Фэнтези ағылшын тілінен «қиял» деп тәржімаланатыны баршамызға белгілі. Соңғы жылдары бұл көмбе жанрдың қарқыны артып, әлем жұртшылығының жүрегін ерекше баурап алған еді.
Әлемде қиялды фантастика, фольклор және балалар әдебиеті тұрғысынан да жырлайтын небір талантты, дарынды жазушылар шықты. Мәселен, еуропа әдебиетінің жауһар туындысы саналатын Джоан Роулингтің «Хәрри Поттері», Рик Риорданның «Перси Жәксон мен Олимп тұрғындары» мен Аннабель Стедманның «Скандар және сыңармүйіз аулаушы» туындысы біздің сөзіміздің айқын дәлері болары хақ. Айта кетерлігі, біз атап өткен ерекше жанрдың алауы қазақ әдебиетіне де әсер етпей қоймады. Бүгінде қазақ әдебиетінде қиял жанрында қалам тербейтін бірқатар жазушылар бой түзеді. Атап айтқанда, Таупық Рымжанов, Баянғали Әлімжанов, Ертай Айғалиұлы, Кеңес Оразбеков, Сәуле Досжан, Зира Наурызбай, Лиля Калаус, Зәуре Төрехан, Рүстем Сауытбай, Нұрбек Нұржанұлы, Бағыдат Өмірзақ фэнтези жанрының нағыз қорғанына айналып, дүниеге шоқтығы биік талай туындыларды әкелді. Бірақ жасанды интеллект технологияларының күш қуаты тасып тұрған заманда қиял жанрында қалам тербеу қаншалықты орынды? Жасанды интеллектіні насихаттаймыз деп жүргенде қиялға мойынұсыну аса қауіпті емес пе? Бұл жайында біз белгілі әдебиеттанушы ғаламдар мен жас жазушылардан сұхбат алуды жөн көрдік.
– Қазақ фэнтезиі соңғы жылдары айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Балаларға арналған фэнтези туындылардың саны мен сапасы артты. Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар», Зира Наурызбай мен Лилия Калаустың «Бату және алтын тостағанды іздегені», Әмір Шыңғысханның «Заман. Кентаврдың басынан кешкендері», Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі», Зәуре Төреханның «Амина Тұран көшпенділер елінде», Нұрбек Нұржанұлының «Нүкебайдың қиялы», Бағдат Өмірзақтың «Самұрық. Мыңжылдық турнир» және Сәуле Досжан апамыздың «Көк түрік» комиксі сынды бірталай еңбектері жарыққа шықты. Соған қарағанда қазіргі қазақ фэнтези жанрының хал-ахуалы жаман сияқты. Бірақ жанр онымен тоқтап қалмайды ғой. Әлемде жасанды интеллектінің күш-қуаты тасып тұрған заманда қиял жанрында туындылар жазу қаншалықты орынды? Бұл оқырманды шатасуға, яки, шырғалаңға әкеліп соқтырмай ма?
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ Қазіргі қазақ әдебиеті жалпы дамудың жаңа жолына түсіп, әр бағытта биіктерді бағындырып отыр деуге болады. Соның ішінде балалар әдебиеті де біршама жаңа тақырыптар мен идеяларды, жаңа жанрларды игеріп отыр. Фэнтези жалпы қазақ әдебиеті үшін жоқтан пайда болды дейтін жанр емес, тек оның атауы басқаша болған. Қазақ фольклорындағы қиял-ғажайып бейнелер мен олар қатысатын тылсым мазмұнды оқиғалар бүгінгі тілмен фэнтези деуге болады. Жаңа аттары аталған авторлар мен туындылар сөзсіз бүгінгі қазақ балалар фэнтези жанрының деңгейлік тұрғыда биікке көтерілуіне, жаңа мазмұн табуына үлес қосып отыр. Қиялдың жаңа түр тауып, заманына лайықты жанрға айналуы қажеттілік. Себебі, біздің еліміз өз алдына томаға тұйық отырмаған, әлемге шығармашылық тұрғыда ашық ел деуге болады. Бүгінгі күні елімізде кітап оқуға, оқитын қоғам құруға барынша жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан да бұл бағытта үнемі қолдау білдіріліп отырады.

Жасанды интеллектінің заманы туып отыр десек те, оның мазмұнын жасайтын адамдар. Бүгінгі күні интернет желілерде ЖИ көмегімен жасалған әр түрлі мазмұндағы қысқа фильмдер, анимациялық кинолар өте көп. Солардың көбі мазмұнды халық фольклорынан алып отыр. Мысалы, таяуда «Фотошоп» деген желіден Кощей мен Василиса оқиғасын ЖИ арқылы жаңа мазмұн, ерекше сюжет беріп жасаған кино көрдім. Біздің де жастарымыздың осы өнерді меңгеріп, ұлттық фольклор кейіпкерлерін заманға лайықтап жасап жатса неге қолдамасқа....
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Керісінше, технология дамып, жаңа инновация туындаған заманда адамзат ой-санасына әсері тұрғысынан қиялдың рөлі, қиял-ғажайыпқа негізделген шығармалардың рөлі зор деп білеміз. Қазақ әдебиетінің көші Тәуелсіздік алғаннан кейін де тоқтаған емес. Тек сипаты, мазмұны, пішіні, бағыты, стилі мен жанры жағынан өзгерді. Мұндай өзгеріс бейсаналы түрді жүреді және жазушы еркінен тыс болмақ. Жалпы, әдебиеттегі әр өзгеріс эволюциялық жолмен енгені жөн. Дәуip жaңa мaзмұн әкeлce, көpкeм әдeбиeттiң oның тaбиғaтынa cәйкec жaңaшыл фopмaдa суреттелуі зaңдылық. Қазіргі қазақ проза жанры aйтap oйының aуқымдылығымeн, тepeңдiгiмeн, көpкeм oбpaздapдың caн aлуaндығымeн epeкшeлeнді. Дәл сол секілді фэнтези жанрының өріс жаюы да ‒ табиғи феномен, уақыт талабы. Қиял ұшқыр болмаса, адамзат шектеліп, дамымай қалады. Бұл ретте, фэнтези – арғы тегін халық ауыз әдебиетінен тартатын, алғашқы адамдардың дүние жаратылысы турасындағы ілкі танымынан, аңыз-әпсаналардан туған, заман ағымына қарай трансформацияланған, романтизм кезеңіндегі тарихи-шытырманды романдарының жалғасы іспеттес сырлы, мифологиялық, архаикалық кейіпкерлерді қайта жандандырған жаңаша жанр. Клайв Льюис («Нарния шежіресі»), Жон Толкин («Сақиналар әміршісі»), Теренс Хэнбери Уайт («Патша. Бүгін. Ертең»), Урсула Ле Гуин («Аралдар сиқыршысы»), Ричард Адамс («Қыратты тұрақ еткендер»), Фриц Лейбер («Қараңғылықтың Анасы»), Терри Пратчетт («Сиқырдың түсі»), Роберт Холдсток («Мифаго орманы»), Роберт Жордан («Уақыт шеңбері»), Нил Гейман, Терри Пратчетт («Берекелі белгілер»), Роберт Маккаммон («Балағұмыр»), Анджей Сапковский («Ведьмак. Тағдыр алдаспаны»), Тим Пауэрс («Ақырғы меже»), Юрий Нехорошев, Ник Перумов («Құдіреттің құнсыздануы»), Филип Пулман («Солтүстік шұғыласы»), Робин Хобб («Қанішердің шәкірті»), Жорж Мартин («Тақтар таласы»), Сергей Лукьяненко («Түнгі күзет»), Жоан Роулиң («Хәрри Поттер мен пәлсапа тас»), Чайна Мьевиль («Жоғалған түстер бекеті»), Сюзанна Кларк («Жонатан Стрендж және Норрелл мырза»), Ннеди Окорафор («Өлімнен кім қорқады?»), Жо Уолтон («Бөтен ортада»), Жо Аберкромби («Жарым патша»), Фрэнсис Хардинг («Көкек әні»), Кадзуо Исигуро («Ажал құшқан алып»), Наоми Новик («Ну орман»), Мадлен Миллер («Цирцея»), т.б. авторларды атап өтуге тиіспіз. Ертектерді оқығанда қандай рақат күй кешсем, фэнтези сипатындағы көркем шығармаларды оқығанда да дәл сондай ғажап, тылсым, тынымсыз әлемге еніп кетем. Мұның бастауында – Жон Рональд Руэл Толкин тұр. Алғашында, аңғал жұрт фэнтезиге жеңіл жанр ретінде қараған, аса мән бермеген-ді. Алайда, кейін ол сурет, кино, музыка, мүсін өнеріне, телевизия мен бейнеойындарға қатты әсер етіп, әдебиетте өз алдына бөлек отау тіккені белгілі.
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Менің ойымша, жасанды интеллектінің дамуы фэнтези жанрының құндылығын азайтпайды, керісінше маңызын арттырады. Себебі жасанды интеллект ‒ бұрынан бері бар ақпаратты өңдей алады, бірақ адамның ішкі сезімі мен арманын толық алмастыра алмайды. Фэнтези жанры адамның қиялын дамытады, оны күнделікті қарбалас өмірдің шеңберінен шығып, жаңа әлемдерді елестетуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жанр оқырманды шатастырмайды, қайта шығармашылық ойлауын жетілдіреді. Қазіргі технологияның қарқыны артқан дәуірде қиял адамзаттың жақсылыққа бет бұруына себепкер болатын бұрынғыдан да қажет дүние деп есептеймін.
– Біз талқылап жатқан жанр ‒ фэнтези болғандықтан, дөңгелек үстел барысында қияли сұрақтардың орын алуы ‒ заңды құбылыс. Ғайыптан мүмкіндік туып, бір әдеби кейіпкермен кездесу бұйырды дерлік. Сіз қай әдеби кейіпкермен кездесер ердіңіз? Оған ең бірінші қояр сұрағыңыз қандай?
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Алпамыс батыр және Керқұла атты Кендебаймен кездесер едім. Рухты, отаншыл болудың қыр-сыры туралы сұрар едім.
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ Қызықты сұрақ...екен... Балалық шаққа оралып, өзімнің алыс бала кезімде оқыған «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» шығармасындағы Зәйтүнқарлығашпен кездесер едім... Сұрақтарым да көп болар еді...Әсіресе, оның тылсым әлемдегі ерліктері мен ондағы фэнтезилік образдар туралы сұрайтын шығармын. Сонымен бірге, Зира Наурызбай мен Лилия Калаустың «Бату және алтын тостағанды іздегені» шығармасындағы тарихи тұлғалармен кездесу мүмкіндігі туса көп дүниені сұрауға болар...
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер» шығармасындағы бас кейіпкер Хәрри Поттермен кездесер едім. Себебі ол өміріндегі тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан, өз мақсатына жете білген қайсар кейіпкер. Оған ең бірінші қояр сұрағым: «Қорқыныш пен белгісіздік алдында адамға күш беретін ең басты нәрсе не?» болар еді. Бұл көмбе сұрақтың жауабы тек қиялдағы кейіпкер үшін ғана емес, шынайы өмірдегі әр адам үшін маңызды деп ойлаймын...
– Жақында «Дарын» баспасынан «Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер» типологиясы» атты монографиялық еңбегіміз жарыққа шыққан еді. Сол монографиямызда біз спин-офф жанрына тоқталып өткен болатынбыз. Ағылшін тілінен аударғанда спин-офф «өңделген зат» дегенді білдіреді екен. Мәселен, Сет Грэмм Смиттің «Тәкаппарлық пен жаңылық: зомби» шығармасы Джейн Остиннің «Тәкаппарлық пен жаңылық» туындысының негізінде жазылған. Сол сияқты Толстойдың «Буратиносы» мен Карло Коллоидің «Пинокиосы» арасында ұқсастықтар көп-ақ...Біздің классикалық туындыларға осындай спин-офф қажет пе? Әлде түпнұсқаға өзгеріс енбегені әлдеқайда дұрыс па?
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ Иә, спин-офф жанры қазақ балалар әдебиетіне де, фэнтези жанрының дамуына да қажет деп айтуға болады. Себебі бұл жанр әдеби кеңістікті кеңейтіп, оқырман қызығушылығын сақтауға және жаңа көркемдік мүмкіндіктерді ашуға ықпал етеді. Жоғарыда мен мысалға келтірген «Фотошоптың» Кощей мен Васелисаға қатысты жасаған дүниесін спин-офф деуге болады.
Менің ойымша, қазақ ертегілері мен мифологиялық кейіпкерлері негізінде жаңа оқиғалар жасауға болады. Мысалы, Алдар көсе, Қожанасыр, Ер Төстік, Желаяқ, Таусоғар сияқты кейіпкерлер туралы жеке спин-офф туындылар жазылса, олардың бейнесі жаңа ұрпаққа жақындай түсер еді.
Себебі, бір шығарманың негізінде бірнеше кітап, комикс, анимациялық жоба дүниеге келуі мүмкін. Бұл ұлттық әдебиеттің танымал болуына әсер етеді деп ойлаймын. Негізгі шығармада қысқаша көрінген мифологиялық кейіпкерлерге жеке туынды арнауға да болады. Мысалы, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Самұрық құс, Диюлар әлемі туралы бөлек шығармалар жазылуы мүмкін. Мысалы, Малефисента туралы киноны көпшілігіміз қызыға қарадық. Ал оның бейнесі бастапқы ертегілік нұсқасында мүлдем басқа болған. Кино авторлары не себепті Малефисентаның жеке тарихын үлкен оқиғаға айналдырып, көрермендеріне қайта ұсынды? Сондықтан да, бұл тәжірибе қазақ фэнтезиіне де қажет деп ойлаймын, бұл тұрақты оқырман қауымын қалыптастыруға көмектеседі.
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Меніңше, спин-офф жанрының да әдебиетте белгілі бір өз орны бар. Егер жаңа шығарма түпнұсқаның рухын сақтап, оқырманға тың көзқарас ұсына алса, онда тұрған ештеңе жоқ. Алайда «Артық қыламын деп, тыртық қылу» деген бар емес пе? Классикалық туындыны жаңашыл қылып өзгертеміз деп, оның негізгі идеясына нұсқан келтіріп алмауымыз шарт. Сондықтан спин-офф жазуға болады. Бірақ оған аса жауапкершілікпен қараған жөн...
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Фэнтези жанрына фольклор, фантасмагория, фантастикаға қатты әсер етті. Шығыс әдебиетінде, сонымен қатар, қазақ әдебиетінде нәзира жанры болды. Бұл Абайда да, Шәкәрімде де бар. Ал, Еуропада пастиш (пастиччо) дәуірледі. Яғни, фэнтези арқылы әлеуметтік, саяси, діни, экономикалық, рухани мәселелерді де астармен айтуға болады. Бұл автордың шеберлігіне және ізденісіне тікелей байланысты. Белгілі бір жанрды әдеби қару, әдеби қалқан ретінде де қолдануға болады, оның қасиеттерін шектеудің қажеті жоқ. Айталық, Льюис Кэрроллдың (шын аты-жөні: Чарльз Лютвиж Додсон) «Ғажайыптар еліндегі Алиса» туындысын балаларға арналған деп ойлайды, есті ел. Иә, ағылшын жазушысы балаларға ертек жазғысы келіп, нәтижесінде осындай классикалық шығарма туғаны белгілі. Бірақ, бірнеше рет оқып көрсеңіз оның астарында адам санасына сыймайтын ауқымды дүниелер жатқанын байқайсыз. Сол ертекте фантастика да, фэнтези де, математикалық дәлдік те, детектив те, логика да, анти-логика да, антропоморфизм де, абсурд та, философия да, аллюзия да, лингвистикалық ойын да, бәрі-бәрі бар. Шеберлік пе? Шеберлік, әлбетте! Ал, біздің классикалық туындыларға осындай спин-офф қажет деп ойлаймын. «Мың бір түн» жалғыз арабқа емес, бүкіл әлемге азық болды, ерінбеген елдің бәрі қолданды, өздігінше құбылтты, трансформациялады. Өнер, соның ішінде, әдебиет даму керек. Ол даму үшін жанрлар толысып, стиль өзгеріп, автор дүниетанымы өзгеруге тиіс деген ойдамыз.
– Қазақ фэнтезиі театр мен кино өнерінде жеткілікті түрде насихатталып жатыр ма? Шетелдегідей Харри Поттердің сахналық нұсқасы бізде бар ма?
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Әдебиет – дүниетанушылық ғылымының ең биігі. Бұл – адам өмірі мен қоғамды көркемдік тұрғыдан зерттеу деген сөз. Бір кездегі қазақ прозасы тақырып аясы кеңдігімен, образдар жүйесі нақтылығымен, уақиғалар желісі шымырлығымен, кейіпкерлер мінез қасиеттері даралығымен, қаламгерлердің эстетикалық мұратының айқындығымен ерекшеленбеген де шығар. Алайда, ол жазушыларда ең басты нәрсе – табиғилық, айтқыштық, халықтық басым болды. Бірақ азаттық алған соң қазақ проза жанры жаңашылдыққа бет бұрды. Қазақ фэнтезиі деген ұғым оқырман санасында енді-енді орнығып жатыр. Жасы да, жасамысы да осы жанрға қалам тартуда. Бұл ‒ құптарлық іс. Фэнтези жанрында көп туынды жазылса деген тілек бар. Неге? Себебі, оқырман соған құмар. Бізде әзірге фэнтези жанрындағы шығармалардың сахналық һәм фильм үлгісі әзірге жоқ. Бірақ, болашақта болады.
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
– Қазіргі қазақ өнері сөзссіз дамып келеді. Бірақ, өкінішке орай, нақтылы Харри Поттердің нұсқасындағы театр мен кино өнеріндегі туындыны атай алмаймын...Мүмкін алдағы уақытта шығып қалатын шығар. Бәріміз кинотеатрлардан көрген Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» фильмінде фэнтези элементтері кездеседі. Жақында жазушының «Дардай» деген романы шықты. Осы шығарманы фэнтезилік киноға айналдырса деген үміт бар.
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Өкінішке орай, бұл бағыт әлі де жеткілікті дамымаған сияқты. Қазақ әдебиетінде қызықты фэнтези шығармалар бар. Бірақ олардың басым көпшілігі кино немесе театр сахнасында көрініс таппай келеді. Шетелде фэнтези жанры тұтас индустрияға айналған. Бізде де ұлттық мифология мен аңыздарға негізделген сапалы фильмдер көптеп түсірілсе, қазақ фэнтезиінің жаһандық әдебиеттегі танымалдығы артар еді...
– Қиял оқырманның шығармашылық қабілетін дамыта алады ма? Фэнтези жанрында туындылар оқудың пайдасы неде? Бұл жанрды мектеп бағдарламасына кірістіруді дұрыс санайсыздар ма?
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ Мектеп бағдарламасына фэнтези жанрын кірістіру мәселесіне келсек, оны ғылыми-дидактикалық тұрғыдан орынды деп бағалауға болады, бірақ белгілі педагогикалық шарттармен. Фэнтези мәтіндері оқушылардың мотивациясын арттырып, оқуға деген қызығушылығын күшейтетін тиімді құрал деуге болады. Дегенмен, оны оқу бағдарламасына енгізуде таңдалған мәтіндердің жас ерекшелігіне сәйкес іріктелуі, тәрбиелік-танымдық мазмұнының айқындалуы және классикалық әдебиетпен сабақтастығы сақталуы қажет. Сонымен бірге, бұл жанрды тек ойын-сауықтық деңгейде емес, талдау, интерпретация және сыни ойлау дағдыларын дамыту құралы ретінде пайдалану маңызды. Фэнтези жанрын білім беру үрдісіне енгізу дұрыс шешім бола алады, алайда ол ғылыми негізделген педагогикалық әдістемемен сүйемелденген жағдайда ғана өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Әрине, қиял шығармашылық қабілетті дамытады. Фэнтези туындыларды оқыған адам түрлі шытырман оқиғаларды көз алдына елестетеді, кейіпкерлердің жанкешті өмірін, қайсар әркеттерін саралайды, өз ойын еркін қалыптастырады. Сонымен қатар бұл жанр – жақсылық пен жамандық, достық пен сатқындық, адалдық сияқты құндылықтарды түсінуге көмектеседі. Менің ойымша, мектеп бағдарламасына білім алушылардың жас ерекшелегіне сай таңдалған фэнтези шығармаларды енгізген жөн болар еді...
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Аталған жанрды мектеп бағдарламасына кірістіруді оңды шешім деп ойлаймын. Қазіргі жас өркен де заман талабына сай дамуы керек. Бала деген – нәзік әлем. Бала жаны – бұралаң-бұлтарысы мол ну орман. Бала жаны – қамал, қорған: лас әлемнен, беймаза тіршіліктен, мәнсіз сөзден, ретсіз іс-әрекеттен, асығыс айыптаудан, жағымсыз қылықтан, бейберекеттіктен, сайқал саясаттан, түрлі интригалардан, өтіріктен, өсектен, сатқындықтан, формалды нәрселерден, жағымпаздықтан, осылай жалғаса береді. Баланы түсіну, ұғыну – тұнған ғылым, балатану ілімі. Баланың әлемі – күйдің әлемі, көңілдің әлемі, бізге таңсық сезімнің әлемі, біз бастан кешпеген уақиғалардың әлемі, бұл – сырлы, сұлу, көркем әлем. Сондықтан, балаларға фэнтезиді оқытқан дұрыс. Мектеп, лицей, колледждерде жеке пән, я, курс есебінде өткенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бала еліктегіш келеді, өмірде бой түзейтін қаһарман, идеал іздейді. Ал, бұл жанр оның мына тіршіліктегі орнын айқындап, жанын нәзіктендіріп, сезімтал, қиялшыл болуына ықпал етпек. Осы тұрғыдан келгенде, фэнтези – өзіне дейінгі әдеби дәстүрлердің нышандарын бойынша сіңірген, тарихи-эволюциялық жолдан өтіп барып дамыған дара жанр, XXI ғасыр жанры.
– Фэнтези жанрында жазылған қандай көркем туындыларды білесіздер? Кімдердің шығармаларын қайталап оқығанды ұнатасыздар? Я болмаса, кітап желісімен түсірілген фэнтези фильмдер ұнай ма? Ұнаса, мысал келтірсеңіздер.
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ Балалар әдебиетіне қатысты жарық көрген шығармаларды мүмкіндігінше оқып, бағалап, ғылыми тұрғыда саралап отырамын. Енді қайталап оқимын деп айта алмаймын. Бірақ Зира Наурызбай мен Лилия Калаустың «Бату және алтын тостағанды іздегені», Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемі» тағы басқа қаламгерлердің шығармаларын оқыдым, себебі бұлар сериялы болып шығып отырды. Елімізде жазушылардың шығармаларын оқуға бағыттап отыратын агенттіктер жоқ. Егер әдеби агенттер жаңадан шыққан туындыларды барынша жарнамалап, қысқаша мазмұнын интернет желілерге салып отырса, онда іздеп оқитын оқырмандар да көбірек болар еді.
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Қазақ фэнтези жанры қалыптасу, даму, өрістеу үстінде. Десек те, аталған салада аянбай еңбек етіп, ыстық-суығына төзіп жүрген Зира Наурызбаева, Лиля Калаус, Мәдина Омарова, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан секілді авторларды атап өтуге тиіспін.
Қазіргі қазақ проза жанры дегенде жазушы М. Омарованың аты қатар аталынуы – заңды нәрсе. Әдебиетке жетпіс жыл үстемдік етіп келген социалистік реализм әдісі келмеске кетті. Бұрын талай қаламгерлеріміз айта алмаған, айтамын деп талайлары соның жазасын тартқан тақырыптарға еркін жазуға жол ашылды. Осы тұрғыдан келгенде, қаламгердің «Ғажайып көл» ертегі-повесті – жаңашылдығымен бағалы. Әдетте, Жаһанды мекендеген халықтардың тыныс-тіршілігі, адам өмірі – уақыт-кеңістік аясында өтетіні белгілі. Осынау бір уақыт-кеңістікті өмір пәлсапасына орай көркемдікпен суреттеудің өзіндік өрнегін, мифтік стилін, әдеби әдіс-тәсілін әдемі таба білген автордың фантастикалық және көзге көріне бермейтін виртуалды кеңістікті өте ұтымды пайдалана білген. Қазіргі бақуатты отбасының қыздары – Зере мен Саридің ағылшын тілін үйрену үшін арнайы мектепке барамыз деген жазғы демалыс тұсындағы жоспарын ата-анасы аяқ астынан өзгертіп, алыстағы ауылға жіберуі – туынды арқауы. Сол ауылға келісімен-ақ қалада өскен қыздар таңғажайып көл құпиясы, баласын сұрапыл соғысқа жібермей алып қалғанында, оны тұтқындап алып кетпек болған «Қызыл әскердің» барлығы ән сала жөнелген сұлу қызға айналған кейуана соңынан суға түсіп жоқ болғаны турасындағы шертілген қорқынышты әңгіме әсер-ықпалымен Мәди, Жасұлан, Еркебай секілді ферма балаларымен бірге ертек еліндей басқа Әлемге тап болады. Құдды бір ғажайыпқа толы кино көріп отырғандай шым-шытырық уақиғалы туынды оқырманды расында да өң мен түс арасындағы онейрикалық-сюреалистік әсерге бөлейді. М. Омарова осы туындыда интеллектуализм, модернистік поэтиканың сана ағымы, фантастикалық бейнелеу, түс, т.б. әдеби көркем тәсілдерді қолданған.
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
‒ Фэнтези шығармалардың ішінде Джоан Роулингтің «Хәрри Поттері» мен Рик Риорданның «Перси Жәксон және олимп тұрғындары» шоқтығы биік туындылар екені сөзсіз. Бұл кітаптар қызықты әрі шытырман оқиғаларымен ғана емес, достық, батылдық пен жауапкершілік сынды адамгершілік қасиеттерді шебер көрсетуімен құнды.
– Бұрын да бұл сұрақты қойған едім. Қазірде сол сауалды қайталап қойғым келіп тұр. Фэнтези әлемді құтқара алады ма? Құтқара алса, нақты бір мысал мен дәлел келтірсеңіздер.
Айман СОВЕТҚЫЗЫ, әдебиеттанушы:
‒ «Әлемді сұлулық құтқарады» деген әйгілі фраза бар ғой... Жалғыз фэнтези жанры емес, әлемді ізгілікке құрылған көркем туындылар құтқара алатын шығар... Бірақ бейнелі түрде айтсақ, фэнтези жанама түрде адамзаттың шешім қабылдауына, құндылықтарына және мінез-құлқына әсер ету арқылы «құтқарушы факторлардың бірі» болуы мүмкін...
Ерасыл ӘЛІМЖАН, ҚазҰПУ студенті:
– Фэнтези әлемді тікелей құтқара алмайды. Бірақ адамдардың тоқетер шешімін, ойлауын өзгерте алады. Ал кез келген өзгеріс адамның санасынан басталады. Мысалы, көптеген оқырмандар фэнтези шығармаларды оқығанан кейін жаңашылдыққа бет бұрып, шығармашылықпен айналасына бастайды. Ал енді кейбіреулер болса, қиын-қыстау кезенде сүйікті фэнтези кейіпкерлерінен шабыт алады. Сондықтан фэнтези мұқым әлемді толық құтқармаса да, адамдарға ізгі үміт пен сенім сыйлау арқылы, қоғамға оң әсер ете алады деп ойлаймын.
Әлібек БАЙБОЛ, әдебиеттанушы:
‒ Фэнтези жанры емес, қиял әлемді өзгертеді және құтқарады дер едім. Қиялы шектеулі жан өзіне де, өзгеге де пайдасын тигізе алмайды. Осы ретте, фэнтези жанры оқырманды сергек болуға, жан-жақты болуға, кең-ауқымды ойлауға үйретеді.
-Әңгімелеріңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан, Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
«Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типолгиясы» монографиясының авторы,
Көкшетау қаласы
