Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Асқар Сүлейменовтың «Бесатары» түрік тілінде жарық...

Асқар Сүлейменовтың «Бесатары» түрік тілінде жарық көрді

11.11.2025

2571

Асқар Сүлейменовтың «Бесатары» түрік тілінде жарық көрді - adebiportal.kz

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы, әдебиет сыншысы әрі драматург Асқар Сүлейменовтың «Бесатар» повесі түрік тілінде жарық көрді. Сонымен қатар қаламгер туралы естеліктерді қамтыған «Парасат падишасы» атты екі томдық жинақтың таныстырылымы өтті.

Әдеби кеш Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылды. Шараға қаламгердің туыстары, әдебиеттанушылар, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты.

Асқар Сүлейменов – қазақ әдебиетінің ең күрделі әрі терең ойлы қаламгерлерінің бірі болды. Ол «Бесін», «Адасқақ» атты прозалық туындыларымен қатар, әдебиет пен өнер тақырыбындағы публицистикалық мақалаларымен де танылған. Сондай-ақ «Арғымақ пен шабандоз», «Құлагер» киносценарийлерін жазып, «Жазушымен жүздесу», «Жетінші палата» драмалары мен «Болмыс пен бетпе-бет», «Кек» еңбектерін жариялаған. Ал «Ситуациялар» триптихы үшін жазушыға Мемлекеттік сыйлық берілген еді.

“Бесатар” шығармасын түрік тіліне белгілі түркітанушы, аудармашы Абдулкадир Өзтүрк пен ақын Қарлығаш Қабай аударған.

– Асқар Сүлейменовтің “Бесатар” атты шығармасы қазақ әдебиеті, мәдениеті мен тарихы тұрғысынан аса маңызды туынды. Біз оны аудару барысында қазақ тілінің байлығына, бейнелеу қуатына тәнті болдық. Басты мақсатымыз – Түркия халқы мен зерттеушілері Асқар Сүлейменовтің шығармашылығымен жақынырақ танысса деген ниет, - дейді түркітанушы, аудармашы Абдулкадир Өзтүрк.

Кеш барысында жазушының жары, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова да естеліктерімен бөлісті.

– Соңғы жылдары көптеген қазақ жазушыларының шығармалары шет тілдерге аударылып жатыр. Бірақ Асқар Сүлейменовтің еңбектері аз аударылған. Себебі оның тілі, лексикасы өте күрделі. Оны екінің бірі аударып кете алмайды. «Парасат падишасы» – Асекең туралы естелік кітап. Бұл еңбек алғаш 1997–1998 жылдары жарық көргенде оқырман арасында ерекше сұранысқа ие болды, тіпті сол кезде оны «ғасыр кітабы» деп атаған еді, - деді Әлия Бөпежанова.

Кеш соңында қатысушылар жазушының тіл өрнегі мен ой тереңдігін жаңа қырынан танығандарын айтып, «Бесатардың» түрік оқырмандарына жол тартуы – қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуына қосылған зор үлес екенін атап өтті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan