болатын. Сайын шұғыл түрде сол кісіге кіріп, бұйымтайын көлденең тартады.

–Әй, қателесіп жүрген жоқсыңдар ма? – дейді ежірейе қарап ол кісі.

–Жоқ. Оқыдық. Туынды әбден лайық.

Осындай қызу қолдау мен мақұлдау тапқаннан кейін Қабдештің шаруасы дөңгеленіп жүре берді.

«Тасжарған» романы жұртшылықтың қолына тигеннен кейін Әкім де әжептәуір қағажу көрді. Идеология тұрғысынан оған деген салқындық білінді. «Мұны былайғы тұста шығаруға болмайды» дегендей, жоғары жақта тұжырым жасалған сияқты. Өйткені, «Тасжарғанда» ірі партия қызметкерлерінің іс-әрекеттері суреттелетін. Осы туындыға қатысты Гурьев облысынан 32 тармақтан тұратын айыптаушы құжат та әзірленген екен. «Бұрынғы заман болса, атылар едің» дегендей үркітушілік те байқалады.

Сөйтіп, біраз уақытқа дейін кітаптары, шығармалары басылмай жүрді. Сол кезде Сайын (1984 жылы) «Жазушы» баспасының директоры болып тағайындалды. Содан бір күні: «Әй, көке! Сенің жиналып қалған шығармаларың бар. Бер. Әкесін танытып, көлемі қанша болса да, директор болып отырғанымда басып жіберейін» деді.

«Әулет» деген романы дайын тұрған, соны ұсынды. Басылатын туындыларды жоспарлап, тізімін бекіткенде Баспа ісі комитеті «не туралы?» деп сұрайтыны айқын. Сондықтан аты орысша болуы тиіс. Әдейі, «Руда» деп жіберіпті. Өтіп кетсін дегені ғой. Көп ұзамай «Кен» романы жарық көрді.

Сайынның тек «Бес тапалға» ғана бүйрегі бұрған жоқ. Мұнысы ісінің болар-болмас шеті ғана. Мұндай жақсылықты көп адамға жасады. Сондай аялы қамқорлыққа бөленген адам – Ұзақбай Доспамбетов. Сонымен қатар, Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаев, Тұрсын Жұртбаев сияқты өзінің сүйікті інілері болатын. Кезінде Мараттың кітаптарын тоқтатпай шығарып тұрды. Құрдастары сондай ықыласқа бөленген жастарды көрсе «Сайынның інілері» деп күлетін де қоятын.

  • Абыз-уақыт: Мен оқымаған Сайынның шығармасы жоқ. Тағы да оқып шықтым. Сайын, сөз жоқ, классик. Ешқандай шүбәсіз таза классик. Мен оған «саған біреулер «көп жазбадың» деп айтатын шығар, сен оны көңіліңе алма. Сенің осы екі кітабың жетеді. Ғасырларға кетеді. Баяғы том-том жазғандардың қайсысы оқылады, қайсысы оқылмайтыны Аллаға ғана аян. Сенің туындыларың – қазақ тілі бар кезде оқылатыны қақ» дегенім бар.

«Күзгі бұралаң жол» әңгімесі біреулердің төрт томдық романынан артық. Соғысты, соғыстан кейінгі жағдайды терміштеп, тұтастай Қазақстандағы сол кездегі хал-ахуалды суреттеп, бастан-аяқ шұбыртатындар бар ғой. Мына әңгімеден бүкіл Отан соғысының тақсыретін сезуге болады, көруге болады. Бұдан артық жазудың керегі жоқ. «Жеңеше» деген әңгімесінен де соғыс қасіретінің қаншалықты ауыр екенін тағы бір тереңінен түсінесің.

Жарнамалық жазушылар болды. Бар. Оларды іліп әкетіп, бүкілодақтық дәрежеге көтерді. Әлбетте, барлығы уақытша идеологиялық ұранның салдарынан. Кейін заман өзінің қалпына келді. Әлі де ықшамдалады. Қазір егеменді ел болдық па, енді 10-15 жылдан кейін бүгінгі әдебиет, орысша айтқанда қалайсың ба, қаламайсың ба – тазарады. Осы қаптап жүрген 700-дің бәрі қалады деп ойламаймын. Сан – сапасына қарай өзгереді. Пушкиннің кезінде де жүздеген жазушы ғұмыр кешкен. Бір прозашыға мемлекеттің есебінен Петерборға ескерткіш қойылған. Қайда соның бәрі? Ал Пушкинді кабактардан шықпайтын маскүнем деп газеттер жазатын. Чеховты дуалдың түбінде өледі қаңғырып жүріп деп жазатын. Горькийді қайыр сұрап кетеді түбі деп жазатын. Бірақ сол газеттердің айтқаны болған жоқ қой. Сол кездегі кәдімгі Горькийге де, Чеховке де, Пушкинге де сәлем бермейтін «мықты жазушылар» қайда кетті? Заман оның бәрін сыпырып тастады. Қыл-қыбыр ретінде, шаң-тозаң ретінде кетті. Ал, менсінбей жүрген жазушылар қалды. Нағыз таланттар.

Сайынның жазбай кеткені жақсы болды. Ол өзінің ресурсын жас кезінде пайдаланды. Орыс әдебиетінде Грибоедов деген бір-ақ пъеса жазған. Ұлы драматург. Осы күнге дейін қойылады. Басқа ештеңе түртпеген. Елші болған. Бірақ ол елшілік ісінің қауырттығынан жазбай қалған жоқ, түйсігіне салып тоқтаған. Сайынның екі томы, меніңше, кейін талай көптомды, қалың томдыларға соққы болады.

Сайынның «Басында Үшқараның» деген шағын дүниесі бар ғой. Соны, «сен, кешір, идеясын мен біреуден ұрладым» деді. «Берші» дедім. Оқып көрдім. Ешқандай да ұрлаған емес. Оқиғасын білген күнде де сен сияқты жаза алмас еді. Ол – ол, сен – Сайынсың. Бұл Сайынның шығармасы. Сұмдық керемет шығарма.

Мысалы Архимед ашқан жаңалықты Архимед ашпаса, күндердің күнінде Ахмет ашатын еді. Өйткені, ол табиғатта бар. «Архимед күші» – физиканың заңдылығы. Эйнштейннің салыстырмалы теориясын («Эйнштейн теңдеуі») өзі ашпаса, түбі басқа біреу ашар еді. Себебі, ол да табиғатта бар нәсте. Ал, енді, Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін» өзінен басқа ешкім жаза алмайды. Жаза алмас еді. Оны тек қана Толстой жазуы тиіс. Өйткені, жазушы қабілеті қайталанбайды. Оның стилі өзімен бірге кетеді. Лермонтовтың «Мцыри» деген поэмасын алайықшы. Осыдан кейін мың ақын туса да, Лермонтовтан басқа ешкім ондай ғып жырлай алмас еді. Себебі, көркем әдебиет, таза әдебиет ол ешуақытта қосарланбайды. Енді Сайынға ұқсап ешкім жазбайды. Жаза алмайды. Кейбір сыншылар Майлиннің шәкірті деп көлгірсиді. Ешқандай да шәкірті емес. Майлин мүлде бөлек, Майлиннің шығармалары сатиралық сарында. Мақтамен бауыздау. Сайынның шығармалары жақсы көріп езіліп отырып, көзінен жас шықпаса да жылап отырып жазылған. Сонысымен қастерлі. Осы қастерлілігі шарықтау шегіне жеткенде, Сайын дер кезінде тоқтаған жазушы.

Кейін ол роман жазғысы келді, үлкен-үлкен хикаяттар жаза бастады. Содан әдетім бойынша:

–Сайын, сен ақалтеке сияқты жүйріксің. Өзіңнің қашықтығыңда оздың, мәреге дара келдің. Құлындай мінсіз мүсінің сұлу қалпыңда, жүйрік қалпыңда тұра бер. Ақалтекені 42 шақырымға ешкім салмайды. Сондықтан өзіңнің жанрыңнан ауытқыма. Айныма. Сенің жанрыңның және шығармаларыңның көлемі өзі сол, – дедім.

Енді, ұнатты ма, ұнатпады ма ол – өзінің ішінде. Бірақ Сайын пьеса жазамын деп біраз әуреленді. «Тоғыз жолдың торабы» деп атын айтып қоятын. Оқиғасын да айтып қойған маған. Тағы да мен:

–Әй-и, оқиғасын бекер айттың, Сайын, – дедім.

–Неге?

–Оқиғасын айтқаннан кейін жаза алмай қаласың. Себебі ол іште жатқан дерт сияқты. Шығарма деген іштегі дерт, сен оны біреуге айтып мұңыңды шақтың – жылап алдың, мауқың басылып қалады. Сонымен кетеді ол.

Ақыры «Тоғыз жолдың торабы» жазылған жоқ. Жазылса ғажып шығарма, оқиғасы да бөлек.

Бір күндері «Кәментоғайын» «4 том роман етіп жазамын» деп, оның қалай болатынын, қай баласының қай жерде жүретінін, қай қызының кімге тұрмысқа шығатынын айтып жүрді. Мен тағы да:

–Сайын, жазсаң жаз. Бірақ мен ойлаймын, тағы да бекер айтып жүрсің. Шынтуайтында саған оны роман етудің қажеті де жоқ. Кәменнің балаларының керемет азамат болып өсетіні, сенің мына 10 беттік әңгімеңде бәрі түсінікті айтылған. Сен құсап, шағын ғана әңгімеде тұтастай Қазақстанның сол кездегі тарихын түсіндіріп беретін адам жоқ, – дедім. Расында, «Бекеңнің құбылыстары», «Күсен-Күсеке» бүкіл қазақ халқының оброзы. Қазіргі қазақтардың тең жартысы Күсен.

ІІІ

Мәшине қасқа жолмен тіке салып, қоңыр белден асқанында алдыларынан көсілген кең жазық ұшырасты. Әрине, мидай дала емес. Тау қолаттарында өскен адамның көзқарасымен – жазық. Осымен тіке салдыртып отырып, әп дегенше-ақ «Қоңырдың» төбесінен дік етесің. Айтқанындай-ақ, және бір кезеңнен қайқаң етіп шыға келгендерінде, ойпаңда жатқан ауыл алақандағыдай көрінді. Қоғамдық құрылыстың неше атасы өтсе де, ауылдың ұсқыны бәз-баяғы. Төбенің басына апарып оқшау салған дүкен ежелгі орнында.

Джип қасына келіп тоқтады. Бір кезде әке-шешелері ары-бері көшкенде, кейде арнайы ат басын тіреп, керек-жарағын алған шағын ғана дүкен сол қалпы. Бұйымдары да өзгермеген, кооперативтікі.

Ауылға біраз көз тоқтатып қарап тұрды. «Қызыл жұлдыз» колхозының қай маңда болғанын білмеді, бірақ бір-біріне жапсарлас үш-төрт колхоз бірігіп осы шаруашылықты құрғанынан хабардар. Соған қарағанда, бұл маңнан алыс болмауы керек.

Ауыл бұйығы. «Уағында егін қорыған Тоқаш пен Шабанбай ақсақалдардың үйі қайсы екен? Жарықтықтардың көздері тірі ме екен? Әңгіме айтыстары, сөз саптастары бөлек еді».

Еріксіз есіне Сайын аға оралды. Кішкене ойпатқа тығылған жатаған ауылдан тұтастай елдің атан жілік азаматы шықты дегенге иланғың келмей тұрып иланасың. Сосын ол кісі жайлы айтылған, естіген әңгімелері көкейінде сайрап қоя берді. Еріксіз қасындағы құрдасына сыр ғып ақтарды.

...Сайынның інілері болғанындай, ол өзі де уағында біреулерге іні бола білді. Қазақтың мінезінде ашылмаған құпиялар көп қой, іні болғанда жағымпазданып, жәреукеленіп болып жүрген жоқ. Қаламдарының, қарымдарының, қадірлерінің арқасында ағалары тауып алып жатты. Қысқа, мөлдіреген әңгімелері ұлы жүректі Әбу Сәрсенбаев ақсақалдың назарына ілігіп:

–Мынау бір жігіттің жазу мәнері мен оқыстан түйіп тастауы оқшау. Әдебиетке керек жас өкілдердің бірі ғой, – депті кезекті әдеби жиында. Ол уақта Ғали Орманов Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы екен, жас таланттарды іздеу – тікелей міндеттері. Жан-жақтан сұрастыра бастайды. Ақырында, Сайынның Талдықорған облыстық газетінде тілші екенін біледі. Әбу ақсақал үлкен басымен көмектесіп, болашағы беймәлім жігітті тілші болып жүрген жерінен әдебиетке алып келеді. Сол кездегі республикадағы белді басылымдардың бірегейі, кез-келген жазушының «сонда қызмет етсем» дейтін арманына айналған «Жұлдыз» журналына орналастырып, қамқоршы болады. Әдеби ортаға еніп, бет алысын байқағаннан кейін Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нүрпейісов айырықша ықылас танытады.

Ағаларының үмітін ақтап, қаламгерліктен бөлек қайраткер ретінде де жақсы қалыптасады. Бүгінде қоғамдық өмірде өзіндік орыны бар. Кезінде ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Жазушылардың арасынан шыққан ондай адамдар некен саяқ.

Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметінде жүргендегі атқарған ісі бір төбе. «Невада-Семей» қозғалысының тікелей мақсатына орай, елімізде ядролық атом бомбасын сынауды тоқтату үшін Олжаспен қатар белсене атсалысқан шаруасы тіпті жойдасыз. Кейін «Халық Конгрессіндегі» ел мүддесі үшін ұстанған позициясы азаматтық бейнесін одан сайын айшықтай түсті.

  • Абыз-уақыт: Осы уақытқа дейін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылмай жүруі жеке басының осалдығы емес, жеке басының мықтылығы. Өзіне өзі сенімді адам еш уақытта ала қояйыншы деп ойламайды. Құнын біледі. Оның құны – шығармаларының құны. Қазірде мүйізі қарағайдай болған жолдастары бірге жүр ғой. Әрқайсының таралғысы алты қабат. Сайын еш уақытта оларға қолқа салып, «әй, жігіттер, мені ұсыныңдар» деген емес. Әуелі, Әкім көкесі кезінде сол мемлекеттік сыйлық комитетінің мүшесі болып, бір секциясын – театр, өнер саласын ұзақ басқарды. Еш уақытта оған Сайын «маған, әй, бір себіңді тигізші» деген тұрғыда жақ ашпаған. Қалиханға да «мақала жаз», «ұсынсаңдаршы» деп айтқан емес. Сайынның тазалығы осында.

Көрген көз сүйінетін Сайынның сырт бейнесі сымбатты жігіт қой. Алайда, бастапқыда театр институтында оқығанымен, онда актерлік бейім байқалмаған. Асқар Тоқпанов ағалары оны керемет ұққан болуы керек. Бір күні үшінші курста Есенжан Домбаевты, Сайын Мұратбековты, Оспанхан Әубәкіровты тақтаға шығарып, «Үшеуің де, давай, орындарыңды табыңдар. Қайқайыңдар!» деп айтыпты. Оқудан кеткеніне солардың ешқайсысы өкінген жоқ. Шамданған немесе ұнжырғасы түсіп, таулары шағылған емес. Сайын кейін өзі де «әй сол кісі болмаса, мен театрдың бір жерінде ит болып жүрер ме едім?» дейтін күліп. Азаматтық деп білемін. Әрине, дипломы бар әртіс болғанымен де, әртістің ішіндегі бір нашары болып шығады ғой.

Ғажабы, Сайынның нашар шығармасы жоқ. Ең алғашқы «Райгүлінен» бастап қараңыз. Ең соңғы анау, әлгі, «Қалың қар». Көлемі үлкен болғанымен ол әңгіме. Ақсақ бала туралысы да хикаят емес, созылып кеткен әңгіме.

Сайынның шығармаларының өзі бітімінде қылдай міні жоқ, сұлу ақалтеке арғымағы сияқты. Сызып тастайтын басы артық бір сөйлемі босашы. «Әттең, мына жерде айтпай қалыпты» деген сөйлемі және жоқ.

***

Дүкен орналасқан шоқының баурайындағы майлы топырақты жолмен шығысты бетке алып, ауылдың өкпе тұсындағы Тастыбұлаққа қарай тартты. Оң жақ қапталдарында көзге ерекше басылған нәрсе, Қоңыр батырдың аруағына арнап салынған үлкен кесене болды. Ауыл өңіріндегі соңғы қырық жыл бедеріндегі жалғыз өзгешелік осы.

Ары-бері жөңкілген техника. Орақ науқаны. Бәрі шөп тартып жатыр. Араларында Моторбай кетіп бара жатқандай. Тура Сайын ағаның шығармаларындағы қызу тірлік күні бүгінге дейін бір сәтке саябырсымапты. Тек жүрегіне дық болып қадалғаны: Тастыбұлақтың үсті жолдың табанына айналып, көзі әлдеқашан бітелген. «Бекеңнің құбылысы» еріксіз есіне оралды. Бұл да құбылды. Қыратқа шығып, тағы да ұзақ қарады. «Үшқараны» іздеп тұрғанын өзі де аңғармады. Сағым ойнаған саршаның тамызы «Қоңтәжіні» бірде жақындатып, бірде алыстатып әкетеді. Сүмбіле туған шақ.

–Бұл өңірде ондай «Үшқара» деген жер жоқ. – Құрдасы селқос тіл қатты.

Мұның көкейінде осы арадан онша қашық емес «Шолпантұғлы» тұрды. Бәлкім, атын әдейі өзгертіп алған Сайын ағаның «Үшқарасы» сол шығар.

Әділбек Ыбырайымұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар