Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әдебиеттегі әдебиет...

08.07.2022 5829

Әдебиеттегі әдебиет 12+

Әдебиеттегі әдебиет - adebiportal.kz

Біз әдебиеттегі әдебиет ұғымын құрайтын реминицсенция интертекстуалдылық, аллюзия, пастиш төңірегінде сөз етпекшіміз. Әдебиет тарихында осы ұғымдарға қатысты көптеген қызғылықты, әдеби, тарихи фактілер мол ұшырасады.

Реминисценция терминінің ұғымы көркем мәтіндегі бұрынғы өткен әдеби фактілерге мысалы жекелеген шығармаларға не олардың тобына қатысты сілтемелермен еске түсіруге байланысты болып келеді. Реминисценцияны былайша айтсақ әдебиеттегі әдебиетің образы деуге келеді. Реминисценцияның мейлінше көп тараған түрі – цитата (олар нақты және қолданбалы болып келеді), тырнақшаға алынған немесе анық емес подтекстке (астарлы мәтін) құрылған болып келеді. Реминисценциялар шығармаға саналы түрде белгілі бір мақсатқа көздеп енгізіледі не болмаса автордың еркінен тыс, ырықсыз болып келеді («әдеби еске түсіру»). Цитата түріндегі реминисценция авторлық емес сөзде маңызды рөл атқарады. Жазушы өзіне дейінгі әдеби тұлғалардың мәндерін не қостап, қабылдайды не болмаса ол көркем мәтінмен таласқа түседі және ирониялық пародиялық сипат дарытады. Реминисценцияның аясы цитатаға қарағанда ауқымды. Көп жағдайда реминисценция ретінде жәй ғана шығарманы еске түсіру және сонымен бірге оны тудырушыларға деген бағалаушылық сипаттағы сөздер алынады. Мысалға М.де.Сервантестің «Дон Кихот» романының бірінші бөлімінің алтыншы тарауында свящник пен шаштаразшы Дон Кихот оқыған кітаптардың бір бөлігін отқа жағу үшін талдайды. Олардың екеу ара сұхбаттарында цитаталар толық күйінде келтірілмей әдебиетің орбразы жасалды.

Қазақ әдебитіндегі реминисценцияны сөз еткенде ең алдымен аузымызға ұлы Абай есімі оралады. Абайға құлақ түрелік:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңнің бірі жалау, бірі құрау.

Әттең сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерінен көрініп тұр-ау .

Бағалаушылық сипаттағы бұл сөздерде Абайдың өзіне дейінгі тұлғаларға қатысты терең әдеби-эстетикалық сыны жатыр. Бұл цитатасыз берілген реминисценция. Осындай реминисценция Шәкәрімде де кездеседі. Шәкәрімде де әдеби сыни баға. Бірақ бұл әдеби сын ұстазы Абайға қарағанда мүлде басқаша. Абай ескі ақындардың әдеби-эстетикалық жүйесін ашық, тура сынаса; Шәкәрімде керісінше олардың әдеби дәстүрін биіктету, асқақтату бар: Шәкәрімнің «Ескі ақындық» деген өлеңіне тоқталалық:

Бүгінгілер айтса жыр,

Буыны бірдей бәрі бір.

Үмбетейше құбылтып,

Сала алмайды басқа түр.

Тақылдатып айтсақ та,

Ұйқасқа жылдам қайтсақ та,

Аяқты бірдей бассақ та,

Шықпайды бізден терең сыр.

Жырдың жайын білмейтін

Бізде осындай ылаң бар.

Ескі ақын бізден әлі артық,

Ол кезде туған бала артық,

Жасымыздан шал артық,

Тақпақ пен мақал тағы артық,

Суырып салма жағы артық.

Айтады олар ойланбай,

Сыпыра жырау, Шортанбай,

Үмбетей мен Марабай,

Алды-артына қарамай,

Соққанда жырды суылдап,

Жел жетпейтін құландар!

Бұл реминисценция алдыңғы реминисценцияға қарағанда мүлде басқа баға, басқа таным!

Қазақ жазушцсы Бейімбет Майлиннің 1930 жылдары жазылған «Азамат Азаматыч» романында да осындай сыни, бағалаушылық сипаттағы реминисценцияны байқадық.

“-Сіз қалай қарайсыз, осы күнгі жас ақындарымыздың ішінде футуристікке салынып кеткендер жоқ емес… Мәселен: Әлгі…Кім еді аты?.. Тоқан ба еді. Ана солбырайып жүретін ақын бар еді ғой?.. - деп Мәриям ойланып тұрып қалды.

Бүгін әлдеқалай «Е.Қ»-тың бір нөмірі Мәриямнің қолына түсіп, сонда бір өлеңді көзі шалып еді. Басынан бір-екі аузын оқып, газетті ырғытып тастап, жүзі шытынап жүріп кетіп еді…

- Сіздің «Тоқан» деп келе жатқаныңыз Жақан Сыздықов болмасын? - деді Азамат.

- Әркімнің ұнатуы әртүрлі болуы мүмкін...Мен өзім Жаққанның өлеңін ұнатам... Сәкен «Советстан» деген өлең жазды. Бұл жаңа түрмен жазылған өлең еді. Осы өлеңнің түрін осы күні бірсыпара жас жазушылар қолдана бастады. Жақанда осыны қолданып жүр... "Е.Қ".тың соңғы бір санындағы осы түрмен жазған Жақанның бір өлеңі басылды, оқығанда адамды кәдімгідей көтеріп, жел береді, - деп, босаңдау түрде болса да Азамат өзінің пікірін айтты" (Бейімбет Майлин. Бес томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. Роман және повестер. Алматы "Жазушы",1988).10-11 б.б

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында да реминисценциялар кездеседі. Романдағы Ақбілек пен жігіті Бекболаттың кездесуін жазушы былай суреттейді: «Екі жар қораның сыртына жеткенде аяқтары қоюлады. Әнтек тоқтады. Жар қолы жардың белін қысты.Ақбілек назданып жоғары қарағанда: Ай жүздін аспанды от көрді. «Сүйсең сүй!» дегендей, жұлдыздар жымың қақты. Қылыш мұрт бал ерінге тигенде:

"Демалыс ысынып,

Саусағы суынып,

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып,

Иығы тиісіп,

Үндемей сүйісіп, мас болып..."

- жатқанын ақын Абай болмаса, біз суреттей алмаймыз..."(Жүсіпбек Аймауытов.Шығармалары. Алматы "жазушы" 1989, 272 б). Бұл жерде реминисценция цитата түрінде көрініс тапқан.

Бұл терминді қолданысқа постструктуралистік бағдардағы әдебиет енгізді. Бөтен сөз бен диалогқа байланысты Бахтиндік тұжырымдамаға сүйене отырып, сонымен бірге онымен полемикаға келе отырып Ю.Кристева былай дейді: «Кез-келген мәтін цитаталар мозаикасы тұрғысында құрылып, кез-келген басқа мәтіннен қоректеніп, оны трансцформациялайды. Осымен бірге интерсубъективтілік (диалогтық байланыс немесе тұлға аралық қатынас) ұғымының орнына интертекстуалдық ұғым келеді. Сонымен бірге “Әдеби сөз”, дегеніміз бұл “мәтіндер иірімінің тоғысу орны”, “ әр түрлі жазулардың диалогы” болып шығады. (Кристева Ю.Бахтин, слово, диалог,) роман (1967)// Вестник/МГУ. Серия 9. Филология.1995. 1 С.99,97).

Кейінірек “интертекстуалдық терминіне Р.Барт белсенді түрде мән бере бастады. Р.Барт мәтін туралы мынадай тұжырымдар жасады: “Мәтін – бұл тырнақшаға алынбаған цитата” , “мәтін мәтінаралық байланыстар мен интертекстуалдық арқылы ғана өмір сүреді” (Барт Р. Избранные работы. Семиотика. Поэтика. С.486.428). «Мәтін» деген энциклопедиялық мақаласында ол былай деп жазды: “Әрбір мәтін интертекст болып табылады; басқа мәтіндер әр түрлі деңгейде көбірек немесе азырақ пішінде көрініс табады; бұрынғы мәдениет пен қоршаған мәдениеттің мәтіндері орын алады.

Әрбір мәтін ескі цитаталардан құрастырылған жаңа тін арқылы көрінеді. Мәдени кодтардың үзінділері, формулалар,ырғақты құрылым, әлеуметтік идиомалардың фрагменттері т.б. осының барлығы мәтінге жұтылған және араластырылған. Әрқашанда мәтінге дейін және оның төңірегінде тіл өмір сүреді. Кез-келген мәтінге мінездемені шарт ретінде интертекстуалдық арналар мен әсер ету мәселесіне тірелмеу қажет; ал омонимдегі формулалардың жалпы өрісі, тырнақшаға алынбаған санасыз, автоматты цитаталар ретінде көрініс табады». (Цит. по: Современное зарубежное литературоведение. Старны западной Европы и США. Концепция, школы, термины. Т.1996, С.218).

Ырықсыз және автоматтандырылған цитаталар мозаикасы эпигондық және эклектикалық сипаттағы шығармаларда, көпшілік қолда төменгі әдебиеттерге тән болып келеді.

Алайда Ю.Кристева пен Р.Барт интертекстуалдылық ірі және үздік қалаламгергер шығармашылығына да тән екенін айтады. М.Цветаева Вл.Ходасевичке 1934 жылы жазған хатында: «Мен көптен бері өз өлеңдерімді менікі және бөтендікі, «менікі», «сенікі» деп бөлуді қойдым. Мен авторлықты білмеймін», - деп жазыпты. (Письмо Марины Цветаевой // Новый мир.1969.4 С.207).

Ю.Кристевамен Р.Барт тұжырымдамасына сүйенген постмодернистік шығармалардағы интертекстуалдылық басқаша ойындық табиғатын ұстанады. “Постмодернистік сезімталдылық” әлемді халықтық , құндылық пен мәннен айырылған, тілдік ойынның таусылмайтын күмәнді перспективасын (мүмкіндігі) ашқан, ешшеңемен шектелмеген мүлде еркін, мәтінге үстемдік етіп, оны ирониялық сипатта көрсетуші, дискурстар, тілдік кодтар арқылы айшықтайды. (См: Современное зарубежное литеретураведение…С.268-271).

Қазаіргі әдебиеттануда «Интертекстуалдылық» термині кеңінен қолданылады және өте маңызды.

Онымен мәтінаралық байланыстар, оның құрамына кіретін ырықсыз, автоматты және әсері күшті ойындық цитация ғана емес, бағытталған, зерделенген, өткендегі мәтіндерге, қатысты бағалаушылық сипаттағы көзқарас, тұжырым, пікірлер, сөздер түсіндіріледі.

Артына екі томдық еңбек қалдырған Абай шығармаларында интертекстуалдылық мол сипат бар. Азербайжанның ұлы ақыны Низамиде мынадай өлең жолдары бар:

Сердце – море. В нем жемчуг.

Мой жемчуг сияет огнем.

Этот жемчуг – повески на поясе царском твоем.

Низамидің орыс тіліне аударылған нұсқасы. Енді ұлы ақынымыз Абайға құлақ түрелік:

Жүрек – теңіз. Қызықтың бәрі – асыл тас.

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.

Үндестік. Шығыстың классикалық поэзиясын жанымен сүйген Абайдың Низамиден алған тағылымы.

Әдеби реминисценцияға басқа да өнер түрлеріне деген қатынас жат емес. В.Гюгоның «Париж құдай анасының ғибадатханасы» романында готикалық сәулет өнерінің ғажайып ескерткіштерінің рухы, ал Пушкиннің «Кішкентай трагедияларында», Моцарттың «Реквиемінің» рухы орын алады. А.Блоктың «Итальялық жырларында» («Итальянские стихи») бейнелеу өнері жайында аз айтылмайды. Музыкалық образдар оның «Кармен» циклінің негізін құрайды. Д.С.Лихачевтың айтуы бойынша А.А.Ахматованың «Кейіпкерсіз поэма» шығармасында әдеби, әртістік, театралдық (негізінен балеттік) сәулет және декоративті-бейнелеушілік ассоциациялар мен реминисценциялар орын алған. Қазақ әдебиетінде М.Мақатаевтың Моцарт рухында жазылған «Жан азасы, Реквием» шығармасы бар.

Әдеби-көркемдік мәтіннің жекелеген тізбегі ретіндегі реминисценцияларға бұрынғы шығармалардан сюжет алмасу, кейіпкерлер алу, еліктей және сонымен бірге басқа тілдегі шығармалардан еркін аударма тән болып келеді. Орыстың классикалық поззиясында негізгі бастаудар ретінде В.А.Жуковскийдің өлеңдері мен балладалары тұр. Қазақ поэзиясында бұған Абайдың Пушкиннен еркін аударған “Евгений Онегин” шығармасы мен Низамиден алынған “Ескендір” поэмасы және “Мың бір түн” сюжеттерінің негізінде туған “Масғұт”, “Әзімнің әңгімесі” поэмасы, Ақылбай Абайұлының “Дағыстан”, “Зұлыс”, Мағауия Абайұлының “Медғат-Қасым” поэмаларын атауға болады.

Әдеби фактілерді таразылау мен бағалауда реминисценциялар кей жағдайларда әдеби сынға, сыни-эстетиканың сипатын иеленіп жатады. Мысалға, Пушкиннің “Евгений-Онегинінде” әдеби жанрлар ода мен эллегиялар туралы тұжырымдар бар. Ал Достаевскийдің “Бишараларында” (“Бедные люди”) Макар Девушкин негізінен автордың көз-қарасын жеткізуші ретінде Пушкиннің “Станция бақылаушысы” (“Станционный смотритель”) туралы жоғары пікірде болса, ал Гоголдің “Шинелі” турасында келеңсіз пікір білдіреді. Жоғарыдағы Абай мен Шәкәрімнің бұрынғы ақындар тұлғасына қатысты ойларын еске алып көрелік.

Жалпы әлемдік және орыс әдебиетінде реминисценциялар А.Дантенің “Құдіретті комедиясына”, Сервантестің “Дон Кихотына”, Шекспирдің “Гамлетіне”, Пушкиннің “Мыс салт аттысына”, Гоголдің “Өлі жандарына”, А.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, А.П.Чехов шығармаларына жиі беріледі.

Абай өлеңдерінде шығыстың классикалық поэзияларындағы әртүрлі ой-тұжырымдар, тұлғалар былайша айтқанда әдеби шығармадағы реминисценциялар, интертекстуалдылық жиі ұшырасады. Сондай интертекстуалдылық Абайдың “Ғылым таппай мақтанба” өлеңіне өзек болатын Ғұламаһи Дауани есімімен байланысты. Абайға сөз берейік:

Кісіге қарап сөз салма,

Сөзіне қарап кісіні ал.

Шындық қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл

Ғұламаһи Дауани.

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл.

Мұнда сөз болатын Ғұламаһи Дауани 1427 жылы Иранның батысындағы Казерун уәлаятындағы Дауани қыстағында туған. 1503 жылы Ширазда қайтыс болған. Ғұлама ғалым, философ. Бұл кісінің шын аты-жөні Жәләләдин Мұхамед бин Асхад ус-Сыдыки Әт Дауани. Халық арасында Ғұламаһи Дауани деп аталып кеткен. Абай да осы халық қойған атпен атап отыр. Абай өлеңіне ғұламаның “Ахлаки Жәләли” ( Жәләли этикасы) трактатындағы ойлар өзек болып отыр. Белгілі Абайтанушы профессор Ғабдулла Сағди ғұламаның арабша айтылатын “Ло манзирилло ман кала ва инзирилло ман кала” деген яғни, “Сөйлеушіге қарама, сөзіне қара” деген сөзін трансформациялық тұрғыда өңдендіре, жаңғырта отырып, “кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал” деп қолданған.

Норвегияның экспрессионист-суретшісі Эдвард Мунктің (1863-1944) әлемге әйгілі “Крик” (“Айқай”) деген картинасы бар. Картина 1893 жылы салынған. Бұл картинаның төрт нұсқасы бар. Нағыз шедевр! Сурет өнерінің жауһары есептеледі! Бейнелеу өнеріндегі экспрессионизм бағытының биік үлгісі! Қала пейзажы. Көпір үстінде екі жолдасы кейінірек қалып, бір адам жан-жағына үрейлене қарап, екі құлағын басып айғайлап тұр. Кешқұрым уақыттағы қала аспаны қып-қызыл түстес. Үрей шақырады. Бұл тас мерез, тас керең қоғамнан пана іздеген сорлы пенденің жан айқайы, жан дірілі, үрей дыбысы. Бұл үрейден, жан айқайынан аспанның өзі діріл қағады. Алайда айнала қоршаған ортадан дәрмен жоқ! Күл болмасаң, бұл бол! Өнердегі айқай метафорасы арқылы безбүйрек, сұрқай, саңырау қоғамның психикасы, мінез болмысы аңғарылады. Жан ұшырған сорлыға қол ұшын созатын пенде жоқ! Ең ғажабы суретшімен бір уақытта жасаған қазақтың әулие ақыны Абай да осы жайдан сырт қалмай былай деді:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық;

Естісем үнін, Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Ғажап үндестік! Абай өлеңі де осы шамада 1889 жылы жазылған. Абайдағы “жартас” метафорасы да мылқау, тасбезер қоғамның сықпытын дәл ашып тұр! Қоғамнан қайраны жоқ, жеке адам трагизімі де осында! Әлемдік мәдени констекстегі ұлылар үндестігіне мән бермесе болмайды!

Пушкиннің әйгілі «Пророк» деген өлеңі бар. Өлең жолдарын келтірек кетелік:

“Духовной жаждою томим,

В пустыне мрачной я влачился,

И шестикрылый серафим

На перепутье мне явился.

И он мне грудь рассек мечом,

И сердце трепетное вынул,

И угль, пылающий огнем,

Во грудь отверстую водвинул.

Как труп в пустыне я лежал,

И бога глас ко мне воззвал:

«Восстань, пророк, и виждь, и внемли,

Исполнись волею моей,

И, обходя моря и земли,

Глаголом жги сердца людей”

Бұл өлеңді түгел келтіріп отырғанымның мәнісі бар. Өлең 1828 жылы” Московский вестник” журналының N3 санында жарияланған. Осы кезеңдерде ол өзінің “Подражания Корану” деген өлеңдерін жазды.

Ақын 1790 жылы баспадан “Құран Кәрімнің” М. Веревкин аударған орысша нұсқасын пайдаланды. Орыс зерттеушілері өлеңнің басты кейіпкері ретінде Таураттың VI тарауында сөз болатын Иассам (Әл Иаса)пайғамбарды айтады. Менің ойымша бұл жайт пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Саллалаһу ғалайсаламға қатысты болса керек. Құран хикаяларында жақсы суреттелген. Әлем тарихшылары осылай дейді. Бұл жайында Абайдың да айтқаны бар!

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Интертекстуалдылықты сөз еткенде, Абай мен Шәкәрім шығармашылығында әлемдік әдебиеттің асыл үлгілкрі, шығыс пен батыстың классикалық поэзиясының үздік үлгі-өрнектерінің молдығын, мәтінаралық терең тамырластықты байқадық.

Аллюзия – мәдениеттің белгілі деректеріне жанама қатынасы бар белгілі бір сөздер, сөз тіркестері, поэтикалық фразаларды қолданудың алдын ала ойластырылған тәсілі, қосымша ақпарат берудің ерекше жолы. Аллюзия кодтарын шешу барысында, бейнеленетін құбылыстармен аралықта белгілі бір дәрежеде білімдер жиынтығы болу қажет, себебі аллюзия мәтінге ешбір қосымша сілтеме, түсініксіз кіргізіле береді. Аллюзияның дәстүрлі бастау, қайнарлары ретінде негізге мифологиялық, таураттық, әдеби, тарихи фактілер алына береді. Олар ұқсастығына орай, полярлық, ұқсастырылатын нысандарының сәйкессіздігі тұрғысынан құрылып, доминантты, локальды, окказионалды сипатта болып, аллюзивті ирония жасауға құрал қызметін атқарады.

Аллюзия (лат. аllusion “емеурін, әзіл”) белгілі бір әдеби, тарихи, мифологиялық немесе саяси фактілерге қаратылған емеурін, аналогияны қамтыған стилистикалық фигура. Бұл фигуралар мәтіндерде немесе ауызекі сөйлеуде қолданылады. Аллюзияны құрайтын аналогия мен емеурінде түзетін материал жалпыға белгілі тарихи тіркестерге, қандай да бір қанатты фразаларға немесе классикалық поэзияның цитаталарына сүйенеді.

Француз жазушысы Шарль Нодье аллюзияға қатысты: «Емеурін немесе аллюзия бұл цитатаны (сілтеме) орынды жерге қолданып, ол әу баста ие болмаған мағына, мән дарыту», - деген анықтаманы ұсынады. Қайта мән иеленген цитаталар кітап атауына да қолданылады. Мысалға Валентин Катаевтың “Алмазный мой венец” кітабы. Көп жағдайда қайта мән иеленген цитаталар пародиялық реңк алады.

Мысалдар: Ауызекі стильде, сөйлеу барысында: “Соқтықпалы соқпақты жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым кінә қоймаңдар маған, не істеймін енді” (Абайға емеуірін, цитата) “Группаның (топтың) абыройы үшін “күндіз отырмадым”, “түн ұйықтамадым” (Тоныкөк жырындағы Тоныкөкке емеурін,сілтеме). “СЕндер үшін талай “тар жол, тайғақ кешуді” бастан кешірдім” (Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” романына сілтеме)

Мысалға Маяковский де: «Такого отечества такой дым разве уж настолько приятен?» - деген кекесін аралас сентенция бар. Осы аллюзияның сілтемесі Грибоедовқа барып тіреледі. А.С.Грибоедовтің «Ақылдың азабы» комедиясында басты кейіпкерлердің бірі Чацкийдің аузынан шығатын: «И дым отечества нам сладок и приятен» деген реплика бар. Чацкийдің аузынан шығатын осы бір реплика Г.Р.Державиннің: «Мила нам добра весть о нашей стороне; Отечества и дым нам сладок и приятен...» деген жолдарымен үндесіп жатыр. Бірақ байыптасаң Державинде бұл тіркесті өзі ойлап таппапты. Оның артында латынның: «И дым отечества сладок» («Туған Отанның түтіні де тәттірек») деген мақалы жатыр. Осылайша аллюзия қабаттарын тереңдете беруге болады.

Пастиш дегеніміз – ирониялық модус, постмодернизм термині, редуцирленген пародия формасы, жасырылмаған пародия мотиві, ішінара өзіне-өзі пародия жасау.

Пастиш (фр. Pastiche, итал. Pasticcio – паштет немесе стилизацияланған опера – поппури) – постмодернизм философиясының ұғымы. Мәтіндер аралығындағы қатынастар тәсілі.

Постмодернизмде басты көркемдік тәсілдердің бірі. Пастиш өткен кезең өнерінің әр түрлі имитацияларының қоспасы.

Пастиш – екінші әдеби шығарма, бірінші шығарманың авторлық стилін,персонаждарын,антураж, іс-қимыл мезгілін сақтай отырып жалғасытыру немесе басқаша сюжеттік версияны көздеу.

Алынып отырған материалды еркін жеткізетін стилизация мен фанфиктерден өзгешілігі пастиш қосымша персондар мен сюжет дамуына байланысты авторларға тіпті де қатаң талаптар (критерий) қояды.

Постмодернизм теоретиктерінің пікірі бойынша пастиш – бір мезгілде фантазия және пародия болып табылады. Пастиш болып табылатын шығармада бір немесе бірнеше авторлар стилінің имитациясы орын алады.

Пародиядан айырмашылығы – пастиш түпнұсқаны әжуалап қана қоймайды, оған құрметін де білдіріп отырады.

Метафоралық пастиш пен пастиччо бірнеше авторлар жасаған жұмыстарды ғана сипаттап қоймайды басқа суреткерлердің жұмыстарындағы стилистикалық элементтерді де қамтиды. Стилизация өнердегі эклектика үлгісі болып табылады.

Әдебиетте пастиш ұғымының аясына әзіл ретінде бірақ құрмет сезімі бар алаңсыз ирониялық имитацияны қолданатын әдеби техниканы жатқызамыз. Әдетте түпнұсқа сипаты немесе жүйелілік сақталынбайды, имитациялық ретсіздік орын алады. Бірақ постмодернизм пайда болғаннан кейін Стилизация мақсатты сипатта ұшқыр құрмет сезімі мен шындық еліктеуге құрылатын болды.

Әдебиетте Шерлок Холмстің қатысуымен болатын пастиштер оны туғызушы автор Артур Конан Дойлдың тірі кезінде-ақ пайда болды.

Бүгінгі күндері итальян жазушысы Умберто Эконың “Имя розы” романындағы Уилям Паскервилейский мен Атсон Конан Доилдың “Шерлок Холмс” шығармасындағы доктор Ватсон мен Шерлок Холмстің пастиштері болып табылады. Эллери Куин мен Ниро Вулфтарда детективтік пародиялар мен пастиштердің әнші кейіпкерлері болуда.

Дэвид Лоджу "Британский музей падает"(1995) атты шығармасы Джайс, Кафна Вирджними Вульф шығармасының қоспасы болып табылады. 1991 жылы Александр Рипл "Унесенние ветром" романының пастиші болып табылатын "Скарлетт" романын жазды. Жазушы бұл романын алдыңғы романның канондық тұрғыдағы жалғасы деп есептеді.

"Пастиш" терминін алғаш рет Р. де Тиль өзінің "Беседы о понимании живописи" (1677) кітабында қолданған. Алайда бұл құбылыс Қайта өрлеу дәуірінде белгілі болатын. Музыкалық шығармаларға байланысты XVII ғасырдан бастап "пастиччо" термині қолданылды.

Көркем әдебиетте "Пастиш" терминін 1767 жылы Д.Дидро, "Сало" цикілді очерктерінің біріне енгізді және Ж.Ф.Мармонтелдің "Әдебиет негіздерінде" бекітілді.

Әдеби пастишке: Оноре де Бальзактың "Озорные рассказы" (Ф.Раблее және Ф.Беральда де Вервил рухында (1832-1837) Ш. Де Костердің "Фламандские легенды" (1858) М.Прустың "Пастиш и смеси" (1900-1908), Р.Кенжның (1947)"Упражнения в стиле" шығармалары жатады.

Пастиш терминін пародияның редуцирленген пішіні ретінде және постмодернистік өнердің негізі сипаттамасы ретінде постмодернизм теоретиктері жиі қолданады.

Қазақтың үлкен ақыны Жақан Сыздықовтың елуінші жылдардың екінші жартысындағы (XX ғ) қазақ ақын-жазушылары туралы Абай рухында жазған әзіл өлеңі бар. Осы атақты өлеңнің ("Жазғы күн шілде болғанда") пастиші іспеттес. Мысал келтірсек:

Жазғы күн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда,

Аңқылдаған көп ақын,

Көк базарға қонғанда,

Тобылған түсті торы сыра

Саптаяққа толғанда,

Макентошы шыпылдап,

Семіздер күлер ырқылдап,

Арықтар басар тыртылдап.

Ғабдолым жүр дөң мұрын

Көзәйнегі жылтылдап,

Темір тісі сыртылдан,

Әлжапарым Әбішім

Жұмыртқасы бұлтылдап.

Салақұлаш мойыны

Қуандық жүр қырқылдап...

Сатрик қаламгер Садықбек Адамбековтың ақын Қапан Сатыбалдинге арнаған мына бір әзіл өлеңі Махамбеттің әйгілі өлеңіне пастиш сипатында болып келеді|:

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Союздан шыққан шұбар күн.

Шұнаңдап барып батқан күн,

Қапанды құдай атқан күн.

Сыртта боз машина боздаған,

Іште достары қолын созбаған,

О сұмдық-ай неткен күн?!

Қапаннан абырой кеткен күн...

Жалпы әдебиеттегі әдебиетте көптеген қызықты фактілер кездесіп, ол көркем шығарма авторынан шалқар да терең эрудицияны, әдеби мол білім, жинақтаушылық, сыншылдық, талғампаздықты ерекше талап етеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар