Ауыл прозасының хас шебері

Бек Тоғысбаев прозасының поэтикасы туралы бірер сөз 

Ауыл прозасының хас шебері - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің ұлы керуеніне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қосылған кіл көкмойнақ буын ұлттық прозаның көркемдік табиғатын жаңа биікке көтерді.  Дәл осы 1960 жылдан кейін қазақ прозасы мазмұн, түр жағынан мүлде басқа, жаңа арнаға бұрылды. Көркемдік әрі сапалық тұрғыдан өсті. Жанр, мазмұн, стиль жағынан байып, дамыды. Қазақ прозасы психологизм,  лиризм, юмор мен философиялық ойлаудың соны тұрпатын көрсетті. Бұл кезеңде Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік тәрізді қаламгерлер әдебиетке жаңа тыныс, жаңа леп әкелді.  Осы талантты буын социализмдік әдебиетке өндіріс адамының емес, керісінше жеке адамның ішкі әлемін, рухани драмасын, ар мен ожданының жаңа бейнесін  алып келді. Сол талантты толқынның бел ортасында, биыл, туғанына тоқсан жыл толып отырған – Бек Тоғысбаевтың да дара орны бар. 

          Бек Тоғысбаев – қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті қаламгер. Оның әңгімелері адам жанының терең иірімдерін, ауыл өмірінің шынайы тынысын және ұлттық дүниетанымды көркем бейнелеуімен ерекшеленеді. Жазушы қарапайым ауыл адамдарының тағдыры арқылы қоғамдағы моральдық-этикалық мәселелерді көтеріп, өмірдің мәні, адамгершілік, туған жерге адалдық, ұрпақ сабақтастығы сияқты тақырыптарды көркемдік тұрғыдан ашады. 

          Бек Тоғысбаев шығармалары поэтикасының басты ерекшелігі – психологизм. Автор кейіпкерлерінің ішкі әлемін сыртқы  әрекеттен гөрі ой ағымы, ішкі монолог, көңіл-күй және психологиялық деталь арқылы шебер көрсетеді. Кейіпкердің жан дүниесіндегі өзгерістер табиғат көріністерімен, уақыт пен кеңістік сипаттарымен үйлесіп, шығарманың эмоциялық қуатын арттырады. Жазушы шығармаларында көркем деталь маңызды қызмет атқарады. Мәселен, күз, жаңбыр, ауыл көшесі, ескі қора, туған жердің табиғаты сияқты қарапайым детальдар тек суреттеу құралы емес, кейіпкердің көңіл-күйін, уақыттың өтуін және өмірдің философиялық мәнін танытатын символдық сипатқа ие болатын штрихтар. 

          2008 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Әкең де бала болған» жинағына енген повестер мен әңгімелер – жазушының көркемдік әлемін тұтас танытатын сүйекті шығармалар. Бұл кітаптағы әр шығармада әртүрлі оқиға болғанымен, бәрін біріктіретін бір ғана өзек бар. Ол – адам. Оның ары, намысы, сағынышы, мейірімі, туған жерге деген ықыласы мен ұлттық тәрбиесі. Екінші Жиһан соғысы тұсындағы тұрмыс ауыртпашылығы, жетім-жесірдің тағдыры арқау болған осы шығармалардың қай-қайсысы болмасын уақыт сынынан сүрінбей өтіп, көркемдік бояуымен, оқиғаларының деректілігімен, кестелі тілімен айрықшаланып, құны артып, бәсі биіктегенін байқау қиын емес. 

          Бек Тоғысбаевтың суреткерлік шеберлігі турасында даралап айтпаса болмайтын бір мысал: ол  кейіпкерін ешқашан мінездемейді екен, керісінше, оны сөйлетіп, ойландырып, тұрмыс мәселесінің алдына қояды. Оның шығармаларындағы басты тартыс –  адам мен өзінің ар-ожданының арасындағы тартыс. «Ар алдында», «Асыл адам айнымас» сияқты повестердің көркемдік салмағы да осында. Жазушы үшін адамды соттайтын ең жоғарғы билік – оның өз ары мен ұяты. Бұл – алпысыншы жылдар прозасына тән ең үлкен эстетикалық ерекшеліктің бірі.

          Жазушының шығармаларынан Сайын Мұратбеков прозасына тән нәзік лиризмнің, Әбіш Кекілбайұлы шығармаларындағы философиялық ойдың, Дулат Исабеков қалыптастырған әлеуметтік-психологиялық кескіннің кейбір көркемдік үндестіктерін аңғаруға болады. Бірақ Бек Тоғысбаев ешкімді қайталамаған. Оның өзіндік бояуы – қарапайым ауыл адамдарының мінезін ұлттық таным аясында көрсетуінде.     Осы кітаптағы «Қайдасың, Балжан?», «Ақтоты», «Жұбаныш» повестерінде сағыныш, махаббат, адамдық жауапкершілік, әйел мәселелері терең психологиялық талдаумен өрілген. Ал әңгімелерінде жазушының суреткерлік шеберлігі айқындала түседі. Мысалы, «Туған жер», «Сый қонақ», «Боз жорға», «Талас жігіті» сияқты шығармаларда қазақы мінез, ұлттық дүниетаным, туған топыраққа деген сүйіспеншілік көркем деталь арқылы ашылады. Ол ауылды этнографиялық нысан ретінде  ғана емес, жалпы адамның рухани мекені ретінде бейнелейді. Сондықтан оның прозасындағы табиғат суреттері кейіпкердің ішкі әлемімен үндесіп жататын көркемдік компонентке айналады.

          Бек Тоғысбаевтың тағы бір ерекшелігі – тіл мәдениеті. Оның сөйлемдері қарапайым болғанымен, астарлы. Ол сөзді көбейтпейді, ойды қоюлатады. Артық теңеу мен жасанды пафостан бойын аулақ ұстап, табиғи қазақы сөйлеу мәнерін көркем әдебиеттің деңгейіне көтереді. Бұл қасиет оның прозасын уақыт озған сайын құнын жоғалтпайтын шығармалар қатарына қосады. Ол халықтық сөйлеу мәнерін, мақал-мәтелдер мен ұлттық танымға негізделген тұрақты тіркестерді табиғи қолданады. Сондықтан жазушының шығармалары оқырманға жеңіл қабылданып, өмір шындығына жақын әсер қалдырады. Композициялық тұрғыдан әңгімелері жинақы құрылып, оқиға артық баяндаусыз өрбиді. Әрбір эпизод пен диалог негізгі идеяны ашуға қызмет етеді. Автор шығарманың соңын көбіне ашық немесе ойландыратын түйінмен аяқтап, оқырманды өмір туралы толғанысқа жетелейді.

          Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, Бек Тоғысбаев – алпысыншы жылдар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі. Сонымен қатар, «Ауыл» прозасы дейтін әдеби ағымның хас шебері. Оның шығармалары ұлттық прозаның алтын қорындағы адамтанушылық дәстүрді байытқан туындылар ретінде бағалануға лайық. Әдебиетте үлкен жаңалық тек форма немесе түр арқылы жасалмайды. Кейде адамның жүрегіне жол табатын шынайы мінез,  селт еткізер ойлы сөйлем, кіршіксіз ақеділ  сезім де әдебиеттің мәңгілік құндылығына айналады. Бек Тоғысбаев прозасының өміршеңдігі де, міне, осы шынайылықтан бастау алады. Оның кейіпкерлері өмір сүрген уақыт пен кеңістік хронологиясы өзгергенімен, олардың жан дүниесі өзгерген жоқ. Себебі адалдық, ар, мейірім, туған жерге деген сүйіспеншілік – уақытқа бағынбайтын мәңгілік құндылықтар. Ал осы құндылықтарды көркем сөз арқылы ұлт жадында сақтап қалу – Бек Тоғысбаев сынды суреткерлердің әдебиет алдындағы үлкен еңбегі.  

          Бек Тоғысбаев әңгімелерінің поэтикасы ұлттық болмыс пен реалистік дәстүрге негізделген.  Асылында, ұлттық прозадағы бөгенайы бөлек стилі, автобиографиялық деректі сөйлетудегі көркемдік сүрлеуі – суреткердің қолтаңбасын айқындады, жеке мектебін қалыптастырды. Кейіпкеріне психологиялық талдау жасау, көркем деталь, табиғи тіл өрнегі және адамгершілік құндылықтарды терең бейнелеу – жазушы шығармашылығының негізгі көркемдік белгілері. Осы ерекшеліктер оның әңгімелерін қазақ прозасының көркемдік ізденістерін танытатын маңызды туындылар қатарына қосты. 

          Сөзімізді күлбілтелемей, ашық әрі қатқылдау айтып, түйіндесек,  біздің ардақты Бекен ағамыз – Бек Тоғысбаев ұмытылатын, насихатсыз, атаусыз қалатын қатардағы көп жазарманның бірі емес.  Ол – қазақтың классик жазушысы. Саналы ғұмырында ұлт мүддесін  қаламымен қорғап, сан ғасырлық ұлт арманы мен тілегін қаламымен аялап өткен саңлақ болатын. Ұлтына ақысыз-пұлсыз қызмет еткен, ақтық демі таусылғанша туған ұлысы, туған даласы –  Іле мен Балқашын, Бақанасын, Ақсерке мен Жиделісін, Көккөлін жырлап өткен, аруағы шалқар бабаларын әспеттеп кеткен аймаңдай арысымыздың роман, повесть, әңгіме, пьесалары, тіпті тарихи танымдық зерттеулері – талғампаз  оқырманын да, жерлестерін де ұялтпайтын көркемдігі жоғары сапалы дүниелер екенін қос қолымды кеудеме қойып тұрып куәлік етемін. Марқұмның рухы шат болсын! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan