Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Жалғыздық – қаламгердің серігі ме?

01.02.2018 3113

Асылбек Байтанұлы. Жалғыздық – қаламгердің серігі ме?

(Сәкен сері шығармашылығындағы жалғыздық күй)

Жалпы адамзат баласының когнитивтік санасында әрдайым түпкілікті орын тепкен психикалық қалып-құбылыстың бірі – «жалғыздық». «Жалғыздық – тек Құдайға ғана жарасқан» дейтін, діни наным-сеніммен астасқан қазақы таным-түсінік бойынша, өмірде сыңарыңды іздеп тауып, жалғыздықтан қашып бақытты, баянды ғұмыр кешу мен сана-сезімдік жалғыздық күй – әрине, екібасқа ұғым.

«Жалғыздық» концептісі қазақ әдебиетінде тым ертеден желі тартқандығына мысал ауыз әдебиеті жауһарларынан, ежелгі, орта ғасырлар мен Қазақ хандығы дәуіріндегі батырлық, лиро-эпостық жырлар мен толғауларда мол ұшырасады. Құла түзде жау іздеп жортып жүргенде қапияда өлім құшқан талай-талай ерлердің аспандағы құсқа, жүгірген аңға мұңын шағып жылаған зар-наласы ғасырдан ғасырға өтіп, бүгінгіге жеткен жоқ па?

7f7beb9f0ea494149e41ec7347cb04dc.jpg

Атам қалды дейтұғын

Өзімнен туған балам жоқ.

Балам қалды дейтұғын

Атам менен анам жоқ!

Бауырым қалды дейтұғын

Ағам менен інім жоқ!

Белімнен басқа жарам жоқ,

Ауызға жерге парам жоқ, -

деп белі майып болып иен далада қалған Ер Тарғын Ақжүніс аруға мұңын шағып жылайтыны бар еді ғой. Ал жастайынан ағайынның босағасында қағажу күй кешіп, жетімдіктің зарын тартқан жас бала, болашақ жырау Ақтамберді былай деп толғайды:

...Атадан алтау туғанның

Жүрегінің бастары

Алтын менен бу болар.

Атадан жалғыз туғанның

Жүрегінің бастары

Сары да жалқын су болар,

Жалғыздық, сені қайтейін!..

Немесе Мәди Бәпиұлынан мысал алайық:

Басында Үшқараның балғын едім,

Көкорай сазға біткен шалғын едім.

Екінің бірі болсам арманым жоқ,

Мен туған бір атадан жалғыз едім.

Әрине, жоғарыда келтірілген бұл «жалғыздық» қалып-күйлер – отбасылық-әлеуметтік тұрғыдағы жалғыздық. Ал шығармашылық адамында болатын жалғыздық, оқшау күйдің бас тапшылығына, адами ресурстың жетіспеушілігіне мүлде қатысы жоқ.

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ, -

деп, аға-бауырларының, бала-шағасының, қалың елінің ортасында отырып-ақ «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шынымдап», торыққан хакім Абайдың басындағы жалғыздық күйдің мәнісі неде?

Жаны нәзік, шығармашыл тұлғалардың, мейлі ол ежелгі дәуірде, қазіргі заманда өмір сүрмесін, осы күйді көбі бастан өткергенін, өткеріп жүргенін олар кешкен, кешіп жатқан тағдыр жолынан, соған негізделген туындылардан көреміз:

Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,

Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз.

Жан тынышын елден емес, жерден тапқан,

Сондай бір адам бопты жаны жалғыз, -

деп Ақан серінің елден жырақ, елсізде бейсауат кешкен күйін дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров сипаттаған еді ғой.

Дегенмен, шығармашыл тұлғаның бәрі бірдей Ақан сері, Мәдилер бастан өткерген бұралаң өмір соқпағын, Абайлар жүректен өткізген трагедиялық халді кешті деп тағы айта алмаймыз. Қазақ ақынының, жазушының туындыларынан осы бір мұңлы қалып-күйдің сарыны есіп тұратынын сезінбеу мүмкін емес. Шығармаларынан жалғыздық күйдің лебі есіп тұратын қаламгердің бірі – Сәкен Жүнісов. Әдебиеттегі алғашқы қадамын балалар әдебиетінен бастап, проза мен драматургияда өнімді еңбек еткен жазушының «Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй», «Заманай мен Аманай» т.б. көлемді прозалық туындылары мен драмаларында жалғыздық концептісі желі болып тартылып жатыр.

Сәкен Сері

Бір өзің сегіз сері, жеті батыр,
Мергенсің атқан оғы кетпес ғапыл, -

деп ақын ағасы Ғафу Қайырбеков жырлағанындай, ақындық, жазушылық, әншілік, палуандық, күйшілік, драматургтік т.б. қасиеттер бір басына тоғысқан, той-жиынның сәнін келтіріп Ғабеңдей әдебиет алыбының дуалы аузымен «Сәкен сері» атанып, отбасы бақытына да бір отағасыдай бөленіп өткен Сәкен Нұрмақұлының шығармашылығындағы жалғыздық күйге не себеп болды екен? Бұл да бір жалқы жұмбақ...

Қызық жоқ ойлы адамға бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін, -

дейтін дана Абайдың сөзіне саямыз ба? Әлде «жазушы – қоғам өмірінің тамыршысы» деген қағида тұрғысынан алатын болсақ, мүмкін, жазушының өзі өмір сүрген қоғамға деген жатсынуы ма екен? Жалғыздық пен жетімдік, торығу мен зарығу, сарыла аңсауға құрылған тұтастай бір «жалғыздық галереясына» сырттай көз салайықшы:

- жалғыз мылқау баласымен көл басындағы қара қоста саяқ тірлік кешкен аяулы сері;
- қыртысы қопарылып тозаңы шыққан жапан даладағы жалғыз үй;
- комсомол, компартия, жұмыс деген алашапқынмен жүріп отырып қалған кәрі қыз;
- қара орман әулеттен қалған тұяқ – жалғыз немересін жетектеген кейуана;
- жыл құстары жылы жаққа ұшып кеткенде оймақтай қара суды паналап жападан-жалғыз көлде қалған сыңар аққу;
- қан майданға аттанған жауынгердің артындағы түтін түтетер соңғы үміт – жалқы жетім ұл.

«Ескі жұрт – көршілес салған он шақты үйдің орны. Шымнан қалаған қабырғалары ұзақ жылдар бойы жел өтіне мүжіліп, құлай-құлай жатаған төмпешікке айналған» деп басталатын «Жапандағы жалғыз үй» романын жазушы 30 жасында, 1964 жылы, тың игеру науқанының дүрілдеп, қазақ рухының қырып-жоя ентелеген дүлей дауылдан дірілдеп тұрған тұсында жазған еді: «Жапандағы жалғыз үйді, Қарасайдың қара шаңырағын бульдозермен тік көтере сыпырып тастаған..."

...Қарасай аз уақыт үнсіз қалды. Талай жылдан бері Малжан ағашының баурындағы жапан түзде түтін түтеткен жалғыз үй – атадан қалған ескі көз, көне жұрт еді. Қарасай елу жылдай алысып жүріп, ақсүйек ата дәстүрінің қалпын бұзбай, ескі дастарқан кенеуін кетірмей келіп еді. Бүгінде көне дәстүр көңге айналды, ескі дастарқан өрім-өрім болды. Жапандағы жалғыз үйдің үйіндісі де жоқ». Бұл – сансырап өгейлік күй кешкен ұлт қасіретінің тұспалды бейнесі еді.

1ec280e5ecfe9aab3ff719c16fe122b8.jpg

Жалпы осы «жалғыздық» концептісі – өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары әдебиетке араласқан буынның көбіне тән құбылыс десек, қателеспеспіз. Оралхан Бөкейдің ішкі ой иірімдерімен тереңге жетелеп әкететін кейіпкерлерінің өзі неге тұрады?! Жалғыздық тақырыбына шығармалары арқылы шым бойлап енген, тіпті кейбірі өзінің өмірдегі іс-әрекетімен де жалғыз оқшау күй кешкен қаламгерлер туралы сөз қозғалса, бір мақала түгіл, романға жүк болар еді.

Мұның себебі не екен? Себеп – біздіңше, озбыр индустриалдық, казармалық тоталитарлық басқарушылық жүйесіне сүйенген және кез келген ұлттық элементтерді мансұқтайтын, атеизм іліміне бас иген коммунистік құрылымға деген дәрменсіз қарсылық – шығармашыл жандардың сезімтал жүрегіне сары су болып толғандығы болса керек. Қатерлі жылдардың ызғары етінен өтіп сүйегіне жеткендігі сондай, Мұхтар Әуезов бастаған қадау-қадау талантты қаламгерлер 53-жылдан кейін шынайы рухани өнім бере алмады деуге болады. Ал олардың ізін басқан шәкірттері – Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырза Әлі т.б. аса қуатты шоғыр ұлттық танымның тінін үзбеудің басқа тәсілін іздеді.

Адамның жеке «менін» тануына, ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік тапшы коллективизмді насихаттайтын социалистік реализмнің тар шеңберінде бұлқынған бұл оқыған тоқығаны мол осы буын пафосқа, көңілжықпас жалаң ұранға құрылған «туындыларының» арасында Қадыр ақын айтпақшы «өткізу үшін шындықты, өтірік қостым азырақтың» кебімен «айтарын абайламай айтып қалып» жатты. Арыны қаттырақ болып жатса, қақ маңдайдан соғар қамшы да даяр еді. Жалғыздық күй, күйрек пессимизм, оқшаулану, ішіп кету дегендердің туындау мәнісі осы болса керек.

0d1ffb430b624b2a123baf544a7c04fc.jpg

Сөйте-сөйте шығармашылық әлеміндегі жалғыздық күй қаламгердің отбасылық, қоғамдық оқшаулануына әкелетіндей:

Мен жалғыз, сендер елде,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жыл жинаған қазынамды,

Оңашада қорытам ойға салып, -

деп, «толстойшылдық» күй кешіп, үй-орманынан, қалың елінен бойын аулақтаған ұлы ойшыл Шәкәрімді де толғандырған жалғыздық әлемі бұл. Сәкен серінің де өмірінің соңына таман жазған мынадай өлеңі бар:

Әйел өлсе қаңырап қалар үйің,

Ошағыңнан өткендей ала құйын.

Жалғыз қалған әкеге жар табылар,

Жаутаңдаған балға ана қиын, -

Бұл өлең жолдары өмірдің ащы шындығына суарылған, серінің өзі кешкен кермекті тағдыр талқысы болатын.

Сәкен серінің Көкшетауда өмір сүрген кезеңдерінде көп бірге жүрген қаламдас інісі Құдайберлі Мырзабек былай деп жазады: «Менің өмірім бірте-бірте Ақан серінің соңғы кездеріне ұқсап бара жатқан секілді, - деп айтатын. Осынын біз де байқадық. Қартайған шағында көл жағалап қос тігіп отырмаса да, кемеңгер жазушының көп сәтте өз кейіпкері Ақан серісін көзге елестететін».

Шығармашыл жанның жалғыздық күйге түсіп, өз қоғамынан не себепті өгейлеп өкситінін өзі де бір басынан өткерген қазақ поэзиясының күміс сыңғыры Мағжан Жұмабаев жеріне жеткізе жырлап кеткен ғой:

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да...

...Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына.

Мен де ойды ағытамын қаламыма,

Арқаның көз жіберсем алабына...

e6f2a3f6597f192304bcf94c85f46737.jpg

«Адамның жан сезімінің барометрі» ақындар мен «инженері» болып саналатын жазушылардың, жалпы өнер адамдарының жан дүниесіндегі жалғыздық тылсымының жұмбағын шешу оңай емес. Себебі, қоғам біреу болғанымен, әр шығармашыл тұлға – тұтас бір жеке әлем. Біз бұл әлемге шолуды Сәкен серінің өмірі мен шығармашылығына үңілу арқылы ой тербедік.

Ал бүгінгі күннің, тәуелсіз елдің азат ойлы қаламгерінде мұндай күй болды ма, болса ол қалай көрініс тауып жатыр, оның себебі не дегенді елеп-екшеу – ертеңгі ұрпақтың еншісіндегі дүние-ау.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: жалғыздық, Мағжан, Сәкен, Жүнісов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар