Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Ақын Өмірзақ Қожамұратов туралы естеліктер...

Ақын Өмірзақ Қожамұратов туралы естеліктер

73

Ақын Өмірзақ Қожамұратов туралы естеліктер - adebiportal.kz

Көзінің тірісінде аты көп аталмай, өмірден өткесін де көңілден көшкен қазақтың бір дарынды ақыны болса ол – Өмірзақ Қожамұратов болар. Ол – өткен ғасырдың орта шенінде көршілес Өзбекстан жерінде өмір сүрген қазақтың тамаша ақындарының бірі. 

Өмірзақ Қожамұратов – 1936 жылдың 6 наурызында, Өзбекстанның Бұқара облысына  қарасты Тамды ауданының (қазір бұл аудан Науайы облысына қарайды)  «Әйтім» атты шағын ғана ауылында дүниеге келген. Сол ауданда орта мектепті бітіріп, Ташкент қаласындағы шет тілдері институтының ағылшын тілі бөлімінде оқиды. Ол сол кездегі Тамды ауданындағы «Социалистік шаруашылық» газетінде, аудандық спорт комитетінде еңбек ете жүріп, баспасөзде жарияланған өлеңдері арқылы қазақ оқырмандарына да  жақсы танылды. Осылайша ол алғашқы өлеңдерімен-ақ Жұмекен Нәжімеденов, Жүсіп Қыдыров, Құдаш Мұқашев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды дарындармен қатыр шығып, сол тұстағы атақты ақындардың да көзіне түскен.  Мәселен,  белгілі ақын Әбділда Тәжібаев, ол туралы сол кезде-ақ: «Өмірзақ арналы да ойлы лирик болатын нышан білдіреді. Жақсы үні мен жақсы сырлары бар әуезді өлеңдері оқушыны сезімге бөлейді, әсем ырғақтар бесікше тербейді. Әр алуан суреттер елестеп, әр алуан дыбыстар ойнайды. Өмірзақ әлі жас. Оның қазіргі жырлары қуантса, болашағы зор үміт күттіреді» деген екен.

Өмірзақ Қожамұратов жөнінде мұндай жағымды лебіздер айтқан қаламгерлер, сыншылар, оқырмандар өте көп.  Ақынның көзінің тірісінде жарық көрген «Жиделібайсын», «Таңғы дауыс», «Санамақ», «Жол аяқталмайды», «Ой кешу» жыр кітабын, өзі өмірден өткен соң белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев пен ақынның інісі Жанұзақ Тасымовтың құрастыруымен «Күн астында – құдірет», журналист Қали Жолдасовтың ұйымдастыруымен баспадан шыққан «Сезім сәттері», ақын жырларын насихаттаушы Әділбай Шілманов пен әдебиетші Сәндібек Үрістемовтің еңбектенуімен жарық көрген «Тылсымы терең сезімдер» атты жинақтары бүгінгі күнгі жыр сүйер қауымның жастана жатып ерекше ынтамен оқитын дүниесіне айналды. 

Біз бүгін, ақынның көзін көріп, сұқбаттасқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Өмірзақ Қожамұратовтың 90 жылдық мерейтойын ұйымдастыру алқасының төрағасы Әбдісәли Дәулетбаевке жолығып, әңгімелескен едік.  

–  Аға, сіз ақын Өмірзақ Қожамұратовпен жақын араласқан адамдардың бірісіз. Жалпы ол кісімен алғаш қалай таныстыңыз? Алғашқы кездесуден қандай әсер алдыңыз?

– Мен де Өмірзақ Қожамұратов дүниеге келген Тамды ауданының орталығында туғанмын. Ағамызбен жас айырмашылығымыз 20 жыл болғандықтан оның «Жиделібайсын» атты алғашқы өлең кітабы жарыққа шыққанда мен  5-ші сыныбта оқитын едім. Сондықтан мен ол кісінің атын үлкендерден есітіп, аракідік аудандық газетке жарияланатын өлеңдерін оқысам да, есейгенше оны ешқашан көрмеген едім. Тек мен 1977 жылы әскердегі міндетімді өтеп келгеннен кейін ғана жақыннан таныса бастадым. Бір күні жанымда өзім құралпы бір-екі жігіт бар, Бекболат есімді досымның үйіне барғанымыз есімде. Аулаға кіргенімізде, менің көзім екі иығына екі кісі мінгендей кең жауырынды, мығым денелі, бойы ортадан биік, арқаға қарай тіке қайырған ұзын қара шашы бүкіл желкесін жапқан бір қара торы кісі темекісін бұрқырата тартып, қалың ой үстінде арлы-берлі теңселіп жүргенін көзім шалды. Оның ой тұңғиығына сүңгіп кеткені соншалық, біздің жамырай берген сәлемімізге де көңіл бөлмеді.

Біз үйге кіріп, біршама уақыт отырып, қайта тысқа шыққанымызда, әлгі кісінің әлі сол қалпында аула ішін кезіп жүргенін байқадым. Бұған таңырқаған мен, ауладан шыққан соң қасымдағы жігіттің бірінен: «Бұл кім?» деп сұрағанмын. – Е, сен танымайтын ба едің? Бекболаттың ақын ағасы Өмірзақ Қожамұратов қой, – деді. Міне, сол күннен бастап, бұл кісіге менің қызығушылығым арта бастады. Бекболатты сылтауратып, үйіне жиі баратын болдым. Бірақ Өмекеңнің мінезі ауыр, көп ашылып сөйлемейтін болып шықты. Тек аракідік көңіл күйі жақсы кезде, шешіліп сөйлей қалса, әңгімесін асықпай, майын тамыза баяндап, кісіні өзіне тартып алатын қасиеті бар екен. 

Кейін білдім, сол жылдары Өмекең Қазақстанның Шымкент пен Қызылорда облысының және Қарақалпақстанның бірқатар баспасөздерінде бірнеше жыл бойы еңбек етіп, ауылға қайтып, аудандық газетке жұмысқа қайта тұрған кезі екен. Менің онымен алғашқы таныстығым осылай басталды. 

– Кейде талантты ақындардың аты тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де кең таралмай, белгілі бір ортаның ішінде ғана қалып қояды. Жалпы Өмірзақ ақынның аты өзі туып-өскен өлкеде жақсы насихаттала ма?

– Өмірзақ ақын 1983 жылы қайтыс болды ғой. Шынын айтсам, Өмірзақ ақын өмірден өткен соң, көпке дейін оны еске алу шарасы өтпегені рас. Бұл жағдай мені ойландыра бастады. Мен ол кезде  аудандық «Тамды шаруагері» газетінде тілші едім. Газет тек Тамды ауданына ғана емес, көрші Зарафшан қаласы мен Үшқұдық ауданына да тарайтын. Сондықтан, қателеспесем 1989 жылы жазда болса керек,  газетке: «Өмекең неге еске алынбай жүр? Неге «Әдеби кеш» өткізбейміз? Бір көше мен бір мектепке оның есімін беріп, аудан орталығына ескерткішін қойып, оның өзі тұрған үйін неге мұражайға айналдырмасқа?..» деген мағынадағы шағын мақала жазып, редакторға ұсынғанмын. Редактор Қайыпназар Шотбасов, Өмекеңмен аудандық газетте бірге істеген, ақынды өте жақсы білетін кісі болатын. Сондықтан ол кісі еш ойланып отырмастан: «Газетке жариялансын!» деп қол қойып, жауапты хатшыға жолдады.

Осы жерде бір-екі коммунист-журналистер, газетке шығаруға жоспарланып жатқан әлгі мақаланы көзі шалып қалған болса керек, маған келіп, автор ретінде жариялаудан бас тартуымды талап етті. Бірақ мен мақаланың жариялануынан бас тартпайтынымды айттым. Бұдан кейін олар редакторға барып, әлгі мақаланы жоспардан алып тастауды өтінген. Редактор да: «Мен ол мақаланы алып тастай алмаймын. Өйткені, мақаладағы ұсыныс журналистің жеке пікірі. Егер сіздер оның ұсынысы мен пікіріне қарсы болсаңыздар, өз уәждеріңізді жазыңыздар, мен Сіздердің де  мақалаларыңызды жариялаймын» деп жауап берген ғой. Сонымен, мақаладан бас тартуға мені, жоспардан алып тастауға редакторды көндіре алмай және қарсы пікір жазуға уәж таппай, ақыры мақала газетке жарияланып кетті. Сол-ақ екен, редакцияға жер-жердегі оқырмандардан мақалада жазылған ұсынысты қолдаған хаттар келді. Сол қолдаулардың әсері ғой шамасы, мектептерде Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығы бойынша шаралар ұйымдастырыла бастады. Мұндай жұмыстар, әсіресе Үшқұдық қаласы мен Үшқұдық ауданында қарқынды жүргізіліп жатқанын біліп отырдық. Сол жұмыстардың соңы 1996 жылы Үшқұдық қаласында ақынның 60 жылдық мерейтойын атап өтуге, кейінірек қаладағы № 4-ші мектепке Өмірзақ Қожамұратовтың есімін беруге ұласты. Мұнда, аталған мектепте оқытушы болып қызмет атқарған Әділбай Шілмановтың еңбегі ерен болғанын ерекше атап өтуіміз керек.  № 4-мектептің оқытушысы Майхиева Талдышаш, Өмірзақ ақынға мектептің атын беру идеясын бірінші болып ұсынған ұстаз. Сондай-ақ, Өмірзақ ақынның есімі Үшқұдық қаласындағы № 4-мектепке берілуіне, қаулыға қол қойған қала және аудан әкімі Голованенко Владимир Константинович пен әкімнің орынбасары Рахманов Одил Усмановичтердің қосқан үлесі зор болды. Сонымен бірге, аталған мектептің ұстаздары Амандықов Қазбек, Қойбағарова Фарида, Маликова Науат, Абдреева Зухра, Майхиева Талдышаш, Бөлекбаева Жаңагүл, Омаров Ақыл, Азимкұлова Аманай, Нұрмаханова Қарлығаштарға, тұңғыш рет Өмірзақ Қожамұратовтың есімі жазылып, мөрі басылған аттестатты  мектептің түлектеріне тапсыру бақыты бұйырды. 

Бұл жаңалық Тамдыға да жұғысты болып, аудан орталығындағы мектеп-интернатқа ақынның есімі беріліп, оқу орны ауласына Өмекеңнің мүсіні орналастырылды. Сөйтіп, ұмытылып кете жаздаған дарын иесі өз оқырмандарымен қайта қауышты.

Міне содан бері оқу орындары мен мәдени мекемелерде Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығын насихаттап, түрлі шаралар ұйымдастырумен бірге, әрбір он жыл сайын оның мерейтойын республикалық деңгейде арнайы атап өту дағдыға айналды. Оған ақынның 70 жылдық мерейтойы 2006 жылы Алматыда, 80 жылдығы 2016 жылы Теміртау қаласында атап өтілсе, ал биылғы 90 жылдық мерейтойын Теміртау қаласында ұйымдастырылады.

– Болмыс пен мінез  әр ақында әртүрлі болады ғой. Өмірзақ ақынның мінезі қандай еді?

– Мінезінің аса ауыр, көп сөйлемейтінін жоғарыда айттым. Тағы бір байқағаным – ол өмірден ешқашан түңіліп, теріс айналмайтын қайсар еді. Оның барлық ауыртпалықты қасқайып тұрып қарсы алып, қара нардай көтере білетіндігі мен болашаққа шексіз сенімділігі өлеңдерінен анық көрінеді. Ол өзі қиналып жүрсе де, ешқашан төмендемейтін. Сондай жырларынан бірін мысалға алсақ, былай дейді:

«Кедейлігім — бақытым,

Денсаулығым – байлығым.

Айғыздап жүре беремін,

Қап-қара бетін қайғының.

Үмітім – шырақ маздаған,

Басамын ойдың көрігін.

Қиялым – көкке жазған ән,

Ақ жолда сенім – серігім.

Саз балшықтай иледім,

Тірліктің болат-құрышын.

Мансапқа бас имедім,

Төгілген терім – ырысым.

Шығарып тілін тастың да,

Арманым, құлаш жайдың кең.

Осынау аспан астында,

Аман-сау тұрсам – баймын мен».

– Ақынның замандас қаламгерлермен қарым-қатынасы қандай еді? Қандай ақын-жазушылармен жақын араласты?

– Өмірзақ Қожамұратов, жылда кезекті еңбек демалысын алғанда, міндетті түрде, Алматы қаласына баратын. Мінезі аса ауыр, көп сөйлемейтін Өмекең, сондай сапардан әрбір келген сайын шешіліп сөйлейтіні бар еді. Ол әсіресе Алматыдағы ең жақын достары Мұқағали мен Төлеген, Нұрғисалармен кездескенін, олармен бірге жүріп, сұқбаттасқан тақырыптарын сүйсіне әңгімелеп беретін. Қазір ойлап қарасам, Өмекең Алматыға, өзін дұрыс та терең түсінетін көңілі жақын, пікірлес, тағдырлас достарымен кездесіп, сұқбат құрып, көңілін көтеріп қайту үшін барады екен ғой...

– Бүгінде Өмірзақ ақынның шығармашылығын іздеп, зерттеп жүрген адамдар бар екенін білеміз. Оның мұрасын жинап, жариялап жүрген іздеушілер туралы не айта аласыз?

– Иә, қазір ондай кісілер аз емес. Бұл бағыттағы жұмыстар – белгілі сыншы марқұм Зейнолла Серікқалиевтен басталады. Өмекең Зейнолла Серікқалиевпен дос болған. Зекең, ақынның алғашқы жырларының баспасөз бетінде жариялануынан бастап, кітаптарының жарық көруіне көмектескен азамат. Ол кісіден басқа елімізде талай қаламгерлер Өмекеңді өзіне ұстаз санайды. Солардың бірі бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағы Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов. Ол, Өмекең және оның шығармашылығы жөнінде республикалық баспасөз беттеріне және әлеуметтік желілердегі ірі сайттарға көлемді мақалалар жазып жүр. Сондай-ақ, Өмекеңнің оқырмандары, ақынның шығармашылығын зерттеп, кітаптарын шығарып жүрген бір топ жерлестерін өмірзақтанушы деп есептейді. Олардың қатарында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қали Жолдасов, ақын Ақсәуле Мәмбетқызы, әдебиетші Сәндібек Рүстемов, Әділбай Шілмановтер бар. Сонымен бірге, түрлі жиындарда Өмірзақ ақынның жырларын жатқа оқып, өлеңдеріне ән жазып, сол әндерді орындап, оның шығармашылығын насихаттауға көп жылдардан бері өздерінің орасан зор үлесін қосып келе жатқан сазгер-әнші Әнуар Жанахановтың, эстрада әншілері Сайын Базаровтың, Бағила Мұратованың, Арман Ахметовтің, марқұм Мүсіреп Сатановтың, дәстүрлі әншілер Қозыбақов пен Жамбыл Діндайұлынның ерен еңбектерін атап өтуге болады. 

– Ақынның өмірден өтуі туралы да әртүрлі әңгімелер айтылады. Ол кісі ұзақ ауырды ма, әлде кенеттен дүниеден өтті ме?

– Өмірзақ Қожамұратов, тұрмыс тауқыметін көп тартқандықтан, айықпас дертке шалдығуына байланысты, өзінің бойындағы елге сыйлар дүниесінің барлығын толық бере алмай кеткен ақын. Ол әсіресе 1980 жылдан бастап, ауруханаға жиі жатып, емделуге мәжбүр болды. Өзі табиғатынан тұйық кісі, өмірінің соңғы жылдары ешкіммен тілдеспей, тіпті өзінің көңілін сұрап келгендерге де назар аудармай, жалғыз өзі оңаша қалып, үнсіз қалың ой құшағында ұзақ отыратын болды. 

Міне, осындай айрықша дарын иесі, 1983 жылы өмірден озды. Қайтыс боларынан бір күн бұрын төсек тартып жатқан Өмекеңнің көңілін сұрап, үйіне барғанымда, екі иығымен ентіге демалып отырғанын көрдім. Жатқан бөлмесіне кіріп, көңілін сұрап шығып жатқан адам өте көп болды. Ол келгендерге көңіл бөлмей, інісі Бекболатқа: «Бағанағы жұмыс не болды?» деп, бірнеше рет қайталап сұрағанын байқадым. Бекболат оған: «Тәте, шыдай тұрыңыз, қазір әкеледі ғой...» деп жауап беріп жатты. Кейін менімен бірге сыртқа ере шыққан Бекболаттан: «Өмекең не туралы сұрап жатыр?» дегенімде, ол ағасының өкпесі қысылып, дем жетпей, қиналып жатқанына екі күн болғанын, сондықтан қолдан демалдыратын «дәрігерлік жастық» деп аталатын құралды сұрап жатқанын айтты. Ол кезде, ондай құрал дәріханада сатылмайды, тек ауруханада ғана болатын. Алайда дәрігерлерге мұздай кислород Өмекеңнің өкпесіне кері әсер ететінін айтыпты. 

Ертеңіне мен, сол түні Өмекеңнің үзілгенін есіттім. Жаназасына өте көп кісі жиналып, Тамдыдағы «Әбілтай ақсақалдың қорымы» деп аталатын бейітке жерленді. Бүгінде басындағы құлыптасқа:

«Өсек-аяң, қиянаттан құтылған,

Тірісінде пысықтардан ұтылған.

Ақын жатыр үнсіз тілі байланып,

Жырлары жүр дүниені айналып...» деген бір шумақ өлеңі жазылған.

– Өмірзақ ақынның жеке адам ретіндегі болмысы қандай еді? Көпшілік біле бермейтін қырларын айтып берсеңіз.

– Өмірзақ Қожамұратов, тек ақын ғана емес, ол жақсы журналист, дарынды спортшы да еді. Оның мақала мен очерк жазуға шеберлігін байқағаннан шығар, мен өзім сол тұстағы Тамды ауданының басшысы Ақберді Исаев, әсіресе шаруашылықтарды аралап, түрлі шаралар ұйымдастырғанда, газеттің өкілі ретінде Өмірзақ Қожамұратовты жанына әдейі ертіп жүргенін бірнеше рет көрдім.

Өмекең, аудан мен облыстық көлемде өтетін спорт жарыстарына да белсене қатысатын. Ол әсіресе волейбол мен футболды жақсы көрді. Оның аса қызығатын спорт түрі -- дойбы мен шахмат ойнау болатын. Осы соңғы екі спорт түрінен аудан мен облыс көлемінде жеңімпаз атанып, Одесса, Вильнюс, Бұхара қалаларында өткен Бүкілодақтық жарыстарда республиканың намысын қорғап, жүлдегер де болды, бірінші дәрежелі спортшы, құрметті дипломат деген атақты да иелегенін білемін.

Жалпы, Өмірзақ Қожамұратов өңірде кенже қалған проза мен сатира жанрларын да дамытуға тырысты. Ол әсіресе сол тұстағы Тау еліне ғана емес, бүкіл Қазақ еліне танымал сықақшы Совет Жаманғараевпен бірге, сатира жанры мен балалар әдебиетіне де қалам тартқан.  Сондықтан біз оны тек ақын ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосқан қаламгер десек, артық айтқандығымыз болмайды.

– Сіздің есіңізде қалған, ақынға қатысты ерекше бір естелік бар ма?

– Өмірзақ Қожамұратовтың аузынан талай тағылымды әңгіме естідік. Оның әрбір естелігінің астарында бір дәуірдің тынысы, бір тұлғаның болмысы жататын. Алайда солардың ішінде менің жадымда айрықша сақталған, ерекше әсер еткені бар. 

«Бірде кезектегі еңбек демалысымды алып Алматыға бардым, – деп бастаған еді әңгімесін Өмірзақ  Қожамұратов. – Алматыға келген күні-ақ Нұрғиса мен Мұқағалиды кездестіріп қалдым. Қыстың күні еді. Үшеуміз Нұрғисаның үйіне баратын болдық. Нұрекеңнің үйіндегі жеңешеміз қазанға ет салып, үшеуміз әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Кенет Нұрғиса мен Мұқағали арасында бір дау басталды. Екеуінің сөздерінен түсінгенім – Мұқағали бір өлеңін Нұрғисаға ән жазуға берген көрінеді. Нұрғиса ол өлеңнің кейбір сөздеріндегі дауыссыз дыбысты дауыстыға өзгертуін өтінген. Ал Мұқағали: «Оларды өзгертсем, өлеңнің мазмұны төмендеп кетеді» деп көнбейді. Екеуінің келісе алмай жүргеніне бірнеше айдың жүзі болған екен. Сосын мен Нұрекеңнен әлгі өлеңнің мәтінін сұрап алып, қызылмен белгі қойылған тұстардағы сөздердің бір сағат көлемінде әурелеп Нұрекеңе ұсындым. Нұрекең әлгі өлеңді оқып, пианино тұрған ішкі бөлмеге кіріп кетіп, бірнеше рет маған қайтып келіп, тағы да бір-екі жерін өзгертуді ұсынып, соңында әннің дайын болғанын айтып, Мұқағалидан сүйінші сұрады. Мұқағалиға да мәтін ұнады. Сөйтіп ән дайын болғанда Нұрекең маған Мұқағалимен бірге «авторлық» етуді ұсынды. Мен оған көнбедім. – Өмірзақ, сен қызық екенсің. Мұқағалимен бірге авторлық етсең, тақияңа тар келмейді, жыр мен ән сүйер қауымға кеңірек танымал боласың, - деді.

Мен  бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарттым. Мені көндіре алмайтынын біліп, екеуі де қайта мазаламады.  Көп ұзамай ол ән «Қазақ радиосы» арқылы бүкіл қазаққа таралды. Ол ән – қазір де халықтың ең сүйікті әндерінің бірі саналатын атақты «Саржайлау» әні болатын. 

Содан кейін мені әрбір кездестіргенде Нұрғиса: «Сен сол әнге келісіміңді бермегенің бекер болды-ау...» деп басын шайқап қоятын. Өлеңді жазған Мұқаң. Мен  соған бірер сөз қостым екен деп қосарланып автор болуға арым жібермейді».

Жалпы, Өмекең осындай қызықты әңгімелерді жиі айтатын. Бірақ, әсіресе осы әңгімесі маған қатты әсер етті. Мен осы оқиға жайлы сахналық көрініс те жазғаным бар. 

Міне осындай дарынды ақынның туылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осыған байланысты халық өздерінің сүйікті ақынының мерейтойын республикалық деңгейде Теміртау қаласында атап өтуді жоспарлап отыр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan