Нағашыбек Қапалбекұлы. Томар

43

Нағашыбек Қапалбекұлы. Томар - adebiportal.kz

Әңгіме

Біздің үй Алатаудың әсем бөктеріндегі биіктеу жота үстінде. Оның үшінші қабатынан Алматы алақандағыдай төменде анық көрініп тұрады. 

Биыл қыс ерте түсіп, тау етегін қалың қар көміп қалды. Айнала түгел әппақ дүние. Ертеңгісін есік алдындағы қарды күреп тастап, жып-жылы үйге кіріп, жазу кабинетіме рахаттана жайғасамын.

Бұл бөлменің үлкен терезесі тау жақта. Анда-мұнда денем құрысып қалса, түрегеп жаттығулар жасаймын. Басынан ақ қалпағы түспейтін Алатаудың сең-сең биік шыңдарына қарап, көзімді тынықтырамын. Үйдегілердің бәрі тұра салысымен асығыс-үсігіс жиналып, жұмыстарына кетеді де, жалғыз өзім қалып, үстелге отырамын. Тып-тыныш мүлгіген тыныштық, төңіректі түгел ақ ұлпа бүркеп тастаған. Ауада екі күн бойы жапалақтап жауған қардың ызғары бар, суықтан дала бүрісіп тұр.

Ал, үй жұмақтай жып-жылы. Рахаттана шабыттанып, жазып жатқан романымның соңғы тарауын бітіруге құшырлана кірістім. Мен жазып отырған кезең – көшпенді ата-бабаларымыздың алапат соғысын суреттеп,  көз алдымда керуен-керуен сапқа түзілген сарбаздар тізіліп, жауға беттеп келе жатты. Бұл әлемет қырғыннан бұлардың қаншасы тірі қалар екен?

Далада әлдене тоқылдағандай болды. Терезеге барып қарасам, біреу ағаш кесіп жатыр. Үйімнің айналасы қалың қарағай, шырша. Аспанға құлашын керген зәулім-зәулім бұл ағаштар аясына барсаң, ерекше жұмақ көктің иісі бұрқырап, кеудең толып, ғажап күйге бөленесің. Ай-шай жоқ сол ағаштарды кесіп жатқан бұл кім екен деп, киіне сала, сыртқа шықтым. Тобықтан ғана келетін етігімнің қонышынан қар құйылып кетті. Күрекпен жолымды тазалай аршып, әлгіге тақағанда ғана, анау маған тұтас бұрылды. Бұл әйел екен, әйел болғанда да кәужіреген орыс кемпірі. Үстінде ескі күпәйке, аяғында керзі етік, қолында кішкентай ғана қол ара.

Сәлемімді ернін жыбырлатып қана алып, маған қызыл жиек кірпіксіз сөнуге айналған көзімен ажырая қарады.

– Мына бір жай түскен ағаштың томарын кесіп алсам деп едім, - деді 

бірден.

– Оны қайтесіз?

– Үйде отын жоқ, соған...

– Қайда тұрасыз?

– Анау жақта, - деп сайдағы өзен жағасын нұсқады. Онда шүпірлеген құрқылтайдың ұясындай кішкене құжырхана-саяжай біткен қыс бойы бос тұрады да, жаз шыға тұрғындары құмырсқадай жыбырлап келе бастайды.

Ол жапақтап, қорқып қалған сыңаймен ақтала сөйлеп жатыр.

– Жалғыз тұрамын. Жылда орман-тоғай ішін аралап, қураған бұтақтарын 

рұқсат алып, отынға жинап алушы едім. Биыл күз бойы ауырып, ауруханада жатып, жаңа шықтым, - деп ол бетаузындағы шұбырған терін сүртінді. Кемпірдің жүзін құмырсқаның ізіндей быжынаған әжім басқан.

Біз көшіп келген жылы осы ағашқа найзағай түсіп, өртеніп, шорт сынып, осы сорайған томары қалған. Кемпірдің арасын сұрап алып томардың түбінен кесе бастадым. Кішкентай ескі қол ара өтпейді, ары-бері мықшыңдап, әп-сәтте ентігіп тұрып қалдым. 

Томар етегі жұмырланып, білеу-білеу, тасшеге қатты. Мұны бүгін-ертең әуелі бітіре алмайсың.

– Мен сізге отын апарып берейін, мынаны кейін біреуге кестіріп қоямын, - дедім.

– Оған төлейтін пұлым да жоқ.

– Ештеңе керегі жоқ. Мен қазір алып шығайын, - дедім де қорадағы баламның шанасына моншаға деп кесіп,  жинап қойған ағаштарды тиеп, үстін бастыра байлап, сүйреп алып шықтым.   

Күпәйкесі қолқылдаған кемпір сол орында әлі сүмірейіп тұр.

– Кәне, үйіңізге бастаңыз, - дедім.

Қалт-құлт етіп, дірілдеген кемпір, таяғына сүйенгенімен бір-екі мәрте 

тайғанақтап, сүрініп кетіп, тырп-тырп басып, екі шетінде саяжайлар қаптаған тар көшеге түсті. 

Жарды жарып салған кезінде сырты көк сырмен сырланып, онысы әбден 

жеміріліп тозған тауықтың ұясындай ғана жапырайған үйге келіп, есігін ашты...

Үйде бір ғана бөлме, азынаған суық, жалғыз қисық терезе сыртын қар басқан, бұрышта темір керует, екі орындық, бір ағаш үстел.

– От жағып жіберейін, - деп пештің қақпағын ашып, әкелген ағаштарымды 

тұтата бастадым. Аядай бөлме тез жылынып, үстіне қойған жез шәугімдегі су да сақырлап қайнап сала берді. 

Кемпір үстіндегі су-су күпәйкесін шешіп, пешке кептіре бастады. 

– Шәй ішіңіз дейін десем, шәй бітіп қалып... – деп қынжыла тіл қатты.

– Ештеңе етпейді. Өзіңіз жаурап ауырып қалмасаңыз болды. 

Ол шұбырған терін сүртініп, бір құтыдан дәрі алып ішті. 

– Балаларыңыз бар ма?

– Бар ғой... Біреуі Санкт-Петербургте, біреуі Новосибирде. Шалым төрт 

жыл бұрын аяқ астынан қайтыс болды. Ол пысық еңбекқор болатын, үйдегі бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп, тыным таппайтын. Шалым кеткелі күйім кетті.

Еңкіш тартқан кәужіреген кемпір булығып, көз жасын көрсеткісі келмей, пешке отын сала бастады. Үйден мүк, сыз бен саз иісі шығады.

– Биыл сексенге келемін. Ұзақ жас та ұзақ жол секілді адамды  қалжыратады. Өшіп бітуге айналған өлеусіреген шам секілді өміріңнің мән-мағынасы қалмай, құр сүлдеңді сүйретіп жүрген тірі өлікке айналады екенсің.  Баланы табасың, бағасың, кәртайғанда қураған ағаштай сені керек етпейтіні жанымды жейді. Екі ұлым да талантты, білімді болғандықтан дарынды балаларға арналған интернатта оқыттық, одан Мәскеудегі  университетке түсті. Екеуі де атақты ғалым, үлкені Санкт-Петербургте дөкейдің қызын алып, сол жақта тұрып қалды. Ал кішісі Новосибірде әлі үйленбей жүр, атағы жетерлік ядерщик. Шалым өлгеннен кейін бір айдан кейін үлкенім келіп кетті, ал кенжем әлі келген жоқ. Телеграмма және кішкене ақша салып жіберіпті. Ол пұлға әкесінің бейітін жөндеттім, тоңазытқыш алдым, электрге қарыз едім соған төледім. Шал екеуміз де Алматылықпыз ғой, қалада дүңгірлеген кең үш бөлмелі үйіміз болған. Үлкен ұл үйленіп, пұл керек деп отырып алған соң, үйді сатып, бар ақшаны қолына бергенбіз де осы саяжайға көшіп алғанбыз. Содан кейін тұңғышым әкесі қайтыс болған соң, бір айдан кейін ғана келіп, қонақүйде үш күн жатты. Баяғы жарқыраған мінез, жарқылдаған талантынан жұрдай, араққа салынған, мүжіліп-үйтіліп кеткен, ештеңеге қызықпайтын, ештеңеге селт етпейтін маубасқа айналғанын көріп қатты торықтым. Жасына жетпей алым-салымы шыққан, түрі қураған жүгерідей тозған, олпы-солпы ол мүлде жат, қанша әңгімелескім келгенімен арақтан аузы босамады, теңкиіп өлген шошқадай ұйықтап жатады. Маған көмектеспек түгілі қайтарына жолпұлына менен ақша сұрайды ғой. Күн көріп отырған пенсиямды алып бердім.  «Бойжеткен бір қызым бар, әйелім де профессор» дейді. Суреттерін көрсетті. Міне, біреуін сұрап алып қалдым, - деп кемпір жиектері кемірілген айнаның алдындағы бір жапырақ суретті әкеп берді.

– Баланы өз үйінде әке-шешесі бағып, тәрбиелеу керек екен. Біз бұл екеуін 

титтейінен физика-математика интернатына бердік, тек демалыстарында ғана келіп-кетіп жүрді. Келсе болды кітаптарынан көз алмайды, біз соған мәзбіз. Мәскеуде жүргендерінде тапқан-таянғандарымызды соларға салып, жіберіп тұрдық. Аралары екі-ақ жас қой, екеуі де сұңғақ, әкесі секілді реңді, ірі денелі, толқын-толқын шаштарына бәрі қызығатын. Тұңғышымның шашы өлген тауықтың жүніндей жидіп, төбетаз болыпты. Ал, кенжемнің суретін көріп танымай қалдым, басында қылпық жоқ, тап-тақыр. Ядерщик болғандықтан шашы түгел түсіп қалыпты. Олар Мәскеуде жүргенде таныс-білістерімізге мақтанып, ұлдарым оқып жетілсе керемет ғалым болады деп мақтаныш сезімі бойымызды кернеп, талай-талай тәтті қиялдарға берілуші едік. Қалай университет бітірді содан олардан көз жазып қалдық. Үлкеніміз әуелі үйлену тойына да шақырмады. Келінді ертіп екеуі қол ұстасып келер, шал-кемпірге сәлем берер деп сағынып жыл күттік, сырғып бес жыл, ырғып он жыл, жылжып жиырма жыл өтті. Ақыры шал шыдамады, пенсиямызды жинап, саяжайымыздағы алмамызды сатып, жолға жиналды. Алдымен Санкт-Петербургке, одан кейін Новосибирге сапарға шықты. Сол жақтарға барып келісімен-ақ ұнжырғасы түсіп, аһлеп-уһлеп, ұйқысы бұзылып, берекеті кетіп, ақыры ауру айналдыра бастады. «Бәрі жақсы, екі бала да үлкен оқымысты-ғалым, саған дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр. Көп ұзамай келіп те қалар» - деп мен сорлыны үміттендіріп қойды. Тек қайтыс болар алдында ғана «Марфуша, саған өте қиын, ауыр болатын болды-ау. Балаларыңнан үміт үз. Тамырсыз ағаш тез қурайды. Біздің ұлдарымыз бізді мүлде ұмытыпты. Қап, қап, әттеген-ай!.. Оларға сыртта емес, біз үйімізде өсіріп, тәлім-тәрбие беруіміз керек еді. Мен қуанып барып, олардан түңіліп, шошып қайттым. Баяғы біздің балалар жоқ, суық, бөтен, мүлде жат болып кеткен кеспірлерін көріп ішім қанжылады. Марфуша, өзің берік бол! Қап, әттеген-ай!» - деп жылап қоштасты. 

Шал екеуміз елу бес жыл бірге тұрдық. Мына күпәйке сол Митрейдікі. Сол екі ұлға да жазда биыл қысқа көмір жоқ деп екі мәрте хат жазып жібергем. Түк хабар жоқ, телефондарын да көтермейді. Әлі хабарласпады. Пенсияма әлі үш-төрт күн бар, үйде азық-түлік те таусылды. Міне, тізеден қар жауып, күн азынап, суытып кетті. Қашанғы ауырасың, белімді буып, Митрейдің  күпәйкесі мен етігін киіп, отын іздеп шыққан бетім еді.

Кемпір күрешкедегі қара судан екі-үш жұтым ішті де, пеш аузына тағы еңкейді.

– Сізді қалай атасам екен?

– Тетя Марфа дей беріңіз. Бәрі солай атайды. Сізді әурелеп, басыңызды қатырып жіберген жоқпын ба, не болса соны айтып.

– Тетя Марфа, мен демалыста үйде отырғанмын. Ештеңеден қам жемеңіз. Көмір де түсіріп беремін, азық-түлік те болады. Мен соларды алып келейін, - деп шығуға беттедім. 

– Сізді әурелеп, көп сөйлеп кеттім бе?  Томардан басқа қураған отын жоқ, соны кесіп әкеліп отқа жағайын дегенім ғой, - деп кемпір күрк-күрк жөтеліп, тұншыға жылады.

Жүйкесі жүн, жігері құм болған бейшара мүсәпір әжей пештің аузына кіріп кетердей құнжиып, бүкшиіп, екі иығы селк-селк етеді.

Жүрегім қанжылап, атқақтай соқты.

– Тетя Марфа, қамықпаңыз, қайғырмаңызшы. Мен қазір шоферімді шақырып, қалаға барып келе қояйын. Бәрі болады.

– Сізді әуре-сарсаңға салғаным үшін кешіріңіз. Өмірі шал екеуміз біреуге қол жайып, көмек сұрап көрмеп едік... – деп орнынан тұра алмай бүгежіктеген кемпірдің арқасынан қағып, шығып кеттім. 

Зеңгір аспан астындағы байтақ дала әппақ қарға қымтанып жатыр. Сәулесіз күн Алатаудан қиыстанып көрініп, шыңға ілініп қалғандай қызарады. Бөктеріндегі зәулім-зәулім шырша, қарағайлар ақ қардан бөрік киіп, күнге сәлем салып тұр. Таңғы ауа тұп-тұнық, сыңғырлап кеуде сарайыңды бірден ашады. Ағаштардан, беткейлердегі қалың тоғайдан әдемі әтірдей шайыр иісі аңқиды.

Бос шананы сүйреп келе жатып, осынау әдемілікке селт ете алмай мына кемпірдің жай-күйі, айтқан әңгімесі жүрегімді жылатып, жанымды егілтіп, ой тұңғиығына жетелеп әкетіп барады. Қайран әже, өз балаларынан опа таппай, енді жалғыздық азабын көріп, зар кешуде. Оқытты, шоқытты, ғалым болған ұлдары енді кәртайған әке-шешелерін тастап, біржола безіп кетті. Маймылдың басы ойнауға жеткенімен ойлауға жетпейді. Суы тартылған құдық секілді мейірім-шапағат атаулыдан жұрдай қатыгез балалары болғаннан болмағаны жақсы еді-ау.

Әппақ қарды қарш-қарш басып келе жатып, есіме сонау бір жылдардағы зар қағып, запыран құсып жүрген қасіретті шақтарым есіме түсіп кетті. Бір қайғы мың қайғыны қозғайды. Қайран әженің тіршілік қамытынан қажалып, қасіреттеніп кеткен суреттері көз алдыма келді. Ғұмыры жоқшылықтан, жетіспеушіліктен арылмай, қу жіліншегі аршылған ғұмырым санамда тіріліп, ұмытып кеткен, көптен бері есіме алмай жүрген сонау бір бордай езіліп, іштей боздаған күндерім зыр етіп миымды осқылап, жан-дүниемді қопарып, астаң-кестеңін шығарғаны-ай. Екі көзімнен бұршақ-бұршақ ыстық жас әппақ қарға тамып-тамып кетті ғой. Өксіп-өксіп иен далада биік-биік шыршалар қойнауындағы жол бойында дауыстап жыладым кеп. Ақша қарды алып бет аузымды жусам да шер боп қатып қалған құрықсыз-сұрықсыз күндерім, жалмауыз ұйқысыз түндерім кинодағыдай сапырылысып, қатыгез өмірімнің  сол бір шағы есіме түсіп, есеңгіретіп жіберді.

Ұмыта бастаппын ғой, мүлде есімнен шығарып жібергенмін бе? Мына бейшара кемпірдің тауқыметі есіме қай-қайдағы, жай-жайдағыны түсіріп кетті-ау...

Көзімнен жас шықпағалы да қай заман?..

 

***

Мектеп бітірер жылы үй салуға кірістік. Ерте көктемнен кірпіш құйып, кептіріп, жаз бойы екі бөлмелі там салып алдық. Колхоздан қарыз алып, үстін шифрлатып, еденіне ағаш тақтай төсетіп, іші-сыртын сылап, қара күзге қарай кіріп алдық.

Әкем жекешенің сиырын бағады, шешем колхоздың қызылшасында. Мектеп бітірісімен колхозға кіріп, құрлысшы болып, үшеуміз үш жақтан жыртығымыз жамалып, үйіміз бүтінделіп қалған шақта мені әскерге шақырды.

Таңертеңгісін армияға кетуге жиналып жатқанда шешем: 

– Алматыға барып, инситутқа түсе алмадым-ау деп қынжылма балам. Алтын басың аман болса әлі талай тауға да шығысың, таудай армандарың да орындалады. Сен болмасаң мына үйді салар ма едік? Он құрсақ көтердім, төртеуін қара жерге бердім. Тұңғышым сенсің, енді қалғандарың аман болсын. Енді мына қанаты қатпаған балапандардай бес қарындасың саған қарап тұр. Әкеңнің жай-жапсарын өзің білесің – кәнтөжный, соғыстың зардабын өмір бойы тартып келеді. Ауа райы бұзылса «басым, басым» - деп зар илеп дөңгеленіп жатып қалады. Әкең аман болсын де. Әскерден келген соң сені оқытамыз, үлкен азамат боласың. Сені аудан орталығына – военкоматқа дейін шығарып салмаймын. Үйімізден күліп аттандырамын, екі жылдан кейін күліп қарсы аламын шырағым, - деп тандыр нанның шетінен бір тістетіп, есік алдынан күліп шығарып салды.

Аудан орталығындағы военкомат алды ығы-жығы толған халық. Әскерге баратын әр жігіттің қасында қора-қора шұбырған туыстары, дос-жарандары. Менің жанымда әкем мен менен төрт жас кіші қарындасым Әсемкүл және досым Айқымбай.

Соғыстың басынан аяғына дейін болған мүгедек әкемнің қоштастарда дауысы дірілдей қарлығып, көзі жіпсіп сала бергені. Титтейінен қолды-аяққа тұрмайтын, өткір, алғыр, томпақ Әсемкүл қарындасым «Аға, сізге хат жазып тұрамын, сізге арнаған мынау өлеңім» деп бір қағазды қалтама тықпалайды.

Біз мінген поезд бүкіл Сібір, Қиыр Шығысты иір-қиыр аралап Хабаровскіге он бір күнде ыңқылдап-гүрсілдеп әзер жетті. 

Жол таусылмайды, уақыт шіркін өтпейді. Әсемкүлдің шақпақ жол дәптер парағына жазған үш шумақ өлеңің қайта-қайта оқимын. Маған көрсетпей, айтпай бұл қарындасым жасырып өлең жазады екен ғой. Қарашы, «асқар тауымызсың, биік бәйтерегіміз, аман барып, сау қайтыңыз жан аға» - депті.

Сонау Қиыр Шығыста шекарада күнге күйіп, түн қатып жүрген шақтарымда шешем мен қарындасымның сол бір ақ тілеулі бейнелері көз алдымнан кетпейді. От ішінде туған оттан қорықпайды, әлі көрерсіңдер бұл Қалиев талай-талай биіктерді алады. Тәуекел тау жығады, әке-шешемді үлде мен бүлдеге бөлеп, тамаша дәурен сүргіземін. Олар ұзақ, өте ұзақ жасайды, немере-шөберелерін ойнатып, рахат өмір сүретін болады. Иә, әлі-ақ көресіңдер... 

