Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Абайдың 180 жылдығына арналған жыр кеші...

Абайдың 180 жылдығына арналған жыр кеші

24.07.2025

3616

Абайдың 180 жылдығына арналған жыр кеші - adebiportal.kz

23 шілде күні Астана қаласындағы Жастар театрында «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби-сазды жыр кеші өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының ұйымдастыруымен өткен жыр кешіне алаштың айбоз ақыны Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан қатарлы аға буыннан қазіргі күні қазақ оқырмандарына есімі біршама танылып үлгерген жастарға дейінгі шығармашылық өкілдері қатысып, залға жиналған көрермен қауым алдында шабыттана жыр оқыды.

Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған жыр кешінің тізгінін ұстаған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы өз сөзінде: «Хакім Абайдың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Қазақ ақындарының ішінде Абайға соқпай кеткені аз. Себебі Абай – біздің Темірқазығымыз. «Заманға қарап – Абайды, Абайға қарап – өзімді Аяймын», - дейтін Жұмекендерден, «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?» - деп Мұқағали айтпақшы, Абайға өлең арнамаған, Абайға қарап бой түземеген қаламгер аз. Абайдың 180 жылдық тойы биыл еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп жатыр. Біз де осы Астана қаласында, Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалы «Өлең – сөздің патшасы» атты әдеби кешті өздеріңізге ұсынып отырмыз», - дей келе аталған басқарма басшысы Сәкен Есіркеп мырзаға шығармашыл қауым атынан алғыс-ризашылығын білдірді.

Әдеби-сазды кешті Абай әндері мен қазақ композиторларының танымал туындыларымен әрлеген «Көркем» этноұлттық ансамблінің «Көзімнің қарасы» әнін орындауынан кейін ақындар кезегімен өз өлеңдерін оқыды. 

Алғашқы болып сахнаға көтерілген ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай осыдан отыз жыл бұрын өткен, Абайдың 150 жылдық мерейтойын еске алды: «Армысыздар, ағайын! Осы жерде талай дүние еске түседі. Осыдан отыз жыл бұрын Абайдың 150 жылдығына арналған үлкен жыр жарысы болды. Біздер сол жарысқа алдыңғы буындағы үлкен ағалармен бірге қатысқан жас ақын едік. 

Абай – біздің бетке ұстар шамшырағымыз болып қала береді», - дей келе Абайдың 150 жылдығында жазылған «Абаймен сырласу» өлеңін оқып берді:

Найзағай-тағдыр, шатырламашы,

Дегбірін алып пенденің.

Аға сұлтанның ақын баласы,

Сөзімді тыңда сен менің! – 

деп басталған, сұрай арнаулы жырдағы «Ұлы болуға ұмтылғандар бар – ұл болып алмай алдымен!» - деген жолдар тыңдарман санасын селт еткізгені анық.

... Алаштың асқан тәңірі – Абай,

Көреміз біз де жолда азап.

Жаратқан хақтың әмірі қалай – 

Сен көрген қазақ – сол қазақ! - 

деп түйіндеді, ақын өз жырын. 

Бұдан соң кезек алған «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Сұраған Рахметұлы өзінің «Өлең емес өлең» атты туындысын оқып берді:

Тау бағып Абай, жаурадың талай арқаның зәрлі сан «ақпанында»,

«Қан теңіз» кештің сен қабағат қанат қағымда.

Қайта келдің бе, замана абызы-ау, «қалың жұртыңа»,

Қазақ сорлының абат таңы атқанында...

Ақынның өлеңіндегі:

Батырын табалап, жақынын жер еткен елміз, 

Ақынын сабаған ғаламда бірінші елміз, - 

деген жолдар – Абайдың өз заманынан көрген құқайы, сол заман тарихының ащы шындығы. Осындайда: «Сабаған бер жағы екен-ау, немере, өзіне шөбере есепті ұрпағын еш жазықсыз қойдай көгендеп түрмеге тығып, қақ маңдайдан мылтық тіреп атқан, құр құдыққа лақтырған қызыл қырғынды қазақтың бас ақыны көрмей өткені де дұрыс болған екен ау деген ой еріксіз келетіндей.

Иә, «қазақтың қатесі – Абайды сабатқанында...» 

Қазақтың танымал ақын қызы, филолог ғалым Оңайгүл Тұржан сахнада өзінің «Азаттық» атты өлеңін оқып берді.

...Тас-бабалар тас-көйлегі желбіреп,

Азаттыққа бір керемет берді леп.

Қуаныштың моншақ жасы қарап тұр,

Көкбөрінің көздерінен мөлдіреп.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңы атқан қуанышты сәтте қазаққа Абайын жаңаша зерделейтін мүмкіндік те туғаны анық еді:

Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл,

Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл.

Ойларында орман жатыр Абайдың,

Сөз бен сөздің арасында ел жатыр.

Ақынның өлеңіндегі ойға біз де қосыламыз. Уақытша қиындықтар болса, ол да кезегімен өтер, кетер. Ең бастысы – қымбатты да қастерлі Азаттықтан айырылмасақ болғаны:

Санамдағы сахнада ұлы той.

Астанадан дүнияға тарап таң,

Ұлы армандар, сен де енді қанаттан.

Уысымыздан шығармаспыз енді біз,

Азаттықтан енді айырма, Жаратқан!

Қазақтың талантты ақыны, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты көрсе Жанарбек Әшімжан да өзінің арғы дәуірлерде өркениеттер бесігі болған, бүгіндері соғыс пен кедейшіліктен көз ашпаған тас түнек өлкеге айналған ауған халқының қасіретті тағдырын бейнелейтін «Ауған сәбиінің монологы» атты өлеңін оқыды:

...Құрбаны біз – саяси ойыншының?

Соққысы бұрын тиген сойылшының.

Балалық бізде, сірә, болған емес,

Автомат пен тапанша – ойыншығым...

Иә, таяу көршінің басына көптен үйірілген бұл қасірет бұлты қазақтың даласынан, баласынан мүлде аулақ болғай дейміз. 

Қазақ әдебиетінің бірнеше саласында жемісті еңбек етіп жүрген талантты ақын Маржан Ершу де өз кезегін алып, өлеңдерін оқыды:

Абай, Мұхтар – екеуі де өркеуде,

Тірісінде бірін бірі көрген бе?

Шындығыма сауға сұрап отырмын,

Шырақ жағып бастарына өлгенде. – 

деп тыңдарманға сұрау тастаған ақын өз ойын былайша түйіндеді:

«Менмін» дейді-ау бүгінде тірі мықты,

Ұлылықты кім қалай ұғыныпты?

Абай, Мұхтар үнсіз-ақ аспаныма

Жазып кеткен секілді ұлылықты...

Жырын оқып аяқтаған соң ақын: «Қазіргі заманғы ақындар да Абайға ұқсайды. Құнанбайұлы Абай да кезінде қаламақысыз жыр жазған ғой!» - деп әзілдеді. Дегенмен қазіргі кезеңде ақындарымыздың өлең өріп атырған ұйқысыз таңдарының, қалам сиясының өтеуі азды-көпті көрініп жатқаны көңілдерге үміт отын маздатады.

Қазақтың белгілі ақыны, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының тұңғыш иегері, сондай-ақ Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайылов 1992 жылдан кейін тұңғыш рет Абайға арналған жыр кешінде өлең оқыды. Сонымен қатар қазақ поэзиясында өзіндік орнын қалыптастырған танымал ақындар Батырболат Айт-Болатұлы, Қалқаман Сарин, Мақпал Мыса, Мұхарбек Жәкейұлы, Толқын Қабылша, Асантемір Қаршығаұлы, Әбдір Шапағат Жәнібек Әлиман, Батырхан Сәрсенхан, Талапбек Тынысбек, Ғабиден Қуанышбайұлы өздерінің отты, ойлы жырларымен тыңдармандарды бір серпілтіп тастады. 

Осы кеште ҚХР елінен жақында ғана оралған Өркен Салубай атты жас ақын да сахнада өз жырын оқыды. Жақында ғана талант көрсе демеуге асығып жүретін аға ақын Ғалым Жайлыбайдың алқауымен Өркеннің өлеңдері «Қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген болатын.

«Әдебиетке қай кезде де мемлекеттің қолдауы қажет. Мемлекетіміз әдебиетке қолдау көрсетіп келе жатыр. Соның ішінде Астана қаласының әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ҚР Жазушылар одағы Астана филиалына көп көмектер көрсетіп келе жатыр. 

Бірлесе отырып алда да бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Олардың бәрі де кезегімен сәтті өтеді деп сенеміз. Бүгінгі кешке келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Қазақ барда Абайдың өлеңі, рухы мәңгі өмір сүре береді деп сенеміз!» - деп модератор Бауыржан Бабажанұлы бүгінгі жыр кешін қорытындылады. Жыр кешіне ақын-жазушылардан өзге қала тұрғындарының, соның ішінде аталары мен әжелерін ерткен жасөспірімдердің келіп көрермен болып, бастан-аяқ тыңдап отыруы – елдің поэзияға, рухани іс-шараларға деген ыстық ықыласының көрінісі болса керек. Қазақ жырының қағанына арналған мәнді-мазмұнды іс-шаралар көші алдағы күндерге бұйдасын созады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan