Не надо мне коня в дороге. Печаль несет меня в дороге.
Низами.
Ілияс Жансүгіров 1934 жылы «Күйші» поэмасын жазды. Өмір шіркін өнерді өгейсітсе де, өзегінен теппесі анық. «Күйшіде» бодандықта жіпсіз байланып, бас еркінен айрылған мұңлық күйші домбырасын алып, өктемдіктің шеңгелінен дін аман құтылды. Аждаһаның аузынан қайтқандай.
Бұл бір ертеректегі Бозінгеннің зары ұмыт болғандай бір саябыр мезет екен. Арада үш жыл өткенде ақын жүрегін кернеген құса өсіп, жан алқымға таяп, трагедиялық сарынның пафосқа айналғанына «Құлагер» поэмасы куә.
Ақын өзінің тынысы тарылып бара жатқанын түйсінді, сөйтіп іштегі шерді тарқатуды, өз ғұмырының асқақ символын өлмейтін сөзге аманаттап кетуді парыз тұтты. Алда құтылу жоқ, тұтылу тосып тұрғанына көнді...
Сөз түбі қайыр екенін ақын білмегенде кім білсін. Қисса, дастанды бала шақтан жаттап өскен зердесі күшті ақын аңыз-ертегінің, тегі мінсіз шынайы сөздің соңы жарық, нұрлы боларына нанды. Іңкәр дүниенің жалғандығын мойындаса да, рухы жасымады.
Дәуір трагедиясы ұлтқа алапат соққы болып тиді. Алаш көсемдері геноцид туралы көрмей, білмей қалған жоқ. Дамокл семсеріндей төнген жетім тағдырдан құтыла алмады. Сол себепті «Құлагер» реквием, жан азасы болып өмірге келді. Ілияс «Құлагер» деп зарлап, тұтас бір өркениетке, бүтін бір ұрпаққа аңырап жоқтау айтты. Шығыста жоқтау, ең алдымен поэзия: «Өлеңмен жер қойнына кірер денең». Содан соң ғана көз жасы. Жазмыштан озбасын «Құлагер» сездірді.
Ақындық өзегінде мәжнүндік болмағы – жаратылыс жұмбағы.
Қобызшы Молықбай шал Матайдағы...
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
«Күй».
Күйініші ішіне түскен солықсыз жоқтау. Этникалық сипаттағы дағдарыс. Қобыз Қорқыт баба мұңы ғана емес, могиканның соңғы тұяғын қимастық, бағзы заманаларды сағыну. Өйткені бақсылықтың жұрнағы қалған, көшпелілердің күні батқан. Мағжан:
Құшақтап қобызымды көрге кірсем...
- деп зарлауы – өз өлеңінен өзі араша сұрауы еді. Өйткені өркениет – қанды қақпан, оның ең сорақы жері бейкүнә мен әлсізді аямайды.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан
Бұлаңдап тақымында Құлагері.
Ілияс өз кейіпкерінің ғана емес, күллі этнос көзінен бұлбұл ұшқан табиғи күйін суреттеп отыр. «Бұлаңдап» – бұла, бұлғақ, бұлғақтап... жағасы жайлау, жаны жаз еркіндікті, бекзаттықты білдіретін ұғым. Түркі тегінен шыққан орыс жазушысының есімі болып кеткен сөз де осы: Булгаков. Ол о баста сайтан бейнесіне әуес еді, «Албасты да қабаққа қарап басады» демекші, әйгілі романында өз дәуірінің зұлымдығынан жиренем деп жүріп жарға жығылды. Сор түрткенде, рухани адасуға қалай ұшырағанын Булгаков өзі де сезбей қалып, Ібілістен Құдай жасап шатасып, әугеге түсті. Тегінен жаңылудың бір мысалы осы...
Мәскеудің оқуын оқыған Ілияс тұяғы барлардың сүрінбесе де, қанды сүргіннен қашып құтылмасын ұқты. Сонда ол халқы мен қазанаты туралы ойлады.
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жыраулар поэзиясындағы осынау дүниетанымның қайыра салтанат құрарына сенгісі келді ақынның. Бұлаңдап өскен көшпелі дәуір дәстүрінен ақын тайған жоқ, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоғын білді. Құлдықтан ажалды артық санады. Азаттыққа баулыған ұлы түз, сол жазиралы пейіл көшпелі нәсілді қалай бұлаңдатпасын?! Олар арда емген құлыншақтай болатын.
Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги.
Арқаның жазы жібек, жері сая.
Ілияс көшпелі тұрмыс көркін сағынады. Мағжан мен Ілияс Сарыарқаның бауырында өскен ерке баласы Ақан сері бейнесін жанындай сүйіп, сүйсініп, таңдап алуының қат-қабат астары бар. Сал-серілік дәстүр – күндей күркіреген, айдай толықсыған, алмастай жарқыраған жыраулар поэзиясының жалғасы, ұрпақ тамырластығы болса, XX ғасырдың нигилистік ұсқынын жатсынған ақын жаратылысы көненің көзін сағынды, негізін, асылын, көгін іздеді. Өздерінен жарты ғасырдай бұрын өткен Ақан серіні рухани туыс етті. Елу жылда ел өзгеретінін ұқты, замананың кескіні сұрқай тартып, тарылып тұрғанынан шошынды.
Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын,
Ұядан садақалап тастаған ба?
– дегенде қайран ақын суреткерліктің жалқы тағдыры осылай боларын біліп, өзін-өзі жұбатқан шығар... Ілиястың кейіпкері – ғайыптың құсындай жалғыз жан, қайғының әлдиі мен құрсауындағы Ақан.
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.
Ақ қайың, ағарған қу сүйек – тағдырдан қалға жұрнақ. Ендігі мұрат – ақ өлім. Және әппақ сүттей аңыздың тууы. Ол – ғажайып құбылыс. Осы сиқырға Мағжан мен Ілияс қатар байланды. Оларды баураған шынайы өмірдің сұлу бейнесі. Сол көркемдік одан сайын іңкәр қылып, қайғының буынан мүлдем күмісжалданады. Ақын жаны арбалатындай шырай, адам жаны күйзелетіндей нала осы. Көркем өнерде осындай шарпысусыз дүние жоқ. От пен ауадай тұтасып лапылдаған сәтте суреткер жүрегін шалық кернейді. «Жалын мен оттан жаралған» (Абай) сөз құдіреті сөйтіп туады.
Текті құс тазалықты қолына ұстап
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.
Поэманың бір лейтмотиві осы идея. Ақын қаһарманы – ақын, яғни ол айнадан өзін-өзі көріп отырғандай сезінеді. Сұлулықтың бір атауы – адалдық. Харам нәрседе көрік болмайды. Дүние әу баста мінсіз жаратылған, бүлінгені, бүлдіргеніміз кейін.
Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт.
Ілияс өз идеалын айтып отыр. Теңеуінен Ақан серінің азан шақырып қойған Ақжігіт деген есімі шығады. Ақан сері қаншалық өр мінезді, көркем, кербез, жұлдызды жан болғанын ән сүйер қазақ түгел біледі. Мағжан мен Ілияс, жібектей есілген қос лирик, Ақан сері өмірін өнеге көрсе де, екеуінің көзқарасы Абылай ханға келгенде қақ айрылады.
Мағжан «Ақан сері» атты очеркінде қарашекпендердің озбырлығын жазды. Ілияс Ресей империясының отарлау аранына іліккен қазақ жерінің, елінің трагедиясы Құлагердей саңлақтың опасыз ажалымен тұстас келгенін меңзейді. Жұт жеті ағайынды. Қазанаттан айрылудың арты қайыр болмайды.
Торыны талға байлап мінген қандай?
Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай?
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай?!
Бұл Ақан серінің өз әні. Мұндағы тұрмыс сағынышқа айналған.
«Қасына сұлулардың көп жантайдық» дейді Біржан сал. Сөйте тұра, сал-серілік дәстүрінде адамшылық күшті, оның дон жуандықтан зор айырмасы да сонда, жары үшін ешнәрседен тайсалу жоқ. Ақан серіні сүйген сұлулардың әсем бейнесі қазақ поэзиясында жоғалмай сақталуының бір себебі осы: ғашықтық сезім тазалығы, махаббаттағы намысқойлық (айнып кеткенін кешірмеген Ақтоқтысына Ақан сері сапы салып алуы соның айғағы), жалған дүние тұрақсыздығы...
Ақан сері өмірінің арғы астарында көшпелі нәсіл мәдениетінің күйреуі жатыр. Заман сол мәдениет мүлдем жоғалмай, қайта жаңғыруын, өзгеше түрмен құбылып, өрлеуін ұрпағынан күтеді. Із-тозсыз жоғалардай ол лағынет арқалаған мәдениет емес-тін.
Мұрат Әуезов «Иппокрена» атты философиялық еңбегінде: «Ілияс суреттеген Құлагердің ажалы – көшпелі өркениеттің күйреуінің символы» деп жазды. Атынан айрылса, қазақ бәрін, асылын, негізін, жаратылысын жоғалтады. Сондықтан салтатты салтанатынан қағыла бастаған ұлттық трагедия – поэма астары. Мұны советтік идеологияның уытымен шатастырмау керек. Патриархальды қазақ тұрмысының бет-бейнесі әшкерелеушілікті қажет етті. Асқа жиналған үш жүздің шонжарларының ішінде Гогольдың «Өлі жандар» поэмасындағыдай бір жағымдысы жоқ:
Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты.
Еті тау, қымызы көл деуге болар.
Ысырап, былапыт. Келесі тарау «Балуан бәйгеде» осы жиреніш ұлғая түседі.
Оташы мертіккендей бебеулетті.
Бұл да бір ел қыдырған есер екен,
Сорлыны атқа өбектеп алып кетті.
«Біреудің жіліншігін малға шаққан»,
– деп күйінеді Ілияс. Поэманың сарынында запыран, зіл бар.
Албасты Арқадағы абы жылан –
Молда отыр ысқырынып оқып құран.
Қызыл өкімет дінді аластауға бұйырған үкімі аян. Әйтпесе, қазақтың оқымысты адамдары көбі медресе бітірген, дінге берілген жандар болған. Ағартушылар дінді теріске шығармаған, ғылым тегін білген. Ілияс қаламына зорлап телінгендей сезілетін бұл жолдардан біз әбден тығырыққа тірелген қайран ақынның ушыққан жан азабын, саяси қыспақ тарылғанын сезінеміз. Қуғын- сүргіннен сілесі қатып, қос өкпесі күйген аң баласындай шарасыздық. Көкбөрі аязды, аш түндерде көкке қарап ұлығанындай күйзелісті ахуал.
Ұлт зиялыларына замана қазған Қорқыт көрін ақын көрмесе, сезбесе, көріпкелдігі оянбаса осынша зарланып, буырқанып, ащы бебеу жырды тудырмас еді ғой.
Қазақта Құлагерді көп айтады.
...Әңгіме Ақан емес, Құлагер ғой.
Әсілі, поэманың тууына негізгі себеп осы, ұлттық болмыс немесе жылқы культы.
Сүйегі бөлек Құлагер.
Ежелгі түркі тайпаларынан бері үзілмеген дәстүр бойынша қазақ жылқысына үкілеп ат қояды. Ілияс асқа әкелінген, бәйгеге жаратулы әрбір жүйріктің атын атап, түсін түстейді. Тұтас поэманы аттың сыны десе шындық. Жылқы десе, ақынның дариядай лықсыған сөз қуаты молынан көрінеді: Абай да өзі, Толыбай да өзі. Асқа жиылған көп сыншының ең сұңғыласы Күреңбай мыңдаған бәйге атының ішінен хас тұлпарды айнытпай таниды:
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы.
Бұл мойындау емес, үкім әрі қарғыс. Құлагерді құлатқан мірдің оғы, айтылған сөз – атылған оқ осы. Көздінің сұғынан, тілдінің тілінен сескенетін бұ қазақ жылқы баласына неге сонша сұқтанды? Неге атбегі іш пікірін ішінде сақтап қала алмады?! Құр мақтан ба, дұшпандық пиғыл ма, әйтеуір Батыраш қоздыртқан әзәзіл күш тұлпардың тағдырын шешіп тынды.
Поэма драматизмі шырқап кетер бір тұс осы. Адамзат өзгені, өзінен артықты, тектілікті бағалағанда өстіп қызғанышы мен ардақтауы итжығыс түсіп жатады. «Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға» қайран жануарды сөз өлтірді...
Жылқы – қазақ үшін тіршіліктің нақ өзі еді. Арғымақ үстінен дүние шіркін әсемірек көрінетін, ер-тоқымын күмістеп, үзеңгіде шіреп отырғанда қазақ кімнен кем еді. Жылқыдан айрылса кең дүние тарылып жүре беретін. Жылқы – тәуелсіз, азат өмір тұспалы еді. Ұлы түз сол табиғи қалыптың мекені еді.
Ән – халықтың жаны. Ескінің ақындары жылқы жануарынсыз сүйген жарына наз қылмаушы еді, ғашығын өлеңге қоспаушы еді.
Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген,
Қыз қайда құдашадай көзі күлген.
Базары тарқамайтын жалт-жұлт дүниенің мәні де, сәні де – жылқы. Қыз бен жылқы қатар атала береді, тақымында жақсы ат, қиялында көркем қыз бейнесі болса ер жігіт мәртебесі де ешкімнен кем емес.
Ілиястың Құлагерді аза тұтқаны – «Орамалы тұратын бес жүз жорға, әгугай» қайта оралмас азат дәуіріне қош айтысқаны.
Эпоста батырдың жаны мұрнына келгенде жан серігі көмекке келмеуші ме еді. Дарақы тіршілік Құлагерді (ол – ер қанаты, әрі Ілияс сынды ұлтжанды қазақ рухы) мерт қылып, қарға-құзғынға қор қылды. Кім біледі, сонда Ілияс есіне ертегіні алған болар, қысылтаяңда Шалқұйрыққа тіл бітпеуші ме еді:
«Төстік батыр, енді екеуміздің де жанымыз бір. Қандай пәле болса да бірге көреміз» деп. Қазақтың жаны ежелден жылқы болатын. Көкжал жарған буаз бие ішінен құлынын жарып алса, онысы нағыз тұлпар шығатын. Қазақтың көзіне алтын құйрық құлыншақ елестейтін. Жылқыжанды қазақ баласы көңілі құлаған жүйрікті берсе қолынан, бермесе жолынан алатын.
Эпоста хас батырға тұлпар лайық, оның құнына тең келер ештеме жоқ. Құртқаның Тайбурылды тумай жатып тануы, «Сонау биені мені берсең де алғын, жан серік атың, сұлтаным, көк ала бие ішінде» деуі – соның айғағы. Мұндай құлшылық сөз ешбір жат жерлік сұлудың аузынан шыға қоюы неғайбыл. Тайбурылдың күтімі мен шабысы көшпелі тұрмыстың да бабы болатын.
Құлагердің ажалының астары қат-қабат екенін, сырты түкті бір жылқының қазасы деген ұғымға сыймасын біліп қан жұтты ақын. Саяси-рухани отарланудың бір сипаты – «Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса». Нала. Жаяу Мұса атану мен Мәдидің «Тар тесік, тар босаға» абақтыға қамалуы – жаяулықтың көрінісі. Тура әрі астарлы мағынасындағы атсыздық. Оның түбі тексіздену, тобырлануға әкеп соғарына дау болмаса керек. Ілияс соның үшін күйзелді.
Ер Тарғын Тарланын өзі өсіруші еді ғой, Алпамысты Байшұбар ат өзі таниды. Қара қасқа атына Қамбар батыр сыр шертеді. Барлығының сырлас досы, қорғаушысы астындағы аты. Түркілердің ең көне жыры – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында жылқының көптігі сонша, кең далаға сыймайды, Еуразияның түстігі мен төскейін, баурайын түгел жайлап, Қарабайды үнемі көше беруге мәжбүр қылмаушы ма еді.
Осындай бекзат салтанаттан айрылу ұрпақ жадынан өшкен жоқ. Заман өзгерсе де қазақ үшін Құлагер қазасының күйініші бір басылған емес. Момын дала жылқы жануардың жайылымы болатын, «Тың көтеру» деген себеппен еріксіз тілгіленді. Сонда дала тағы Кеңшілік ақынның «Боз биесі» болып боздады. Оның зарын ұлы түздің өз баласы естімесе, бөтен өлсе елер ме...
Даланың табиғи сарыны домбыраның қос ішегінен төгілген күй болса, жылқы – соның сыңары. Ілиястың «Құлагер» поэмасы және Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі рухани үндес туындылар. Ұрпақ күй құдіретінен айрылмасын деп қазақ жазушысы үлкен әдебиетке ең алғаш «мәңгүрт» деген ұғымды енгізді.
Жер жүзінде қазақтан өзге халық жылқыны қастерлей ме? Олардың жылқыны сүюінде дау жоқ. Бірақ Құлагерге арналғандай жоқтау ырымға жоқ.
«Шахнамеде» Рүстем ердің таудай салмағын белі қайыспай көтере алатын Рахш атты арғымағы бар. Рахш – жарық, жарқыл деген ұғымды білдіреді. Бұл «Ұл туғанға күн туады» деген алыптың миссиясын ашады. Отан қорғаушылық тұспалы. Мұхаммед (с.ғ.ғ.) пайғамбардың миғражға сапар шеккенде мінген аты Пырақ (аль-Бурак) екені белгілі, ол да жарқылдаған ат, қанаты арқасында емес, аяғында. Низамидің Шевдиз атты арғымағы таза мифтік жануар, түсі түндей қара.
Нарт, армян эпостарында, қырғыздың «Манас» жырында батырдың аты өзімен кіндігі бірдей бір күнде дүниеге келеді. Үнді мифологиясында «Күн аттары» деген ұғым бар. Митра – күн құдайы, оның атрибуттары – аттар. Күн туралы мифтердің көбінде солай.
Қанатты ат жалғыз Пегас емес, Көроғлының аты қанатты – Ғыр-ата. Ал нарт эпосындағы Араш деген ұшатын ат жердің үсті ғана емес, астымен де шаба береді. Атты теріс тағалау мұнда өлгендер о дүниеден кері оралмасқа қарсы жасалған шара ретінде жырланады. Кейбір мифтерде ат үш аяқты (осетин мифі), алты аяқты (қазақ эпосында), сегіз аяқты да бола береді. Слейпнир, скандинавия сегіз аяқты ат қалқып, жылжып бара жатады. Фантастикалық аң Бірмүйіз (единорог) атқа ұқсайды. Грек мифтерінде жылқы желден жаралған. Арейон – Гераклдың аты. Бір сұмдығы, гректерде жылқы баласын қанішер қылып көрсететін Диомедтің аттары туралы миф бар. Иесінің қасиетін жануарына таңушылық.
Жылқы бейнесін агрессияға бейімдеу көне Израильге де қатысты: Иисус Христос пасха күндерінде Иерусалимге есек мініп кіреді. Өйткені ат – соғыс ишарасы. Ұрыс атына кереғар, есек – бейбітшілік сүюдің белгісі.
Адамзат асау жылқыдан бұрын момын есекті қолға үйреткен. Көне Мысырда, Месопотамияда атты патшалар мен қолбасылар ғана мінген. Тауратта мысырлықтар аштық кезінде өз аттарын нанға айырбастайды.
Қытай мифологиясында жылқы бейнесі жоққа тән. Поэзиясында қатар айтылатын 8 арғымақ бар.
Түркінің Қамбар атасындай жылқы иесі латыштарда бар, Усиныш деп аталады. Қаһарман кентаврлар Хирон мен Фол – қызықты хикаяға толы жойқын кейіпкерлер. Бірақ ақыры қайғылы аяқталады.
Орыс классикасында шеткі, шекаралас аймақты көрген, білген, саяхаттаған ақын-жазушыларда жылқы культы тамаша суреттеледі: Лермонтов, Тургенев, Лесков. Гогольда пәуескеге жегілген аттар – құстай ұшқан Русь, сүйікті отан символы. Лев Толстой арыған, кәртайған жылқы баласының тулақтай болып тозуын астарлай, жаны қинала жазды.
Хайуанаттар туралы көркем әңгімелердің авторы Э.Сетон- Томпсонның Солтүстік Америкадағы жабайы мустангтерді аяусыз қырып-жоюды суреттеуі тым жұмсақтау берілген. Бұл сұмдық қырғын болатын. Отаршы жұрттың үндістерді құрту әрекетінен кем соққан жоқ. Жантүршігерлік қасапқа, мустангтердің жаппай өлтірілуіне кейбір американ зиялылар қарсы шығуы сол себептен еді...
Қазақта жылқы – төрт түліктің ең асылы. Мұхит ақын кедейлігін айтқанда: «Мұхитта мал дегеннен жалғыз сиыр, / Болады баспағымен екеу биыл» («Айдай») деп жылқысы жоқтығын жырламай ма. Қазақ үшін жылқы ен дәулеттің белгісі.
Жаяулық пен жалғыздық Азамат ердің жүдеуі.
Бұл қазақ санасы. Содан болар, Ілиястың Ақаны мен Құлагері сомданып, тұтасып құйылған бейне. Кентавр. Біртұтас идея.
Дүниені «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ» философиясы меңдеген. «Өмір сүру – көп асылдан айрылу» деп түсіндіреді біреулер. Екіншілері «Өмір сүру – ең асылыңды табу» дейді. Құдайдың құдіретімен солай жалғаса бермекші. Ел отырықшы тұрмысқа енді разы. Жайлау екінің біріне бұйырмайтын экзотикаға айналғалы қашан. Бірақ жылқы десе қазақтың көңілі алып ұшады, жазушысының тілінен бал тамады. Кәдірбек Сегізбаевтың «Күн еңкейгенде» атты рухы күшті әңгімесі соның айғағы. Символ, Құлагерден айрылудың өзгеше бір варианты, атсызданудың мұңы.
Жұмабай Шаштайұлының «Шал мен жылқы» атты повесінде бабалар бағын жоқтау ішкі рухани қуатпен, астармен берілген. Жылқыны жоғалту – негізіңді қоса жоғалту, ұлтсыздану, тексіздену емес пе деп зар илейді жазушы, көкейінде – «Баяғыдай болмайды тағы заман» тәрізді елім-айлаған трагедия. Жұмабайдың кейіпкері ат болар тайды сойғанға, кейінгі ұрпақ үшін жылқы тауарға, ақшаға айналғанына күйінеді.
Кезінде Ғабеңдей сөз зергерінің қаламынан «Талпақ танау» сынды науқани әңгіме туды. Тамаша дүние, замананың өзгеруін, тауқыметін сарказммен берген. Доңыз еті исламда тыйым салынғаны табиғи һәм рухани ластықтан, ағзада теріс энергияның бөгіп қалуынан сақтандырғаны. Шошқадан жиренбеудің түбі ұлтты бір кезеңде араққа суарып, бәзбіреуді шоқындырды. Қазақтың ата кәсібінен ажырауы сөйтіп асқынды. Урбанизация алмай тынбайды, өркендей берсін, гүлденсін, бірақ қазақ патриархальды тұрмысының бір үлкен пұшпағын сақтап қалуы керек. Қазіргі заманғы жазушылар соны айтқысы бар. Құлагердің зорлық өлімінде қиямет сыр болмағы сондықтан. Жұлдыздай аққан, желдей еркін Құлагер-рухқа айбалта тиіп құлады. Сонау қастандықтың табында ана тілінде жазатын әдебиеттегі жас буынның құр сүлдері жүрген трагедиясы жасырулы тұрғаннан сау ма?! Жабыны тұлпар, сауысқанды сұңқар дегізетін хас надандықтың лағынет қамыты мойнымызға түскен жоқ па! ...
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?
– деп налыған Ілиястың жан тебіренісін неге ұмытамыз?
Алаш арыстары кейінгі маргинал ұрпақтың «темір тұлпар» деп көсемситінін сезініп те жандарынан түңілген шығар. Ілиястың Құлагері жазушы мен оның кейіпкерінің психологиялық, биологиялық ара байланысының біте қайнасқан ажырамас тығыздығын, мистикалық қабысуын көрсетеді. Құлагер – Қазақ атаның аспантекті ұлдарының қанаты еді. Ақын бір жүйріктің қазасын екінші мәрте егіліп жоқтауы, қамыға жаны түршігуі – тағдырдың қыл арқаны асау жүректі тұсағанына көнгісі жоқ аза болатын. Ақан серіні Мағжан ардақтап сүйген, жоқтаған. Ілияс Ақанды өр, сұлу тұлға деп тани тұра, оның өзін емес, арғымағын аза тұтты.
Құлагерді иесі әнге айналдырып жіберсе, Ілияс оны жануар дәрежесінен арылтып, символға айналдырып жіберді.
Ұлы ақынның тағдыры осы поэмадан соң күрт өзгерген сияқты. Ол «Құлагерін» жазбаса, жабықпаса, бәлкім, тірі де қалар ма еді, қайтер еді?! Тағдыры соған бас игізген соң Ақынның сөз құдіретіне бағынудан өзге амалы жоқ.
«Құлагер» поэмасы өзіне-өзі үкім айтумен парапар дүние. Ақын нені сүйіп жазса, жаны сол шеңберде. Үкім орындалған соң ол кекке, мұратқа, мәңгілік шыраққа айналады.
Бүгінгі адамдар дүниеқоңыздықты мәртебе санайды. Жылқы шалығы оларда жоқ, жұрт мүсінді жылқыны енді «Мальборо» сигаретінің жарнамасынан көбірек көріп сұқтанады. «Ковбой» дегенді білгенсиді. Бұлар ақиреттік ұғымдардың өзін күнделікті тұрмысқа бейімдеп алып, алшаң қағып жүр. Кәдімгі лифтті алыңызшы. Неге ұқсас? Жәшік дей көрмеңіз. Әрине, табытқа ұқсайды. Есі дұрыс адам терең ордың үстіне ілінген аспалы табыттан аулақ болар еді ғой. Бірақ адамзат метафорадан жұрдай болып, ажырап-айрылып бар жатқан сияқты. Өйткені көзін май басып, тек пайданы, табысты күйттейтін болған. Ақырзаманға сенгісі жоқ. Бірақ қай заманда да жарық дүниеге нұр болып себілген Аллатағаланың сәулесін сезіне алған арманшылдар, сезімтал жандар болған.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.