Даниял Айдаров: Еркін формада сұхбаттасу, мессенджерлерде хат жазу ұнайды

Даниял Айдаров: Еркін формада сұхбаттасу, мессенджерлерде хат жазу ұнайды - adebiportal.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Озық ойлы ұлт» жобасы өте ауқымды әрі идеологиялық маңызы зор бастама.  Осы орайда біз туған ұлысымыздың жас зияткері, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген зерттеуші, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс студенті Даниял Айдаровпен кездесіп, сұхбаттасқан едік: 

–  Сізді көпшілік жастайынан ата-баба шежіресін, жергілікті тарихты зерттеген ізденімпаз ретінде біледі. Тарихқа деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

– Үйде 90-80 жастағы ата-апамызбен бірге тұрдық. Есімде анық қалғаны, 6 жасқа толып, мектепке енді баратын кезімде атамның әңгімесін тыңдап отыратынмын. Ол кезде атам бабаларымыз туралы, әулетіміздің тарихын, өзінің өмірі туралы айтып отыратын. Маған 11 атама дейін жаттатқызғаны есімде. Содан бері мұндай әңгімелер қызық еді. 
№173 мектеп-лицейінде оқып жүргенімде, тарих сабағынан берген ағай бізге 200 датадан жаттатқызатын. Сол кезде даталарды сыныпта 1-2 бала ғана шынымен жатқа айтатын, қалғаны өтірік көшіріп жазып беретін. Ағай менің нағашы апамды танитындықтан, ұят болмасын деп даталарды толық жаттап жүрдім. Назарбаев зияткерлік мектебіне келген соң, 7-сыныпта Қазақстан тарихының алғашқы сабағында мұғалім бізден өткен тақырыптардан не білетінімізді, даталарды сұрай бастады. Сол кездегі сұрақтарға жауап беріп отырған жалғыз мен едім. Сол мұғалім менің тарихқа жақындығымды байқап, өзіне жақын тартып жүрді. Сөйтіп, Қазақстан тарихын жақсы оқыдым да, көбірек қызыға бастадым.

– Бала кезде қатарластарыңыз ойын қуып жүргенде, сіз архив ақтарып, үлкендерден дерек жинаған екенсіз. Бұл қызығушылық қалай пайда болды?

– Мен далада ойнамадым деуге келмейді. Бала кезімде ел қатарлы далада көп ойнадым. Бірақ басқалардан бір айырмашылық болды – әкеміз кітап оқытқызатын. Сондықтан, есейе келе ойынды қойып, інім екеуіміз сабаққа көңіл бөле бастадық. Ал архив ақтаруға, үлкендерден дерек жинау алғашында фотосуреттерді ақтарудан басталды. Ата-апамнан 7 жасымда айырылдым, содан сағынышымды басу үшін ескі суреттерді ақтарып қарайтынмын. Әр қараған сайын қызығып үйдегі қағаздарды да ақтара бастадым. Әкем, нағашы ата-апам, туыстарым дастархан басында өткен күндер туралы айтқан әңгімелері есіме сақтала берді. Әлгі қағаздардан оқып тапқаным бұрын естігенімді толықтыра бастағанда бұған қатты қызыға бастадым. Көп сұрай бердім, туыстарымның үйінде де архив ақтардым.

–  Алғаш зерттеген тақырыбыңыз есіңізде ме? Сол жұмысыңыздан қандай сабақ алдыңыз?

 – Ғылыми жоба жазуды 6-сыныптан бастап армандап жүрдім. Сол кезде 173 мектеп-лицейде оқып жүрдім, мұғалімдер өздері оқушы таңдап, соларға ғылыми жоба жаздыртатын. Соны қызық көрдім де, Республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысуды армандадым.  Назарбаев зияткерлік мектебіне келгенде 7-сыныпта Қазақстан тарихынан сабақ берген апайым ғылыми жоба жазуды ұсынды. Сол кездегі тақырыбым – «Қыпшақтар мен мажарлардың этникалық ұқсастықтары». Бірақ өзім ғылыми жоба жазып көрмегенмін. Қалай екенін білмеймін. Апай дұрыс түсіндірмеген соң, білгенімше жазып бердім. Кейіннен қарағанда ол жұмыста қате көп болып шықты. 

Ал жөні дұрыс, кәдімгі зерттеу жасаған алғашқы ғылыми жұмысты 9-сыныпта биология пәнінен жасадым. Бұл зерттеу өсімдік тамырындағы бактерияларды пайдаланып, өсімдіктердің өсуін жеделдететін препарат әзірлеу. Бұл жобада зерттеу жасаудың әдістерін, жұмысты рәсімдеу, презентация жасау, қорғау және т.б. үйрендім.

– Ата-баба тарихын зерттеу сізге нені үйретті?

– Шынымды айтсам, шежіремді зерттеу арқылы өзімді тани бердім. Менің әр атам, әр әжем – менің шежіремдегі бір есім ғана емес, тұтас бір тағдыр. Өз мінезі болған, сезімдері болған адам болғанын көре білдім, соны түсінуді үйрендім. Аталарымның жазғандарын оқып, олардың тұлғалық қасиеттерін өз бойымнан таба бастадым.

Отбасыңыз бұл қызығушылығыңызды қалай қабылдады? Қолдау көрсетті ме?

– Отбасым тарихқа қызығушылықты қиындықпен қабылдады. Ата-анамның түсінігінде тарих тек «хобби» бола алатын. Мен де 10 сыныпқа дейін дәрігер боламын деп жүрген баламын, химия мен биологияны өте жақсы оқыдым. Тарихшы боламын дегенде қарсы болды, қолдамады. Кейін ортақ бір шешімге келіп, дипломатия саласын оқитынымды шештік. Ал қазір ғылыми ізденістерімді мақтан тұтады, қолдайды. 

 – Мектеп қабырғасында жүргенде өзіңізге ерекше әсер еткен ұстаз немесе тұлға болды ма?

– Мектеп кезінде мені көп мұғалім қолдады, әлі де қолдайды. Менің жеке түсінігімде мұғалім көп, сабақ беретін кез келген адам мұғалім. Ал ұстаз – басқа ұғым, мұғалімнің бәрі ұстаз бола бермейді деп ойлаймын. Солай менің өмірімді өзгертетіндей негізі 5 ұстазды атай аламын. Біріншісі – Әбішева Шолпан апай, менің химия мұғалімім. Бұл апаймен бірге ғылыми жоба жасадық. Шолпан Шәріпбайқызы – өте мықты педагог, ұстаз. Өте күрделі химиялық процесстерді өте қарапайым тілде, еш деталін жібермей түсіндіре алатын. Бұл кісіден осы дағдыны үйрендім. Ешқашан мойымауды үйрендім. Екіншісі – Шаянбаева Салима Босқынбайқызы, 11-12 сыныпта Қазақстан тарихынан сабақ берген, ғылыми жобамның жетекшісі. Ол кісімен конкурста таныстым, менің географиядан ғылыми жобамды сынады. Бірақ сол кезде өзінің айтуынша менің бойымнан бір ұшқын байқапты. Сөйтіп, бірнеше ай өткен соң маған Алаш тақырыбында зерттеу жасауды ұсынды. Бұл кісі маған өте көп дүние үйретті, бірақ ең үлкені – сыни ойлау. Үшіншісі – Қапарова Қибаш Уапқызы, 7-10 сыныптағы Қазақстан тарихы пәнінен ұстазым. Қазақстан тарихынан олимпиадаға алғаш рет осы кісінің жетекшілігімен қатыстым. Төртіншісі – Шамшидин Гүлнұр Мелісбекқызы, география пәнінен ұстазым. Маған өте көп қолдау көрсетті. Ешқашан шектеу қоймауды, биікке өрмелеуден қорықпауды, әрқашан дамып отыруды үйретті. Бесіншісі – Қабаржан Жеңісбай Кенжетайұлы. Маған сабақ бермеген, бірақ бірге биология пәнінен ғылыми жоба жаздық. Бұл кісі маған қанат біттіріп, ұядан ұшырды. Алғаш рет Республикалық деңгейде өте беделді конкурстан орын алғаным – бұл кісінің маған сенгенінің арқасында. 

Қазір студентсіз. Мектептегі қызығушылық пен бүгінгі ғылыми ізденістің арасында қандай айырмашылық бар?

– Бүгінгі ізденісімді ғылыми деуге болатын сияқты. Ал мектептегі жасаған зерттеулерім – ғылымға кіріспе болды. Бірақ дәл сол мектептегі ғылыми жобалар қазіргі ғылыми ізденістің фундаменті болды. Қазіргі ізденіс деректі, негізді. Қазір мен ғылыми зерттеудің әртүрлі әдістерін меңгеріп үлгердім.

Қазір қандай ғылыми тақырыптарды зерттеп жүрсіз? Неге дәл осы бағытты таңдадыңыз?

– Қазір Алаш қайраткері Серікбай Ақаевтың өмірі мен қызметін зерттеп жүрмін. Бұл тақырыбым 10-сыныптан бері жүргізіп келе жатқан зерттеуім. Серікбай Ақаевты мектеп кезінде зерттеп бастаған соң, оның өміріне қатысты тың деректер тапқан соң, оның есімін елге танытуды мақсат еттім. Сондықтан, осы бағытта жұмысты жалғастырып жатырмын.

– Ғылыми зерттеу барысында ең қиын нәрсе не болды?

– Ғылыми зерттеу барысында ең қиын нәрсе архив құжаттарымен жұмыс істеу. Ең алдымен, жасым 18-ге толмаған соң, архивке кіру қиын еді. ҚР Орталық мемлекеттік архивіне ниеттес ғалым ағаларымның арқасында кіре алдым. ҚР Президенттік архивіне әкеммен бірге бардым, бірақ архив қорларын түсінбей, аса ештеңе таба алмадым.

– Архивпен жұмыс істеу, сирек деректерді табу, ауызша тарих жинау сияқты әдістердің қайсысы сізге жақын?

– Маған сирек деректерді табу мен ауызша тарих жинау жақын. Браузерлердің жұмыс істеу тәртібін түсініп, ішінде біраз тың дерек таптым. Соның ішінде Серікбай Ақаевтың кітап жазғанын, кейін бұл кітаптың өзін таба алдым. Ал ауызша тарих жинау деп сұхбаттасуды түсінемін. Еркін формада сұхбаттасу, мессенджерлерде хат жазысу ұнайды. Бұл әңгімелерден қызық мәлімет тауып, зерттеуімде пайдалына аламын.

–  Кейде тарихи деректер бір-біріне қайшы келеді. Мұндай жағдайда қай дерекке сүйенесіз?

– Мұндай жағдайларда ғалым ағаларым мен апайларымнан ақыл сұраймын. Әрине, архив құжаттары басымдыққа ие. Бірақ одан басқа адамдардың айтқан әңгімесі мен естеліктері, әсіресе ұрпақтарының айтқаны құнды. Мұндай жағдайларда сыни ойлап, деректерді объективті салыстыру да маңызды. 

– Жас зерттеуші үшін ең маңызды қасиет қандай деп ойлайсыз?

– Ең маңызды қасиет – еңбекқорлық. Жас кезде, энергия мен күш-қуат тасып тұрған шақта мұны өзін-өзі дамытуға, жаңа білім алуға жұмсау керек. Жас зерттеуші табысты болу үшін өте көп еңбек етуі, күнделікті еңбек етуі керек. 

– Бүгінгі жастардың тарихқа қызығушылығы сізді қанағаттандыра ма?

– Негізі қанағаттандырады. Жастарды тарих құбылыс ретінде қызықтырады. Олар тарихты Reels, Shorts форматында, қысқа пост форматында тұтынуды жөн көреді. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ, жастарды қызықтыратын тарих осындай 1 минуттық видеоға сыятын супер примитивті идеялардан ары аспайды. Нәтижесінде тарихи үдерістерді түсінбей кетеді.

Кейбір жастар тарихты әлеуметтік желідегі қысқа видеолардан ғана таниды. Бұл құбылысқа көзқарасыңыз қандай?

– Жақсы құбылыс деп ойлаймын. Тарих және жалпы ғылымның барлық саласы кітап, монография, ғылыми мақала форматынан шығуы тиіс. Тіпті телевизияға арналған деректі фильмдер де ескіріп бара жатыр. Бұл заманның талабы – экрандық дәуір. Солай әлеуметтік желі арқылы жастар ғылымға, соның ішінде тарихқа көбірек қызығады. Мысалы мен өзім TikTok платформасында 2021-2024 жылдары Қазақстан тарихындағы оқиғаларды желіде тарап жатқан аудиожазбаларды пайдаланып, видео түсіретінмін. Бұл видеоларым кеңінен таралып, көрерменіме ұнайтын.

– Қазіргі таңда сізді ерекше толғандырып жүрген, бірақ әлі толық зерттелмеген қандай тақырып бар?

– Соңғы кездері ойыма көп келетін тұлға – Мұхамеджан Тынышбайұлы. Ол туралы ғылыми еңбектер жазылды, мұрасы зерттелінді. Бірақ оның тұлғасын қазақ халқы әлі лайық деңгейде тани алған жоқ. Мұхамеджан Тынышбайұлының феноменін көбірек зерттесе екен деген ой бар. 

– Егер барлық архив есігі ашылып, кез келген құжатты көруге мүмкіндік берілсе, ең алдымен қандай мәселені зерттер едіңіз?
– Алаш тақырыбын зерттеп жүрсем де, мұндағы архивтердің біраз бөлігі ашылған. Ал ашылмаған мәселелерге Желтоқсан оқиғасын айтар едім. Желтоқсанды зерттеу біздің ұрпақтың парызы. 

– Алдағы бес-он жылда өзіңізді қай деңгейде көресіз? Қандай еңбек жазғыңыз келеді?

– Алдағы жоспарларым көп, бірақ оның бәрін айту мүмкін емес. Өзімді ұлттық деңгейде танылған бірнеше саланы меңгерген ел азаматы (қоғам қайраткері деп айтуға болмас, бірақ қоғам үшін еңбек еткім келеді) ретінде көремін. Өзімді шетелден магистратура және докторантура бітірген маман ретінде көремін. Алаштану бойынша Шалымбековтер әулетінің тарихын, соның ішінде Мұхамеджан Тынышбай мұрасын, Серікбай Ақайдың мұрасын, Әлмұхамед пен Әли Көтібарұлдарының тұлғасын зерттеп еңбек жазғым келеді. Одан бөлек, өз әулетімнің тарихын, тұлғаларын көбірек зерттеуді жоспарлап отырмын. 

– Мектепте оқитын ұлттық тарихқа қызығатын жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Тарихты қандай деңгейде болсын зерттеуге, оны танытуға қорықпаңыз. Өзіңізге қызық бір тарихи кезең таңдап, соны тереңірек оқыңыз. Ғаламтор желілерін, қазіргі жаңа технологияны мықты меңгеріп алыңыз.

Тұщымды әңгімеңізге ризашылық! Оқырмандарымызға ой салар әңгіме болды деп ойлаймын. Шығармашылық ізденісіңізге сәттілік тілейміз! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan