31 мамыр! Жүрек ауыратын, тамағыңа өксік тығылатын азалы күн. Осы күні жыл сайын шерменде күй кешемін. Өткенге тағзым, шейітке салауат. Осыдан басқа тірі адамның қолынан не келер?!
Сталиндік репрессия – қазақтың ХХ ғасырдағы алапат өр тұлғаларын, біртуар асыл ерлерін ғана отаған қызыл террор орағы емес, қазақтың демографиялық, әлеуметтік және рухани болмысын күйреткен ұлттық апат еді. Біз көбіне Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин т.б. сынды санаулы арыстардың атылғанын айтып келеміз. Ал олардың тізімі он саусағыңа да сыймайды. Шетінен сайдың тасындай іріктелген, заман өзі сұрыптап, алға шығарған озық ойлы небір қыз-жігіттер өмірден өксіп кетті... Алайда мәселенің ең қауіпті тұсы – олардың жеке тағдырында емес, солар арқылы тұтас ұлттың табиғи даму тетігінің бұзылуында жатыр. Міне, осы жағдайды тереңірек ойласаң, аза бойың қаза болады.
Кез келген халықтың болашағын оның интеллектуалдық капиталы қалыптастырады. Қазақ қоғамында орақ тілді ақындар мен оқымысты ағартушылар тек шығармашылық иелері емес, ұлттық ойдың генераторы болып еді. Олар халыққа бағыт көрсететін нағыз дара шыққан көшбасшылар болатын. Советтік репрессия дәл осы ең үлкен, аса қажетті рухани қабатты нысанаға алды. Нәтижесінде қазақ халқы өзінің ең білімді, ең сауатты, ең белсенді буынынан айырылды.
Демографиялық тұрғыдан қарағанда репрессия – бір адамның өлімімен шектелмеді. Әр атылған қазақ алғадайының артында жары, балалары, немерелері қалды. Егер бір зиялының орта есеппен үш-төрт баласы болды деп есептесек, онда мыңдаған репрессия құрбандары арқылы ондаған мың адамның өмір жолы өзгерді. Әкеден айырылған балалардың көбі жоғары білім ала алмады, қоғамнан шеттетілді, қызметке қабылданбады. Қоғамнан теперішті көрудей-ақ көрген болатын. Кейбірі тегін өзгертуге мәжбүр болды. Керек десең, солардың көбі Екінші Жиһан соғысына өз еркімен сұранып, оқ пен оттың арасынан шыға алмай қалды... Бұл ұлттың табиғи әлеуметтік лифтінің бұзылуына алып келді...
Әлеуметтану ғылымында «әлеуметтік капитал» деген ұғым бар. Ол – қоғам ішіндегі сенім, байланыс және ынтымақтастық жүйесі. Сталиндік террор осы әлеуметтік капиталды талқандады. Кеше ғана бір дастарқанда алқақотан отырып, ел тағдырын талқылаған адамдар бір-бірінен қорқатын болды. Адамдар туыстарына да, көршісіне де сенбеді, керек десең, бір-бірінен күдіктенді. Ұрпақ бойына сақтық емес, үрей сіңірілді. Осы үрей бірнеше буынға жалғасты. Содан бері осы күнгі қазағың боркемік, жалтақ, жағымпаз, жасқаншақ дертіне шалдықты. Сол кер заманда мына бір қасіретті мақал туды: «Үй сыртында кісі бар», «Қабырғада құлақ бар». Осы мақал әлі күнге дейін қазақты құлдық сана шеңберіне матап, мықтап ұстап, аяғын орап отыр.
Репрессия қазақ отбасы институтына да ауыр соққы жасады. Әкесіз қалған балалар көбейді. Көптеген әйел жесір қалды. Кейбір аналар күйеуінің қайда жерленгенін өмір бойы білмей өтті. Қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымында әке тек асыраушы емес, тәрбиеші, рухани ұстаз, әулеттің тірегі болатын. Репрессия сол тіректерді бір-ақ күнде құлатты. Соның салдарынан көптеген отбасылар әлеуметтік тұрғыдан әлсіреді.
Ең үлкен шығынның бірі – мәдени генетиканың үзілуі болды. Әлихан Бөкейханның балаларына, Мағжанның ұрпағына немесе Ілиястың әулетіне жасалған қысым тек бір отбасының трагедиясы емес еді. Бұл ұлттық жадқа қарсы жасалған шабуыл болатын. Өйткені әрбір зиялы өзімен бірге зор кітапхана, білім, тәжірибе, дүниетаным және тәрбиелік мектеп алып кетті. Репрессия осы интеллектуалдық, элиталық сабақтастықты үзді.
Қазақ халқы ХХ ғасырда бірнеше демографиялық апатты бастан өткерді. Ашаршылық миллиондаған адамның өмірін жалмаса, репрессия сол халықтың рухани элитасын жойды. Бірі санақтағы көрсеткіш санды азайтты, екіншісі ұлттық сапаны әлсіретті. Сондықтан репрессияны тек саяси науқан ретінде бағалау жеткіліксіз. Ол ұлттық дамудың қарқынын ондаған жылға кейін шегерген демографиялық және әлеуметтік катастрофа. Сөздің ашығы – осы.
Бүгінгі күні қазақ қоғамында байқалатын кейбір мәселелердің тамыры да сол кезеңге барып тіреледі. Азаматтық белсенділіктің әлсіздігі, биліктен қорқу психологиясы, өз ойын ашық айтудан тартыну, зиялы қауымның қоғамдық ықпалының төмендеуі – мұның бәрі тарихи жараның толық жазылмағанын көрсетеді. Себебі репрессия тек жанды (тән) емес, ұлттық сананы да жаралап, улап, жазалады.
Сондықтан репрессия құрбандары туралы сөз қозғағанда біз оларды тек тарихи тұлға ретінде емес, ұлттың үзілген демографиялық және рухани тамыры ретінде қарастыруымыз керек. Атылған, сотталған арыстардың тағдыры – жеке адамдардың трагедиясы ғана емес, қазақ қоғамының табиғи эволюциясының тоқтатылғанының дәлелі. Егер сол буын аман қалғанында қазақ ғылымы, әдебиеті, мәдениеті мен қоғамдық ойы бүгін мүлде басқа деңгейде болуы әбден мүмкін еді...
Репрессияның ең ауыр соққысы – өлген адамдар емес, қорқып өмір сүруге үйренген қоғам еді. Ал сол қорқынышты жеңу – бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың тарихи міндеті. Ей, айналайын, қазақ баласы, енді кеудеңді ешкімге ешқашан таптатпа!
Өткеннің қасіретін ұмытпаймыз! Үлкен террорды жасағандарды кешірмейміз! Ұлт жолында шейіт кеткен ерлерді сағынышпен, құрметпен еске аламыз!
