Ақгүл Айдарбекқызы: Нәп-нәзік болуды үйренем қайтадан
Ақгүл Айдарбекқызы – 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті Әдебиеттану мамандығында докторантурада білім алуда.
2019 жылы Қыздар университетінде «жыл ақыны» атанып, «Мен гүлден де нәзікпін…» атты өлеңдер кітабы шыққан.
Бақ
Бала кезде өткір едім, өр едім
Естелікті ой бесікке бөледім…
Аула алдында іркіт пісіп отырған,
Көзді жұмсам…
кәрі әжемді көремін.
«Біреулердің ала жібін аттама»
Дейтін едің: «жаныңа кір сақтама
Сонда қызым ай оңынан туады,
Сонда қызым бұйырады бақ қана…»
Деуші едің ғой: «тілек тіле Құдайдан
Не береді тоғышарлық, құр айлаң
Ең әуелі бақты сұра, қызым-ау,
Қалғандары бола берер былай да»…
Бір жақсылық көрсем кесіп етімді
Бір жамандық көрсем шымшып бетімді
Кей кездері балалықпен бағымды
Күй кешемін тілемеген секілді…
Еркеледім, өкпеледім, бұлдадым
Қаламаймын айна-көңіл сынғанын
Ал қазір ше?
қол жаямын Құдайға,
Қашан әже, ашылады шын бағым?
Кеспе қосқан тойып ішсем көжеңнен
Өмір бойы қанар еді-ау кенезем.
Ашылатын бақты күтіп шаршадым,
Балалыққа қайтайыншы, Әже мен…
***
Бір биікке шалқар шабыт өрлесе,
Шылап мұңмен қол бұлғайды кең көше.
Жасыма жас толтырдым деп қуанып,
Бір туған күн жасап едім мен кеше…
Болмап еді... күдік, кесір, айла, мұң,
Тағдырымды туған күнмен байладым.
Бірер уақыт тұрып мені құшақтап,
Құшақ- құшақ гүл сыйлар деп ойладым.
Сезім дертің алға бастар көш ұқты...
Есік жақтан самал əлсіз есіпті.
Туған күннің күл талқанын шығарып,
Қанша уақыт кешікті...
Келмейтін боп шешіпті.
Маңдайымнан өппеу үшін өкпе- мұң,
Жанар жасын қаласам да төкпедім.
Бір ұлылық күтіп жүрсем өзіңнен,
Қызықсың ғой...
Шаруаларым көп дедің.
Ол мен үшін биік еді, көкте еді.
Өгей үні өң бойымнан өтпеді.
Бірақ оның, бір қоңырау шалуға,
Қауқары да жетпеді…
Тұла бойда лаулаған соң шоқтық ар,
Жанарымда маздап жатты от шынар.
Тіпті оның, бір сəт мені көруге,
Зауқы мүлдем жоқ шығар…
Менде сені, сен де мені, жыр етпе!
Жыр еткеннен семген сезім үдеп пе?
Мені қойшы, мен үйреніп қалғанмын,
Тек сəл ғана ауыр тиді жүрекке...
Ақырғы кездесу
Бар əлемнің тіршілігін тез кешіп,
Жаны мөлдір адамдарды сүймес кім?
Ақырғы рет кеше сізбен кездесіп,
Алғашқыдай күй кештім.
Есімімді атағанда жақын кеп,
Аппақ үркек үмітімді үйірем.
Қоштасуға ең бір қимас сəтім деп,
Сақтап жүрген көйлегімді киіп ем…
Құс жастыққа тамып түсті жас қашан?
Біз екеуміз шарасызбыз, күйсізбіз.
Сүйесіз бе деген сауал тастасам,
"Құрметтеймін"… дейсіз сіз.
Өткен күнде қалған шығар талай із.
Күңгірттеніп атты бүгін күн ұям.
Ал сен ше, — деп жанарыма қарайсыз,
Жылы ғана жымиям…
Біздер енді басқа арнаға көшеміз,
Тағдырымыз кетпеу үшін құрдымға.
Ақырғы рет кездестік қой кеше біз,
Айтыңызшы...
Қызарақтап тұрдым ба?
Талапайға салынбай-ақ сынса айым,
Маңайыма мөлдіреген мұң үйдім.
Ақырғы рет кездессек деп күн сайын,
Тəңірімнен тілеймін.
Мен енді...
Мен енді…
Нәп-нәзік болуды үйренем қайтадан
Түймедей шаттықтан мән табам,
ой табам
Қайғыдан, күнәдан аршып ап жанымды
Гүл болып жайқалам…
Мен енді…
Ауырса білегім, ауырса жүрегім…
Осынау әлемге еркелеп жүремін.
Шаруасы болмасын ешкімнің ешқашан
Қуансам жылаймын, жыласам күлемін…
Мен енді…
Нәп-нәзік арумын ештеңе білмейтін
Қақаған аязда бәрібір бүрлейтін
Өмірге шуағын шашуға келгендей
Алысқа-а-а қарайды күн кейпім…
Мен енді…
Қайраңда қалса да сезім мен ой ағын
Баламды құшақтап, жылауды қоямын.
Білсеңіз, әлі де еркелей қарайды
Жуылған мойылдай жанары аялың.
Мен енді…
Ешкіммен жауласпай, ешкімді жек көрмей
Құлпырғым келеді қырдағы көктемдей
Өкпем де жазылды, кешірдім барлығын
Бір жарық жанымды өпкендей…
Мен енді…
Шарлаймын әлемді, ұшамын айға да…
Тәбәрік көремін, не түссе, таңдайға
Өзіме үңіліп, өзімді қазбалап,
Қазына табамын жай ғана…
Мен енді…
Неге?
Ойсыздарға тоқ айналам
Солар жанға жас парлатты
Неге қазір көп ойланам
Неге жаным тастан қатты?
Не беремін аш жаныма
Жаһли сөзді ұлықтаймын…
Ақиқаттан қашқаным ба
Неге осы көп ұйықтаймын?
Бұйыра ма тек адал нан?
Жарқыраған қане түн… таң?
Қорқам неге тоқ адамнан
Аш адамнан және қорқам…
Жан ауырып, өкпе қылсаң
Соққыларын үдетеді
Неге бір тал шөп жұлынса
Бүкіл әлем дір етеді?
Қыс келе ме күзден кейін
Айғайшылдың көп пе ұраны?
Неге тағдыр бізбен жиі
Ойнағысы кеп тұрады?
Тыңдалмаған сөз құрысын
Естіместің — өгей тегі
Неге еңбекқор өз жұмысын
Істей беріп көбейтеді?
Боз болмысқа күй сіңіре
Ақиқатшыл санам бар ма?
Неге сенбей түйсігіме
Сене салам адамдарға?
Сезінбей-ақ жар қызығын
Жүрегімде шарлайды өлең
Тереңдесе жалғыздығым
Неге елесті қармай берем?
Ойсыздарға тоқ айналам
Солар жанға жас парлатты
Неге қазір көп ойланам
Неге жаным тастан қатты?
***
Ғашықтық хәл тартқанмен, қайғырғанмен,
Көңілге ақылменен парасат ем.
Махаббат ол — есімнен айырылғанмен,
Есімді жиған күннің арасы екен.
Қанша асқақ сөз айтылар, жарасым əн,
Кеудеме сіз кеткелі құлаған зіл.
Біз жүрер Есентайдың жағасынан,
Көргім кеп тұрғаның-ай тура қазір..
Мылқау жүрсек атады шақалақ таң.
Əлде оның ғұмыры бір күндік пе?
Біз жеңілсек, жеңілсек махаббаттан,
Жегілетін шығармыз қу тірлікке…
Жан азығы ақылмен тояттанса,
Жалаң қайғы жалмайды текке Уымен.
Махаббат орта жолдан аяқталса,
Шүкірліктің екеуге жетпеуінен.
Бірдеңе өнеді ме қайғырғанмен,
Көңілге ақылменен парасат ем.
Махаббат ол — есімнен айырылғанмен,
Есімді жиған күннің арасы екен.
***
Жасаса да тағдырға тас күн құрық,
Шыңырауын шерімнің əрең қаздым..
Ескі дертті алдым ба асқындырып,
Əйтеуір өлең жаздым..
Қарайлаймын үздігіп бір есімге..
..Маған ғана арналған, жатқа бөтен.
Бүгін бізге қар жауды!
Білесің бе?
Менің арым секілді аппақ екен..
Қойып едің сен кеше сұрақ қандай?
Жырым- жырым жүректі құрап талдым.
Мың жыл бойы өзіңді ұнатқандай,
Жылап қалдым!
P.s.
Бəлкім оған мен мүлде ұнамадым.
Бəлкім менің таусылар жетті күнім.
Жанымнан кетпей жүрген бір адамым,
Кетті бүгін!
Бəрі осылай бітсе екен...
Белгісіз қыз
Ұйқымнан оянсам...
Белгісіз қыз жатыр жанымда…
Кім екенін есіме түсіре алар емеспін
Мүмкін, бұл қыз сауал шығар қойылған арыма
Мүмкін бұл қыз, менің өзім бе екен?
Балалық кезім бе екен?
Кім екенін білгім кеп
Ақырын ғана тұра ғой, тұр дестім..
Кім екенін есіме түсіре алар емеспін…
Өзі әдеміше көйлек киген, аққұба қыз екен
Неге екен, ендігі ұйқысын күзеткім келе береді…
Күзетем…
Осы қыздың көзімен барланатын
Өткеніме қарасам тек құз екен…
Сонда қазір өмірімнің сүріп жүрмін қай маңын?
Қайда қонды айлағым?
Бір кезде бейтаныс қыз тәтті үнімен “мама” деді
Ішім ду ете қалып,
Өкініштің қазанында қайнадым…
Қаламымнан күмбірлеген күй ақты
Бейсанам әлі қателіктерімді кешірмейтін сияқты…
