Ар айнасындағы ақын

«Ақ батпырауық» жыр жинағындағы лирикалық тұлға туралы

106

Ар айнасындағы ақын - adebiportal.kz

«Іздеген Ол жолаушы өзін өзі...»

Маралтай

Біз оны баяғыдан білеміз, бұрыннан атына қанықпыз. Алматының алабұртқан мінезіне төтеп берген бір ақын ала шап­қын көшесінде кетіп бара жататындай көрінетін. Студент кезімізде әне-міне көшеден Маралтайға кезігіп қалармыз деп ойлаушы едік. Өйткені тоқсаныншы жылдардағы Маралтай образының аңызы ауызекі әңгімеде де, мақалаларда да дүркін-дүркін айтылып, жазылып жататын. Аман-есен ортамызда жүргенін де білетін едік. Бірақ кездестіре қоймаппыз.
«Әдиләдан» бастап, ақынның барлық өлеңін сүйіп оқыдық. «Игілікті» өз ауылымызға барғанда да жатқа айтқымыз келіп тұратын. Оның өлеңдеріндегі экспрессия біздің бойымызға жұғып, өжеттеніп кетердей көрінуші едік. Темірхан ағамыз «алтынкөпірліктер» деп атаған топтың басында тұрған осы ақынды әдебиетке қызыққан қай оқырман болса да – іздеп оқыды. Мен де солардың қатарында едім.
Жазушылар одағының бір съезінде Маралтай Райымбекұлы одақ төрағасының орынбасары болып келді де, жақынырақ танысуымыз сол кезден басталды. Ара-тұра кабинетіне барамыз. Әңгімесін тыңдаймыз. Ақындық болмысы, аңғал мінезі, таза көңілі білініп тұратын. Ағаларына деген құрметі айқын болатын. Иран-Ғайып, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Ғабиден Құлахмет сияқты көкелеріміздің азаматтық, ақындық тұлғаларына шаң жұқтырмайды. Еркелейді. Солардан бір ғажайып сый, құрмет көрген сияқты... Өмірі көрген жылылығын айтып отыратын. Әрі бәрінің өлеңдерін жатқа оқиды. Осы әдетінің өзі бізге «ағаға құрмет» деген осы шығар деген ой тудыратын.
Өзі Мұқағалиды сүйеді, Тыныштықбекке шәк келтірмейді, Есенғалиды биік қояды. Қатарластары десе, тіпті, жаны бөлек. Інілерін алқалап, бәрінің шығармашылығын насихаттайды да жүреді. Бір кездері атын естіп, өлеңін іздеп оқыған ақынның осындай мінездеріне де қанық бола бастадық. Кейде жағасы жайлауда, жайбарақат жүрсе, кейде өрекпіген өжеттігі бар. Басқа біреу айтса жараспайтын сөзді Маралтай айтса – жарасымды көрінеді. Оның жұрттың бәрі білетін өзі айтқандай «сол баяғы алқам-салқам қалпы» өзгеге емес, тек Маралтайға қонымды. 
Ақын «Ақ батпырауық» деген атпен кітап шығарыпты. Бұрыннан білетін ақыныңды енді не жазыпты деп оқығың келеді ғой. Оқыдық. Мен басқа Маралтайды көрдім. Ақынның бәрін алаңдатқан адамзат тіршілігінің абыржыңқы әлпеті, адам жан дүниесінің құбылмалы келбеті, «не бол, не бордай тоз» деген мәңгілік сұраққа жауап іздеп аласұрған жан әрекеті бар. Әрине, қара қазандай өкпесі де жоқ емес.  
Өзіне үңілген, өзін тануға талпынған, анық болмаса да өзін шырамытқан ақынның жырларында әлдеқандай шынайылық бар. Жыры байсал тапқан, аптығы басылып, зымырап келе жатып, кілт тоқтап, алды-артын бажайлаған, қайда бара жатқанын, кім екенін, қасында кімдер барын ойлаған ақынның ең алдымен өзіне адам ретінде зер салғаны байқалады.
«Көзімді тарс жұмсам – тұрады бір бала,
Тұрады бір бала тұнжырап мұңдана.

Шет қалған жасынан ойынға, сауыққа,
Арманын байлаған ақ батпырауыққа.

Қараса қарасын өзгелер күмәнмен,
Тіл тапқан итпен де, ордалы жыланмен...».
Кітабына осы өлеңінің аты беріліпті. «Ақ батпырауық»! Тұтас кітаптың лейтмотиві осы жырдың өзегіне байланған. Ақ батпырауық – балалық шақтың елесі ғана емес. Ақынның өз жанының, болмысының бейнесі. Көзін жұмғанда алдынан шығатын сол бала – уақыттың әлдебір қалтарысында, өткен өмірдің бір кезеңінде қалып қойған кейіпкер емес, бүгінгі ақынның өзі. Жас күнінде ойыннан да, сауықтан да шет қалған, арманын аспанға ұшқан батпырауық­қа байлаған бала есейгенімен, жоғалмапты. Ақынмен бірге, ішкі әлемінде өмір сүріп келеді екен. Біз өмірді сүре жүріп, есейдік деп ойлаймыз. Бірақ біздің әр кезеңіміз болмысымыздың ажырамас бір бөлшегіндей жанымыздың қатпарларында қала беретінін ойламаймыз-ау. Адам егде тартса да, көңілі жас сезілетінінің бір сыры, бәлкім, осында...
Сол себепті ақынның бұл жинағындағы өлеңдерде сыртқы дүниені сипаттаудан гөрі, өзімен тілдесу, өз ішіне үңілу бар. Маралтайдың бұл жинағында лирикалық кейіпкер өзгеге емес, өзіне көбірек қарайды, үңіледі.
Әдебиеттануда лирикалық тұлға туралы сөз көп. Бұл кейіпкерге қатысты бірін-бірі қолдаған, я қарсы болған пайымдарды жіктеп, бізге түсіндіріп берген сыншылардың бірі – Тұрсынжан Шапай. «...Лирикалық кейіпкер – лирикадағы ақын образы, нақты авторлық «меннің» лирикалық шығармашылықта объективтенуі. Жеке өлең ғана емес, тұтас өлеңдер циклынан, өлеңдер кітабынан, лирикалық поэмадан, белгілі бір ақынның лирикалық туындыларының бүкіл жиынтығынан көрініс табатын, өзінше ерек тағдыры, жеке адамдық болмыс-бітімі, ішкі әлемі, психологиясы айқын дараланған, нақтылы мінез ерекшеліктерімен кейіп алған толыққанды бейне болып табылады», – дейді де, «лирикалық кейіпкер – ең алдымен көркем бейне» деп қосады. 
Маралтайдың бұл кітабындағы лирикалық тұлға – тұтас бір поэтикалық жүйеден көрініс тапқан, өз психологиясы бар, өз тағдыры бар, белгілі бір сұраққа жауап іздеген кейіпкер (Мен кіммін, қайда барамын, қандаймын?). Кітапты оқып шыққан адам жан дәрмен күйі өз болмысымен, табиғатымен алысқан, күрескен бір кейіп­керді көреді. «Ақ батпырауық» өлеңдер жинағы болғанымен, мен бұл кітапты сол себепті біртұтас лирикалық шығарма деп қабылдадым. Барлық өлеңге тұтас қараған кезде лирикалық тұлғаның келбеті айқын көрінеді. Ол дәл ақынның өзі деп айта алмаспыз. Мүмкін жаспен, мүмкін өмір сапарынан алған сабақпен келетін қасиет пе, адам баласы өзіне бір үңіледі ғой. Осы сияқты өмірлік және рухани тәжірибемен келетін қасиеттер арқылы ақын бір кейіпкер жасайды. Қалай болғанда да сол лирикалық тұлғаның өн бойында Маралтайды толғандырған, алаңдатқан мәселелер жатқанын жоққа шығара алмайсыз. «Лирикалық туындының орталық «персонажы» – оны «Жаратушының» өзі, ең алдымен ішкі әлемі» депті Гегель. Ендеше, Маралтайдың жаңа жыр жинағындағы өлеңдеріне ақынның өз болмысының, ішкі әлемінің бір нәзік сәулесі түсіп жатқаны түсінікті.
«Өткен сәттің елесіне қарайлап,
Альбомды парақтаймын абайлап.

Әр бетінде – өмірімнің әр беті,
Тағдырымның тартқан уы, шәрбеті.

Болмысымда, дидарымда, көзімде…
Тіке қарап біреу отыр өзіме.
Үнсіз парақ ашылғанда алдымда,
Тұрған жанды шырамыта алдым ба?..».
Альбомды парақтап отырып, тұтас өмір тізбегін көрген ақын соңғы бетін әзірге жаппайды. Жапқысы келмейді. Ажалдан қаймықпағанмен, өмірді қимайды. Өмірінің өткен сәттерін көз алдынан жүгірте отырып, тек суретке емес, сол өткендегі өзіне қарайды. Осы кітаптағы қайта-қайта өз ойына өзі тұншыққан ақын көңілінің алаңын көріп, саналы түрде осындай қадамға барған деп топшыладық. Маралтайдың кейінгі жырларындағы бас­ты ерекшеліктің бірі де осы – адамның өз-өзімен бетпе-бет келуі. Бұрынғы өжет мінез, адуын леп, асау екпін мұнда да бар, бірақ енді олар сыртқа емес, ішке қарай бұрылғандай әсер қалдырады. Ақын өзін таразылайды, өзін сұраққа алады, кейде өзімен дауласады, өз шешімдерімен келіспейді. Сондықтан оның лирикалық қаһарманы өмірдің мәнін сырттан іздемейді. Өткен күндердің елесімен тілдесіп отырып, өзіне де жұмбақ болған жанының қатпарларын ашуға ұмтылады. Өйткені белгілі бір жасқа келгенде қаламгер үшін дүниені танудан гөрі, өзін тану маңыздырақ бола бастайтындай. Қалам ұстағандардың қай-қайсы да өзін айналып өте алмаған. Өзін жазған. Өзіне үңілген, түңілсе – өзінен түңілген.
Мына әлемде көп нәрсемен ­бетпе-бет келуден қорқынышты нәрсе жоқ. ­Жауыңмен, өліммен, жамандықпен... Солардың ішіндегі оңай емесі – өзіңмен бетпе-бет келу, өзіңмен бетпе-бет қалу. Өйткені тірі пенденің арасында сені өзіңнен жақсы ешкім білмейді. Тіпті, жан жарың да, балаң да, досың да. Адам құпия ғой. Жаны тылсым. Маралтайдың бір батылдығы – осы кітабында өз болмысымен бетпе-бет қала алғаны.
Ақ батпырауық ұшырған бала, альбомдағы бейне, айна алдындағы келбет, көзін жұмғанда елесі жүрген жігіт – бәрі ақынның жан дүниесінен тарап жатқан бейнелер. Тіпті, осы жасындағы өзіне де тура қарайтын өлеңдері бар. Ағынан ақтарылатын, бәрінен жерініп тұрып, шынайы сөзін айтқан жырлары бар. Өмірдегі ең қиын дүниенің бірі ғой – өзіңе үңілу. Шынайы қарау. Бұл кітаптың құндылығы болса – осы өзін, әрекетін, сөзін таразылай алғанында.
Ақын атаулы айналып өтпейтін тақырыптың бірі – ажал. Кейде осы өлімге келгенде қаламгерлеріміз пафосқа барады. Бұның артында өлімнен кейінгі шығармашылық ғұмырына алаңдау да жатады. Сол үкімді күте жүріп, бір ойланған сәтінде ақын:
 «...Ажалдың дауа, емі не,
Білсең айт, кәне, қайтымын.
Өкінтпес ешбір мені де
Қайтадан оралмайтыным...», – депті. 
Лирикалық тұлға өткінші ғұмырдың бар шындығын мойындай отырып, тағдыр алдындағы дәрменсіздігіне де бас ұрады. Ажалмен жалған алыспайды. Тағдырға наза да білдірмейді. Бақи мен фәнидің арасында жалғыз қалған ақын ажалды да жалғыз қарсы аларын, қарсы бола алмасын біледі. Бұл ежелден келе жатқан ақиқат қой. Маған осының өзіне пафоссыз, шынайы қарай алғаны ұнады.
Өлеңдегі сұрақтың жауабы жоқ. Қорқыт та таба алмапты оны. Сол жауабы жоқтықтың өзі адам өмірінің ең үлкен ақиқаты, пенденің ең үлкен дәрменсіздігі емес пе?.. Сол себепті өзін түсінуге, тануға ұмтылған ақын өмір заңдылығын да түсінуге бейіл. Осы шумақтағы қарапайым ақиқатқа тоқталуымыздың себебі де осы. Әйтпесе түсініп тұрып – «түсінбей», тағдыр мен ажалға қарсы шарасыз пафосқа толы қанша сөз айтылды деңіз.
Лирикалық тұлға өзін тануға ұмтылған сайын өткен өміріне тереңірек үңіледі, үңілген сайын өзінің бүгінгі болмысын анығырақ тани түседі. «Ақ батпырауықты» өне бойындағы сағыныш та содан туады. Кешкен ғұмырды, сүрген дәуренді аңсау­дан туған жалаң мұң, жалған сағыныш емес. Өткенді аңсаған сайын өмірді қимайсың. Қимаған сайын сағыныш сезімің үдей береді. Ана, туған үй, балалық шақ, ауыл, көзден кеткен адамдар туралы ойлар лирикалық кейіпкердің өмірбая­нының ажырамас бөлшектері. Өзінің кім болғанын, кімге айналғанын түсінгісі келген адам өмір бастауларына қарайды. ­Маралтайдың бұл жинағындағы сағыныш та, мұң да, өкініш те лирикалық кейіпкердің тамырынан туған, көктеген. Сағынған, өзін тану үшін өткен өмірін, кешкен тағдырын ойынан қайта бір өткізген, жіберген қателіктеріне, жеткен табысына да сын көзімен, адами болмысымен қарай алған.
«...Жетекке еріп барам маң далада...
Маң дала паңдана ма, таңдана ма?!

Тағдырым мені кімге байлап еді,
Жетелеп бара жатыр қайда мені?!»
Ақын бір тоқтамға саналы түрде келген. Немесе «Апа» өлеңіне қараңыз. Біз өмірде аман жүрсек, аналардың ақ батасы себепті аман жүр екенбіз. Біреудің дұғасы, жақсы тілегі сені аман алып келе жатқанын естен шығарамыз. Өзім болдым, өзім толдым деп ойлаудың күпірлік екенін ақын еске салады. 
Бұл да – сол жауапкершілігі бар сағыныштан туған өлең. Өз бейнесінен бөлек апа бейнесінің алдында да жауапты екенін сезініп, осы күнгі болмысымды көрсе, апам не ойлар еді деген түпкі ойдың әр пенденің жүрегінде жатары белгілі. Тіршілікте адам өз өмірінің сәтті болуынан тек өзі ғана рақат таппайды екен. Өзінде бәрі жақсы болса, тілеулес бір адамның да тоғайған көңілмен алаңсыз болатынын сезеді. Ол не әкесі, не анасы, досы. Маралтайда апасы екен. Сол апасының көңілі үшін де адам болу үшін күресуге болады. Жетістікке жету үшін тоқтамай еңбектенуге болады. Өмірдің көп мәнінің бірі де – осы.
 «Жеткізе алман сөзбен айтып мұны мен, 
Қайта туып естеліктер ең ескі.
Апа, сені ойлап жатам түнімен,
Әз бейнеңді есіме алып көмескі...».
Адам өзін таныған сайын өзі туралы бұрынғы пайымдары шайқала бастайды. Бәрін білемін деп келіп, өмірінің соңында ештеңе білмейтінін түсінген толстойлық пайымның да сыры осында. «Алдымен өзіңді таны», «күрестің ең үлкені – өзіңмен күрес» деген бүгінгі жалпы білетін тоқтамдардың көбі осындай ұзақ ізденістердің нәтижесінде туған жоқ па? Бүгін біз оп-оңай айта салатын, қолдана салатын ақылды сөздердің бір замандары әлдекімді ұзақ уақыт толғандырып, баз кештіріп барып туғанын ойлай бермейміз. Осы тұрғыдан алғанда Маралтай өзінің алдындағы ақындардың жолына түсіпті. «Сұлба», «Қылмыс» өлеңдеріндегі ақындық аңсардың ар жағында басқа емес, осы пенде деген жаратылыстың табиғаты жатқаны бәріне түсінікті болса керек.
 «...Көзіңе қадап көзімді,
Ішіңе іштей үңілем. 
Жатырқап кенет өзімді, 
Жат көріп сұмдық түңілем!

Сен-дағы маған салқынсың, 
Сырымды бүкіл білесің. 
Ұяттың ұқсаң нарқын шын, 
Несіне жалған күлесің?!

Бір тудық, бірге өлеміз, 
Басқа жол мүлде іздемеш... 
Айырыла алмай келеміз, 
Біріміз бірімізден еш...».
Айнаға қараған адам әдетте сыртқы келбетін көреді. Ал осы өлеңде ақын өзін алдына отырғызып қойып, ішін көреді. Осы «сиқырлы айна» алдындағы лирикалық тұлға басқаға болмаса да, өзіне шынайы. Сондықтан мұндағы «сен» мен «мен» екі адам емес, бір тұлғаның екі қыры. Өзінің барлық сырына қанық бейненің алдында тұрып, жалған сөйлеудің мәні жоқ. Ақталмайды да, арылмайды да. Тек жанын, арын таразылайды. Қиыны да сол, өзіңнің шынайы болмысыңды қабылдау. Өзін жат көріп, шошитыны да сондықтан. «Бойдағы мінді санасам» деген Абайдың ұстанымы кейінгі көп ақынға үлгі болған сияқты. Тірі пенденің бәрінен әлдене жасыруға болады. Бірақ өз ар-ұжданыңның алдында не жасыра аласың?.. Айна ішіндегі «ол» – лирикалық тұлғаның барлық әрекетінің жалғыз куәсі, әділетті соты. «Несіне жалған күлесің» деген сөздің өзі де айна сыртындағы «оның» бір болмысын көрсетіп тұрған жоқ па?!
Бірінен бірі айырыла алмайтын, өлсе бірге өлетін осы екеуінің арасындағы диалогтың драмасы сырттан емес, лирикалық кейіпкердің ішкі дауылынан, қарама-қайшылығынан, тартысынан туып отыр. Өзіңмен бетпе-бет қалудың қорқынышты екенін айтқанымыз да осы еді. Адамның дұшпаны өзге емес, алдымен өзі екенін де пенде өзін танығанда барып түсінетін ақиқат болса керек.

***
– Ол қандай жау? Дәлел бар ма сөзіңе,
Жауап берші, тіке қарап көзіме!
– Мені басқа қандай дұшпан жеңе алмақ,
Өзге емес, Өзім жаумын өзіме!!!

***
«Менің менім қайда кетті, кім көрді?
Жалғыз кезіп жүрер болдым түндерді.
Естір болдым естілмей үндерді,
Теріп жүрем көрінбейтін гүлдерді...»

***
Осы шумақтардағы көлеңкелеп жаба алмайтын шындық пен шынайылықты адам қанша уақыт іздейді екен... Кейде тіпті, өзіне де айтуға ауыр шындықты айта алу үшін де шығармашылық ерлік керек сияқты. Осындай сөздер айтылған кезде лирикалық кейіпкердің орны ақындық «менге» ауысады. Ақын бірінші дауыстан сөйлеген сөзінің бәрін «ақындық менге» жатқызамыз ба, әлде контекске қарай бағамдаймыз ба деген сауал да тууы заңды. Бұл біздің поэзиямыздағы лирикалық кейіпкер мен «ақындық менге» тағы бір зерттеу керек екенін көрсетсе керек. Меніңше, ақын өз атынан сөз алған өлеңдерінің бәрін «ақындық меннің» сөзі деп қабылдауға болмайды. Кейде ақын қоғамдағы әртүрлі мінезді, әрекетті өз бойына қабылдап, өз атынан да сөйлейді. Кейіпкер ғана емес, сонда ақындық «меннің» өзі жиынтық образға айналуы мүмкін ғой.
Өзі туралы ойланған адам Жаратушы туралы ойланбай қоймайды. Маралтай ақынның бұл кітабында сенім тақырыбы да молына кезігеді. «Сенім мен шүбә», «Шәк», «Уәсуаса», «Тағдыр» өлеңдерінде адам өз кеудесіндегі мазасыз сансыз сұрақтың шырмауында қалады. «Не үшін?» деп толғанады. «Өмір сүру не үшін керек? Жақсы болу не үшін? Жақсы атану не үшін?». Әр құбылыстың шешімі, жауа­бы болса да – адам бәріне бірден жете қоймайды. Жете алмай кетуі де мүмкін. Әрі ол сұрақтың маңында өзінен басқа бас қатырып жүрген сырлас таба алмауы да ғажап емес. Сол себепті адам өзін жалғыз сезіне бастайтын шығар.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Маралтай Райымбекұлының бұл кітабында сөзсіз ізденіс бар. Лайық та. Шығыстың демі, ләмі бар. Мазмұн, форма тұрғысынан да өзге бір Маралтайды көріп тұрмыз. Жыры байсал тартқанмен, ішкі жан дүниесінде мазасыздық бар. Тыныштық жоқ. Аласұрған көңіл бар.  Бәлкім, адам сөйтіп барып – өзін табады. Бәлкім, ақын осылай шындығын жоғалтпайды.
Адасқан болармын,
Өзіме келеді оралғым.
Өзіме оралғым келеді,
Қажыдым, шаршадым себебі.
Өзімді іздедім, шарладым ғаламды,
Ең қиын дүние – түсінбеу адамды!
Өзіңді түсінбеу, танымау қайғылы,
Жүрегім айныды..!
Өзімді танымай, түсінбей,
Бөтен, жат, сұп-суық мүсіндей.
Сәлем де беруге жарамай,
Қарсы өтіп кетемін қарамай.
Шаршағам, қажығам, күлгенмін...
«Бұл менмін! – деймін мен, – бұл менмін!
Бұл менмін! Өзіңмін! Өзім ғой!»
Тұңжырап қараймын мақұрым көзімде ой...
Бұл менмін баяғы, балғын күн бір кешкен,
Бұл менмін баяғы, бір туып, бірге өскен!
Шапқылап ойнаған құлыншақ,
Құлыншақ едім-ау, ұрыншақ.
Жарқырап аспаннан жұлдыздар,
Жұлдыздар ішінде бір қыз бар...
Есімде сол күндер шаттанған,
Арманға жетем деп аттанған.
Қай жерде сүріндім, сүріндім
Қай күні сүрініп бүліндім?
Қай жерден арамыз суыды,
Қыдырып уақыттың уығы?
Сенімен не үшін таластым,
Не үшін өзімнен адастым?
Өзіме оралғым келеді,
Себебі! Себебі..?!

Бағашар Тұрсынбайұлы

https://anatili.kazgazeta.kz/news/65517 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan