Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Драма

Драма (гр. dramo — әрекет) 1) әдебиеттің эпос, лирика сынды үш тегінің бірі (Әдебиеттің тегі мен түрі). Драмада оқиға тартыс, не тартыстар желісіне жинақталып, кейіпкерлер әрекеті арқылы дамиды. Драмалық шығарма театрға арналып жазылады да, сахнада нағыз көркемдік қуатына ие болады. Драма бастапқы кезде хор, диалог, би, айтыс, пантомимомен аралас болып, синтетикалық өнер саласы ретінде дамыған. Кейін драма сөз өнерінің жеке тегі ретінде дараланды, оның трагедия, драма, комедия, мистерия, миракль, моралите, мелодрама, фарс, водевиль, трагикомедия, т.б. жанрлары қалыптасты. Классикалық драманың алғашқы үлгілері ежелгі Грекияда пайда болып, Эсхил, Софокл, Еврипид трагедиялары мен Аристофанның комедияларында жоғары көркемдік биікке көтерілді. Драма орта ғасырда аллегориялық бағыттағы мистерия, миракль, моралите түрінде дамыды. Еуропада драма Қайта өрлеу дәуірінде Англия (К.Марло, У.Шекспир) мен Испанияда (Лопе де Вега, П.Кальдерон) дамудың шырқау биігіне жетті. 17 ғасырда Батыс Еуропада классицизмдік драматургия үстем болды. 19 — 20 ғасырларда драма табиғатында лирикалық (Дж. Байрон, А.Блок, Ғ.Мүсірепов, т.б. лирикалық драмалары), “деректі” (Дж.Килти, М.Шатров, М.Әуезов, т.б.) көркемдік элементтердің көрініс табуы арқылы арнасы кеңейді. Драма — көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің күрделі тегі. Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Оқиға, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамиды. Автор кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын білдіретін түсініктемелерді жақша ішіне бөлек жазып отырады. Оларды авторлық ремарка не ремарка деп атайды. Оқиғаның негізгі даму арнасы болып табылатын кейіпкерлер сөзі, яғни репликалар, көбінесе, диалог, кейде монолог түрінде болады. Қалай болғанда да репликалар шымыр, ондағы кейіпкер мүддесі мен құштарлығы, аласұрған сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылуы қажет. Олар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді. Драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға мен тартыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан Драмада оқиғаның (тартыстың) басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Кейбір шығармалар мұндай классик. үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін. Ежелгі грек трагедияларында сахналық шығармалардағы тартыс аяқталып, өз шешімін тапқан соң, міндетті түрде бас кейіпкердің азапты күйі көрсетілген. Мұны катарсис, яғни күйіне отырып күнәсінен арылу деп атаған. Сезім мен қайғы-қасіретке толы бас кейіпкер монологі көрермендерге қатты әсер еткен. Қазіргі заманғы драмаларда, әсіресе, қазақ драмаларында осы үрдіс қолданылып жүр; 2) Драмалық шығармалардың бір жанры (қ. Драматургия). Трагедия бас кейіпкер әрекетінің азаппен аяқталуын көрсетуге, комедия адам қылығы мен әлеум. өмірдегі келеңсіз көріністерді әжуалауға құрылса, драма адамдар мүдделері арасындағы қақтығыс, шиеленіскен тартысқа құрылады. Осы қақтығыстың сипатына, әлеум. мән-маңызына байланысты зерттеушілер қазіргі қазақ драмаларын қаҝармандық драма (мысалы, Әуезовтің “Қара Қыпшақ Қобландысы, 1945; С.Сейфуллиннің “Қызыл сұңқарлары”, 1922, т.б.), саяси-әлеуметтік драма (мысалы, Әуезовтің “Еңлік — Кебегі”, 1917, т.б.), тарихи-ғұмырнамалық драма (мысалы, Әуезовтің “Абайы”, 1950; Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқтысы”, 1972, т.б.) деп бөліп жүр.

Көп оқылғандар