Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жүсіпбек Қорғасбек. «Авгийдің ат қорасына» қайта о...

20.11.2023 1752

Жүсіпбек Қорғасбек. «Авгийдің ат қорасына» қайта оралсақ... 14+

Жүсіпбек Қорғасбек. «Авгийдің ат қорасына» қайта оралсақ... - adebiportal.kz

Құрамындағы үш сөз үш жаққа тартқан «Әдеби тілдің нормасы» деген тіркес бар. Кеңес заманында шығармашылық адамының еркіндігін шектеуде жүйенің ойлап таппағаны қалмапты. Өз қолымызбен көсеу көсетіп қойып, қызықтап қарап отырыпты. Дүрмекке ілесіп, «әдеби тілдің нормасының» сойылын біз де соққан екенбіз. Енді бүгін әлеуметтік желіге бірдеңе жаза қояйық десек, бір жерден қатеміз шығып қалатындай қорқасоқтаймыз.

Мұндайда «Әдеби тілдің нормасы» дегенді кім ойлап тапты?» деген сұрақтың туатыны да заңды. Өркениетті елдерде тілдің стандарты болған және ол қоғам мүшесінің бәріне түсінікті болу үшін енгізілген. Айтайын дегеніміз, ізгі ниеттен туған осындай ереженің бәрі бізде оның тыйым салатын түріне ауы­сып кеткен. Соның ішінде бірінші, белгілі бір өңірде ғана айтылатындық­тан, екінші, заманымен бірге архаизмге айналып кеткендіктен, үшінші, әртүрлі әлеуметтік топ қана қолданатындықтан, әдеби тілдің нормасына сай емес деп танылған сөздер бар. Рас, мен төндіріп айтқан сияқты көрінуім мүмкін, бірақ көп сөздің әдеби тілдің нормасына бола қолданылмай кеткені өтірік емес. Әйтпесе, Абай қолданған «бастау», «жейде» деген сөздерді неге қолданбай кеттік? Өз басым осы жасқа келгенше қаудырлаған «шалбар» деген сөзді бойыма сіңіре алмай-ақ қойдым. Тілімнің ұшында үнемі «сым» деген сөз тұрады, бірақ жазғанда «шалбар» деп жазамын. Өйткені әдеби тілдің нормасы жазылмаған заң сияқ­ты өзінен өзі тілімді күрмей береді.

Әдеби тілдің нормасында ғана емес, тіл ережелерінде де тыйым салуға бейім біржақтылық бар. Кейде «біздер» деп айтуын айтқанмен, жазғанда «біздер» деп жазсаң басың дауға қалады. Онсыз да көпше түрде болғандықтан, көптік жалғау жалғауға болмайтынын түсінбейтін топас емессің. Бірақ басқасы басқа, осы «біздер» деген сөздің тілге орала беретін бір сиқыры бар. Мысалы, сөзін Есенқұл Жақыпбек, сазын Қадырғали Көбентай жазып, әнін Тұңғышбай Жаманқұлов орындайтын:

«Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,

Біздер, біздер біреулерге арманбыз.

Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,

Бақытынан қашып жүрген жандармыз.

Біреулердің оғы жоқ боп атарға,

Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда»,

деп келетін өлең жолдарындағы «біздерді» «біз» деп өзгертсек не болады? Автор бұл сөзді өлең жолы мен буын санын толтыру үшін ғана көптік жалғаумен жазбаған шығар? Көңіл көзімен ғана көріп, жүрекпен ғана сезінетін бір бояуы болған соң солай жазып отыр емес пе?

Осы «біздерді» «Үлпілдек» деген романымызда біз де қолданыппыз:

«Қанымда бар тағылық,

Мазамды алды тағы ұлып,

Аңыздағы ұл ерткені,

Түсімде жүр көкбөрі,

Тірілгендей мәрт аңыз,

Біздер бірге жортамыз...»

Біліп тұрып ұрынған сияқтымыз. Осыны «біз де бірге жортамыз» деп түзесек қайтер еді? Онда бірдеңе жетпегендей көңіліміз қоңылтақсып қалар еді. Неге?

Өйткені «біздер» деген сөзде жинақ­таушы образ бар. Тілдің ережесіне бағын­бай тұрғаны содан. Көркемдік тұрғыдан романтикалық және реалистік образ болса, бұл соның романтикалық түріне жатады.

Күмән келтіргендерге Тәкен Әлім­құ­ловтың «Ақбозат» романында, поэзияда емес, прозада «біздер» деп жазғанын мысалға келтірдік. Сонда олар «Қаратау» мен «Қаройды» жазған Тәкенді «тіл біл­мейді» деп шықты. Негізі, тіл ережесі де тыйым салу үшін емес, тілді үйрету үшін жасалса керек.

Ал әдеби тіл нормасының мәселесі бұ­дан да күрделірек. Қазір қарап отырсақ, жы­раулардың тіліндей еркін тіл ешуақытта болмаған екен. Тілдің еркіндігі бірте-бірте шектеліпті. Жазба тілдің дамуымен бірге қасаңданыпты. Бәлкім, ондай кезеңдерден өтуі заңды да шығар. Көптеген кірме сөздің біздің тілімізге бейімделуін құптауға да болатын болар. Бірақ жергі­лікті сөздің тілімізді байытуға керек болмай қалғаны ойлантады. Бұл арада «кең түрде» деп айтуға да жасқанасың. Себебі тіліміздегі диалектінің жұтаңдығы даланың кеңдігімен, бір қиырдың екінші қиырдан алыстығымен емес, халық саны­ның аз-көптігімен де өлшенсе керек. Әйт­песе, бір аймағы екінші аймағын жоба­лап түсінетін елдер де бар көрінеді. Тіпті олардың әдебиет тарихында таза диалектімен жазылған шығармалар да болған деседі. Міне, сондай жағдайда бар тарапқа түсінікті болуы үшін тіл стандарты жасалған сияқты. Бірақ «шығармаң­ды мына үлгіде жазасың» деген норма бол­ғанын оқымадық та, естімедік те.

Сөйтіп, біз өзі жұтаң диалектіні, аса көп те емес көне сөздерді, әр салада кез­десетін санаулы жаргондарды есептен сыздық та тастадық. Өйткені кім әдеби тілдің нормасын сақтаса, соның тілі таза деген түсінік қалыптасты. Сыншылар жекелеген сөздер ғана емес, сөйлемдердің де бірізді болуын талап етудің сәл-ақ алдында тұрды.

Мысалы, Оралхан Бөкей «Жесір әйел­дің мұңдықты басы қалды...» деп жа­зыпты. Орағаңның сөз саптауы осындай еді ғой. Анасы Күлия да осылай шешен сөйлейтін деседі. Демек, анасының ата-бабасы да солай сөйлейді деген сөз. Бұл жазушының шеберлігі ғана емес, жергілікті ерекшелігі де. Яғни алтайлық, түркілік сарын, соның элементтері десе де болады. Ғабит Мүсірепов атақты «Авгийдің ат қорасынан бастасақ» деген мақаласында осы сөйлемді сынап, Орағаңа обал жасаған секілді. Өзіңіз де қайталап бір оқыңызшы: «Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды...», – «байы өліп, бар уайымымен жалғыз қалды» деген мағынаны беріп тұрған керемет сөйлем емес пе? Мұны осы сөйлемді сынаған Ғабеңнің өзі де жақсы түсінген.

«Сіздің айтайын дегеніңіз: «ері өліп жесір қалған мұңды әйел жалғыз қалды» емес пе?» дейді.

Бірақ сынап отырған себебі, Оралхан Бөкейдің жазуы басқалардың жазуындай бірізді бола қойған жоқ. Сол ерекшелігі үшін: «Өзінің тіл қорына Алтай, Қытай қазақтарының ескіріп, топастана бастаған тілдері әсер еткен бе, қалай, Оралхан­ның тілінде шұбарлық түйіртпектері бар» де­ген ауыр сөздерді де айтып жіберіпті. Орал­хан Бөкей қолданған: «Пошымы, нәшіні, ал­баты, кейуана, мүрлеу, бебежік, тоқай­рау, самырсытып, көргейлеп, бейқарар, ­бей­нақақ, мауырт, сіңіртік, паруай...» деген сөздерге де салқын қабақ танытыпты.

Жалпы, Ғабит Мүсірепов әдеби тілдің нормасын қатты сақтаған қаламгер. Клас­сик жазушымыз бұл талаптың соцреализмге қатысы бар-жоғын білді ме, білмеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ: «Менің ойымша, бұл сөздердің бірде-бірі бүгінгі өскен әдебиетімізге де, тілімізге де орналаса алмайтын болар» деп жазғаны рас.

Ұлы Ғабең Оралхан Бөкей қолданған жеке сөздерге ғана емес, үйреншікті қа­лып­қа сыймайтын сөз тіркестері мен сөй­­лемдеріне де шүйліккен. Осы қатар­да «Сұр­қай сұсты... Сұп-сұры бұлт сы­қас­тыра... Садақбайдың ала-сапыран па­­руай жүзіне... Ауыл жақты қара­уыл­дай байырқалып... Олардың сұп-сұр жүзі, арбиған арық қолдар мен сіңіртік сирақтар, көлгіреген аппақ кебіндері...» деген тіркестерді атап өткен. Осындағы «сіңіртік сирақтар» деген тіркестің ойға қона кететін образдылығы ешқандай дау тудырмаса керек еді. Ғабең бұл сөздерді ойдан тудырылған, қолдан жасалған сөз емес, «ескіріп, топастанған» сөз ретінде сынап отыр. Ғабеңдей алыптың алдынан қия басып өту қиын, алайда «ақиқат бәрінен қымбат».

Әдебиетіміздегі мұндай сындар ізсіз кеткен жоқ, жаңғырығы талай жерге жетті. «Авгийдің ат қорасынан бастасақ» деген мақаланы ту етіп ұстап, талай жазушының тілінің еркіндігін шектеген кездеріміз де болды. Әлі күнге дейін бұрынғы екпінмен айтып қалатынымыз болмаса, бұл мақала да бірте-бірте ұмытыла бастаған сияқ­ты. Бірақ «әдеби тілдің нормасы» деген қасаң қағиданың астарында бірдеңе бар-ау деп ойланбай, сол қалпында қолданып келеміз. Ешкім жаңа тіл ойлап таппайды, бірақ ешкімге ұқсамай жаңаша жазсақ деген жастардың талабын қайтаруға болмас. Осы тұрғыда әдеби тілдің нормасы солардың кейбіреуінің басына шоқпар болып тиіп жатқанын несіне жасырамыз. Жастар ғана емес, таяқтың бір ұшы кейде үлкендерге де тиіп қалады.

«Соңғы кезде кейбір ақын-жазушы­лардың тілін түсінбеуге айналдық» деген де сөз шықты. Сондағы олардың меңзеп отырғаны Мұхтар Мағауиннен бас­тап, Свет­қали Нұржанға дейінгі бірқатар ақын-жазу­шының көне сөздерді көп қол­данатынында болып тұрған тә­різ­ді. Мұхтар Мағауиннің көне сөздерді бұ­рынғыдан да көп қолданып жүргені рас, бірақ оны сөздікке қарап әрең түсіндік деген жан баласын көрмедік. Қайта ата-бабаларымыздан қан арқылы берілген белгі-таңбалардай әр әрпі қорғасындай болып санамызға құйыла кетеді. Әр сөздің түбірі түркінікі екені айқын білініп тұра­ды және туысыңды тапқандай қуанып та қаласың. Десе де ендігі қазақ тап солай тәпсірлеп жазып, мақамдап сөйлеуден кетті. Есесіне жас жазушылардың арасында жаңаша жазғысы келетіндер көбейді. Міне, соларға әдеби тілдің талабы қатаң нормасы емес, еркін пайдалануға болатын стандарты керек. Әйтпесе, оқтан қашқан киіктей, адасса енді солар адасады.

Ал Светқали Нұржанның тілінде дін мұсылманның ділмарлығы мен шығыс­тың қат-қабат бояуы тең қатар араласып жүре­ді. Тыныштықбек Әбдікәкімді оқысаңыз, сына жазумен жазбағаны болмаса, тілінен қына тамғандай таңбалап сөйлейді. Серік Ақсұңқарұлының шоғырлы, Ғалым Жай­лыбайұлының құнарлы, Мейірхан Ақдәулетұлының сындарлы тілі әдеби тіліміздің шебін ешкімге бере қоймас. Сондықтан әдеби тілдің нормасы болмаса, тіл стандарты бейберекеттік тудырады, тіл бұзылады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Қазақ әдеби тілінің діңі мықты, етек-жеңі кең. Керек десеңіз, қазақ әдебиетінде сопылық поэзиядан тартып, батыстық, шығыстық, ұлттық модернге дейінгі тілдің көнесіне де, жаңасына да, бәріне орын бар. Айналып келгенде өз түбін, түбірін, тазалығын бәрібір сақтап қалады. Бірақ бұл әдеби тіліміз өзгермейді, дамымайды деген сөз емес.

Белинский Карамзин туралы «кітап­тағы өлі тілді қоғамдағы тірі тілмен алмас­тыр­ған» депті. «Орыс тілінің дамуы Пуш­кин­мен тоқтап қалған жоқ» дегенді де Белинс­кий айтыпты. Оны аз көрсеңіз: «Орыс­тан ұлы жазушылар шықпай қал­ма­йынша, орыс тілі де ілгері басуын тоқ­татпайды» деген жері де бар. Бізде ше?

Әдеби тіліміз «алыптар тобынан» «ал­пысыншы жылғыларға» дейін өсіп-толысудың бір кезеңін бастан өткерді. Бірақ бұл кезеңде әдеби тілдің стандартын қалыптастыру әрекеттері үнемі жеңіліске ұшырап отырды да, керісінше, әдеби тілдің нормасын сақтау туралы қатаң қағида­мен өмір сүріп келдік. Соның нәтижесінде одан кейінгі ұрпақтар бұза алмайтын бекініс, ала алмайтын қамал орнады. Қа­зіргі медиакоммуникация заманындағы халық жаппай қолданатын әлеуметтік желінің тілі мен әдеби тілдің арасы сон­шалықты алшақтап бара жатқаны содан да болуы мүмкін. Белинскийдің орыс әдебиетінің алтын ғасырында айтқан үш қаупі бүгін келіп біздің де басымызға орнай қалғандай алаңдаушылық тудырып отырғаны да осыдан еді.

Әдеттегідей әлеуметтік желіге бір жазба қалдыра қояйын деп отырып, өзіміз күнде айтып жүрген бір сөз қалай жазылып, қандай мағынада қолданылушы еді деп дағдарып қалғанымды көрмеймісіз. Бұған себеп, «бейберекетсіздік» деген сөзден не «бей», не «сіз» жұрнағын алып тастамаса болмайтыны туралы әлеуметтік желідегі бір жазбагердің ескертуі еді. Оған қоса әлгі жазбагер қандай да бір аталымнан кейін, «дегеннің» орнына «атты» деп жазу дұрыс емес екенін тағы ескертіпті. Яғни «Сират» атты кітап жазды» демеу керек, қанша рет қайталасақ та «Сират» деген кітап жазды» деуіміз керек. Мұны айтқан жазбагердің тілдің жанашыры екеніне еш шүбәм жоқ, бірақ бүйте берсек тіл қалай дамиды деген сұрақ туады. Айтпақшы, есіме түспей тұрып, енді түсті. Сонда деймін-ау, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әніндегі:

«Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты, Сөзі бар алуан шекер балдан тәтті» деген жолдарды қайда қоямыз? Жарықтық, Оралхан Бөкей «жәй», «жәйт» деп жазсаң, «жай», «жайт» деп түзеп отыратын еді. «Біздің жақта «жәй» дейді, Ораға», десем, ол кісі де: «Біздің жақта да «жәй» дейді» деп иегімен сары үй жақты нұсқайтын. Оның бәрі «соцреализм шындығымен» бірге келмеске кетті, бірақ «тілдің әдеби нормасы» деген қатаң қағида қалып қой­ды. Жақында ғана бір ғалымның әде­би тілдің нормасының қазіргі күндегі қол­данысына байланысты жазған кітабын оқып, қаншама көне де жаңа сөздерді соттап, асып, атып, жаназасын шығарға­нын көріп жағамды ұстадым. Бізге ет пен терідей жақын Белинскийдің «орыс тілінің дамуы Пушкинмен тоқтап қалмайды» дегені сияқты, қазақ тілінің де дамуы осымен шектеліп қалмауға тиіс емес пе? Әлде тағы да сол данышпан айтпақшы, ұлттан ұлы жазушы шықпайтын болып, тіл де дамуын тоқтатты ма екен?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар