М.Әуезовтың «Абай жолы» романының кейіпкері:
Қазақтың Құнанбайы
(Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» еңбегі бойынша жазылды)
Қазақта екі Құнанбай бар. Бірі – өмірде болған, тарихи құжаттар мен естеліктерде айтылатын нағыз Құнанбай. Екіншісі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы образ Құнанбай. Осы екі Құнанбайдың екіншісін халық жақсы таниды да, біріншісін жұрттан естігені болмаса, онша біле бермейді. Біз сол Құнанбай туралы айтпақпыз…
Сөзімізді Ахат Шәкәрімұлы жазып кеткен мына бір әңгімеден бастасақ: «Құнанбай он бес жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзіне құрбы мықтымын дегендерді жығып, балуан атанған. Он сегіз жасар шамасында Құнанбайдың жаурыны жерге тимеген көтібақ руынан шыққан, он бес жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын. Сеңгірбайға келіп: «Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпайық, жықсам да, жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім», – дейді. Сөйтіп казіргі «Жарқымбай биігі» деген таудың сайында екеуі оңаша күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмеген, олар айтпаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алған. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап кеткен. Сеңгірбай өлген соң Құнанбайдан: «Қайсыңыз жықтыныздар?» – деген құрбы достарына Құнанбай: «Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес», – деп жауап берген».
Қажының шөбересі жазып кеткен осы әңгімені оқыған соң, Құнанбайдың бала кезінде палуан болғанын, сонымен қатар өмір бойы айтқан сөзінен айнымай, уәдеге берік болып өткен адам екенін көреміз. Бұндай асыл қасиеттер адамға тәрбиемен және де қанмен келетіні белгілі.
Тобықтының Жігітек табынан тараған Кеңгірбай би қазақтың орысқа қосылуына қарсы болған билерінің бірі. Сонысы үшін бірнеше рет ұсталып, сақалын да кестірген екен. Ал Тобықтыдан тарайтын екінші бір тұқым Айдостан Ырғызбай, Өскенбай сынды екі би шыққан. Екеуі де елді ауызына қаратқан айтулы билер еді.
Сол билердің заңды жалғасы болып Құнанбай туды. Ырғызбай мен Өскенбайдың кіндігінен тараған ұл көп болса да, ел Құнанбайды жастайынан ханындай көрді. Бір рет барымта кезінде ауыр жараланып, екіншіде шешек ауруынан өлім алдында жатқанда төңіректің халқы түгел жиналып, Құнанбай үшін қол жайып дұға жасағаны бүгінде бізге аңыз секілді көрінеді. Алдымен Алланың қалауымен, содан соң сол дұғалар қабыл етілген болуы керек, екі қауіптен де Құнанбай аман өтеді. Сол себепті де қартайған шағында халыққа қарыздар екенін үнемі айтып отырады екен.
Тағы да Ахат Шәкәрімұлының жазғанынан үзінді келтірейік: «Құнанбайдың шешесі Зере: «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісіміллә айтпай емізген мезгілім болған жоқ», – деп айтып жүріпті. Құнанбай денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі – балуандыққа, өткір көзі – ерлікке, басы – ақылдылыққа сәйкестене біткен». Бұл суреттеуде айтылмағандықтан, толықтыра кетейік: Құнанбайдың бетінде шешек ауруының дақтары қалған. Содан соң, романда айтылатындай, бір көзі барымта кезінде зақымданып, көрмей қалған. Бірақ бұның бәрі Құнанбайдың айбарын арттырып, мысын одан сайын күшейтіп тұратын болған.
Кеңгірбай, Ырғызбайлардың заманында халықты хан басқарған болса, Құнанбайдың тұсында низам (заң) өзгеріп, хандық жүйе жойылып, енді елді аға сұлтан басқаратын болады. Бұрынғы дәстүр бойынша аға сұлтандыққа бұрынғы хандар, яғни төрелер келуі керек еді. Және солай болды да. Бірақ бұған Құнанбай о бастан қарсы болады. Тіпті өзін қолдамағаны үшін бір биді атпен сүйреп тастағаны туралы да дерек бар.
Иә, Құнанбай сондай қатал шешімдерді де жиі қабылдайтын. Өзі айтқандай, адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады. Ол өзінің қатал да бірбеткей мінезі арқылы билікке де жетті және сол қасиеті үшін басы дауға да қалды.
Аға сұлтан төреден сайланған соң, би-болыстар аға сұлтанға пара жинайды. Онсыз да төренің билігіне қарсы болып жүрген Құнанбай пара жинап жүргендерге қолын шығарған көрінеді. Кейін аға сұлтан басқа емес, сол пара алғаны үшін ұсталып, орнына басқа адамды қою керек болғанда Құнанбайдың қол шығарғанын білетін ояз Құнанбайды аға сұлтандыққа лайық көрген болса керек. Сөйтіп, Құнанбай аға сұлтан атанады. Бұл 1846 жыл еді.
Құнанбай аға сұлтан боп тұрған кезінде үкіметке, бүгінгінің тілімен айтқанда әртүрлі жобалар ұсынған. Қарқаралы қазақтарын отырықшылыққа айналдырып, егіншілік кәсібіне үйрету үшін Қарағайлы деген жерді егіншілікке пайдалану туралы пікірін орыс әкімшілігіне ресми түрде жазған. Қарқаралы қаласын кеңейту, құрылыстар салу, тұрғын халықтың әлеуметтік мұқтаждары үшін сауда дүкендерін, мектеп-медреселер салуға қолайлы жерлер бөлу туралы мәселелер де көтерген. Әр болыстан бір баладан алып, шешек ауруына қарсы дәрі егуді үйретуге жібермекші де болған. Бұл жобалардың бірі орындалса, бірі орындалмай, тек құжат беттерінде ғана сақталып қалды. Ал сол уақытта Қарқаралыға салғызған мешітінде жамағат әлі күнге дейін намаз оқып, мешіт иесіне дұға жасауда…
Сол жылдары Құнанбай әскери экспедициямен Жетісу өңіріне барады. Қазақ арасына жер аударылып келген поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичпен танысатын уақыты да осы кез. Үш ай бойы бірге жүрген уақытында поляк саяхатшысы Құнанбайға тәнті болып, ерекше ықыласпен жазбаларына қосқан. Бір жерінде: «Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап, қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабылеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» – деп, Құнанбайдың қазақ ішіндегі беделі мен қайраттылығын бағалайды.
Құнанбай Өскенбайұлы қатысқан сол әскери экспедиция тегін экспедиция емес еді. Құнанбай сол жылы «хорунжий» атағын да алады. Не үшін дейсіз ғой? Кенесары Қасымұлы бастаған әскерді қуғаны үшін.
Бірақ Кенесарының түбіне жеткендердің бірі Құнанбай екен деуге асықпаңыз. Өйткені «Хорунжий» атағын Құнанбайға экспедицияға шығар алдында-ақ беріп қойған. Ал Жетісуға жеткеннен кейін Құнанбайдың көңіліне кірбің түскені туралы айғақтар бар. Сірә, былай тартса арба сынатын, былай тартса өгіз өлетін жағдай солай әрі-сәрі қылып қойған болса керек. Мұхтар Әуезовің жазып кеткен деректі келтірейік: «…Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғаны. Старшина күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып, қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесары атынан түсіп, намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай: «Намаз уақытында шаппаймыз», – деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақтарды жиып алып, құрқұдықтың маңында кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесары қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған, соны Құнанбай сабапты».
Қалай болғанда да Құнанбайдың Патшадан сый, атақ алуы орысқа қарсы шығамын деп, сақалын кестірген Кеңгірбайдың тұқымына жараспайтын әрекет еді. Шешен Қара деген кедей бір жолы сонысын бетіне салық қып та басқан екен.
Жұрттың Құнанбайға артар кінәсі бұл ғана емес. Кеңгірбайдың қанынан тараған, Құнанбайдың өзімен бір ананы еміп өскен Бөжеймен екі ортада жаулық туады. Оның бірден бір себебі Құнанбайдың әкеден бірге туатын інісі – Майбасар. Өзі аға сұлтан болған Құнанбай Бөжейге болыстықты ұсынса, ол бас тартып, Майбасарды жөн көретінін айтыпты. Бірақ көп ұзамай болыс болғысы келетінін білдірген. Бөжейдің сол әрекетін табансыздық деп түсінген Құнанбай Майбасарды орнынан әдейі алмай қояды. Онымен қоймай Жігітектің (Бөжейдің руы) қыстауларын да тартып алады. Жаулық уақыт өткен сайын күшейіп, ру аралық соғысқа, кісі өліміне алып барады. Бөжей жақ патшаға арыз береді. Іс насырға шауып бара жатқанын байқаған Құнанбай Аягөздің аға сұлтаны Барақ Солтабайұлын төрелікке шақырып, Бөжеймен арадағы қатынасты бір реттеп алады. Алайда өліспей беріспеуге бекінген екі жақ көп ұзамай жаулыққа қайта көшеді. Құнанбай Омбыға айдалып, сонда бір жылға жуық уақыт мырзақамақта жатады.
Осы тұста айта кететін бір түйіткіл бар. Көпшілік Құнанбайдың төрт әйелін біледі, олар: Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Бірақ Құнанбайдың Омбыда болатын кезі әлі Нұрғанымды алмаған уақыты екен. Сол себепті де елден жырақта жүрген кезде төртінші қылып Әйбат есімді қызды әйелдікке алған екен. Кейін Құнанбай мырзақамақтан босаған кезінде Әйбат шешеміз аяқ астынан көз жұмады да, сол жаққа жерленеді.
Құнанбайдың сол жолы бостандыққа шығуы да айтпауға болмайтын жайт. Тергеу әлі бітпеген, бірақ Құнанбайды кепілге босатуға патша үкіметі өзі мүдделі болған. Кепіл қоятын адамды өздері іздеген. Сол кезде басқа емес, Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төре жауапкершілікті мойнына алып, Құнанбайды босатып алған.
Мырзақамақтан шыққанымен, Құнанбайдың үстінен қозғалған іс аяқталмаған еді. Бір тергеушінің орынына бір тергеуші келіп, істің ақ-қарасын ажыратуға тырысып жатқан. Сол жалғасқаннан жиырма жылдай уақытқа созылып, Құнанбай қартайып қажылыққа кеткенде, Бөжей және де басқа арыз берушілер қайтыс болғаннан кейін бір-ақ біткен көрінеді.
Иә, Құнанбай жетпіс бір жасқа келгенде билікке араласуды қойып, қажылыққа бармақ болады. Балалары жеткілікті қаражатты жиып, жанына баласындай болып кеткен Ызғұттыны қосып шығарып салады. Бұлармен қосылып қазақ елінің түкпір-түкпірінен парызды өтемек болғандар шығады. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің айтуынша бұл қазақтан қажылыққа барған үшінші топ екен.
Меккеде болған кездерінде бұл топ Құнанбайдың бастамасымен қазақ қажыларға арнап тақия, қазіргінің тілімен айтқанда қонақ үй салғызады. Қаржысын бірге көтерсе де, тақияны өздерін қажылық кезінде бастап жүрген Құнанбайдың атына береді. Кетерлерінде тақияға ие болу үшін кіші жүзден барған бір жігітті тастап кетеді.
Қажылықтан келген соң Құнанбай дүние ісін біржолата тәркі етіп, сөйлесе шариғатты ғана айтып, шымылдықтың әр жағына кіріп, отырып алады. Көргендердің айтуынша қажы солайша соңғы жеті жылын өткізген екен.
Осындай ешкімдікіне ұқсамайтын, сексен екі жылға созылған өмірбаян исі қазақтың аяулы ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға бұйырған екен. Әкесі Өскенбайға ас бергенде ұлы жүз бен кіші жүзден арнайы қонақтар келген. Қажылыққа барғанда да исі қазақ қадірін біліп, басшы етіп алған. Істі болған кезінде көмекке Барақ Солтабай ұлы келген, Шыңғыс Уәлиханов та қолын созған. Кенесарыны ажалдан аман алып қалған. Бірақ өзінің аталастарымен бір мәмілеге келе алмай, қырқысып өткен. Тағдыр…
Осынау тағдырға тап болған адамның соңынан қалған сөздер төмендегідей:
– Арымнан – жаным садаға, жанымнан – малым садаға.
– Жарлы кісі жамалар, жамалар да қуанар.
– Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады.
– Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген – өтірік, көзбен көрген – шын.
Арман ӘЛМЕНБЕТ