КІТАПХАНА
Әйел сипатты ұнамсыз кейіпкерлер ішінде ең көп кездесетін бейне – мыстан. Қазақ фольклорында мыстан мен жалмауыз кейде аражігі ашылмай біртұтас кейіпте келе береді. Бірақ фольклорлық туындыларға терең үңілген адам мыстан мен жалмауыздың екі бөлек образ екенін айқын аңғарады. Алдымен мыстан бейнесіне тоқталайық.
Мыстан бейнесін көз алдарыңызға елестету үшін фольклорлық үлгілерден мысал келтірейік. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында мыстанның сырт бейнесі былайша суреттеледі:
Сол кезде жасы үш жүзге жеткен, көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар, тізесіне шекпен жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, басы мүйіз, көті киіз бір мыстан кемпір келді, - делінеді.
Ал Ұшар хан ертегісінде мыстанды:
Бір уақытта сол топтың ішінен басы мүйіз, түріне адам қарағысыз сұмпайы, қарға тұмсық, қара аяқ бір мыстан: «Мен білем, маған бір желмая бер, қызды алып келем», - дейді, деп суреттейді. Бұл мыстанның сырт кейпі.
Енді мыстанның ішкі дүниесіне үңілетін болсақ оның мынадай қырларын байқаймыз:
· Мыстанда алып бара жатқан ерекше қасиет, сиқыр жоқ. Ол өз дегеніне кісіні алдау, арбау арқылы жетеді.
Мысалы, «Алпамыс батыр» эпосында Тайшық хан алып кеткен жылқыны қуып келе жатқан Алпамыс батырды Мыстан күшімен, болмаса сиқырымен қолға түсірмейді, айласымен арбап қолға түсіреді. Мыстан Алпамыстың жолына қырық отау тіктіреді. Қырық қызға қырық шөлмек арақ беріп, осыны батыр келгенде ішкізу керек деп тапсырма береді. Өзі Алпамыстың жолын тосып тұрады. Алпамыс талма түс кезінде айдын көлдің бойында тосып тұрған Мыстанға жолығады. Ол бейшара кейіптегі бір мүсәпір бола қалады. Алпамысты өзінің іс-әрекетіне сендірмек болып, түрлі айла-шарғы жасайды.
«Тілеуің құрғыр қу Мыстан,
Сонда тұрып жылайды.
Көзінің жасын бұлайды
Бір топ біткен шеңгелді
Құшақтап тұрып құлайды».
Мыстанның өтірік әрекетіне сеніп қалған Алпамыс батыр оны жұбатып, көңілін аулауға кіріседі. Дұшпаның кім болса да басын кесіп беремін деп уәде береді. Қулығына құрық бойламайтын Мыстан өтірікті судай ағызып қырық ұлын Тайшықхан өлтіргенін айтады. Жолыңды тосып жүр едім, отауға түс, сусын іш, - деп Алпамыстың алдында құрақ ұшады. Мыстанның сөзіне сенген Алпамыс «сусынды» тартынбай ішеді. Ақыл-есінен айрылған Алпамысты байлап-матап қалмақ ханына апарып береді.
«Ұшар» хан ертегісіндегі мыстан да қулықпен күн кешкен айлакер әйел кейпінде суреттеледі. Жандыбатырды алдап, мүсәпір кейіпте сеніміне кіріп, үйіне еріп келеді. Алдап-арбаудың небір түрлерін, амал-айласын білген мыстан Жандыбатырдың алдынан шығып, әдейі жолдан арыған жолаушы болып көрінеді.
- Шырағым, мынау бір жақтан келе жатыр едім, мына түйесі құрғыр шаршап, орнынан тұра алмай жатыр. Күн болса батып барады не істерімді білмей, сергелдеңге түсіп отырмын, - деп алдап, оның үйінде бір-екі күн тынығады. Келіншегі Зәузәмірді айналдырып, Жандыбатырды айламен өлтіріп, келген мақсатына қол жеткізеді. Қызды желмаяның артына таңып, ит қорлығын көрсетіп, ханның қолына әкеліп табыс қылды.
«Ер төстік» ертегісінде де Желаяқпен бірге жаяу жарысқа түскен мыстан оны айламен жеңбекші болады. Желаяққа: «Шырағым, шаршадың ғой. Басыңның битін қарап берейін, деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын», – деп, оны алдап ұйықтатып тастайды.
Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, желаяқтар әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұшып келе жатса, жаяулар да қазықшаға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындағы топырақты кемпірдің көзіне шашып кетеді. «Алда ғана көк шешек-ай, мықтадың-ау!» – деп, кемпір көзін уқалап қала береді, - деген үзіндіден мыстанның тек айла-амалмен ғана жеңіске ұмтылатындығы анық аңғарылады.
· Мыстанның адамға тән екінші қыры – пендешілігі, дүниеқоңыздығы. Мыстанның пендешілігі басым. Ол - дүниеқоңыз. Дүниеге қызығып жауыз адамдардың жұмсағанына жүреді.
Мәселен, «Мұнлық-Зарлық» жырында Шаншар ханның Қаншайымнан туған бір ұл, бір қызын көре алмаған алпыс қатынның жұмсауымен екі нәрестенің көзін құртуға мыстан араласады. Толғатып жатқан Қаншайымға дем салып есінен тандырады да, оның бауырына иттің екі күшігін салады. Шаншар ханның ұзақ жыл өзінен туған екі баланы білмей, зарығуы, Мұңлық пен Зарлықтың иен тауда ата-анасыз өсуі, хан әйелі Қаншайымның қорлық көріп бір аралда өмір сүруі – бәрінің бақытсыздыққа ұшырауына себепші Мыстан болып табылады. Сонда ол осындай зұлым әрекеттің бәрін 60 табақ алтын үшін жасайды.
«Екі баланы (Мұңлық-Зарлықты) қолтығына қысып Қазар дариясына тастамақ болып жағаға келеді. Бір сәт екі сәбиді қимаса, бір сәт алпыс табақ алтынды қимайды. Екіұдай ойда тұрған Мыстан:
«Тастайын деп бұл суға
Сендерді көзім қимайды,
Тастамайын десем мен,
Алпыс «анаң» болмайды.
Барғын, балам, Аллаға
Разы болғын қазаға,
Тіпті, көзім қимайды
Қызығып кеттім, ботам-ай,
Алпыс табақ тіллаға»,- деген үзіндіден оның аяушылық қасиеттен жұрдай емес екенін байқаймыз. Бірақ, таразыға обал, сауаппен бірге алтын, дүние деген мәселелер қатар түскенде екіншісі басып кетеді.
· Мыстан – бал ашып болашақты болжайды.
«Раушанбек» дастанында қызылбастардың ханы Шағдат түркімен еліне шабуыл жасайды, Толыбай сыншының баласы Раушанбек Шағдаттың қолына тұтқынға түседі. Бал ашып болашақты болжайтын мыстан кемпірдің айтуымен хан Раушанбекті өлімге бұйырады. Бірақ уәзірлердің біреуі араша түсіп Раушанбек тірі қалады да, құлдыққа сатылады. Оны түркімен Ғаждамбек сатып алады, қызы Ақанайға қосады.
«Көрұғлының Шағдатқа барғаны» – «Көрұғлы» дастанының бір саласы. Бір күні сарайында ұйықтап жатқан Көрұғлының түсіне әжесі Күләйім кіреді, Көрұғлы шошып оянады да, Шағдатты шабуға дайындалады. Дәл осы кезде Шағдат та түс көреді, түсінде үш жолбарыс оны алтын тағынан құлатады. Ханның түсін жорыған мыстан Көрұғлы мен оған көмекке келген Райхан араб пен Қызылбайды айтып, патшаны шошындырады.
Енді Мыстан образы туралы ғалымдардың пікірлерін саралап өтейік. Көрнекті ғалым С.А.Қасқабасов «Казахская волшебная сказка» атты еңбегінде мыстан бейнесі қашан пайда болған деген сұраққа «Мыстан ерте заманда матриархат кезеңінде айналасына билік жүргізетін ақылды әйел бейнесінің өзгерген түрі» деп жауап береді. «Ежелгі Мыстан бейнесі күшті эволюцияға түскен» деген ой айтады [31, 93б.].
Ғылымда мыстанды мыс дәуірінде өмір сүрген басқарушы әйелдің заман ағымына сай өзгеріске түсіп, құбылып келген бейнесі деп түсіндіру тенденциясы бар екенін айта кеткеніміз жөн. Матриархат дәуіріндегі ақылгөй, дана әйел бейнесі патриархат дәуірі келіп, әйелдің қоғамдағы орны өзгерген сәтінде ұнамсыз кейіпкерге ауысады. Оның ақылды, алды артын болжағыш, көрегендігі енді ұнамсыз қасиет болып бағаланады. Мыстан небір айла-амал тапқыш зұлымға, барлық ақыл-ойын жамандық үшін жұмсайтын жиіркенішті бейнеге айналады. Мыстан болатын жағдайды алдын ала біліп отырады. Басты кейіпкерді қармаққа түсіру тәсілдерін де күні бұрын ойлап қояды. Осы жоспары бойынша қара ниетін іске асырады. Матриархат дәуірінде руды қария әйелдер басқаратын болған. Жаңа туған балаға ат қою, жетім қалған балаларға қамқорлық жасау, шеттен келген адамды тайпаға қабылдау, тайпаның заңдарын қатал сақтау, жастарды үйлендіру, тағыда сол сияқты заңдар осы аналар әмірімен жасалған. Керек кезінде олар әскерді де басқарған. Осының нәтижесінде қарт анаға табынушылық пайда болған. Ол керемет иесі, қолынан келмейтіні жоқ сиқыршы, рудың жауларын, жын-шайтанды да жеңе алатын күш болып танылған. Патриархаттың тууына байланысты бұл бейне құлдырап, бұрынғы маңызын жойды. Оның атқаратын қызметі кейіннен аталық руға ауысты. Ру басы ананың бейнесі мифтік аңыздарда ғана қалды. Бара-бара ол жалпы атпен жағымсыз кейіпкер сипатын алды» [32, 93б.] деген пікірде ғылыми негіз бар.
Қорыта айтқанда, мыстан – сыртқы кейпі ұсқынсыз, ұзақ өмір сүрген, аузы опырайған, шашы жалбыраған, мүсәпір кемпір бейнелі озбыр, бойында тылсым күші жоқ, бірақ айла-амалы мен қулық-сұмдығы мол, қарапайым жолмен-ақ өлтіруге болатын, көп шығармаларда таз баласы бар, өзінен басқаға жақсылық ойламайтын, дүниеқоңыз кейіпкер.