Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Абсурд театры Эжен Ионеско...

09.08.2023 1806

Абсурд театры Эжен Ионеско 14+

Абсурд театры Эжен Ионеско - adebiportal.kz

ХХ  ғасыр әдебиеттің ең ізденісі көп дәуірі болды. Әлемде қалыптасқан әлеуметтік-  тарихи  ахуал ізгіліктің кіндігі саналып  келген құндылықтарға күмән туғызып, санадағы өзгеріс жаңашыл бағыттағы ағымдар – авангардизм мен неоавангардизм, модернизм мен постмодернизм,   неоромантизм мен неоклассицизмде кеңінен көрініс тапты. ХІХ ғасырда Батыс әдебиетінің гүлденуіне ықпал еткен  реалистік өнер бірте-бірте модернистік бағытқа жол бере бастады. Өнер адамдарының ізденіс иіріміне түсіп, модернистік туындыларды жазуға деген ықыласының арта түсуі реалистік әдебиеттің мүмкіндігі сарқылды деген ұғымды білдірмейді. Модернизмнің өнер бәсекесінде басымдыққа ие болып,  отауын тігіп, оқшауланып кетуінің обьективті себептері бар. 

Қатарынан екі дүниежүзілік соғыс болған, миллиондаған адамдар айуандықпен өлтірілген, азапталған, аштықтан қырылған, тоталитарлық, диктаторлық, авторитарлық режимдердің үстемдігі нығайып, фашистік  концлагерлерде күніне мыңдаған жазсықсыз жандар отқа жағылып, зұлымдық салтанат құрған ғасырда гуманистік мақсаттар күйреп, бақытты аңсаған адамзат арманының күлі көкке ұшты. Жүздеген жылдар бойғы күреспен, төңкеріспен, қанды-қырғын соғыспен  тәуелсіздікке жеткен ұлттар  өз еркіндігін қанішер тирандардың  қолына оңайлықпен бере салды. Әлеуметтанушы ғалым, философиядағы франкфурт мектебінің көрнекті өкілі Эрих Фром «Бостандықтан безу» атты еңбегінде материалдық игіліктердің молдығына, демократиялық жетістіктердің жемістілігіне қарамастан, көп жағдайда адамдардың саяси диктатураның пайдасы үшін бостандығынан бас тартып жататынын айтады. 

Немістерді ғана емес, бүкіл адамзатты бақытты етуді армандаған Гете мен Шиллердей әдебиет алыптарын туғызған Германия  неліктен ақылынан адасып, зұлым Гитлердің соңынан еріп, адамгершіліктен жұрдай фашизм идеясына еліріп кетті? Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Тургеневтей ұлы гуманистерді дүниеге әкелген Ресей  неліктен халқының саны аз ұлттарды тып-типыл етіп жою үшін  қолдан ашаршылық ұйымдастырды? Неліктен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын итжеккенге айдатып, бас көтере алатындарының көзіне көк шыбын үймелетіп,  атқызып тастады? 

Өткен ғасырдағы қанішер тирандардың шексіз зұлымдығына және өз тағдырын олардың қолына сеніп тапсырған халыққа қарап, «адамның ақылы ХХ ғасырда жүргенімен, сезімі әлі де тас ғасырда өмір сүріп жатқанын» (Эрих Фром) амалсыздан мойындайсың. Расында да елдің көбісі шындықтың бетіне тура қарап, ақыл таразысына салып бағалайтын кемелдікке қол жеткізе алған жоқ.  Жалғыздық дертінен құтылу үшін, өміріне мән беріп тұрған одан басқа тұлғаның жоқ екеніне көңілін сендіру үшін адамдарға аңыздар мен пұттар керек. Сөз жүзінде ғана адамдар Будда, Сократ, Ғайса мен Мұхаммедтің ісін жалғастырып, іс жүзінде пайғамбарлардың ілімін соқыр сенім мен пұтқа табынушылыққа айналдырып жіберді.  ХХ ғасырда әлемге қасірет шеккізіп, халықты қынадай қырған Гитлер мен Сталин миллиондаған адамдардың пір тұтып, пұттай табынған көсемдері болды.    

Адам санасын сансыратып, дүниенің ақ-қарасын ажырата алма  й, ой орманында адастырған мұндай түсініксіз құбылыстарды реалистік әдебиеттің тәсілдерімен ғана жеткізу мүмкін емес еді. Модернизм тым жұмбақтанып кеткен адам тақырыбының тұңғиығына бойлап, өмір мұхитының үстінде кемедей шайқалған, Құдайға да, ізгілікке де сенуден қалып тобырға айнала бастаған  адамзаттың рухына жанасып, сезім шырғалаңындағы құпиясын тануға әрекет етті. 

Совет заманында әдебиет сыншылары бізге реалистік және модернистік бағыттағы шығармаларды бір-біріне қарсы қойып түсіндірді. Ал, шындығында бұл екі бағыт бір-бірін жоққа шығармай, керісінше толықтыра түсіп, өзара байланыста дамыды. Модернизм  өмір шындығын жеткізудің, адам жанындағы нәзік өзгерістерді түсіндірудің тың тәсілін ұсынды. Абсурдтық әдебиет те ХХ ғасырдың сұранысы туғызған сөз өнеріндегі сондай  ағымдардың бірі болды. Құндылықтар күйреген ғасырда дүниеге келген абсурдизм бір күнде немесе бірнеше жылдың жүзінде кездейсоқ жағдайда кенеттен пайда болған құбылыс емес.  ХХ ғасырда ғана өзіне тиесілі анықтамасын алғанымен, тамыры орта ғасырдағы карнавалдық мәдениетпен ұштасып жатыр. Ол дәуірдегі карнавалдық қойылымдардың тиым салуға бағынбайтын заңдастырылған ерекшеліктері болды. Еуропалық карнавалдарда көп дүниенің орны ауысып кетіп, әлемнің иррационалдығы мойындалды, азғантай уақытқа болса да адамдық болмыстың қисындылығы мен реттілігіне күмән келтірілді. Абсурд өнері саналы түрде логикамен, парасаттылықпен, қалыптасқан маңызды ұғымдармен, идеялар стереотипімен ойнауға негізделген.  

 «Абсурд театрының»  табиғаты күрделі, ол экзистенциалдық және постэкзистенциалдық философиялық концепциялардың рухани құнарын бойына сіңірген өнер. Аталған концепциялар адамның ғасырлар бойы тұрғызған моральдық, діни, саяси және әлеуметтік құрылымдары қирағаннан соңғы  мағынасыз болып кеткен тірлігін  түсіндіруге әрекет етті.  

Батыс сыншылары ХХ ғасырда гүлденіп, өрісі ұлғайған абсурд театрының бастауында Антон Павлович Чеховтың тұрғанын айтады. Мәселен, америка жазушысы, әрі зерттеуші Джойс Кэрол Оутстың «Мүмкін еместің шегі: «әдебиеттегі трагедиялық формалар» атты еңбегі бар. Міне, осы зерттеуде Чехов драматургиясының еуропа театрына тигізген ықпалына тұтас тарау арналған.   

Америка зерттеушісі өз еңбегінде соңғы театр маусымындағы көрерменді таң қалдырып, авангардтық болып көрінген жаңалықтардың  кезінде Чехов драматургиясында жан-жақты көрініс тапқанын мысалға келтіреді. Расында да «Шие бағы», «Апалы- сіңілілердегі» көтерілген негізгі проблема   – үмітсіздік пен дәстүрдің үзілуін еске алсақ,  біз олардың Бекеттің «Годоны күте, күте» пьесасымен үндесіп жатқанын айқын сеземіз. Сонымен бірге, мән-мағынасы бұлыңғыр оқиғалар мен кейбір поэтикалық бейнелерді жеткізу кезіндегі түрлі драмалық, лингвистикалық шарттылықтарды еңсерудегі  орыс классигінің шеберлігі мен абсурдистердің  техникасында ұқсастықтар көп. Сырт көзге ұсақ-түйек болып көрінетін, ешқандай да мән-мағына жоқ абсурдтық оқиғаларды жеткізуге негізделген Чеховтың көркемдік шеберлігіне сүйсіне отырып, Ионеска мен Беккеттің өз пьесаларын жазарда оның туындыларына  қайта-қайта үңіліп, егжей-тегжейлі зерттегендерін көргендей боласың. Ионеско мен Беккет қана емес, Чехов  пьесаларындағы Чубутыкин сияқты кейіпкелердің «Бальзак Бердичеваға үйленді», «Шамасы сол Африкада күні қазір қатты ыстық шығар» деген сөздері мен мән-мағынасыз әрекеттері сияқты драматургиялық әдістерін абсурд театры өте сәтті пайдаланды. 

Абсурд театрымен салыстыру жүргізу үстінде  Чехов пьесаларында да сюжеттің, іс-әрекеттерде  динамиканың жоқтығына назар аударуға тура келеді. Орыс классигі әрекетті әңгімемен ауыстырады. Ионеске де, Беккет те пьесадағы әрекетті әңгімемен ауыстыруды сөз жоқ Чеховтан үйренді. Ұлы суреткер болмыстың абсурдтығын Камью, Ионеско мен Беккеттен де бұрын жазды. Чеховтың шығармаларында адамдар өздерін бос әңгімелермен алдап, нағыз өмірден гөрі қиялында мұнарланған сағымның бұлтында қалқып жүргенді жақсы көреді. Міне, осыған қарап, абсурд театры эстетикасының негізін Чеховтың қалап кеткеніне иненің сынығындай да күмән қалмайды.  

Орыс классигі негізін салғанымен, абсурд театрын дамытып, биік белеске көтерген -  француз драматургі Эжен Ионеско.  Француз Ғылым академиясының академигі болып сайланған әдебиеттің мэтрі 1909 жылы Румынияда туған.  Бесіктен белі шықпай жатып әкесі мен шешесі оны өздерімен бірге Парижге алып кетіп, сол жақта жүріп ол ең алдымен француз тілін үйренді. Осыған байланысты Ионесконың санасында өшпестей ізін қалдырып, шындыққа басқаша көзбен қарауды үйреткен екі оқиғаға тоқтала кетейін. 

Эжен драматургия жазуды өте ерте, он жасында бастаған. Бала кезінде француздардың отандық тарихын дәріптейтін кітаптарды көп оқыған ол әлемдегі ең әдемі тіл француз тілі, ал, дүниежүзіндегі ең батыл жауынгерлер француз солдаттары деген ойға келеді, Жер бетіндегі ең қайсар халық та француздар екен. Дегенмен француздардың да өз осалдықтарынан емес, одақтастарының сатқындығы кесірінен жауларынан жеңіліп қалған кездері болыпты. Мұндай сенімге сәбилік көңілі желімдей жабысып қалған Эжен қатты толқып, ерекше шабыттанып, қиялына қанат бітіп соғыста қаза тапқан француз солдаттары  туралы «Отан үшін!» деген алғашқы пьесасын жазып шығады. Бірнеше жылдан соң Ионеско өз Отаны Румынияға қоныс аударады.  Кіндік қаны тамған топырағында  жүріп ол енді Жер бетіндегі ең қаһарман халықтың румындар, жаһандағы ең сұлу тілдің румын тілі екенін мойындай бастайды. Алайда жаужүрек румын халқының да өз осалдықтарынан емес, одақтастарының сатқындығы салдарынан жеңіліске ұшыраған кездері болыпты. Міне, осы бір-біріне егіз қозыдай ұқсас қарапайым ғана оқиғада, қандай да болсын идеологияның дертіне шалдықпаған Эжен Ионесконың болашақта жазатын абсурдтық драмаларының үлгісі жатыр десек қателеспейтін шығармыз. 

Идеология ұлы драматургтің өнердегі ең бірінші жауы болды. Драмалық туындыларында, мақалаларында, сөйлеген сөздерінде ол үнемі идеологияны мысқылдап, әжуалап, келеке етіп отырды. ХХ ғасырдағы елдің өмірін жақсартуды ұсынған еуропалық теориялардың бәрінен де ол тоталитаризмнің дәмін сезгендей болды. Ұлы идеялар үшін миллиондаған адамдардың қаны судай төгіліп жатыр. Бірақ сол құрбандықтар адамзатты бақытты ете алды ма? 

«Идеологияның қазығына байланған кез келген өнердің мағынасы жоқ,  олардың құны  дайын формулалардан тұратын доктриналардан да арзан. Идеологиялық пьеса -  жабайыланған ойдың бір түрі» дейді Ионеско. 

Әдебиет зерттеушілері Эжен Ионесконың драмалық және прозалық туындыларының Франц Кафка шығармашылығымен үндесетін тұстарының көп екенін айтады. Екі жазушының туындыларында ұқсас  мотивтердің бар екені талай мәрте  жазылды. Салыстырып қарасақ Ионесконың өмірге деген көзқарасының да Кафкамен үндесетінін байқау  қиын емес. 

Екі жазушы да өз шығармаларында әлемді ешқандай тірегі жоқ, құздан құлап бара жатқан хаостай етіп сипаттады. Кафканың да, Ионесконың да туындыларындағы символика мен бейненің мәнін түсіндіру қиын. Шығарманы әрқалай түсінуге мүмкіндік беретін көркем мәтіннің алуан түрлі ерекшелігі, екі автордың да көп қырлы талантының даралағын танытады.   

Әйткенмен, Франц Кафка мен Эжен Ионесконың тілдік концепцияларында елеулі айырмашылықтардың бары байқалады.  Кафканың жазу мәнері тап-тұйнақтай, сөз бен сөздің арасына ине сұғып алатындай да кеңістік жоқ. Ол символдарды және образдарды өте шебер ойната отырып, көркемдік сөздік құралдарды мейілінше үнемдеп қолданады. Ионеско керісінше сөзді ойнатқанды ұнатады. Алайда, болмыстың абсурдтығын сипаттаған кезде француз драматургінің қолданған сөздік құралдарының бәрі де жұтаң болып шығады. 

Мартин Эсслиннің айтуынша, Франц Кафканың «Процесс» романы ХХ ғасырдағы абсурдистік эстетиканың қалыптасуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Ионесконың алғашқы пьесаларының жазылуына да бұл шығарма қатты әсер етті.          

Туындыларының үндесетіндігіне қарамастан Ионесконы австриялық жазушының мұрагері, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырушысы деп айта алмаймыз. Ұқсастықтар көп болғанымен екі автордың шығармашылығы да сөз өнеріндегі бірегей құбылыс. 

Кафканың таланты, өлгеннен кейін ондаған жылдардан кейін ғана мойындалды. Жаңалық атаулыға үрке қарайтын сыншылар абсурдистердің пьесаларын да бірден мойындаған жоқ. Сол кездегі сыншылардың бірі «Бұл ешқандай да пьеса емес, бірқатар образдардың, фантомдардың, галлюцинацияның ғана көрінісі» десе, екіншілері «Кинематографты, балетті, пантомимоның бәрін  біріктіріп сапырылыстырып жіберген.  Спектакль киномонтажға немесе түрлі-түсті суреті бар кітаптардағы иллюстрацияларға ұқсайды» деп жазып жатты.

Тоқсаныншы жылдарға дейін Совет Одағында Эжен Ионесконың абсурдтық пьесаларының қойылуына тиым салынып келді. Абсурдтық драматургияның ең көрнекті өкілінің коммунистік жүйеге мойынсынбауы, социалистік реализм дәстүріне сын көзбен қарауы оған себеп болды. Советтік режим салтанат құрған  жылдардың ішінде біздің елімізде Ионесканың көл-көсір мұрасынан «Мүйізтұмсық» пьесасының журналдық нұсқасы мен бір новелласы ғана жарық көрді. Француз театрына шолу жасаған кезде, әдеби басылымдарда, атап айтсақ, Т.Б. Проскуринованың «Француз антидрамасы», А.Н.Михееваның «Сахнада мүйізтұмсықтар жүрген кезде. Эжен Ионесконың абсурд театры» еңбектерінде   абсурдист драматургтың шығармалары тілге тиек етілді. Әйткенмен, бұл зерттеулердің бәрінде де драматургтің туындыларына біржақты баға беріліп, советтік реализмнің коммунистік идеологиясы мен эстетикасы тұрғысынан қаралып, қатты сыналды. 

Империя күйрегеннен кейін ғана әлемге әйгілі драматургтың пьесалары, эсселері, мақалалары мен новеллалары мен «Жалғыз» деп аталатын романы тәржімаланып, посткеңестік елдерде кітап болып шықты. Жаңалығы көп туындылары көрермен қызығушылығын туғызғанымен, Ионесконың эстетикалық көзқарасын білдіретін ондаған эсселері, мақалалары әлі күнге дейін аударылған жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз, абсурдтық драматургияның сан қырлы  табиғатын тану үшін Ионесконың жұмбақ пьесаларының кілтін табуға көмектесетін  зерттеулеріне айрықша назар аударған абзал. 

Шет елде абсурд театрының аса көрнекті өкілінің туындылары жан-жақты талданып, ондаған монографиялар, жүздеген зерттеулер жазылды. Осыған орай, бірінші кезекте әрине, Мартин Эсслиннің, сонымен бірге Э.Жаккар, М.Корвен,  Р. Ламонт, П.Вернуа, Ж.Тараб есімді эстет ғалымдардың Ионескотануға қосқан үлесін атап өткіміз келеді. Дегенмен, батыс ғалымдарының Ионеско шығармашылығын зерттеп, талдаған еңбектері бірін-бірі толықтырудың орнына, керісінше бір-біріне қайшы келіп жатады.  

Абсурдистердің ойлары экзистенциалистердің философиясына жанасатынына қарамастан Эжен Ионесконың көзқарасы Жан Поль Сартр мен Альбер Камюдың танымынан өзгеше болғанын айтпай кетпеске амал кем.  ХХ ғасырдың бел ортасында француз әдебиетінде дүниеге келген осы екі бағыттың арасында тереңірек үңілуді, салыстыру жүргізгенде мұқият болуымызды талап ететін айырмашылықтар да бар. Бір қарағанда абсурдистер де, экзистенциалистер де өмірге және өлімге деген құштарлық, азаттық пен бостан болмау, тұлға мен қоғам сияқты философиялық парадигмаларға баса назар аударды. Алайда, Ионеско шығармашылығына қатысты «абсурд» терминінің 1961 жылдан кейін, атап айтсақ, Мартин Эсслиннің «Абсурд театры» кітабы шыққан соң ғана қолданыла бастады. Ал, оған дейін бұл термин түрлі мәдени феномендерге байланысты қолданылып келді.  Уақыт өте келе Ж.Серро мен М.Корвеннің еңбектерінде ХХ ғасырдың бел ортасындағы батысеуропалық жаңашыл театрға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, оның өзгеше метафизикалық ұғымы ұсынылды. Бүгінгі таңда әдебиеттанудың  мәдени дәстүрінде экзистенциалдық абсурд ұғымы Ионеска мұрасының даралық сипатын танытатын бірден-бір анықтамаға айналды. 

ХХ ғасырдағы Эжен Ионеско мен Бертольт Брехттің драматургиядағы төңкерістік өзгерістері өнерді жаңа форма іздеуге итермелеген еуропа театрының дамуындағы белес болды.  Француз және неміс қаламгерінің туындыларында айырмашылықтардың көп болғанына қарамастан, шығармашылық ізденістерінде ортақ белгілер де бар. Әйткенмен,  Брехт драматургиясындағы рационализмнің Ионеско поэтикасының көңіл-күйіне қайшы келетін тұстары жеткілікті. 

Өнердегі  әріптесін жиі сынаған Ионесконың  тақырыбын айғайлатып «Мен Брехтты ұнатпаймын» деген мақала да жазғаны да белгілі.  Алайда, Ионесконың өз наразылығын осындай сипатта танытып, эпикалық театрға деген көзқарасын білдіруі сыннан гөрі өнердегі бәсекелесіне қарсы мінез көрсеткен күреске көбірек ұқсайды. Шындығында да Брехтың эпикалық театры мен Ионесконың абсурд театры бір-біріне өткел бергісі келмеген өнердегі бәсекелестер болды. Эжен Ионеско 1960 жылы жүргізген күнделігінде былай деп жазады. «Мен өз пьесаларымды тарихты әңгімелеп беру үшін жазбаймын. Театр эпикалық бола алмайды.. Мен үшін театр пьесасы қандай да бір болған оқиғаны сипаттап беруден тұрмайды; ол үшін роман жазуға немесе фильм түсіруге болады».   

Күнделіктегі сөздердің Брехтқа қарсы бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл жердегі әңгіменің түйіні театр «тарихты әңгімелеп берумен» айналыспауы тиіс деген мәселеге ғана тіреліп тұрған жоқ. Ионеско театр үшін тарих емес, түрлі жағдайдағы сананың көрінісі, олардың дағдарысы маңызды болуы тиіс деп есептейді. Бұл көзқарас - субьективтік театрдың концепциясы, онда суреткердің ерікті қиялы  ешқандай заңдылыққа бағынбайтын өзінің абсурдтық  әлемін туғызады. 

Міне сондықтан да Ионеско эпикалық театрдан өнердегі қауіпті бәсекелесін көргендей тыжырынып Брехтпен ашықтан-ашық жауласудың жолына көшті. Брехтке қарсы шабуылдап, пьесаларының драматургиялық құрылымын, поэтикасы мен философиясын сынауды үдеткен үстіне үдете түсті. Өйткені, көрерменнің қызығушылығын туғызып, талғамына әсер етіп жатқан Брехттің эпикалық театры Ионесконың модернистік ізденістерін жоққа шығарғандай болған еді. 

Ионесконың әдебиеттегі ізденістеріне италия сыншысы, әрі философ, әрі тарихшы   Бенедетто Кроченің эстетикалық интуитивизм теориясы қатты әсер етті. Ионеско мен Кроче университетте бірге оқыды. Кроченің сүйекті еңбегі «Ғылымның көрінісі мен жалпыға орта лингвистика ретіндегі эстетика» деп аталады. Бұл еңбек 1902 жылы жарық көріп ХХ ғасырдың эстетикасына игі ықпалын тигізді. Бастапқыда Кроче марксизм философиясына қызығушылық танытып, кейін оны қатты сынға алды. Ол тек марксизмді ғана емес, фашизмді де жақтырмады. Ғасыр басында Джентиле есімді досымен журнал шығарып, ол 1944 жылға дейін жарық көрді. Кейін фашизмді қолдап кеткенде Джентилимен достық қарым-қатынасын біржола үзді. 

Бенедетто Кроче қоғамда өз орны бар,  беделді тұлға болған. Саясатқа араласып, түрлі мемлекеттік қызметтер де атқарған. Сенатор болып та сайланған,  білім министрі болған кезде  мектеп реформасын дайындаған. Гегеляндық рухта тәрбиеленген, италян идеализмінің өкілі Кроче өз философиясын «абсолюттік идеализм» деп атаған.  Кроченің философиясы «Рух философиясы» деп аталатын төрт томдық  еңбегінде жан-жақты баяндалған. 

Кроченің «интуитивті сана әлдекімдерге алаңдайтын қожайынды қажет етпейді» деген ойлары Ионесконың өнерге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ол бұл ойды өнер туындысы біреулердің бағалауына тәуелді болмауы тиіс, өнердің бағасы оның даралығында» деп түсінді. 

Эжен Ионесконың румын тілінде жазылған беташар туындыларының өзі  батылдығымен, қалыпты бұзуға ұмтылған даралығымен елең еткізеді. Ұлы драматургтің эстетикалық көзқарасы «Жоқ» деп аталатын эсселер жинағында егжей-тегжейлі түсіндірілген. 

Эсселері, интермедиялары, сыни мақалалары, 1930-1934 жылдары жүргізген күнделігіндегі кейбір ойлары енген бұл кітабында Ионеско дәстүрлі өнердің негіздерін терістей отырып, мәдениет пен көркем шығармашылыққа байланысты жеке көзқарасын білдіреді. Кітаптың атын «Жоқ» деп қойғанының өзінен Ионесконың әдебиет пен сынның қалыптасқан канондарына көрсеткісі келген қарсылығын аңғаруға болады. 

Кітаптың бірінші бөлімінде Ионеско румындардың Тудор Аргези  Камил Петреску сияқты белгілі қаламгерлерін сынға алды. Аргези де, Петреску де румын мәдениетің дамуына зор үлестерін қосқан танымал тұлғалар. Румын Академиясының мүшесі болған Аргези өз ұлтының ірі ақыны, Мемлекеттік сыйлығын иеленген лауреаты. 

Жазушы, ақын, драматург Камил Петреску де румын әдебиетінде айшықты ізін қалдырған ірі суреткер. Дәстүрлі роман жазудың негізін салған өз ұлтының аса көрнекті қаламгері. Бұл екеуі сөз қадірін кетірген ортақолдан төмен ақын мен жазушы емес. Күмәніңіз болмасын, Тудор Аргези де, Камил Петраску де халқының мақтанышына айналған ең талантты өкілдері. Ионеско болса олардың шығармаларын сезіміңді селт еткізбейтін, көркемдік тұрғыдан артта қалған туындылар ретінде сынап, іске алғысыз етіп тастады. Алайда осыған қарап Аргези мен Петраскудің әдеби мұрасына байланысты біржақты көзқарас қалыптаспауы тиіс. Ионеско бұл жерде оларды өзінің жанына жақын, өнердегі мұратына айналған абсурдизм философиясының эстетикасы тұрғысынан терістеп тұр. Міне, сондықтан да ұлы ақындардың, ұлы жазушылардың, ұлы драматургтердің пікірлерін абсолюттік акиқат ретінде мойындай  бермей, талдап, талқылап, сын көзбен қарай алсақ әдебиетіміз ұтылмайды. Керісінше көп дүние өз орнына қойылып, шындыққа жол ашылады. 

Ионесконы танымал еткен туындысы - «Тақырбас әнші әйел» пьесасы. Аты айғайлап тұрғанымен, пьесада ондай кейіпкер жоқ. Бұл шығармада бір-біріне қонаққа келіп сөйлесіп, араласып жүрген Смит пен Мартендар отбасының тұрмыс-тіршілігі көрсетіледі.  Автор шығармасындағы адамдарды қуыршаққа айналған, іс-әрекеттерінің бәрі автоматтандырылған кейіпкерлерлер етіп сипаттайды. Адам өзінің даралығын жоғалтқан. Пьесаның бірінші бөлімінде кейіпкерлер сәл де болса бір-бірімен байланысы бар сөздермен сөйлесіп жатса, екінші бөлімінде олар мүлде бір-бірінің сөзін естімейді. Әр кейіпкер өз ойын білдіріп, келесі сөз әңгімені жалғастыруға себептеспейді. Ионеско өз пьесасы арқылы жалғыздыққа ұшыраған ХХ ғасыр адамдарының бір-бірінің сөзін естуден қалғанын шеберлікпен жеткізеді. Пенделер дәл өзіндей басқа біреудің қайғы-қасіретін түсінгісі келмейді. Мына дүниедегі адамдардың бәрі де экзистенциалдық жалғыздықтың дертіне шалдыққан. Тіл әлемді танудың кілті болудан қалған. 

Талдау жасау үшін пьесаның мазмұнына да қысқаша тоқтала кетейін. Ағылшындардың креслосына жайғасқан, ағылшындардың  көзәйнегін киген  Смит Чайнин ағылшындардың темекісін бұрқыратып, ағылшын газетін оқуда. Смиттің ақшыл ағылшындық мұрты бар. Әйелі миссис Смит та ағылшын. Ол ағылшын шұлығын жамап отыр. Біраз уақыт үнсіздік орнайды. Сәлден кейін сағаттың он жеті рет ағылшынша соққан дауысы естіледі. Екеуі бір-бірін естімей, әр қайсысы өз әңгімесін айтумен әлектеніп жатады. Дүниеде не болып жатқанын түсіну мүмкін емес. Әр кейіпкер өз креслосында отырып, өзіне ғана қызықты газетті оқып, абсурдтығымен және мағынасыздағымен жұртты таң қалдыратын сөздерді айтып жатады. Мысалы, пьесада мынандай сөздер бар. Газетін оқып отырған Мистер Смит бір кезде «неліктен газеттер өлген адамның жасын жазғанымен, туған адамның жасын жазбайды» деп қалады. Бұдан кейінгі айтылатын әр сөз оқырман мен көрерменнің түсінбестігін туғызады.  Ионесконың саналы түрде осындай сөздерді қолданған тәсілін сыншылар тілдің үш жақтылығы деп атап жатады. Мұндай тәсіл адамдардың отбасындағы, мемлекеттегі, қоғам мен әлемдегі жалғыздығын көрсету үшін саналы түрде әдейі қолданылады. Шартты түрде алынған кейіпкерлердің әр айтылған сөзі абсурдтығымен мағынасыздығымен ойыңды ойрандағандай қылады. Абсурдистік эстетиканың, абсурдистік философияның ерекшелігі де осында. Мистер Смиттің мына бір сөзін еске түсіріп көрейік. «Қарашы, мына жерде Гоби Отсон қайтыс болды деп жазылыпты. Таң қалғандай түр танытпай-ақ қой. Оның өлгеніне екі жыл болды. Бір жарым жыл бұрын оның жерлеуінде болғанымыз есіңде ме? Сол кезде бәріміз де марқұмның Ұлыбританиядағы ең әдемі мүрдесін көрдік. Өзінің жасына мүлде ұқсамайтын. Төрт жыл болды өлгеніне. Алайда, денесі әлі жылы болатын. Тірі өлік деп соны айтуға болатын шығар. Өмірде өте көңілді адам болды». Міне, осындай мағынасыз сөздердің жиынтығы айтылған кезде, сағат біресе 12, біресе 27 немесе 29 рет соғылып жатады. Міне, осылай уақытынан жаңылысып соққан сағаттардың үні адамдардың да ақылынан адасып, өмірлерінің мағынасыз  өтіп жатқанын білдіргендей әсер қалдырады. Мәселен, пьесадағы абсурдтық кейіпкерлердің бірі өрт сөндіруші топтың бастығын елде өрт оқиғасының азайып кеткені қатты алаңдатады. Егер де келешекте елде өрт мүлде болмай кетсе, ол өзінің қоғамға керексіз болып қалатынын сезеді. 

Эжен Ионесконың туындыларын тілге тиек еткенде, ұлы драматургтің «Мүйізтұмсық» пьесасына тоқталмай кете алмаймыз. Режиссер Марк Разовский бұл пьесаны адамды сауықтыру үшін бетінен тартып жіберген шапалаққа теңепті. Шындығында да тарихты ұмытып, қайта-қайта диктаторлардың қолшоқпарына айнала беретін халықты тәубасына түсіру үшін мұндай пьесаларды театрда жиі-жиі қойып тұрған абзал. 

Автор бұл пьесасында елден ерек не айтты дейсіз ғой, әрине. «Мүйізтұмсықты» жазу идеясы Ионесконың басында Бухарестте білім алып жүрген кезде туыпты. Сол жерде ол фашистік көңіл-күйдің қоғамда қалайша күшейіп, зұлымдықты жақтайтындардың күн сайын қалай көбейіп бара жатқанын көзімен көреді. 

Күштінің жағына шығу өте ыңғайлы, өте тиімді позиция. Адам дүниедегі ең әлсіз тіршілік иесі. Аңдардың өзі күштіге қарсы айбат шегіп, қарсыласып өледі. Ал, адамдар айтқанына көніп, айдағанына жүрмесе таптап кететін күштілердің ығына жығылып, көлеңкесін паналап өмір сүреді. Жаңа заманның халқы ақылға емес,  күштінің құдіретіне сенеді. Тіпті, қоғамдағы ізгілікті жақтайтын, ақылды азаматтардың өзі күштілердің идеясын қолдап, айдың күні аманда ақылынан адасып жатады. Күштінің үгіт-насихаты тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған заманда бұлай болуы заңдылық та. 

Ионеско алғашқыда абсурдтық, кейін, тіпті, адамгершілікке жат идеяларды қоғамның қалай қолдап, мойынсұна бастайтынын сипаттайды.  Күштінің ғана сөзіне сеніп, адамдық  қасиетінен айрылған халықтың трагедиясы пьесада фарстық тұрғыда көрініс табады.  Реализмді мойындамайтын Ионеско қоғамның ащы шындығын жеткізу үшін мистиканың көмегіне жүгінеді. «Реализмнің қай-қайсысы да шындықтың ауылынан алыс жатады. Реализм біздің танымымызды тарылтады, өмірдің бояуын солғындатады... Ақиқат біздің арманымызда, қиялымызда өмір сүреді... Нағыз өмір тек аңыздарда ғана бар», дейді Ионеско. 

Ионесконың атақты туындысында қалай адамдардың  мүйізтұмсыққа айналып кететіні баяндалады.  Қалада алғаш рет ойда жоқ жерден мүйізтұмсық пайда болғанда, адамдар қорқып, зәрелері зәр түбіне кетіп, бойларын үрей билейді. Кейін еттері үйреніп, қалыпты жағдай ретінде қабылдап, бірте-бірте одан өздеріне пайдалы жағының  бар екенін көреді.  Уақыт өте келе елдің бәрі қорқынышты аңның құдіретті күшіне табынып, қиялдарында мүйізтұмсықтай болуды армандай бастайды. 

Беранже есімді бір адам ғана айналада болып жатқан оқиғалардың бәрін жабайылық санап, жұрттың бәрі сияқты болуға көнгісі келмейді. Шығарманың бас кейіпкері отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын батыр емес, қайта керісінше өмірдің қиындықтарымен күресе алмайтын әлсіз адам. Бұл кемшілік  Беранженің адамдық бет-бейнесін жоғалтып алмауына кедергісін келтіре алмайды. Алайда, өмірдің жабайы заңдылығына бағынып, мүйізтұмсыққа айналғысы келмеген одан достары да, әріптестері де, тіпті, сүйген қызына дейін теріс айналады. Ионеско өз пьесасы  арқылы надан тобырдың соңынан ермей, адамдық қасиетін сақтап қалғысы келетіндердің жолының қаншалықты ауыр болатынын көрсеткісі келеді.  

Пьеса «Мен ешқашан да мүйізтұмсық болмаймын. Жалғыз өзім  – бүкіл әлеммен күресемін. Менің қаруым, қаруым қайда? Мен мына әлемдегі жалғыз адаммын және өлгенше адам болып қаламын. Мен берілмеймін» деген бас кейіпкердің жан айқайымен аяқталады. 

Ионесконың «Мүйізтұмсығы» жылымықтан кейін Совет Одағында жарық көргенімен,  кейін цензура одан коммунистік идеологияға қарсы ой ұшқынын байқап, қатаң тиым салды. Қара тізімге іліккеніне қарамастан, орыс режиссері Валерий Белякович 1982 жылы әлемге әйгілі пьесаны сахналап, көрермен назарына ұсынды. Бұл оқиға коммунистік идеологтардың наразылығын туғызып, тез арада пьесаны театр сахнасынан аластату туралы шешім қабылданады. Тоқсаныншы жылдардан соңғы өзгерістерден кейін ғана Ионесконың пьесаларымен мыңдаған көрермендер танысып, тамашалауға мүмкіндік алды. 

2006 жылы Ресейде «Мүйізтұмсықты» Марк Розовскийдің «У Никитских ворот» театры сахналады. Одан кейін де бұл пьеса бірнеше рет орыс театрларында қойылды. Батыс театрларында зор табыспен өткен пьесаның неліктен біздің елімізде танымал болмағанының себебін Марк Розовский былай түсіндіреді. «Германияды бұл пьесаның мың-сан рет қойылуының себебі түсінікті, өйткені, немістер фашистік идеологияның зардабынан тезірек айығып, санасын жаңғыртқысы келді. Ал, КСРО мен Қытай театрлары «Мүйізтұмсықтан» ат-тонын ала қашты. Себебі, бұл елдердегі мүйізтұмсық режимдер қандай да бір адамдық мағына бар дүниелерден өлердей қорықты». 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар