ӨЗІН ӨЗІ ЖАЗҒЫЗҒАН КІТАП

199

ӨЗІН ӨЗІ ЖАЗҒЫЗҒАН КІТАП - adebiportal.kz

Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтары рухани мәдениетінің барлық саласында – әдебиетінде,тарихында,мәдениетінде,дүниетанымында,ойлау жүйесінде терең із қалдырған көшбасшы тұлға. Тіпті түркі халықтары руханиятында ғана емес, әлемдік рухани мәдениеттегі Ахмет Ясауи мұрасының орны өлшеусіз. Баба мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 1993 және 2016 жылдар ЮНЕСКО көлемінде «Ясауи жылы» деп жарияланған еді. Ал 2003 жылы Түркістан қаласындағы Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар тізіміне» енгізілген-ді.

Осы орайда белгілі ясауитанушы, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айнұр Әбдірәсілқызының «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиясы мен «Шайхым – Ахмет Ясауи...» атты тарихи-танымдық пьесасы ағылшын, түрік және орыс тілдеріне аударылып, елордамызда тұсауы кесілгелі отыр. Әбдірәсілқызының «Қожа Ахмет Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиялық зерттеуі – ғалымның ширек ғасырлық ізденісінің жемісі. Ясауитанушы еңбегінде осы саладағы отандық және шетелдік ясауитану зерттеулеріндегі өзекті пікірлер толығымен жүйеленіп, қазіргі көзқараспен жаңаша бағаланғаны қуантты. Түркітанушы «Диуани хикметтің» барлық аудармаларына талдау жасап, бағыттарын айқындап берген. Ғұмырын ғылым-білімге, ақындық пен ізденіске, Ясауитануға арнаған Айнұр Әбдірәсылқызымен сұхбаттасу бұйырған еді. Сол сұхбатымызды оқырманға ұсынып отырмыз.

Айнұр ханым,әңгімемізді елорда төрінде тұсауы кесіліп, халыққа ұсынып отырған қос туындыңыздан бастасақ.  Білуімізше, екі кітабыңыз да қоржыныңызда бұған дейін жарыққа шыққан дүниелер.  Шығармаларыңызға тоқтала кетсеңіз.

− Бар тауқыметті өзіммен бірге кешкен туындыларым туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Тұсауын кесемін десем, өзге дүниелерім де аз емес. Соңғы рет бұдан тоғыз жыл бұрын осы Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада төрт кітабымның тұсауы кесілген еді. «Хикмет-ғұмыр», «Менің махаббатнамам» атты өлеңдер мен эсселер, «Дін және дәстүр тағылымы», «Дін, әйел және руханият» атты мақалалар мен сұхбаттар жинағы еді олар. Әр жастың өз жыры, өз тақырыбы болады. Ол кезеңдегі өмірімнің өзекті тақырыбы солар еді. Дін саласындағы мемлекеттік қызметтің жүрекке салған жүгі, санаға артқан салмағы аз болған жоқ.  Сол жанның жанайқайы – жоғарыдағы еңбектер еді. «Тағдырым бар тоқырлық тасқа баян» деген атпен өткен шығармашылық кешімнің аты да талай түйткілді аңдатқан еді оқырманға. Ал бүгінде «Қожа Ахмет Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиям мен «Шайхым – Ахмет Ясауи...» атты пьесамның тұсауын кескелі отырсам, демек кеспеске болмайтын жағдайлар туындады деген сөз. «Жазбауға мүмкіндігі қалмаған жағдайда ғана жазатын» өзім сияқтылар тұспалымды түсінеді деп ойлаймын. Аз ғана тарқатып айтар болсам, монографиям жарық көргелі жиырма жылға жақындады. Тұсауы кесілмеген күйі атпалдай азамат болды, жарықтық. Сол еңбек жазылып жатқанда іште жатқан нәрестем – бүгінде кескен теректей ұл болды, Аллаға шүкір. Ол туындымен салыстырғанда екі жас, екі айға толғанда тұсауы кесіліп отырған «Шайхым – Ахмет Ясауидің» бағы бар екен қайта.  2010 жылдардан бастап мен ұзақ уақыт дін саласындағы мемлекеттік қызметте болып, ғылымнан біршама алыстадым. Жалған діни ағымдармен күресте, дәстүрлі қазақ мұсылмандығының тұғырын орнықтыруда сол кезеңдегі жанкешті еңбегіміздің маңызы зор болғанын әрбір көзі қарақты қазақ мойындайды. Бертінде әлеуметтік желіні жаулаған жалған діндар, жалған психолог, жалған емші секілді рух қиянаткерлерімен күреске көп араласуға мәжбүр болдық. Ол қанды шайқас әлі де толастаған жоқ, дегенмен есті адамның аяқ тарта қимылдауына, тіл тарта сөйлеуіне елеулі әсер еттік. Жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажырата білетіндер көбейді. Аялдап, артымызға қарасақ, еңсесін тіктей бастаған ел көрдік. «Жүректің терең түкпірінде орындалмаған қай арман қалды?» деп аңдап байқасақ, «мен мұндалап» ясауитану түрегелді ғой. Бақсақ, еліміздегі ясауитану ғылымы жиырма жылдан бері айтарлықтай ілгерілемей, ел көшкен жерде қалып қойған екен. Содан жыртылған жердің бәріне жамау болып жүретін әдетімізбен қайта білекті сыбанып, кірісіп кеттік. Сөйтіп, тұпнұқасы бар, аудармасы бар – барлығы сегіз кітапты жарыққа шығарып, ел қазынасын молайтып барып тоқтадық. Өйткені осы еңбектерде жиырма жыл бұрын айтылған тұжырымдар, жасалған талдаулар, дәлелденген құбылыстар отандық  ясауитануда әлі күнге жалғасын тапқан жоқ. Ал әлемдік ясауитануға бар қазынамызды таныстыруға, оның деңгейін көтеруге ықпал ететін іргелі жұмыстар әлі жасалған жоқ. Сондықтан әдеттегідей осы олқылықтың орнын толтырамыз деп түмен бейнет шеккеніміз осы болды. Ал жасалған еңбекті елге таныту – бір парыз. Тұсаукесердің мақсаты сол.

Түркі әдебиетінің ерекше жанры – даналық хикметтер жайлы сөз қозғасақ.

Ұлт әдебиетіне «Диуани хикмет» сынды өміршең мұра қалдырған Ясауидің рухани кемелдік ілімін насихаттап, Жаратушыға деген махаббатты арқау еткен хикметтері – көркем әдебиет туындысына қойылатын талаптарға толығымен сай келетін поэзиялық шығарма. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығында ғазал, мінәжат, мадақ, айтыс, дастан секілді араб-парсылық және түркілік жанрлардың әрбірі жеке түр ретінде қамтылған. Сонымен бір мезгілде ақын Ясауи осы шығармашылық құбылыс нәтижесінде аталған жанрлардың барлық ерекшеліктерін бойына сіңірген көп өлшемді, кең ауқымды синкретті жанр – хикмет жанрын қалыптастырды. 

«Диуани хикмет» арқылы негізі қаланып, ғасырлар бойы жалғасын тапқан аталмыш жанрда көптеген әдеби туындылар дүниеге келді. Ясауидің поэтикалық мектебінен нәр алған ақындар негізінен хикмет дәстүрін жалғастырып, осы жанрда жырлады. Орта ғасырларда Орта Азиядағы кеңінен танымал әдеби мектеп – Қожа Ахмет Ясауидің ақындық мектебі болды.   ХІІ–ХVІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани, Камалиддин Иқани, Жүсіп Байдауи, Шәмсатдин Өзгенди, Құл Убайди, Құл Шариф, Шайх Худайдад секілді ақындар осы мектептің даңқты өкілдеріне айналды. Түркі топырағындағы бай әдеби дәстүрден бастау алған Ясауидің «Диуани хикметінде» алғашқы кезекте төл поэзиямыздың көркемдік және құрылымдық ерекшеліктері дамытылды. Рухани ізденіс барысында араб және парсы поэзиясының көрнекті өкілдерімен сұхбаттас болған ақын аталмыш халықтардағы сөз өнерін де терең игерген. Ойлы мазмұнды басты бағдар тұтқан, жалаң пішіншілдіктен іргесін аулақ салған  Ясауи хикметтері түркі өлеңін аруз экспансиясынан сақтандыруда елеулі роль атқарды.  Ясауи поэзиясы түркі халықтары әдебиетіндегі көптеген үдерістерге негіз болған. Танымдық, тәрбиелік және идеологиялық роль атқаратын Ясауидің заманалармен замандас хикметтері – өз кезеңі үшін де, кейінгі дәуір аудиториясы үшін де тағылымдық мәні зор туынды. Имандылықты, рухани құндылықтарды ұстын еткен түркі дүниесіне ортақ шайырлар мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясының көркемдік-құрылымдық бітімінен Ясауи туындыларының айқын әсері байқалады. Отаншыл, ойшыл ақын  Ясауи түгел түркінің руханиятына негіз болған рухани ілімді жасады, әдебиетіне ұлы реформа алып келді. Жасайын деп жасаған жоқ, оның таза, текті, дара шығармашылық тегеуріні еріксіз осындай нәтиже берді. 

«Шайхым – Ахмет Ясауи» пьесасының қазіргі қоғам үшін маңызы неде? Драмаға келу себебіңіз қандай?

− Мен драмаға барған жоқпын, драма маған келді. Шынымды айтсам, дәл осы сұрақты сіз қойғанға дейін «мен драма жаздым» деп те ойламаппын. Мен ол пьесада да жырлағанмын ғой, шамасы. Пьеса тілінде жырлағанмын… «Шайхым – Ахмет Ясауи» − руханияттың өз жанайқайы. «Өзін өзі жазғызған кітап» деймін мен оны. Тура мағынасында солай болды. 2024 жылдың 29 наурызында Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ясауи шығармашылығына арналған халықаралық симпозиум өтті. Шара аяқталғаннан кейін университеттегі театр бөлімі студенттерінің өз күшімен қойылған «Ясауи жолы» атты пьеса ұсынылды. Қойылым аяқталғаннан кейін дәл сол Мәдениет үйінің фойесінде тұрғанымызда ректор Жанар Темірбекова менің пьеса туралы пікірімді сұрады. «Өзіне берілген материалмен режиссер жақсы жұмыс жасаған. Пьесаның декорациясы тамаша, режиссерлік шешімдер ұтымды, студенттер де өте жақсы ойнады. Бірақ бұл – Ясауи емес» дедім мен. Бұрын да біраз сындарды естісе керек, ректор шыр ете қалды: «Пьеса қойылмай тұрып та, қойылғаннан кейін де осы жердегі ясауитанушылардың бәріне көрсеттік. «Бұл ештеңеге жарамайды» деп қолын сілтегеннен басқа ешқайсысы көмек бермеді, тым болмаса бір әрпін де түзетпеді. Театр бөлімі өз күшімен алып шықты. Пьесаның ойдағыдай емес екенін көріп отырмыз. Мүмкін, сіз бізге қайта жазуға көмек берерсіз?» деп ағынан жарылды ол кісі. «Менің пьеса жазып беруге уақытым болмас, тек фабуласын келтіріп берейін, сюжетін басқа адамға жазғызып, білікті бір маманға инсценировка жасатарсыздар» дедім. Осы сөздерді айтып тұрғанда санамда Ясауидің ақын шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың «Шайхым – Ахмет Ясауи» деген өлең жолдары тоқтаусыз қайталана бастады. Сол сәтте пьесаның осылай аталуы керектігін және оны менен басқа ешкім жазбайтынын түсіндім. 

– Бұрын пьеса жазып жүрген қаламгер емессіз. Қорқыныш, тартыну болмады ма?

– Екеуіне де уақытым болмады. Дұрысы – ойыма кіріп те шықпады. «Менің круизім – әулиелерді аралау» дегенді студент кезімнен айтатынмын. Түмен баптың еліне – Түркістанға барғанда мүмкіндігінше уақытты артығымен жоспарлап, әулиелерді аралап шығатыным бар. Сол үрдісімді ертеңіне Әзіреті Сұлтаннан бастадым. Сол сәттен көңілімде болашақ пьеса сценарийі көрініс бере бастады. Пьесаның Арыстан бабтың аманат арқалаған сапарынан басталуы керектігін бірден ұғындым. Ары қарай оның аманат иесін іздеп жүріп жүздескен жандары, көрген қиындықтары, жасаған дұғасы көңілде жаттала бастады. Бала Ахметтің медреседегі ұстазымен сұхбаты, Арыстанбабтың Сайрамға жетуі, қосалқы сахналар, бала Ахметпен жүздесуі, алғашқы рухани сұхбат, Ибрахим шайхпен дидарласуы, шайхтың баласына айтқан тағылымды әңгімелері – барлығы рет-ретімен санада құрала бастады. Арыстанбаб пен Данышпан атаға зиярат етіп қайтып келе жатып, жолдың оң жағына қарағанымда Әбілда данышпанның Румға аттаныс сапары мен інісімен сұхбаты көз алдымда өтіп жатты.  Сол күні түн ортасында Астанаға оралдым. Оразаның соңғы сегіз күні қалған кез еді. Қатты ауырып келгеніме қарамастан, бірден жазуға отырып, алғашқы беттің сұлбасын қағазға түсірдім. Ертеңінен бастап, жеті күн, жеті түн екі-үш сағаттан артық ұйықтамастан жазумен болдым. Ұйықтамағаным – ұйқы келмегеннен емес, бірінен соң бірі тоқтаусыз көз алдымда жүріп жатқан сюжеттердің қарқынына ілесіп, тоқтай алмағандықтан еді. Ұмытып қалмайын деп жанталаса жазып отырсам, келесі сахнаның идеялары көз алдыма елестей береді. Дереу жалпы желісін қағазға түсіре қойып, ары қарай жалғастырамын. Кейіпкерлердің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы сөз сөйлеу мәнері, тіпті киім киінісіне дейін елестеді де тұрды. Ясауидің Қарашық тауын тегістеген оқиғасындағы ханның бейнесі әлі күнге көз алдымда: 45 жас шамасындағы бойы ортадан жоғары, аққұба өңді, ашаң жүзді, қылыш мұртты хан үнемі шапанын желбегей жамылған күйі салмақпен қарап тұрады… Бірнеше адам қатысатын сахналарда адамдарға әлі ат қойып үлгермесем де, әрқайсысы өз мінезімен бірін-бірі қайталамаған күйі көрініп отырды. Ясауидің «Көңілдің айнасы» кітабының жазылуы сахнасына келгенде, жарықтың кімге түсіп жатқанын, кімнен кейін кім сөйлейтінін де көріп отырдым. Ең соңғы сахнаны жылап отырып жаздым... Ол шәкірттердің естелік сахнасы болатын. Пьесаны аяқтаған сәтте мынаны түсіндім: өмір бойы осы тақырыпқа дайындалып келген екенмін, осы рухпен өмір сүрген екенмін және ішім әбден толып қалған екен...

«Шайхым – Ахмет Ясауи...» атты тарихи-танымдық пьесаңыздың өзге тілдерге аударылуы кімнің идеясынан туған ұсыныс? Мұрындық болған жандар бар ма? Әлде көптен өзіңіз ойлап жүрген дүние ме еді?

– Дәл солай деп ешкім ұсыныс бере қоймаған шығар, бірақ  «Халықаралық деңгейге шығуыңыз керек, шет елдерде сіздей жан-жақты тұлғалар жоқ. Олар өміріне өзек болатын идея таппай, сусап отыр. Сіздің терең рухани біліміңізді жан сала қабылдар еді» деген сөзді бірнеше адамнан естіген едім. Солардың серпінімен кейбір мақалаларымды ағылшын тіліне аударып, басылымдарға жолдағанмын. Ал ясауитанудағы зерттеулерімді халықаралық деңгейде кеңінен таныту бұрыннан ойымда жүретін. Өйткені шетелдік ғалымдардың зерттеуін оқыған сайын біз (біз дегенім – мен) бұдан ширек ғасыр бұрын жазып, талдап, дәлелдеп, жариялап қойған дүниелерге көп ғалымдардың әлі кірісе де алмағанын көріп, сан рет қынжылғанмын... Ясауиды оның босағасында өскен, ұлылығын бала күнінен таныған, ілімімен ерте сусындаған, өмірі мен күш-жігерін сол ілімге сарп еткен, түсінен де «Ясауи! Ясауи!» деп оянатын жандардан артық ешкім сезіне алмасын ертеден түйсінгенім анық. Соның барлығы «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиямды ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аудару идеясын алып келді. Ал монография аударылған соң оның әдеби сыңары – «Шайхым – Ахмет Ясауидің» қалып қоюы қателік болар еді. Міне, осы ойлардың әлегімен түпсіз терең бейнетке – рухани туынды мен ғылыми мәтінді аудару мен редакциялау бейнетіне түстік те кеттік. Біздің рухани уызға бай, көркемдік қуаты күшті ана тіліміздегі оралымдарды, теңеулерді, ойларды шет тілдерінде, әсіресе қасаңдау қалыпқа құралған ағылшын тілі мен «цехтық тіл» саналатын орыс тілінде дәл жеткізудің қандай қиын екенін білсеңіз ғой! Әсіресе ол күрделі де көлемді, он бес ғасырлық әдеби үдерістерді талдаған ғылыми еңбек пен рухани-өнегелілік ілімнің жауһарын жинаған, ортағасырлық сөйлеу және ойлау мәнерін сақтаған әдеби туынды болса... Дегенмен бітіп болмастай көрінген бейнет те соңына жетті – енді бұйырса, қызығын әлем оқырманы көретін болды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан қаласында өткен маңызды жиындар мен саммиттердің бірінде Ясауи ілімінің «Әділетті Қазақстан» құндылықтарымен үндесетінін ерекше атап өткен еді. Ясауи ілімінің жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде осы ойға пікіріңіз?

– Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды. Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі. Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясауидің рухани-моральдық ілім жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған. Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі – мәмілегерлік, яғни толеранттылық. «Сүннет екен – кәпір де болса берме азар» деп жазған Ясауи кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды насихат еткен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөздері де осы ақиқатқа тіреледі. Ясауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеуге, өзін де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. Халқымыз бұл қағиданы: «Еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес, Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деген мақалмен түйіндеген. Ясауи ілімі ағартушылыққа, ғылым-білімге шақырады. Ясауи: «Адамды ақиқатқа жеткізетін бірден-бір жол – ғылым жолы» деп жазған. Ясауи еңбектерінде ғылымға ұмтылу, надандықтан қашу тақырыптары жиі көтеріледі, шынайы ғалымдар ерекше құрметтеледі. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ақыл – азбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен», «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп мақалдаған ұлтымыздың ұстанымдары да осы қағидалардан қиыс кетпейді. Ясауи ілімінде «Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету» деген ұстаным бар. Бұл қағида қоғамға адал қызмет етуді насихаттайды, отаншылдыққа, елді сүюге, бауырмалдық пен жанашырлыққа, өзара құрмет пен сыйластыққа тәрбиелейді. Осы бір қағида өзгеге қол ұшын беруге қашанда құлшынып тұратын біздің халқымыздың болмысына сіңген деуге болады. «Өз үйінде ою оймағанның кісі үйінде сырмақ сыратыны» да осыдан болса керек. Ясауи ілімінде қонақжайлық дәстүрі адамды рухани кемелдікке бастайтын ерекше дәстүр саналады. Ясауи ілімін таратушылар барған жерлерінде «суфра тұту», яғни «дастархан жаю» дәстүрін ұстанған. Көпшілікке, келімді-кетімді жолаушыларға арнап жайылған дастархан басындағы сұхбатқа рухани ілім иесі – Қызыр келіп қатысады деп саналған. Қазақ халқының «Қонақ келсе, Қыдыр келеді», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақалдары осы дәстүрден туындаған. Осындай қағидалар арқылы Ясауи ілімі халықтың болмысына сіңіп, қазақ дүниетанымының, ұлт менталитетінің негізіне айналды. Біз Ясауи ілімін ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі ретінде қабылдауға тиіспіз. Қазақ халқы ислам діні аясында ұлт болып қалыптасса, қазақы исламның бітім-болмысы, қазақ мұсылмандығы Ясауи ілімі арқылы қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларынан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, ақын-жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен айқын аңғарылады.  Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Ясауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Ясауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Ясауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар.

«Өлеңді іздеп жүріп жазбаймын, өзі келген өлеңнің көңілін қалдырмай қағазға түсіремін», «Өлең – ғайыптың ісі» дейтін сөздеріңізді оқып қалдым. Қазір өзіңізде ғайыптан қаншалықты жиі өлең туады? 

– Өлеңді іздеп көрмеген ұстанымымнан ешқашан танған емеспін. Сондықтан өлең келмей қалса да өкпелемесім анық еді. Өзі келген өлеңді қағазға түсіру үшін көңілдің күйін әлдилейтін талмау сәттерді ұстап қалуың, жаныңды бебеулетіп, жанған көбелектей күйдіретін тауқыметті көтере-көне білуің керек. Оны біз артығымен өткердік.

«Болымсызға байланғандай бар тілек, 

Шаттық жайлы жыр жазбадым жарты бет.

Маған таңсық тіршіліктің бал дәмі,

Мен оқыған жалғыз кітап – тауқымет» деп жырлағанымыз жалған емес-ті.

Уақыт өте келе өлеңнің азаюы немесе мүлде тоқтауы – қалыпты жағдай. Ол екі себептен болады. Бірі – адам танымының есеюі, болмысының сезімнен гөрі санаға көбірек бейімделе бастауы. Ондай толысқан санаға шығармашылық қуатын жүзеге асыру үшін поэзия ғана емес, өзге де формалар қажет. Бала кезімнен бастап (мен өлеңді 9 жастан жаза бастадым) өлеңдерімнің бір бөлігі көркем шығармадан кем түспейтін күнделік-жазбаларымның табиғи түрде өлеңге айналуынан туатын. Жастыққа тән усойқы сезімдер қарасөздің қалыбынан асып-төгіліп, өлеңді өзі таңдаған ғой. Қажеттіліктің болмауынан, уақыттың жетпеуінен күнделікті мүлде жазбай кеткен кезеңдерім де болды. Ал бір кезеңдері бұрынғы күнделіктер эссе сипатымен аралас аңсау мен арзуға толы туындыларға ұласты. Оларға тағы да табиғи түрде өлең араласты. «Хикмет-ғұмыр» және «Менің махаббатнамам» сондай туындылар болатын. Санаға көбірек салмақ түскенде және уақыт талабына сай бір кездері менде мақалалар, сараптау-талдау еңбектері көбейе бастады. Жан да, сана да есейді өйткені.

Екінші бір себеп – өлеңмен аз болса да армансыз жырлаған, ойжады болмысын, естанды сезімдерін жазып, жеткізіп үлгерген жанның өлеңге жан құштары қалмауы мүмкін. Оның үстіне аруана жырың арманда аңырап жүретін болжаусыз күй, бейдауа халден адамның зәрезап болатын кезі де келеді. Міне, осындай табиғи әрі үйлесімді себептермен менің де шығармашылық бағытым басқа арнаға бұрылды. «Шайхым – Ахмет Ясауи» пьесасы – сондай күрделі құбылыстардың нәтижесі. Сондықтан ендігі жерде өлең келмесе де өкпем жоқ. Қажеттілік болса, сана сенделсе, замана қысса, шығармашылық қуат кез келген жанрда жарып шығады.

Айнұр ханым, әулие бабаларымызға бару арқылы жаңа дүниелерге тың серпін, таза ой алып келесіз бе? Жалпы әулиелерді қаншалықты жиі зиярат етесіз? 

– Зияратты жоспарламаймын. Реті келсе, түмен бап өткен өңірге барғанымда сәлем беріп шығуға тырысамын.  Өңімде реті келмесе, түсімде зиярат ете саламын. Қалжыңым ғой, әрине. Дегенмен оның да шындық жағы бар.

«Зайырлыға заман қосқан зиялы ат – 

Қаны кепкен қайран рухқа қиянат.

Тынып іштен тірлігіңді жалғайсың,

Түмен бапқа түсіңде етіп зиярат» дегенім – жай бейнелі сөз емес еді. Шын сағынғанда адам рухының шектеусіз мүмкіндіктері ашылады. Жан – жалғыз, руханият – біреу. Қалжың-шыны аралас студент кезімнен айтатын сөзім бар: «Мен тірілерден гөрі өлілермен жақсырақ тіл табысамын» дейтін. Өйткені олар – тірі тарих. Олардың руханияты өлген жоқ. Онымен біз сусындадық. Олардың өзі де өлген жоқ, бар болғаны басқа күйге ауысты. Рухта кедергі де, шекара да жоқ. 

Ал әулиелерге мен жаңа дүниелерге серпін, ой алып келу үшін бармаймын. Шынайы рухани сағынышым бар болғандықтан барамын. Мен ол жерден ештеңе іздемеймін. Мен ол жерге барымды беріп қайтамын. Жалпы мен өмірден де ештеңе іздемеген адаммын ғой. Өмірге де барымды беріп, кетіп бара жатқан адаммын... Рухтың қалауы деген сол...

Бір сұхбатыңызда Ясауи поэзиясын зерттеу үшін жаны сезгір ақын,  руаниятқа деген құштарлық және сопылық ілімін терең білу қажет депсіз. Бүгінгі жас ясауитанушылар арасында сіз атап көрсеткен талапқа сай мамандар бар ма? Қаншалықты жеткілікті? 

– Өте қысқа жауап беруге мәжбүрмін: өкінішке орай әзірге ол талаптардың жартысына да сай келетін жасты көрген жоқпын. «Шықпаған жаннан – үміткер», күдер үзбейміз бірақ. Алаштың алтын құрсақты аналары аман болсын. Руханиятқа шын керек болса, бір есебі табылар.

Бала кезден бастауын алған күнделіктеріңіз мазмұнды кітап болып жарыққа шығып жүр. Қазір түртіп алып, жазып жүрген дүниелеріңіз бар ма? Олар да кітапқа айналама?

– Көп жыл бұрын жазылған, жарыққа шығып үлгермеген кітаптарым бар. Соңғы алты жылда бүгінгі заман адамының сұранысына қажетті бірнеше бағытта жұмыс істеп, көптеген тақырыптарды жинақтап, хатқа түсіріп қойғанбыз. Олардың көпшілігі оқу құралдары, әдістемелік еңбектер болуға сұранып тұр. Бірақ оларды жарыққа шығаруға өмір мен уақыт жете ме – ол белгісіз. Бұйырғаны болар.

Біздің еліміздегі қазіргі діни ахуалға қандай баға берген болар едіңіз?

– Осыдан он төрт жыл бұрынғы болжамдарым шындыққа айналды.  Өзге дін өкілдерін айтпай-ақ қояйық, дәстүрлі емес діни ағым өкілдері ел ішіне байқатпай сіңіп кетті, дәстүрлі қазақ мұсылмандығын ұстанып жүргендермен құда-жекжат болып, тамырланып үлгерді. Аздап жұмсарды әрине, бірақ қайшы қағидаларға келгенде сол қасарысқаны – қасарысқан. Өз қолын өзі кесе алмайтын болған соң, халық бәріне көнді. «Бас аман болсын, қайтер дейсің» деген алдамшы үмітпен жүргенде рухани болмысымыз өзіне өзі жат болып, адам танымастай өзгеріп барады. Ал ол қандай руханият еді! Тектілігіне теңеу жоқ, таза, тұнық, терең, төлтума, тұма руханият еді ғой... Осыдан кейін жоқтау жырын жазбай қайтесің! Ендігі үміт – руханияттың өзінде. Оның өз заңдылықтары бар. Ол өзіне қажет нәрсені қандай формамен болса да шығарып алады. Сөйте тұра руханият бізді іздейді... Руханият бізді күтеді... Өйткені руханияттың сәні – адаммен...

–  Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет! 

Фотосуреттер Айнұр Әбдірәсілқызының жеке архивінен алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan