Ұлы Абайдың 180 жылдық мерекесі ауқымында Шәкәрім университетінде өткен ғылыми-практикалық конференция үстінде Абай облысында тұратын этнограф ғалым, тарихшы, өлкетанушы, Қазақстан Республикасының ағарту ісінің үздігі Мұхаметқазы Мұхамедиұлы ақсақал залдағы жұртшылыққа: «Мұнда Абайдың жүз өлеңін қытай тіліне аударған Күләшхан Мұхаметхан деген қызымыз келіп отыр», - деп таныстырған болатын.
Конференция барысында Абай өлеңдерін қытай тіліне тәржімалаумен шұғылданып жүрген Күләшхан Мұхаметханқызымен танысып, аудармашылық жұмыстары ауқымында сұхбат құрған едік.
- Сұхбатымызды танысудан бастасақ. Оқырмандарымызға өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.
- Аты-жөнім – Күләшхан Мұхаметханқызы. Қытай Халық Республикасының Ганьсу өлкесі, Ақсай қазақ автономиялы ауданында туып өскен қазақпын. Осы ретте Ақсай қазақ автономиялы ауданның тарихына аздап тоқтала кетейін. 1931-1944 жылдары Шыңжаңда болған дүрбелең салдарынан мыңдаған қазақ ұрпағын, ділін, тілін, дінін сақтау үшін күншығысқа қоныс аударуға мәжбүр болған екен. Сол тұста Сабырбай залың деген атамыз да өзіне қарасты жәдік руын бастап Баркөлден Ганьсу, Цинхайға үдере көшіпті. Ол жаққа беттеген себебі – діні бір дүңгеннен шыққан Ма Буфан деген генералдың: «Келіңдер, қорған боламын» деген уәдесі болса керек.
Бірақ қазақтар ол жаққа баруын барғанымен жағдай басқаша болған. Генерал «Құранға» қол қойып тұрып серт берсе де, көшіп барған қазақтарға көрсетпеген зорлық-зомбылығы қалмаған. Алым-салықты да көбейткен. Сондықтан Ма Буфанның қорлығына көнбеген қазақтардың біразы Гималай асып, Үндістан, Пәкстанға дейін өтіп кеткен екен.
Жоғарыда аталған Сабырбай залың мен біздің атамыз Садық бірге туысады. Сабырбайға билік, Садыққа байлық қонған екен. Бұлар Цинхайдың Гас көліне барып, одан Ганьсудің Ханамбар деген жеріндегі Ақсуға келіп орналасып қалыпты. Өткен ғасырдың елуінші жылдары, Қытай азат болғаннан кейін менің әкем Мұхаметхан Ганьсуға орналасқан қазақтардың өкілі ретінде әлденеше рет ішкі қалаларға барып мәселе көтеріп жүріп, нәтижесінде 1954 жылы Ақсай қазақ автономиялы ауданы құрылған екен.
Мен сол Ақсайда дүниеге келдім. Қытай мектебінде оқыдым. Тоғызыншы сыныптан соң мұғалімдер колледжіне түсіп, төрт жыл оқып бітірген соң педагогикалық институтта білім алып, қытай тілі мен әдебиеті мамандығын игердім. Жиырма жылдай қытай тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Бұдан өзге үш жыл аудармашылық қызмет істедім. Осыдан кейін мұғалімдіктен босатып, Ақсайдың әдеби-көркемөнер бірлестігіне ауыстым. Мұнда үш жыл істеген соң, 2018 жылы қоныс аударып, Атажұрт Қазақстанға көшіп келіп, тұрып жатқан жағдайым бар.
- Аударма – уақыт пен қажырды қажет ететін жұмыс әрі машық қой. Аудармаға қалай келдіңіз?
- 1996 жылы оқу бітіріп мұғалімдік жұмысқа орналасқаннан бір жылдан кейін әкем Мұхаметхан өмірден өтті. Ол кісі Ақсай аудандық саяси мәслихат кеңесінің мүшесі болатын. Әкей қайтыс болған соң, орнына балаларының біреуін кеңес мүшесі қоятын болып, мен әкемнің орнын бастым.

Кеңес мүшелері – көбі үлкен кісілер, баяндамалар, жарыссөздер қазақша талқыланады. Оларды қытайшаға аудару керек. Мен талқылауларды тікелей қытайшаға аударып жазып отыратынмын. Мұны басшылар көріп бағалады. Бұл – көркем аударма алдындағы алғашқы қадамым болды. Кейіннен әрбіреулер өзінің жазба дүниелерін: әңгімелері мен өлеңдерін қытайшаға аударту үшін қолқалайтын болды. Олардың сәтті шыққанына қуанып қалатынмын. Өзім де қытай тілінде аздап өлеңдер жазып, газет-журналдарда жариялатып жүретінмін. Сөйте-сөйте бірте-бірте әдеби аудармаға төселген жайым бар. 1997 жылдан бері тұрақты айналысып келе жатырмын.
- Абай шығармаларын қай тілге болмасын аудару – теориялық-практикалық үлкен дайындықты қажет ететіні белгілі. Бұл «жығылсаң – түйеден жығыл» деген тәуекелшілдік пе әлде өз-өзіңізге деген сенім бе?
- Алдында айтқанымдай, қаншама жылдар бойы әдеби шығармаларды аударып азды-көпті тәжірибе жинадым ғой. Қазақ ақындарының өлеңдерін, әңгімелері мен романдарын қытай тіліне аудардым. Олар кітап болып шықты. Оқырмандарынан өз бағасын алды. Осылайша Қытайдағы әдебиет сырмағының шетінен өзіме аз да болса орын алдым деп айта аламын.
Атажұртқа қоныс аударып келгеннен соң тұрмыс жағдайына байланысты түрлі жұмыстар істеу керек болды. Әдеби шығармашылық, аудармашылық жағынан ойланып қалғаным рас. Себебі мен қытай тілінде жазамын, осы тілге аударамын. Мұнда оның қажеті жоқ та ғой.
Сөйтіп жүргенде жолдасым Қырбақ мырза: «Сенің аудармашылығың жаман емес еді ғой. Онымен бір белеске шыққансың. Осымен тоқтап қалмай, ары қарай дами беруің керек. Абай атамыздың өлеңдерін аударып көрсең қайтеді?» - деген идея айтқан еді.
Бірден: «Иә, аударайын», - деп жауап берген жоқпын. «Абайды аудару қолымнан келер ме екен?» - деп өзіме-өзім сұрақ қойдым. Бірақ Атажұртқа келгелі, аудармамен шұғылданбай, өзімді тұншығыңқы күйде жүргендей сезініп жүр едім. Ол жақта бос уақытым жоқ, аудармаға сұраныс көп еді. Осы жаққа келген соң бейне босап қалған адам сияқтымын, бойымды бір нәрсе қысып тұрғандай, жазсам, шығарсам дегендей күй кешетінмін. Сол күйдің де әсері болар, Абайды аударуға кірістім. Абайдың өлеңдерін өзім де кішкентай күнімнен ұнататынмын. Қытай мектебінде оқығандықтан, өзімнің қазақша тілім, сөздік қорым нашар екенін байқайтынмын. Көптеген нәрселерді бейнелеуде қазақшадан гөрі қытайша ауысып кететінмін. Мәден дейтін ақын ағам: «Қазақша сөйлегенің жақсы, бірақ әдеби туындыларды көп оқы. Тіліңді ұмытып қалма!» - деп ескертіп жүретін. Сондықтан да тілімнің құнарынан айырылмау үшін ертеден Абайдың өлеңдерін оқып, жаттап жүретінмін.
Тағы бір әсер еткен жағдай: Атажұртқа келген соң, көрген соң ел-жерге деген бір терең махаббат пайда болды десем болады. «Шіркін-ай, Аллаға шүкір, біздің қазақтың жасап жатқан мына жері қандай керемет!» - деймін, әсерленіп. Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің ой-қиялымдағы суреті дәл осы жерден, алдымнан шықты ғой. Шекараны аттаған соң еріксіз «Желсіз түнде жарық айды» айтқанмын ғой, өзім. Әдетте айғай салып ән айтып кететін әдетім бар еді. Осылайша Абай өлеңдерін аударуға кірістім.
- Абай туындыларының қытай тіліне тәржімалаған аға буынның еңбегін жолбасшылыққа алған боларсыз?
- Әрине, солай болды. Абай шығармаларын Қытайдағы сібе ұлтты Ха Хуаң Жан (лақап аты Қабай )деген кісі алғаш аударған. Сол кісінің аударуындағы өлеңдер 2008 жылы тағы бір мәрте басылған.
2020 жылы Қытайдағы мықты аудармашы, жазушы Әкбар Мәжит ағамыз Абай поэзиясын қытайдың осы заманғы өлең формасына салып аударып шықты. Аудармамен шұғылданып жүргендіктен, өз басым Әкбар Мәжит ағаны алдымыздағы үлгі тұтар ұстазымыз деп сыйлаймын. Ха Хуаң Жан болсын, Әкбар Мәжит аға болсын, олардың аудармалары – Абайдың өлеңдерін қазіргі Қытайдағы өлең қолданысына негіздеп аударды.
- Бүгінгі дейін Абайдың қанша өлеңін қытайшаға аудардыңыз?
- Абай атамыздың жүз өлеңін таңдап аудардым. Мұнда ескерерлігі: поэмалары мен өзге тілден аударған өлеңдері мен жоқтау жырларын аударған жоқпын. Абайдың өлеңін аудару үшін оның түп мағынасын білу керек. Ақынның жүрегіндегі ойды, терең махаббатты сезіну керек қой. Расын айтқанда, оған кей кезде менің шамам жетпей қалатын кездер де болып қалатын. Сол кезде жолдасым Қырбақ мырза көмекке келіп, екеуіміз өлеңді бірлесе талқылаймыз. Осылайша, үш жыл уағында аударып, өткен жылы бітірдім.
- «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өлеңді аудару да әркімнің еркіндегі шаруа ғой. Дегенмен жасалған еңбектің тұтынушы талғамына татымдылығы деген ең маңызды талап бар. Осы тұрғыда ойландыңыз ба?
- Әрине. Абай атамыздың отыз шақты өлеңді аударып біткенде: «Осы мен Абай атамыздың өлеңдерін аударып жатырмын. Бұл еңбегім жариялауға тати ма? Оқырман қабылдай ма? Солардың пікірін білуім керек қой?» - деген ойға келдім. Сөйтіп оны Қытайда кеңінен қолданатын, жүз мыңдаған адам отырған Вичат желісіне жолдадым. Ондағы оқырмандардың берген бағасы жаман болған жоқ. Алдыңғы айтқанымдай, көне дәуір тілін қолданғандықтан болар: «Абайды түсіну үшін қытай тілін қайтадан үйренуіміз керек екен» деген сияқты пікірлер де болды. Қытайтанушы мамандардың берген пікірі жаман емес. Кейбіреулердің бұған дейінгі аудармалармен салыстырған жағдайлары болды. Жалпы жігер-қуат алдым, өзімнің бекер еңбек етпегеніме көзім жетті десем болады.
- Аудармада бір тілден өзге тілге тәржімалаудың қиындығы өз алдына, әр дәуірдің өзіне тән тілдік қолданысын да ескеру қажет. Осы тұрғысында қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыз?
- Әр ұлттың өзіндік поэтикалық таным-түйсігі бар ғой. Бір ұлттыкі бір ұлттыкіне ұқсамайды. Сол себепті де Абай өлеңдерін аудару алдында көп дайындық жасауға тура келді. Абай өлеңін қандай деңгейде, қандай формаға салып аударсақ бар нәрін жоғалтпай жеткізуге болады? Қытай тіліне аударғанда Күләшхан деңгейінде емес, Абайдың өлеңі қалпында жетуі керек. Басқа ұлттың тіліне аударған соң сол ұлттың поэтикалық ұғымына негіздеп, қазақ ақынының өлеңіне олар қызығатындай аудару керек. Сонда ғана олар қызыға оқып, зерттеуге кірісетін болады. Қытай оқырмандарына Абайдың поэтикасын қытай оқырмандарына лайықты жеткізу үшін көп іздендім. Қытай әдебиетінде байырғы Сұң, Таң дәуірінде жасаған керемет ақындар болған. Олардың әдеби тілі – қазіргі заманғы қытай тілінен өзгеше. Олардың өлеңдерінде қазақтың қара өлеңдері сияқты ұйқастар, қысқа-қысқа шумақтар кездеседі. Бұл өлеңдер формасы да әлі күнге шейін келе жатыр. Әлі өлген жоқ. Мен осыны ескере отырып, Абайдың өлеңін қытай оқырманына барынша дөп жеткізу үшін қытайдың көне тіліндегі классикалық өлең тіліне салып отырып, сол формада аудару керек деп шешкен едім. Және сол формаға салып аудардым. Бұл жолда да әрине қиыншылықтар көп ұшырасты. Әдетте өлең аударғанда, бір-екі күнде аяқтауым мүмкін. Ал Абай өлеңінің бір шумағын аудару үшін бір ай уақытымды арнаған кездерім болды. Қытайша, «гуің» дейміз, поэтикалық көркемдігін, терең мағынасын шығару жолында біршама уақыт пен ізденісті сарп еткен жайымыз бар. Бірақ түпкі нәтижесі сәтті болды деп ойлаймын. Қолдаған адамдарға рақмет!
- Аударма, оның ішінде өлең аудару, онда да Абайды аудару – оңай қолға келетін шаруа емес. Жүз өлеңнің ішінде сәтті аударылған деп қай өлеңді атаған болар едіңіз?
- Абайдың өлеңін аударуда алдыма қойған мынадай мақсатым болды. Біріншіден, шынайы махаббатпен өзімнің жүрегімнен шыққандай қылып аударуым керек. Екіншіден, қазағымыздың ғана емес, адамзаттың Абайы болғандықтан, Абайды аударудағы жауапкершілікті арқалауым керек. Қай өлеңім сәтті шықты дегенде, мен барлық аударған өлеңім сәтті деп бөле-жармай айтқан болар едім. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңдерінің аудармасы өзіме ұнайды.

Абай өлеңдерінен аудармам әлі кітап болып жарық көрген жоқ. Өткен тамыз айында Абайдың 180 жылдық тойына барған болатынмын. Осыдан соң ақылшы ағаларымыздың қолдауымен алдағы жылы жобаға кіріп, кітап болып шығады деген сенімде отырмын.
Атажұртқа келгелі атқарған ең үлкен ісім – Абайдың 100 өлеңін аударуым десем болады. Аударма кітабым шықса, ары қарай ойлап отырған рухани тұрғыдағы жоспарларым баршылық.
- Абай шығармашылығын түстік-шығыстағы миллиард оқырманды көршінің тіліне аударып танытуға үлес қосып еңбегіңіздің игілігін көріңіз! Ойға алған жоспарларыңыз ойынан орайын тапсын! Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!
- Өздеріңіз де аман-сау болыңыздар! Әдебиетімізді өркендетіп, насихаттау жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
