(Жалғасы. Басы мына жерде)
Роза Мұқанова: Адамды айнымай жақсы көруге және сенуге бола ма?
Әкім Тарази: Егер әбден сынап алған болсаң, оған шексіз берілуің керек. Шексіз сенуің керек. Оның бәрі – таңдау. Мен сені таңдап үйлендім. Бірақ қызыққанымды да білесің. Сені алғаш көргенде: «Шіркін-ай, анау қыз менің жарым болса ғой!», - дедім. Ол кезде сегіз жыл бойдақ болып жүргем.
Роза Мұқанова: Сонда менің сізге тұрмысқа шығатыныма сендіңіз бе?
Әкім Тарази: Күмәнданған жоқпын. Сені деканың таныстырғанда «білем ғой бұл кісіні» деген сөз қайдан шықты деп ойлайсың?
Роза Мұқанова: Иә, бірінші рет көріп тұрып «бұл кісіні білем ғой» дедіңіз. Неге білмей тұрып «білемін» дедіңіз екен?
Әкім Тарази: Ректорларың мені студенттермен кездесуге шақырды. Анандай бұрышта отырған жеріңнен көрдім. «Шіркін-ай, анау қыз маған тисе алар едім» деген ой Алладан келді деп ойлаймын.
Роза Мұқанова: Төбелескіш болғаныңызды мақтанышпен айтатын сияқтысыз. Сыры не?.. Қазақ балаларының қорлануына, басқа ұлттың үстемдігіне деген ішкі қарсылық па? Сондағы төбелестердің мәні не?
Әкім Тарази: Ол кезде Алматыда қазақ сегіз-ақ пайыз болатын. Бір күні Алматының тау жағына барып, қайтып келе жатсам бір орыс әйел баласы екеуі серуендеп жүр екен. Баласы мені көрді де құлағы тікірейген ат сияқты тұра қалды. «Мама, мама он немец что ли?», - деді мені көрсетіп. Мамасы: «Нет сынок. Это называется казахи. Наша республика называется Казахстан» деді…
Роза Мұқанова: Адам танисыз. Көп адамды жаныңызға жақындатқыңыз келмейді. Көп жерге барудан бас тартасыз. Менен де сол мінезді талап етесіз. Олай өмір сүру қиын емес пе?
Әкім Тарази: Сен де адам танисың, біріншіден. Екіншіден, мен қиын деп ойламаймын, соныма қуанамын. Өзің білесің ғой, мен достарымды өзім таңдағанмын. Олар мені ешуақытта сатқан емес. Мен де оларды сатқан емеспін.
Қалихан, Сайын, Рамазан – отыра қалып, бір біріміздің кітаптарымызды оқып, күліп сынайтынбыз. Төбелесіп қалатынбыз. Бірақ зіл жоқ, ертесінде қайта табысып жүре беретін едік.
Мен жазып отырғанда ойлайтынмын: «Мынауым Қалиханға ұнамай қаламай ма», - деп. Қалихан да айтты: «Таң атқанша жұмыс істедім, (мені Көкем дейтін) Көкеме мына жері ұнаймай қалар ма екен», - дейтін.
Роза Мұқанова: Өткенде араға 17 жыл салып Қабдеш Жұмәділов досыңызбен кездестіңіз. Сонда Қабдеш ағаның бір сөзіне таң қалдым: «Бізді «айырылмас бес тапал» дейтін еді. Құшағымыз айырылмай жүрген кезде айтатын едің Әкім: «Әлі бір бірімізді көрместей болып кететін сәттер болады, бұлай жүре бермейсіңдер. Түбі бесеуміз бес жаққа кететін боламыз», - дегенсің. Сол кезде біз өзіңе қатты ренжитін едік. Дауласатын едік. «Бізді ажал айырмаса, осы құшағымыз ажырамаған күйі қаламыз», - дейтінбіз. Сен әулие екенсің, шынында да біз уақыт өте келе бір-бірімізбен араласуды қойып, бір-бірімізді іздемей кеттік. Сенімен міне 17 жылдан кейін кездесіп отырмын. Сол бес достың ішінде тазасы өзің едің, Әкім. Таза болып сол бойы қалдың», - деді.
Әкім Тарази, Қабдеш Жұмәділов, Сайын Мұратбеков
Әкім Тарази: Басқалары өмірден өтіп кетті ғой. Олар болса біздің үйден шықпайтын еді ғой, шіркін... Бәріміз таза едік, таза болмасақ әдебиеттің тарихында атымыз қалар ма еді.
Роза Мұқанова: Сайын аға әл үстінде жатқан кезде биліктегілерге жол тауып: «Сайындай классиктің мемлекетік сыйлықты алмай кетуі – бізге де сендерге де сын. Ертең ұятқа қалмайық», - деп досыңызға сыйлықты алып беруге мұрындық болғаныңызды білемін.
Әкім Тарази: Иә, мен сол кезде комитеттің төрағасы болатынмын. Бірақ менен басқа 15 адам бар, көпшілік болып шешетінбіз. Кейде мен айтып отырсам да, басқалар көнбесе, берілмейтін. Сайын дүниеден өтейін деп жатқанын білдім. Рамазанға да дүниеден кетейін деп жатқанда алып бердік. «Әй жігіттер, мынау дүниеден өтіп кетейін деп жатыр. Әне-міне. Ең болмаса біліп кетсін», - дедім. Оның үстіне екеуі де талантты ғой.
Сайынға барып: «Сен мемлекеттік сыйлықты алдың, сені құттықтап келдім», - дедім. Ақырын ғана басын изеді. Рамазан да сөйтті.
Роза Мұқанова: Талантты тұлғалар мен жолбикелер туралы жазған күнделігіңізде: «Дарынсыздар біріксе, тек қана қиянат туады. Талант деген сөздің баламасы – жалқы. Таланттар басы қосылса да жымдасып кетпейтіні сондықтан», - дейсіз?
Әкім Тарази: Дұрыс қой, талантты адамдар бір-біріне конкурент. Бәсекелес. Сен жақсы жазсаң, ол да жақсы жазады. Ал дарынсыздар ондай кезде біріге қалады. Біріккенде, талантты сүріндіру үшін бірігеді. Себебі, олар дарынсыз және көп. Үш жүз жазушының ішінде, көп болса алтауы талантты. Ары кетсе он.
Роза Мұқанова: Онда таланттарға өмір сүру қиын екен.
Әкім Тарази: Қиын. Жазушылар одағына сайлауға түскен бір жігіт (атын айтпай қояйын) елді аралап жүріп, өзіне дауыс берем деп уәде еткен журналистердің көпшілігін мүшелікке алды. Мен де хатшымын. Одақ басшыларының бірімін. Айттым: «Осынша көп адамды неге аласың?», - дедім. «Көке, мен өтуім керек қой», - деді ол. Аналарды алды. Бір аптадан кейін сьезд болды. Алып келген адамдары қолдап, қайтадан 5 жылға отырды. Мен оны да кінәламаймын. Жақсы жігіт еді.
Роза Мұқанова: Меніңше, сіздер тек қана хатшы боп жүрдіңіздер ғой?
Әкім Тарази: Жоқ, мен айлық алатын хатшы болдым. Оның алдында Киногерлер одағын 16 жыл басқардым, одан кейін екі жылға демалуға кетіп қалдым. Қайтып келсем, орным бос емес әрине, оған таласып жатқан мен жоқ. Тағы екі жыл жүрдім жазамын деп, қайта қуандым. Жаздым. Ана 9 том тегіннен тегін жазылған жоқ қой.
Роза Мұқанова: Сіздің 90 жылдары хатшылықтан өз еркіңізбен кеткеніңіз есімде?
Әкім Тарази: Сонда мені «дурак» дегендер де болды. Мынандай депутатский қызыметті тастап кетуге бола ма деп…
Роза Мұқанова: Жалпы, осы сіз қызметті емес қызмет Әкімді қуып жүрді ғой деймін, достарыңыз ылғи осылай әзілдейтін.
Әкім Тарази: Иә, сөйтті... Шәкен аға кеткесін киноға бірінші хатшы болдым. Екі рет жұмыстан кетем деп арыз бердім, жібермеді. Ол кезде Димекеңнің айтқаны заң. Есенәлиев деген кісі шақырып алып айтты: «Димекең сені қайтадан ұсынып отыр. Қалай қарайсың?», - деп. «Енді Димекең ұсынса бір көндім, екі көндім. Соңында мен жаза алмай қалам ғой...», - дедім. Жетектеп алып барды Димекеңнің алдына: «Көнбей қойды, мынау Әкім», - деді. Димекең: «Әй, Үртайдың баласы, келісіміңді бер. Әкеңді Орынбордан білетін едім!», - деді. Әкемді біледі екен.
Роза Мұқанова: Әкеңіз Орынборда оқыған алғашқы қазақтардың бірі ғой.
Әкім Тарази: Иә, «тағы да бір бес жыл көн енді, шыда» деді. Сонымен 16 жыл сонда жұмыс істедім.
Өзің білесің, мен жазбай кеткеніме 5 жылдай уақыт болды. Себебі, мен өзімнің талант ретінде таусылғанымды білдім. Енді жазсам қайталаймын деп қорқам. Қайталау – ұят. «Андрей» – соңғы жазған шығармам.
Роза Мұқанова: Сіздің өмірбаяныңыз адам қызығатындай. Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтар ұстазыңыз болды. Бұлардың бәрі еркелетті сізді. Қазақша айтқанда өз білгеніңізді жасай алдыңыз. Кімге көмектесем, қандай кино түсірем десеңіздер түсіре алдыңыздар. Сатыбалды Нарымбетов бір сұхбатында: «Мен Әкім ағаны өзінің ұстазы Ғабит Мүсіреповке ұқсатамын», - депті. Келісесіз бе?
Әкім Тарази: Келісемін. Мінез жағынан. Ол кісі еш уақытта асықпайтын. Алдына бір проблемамен барамыз: «Анау мұндай боп жатыр. Анау иттік жасады», - деп. Сонда Ғабеңнен үйренгенім. Еш уақытта «иә» деп басын иземейтін. «Дұрыс, кейін айтам», - дейді. Себебі, ойлану керек.
Роза Мұқанова: Мен сіздің осындай жауабыңызға күйініп кететінмін. Қазір шешілетін, отбасылық мәселенің өзін: «Ойланайын, кейін», - дегенде, осы шыжғырылып, қиналып кететінмін. Соның бәрі Ғабит ағайдың қасиеті екен ғой.
Әкім Тарази: Иә, Ғабит, Шәкен Айманов та солай болды. Екі бірдей ұстазымнан үйрендім ғой.
Роза Мұқанова: Көке! Толстойды, Чеховті, Лермонтовті, Пушкинді қолыңыздан тастамайтынсыз. Осылар Сіздің жазу үстеліңізде үнемі тұратын. Қайта-қайта оқып, әлсін-әлсін қарап, рухани ұстазыңыздай медеу тұтатынсыз. Кейін Тәуелсіздік жылдарында Гумилев пен Бичуринді айналдырдыңыз. Гумилевті оқып-оқып, Бичуринге келген кезде: «Бичурин Гумилевтің әкесі екен ғой», - дегеніңіз есімде. Бертін келе 80-ге аяқ басқан кезде «Андрейді» жаздыңыз. Өзгеше жол тапқандай шығармашылығыңызды жаңа қырынан көрсеттіңіз. «Таңшықай» деген роман жаздыңыз. Енді міне 85-ке аяқ басқанда байқаймын, тек қана өзіңізді оқитын болыпсыз, өзіңіздің 10 томдығыңызды астын сызып, леп белгісін қойып, жанына кейбір ойларыңызды жазып, оқып жүрсіз. Бұл жазудан жалығу ма, бұның сыры неде?
Әкім Тарази: Өзің білесің, мен жазбай кеткеніме 5 жылдай уақыт болды. Себебі мен өзімнің талант ретінде таусылғанымды білдім. Енді жазсам қайталаймын деп қорқам. Қайталау – ұят. «Андрей» соңғы жазған шығармам. Оның өзі шатақ. Астарында қазақтың қалай аштықтан қырылғанын айқын айтуым керек болды. Бас жағында Манана туралы жәй ғана айтып отырып, ертең шығарманы басатын адамды алдауым керек болды. Біздің соңымызға түсіп оқитын адамдар жалқау болады. Талайын көрдім, мінезін білемін. Үстімізден арыз жазады. Онысын біліп жүріп мен оларды жақындатып жүрдім. Олар Манана туралы басын оқып отырып, әй мына Әкім не сандырақтап отыр деуі мүмкін. Содан барып бірте-бірте қазақтың қалай аштыққа ұшырағанын, қырылғанын жаздым…
Роза Мұқанова: Ұлтқа жасаған озбырлық сынды мұндай тақырып Кеңес үкіметі кезінде де санаңыздың түкпірінде жатқан болар. Бірақ ол кезде жазылмады. Осындай шығармалар, сюжеттер жүрегіңіздің түкпірінде көп қалған жоқ па?
Әкім Тарази: Қалып қойған жоқ деп ойлаймын. Жазуды қойғаныма 5 жылдай уақыт болды. Себебі мен жазарымды жазған адаммын. Өкінішім жоқ. Соңғы жазған «Андрейден» кейін ойладым, енді жазудың керегі жоқ. Қазақ халқының қалай қырылғанын жаздым.
Роза Мұқанова: Сізді тыңдап отырып, Фариза апайдың бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Өмірінің соңғы кезінде әдебиетіміздің ірі тұлғасы Фариза апай Оңғарсыновамен көп сырлас болдық. Ол кісі бір әңгімесінде. Мен «Егемен Қазақстанға» бір топ өлеңдерімді беріп едім, кешкісін Рымғали Нұрғали телефон шалды. Сонда айтқаны «Фариза, өлеңдеріңді оқып шықтым, сен бұдан былай өлең жазарсың, бірақ жариялауға бермей-ақ қой. Өйткені, қазақ поэзиясын биік деңгейге көтерген Фариза енді мынандай өлең жазып, өз беделін өзі түсірмесін» дегені. Розажан, содан бері мен жазған өлеңдерімді баспа беттеріне бермейтін болдым деп сырын айтқан еді. Өзіңіз айтып отырсыз, «таусылдым, өкінішім жоқ, жазарымды жаздым», - деп ақиқатын айтып отырсыз. Кейде адам таусылғанын білмей жаза беретін сияқты.
Әкім Тарази: Ондайлар көп. Олай жазабергіштік – дарынсыздықтың белгісі. Өзің білесің, мен өзімді-өзім аямаймын. Романдарымды оқып отырып астын сызатыным ризамын, «мынауың жақсы екен Әкім» дегенім. Өзімді алдымен кітап боп шықпай тұрып сынаймын. Жыртып тастаған кездерім де болды. Ертеден кешке дейін 8-10 сағат отырып екі бет жазатын адаммын. Ондай адам қателесе қоймайды. Ұсақ-ұсақ әріптермен тығыз жазамын, әйтпесе, ойым қашып кететіндей көрінеді. Бұл енді менің адами емес физикалық сезімім.
Роза Мұқанова: Жұмыс істейтін кезіңіздегі табиғатыңыздағы ерекшелік қомданып, қабағыңызды түйіп, ешкіммен сөйлескіңіз келмей, өзіңізді өзіңіз қамап ұстап, сыртпен байланысты бүтіндей үзіп тастап тым бөлекше өзгеріске түскеніңізде мен алғашында түсінбейтінмін. Ауырып жүр ме, онысын жасырып жүр ме деп уайымдайтынмын. Ал мен шығарма жазып жүргенде сондай қуанып, шаттанып, менен бақытты адам жоқтай, анау процесстің жүріп жатқанына рахаттанып, кей жерін сізге оқып беріп, қанаттанып ары қарай жазып кете беретінім бар. Сіздегі күйдің жұмбақтануы тым қиын емес пе?
Әкім Тарази: Қиын, әрине. Мен миымда сөйлем құраймын. Әртүрлі варианттарды үйлестірем. Ойларым қою, күрделі болу үшін тығыз жазамын. Күрделі ой 5-6 сөйлеммен бітіп қалуы мүмкін. Ендігі сөйлемім қалай болу керек деп тағы отырам. Жұрттың шығармасын оқып-оқып алып жазатын жазушылар аз емес. Әуезовті, Мүсіреповті оқып алып соларға еліктеп жазатындар бар. Ұялмай шығарады. Одаққа өтсем, пәтер алсам дейді. Пәтер алу үшін жазғам жоқ еш уақытта. Мен пәтерді Орталық партия комитетінен ғана алып жүрдім.
Роза Мұқанова: Енді сіз бастық болдыңыз, бастық болудың рахатын да көрдіңіз ғой.
Әкім Тарази: Рахат! Рахатты сен де көріп отырсың ғой... (қосылып күліп алды)
Роза Мұқанова: Салқынқандылық па, сабырлылық па, елпең етіп сөзге еріп, топталып жазған хаттарға қол қойып жіберетін елгезектік сіздің табиғатыңызда жоқ. Бұл өмірлік тәжірибе ме, әлде жаратылысыңыз ба?
Әкім Тарази: Мырза-Мұхаммед деген атам Төле бидің оққағары болған. Ол кісі Алпамыс пен Арузаның жетінші атасы. Менің алтыншы атам. Атам Әшім Дамолла Бұқарадан екі жыл білім алған оқымысты, қазіргі тілмен айтқанда Жамбыл облысының Бас мүфтиі болған. Сондықтан, бұл мінез менің тегімнен, жаратылысымнан деп ойлаймын.
Роза Мұқанова: Мен өз басым сіз сияқты сабырлы болғанды ұнатамын. Сізге еліктегім де келген. Табиғатым бөлек болғасын сіз бола алмайтынымды да білемін.
Әкім Тарази: Ұрсуды былай қойғанда, саған күйеуіңмін деп өмірімде бір сын айттым ба? Маған неге палау емес қуырдақ бердің деп тамағыңа мін тақтым ба? Себебі, мен сені түсінемін. Аямаймын. Түсінемін. Жарты жылдан кейін менің барлық талғамымды біліп алдың ғой. Қалай киініп, қалай тұратынымды?..
Роза Мұқанова: Сіз өз болмысыңызға лайықты ғып мені тәрбиелеп алдыңыз ғой деймін.
Әкім Тарази: Мүмкін... тәрбиелеуден гөрі болмысыммен саған әсер еттім деп ойлаймын. Жазудың өзінде бұрынғыдай асықпайсың…
Роза Мұқанова: Орыстардың «муж и жена – одна сатана» дегені сияқты болды ғой... (күліп алды)
Осы жасқа келгенде дүниеде ең қымбат нәрсе не деп шештіңіз?
Әкім Тарази: Адамды адамның сыйлай білуі. Өз шешіміңмен отбасын құрған екенсің, өз отбасыңа берік бол. Сені сыртыңнан қаншама уақыт сынап жүрдім ғой, сосын барып мына қызды алуым керек деп шештім.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.