Тәтті қиялға шомылып, шекарада күзетте жүргенде таңның қалай атқанын, уақыттың қалай зырылдап өтіп жатқанын байқамай да қаласың. Арманыммен талай-талай жерлерге кетіп қаламын. Аман-сау елге оралайыншы, содан кейін...

Амал не желмен жарысып, көлеңкеңді қуып жете алмайсың. Тәтті қиял санаңда жүргенімен тағдыр сені бұрап, сынап, қиратып, сындырып жібергісі келетінін білмейсің-ау...

Әскерде алты айдай болғанымда әзірейілдей суық хабар келіп, елге аттандым. Құлақтан кірген суық сөз жүрекке барып сірескен мұз болып, есімді жия алмай, көз жасымды тия алмай үйге келіп қайттым.

Қайран асыл анам... жүрек талмасынан бұл дүниемен қоштасып жүріп кетіпті. Басы кәужіреп, әппақ қудай шашы ағарған, кәртайып кеткен сорлы әкем, ұлардай шулаған бес қарындасымды құшақтап, шешемді жоқтап күн жыладым, түн жыладым. Бейітіне боздап барып, боздап қайттым.

Апа-ау! «Мені күліп қарсы аламын» деп едіңіз ғой... Неге ерте, тым ерте мәңгілікке кетіп қалдыңыз. Әскерге аттанарда мейірлене құшақтап сүймеді екенмін, неге тапырақтап   оқыра тиген танадай асықтым сонша. Күліп тұрып, мен кеткен соң, үйге кіріп төсегіне отырып алып өксіп-өксіп солқылдап жылапты ғой, жан анашым... Нені, нелерді ғана ойлады екен сонда?!».   

– Шешеңнің саған арнап жинап жүрген дүниелері еді, - деп басы қалтылдаған әкем бір дорба берді. Оның ішінен етегіне менің атымды әдемілеп кестелеп тігіп қойған әппақ қардай шымылдық пен ақ орамал шықты. Баяғы әскерге кетерде мен шетін тістеген таба нан мен газеттерге шыққан мақала-өлеңдерімді де осында сақтапты. 

Қайран, анашым-ай,  мені үйлендірсем, ел құсап келін түсіріп, немере сүйсем-ау деп армандап кеп жүруші еді. Шешем түні бойы ұйықтамай кестемен етегіне менің атымды жазып тіккен ақ шымылдықты кеудеме басып, булығып, тұншығып, шерленіп, сағынып өксігенім-ай... Талай-талай арманым ішінде кеткен, жетем дегеніне жете алмай шерменде кеткен қайран әзіз шешем мынау жалған дүниеден тағдырдың теперішінен шыға алмай өттің-ау. Соңында басы-қолы дірілдеген кәнтөжный соғыс мүгедегі мүсәпір сорлы күйеумен әлі бауырын жазбаған балапандардай аңыраған бес қызы қалды. Үңірейген үйде шешемнің орны бөлек еді-ау...

Бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей, кесапат қырсық мұнымен бітпей сұғанақ сүмелек иттей тістелеп қыр соңымнан қалмай-ақ қойды...

Біздің үйге ажал әкелетін жаман түс көргенмін. Қап қара киінген қара шләпілі сыриған ұзын бойлы кісі, қара таяғымен мені түртіп тұрады. Бет әлпеті бұлыңғыр, құрықтай сұңқиған ұзын қап-қара плащ киген сол түсіме кіріп, таяғымен түрткілеп оятқан күні біздің шаңыраққа бір әлемет қырсық кіретінін ұғып, жүрегім кеудемді жарып жіберердей дүңкілдеп, шошып жүремін.

Әскерден біржола қайтуға, дембілге төрт-бес ай ғана қалғанда осы қарғыс атқыр түсті тағы көрдім.

Жіңішке мұртты, замполит майор мені тағы шақырып алып әңгімені әріден бастап айта бастағанда-ақ бір сұмдықтың болғанын аңғардым. Телеграмманы көрсеткенде тұла бойым қалшылдап есіріктене ойбайлап тар кабинетте өкіріп жылай беріппін. Майор замполит құшағына қысып, арқамнан қағып, тұтыға сөйлеп көңіл айтты.

– Саған өте ауыр болды Қалиев. Бір жылда екі ауыр қаза. Командирге 

түсіндіріп самолетпен еліңе барып қайтуға рұхсат алдым. 

Үйіміздің сұлбасын көрісімен іші-бауырым езіліп, жүрегім шырылдап, Әсемкүл қарындасымды жоқтап боздағаным-ай...

Көрші-қолаң үздік-создық келіп құшақтап көңіл айтып жатты. 

Ертесіне әкем екеуміз жотаға  шешем мен қайран арманда кеткен Әсемкүл қарындасымның бейітіне барып қайттық. Қос бейітті құшақтап өкіріп жылап-жылап, әбден сағынған сағынышым мен өкінішімді айқайлап айтып-айтып, топырақ болған үсті-басымды қағып-қағып орнымнан тұрдым. Қой белімді буайын, ес жиып, шаңыраққа қарайын деп шештім. 

Әкемнің бетін әжім жауып, бүкшиіп, шалынысып әзер жүретін болыпты. Күлге шөккен кәрі ауру атандай жүріп-тұруы қиындап, кеудесін жарып уһлей береді. Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Жылай берсең көз жасыңа көміліп ағасың да кетесің. Бір үйлі жан маған жаутаңдап қарап отыр. 

Қазанға салатын ас та, қайнататын шәй де таусылған, үй-іші тозып, берекесі кеткен.  Жығылғанға жұдырық демекші қызы өліп, қайғы жұтып отырған әкемнің мініп жүрген аты жоғалған. Колхоз жылқысын ұрлаттың деп оны мойнына салып, жұмыстан шығарып жіберген... Асы жоқ үйге ит те кірмейді, әкем кәңгіреп, меңіреуленіп кәрі шалға айналыпты.

Тастүйінделіп алып, сол жиырма күнім жиырма ғасырға татитын шығар, ширығып, зыр қағып жүріп бармаған жер, қақпаған есігім қалмады-ау... Ақыры үлкен екі қарындасым Ақмарал мен Бақыткүлді ауылдағы интернатқа, ал кішкентай Шолпан мен Фариданы қаладағы балалар үйіне орналастырдым. Әкемді кеңсеге күзетші етіп алдырттым, көрші ауылдағы әпкемнен бір қой әкеп сойып тұздап, кептіріп бердім.

Әкем араққа үйір бола бастапты, дүкен төңіректеп кететінді шығарыпты. Бетінде, көзінің астында үлкен тыртық пайда болыпты. 

Бір кеште әкеме:

– Андағы  бетіңе не болған? Арақ ішіп, тапқан олжаң ба? – дедім.

– Қайдан, қарағым. Өткен қыс жаман жұт болып, колхоздың бар малы қырылып қалды. Суықтан өзендегі су түгел қатып, адам кеудесіне жететін қар жауып, қыс өте созылып, ызғар боран ұлып тұрып алды. Азынаулақ жиған отын Жаңа жыл өтпей-ақ таусылып, төңіректен қураған ағаш іздеп кеттім ғой. Шешең өлгелі Әсемкүлім бір жағына шығып, тамақ пісіріп, от жағып, балаларды қарап жүруші еді. Шырағым-ай, өте пысық, шешесі секілді іскер, тындырымды еді. Маңдайымызға симай кетті ғой. Тиын-тебен табамын деп шөпшілерге ілесіп, колхоз жұмысына шығып алды ғой. Қорабынан түсе бергенде машина дүр етіп жүріп кетіп, тасжолға шүйдесімен құлап, тіл тартпай кетті ғой қайран қызым. Несін айтасың, қыс бойы Әсемкүл екеуміз қырқа-қырқаны кезіп, отын іздеумен болдық. Қалың қар басқан далада түк жоқ, колхоздың алма бағындағы қураған бұтақтары да таусылған. Несін айтасың, әзірейілдей қырық градус аяздан бір қора жан үсіп қатып өлетін болдық. Әсемкүл екеуміз колхоздың алма бағының ішіндегі қураған бір томарын қардан аршып, балтамен кесіп алайық деп ақтер болып жатсақ «найзағай» деп атап кеткен күзетші артымнан шауып жетіп келгені. 

– Әй, ұрылар қолға түстіңдер ме! – деп бас-көз жоқ мені сабай жөнелді. 

Бишігінің ұшына қорғасын құйдырып алса керек. Тура көзімнің астына ұшы тиіп, бетімнен қан сау ете түсті. Әсемкүлім қолымнан жетектеп алып ұшып Шәйкүл медсестраға жеткізіп, қан тоқтамай, аудан орталығына апарып, тіктіріп қайттық қой. Содан қалған тыртық бұл. Қыс қақағанда қоярға жер таппай қалтырап, дірілдеп есіміз шықты. Байқадың ба, мына үйдегі еденге төселген бар ағашты алып, жарып отын қылдық қой, – деп әкем аһлеп-уһлеп жер еденге тесіліп қалды. 

– Міне, мынаны Әсемкүлдің жастығының астынан тауып алдық, -    деп бір дәптер мен фотоальбом берді. Фотоальбомда бәріміздің суреттерімізді желімдеп, шет-шетін әдемілеп өрнектепті. Қалың қара дәптерге өлеңдер жазыпты. Көбісі – есіл кеткен анасына деген сағынышын, аңсағанын, жылағанын, одан кейін маған, сіңілілеріне деген арнаулары.  Сегізінші бітіріп, тоғызыншы сыныпқа өткенде желкілдеп өсіп келе жатқан шақта он ұйықтасақ ойда жоқта бізді мәңгілік мұңға батырып кеткен ай жүзді қайран қарындасым-ай!.. Сені есіме алсам болды әлі күнге дейін өзегім өртеніп, көзімнен жас саулайды!

Ертесіне көрші Шәйкүл жеңешемнен қарызға пұл алып, есік алдына бір трактор қорабымен көмір түсірдім. Жақсы, мейірбан жандар әлемді ұстап тұр. Кейін, бастық – аудандық  газеттің редакторы болып тұрғанда арнайы Шәйкүл жеңешемді іздеп келсем, үйінде екен. Әппақ борсықтай сұлу жеңешем басына кимешек киген әже болыпты. Басына шаршы орамал тағып, пұл ұсынсам алмайды, әйтеуір қалтасына тыққылап әзер бердім.

– Қали ағаңнан түрің аумай қалыпты. Күлиман әпкем қандай еді шіркін... 

Пісірген тамағы, тоқыған шілтері, тіккен кестесі керемет еді-ау. Біздің үйдегі ағаң ашуланып сабайын дегенде әпкеме жүгіріп қасына  барып тығылатынмын. Әпкеме ешкім қарсы келе алмаушы еді-ау, - деп бетімнен сүйді. 

– Әкең де, шешең де бірге туған ешкімі жоқ жетім өскен ғой. Міне, сендер жетілдіңдер, солардың атын шығарып жүріңдер. Аман болыңдар, - деген ақ тілеуімен шығарып салды. 

Шәйкүл жеңешем де бұл дүниеден өтіп, әке-шешемдер жатқан жотада мәңгілікке демалып жатыр.

Жиырма күннен кейін қайта әскерге кетерімде үйде жалғыз қалған соры қалың, бейнеті бес елі әкем жапақтап жылап қалды. Күні кеше шешем, Әсемкүл бастаған бес қарындасым, бәрі, бәріміз базар мен думан етіп, жаймашуақ күлкіге толтырып жүретін қарашаңырақ құлазып, қаңырап қалды. Шығар-шықпас жаны бар, қайғы басқан, өмір жүдеткен әкемнің есік алдында қураған томардай сорайып жападан-жалғыз қалғанын көріп қапаланып, езілгенім-ай... Бұл әкемді соңғы көруім екенін қайдан білейін?!

Мен жердің үстімен барып, қайғы-қасіреттен жердің астымен қайттым.

 

***

Уақыт шіркін зырылдап тоқтамайды. Өткен күндер, жылжыған жылдар бетіңе әжім, шашыңа ақ түсіріп, жасыңа жас қосып, балалы-шағалы болып шыға келесің. Бұл – өмір заңы. 

«Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» демекші көрші кемпірдің томар кесіп жатқаны, үй-іші, жағдайы – сонау бір жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп жүрген сүреңсіз бір шақтарымды еске түсіріп кетті.

Ертесіне түске салым Марфуша әжейдің үйінде шәй ішіп отырғанбыз. Ұядай бөлме іші ыстық, сырт киімді шешіп, рахаттана әңгіме-дүкенге кірісіп кеттік. Әжім торлаған бет аузындағы терін орамалмен сүртіп қойып, ол алғысын жаудыруда.

– Сізге мың рахмет! Кеше шоферіңіз азық-түлік әкеп берді. Кешке балаңыз бір машина көмір мен отынға деп жарылған ағашқа дейін әкеп тастады. Иегіме қызыл тимегелі қанша болды, ауруханадан шыққалы ыстық сорпа болса ғой деп жүруші едім. Кеше ет асып, терлеп-тершіп отырып ас іштім. Балаңызға нұр жаусын, екі білегін сыбанып, үйдің ыбырсыған заттарын жиыстырып, жуып-шәйіп, жаңа көрпе-жастықты кереуетіме төсеп, мына дастарханды берді. Жаман өлмелі кемпірге бола сонша әуре болғандарыңыз не?

– Марфуша әжей! Ештеңе етпейді. Менің әке-шешем біздің қызығымызды, үйлі-боранды болғанымызды көре алмай әттең ерте үзілді. Шынымды айтсам, сол ата-анамның замандасы Сізге қызмет істегеніме іштей қатты қуанып жүрмін. 

Есік алдына тақай тоқтаған машина бипілдете бастады. Мен үстіме курткамды іле сала тез далаға шықтым. Белінде жолағы бар «Казпочта» деген жазулы жүрдек кішкентай ғана «Нива» машинасынан шыққан сөмке асынған егде әйел қолыма жеделхат ұстатып, қол қойдырды да, тез қайтып кетті. Қалың сыңсыған беткейдегі орманнан шайырдың жұпар иісі аңқиды.

Алақандай көк қағаздағы жеделхатқа көз салып, үстіме суық су құйып жібергендей селк ете қалдым. Марфуша әжейдің Санкт-Петербургтегі үлкен ұлы бір ай бұрын қайтыс болыпты. Университет проректоры оның қай қорымға жерленгенін ғана хабарлапты.

 «Неге проректор мұны хабарлап отыр? Әйелі, қызы қайда? Жалғыз шешесіне табандатқан бір ай бойы естіртпей, айтпағандары қалай?..».

Миымды осындай ойлар найзағайдай соққылап өтті. Мына сіңіріне ілінген кәужіреген науқас меңдеген, жоқшылық түбіне жеткен кемпірге қазір естіртсем жүрегі тоқтап қалар. Әзірше мұны айтпай тұра тұрайын. Ас-су ішіп, емделіп күш-қайрат жинасын.

Үйге түк болмағандай кірдім.

– Мені іздеп келіп, асығыс өте керек құжаттарға қол қойдырып әкетті, - дей салдым, ішкі толқынымды жасырып. 

– Шәйің суып қалды ғой, кел, қарағым ыстықтай құйып берейін. Күн де азынап, суып кетті ғой – деп кемпір жайбарақат шәй құйып, кесе ұсынды. Қандай орта, қандай жер болса да мен тамақ талғамаймын, жиіркену, менсінбеу деген менде әсте жоқ. 

Әжей тұңғышының Англияда, кішісінің Америкада болып, ғылыми жұмыстар жүргізгенін, атақтар алғанын риза пішінмен айта бастады. Кенет алапат сатыр-сұтыр соғыс жүріп жатқандай, гүрс-гүрс бомба жарылғандай, таулар күркіреп, шыңдар шыңғырғандай ғаламат сұмдық құлақ тұндырып, есті аударды. Бүкіл әлем қопарылғандай, топан су сел жүргендей біз отырған кішкентай құжырхана сықырлап ала жөнелді.

Кемпір бұрышқа барып тізерлей отырып шоқына бастады.

«Бісміллә, бісміллә» деп өзім жаттап алғаныммен оқи бермейтін фатиха сүресін суылдатып қайталай бердім, қайталай бердім.

Жер-ана алас ұрып, аһлеп-уһлеп, бүкіл Медеу сайы дірілдеп, қайран қара жер қарс айырылғандай қараңғыланып, жаңа ғана тұп-тұнық мөлдіреген қыстың күні әп-сәтте қаратүнектеніп сала берді.

Жүрегім аузымнан шығып кетердей атқақтай соғып, балбал тастай мелшиіп отырған күйі Құран сүресін ес-түссіз оқи бердім, оқи бердім.   

– Балам, тұра ғой, тиылды ғой, - деп кемпір иығымнан қаққанда барып, көзімді аштым. Қорыққанымнан ба, екі көзімді тас жұмып алыппын, содан төңірек қап-қара көрініпті. 

Үй-іші жап-жарық.

Есеңгіреп есімді жия алмай, ұйып қалған қолдарымды уқалап отырып қалдым. «Сұрапыл сел, тасқын өтіп әсем Алматым қалай болды екен»  - деген қорқыныш жүрегімді суылдатты.

Кемпірді сүйрей-мүйрей далаға атылдым.

Тұманданып, бұлдырлап өз көзіме өзім сенбей, аңтарылып, жан-жағыма алақтай қарап состиып тұрып қалдым.

Жаңа ғана құлпырып, Алатау етегін көкжасылға бөлеп, жайнап, күнге ұшар бастарын жеткізем деп таудың бүкіл беткей беткейіне дейін ұйысып сыңсып өскен қалың орман әп-сәтте тып-типыл болыпты.

Нән-нән қарағай, шыршалар өз-өзінен шарт-шарт сынып, сұлап-сұлап жатыр. Арасынан адам өте алмайтын қайран қалың орман орнында арсиып-ырсиып сынған, ағарып аршылған томарлар ғана қалған. Әйгілі Медеу сайында қайғы жамылғандай қаншама жылдар осы өңірдің сәнін кіргізген, әрін келтіріген ғажап сұлу ағаштар өлген солдаттардай ұзыннан-ұзын жерде сұлап, сұлқ жатыр. Зеңгір-зеңгір көк аспанға қол созған, жыл бойы жап-жасыл жапырағын жайған  биік-биік ағаш біткен әп-сәтте түгел қирап, сынып, опырылып, қара жерде қалай болса солай құлап жатыр.

Кәужіреген кемпір екеуміз далада әбден жаурағанша состиып, жан-жағымызға шошына көз салып, үн-түнсіз көп тұрып қалдық.

– Жер-ананы ашуландырып алдық-ау. Алатауды әбден жаралап, қорлап, піскілеп, тескіленген соң осындай мінез көрсетті-ау. Табиғатта фальш жоқ, оны қадірлеу керек. Міне, адам көрмеген, құлақ естімеген сұмдық жағдайға кезіктік, қарағым. Табиғат, жер ана ескертіп жатыр. Адамзат емес, біздер құрбан болайық деп қалың орман түгелімен құлап түсіп, көз жұмды. Арандарың ашылып, пейілдерің тарылып, ниеттерің бұзылып барады деп ескерту жасапты жарықтық Жер-Ана!..

Бір уыс әжей күбірлей шоқынды.

Мен сұбханалланы бір қайталап шықтым. Сай табанында төңірегі түгел жалаңаштанған ашулы өзен өкіре жылап ағып жатыр. 

Жайқалған қалың орман орнында әр-әр жерде қарайып, қасіреттеніп, сорайып тұрған томарларға қарап, жүрегім шошынды. Қалың орманды базар қылып ұшып-қонып жататын бірде-бір құс та көрінбейді. 

Асыл Алматым, Алатаудың жауһар-бойтұмары болған Алматым төменде мамыражай, жаймашуақ қаз-қалпында тыныстап жатыр.

Сол түні мен алғаш рет инфарк алдым.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan