Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті дәрісі 19 қараша күні Астана қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі, №13 филиалының оқырман залында өтті.
Жобаның бүгінгі дәріскері, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, филология ғылымдарының докторы, академик, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Алқа» – Алаштың әдеби-мәдени тұжырымдамасы» атты тақырыпта дәрісін оқыды. Дәріске алаштанушы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, студенттер мен оқырман қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы бүгінгі іс-шараны ашып сөйлеген сөзінен кейін дәріс басталды:

...ХХ ғасырда түрлі төңкерістер болып жатты. Сол төңкерістер аясында азаматтар өздерінің хал-қадерінше білімін жинақтап, әдебиет айдынына шықты. Смағұл Сәдуақасұлының 1918 жылы жазған орысша «Киргизская литература», (қазақша «Қазақ әдебиеті») атты очеркі бар. Он сегіз жасында жазған. Қазақ әдебиетінің тарихына шолу жасап келіп, былай деп айтады: «Қазақ әдебиеті негізінен халық ақындарының шығармашылығынан тұрады. Халық ақындарының бәрі өзінің жиған білімін фольклордың негізінде қалыптастырған. Бірақ жаңа әдебиет қадам баса бастады», - дейді де, оның ішінде Мұхтар Әуезовтен бастап біраз азаматтарды атайды. «Осылар бүгінгі жаңа әдебиеттің бастауы болады», - дейді. Оның қолына 17-18-жылдарда «Садақ», «Балапан» деген секілді бірсыпыра қолжазба журналдардағы бірлі-жарым ғана материалдар түсіп отырған. Солардың негізінде, біздің жазушыларымыздың бағыты үлкен деңгейде болады деп айтып отыр. «Драматургия да енді-енді көріне бастады», - дейді. Бұл «Алқа» деген ұғымның қалыптасып, дамуына бірнеше негіздер бар екенін көреміз.

Біріншіден, сіздер ХХ ғасырдың басын елестетіңіздер. Ол бір ойланған, толғанған кезең. Саяси күрес қатар жүріліп жатыр. Әлихандар, Ахметтер, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал», т.б. шығармаларды қарасаңыздар, бәрінің мақсаты жұртты ояту, ағарту бағытында болды. Ал енді сол ағартушылық бағыттағы шығармалардың ішінде біреу шығып: «Әдебиеттің өзінің рөлі бар. Әдебиет көркемдікті жазады. Әдебиет халықтың жанының сұлулығын, халыққа әсер ететін, халықтың рухын көтеретін шығармалар жазады», - деп айту ол заманда өте сирек болатын. Ахмет Байтұрсынұлы да, Әлихан Бөкейханұлы да: «Жетіскенімізден қаламгер болған жоқпыз. Жағдай бізді осылай мәжбүрледі», - деп айтады ғой. Олар да еріксіз заманға сай әдебиетке келді. Әдебиет арқылы халықтың рухын көтермек болды.
Жағдай күрделеніп кетті. Төңкерісті біз тілеп алған жоқпыз. Төңкеріс сырттан келді. Тырнақты, адуынды, айбарлы бұрынғы империяның жалғасы секілді мемлекет рухани дүниеміздің аяғынан шалады, дегенін жасайды – осының бәрі жиырмасыншы жылдарда да солай болды.
1923 жылы қазанда Бернияз Күлейұлы қайтыс болды. Сол кезде Мағжан Бернияздың өлімі туралы мақала жазды. «Біз тәспінің тасындай едік. Тәспінің бір тасы үзіліп түсті», - дейді. Тәспі деген – алқа ғой. Алқаны әйелдер ғана тағады десек, қателескен болар едік. Алқаның этимологиялық бірнеше мағынасы болған болуы мүмкін. Алқа деген -түркі-монғол тілдерінің біразына ортақ сөз. Әр халық бір сөзді өзінің ұғымына, лексика-семантика жағына келтіріп қолданатыны бар. Сол жағынан келгенде «Алқа» – орыс тіліндегі «литературный клуб» дегенге келеді. Мұндай құрылымдар бірнешеу болды. Мысалы, Түркістан аймағында Фитрат, Чулпан деген өзбектің, тәжіктің мықты ақындары болды. Солар кезінде «Чагатай бурунгу» деген ұйым құрған. Орысша «Чагатайская беседа» деп атайды, біздіңше «Шағатай бәсі» деп аударып жүрміз.
Осындай тайталаста жаңа әдебиетті қалай жасаймыз? Әркімнің өзінің жиған біліміне сүйенді, ешкім әдебиет теориясын оқытып жатқан жоқ. Өз білім негізінде классиканы оқып: «Біз әдебиетті қалай жасаймыз?» - деген ойға келді.
Міне осы кезеңде көп жерде, «сол заманның Бауыржан Бабажанұлы» ақылды жастардың басын қоспай ма? Дұрыс, революция ұрандатып жатыр. Біз анықтап алайық. Құр жалаң ұрандата берсек, әдебиет қайда қалады? Оданша бір қағидаттарды анықтап алайық. Жолымызды, бағытымызды анықтап алайық деп», - бірнеше рет бас қоспақ болған екен.

Осы туралы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ қаламгерлері жайынан» деген біздің газетімізге 1922 жылы маусым айында мақала жазады. Мұнда Ахаңның айтпағы сірә, жазушылардың басын қосатын ұйымның негізгі мәселелерін шешкен. Бірақ түрлі жағдаймен көп азаматтар келе алмай қалған. Соны Ахаң түсіндіріп айтады: «Неге? Әр түрлі жағдай. Мүмкін біреуі Орынбордан алыс қалған шығар. Кейбір мәселеде билік те кедергі болып тоқтатқан шығар. Мүмкін біздің ішкі жігеріміз де соған жібермей тұрған шығар. Бірақ дегенмен біз қазір өте қиын жағдайда тұрмыз. Біз баспасөз арқылы, ондағы ой арқылы сол болмаған жиынды болдырайық Әдебиет туралы ой-пікір үзіліп қалмау керек», - дегенді жазады. Бұны мен былай тұспалдап, қысқартып айтып отырмын. Осындай дүниелерді айтады. Қаламгерлердің намысына тиетін, өте ащы сөздерді де айтады.. Ал енді осындай дүние тулап жатқан кезде «Алқа» деген ұғым қайдан келді? Бұл кімнің идеясы өзі? 1924-1925 жылдардан бастап пролеткульт деген дүние шыққан. Оны осындағы аға толқынның бәрі біледі. ҚазАПП (Казахская ассоциация пролетарских писателей), РАПП (Российская ассоциация пролетарских писателей) – бұлар бәрі сол жиырма төрт, жиырма бесінші жылдары құрылған. Бұлар таза коммунистік (большевиктік) партияны негізге алайық, оның жұмысын ары қарай дамытайық, таптық күресті күшейтейік деген бағытты ұстанды. Ал бізге дерек қай жақтан келіп отыр? Біз әдебиеттанушы, әдебиет тарихшысы ретінде «Алқа» туралы бұрыннан білдік. Сонда зер салып қарғанда, сол тұстағы әдебиет тарихы ылғи жаман жағынан айтатынын көреміз: «Байшылдар, алашордашылдар «Алқа» деген ұйым құрды» дейді де, қаралаған көп дүниені айтады. Бірақ «Алқа» қайда? «Алқаның» дерегі қайда? Оны ешкім білмейді. Бірақ «Мағжан жаман, анау жаман, мынау жаман деген сияқты айта береді, жамандай береді. «Мағжан неге жаман? Мағжанның өлеңін көрсетші?» - десең ешкім айтпайтындай. Ол тұста Мағжанның өлеңдерін де самиздатпен елу-алпыс, жетпіс, мүмкін жүз адам ғана оқыған шығар. Көп адам оқи алмайды. Себебі ұстап алады деп қорқады. Демек ешкім көрмеген. Көрмесе де, бірақ «жаман, жаман» деп айта береді. Атын айтпай-ақ қояйық, сол дәуірде қазақ әдебиетінің тарихын жазған үлкен ағаларымыз, алған да бір-екі ауыз сөзбен жазып өткен. Кейіннен, сексен сегізінші жылдары Алаштың зиялылары ақтала бастады. Сексен сегізінші жылы желтоқсанда ақталды. Сол кездерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві біздің Әдебиет және тарихи институтына, ғалымдардың қолына келді. «Алқаның» қазақша нұсқасы орысша аударылған екен. Қазақша нұсқасы төте қаріппен жазылған. Ал орысша нұсқасы машинкамен басылған. Екеуін салыстырып көрген кезде, бір-біріне жүз пайыз ұқсайды деп айта алмайсыз. Себебі ана тілі, соған қатысты дәстүрлі түсініктерді, астарлы сөздерді, кейбір ұғымдарды түсінбей аударған екен. Сол сексен сегізінші жылдары біздің біраз ағаларымыздың қолына осы орысша нұсқасы түседі. Орысша нұсқасына сүйеніп бірлі-жарым пікір айтады. Сол кездегі дерек бойынша мұның бәрін Мағжан жазған болып шығады. Біраз еңбектерде «Алқаның» авторы Мағжан деп айтылады.

Барлық дүние мәтіннен шығады. Құдайдың құдіретімен, сәтін салып, оған мен де баруым мүмкін. Сен де баруың мүмкін. Біз Әдебиет және өнер институтына тоқсаныншы жылы барғанбыз. Өткір, мықты әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлы бәріміз тоқсан бірінші жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мәскеудегі комитетке хат жазып, рұқсат алып кірген болатынбыз. біздегі ұлттық архивке бірінші Дүкенбай Досжанов ағамыз Жазушылар одағы арқылы рұқсат алып кірді. Содан кейін Тұрсын Жұртбаев аға тоқсан екінші жылы екінші жылдары кірді.
Архивте қалай? Сұраған хатты әкеліп береді. Сіздің қасыңызда офицер отырады. «Қаламмен ғана бір нәрселерді жазасыз, бірақ көшірмейсіз», - деп ескертіп айтады. Барлық қызметте жақсы адамдар бар ғой. Құдайдың құдіретімен «Алқаның» төте жазу қолжазбасының жылтыр қағазға түсірген фотографиясы тұр екен. Мұны аңсағанымыз, көргіміз келгендігі соншама, күн сайын түсіріп, үш аптадай жұмыс жасадық. Шамамен бір баспа табақтан кемдеу, 12-14 беттей, әдебиет туралы, бас-аяғы бар. концепция, бағдарлама.
Бұл әдеби дүние саяси дүниенің арасында неге жүр? Яғни «Алқа» ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш зиялыларының басын қосқан құжат болса, солар әдеби шығармашылық платформаға түсірген, соларды қанаттандырған дүние болса, ол неге ол саяси құжат ретінде жүр? Мұның барлығы кеңестік фальсификацияның дүниесі болып шығады.
Голощекин Қазақстанға 1925 жылы күз айында келді. Ол Қазақстандағы жағдайға байланысты: «Мынау Қазақстандағы биліктің басынан шыққан ұлтшыл азаматтар большевиктерді жеңіп бара жатыр. Олардың білімі, парасаты биік болып бара жатыр. Бұларды қызметінен шеттету керек», - деген арнайы тапсырмамен келді. Жиырма бесінші жылы партияда: «Бір-біріңізді сынай беріңіздер», - деген, ашық сын, өзара сын деген науқан болған. Соған сәйкес пікірлер айтылғанда, таза дискуссияға шықса, большевиктердің бәрі жеңіліп қалады. Мына кісілер: Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, барлығы да кілең мықтылар. Осы кісілердің бірі Мәскеуге кетіп, біреуі әртүрлі қызмет ауыстырып жатты. Саяси аренада олардың бойы-басы қалай да биік. Бұларды құрту үшін жіберілгеннен кейін, осы азаматтардың бәрінен: «Бұлар Қазақстан билігіне үлкен террорлық әрекет жасамақшы болды», - деп қайткенде де бір жерінен ши шығару керек еді. Сөйтіп Әділевтер бар, «Сарысу оқиғасы» деп айтады, солардың бәрін бір-бір шетінен ұстап әкете бастады. «Кім кіммен араласты?» деген сұрақпен тергеуді әрі қарай жалғастыра береді, жалғастыра береді. Сөйтіп айналдырып келіп: «Бұлар – осындай үлкен ұйым. Бұлардың құжаты – міне, «Алқа!», - демек еді. Бірақ жоқ қой! Олардың құжаты – адами құжат қой. Саясатта өздерімен өздері, кәдімгі кәсіби қызметін құзыретінде атқарып жүрген азаматтар. Міне, «Алқа» бұлардың құжаты. Қарасаңыздар, онда саясатты айтып: «Мынаны құртайық. Біздің ойымыз мынандай, біз тек ұлтшылдықты көздейміз», - деген әңгіме жоқ.
Күдіктенуішер бұл ұйымның атын «Табалдырық» деп те атайды. Әдебиетте де біраз азаматтар «Табалдырықты» басқаша түсініп деп жүр. Бұл мәтінге қарамағаннан кейін туындаған нәрсе. Ал мәтінге қарасаңыздар, қай жер – табалдырық, қай жер мазмұны, бәрін көресіңдер. Мұндағы «Табалдырық» – кіріспе деген сөз ғой. Ахаңдардың кезінде алынған қазақы ұғым ғой. Бірінші – табалдырық, яғни кіріспе бөліміне кіресің. Табалдырықта: «Әдебиет деген не? Қазақ халқы үшін әдебиет қандай рөл атқарады?» - деген сұрақтарға жауап береді. Ол – ұлттың жаны болды, қиналғанда көмектесті, тығырықтан алып шықты. Оның ақындары, жыршы, жыраулары, музыкасы халықты әрқашан жақсылыққа, бірлікке қарай ұмтылдырып отырды. Міне, әдебиеттің рөлі осындай. Бұл туралы Карл Маркс былай деп айтқан», - дейді. Мұнда сол кездің саяси терминдердің бәрі жүр. Саяси тұлғалардың бәрін айтады. «Міне, Луначарский былай деп айтқан», - дейді. Мұнда қандай қиғаштық бар? Жоқ қой!
Сонымен «Табалдырықты» аттап боласың. Табалдырықтан өт. Тура сол заманның сөзінде айтайық: «Оқушы, жақсы келдің! Табалдырықты аттап төрге шық. Алқаға кір!» - дейді. Құжат та қазақы оймен жазылып отыр. «табалдырықтан өттік» дегенді айтқан соң, «Қазақ әдебиеті қалай дамыды? қазақтың фольклоры мен (ел әдебиеті деп айтады) жазба автор әдебиеті арасында қандай айырмашылық бар? Абай кім? Абай – қазақ халқының қанды көзін тамызған, отаршылдыққа шалынған бірінші құрбан», - дейді. Ой қандай! «Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап, өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі», - дейді. Былай қарасаңыз теорияны да қамтыған. Міне, авторлық әдебиеттегі Абайлардың рөлі қандай!
«Алқаның» негізгі айтпақ ойы «Қазақ» газетінде жазылғанындай: «Біз түндікті батыстан ашып қойдық. Біз форма жағынан Еуропа бағытындағы әдебиетті сіңіруіміз керек», - дейді. «Қазақ» газетінде де: «Есікке қарауылға «Қазақты» қойып қойдық. Кез келген нәрсе есіктен кіре бермесін деп, «қазақ» деген сөзді жазып қойдық», - дейді.
«Алқада»: «Бірақ бізге молда болатын Еуропа әдебиетінің өзі бір молда емес, мың молда», - дейді. Мұндағы ұғымдарды қараңызшы! Молда деген – діни қызметкерден гөрі, оқытушы, үйретуші, орысша айтқанда «учитель» деген сөз ретінде қолданылған. «Төңкеріс біздің тағдырымыз болса, осы күнге келген болсақ, онда біз төңкеріс дәуірінен қалай шығамыз? Халықты арып-ашытпай, қалай бірлікте ұстаймыз, оны қалай жасаймыз?» - деген ойды айтады.
Әдебиеттің көркемдігін, негізгі көркемдік құралдарын да фольклордан алу керектігін айтады. Фольклор – біздің негізгі әдебиетіміздің қашанда айнымас қазынасы болып қалады дейді. «Алқаның» ең бір ойлантатын нәрсесі – әдебиет пен өнердің мағынасы. Әдебиет – фотография болмауы керек, сіз оған жан бітіруіңіз керек. Әдебиеттің өзі де адамның тағдырын көрсету арқылы халықты ойландыруы керек дейді. Халық әдебиетшінің шығармасын оқыған кезде өзі рухтанып, оның негізгі мазмұны мен формасы оқушыға әсер етіп, жаңа әдебиет өзінің тағдырынан туындап жатқандығы, тарих әдебиетті алға қарай жылжытатыны көрініс табуы керек дейді.
Қазақ әдебиетін Еуропамен салыстырады. «Еуропаның өз тағдыры бар, зауыты, былғары киімдері, темір-терсегі бар. Біздің қазақтың ауылы, төрт түлік малы, көші бар, тағдыры бар. Осының бәрін жаңа әдебиеттен сызып таста», - деп айтып отырған жоқ. Жаңа әдебиеттің, большевизм идеологтарының өзі: «Халықтың тағдыры әдебиетте өзімізде бар дүние көрініс табуы керек», - деп айтты. «Тап» деген сөзді арасында бұлар да айтып қояды. «Иә, қазақтың өз жік-жігі бар. Бірақ таптың арғы жағында қазақтың бірлігіне нұқсан келтіретін, қазақтың тағдырын осы күнге алып келген дүниесінің бәрін де бөлетіндей жағдай жоқ. Біз осы бірлігімізбен, осы дүниемізбен әдебиетке көрінуіміз керек» дейді.
Мұнда бірсыпыра дүние, атап айтқанда жаратылысқа, философияға, қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі, қазақтың ертегідей өткен күні, кешегісі, бүгінгісі айтарлықтай суретке түскен. Біздің үйренетін әліппеміз де, құралымыз да осы дегенді айтып отыр. «Дін қиссаларын жазған Жүсіпбек қожамыз – діншіл ақын. Бірақ бұларды танумен ғана ақындық мәселесі шешілмейді. Діншіл болғаны үшін ғана оларды кінәлауға болмайды. Олардың жазғанын дін деп сызып тастауға болмайды. Оның көркемдігі қайда? Дін арқылы айтқан, ар жағындағы адамның тағдыры, сезімі қайда? Осының бәрін де түсінейік, сызып тастамайық», - дейді.
Өздеріңіз білесіздер, бұл кезде жиырмасыншы жылдардан бастап Мағжанға, басқа да азаматтардың шығармашылығына байланысты қарсы дүниелер айтыла бастаған болатын. Бұлар соны айтып отыр. Ал Плеханов, Троцкий, Чужак, Лунц – сол кездегі кезеңнің мықтылары, яғни идеологтары. Олар да кешегі жиырмасыншы ғасырдың басындағы Ресейдегі әдеби дамуда әдеби үдерістің ішінде жүрген, әдебиет пен мәдениет туралы ойлар айтқан азаматтар. «Алқа» бағдарламасын жазушылар соған табан тірейді. Мысалы, бір тарауының аты «Марксшілдік һәм әдебиет не жазуға» деп аталған. Марксизм – ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында бүгінгі тілмен айтқанда, Ресейдегі ең «модный» ағым болған. санадағы бір ой болған, санадағы ағым болған. Бұл – халықты соншалықты құлдырататын бағыт емес. Еуропаның бүкіл қателіктерінің бәрін ескере отырып айтылған бағыт. Әлихан Бөкейханның өзі марксизмге байланысты жақсы ойлар айтады. Ал мына кісілер, «Алқа» бағдарламасын жасаушылар, бір жағынан большевизм олардың төбесіне қару төңкеріп тұр. екінші жағынан марксшіл әдебиет туралы дүние айтып отыр ғой? Маркстің не айтқанын, бәрін мысалдар арқылы келтіріп отыр. «Міне, оны қазақ әдебиетіне де пайдалануға болады», - дейді. Смағұлдың ұлтшылдық туралы біздің газетімізге, «Еңбекші қазаққа» жазған «Ленин және ұлт мәселесі» деген мақаласы бар. Мұнда Лениннің сонау 1905 жылдардан бастап ұлт мәселесі туралы айтқан дүниелерінің бәрін теріп алады да: «Мынау біздің Мағжанымыз, Жүсіпбегіміз қай жерде қиғаш келіп тұр? Бұл да Лениннің айтып отырған нәрсесін айтып отыр ғой. Ол неге ұлттың тағдырын, ұлттың қиналған аш-жалаңаштарын, тентіреп кеткендердің тағдырын неге жазуға болмайды? Немесе отаршылдықты неге жазуға болмайды? Егер оны қинаса, тағдырын үзсе, өлтірсе, оны неге қара бейнеде немесе қара бояумен жазуға болмайды?» Міне, Смағұл соны айтады. Немесе осы мазмұнда Кенесары туралы айтады: «Кенесары ұлтты қиындықтан алып шығамын, халыққа мен жауаптымын деп айтса, оның қай жер қиғаш? Ол елге жауаптымын деп алға шығып отыр ғой.»
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы адамдарда ақыл-ойдағы, пікірдегі неше түрлі жағынан текетірес бар. Мен мысалы, Сәбит Мұқановты жақсы көремін. Совет уақыты, Сәбит Мұқанов туралы бірер сөз айтып сынап тастайтынын біраз жастарды көріп отырсыздар ғой. Сәбиттің бүкіл мұрасына түсіністікпен қарау керек. Мысалы, Сәбиттің жиырмасыншы жылдары біздің газетімізде жазған ашық, қисық, қисық әңгімелері, әдемі, мықты мақалалары бар. Адам ақыл-ойымен өседі. Мысалы, сіз бүгінгі алпысқа келгендегі мені сонау жиырма жастағы айтқан ойыммен бағаламайсыздар ғой. Адам бір кезде қателеседі,. Сол сияқты Сәбиттің ерте кездегі қателескендері, ойлары, пікірлері сол заманның айнасы ретінде, ол адамның сол заманның контексінде қарастырылады. Оған және Сәбит жауап та береді. Тарихты танудың, тарихты салыстыра қарауда адам ешқашан да бір фактіні ғана алып, сонымен қорытынды жасамайды. Оны қандай жағдайда айтты, не жағдайда айтты? Осылар ескеріледі. Мына «Алқаның» да үлкен принциптерінің бірі осындай. Бұлар әдебиет туралы айтып отыр. Абайды, Жүсіпбек қожаны, Марабайды, ескі фольклорды айтып отырып, олар неге халыққа зар еңіреп жылап отыр? Себебі сол заманда үлкен «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» болды. Сол дәуірде қазақ арып-ашты. Сол дәуірдің үні, тағдыры бері қарай шығып отыр. Біз оны неге қазір большевиктік немесе мына замандағы көзқараспен қарап, одан бір таптық дүниелер іздейміз? Жоқ. Оған түсіністікпен қарау керек. Қарасаңыздар, «Алқаны» жазушылар әдебиеттің негізгі принциптері, көркемдік әдебиеттің негізгі құралы туралы структура жасап отыр. Әдебиеттің негізгі мүмкіндігінің бәрін әдебиетшілер өзінің білімімен, білігімен, тәжірибесі арқылы жинақтайды. Олар осы дүниені айтып отыр.
«Алаш» автономиясы кезінде де билікте болған Ахмет Байтұрсынұлы жиырмасыншы жылдары, большевизм заманында билікке келді. Оны білім комиссиясына апарды. Ол кезде неге үкімет мүшесі болмады? Сірә, олар өздері келіскен. Алаштықтардың бәрі ақылды азаматтар ғой. Білім комиссиясының жұмысын жасау деген – менің түсінігімде Білім министрлігі деңгейінде үлкен жұмыс. Білім саласына жауапты үлкен тұлға деген сөз. Ахмет Байтұрсынұлы советтік заманда Білім министрі, халық ағарту комиссары болған кезде, Түркістан автономиясында құрылған ғылым комиссиясын оның жанындағы «Талап» ұйымын Халел Досмұхамедұлы басқаратын. Осының бәрін қарасаңыздар, негізгі бір бағытта «Ұлттың мәдени мұраларын, тамтықтарын жинау» деп жазып қойған. Бүгінгі тілмен айтқан фольклор жинау ғой. Фольклор, басқа дүниелер, жәдігерліктер – осының барлығын жинайтын сол заманның өзінде сауатты адамдар болған. Олардың жинақтап, өздерінің қолында ұстаған қолжазбалары болған. Мен, мысалы, өзімнің туып-өскен Жуалы, Түлкібас өңірінде сондай қолжазба жинайтын адамдар болған жоқ шығар, сирек болса да, бұрынғы заманда жинап кеткен шығар деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Әлқуат Қазақбаев деген қобызшы жігіт бар ғой, сол жігітпен бір күні жолығып қалдым. «Аға, мен ел жақтан біраз материалдар таптым ғой», - дейді. Содан бір сөмке дүниені алып келді. Неше түрлі блокноттар бар екен. Ішінде төте жазу да, қадимше жазу да, латынша да жүр. Ғылым академиясы елуінші, алпысыншы жылдары бір-екі рет пе, елге экспедиция жіберген ғой. Ақша бөлінсе, экспедиция болады. Ғылым академиясындағы қолжазбалар негізі сол кездерде жиналған.
Ал мынау Әлқуаттың жиған дүниелерінің бәрі Ақаңның заманында болған болып тұр ғой. Ахаңдар сондықтан да «Соның бәрін жинаңдар» деп тұр ғой. Мұны «Алқамен» байланыстырайын деп тұрмын. «Талап» ұйымы жиырма екінші жылы Ташкентте құрылған. «Талаптың» да негізгі принциптері бүгінгі Бауыржан Бауыржанұлының осы дәрістеріне,кешегі Рахаңның, Рахманқұл Бердібайдың дәрістеріне ұқсайды. Рахманқұл Бердібай ағамыз «Халық университетінде» бес жүз елу дәріс түзген жоқ па? Мысалы, Ыбырай Алтынсарин туралы дәрісі әлі күнге біз үшін өте маңызды.
Ыбырай Алтынсарин туралы дәрісті Мырзағали Есполов жасаған. «Тоқсаныншы жылдары сол үлкен мұраларға баға беріп қойды ғой. Енді қайтіп ондай қайтадан қателеспейтін шығармыз», - деп ойлаушы едік. Жоқ олай емес екен, жиырма-отыз жылда қайтып келе береді екен.
Біраз адамдарды тарихымыздан сызып тастайық, керегі жоқ деген ой-пікірлер айтылып жатады. «Мынау керегі жоқ», - деп, бір сөзбен ғана айта салады. Бір ғана мысал айтайын, Әліби Жанкелдинді алайық. Әліби Жанкелдин – большевиктік тұлға...
Кейін кім-кіммен бір үкімет мүшесі болып отырды? Ахмет Байтұрсыновпен бір кезеңде үкімет мүшесі болды. Осы кісілер қазақтың тағдырына екі түрлі қарады деп ойламаймын. Әрине, ақырындап ұлттықты айтты. Жаңа заманды сөйледі. Бірақ сіздерге, мына сахнаға жаңа заманның адамын қалдырайын деп тұр ғой. Ана заманды атып тастайын деп тұр. Немесе оған билікті шеттетейін деп тұр. Ахаңдарды да шеттетті. Кейін атып тастады. Атып тастайтыны белгілі болды. Таза әдеби ұйым «Алқаны» құрамыз деген пікірді, қолжазбаларды, тіпті Марксті айтып отырған, заманымыздағы әдебиет қандай болу керек екендігін, тапты да, бүгінгі жұмысшыны да ескерейік, бірақ қазақ жұмысшы болып алсын, ол сіңіссін деген сияқтыларды айтып отырған кезде, оны неге былай лақтырып тастады деген кезде де бәрібір сахнада қалғандарда мыналардың жаны, мыналардың айтқандары жаңғырығы қалады. Мен солай ойлаймын. Ол неге Алаштың ұрпағына, Міржақып ұрпағына көмектесіп жүр? Бұлардың пікірі де, таза екендігі де олардың есінде, ойында тұр деп ойлаймын.
... Ахмет Байтұрсынұлы Ыбырай заманында өмір сүрсе, Ыбырайдай болар еді. Ыбырай Ахаң заманында өмір сүрсе, Ахаңдай болар еді. Міне, тоқтам осы. Оларға осы өлшеммен қараңыздар. Біз Ахаң заманында өмір сүрсек қандай болады? Немесе біз бергі отызыншы жылдары, бір-бірін атып-қырып жатқан заманда өмір сүрсек қалай болар едік деп ойлаймын. Қай жақтың шәкірті болар едік? Сондықтан біз бүгінгі тәуелсіздіктің әбден кемеріне келген, болып-толған шағында: «Ойбай, анау олай, мынау былай болды» деп бір жақты айтуымызға болмайды, меніңше. Өте бір жауапкершілікпен тең қарауымыз керек деген сол. Әрине, қателескенін айтуымыз керек.
«Алқаның» авторы Мағжан ба? Жоқ, «Алқаның» авторы Мағжан емес, Алаш зиялылары. Себебі, бұл – ұжымдық еңбек. Оның негізі де бар: Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі құжаттардағы, жаңағы айтқанымдай фальсификацияны әдеби, мәдени тұжырымдамадан саяси тұжырымдама жасатқызып отыр ғой. Солар неше түрлі фальсификация жасаған. Өздері сұрақ қояды да, сол сұраққа былай жауап бер дейді. «Саяси документ – «Табалдырық». Саяси документті оқыдыңыз ба?» – десе, «Табалдырық» саяси документті оқыған жоқпын», немесе «оқыдым», - дейді. Енді осыдан кейін «Табалдырық» деген документ бар екен» деп шығарады. Мен басында айттым ғой, «Табалдырық» – ол кіріспе деп. Ол қалай? Сіз «Кіріспе» деген кітап жазбасасыз ба, мысалы? Ол түсінік жай ғана мәтіннен шығып тұр. Ал Мағжан – мықты идея берген болуы, ондағы көп ой Мағжандыкі болуы мүмкін. Мағжан оны ұлт үшін, ел үшін, зиялылар үшін қосты. Талқылау барысында: «Бізге жіберілді. Біз ой қостық», - дегендей әртүрлі пікірлер айтылғаны сөзсіз. Яғни бұл қалай да ұжымдық еңбек. Мысалы, Жазушылар одағының бір құжатын алайық. Соны бір адам жазады. Екінші адам толықтырады. Ал енді соны кейін арада пәленбай уақыт өткен кезде анау алғаш бастап жазған адамды авторы деп айтасың ба? Жоқ, ол ортақ дүние ретінде қарастырылады.
Содан кейін барып бұл «Алқа» неге күн тәртібіне шықпады? Немесе әрі қарай құжат ретінде неге «Қызыл Қазақстанға» жарияланбады? Бұған жауап: Жиырма бесінші жылы, мен мына қызықты сіздерге айтайын: Алаш зиялылары бір-бірімен хат жазысқан кезде поштаға барады, оқиды. Үйіне апарып қояды. Бір кезде келсе пәтерінде хат жоқ. Бұл хатты түнде келіп, тиісті орган адамдары алып кеткен. НКВД-де тұрған хаттар көп, сондай. Кәдімгі оригинал хат қой. Оригинал хатты кейін тәркіленбеген, не қылғанын да айтады. «Біздің пәленбай жерде хатымыз жоғалды. Ана жерде былай айтқан кезде ана сөмкесінен хаты жоғалды» деген нәрселер де бар. Бұның бәрі де сол кездегі арнаулы қызметтердің тәсілдері болған. Ал енді «Алқаны» тұтастай айтатын болсақ, әрине, бұл Алаштың сын сағатындағы шығармашылық бірлігін айқындаған тұжырымдама. Жиырма бесінші жылы түрлі саяси амалдар, қиындықтар жүріп жатқан кезде, оның басын қосатын, біріктіретін дүниелерді шығаруға тыйым салынған. Сондықтан «Алқа» «Қызыл Қазақстанға шыға алмай кетті. Бірақ «Алқа» қаншама зиялылардың қолынан өтті, қаралды, пысықталды. Біз оны пысықталған, өз заманында жұмыс жасаған құжат ретінде қабылдаймыз.
Естеріңізде ме, осыдан біраз жыл бұрын «Алаш» автономиясы құрылды ма, құрылмады ма?» деген айтыс болды. Иә, құжатқа қарасаңыздар, Алаш автономиясы құрылған жоқ. Құрылайын, дауыс берейін деп жатқан кезде: «Түркістанды не істейміз?» - деді. Түркістан дегеніміз – бүгінгі Сырдария, Жетісу, Қазақстанның батыс аймағы. «Солардың дауысын естиік те, соларды қалай қоспай біз автономияны жариялаймыз? Солардың пікірін естіп барып қосайық», - деді. Сөйтіп дауыс екіге жарылды. Ал енді сол автономия құрылған бола ма? Яғни құрылған болып есептелмей ма? Осыны халықаралық заңгерлерден сұрадық. Халықаралық заңгерлердің пікірі бойынша, егер бір мемлекеттік құрылым құрып, мемлекеттік бір үлкен өзгеріс жасаймыз деп халықтың басын қосса (мысалы айтайық, Жәнібек пен Керей) ол сол мемлекетті құрудың жиыны болып есептелінеді. «Оның протоколы қайда? Кім жазды? Документ қайда, мөр қайда?» - деп сұрамайсың.
Және де сол жиында құжат қабылданды ма? Немесе теріс дауыс берілді ме? Бір құжат алға шықса, сол құжат мемлекеттің негізін қалыптастырған құжат болып есептеледі. Міне, сонда бізде Алаш автономиясы тұрғысында мемлекет ретінде халықаралық, әлемдік заңдық негіздермен салыстыратын болсақ, автономия құрылған болады. Тура осындай, «Алқаның» құжатында да құрам деген ниет болды ма? Болды. Құжат даярланды ма? Даярланды. Басқосулар болды ма? Болды. Онда ол ұйым құрылды деген сөз. Яғни қиын кезде Алаштың зиялылары бас қосты. Және ол құжатты бір-ақ адам емес, бәрі оқыды. Сол үшін де әдеби құжатты саяси құжатқа тонын айландырып, отырғызып отыр. Жиырма тоғыз, отызыншы жылдары НКВД абақтысына жабылғандардың бәріне дерлік сол құжат себеп болған. Бірақ оның мазмұны – әдеби үдеріс.
Біз осы күндері Алаштың зиялыларын, олардың әдеби мұрасын айтып, талқылап жатқан кезде тағы да бір проблемалық мәселені айтып кетуіміз керек. Бұл мұраның біразы жаңағы сексенші жылдарына қарай жаңағы тоқсаныншы жылдардың басында асығыстау даярланды. Ішінде мен де бармын. Бірақ оларды біткен, бәрі аяқталған дүние деп қарауға болмайды. Оның ішінде қателіктер болуы мүмкін.
Осыған қатысты өзге ағайындардан үлгі алған дұрыс. Бір жолы мені көптеген қазақ авторларды түрік тілін аударып жүрген Ашур Өздемир бауырымыз келіп былай деп ұялтқаны бар: «Сіз Бақытсыз Жамалды» оқыдыңыз ба?» - деді. Бұл мұралар алғаш шыққан кезде қызығып оқисың, оқиғасына, көркемдігіне қарайсың. «Байқадыңыздар ма, ішіндегі біраз дүниелер қате аударылған ғой», - дейді. Оған «Бақытсыз Жамалды» түрік тіліне аудару тапсырылған ғой. «Содан мен ана оригиналды алдырдым. Сол оригиналдан қайта отырдым», - дейді. Бір жағынан ана кісіге талаптылығына, риза боласың.
Екіншіден, мынаған да түсіністікпен қараңыздар: сексен сегізінші жылы Мағжан, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы шықты. Баспада адамдар отыр. Бірақ кешегі баспада отырған адамдардың бәрі де әбден советтік идеология сүзгісін өткен азаматтар. Олар ана солтүстік көршімізге қатысты бір сөз кетіп қалса, бәрін түзетеді. Түзеткені сондай, бір шығарманы екінші шығарма қылып жібереді ғой. Мысалы, «Ақбілектің» ішінде, кешіріңіздер, қыздар отырсыздар, толғататын жері бар. Соны Жүсіпбек, білмеймін, жазғанда әйелдерден сұрап алған ба, өте терең суреттеп жазады. Ана бірінші нұсқасында сол жері жоқ. Кейін біз соны қалпына келтірдік. Сол сияқты алғашқы адамдарды да түсінуге болады. Егер солай жазбаса, ол кітап шықпайын деп тұр. Шықпайтыны шықпайды. Себебі сексен сегізде Шәкәрімдер бүкіл шежіреден, діни кітаптардан, бәрінен сыпырылып шықты. Шәкәрімнің дінге қатысы жоқ қой? Шәкәрім ағартушы деп саналады. Шығарылымдарда осындай өзгерісті дүниелер бар. Өздемирдің әрекеті – үлгі. Осындай азаматтарға риза болуымыз керек.
Көбісін қарап отырсаңыз, сол шығармаларды қайтара оқысаңыздар, қолданысына келмейтін сөздерді оп-оңай тауып аласыздар? Сондықтан олардағы күдік келтірген жерлеріңізді қайта қарап, түпнұсқасымен салыстырып табуға болады. Бұның бәрі де Алаш кезеңіндегі мұраларды өз қалпында жинайық, насихаттайық, жаратайық, барды ұқсатайық дегендік. Ал бүгінгі заманды көре жатармыз. Мысалы, бүгінгі жасанды интеллектінің қиындық жағын да айтамыз ғой? Ақындардың ол туралы пікірі қалай? Мысал үшін, жасанды интеллект бір ортақол өлең шығарды. Былай қарасаңыз, бір шалақайдан гөрі ананың шығарған дүниесі тәуір дүние. Біз студенттерге тапсырма береміз. Сарт еткізіп жасанды интеллектінің көмегімен секундта шығарып береді. Бірақ қазіргі кезеңде, мына жақтан төңкеріс келіп жатқанда, жасанды интеллектіні тоқтату керек деп айта алмайсың. Оны айтсаң заманнан қалып қоямыз. Ос заманында ана азаматтардың «Алқада» айтып отырған да сол. «Біз, әрине, төңкерісті қабылдаймыз. Бірақ төңкеріс бәрін жағып жібер деп айтып отырған жоқ. Біз неге бәрін жағып жіберуіміз керек? Біз Мағжанды, Абайларды қалай жағып жібереміз? Төңкеріс барыңды ұқсат, халық жағына шық, езілгендер жағына шық, әлеуметшіл болып дейді. Біз сол жағына шығуымыз керек қой. Ал өйтіп қарайтын болсақ, қазақтың тоқсан бес пайызы әлеуметшілдер. Біздің тоқсан бес пайызымыз кедей-кепшіктен тұрады екенбіз. Мына елде таптық тұрғыдан келсек, біздің әдебиетіміздің бәрі керемет қой», - дегенді айтады. Сөйтіп дем шығарудың, яғни қиын кезеңде өткелден өткізудің жолы – бұл концепция.
Тақырыпты айтқаннан кейін ғылымға да түсіріп айтайық. Бұл енді сол замандағы жетекші ой, Алаш зиялыларының көзқарастарының, жүйесінің үйлескен жері. Сонымен бірге ұлт туралы, ұлттық идеяны тұтастандырған кез осы еді.
Екіншіден, ««Алқа» ниет пен оны іске асырудың жолын көрсетіп отыр. Оның тұжырымдама болатын себебі: идея әдебиеттің өзінің, негізгі болмысының жүйесін көрсетіп беріп отыр. Мағжан жазса да, Жүсіпбек жазса да, Қошке жазса да, бәрі де сезініп, орыс әдебиетінің үлгісін алып отыр. Әлем әдебиеті арқылы келген орыс әдебиетінің үлгісін, әлем әдебиетінің жүйесін көрсетіп отыр. Ол бар. Әдебиетті түсіну тәсілі және оны қолдану аясын да көрсетеді. Қолдану аясы қайда? Ол – біріншіден, ақын-жазушылар, қаламгерлер. Міне, әдебиетіміз осы дүние болса, біз адаспаймыз. Біздің басымызды біріктіретін осы құжат. Дәстүрге келелік.
Біздің дәстүрлі дініміз деген не? Ислам діні келді. Ислам дінін біз жүз пайыз қабылданған жоқпыз ғой. Дәстүрімізге сәйкестендірдік. Әбу Ханифа Имам Ағзам мазхабы деген кезде біз өзімізге керегін, дәстүрімізге сыятын жерін алдық. Және соған өзіміздің дәстүріміздегі адамгершілік құндылықтардың бәрін соған сыйдырдық. Тура осы сияқтыны айтып отыр. Яғни қолдану аясын көрсетіп беріп отыр.
Яғни: «Жасанды интеллект угар!» - деп безуге болмайды. Ойланайық. Егер осыны айтсақ, басымызға бәле қыламыз ғой. Онда талғам қаламайды, түсінік қалмайды. Иә, біріншіден заңды мықтылап алуымыз керек. Кешегі заң – әрине, ол бірінші заң. Сіздер ертең оқисыздар. Жасанды интеллект туралы заң қабылданды Кешегі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданы» қараңыздар.
Ал осы шығармашылыққа келген кезде сіздерге ықпал ететін, кедергі жасайтын жағдай бар ма, соның бәрін игеріп алсаңсыздар болады. Осымен мен сөзімді аяқтаймын. Рақмет!
Бүгінгі дәрісті қорытындылаған ҚР Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы былай деп түйіндеді:

- Қадірлі бүгінгі жиналған жастар! Есенғали ақынның:
Ай, аңғалдық, аңғалдық,
Үстінде тұрып алтынның,
Өзгенің күмісіне таңқалдық, -
дейтін бір өлеңі бар еді. Шынымен де біз мына Батыс әдебиетінің тарихын білуіміз мүмкін. Мынау Шығыс әдебиетінің, орыс әдебиетінің тарихын көп білеміз де, өзіміздің әдебиетіміздің тарихына көп үңіле бермейміз. Бүгін лекция өте мазмұнды болды ғой деп ойлаймын. Мына жерде, дәлізде де сізді тыңдап отыр. Құрметті Дихан Қамзабекұлы, сізге көп рақмет айтамыз.

Баяғыда Ақтөбеде, Қобыландының кәдімгі (біз оны фольклордың кейіпкері деп келдік қой) тарихта болған адам екендігі нақтыланғаннан кейін үлкен бір жиын өтті. Сол жиында Әбіш Кекілбайұлы келіп, бір сағаттан көбірек керемет әңгіме айтты. Өкінішке қарай, сол әңгіме жазылып алынған жоқ. Ол кезде түсіріп алатын мына телефон деген болған жоқ. Телевидение басында келеді де, бес- он минут түсіріп алып, кете барады. Бір қыз балаға жазып ал деген едім, ол да диктофон істемей қалды деді. Ана ғажап әңгіменің бәрі далаға кетті. Біз мүмкіндігінше жазып алуға тырысуымыз керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Баяғыда бір жиында біреу: «Біз неге ұлыларымыздың қадірін білмейміз? Кезінде Төлеген Айбергеновті құрметтей алмадық. Мұқағалидың қадіріне жетпедік. Жұмекеннің қадіріне жетпедік. Біз неге ұлыларымызды қадірлемейміз? Тірі кезінде» айтатын көрінеді. Осылай деп жатса, сол жерде отырған Қадыр Мырзалиев: «Әлі де бағалайтын болсаңдар, отырмыз ғой, міне!» - деп айтады дейді. Сол Қадағаң айтпақшы, біздің де, әлі де бағалайтын болсақ, осындай біздің тарихымызды, әдебиетімізді білетін адамдар бар. Біз соларды мүмкіндігінше жазып алуға тырысып жатырмыз. Солардың бірі – Диқан Қамзабекұлы. Бүгінгі дәрісімізге уақыт тауып келгеніңіз үшін рақмет! Сізге ғылымда, қаламгерлік жолда шығармашылық жетістіктер тілейміз!
Фотосуреттер Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы баспасөз қызметінен алынды.
