Серік Құлжақанұлының өлеңдерін оқта-текте оқығаным болмаса, бетпе-бет жүздескен емеспін. Тіпті оның Қазақстанға келіп, өмірінің соңғы кезінде Алтайдың бергі беті Катонқарағайға барып қоныстанғанынан да хабарсыз едім. Күніне болмаса да күн аралатып хабарласып тұратын досым Қуанышқа сол күні телефон шалып едім көтермеген, ел орынға отырып, сам жамыраған шақта өзі байланысқа шықты.

– Қаке, хабарласқан екенсің, телефон көтере алмадым. Серік Құлжақан деген ақын бауырым екі-үш айдың алдына осы Катонқарағайға көшіп келіп еді, кеше сол ініміз бақилық болыпты. Туыс-туған, әйел-бала шағасының бәрі арғы бетте. Сол жігіттің соңғы жұмыстарымен жүрдім,- дегенде кеңсірігім ашып қоя берді. «Ой, әлгі ақын Серік Құлжақан ба?» деппін жөпелдемеде аузыма сөз де түспей.
– Иә, сол жігіт. Келіскен азамат еді, соқтықпалы-соқпалы мына өмірдің ыстық-суығын да бастан өткерді. Енді Оралханның туған жерінде кер бұғыдай керіліп өмір сүргім келді, Алтайға да жақын, ауасы да, табиғаты да Алтаймен бірдей. Тым құрыса Алтайымды сыртынан қарап жүрейін деп көшіп келдім аға деп еді. Бір-ақ күнде арамыздан аттанып кетеді деп кім ойлаған,- деп Қуаныш та ауыр күрсінді.
– Өзі білген-ау деймін, соңғы кездері жазған өлеңдерін оқысам өлім, ажал, қабір туралы көп жазыпты. «Әттең, неге осылай жазды екен» деп қынжылдым аза сөзін жазып отырып,- деді де, - мынау Секеңнің ең соңғы жазған бір шумақ өлеңі, тыңда,- деді де, дауысы дірілдеп:
Тауларым менің, тарланым менің,
Баурайы жасыл, басы мұз.
Біз деген қалқам алысқа тамған,
Алтайдың ыстық жасымыз!.
Тыңдап тұрып, сілейіп тұрып қалдым. Телефонның арғы басындағы Қуанышта да үн жоқ.
«Біз деген қалқам алысқа тамған,
Алтайдың ыстық жасымыз!». Қандай ғажап сөз. Өңменнен өтетін, жүрекке жететін осы екі жол өлең сол күннен бастап тіліме байланды да қалды. Неше күн бойы «Біз деген қалқам алысқа тамған, Алтайдың ыстық жасымыз!» деп күбірледім де жүрдім.
Кейде бір өлеңнің бар салмағын бір-екі-ақ жол көтеріп тұрады. Тіпті тұтас шығарманың мазмұны мен көркемдік қуатын ашып беретін де сол бірнеше тармақ. Ақынның жан дүниесі, өмірге көзқарасы, заман туралы толғанысы ұзақ баяндаудан емес, жүректен шыққан бір ауыз сөзден-ақ танылып жатады. Сондықтан кей өлеңдердің ғұмыры да сол бір-екі жолдың ғұмырымен өлшенетіндей көрінеді. Кейде тіпті жүз жол айтып жеткізе алмайтын ойды ақын екі-ақ жолмен жүрекке қондырады.
Серіктің соңғы жазған жалғыз шумақ өлеңіндегі «Біз деген, қалқам, алысқа тамған, Алтайдың ыстық жасымыз» деген жолдар да түсінген адамға сондай әсер қалдырды. Тұтас бір ұрпақтың тағдырын, туған жерге деген сартап сағынышын, фәни өмірдің өткіншілігін ақын осы екі жолға қалай сыйдырып жіберді екен деп таңғалып отырасың да, Пушкиннің «өлеңнің екі жолы ғайыптан келеді» деген сөзі еске түсіп, бұл екі жол өлеңді де Серіктің аузына құдай салған-ау деп топшылайсың. Бұл ойды жазушы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Қорғасбектің: «Өлеңнің бас-аяғы түгел бірден туа салмайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Естіп те, көріп те, кейде бастан өткеріп те жүргеніміз – алғашқы екі жолдың адамға қапылыста келетіні. Бұл не өзі, Алладан түскен аян ба?» деген толғанысы одан әрі тереңдете түседі. Расында, Серіктің осы екі жолы – ұзақ ізденістің ғана емес, ақын жүрегіне ғайыптан қонған тылсым шабыттың жемісіндей әсер қалдырады.
Екі-ақ жол өлеңнің құдіреті туралы сөз болған сайын есіме бір оқиға оралады. Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы аясында жас ақындардың мүшәйрасы өткен еді. Сахнаға бірінен кейін бірі шығып, кіл жүйріктер жыр оқыды. Мүшәйра аяқталып, жеңімпаздар марапатталған соң, сыртқа беттеп бара жатқан ақын Оразақын Асқар ағадан:
– Аға, мүшәйра қалай өтті? Көңіліңізден шықты ма? – деп сұрадым.
Сонда ол кісі аз-кем ойланып тұрып:
– Керемет жыр кеші болды. Бірақ мен төреші болсам, бас бәйгені басқаша шешер едім. Анау Ербол деген баланың Іле туралы өлеңі қандай ғажап! «Сарқылған мынау Ілеге, Қанымды құйсам толар ма?» дейді. Бұдан асырып не айтуға болады? Кейде тұтас бір өлеңнің бағын ашып, мазмұнын асқақтатып тұратын ұзын-сонар баяндау емес, дәл осындай екі-ақ жол болады. Ақынның бар сезімі, азаматтық ұстанымы, жан күйзелісі кейде сол екі тармаққа сыйып кетеді. Нағыз поэзияның құдіреті де осында,- деп қысқа қайырған еді. Серіктің: «Біз деген, қалқам, алысқа тамған, Алтайдың ыстық жасымыз» деген қос жолын оқыған сайын Оразақын ағаның осы сөзі еріксіз еске түседі. Өйткені бұл да – екі тармаққа тұтас бір халықтың тағдырын, атамекенге деген аңсарды, өмірдің ащы шындығын сыйғыза алған сирек жолдардың бірі.
Ақын дүниеден өткеннен кейін бұл жолдардың салмағы тіпті зорая түсті. Серік өзі де сезді ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, бірақ бұл шумақта қоштасудың лебі бар екенін, біз ақын өлген соң бір-ақ білдік. Кейде ақынның өмірі мен өлеңі осылайша бір-бірімен астасып жататынын ойласаң, әр бір жыр жолдары жай ғана көркем мәтін емес, тағдырдың өзінен жеткен аманат, аян деп қабылдайсың.
Әлем поэзиясында ұлы ақындардың басты ерекшелігі – жеке адамның мұңын жалпы адамзаттық деңгейге көтеру. Серік те «мен» демейді, «біз» дейді. Бұл – лирикалық кейіпкердің жеке тағдырдан биіктеп, тұтас ұрпақтың, тіпті тарихи көші-қонды бастан өткерген қазақ қауымының атынан сөйлеуі. Бұл арадағы «Алысқа тамған» – ерекше, ғажап әрі тосын метафора, аузыңа құдай салмаса, ойланып отырып жаза салатын жай теңеу емес. Ақын «көштік», «кеттік», «шашылдық» демейді. «Тамған» дейді. Ал тамшының табиғаты қандай? ол бір денеден ажырағанымен, қайта қосылмайды; қайда түсетінін өзі таңдамайды; аз болғанымен, бастапқы тұтастықтың бөлшегі болып қала береді. Демек, «алысқа тамған» деген сөз тіркесі қазақ диаспорасының, тағдыр айдап кеткен ұлттың, туған жерден бөлінген адамның бүкіл трагедиясын бір ғана бейнемен жеткізіп тұр. Сондай-ақ, «Тамған» сөзі адамның дүниеге келуі мен өмір жолының да символына айналады. Әр адам бір тұтастықтан бөлініп шығып, өмірдің белгісіз кеңістігіне «тамған» тамшы секілді.
Осыдан кейінгі «Алтайдың ыстық жасымыз» деген жолдың философиялық салмағы бұдан да ауыр. «Алтайдың баласымыз» демейді, «Алтайдың перзентіміз» демейді, «Алтайдың ыстық жасымыз» дейді. Яғни ақын өзін адам ретінде емес, туған жердің көз жасы ретінде бейнелейді. Арда алтайдың Атажұртқа тамған ыстық жасы...
«Поэтикалық үнем» тұрғысынан айтсақ, әлемдік поэзияның ең биік қағидаларының бірі – аз сөзге көп мағына сыйғызу екені белгілі. Осы екі жолда: тарих бар, көші-қон бар, сағыныш бар, туған жер бар, ұлттық жады бар, өмірдің өткіншілігі бар, бөлінудің қасіреті бар. Осыны оқырман сезді ме екен?
Қалиакбар Үсемханұлы
