Нұрлан Бәйімбетұлы: Буаз бұлттай басымдағы көктемім

Нұрлан Бәйімбетұлы — 1978 жылы 2 маусымда, Өзбекстан республикасы Қызылқұм (Навоий) облысының Тамдыбұлақ ауданы, Жырыққұдық ауылының Адай қонысында туған. Қазіргі уақытта Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны. 

331

Нұрлан Бәйімбетұлы: Буаз бұлттай басымдағы көктемім - adebiportal.kz

БУАЗ БҰЛТТАЙ БАСЫМДАҒЫ КӨКТЕМІМ 

Жүкті ойлардың ауырлығы басқандай,
Басым менің — буаз бұлтты аспандай.
Жүрек күркіреп, жай шашқанда жанарым,
Қара жерге шаншыламын асқардай. 

Өлең өнген көк майсалы даламда,
Гүл көзімен қараймын мен ғаламға.
Жұпар аңқып елестесе Қызылқұм,
Көктем-ойлар құлпырады санамда. 

Сәуір айы. Себелеп тұр нұр жаңбыр,
Көктемде гүл майысады ырғап жыр.
Қызғалдақ бас, қызыл шырай сұлуым,
Қызғалдақтай шаншып қоям, қырға жүр. 

Қауызын ашқан тамшысына өлеңнің,
Аралардай бал сезімге бөлендім.
Жан дүниемде құлпырғанда көктемім,
Құнын гүлдің жырмен балдай төлермін. 
 

ЕКПІН 

Желіккенде желпініп алшаң басқан,
Ай аңтарылып, аузын ашқанда аспан.
Жарқ етіп күндей көкке көтерілсем,
Жарығымды жұлдыздар алған, қашқан. 

Желдей жүйіткіп жүгірген жүрегінен,
Көгіңде кемпірқосақ жыры өрілген.
Аспаның құлап жерге түспесін деп,
Төбеммен көктің жүзін тіредім мен. 

Көбелек қанатындай өрнектермен,
Сөзімен зерлі оюлы өрмекті өрген.
Жарық шашып аспаннан көрінеді,
Таланттар талаптанып еңбектенген. 

Ұйытқытып, айналамды желдей есіп,
Әруақтансам күн денем көлдей өсіп...
Қуаттан құдіретті күн көзімен,
Екпініңмен теңселтіп тербей бесік. 

 

ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРЫҚ ДАЛА 

Шаштырмастан нәпсіге уытты ұрық,
Ар-ұжданы өлтірген буындырып.
Көмкеріп көркем оймен жұтқан ауа,
Ағартады жүрегін жуындырып. 

Сөзінен бойға қуат, дүр дарыпты,
Көркем ой — жұмақ баста бүр жарыпты.
Елдің бағын ойлаған ерлерімнің,
Шашатын шаштары да нұр-жарықты. 

Алыстан алдын кесіп жамандықтың,
Қобызын күңірентіп алар мықтың.
Жатты да, жақынды да жатырқамай,
Құшағына сыйдырған далалықпын. 

Далалықпын, далиған дархан көңіл,
Пейілімнен құлпырып қалған ба өңір?! 
Тау тұлғама қарайды тамсанумен,
Құшағымда бүртігін жарғанда өмір. 

 

ТҮНЕКТІ ОЙҒАН ОТ ЖҮРЕК 

Шарықтап, шымыр оймен шыңға шықтым,
Шынжырын қалды үздіріп шырмауық мұң.
Шырынын ап аз ғана тәтті ұйқының,
Қылыштай өз қырымды шыңдауды ұқтым. 

Кірпігімді күн мен жерге тіреп қойып,
Жанарымның жарқылы түнекті ойып.
Ұйықтамайтын қаламыммен жазамын жыр,
Жұмыр жердің күшіне жүрек тойып. 

Қалт жібермей қуатымды бақылағын —
Жел ұйытқы кеп, қанымда шапқыла ағын!
Өкпе-қыран қақтырып қанат кеңге,
Көк аспанда бұлт демімді шаптырамын. 

Көк пен жердің арасын тұрғам тіреп,
Құшағынан ауаның жұпар күреп.
Жалынымды ал, жарқыра, жанып тұрып —
Жырларымды оқыған нұрлан жүрек. 

 

ҚЫЗЫЛҚҰМДЫ ҚЫЗДЫРҒАН ЖЫРЫМ 

О, Нұрлан, 
Жүрегін жырыңның оты қарып,
Сүйсініп жыр сүйген отыр халық.
Тебіренген жырыңды естіп Қызылқұмда,
Теңіздей тулап кетті толқынданып. 

Толқынданып қалған-ды Қызылқұмым,
Өлең жазып шабыттанып қызып тұрмын.
Қақпасын қақпастан поэзияның,
Өр мінезді өзіңдей бұзып кірдім. 

Ұшқын алған отыңнан — жалыныңмын,
Жұрт бағалар арынын қарымымның.
Қызылқұмның алтынындай қазағыма,
Түсірсем сәулесін кеудедегі жарығымның. 

Атым аңыз қазақтың баласына,
Жырым сіңген жетесі не санасына.
Қызылқұмның алтынындай жырлар жазсам,
Желпінтсін желің жебеп арасында. 

 

ЖЫР САУУ 

Саумал жыр ішкім келген таңнан тұрып,
Аңқам құрғап, өзегім қалған ба ұлып?
Исінген желін мидан сүт-жыр шықпай,
Ұрғыладым шелекті даң-даң қылып. 

Шалғаны қай қырсықтың қаламымды?... 
Сындыра алмас қатқан талабымды.
Таң самалын құтара жұтып кеудем,
Шүйіріп көтердім мен танауымды. 

Оралып шөкім бұлт-ой аспанымда,
Саумал жыр нөсерлеттім қас-қағымда.
Шөлі қанып нәр алған дала түгіл,
Құлпырып мүктеп кетті тас та, шың да. 

Қадамды алшаң басып, адымдаймын,
Талаптыға қамал жоқ алынбайтын.
Желіге мама бие шабыт байлап,
Саумал-жыр сауып күнде дамылдаймын. 

 

ШӨЛДЕГІ НҰР 
(Лиро-эпикалық поэма) 

Бас шұлғытпай бозаң желге бұлағай, 
Құм ішінде опырылып құламай.
«Құдық қалай шыдайды?» деп сұрайды,
Атасының шыдамсызы, шыдамай. 

Қанша алсада сарқылмаған құдықтан,
Ата ашуын сарқып алған, ұмытқан... 
Ала жаздай талмап ішіп жетілді —
Мөлдіреген нұрлы ақыл тұнықтан. 

Көзді көміп қуанышты қылыққа,
Тайбурыл деп мініп шапқан шыбыққа.
Жел-жүйрігін желдіретін немере,
Атасынан бұрын барды құдыққа. 

Бала-қиял іліндірген құрыққа,
Ат қып ерттеп мініп шапты сырыққа.
Тамырыңда тулағанда балалық,
Қазығыңда ойнақтайсың тұрып та. 

Шапқанында жылтыраған табаны,
Май құйрығын іздеп тауып қағады.
Бұлдырығы пыр-пырлаған бұтынан,
Қариялар қызықтайды баланы. 

Ой түбіне көзін тастап тұр балаң, 
Иегін тіреп ернеуіне шырмаған: 
— Кімдер қазған құм ішінде құдықты,
Құм ауызында жүйрік желдер зырланған? 

Балбыраған еріп кетті тұла бой, 
Бала деген мөлдір бұлақ тұма ғой.
Былдырынан ұрттағанда мөп-мөлдір,
Бұлақ шашып ақыл баста тұнады ой. 

Су сарқылып шегенделген құдықтан,
Ауыл бір кез ұйықтауды ұмытқан.
Шөкім бұлт жоқ аспанында шілденің,
От жақпай-ақ құмда піскен жұмыртқаң. 

Көпті көрген жазулы хат көне есім,
Жатқа білген ойын-қырын, дөңесін.
Желіп кетті жел маядай желпілдеп,
Жөткірініп, қынап алып өңешін: 

— Күн қапырық. Самал да жоқ үп еткен,
Сұры тірлікпен сұрқай өңге түр өткен.
Қызылқұмда мал өсірген адамдар,
Шақырайған от астында күнелткен. 

Қызылқұмда ішер суға қылды зар,
Түйе боздап кісінейді жылқылар.
Төрт түлікті көргеніңде шөл қысқан,
Кеудеңдегі шыбын жаның шұрқырар. 

Кептірседе аңызақ жел аңқаңды,
Ауырлатып басқа түскен сарсаңды.
Әбіржіген бір жетідей қалың жұрт,
Ақ үмітпен қарсы алыпты әр таңды. 

Маңдайынан тамшылаған үміт тер,
Қайраты өсіп қуанышты жігіттер.
Құдық қазса сол сексеуіл жанынан,
Табылыпты тілеулес төрт түліктер. 

Қарт осылай көсіліп кеп тоқтады,
Таусылмай-ақ жүрген жолдың соқпағы.
Немеренің екі көзі жанып тұр,
Ішкі оттан жалындаған шоқтары. 

Құмар көңіл лапылдап тұр басында,
Қызықтайтын сақалын да, шашын да.
Есті әңгіме бұрқыратқан атаның,
Аузын ашып отыратын қасында. 

 

ОТТЫ ШАРДЫҢ ТОЛҒАУЫ 

Жүректе жанартауым атқылаған,
Ыстығынан балқып жатты далам.
Көтерілді көгіме ұшқын алып,
Отты шар — қанатын қаққылаған. 

— Паһ! — десем аптап тұрды тынысымнан,
Сусып ақты от-алау уысымнан.
Атқылаған жан-жағын жалын шарпып,
Қайнаған қалай ғана суысын  қан?! 

Қарайды жылқы жалын алға сілкіп,
Жанарынан жарқыл от алған ба іркіп? 
Түн шымылдығын түргенде, ай жиекке,
Найзалардай шаншылып қалған кірпік. 

Қызылқұмда қыз-жалын алаулаған,
Бұлқынып тамырымда тарауда қан.
Жылқы көз гауһар тасты жыр-жүзікке,
Құмартып тым қызығып қарауда адам. 

 

ҚҰРАЛАЙ КӨЗДІҢ АЛАУЫ 

Күн күлдірген төбеңнен күлкісімен,
Қылық қапқан құралай жүрісінен.
Буы бұрқырап қайнайды қазан-жүрек,
Қызыл алау еліктің түр-түсінен. 

Үлбіреп жауқазынның күлтесіндей,
Жарық шашқан түнгі шам білтесіндей.
Сезіктеніп, секемшіл сезім көңіл,
Еңлігің де селк етіп үркетіндей. 

Шашын тарап самал жел еркелеген,
Ақ қайың ән айтардай ертегі емен.
Бұрымдары бұлт еткен балғын қызға, 
Жігіт те батыл күйін шертеді екен. 

Қылығымен басыңды идіретін,
Сүйдіретін, өртейтін, күйдіретін.
Су перідей сұлуым, саусағыңа, 
Гауһар жүзік сезімімді кидіремін.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan